Отбасы - ошақ қасы

СПИД жұқтырған жігіттің арманы

  • https://alashainasy.kz/

    https://alashainasy.kz/

Сіздің назарыңызға емханаларда немесе қала көшелерінде ілінген «ВИЧ жұқпасы жыныстық қатынас арқылы, ауру адам қолданған инені пайдаланғанда және жүкті анадан баласына жұғады» деген мәтіні бар плакаттарды көріп па едіңіз? Әрине, ондайлардың бір емес, жүз рет көз алдыңыздан көлбеңдегені сөзсіз.

 

Бірақ сіз олардың жанынан бөгелместен, еш ойланбастан өтіп кете бересіз. Өйткені бұл сіз үшін тым жаттанды. Иә, мен үшін де дәп солай болған. Назарларыңызға ғасыр індетін жұқтырған науқастың «Алаш айнасына» интернет газетіне өз қолымен жазып жіберген монологын ұсынамыз.

 

Сонау тоқсаныншы жылдары СПИД туралы әңгіме естісек, ол ауру тек нашақорлар мен жезөкшелерге ғана тән сияқты көрінетін. Мен оқитын мектепке дәрігерлер келіп, осы тақырыпта лекциялар оқып, кездесулер ұйымдастырғанда, оларға мысқылдай қарайтынмын. Мен сияқты адамға ВИЧ туралы бостекі әңгіменің қажеті не деп ойлайтынмын.

 

Қалада туып-өскен, ата-анасы абыройлы қызметте істейтін бақытты ұлда не ой болсын? Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда, сауық-сайран кешкеніме мәз болып жүре беріппін.

 

17 жасымда маған операция жасалып, лимфа бездерімді алып тастады. Сол кезде менен алынған қан талдаулары бойымда ВИЧ жұқпасы барын көрсетті. Қазір айтуға оңай ғой, бірақ дәл сол сәтте көз алдым қарауытып, қараңғы көр елестеп, қатты есеңгірегенмін. Аты жаман дертті қай уақытта, кімнен жұқтырғаным белгісіз, бірақ төсек қатынасынан жұқтырғанымды анық білемін. Оңбай қателескенімді ұғып, бармағымды қанша тістегеніммен, өзімнің алаңсыз, бақытты күндерімді енді қайтара алмайтынымды ащы өксікпен мойындадым.

 

 

«Сенің қаныңнан ВИЧ жұқпасы табылды!». Бұл сөздің қандай суық екенін білесіз бе? Сіз ойлағаннан да суық ол! Иә, бұл менің өмірімдегі ең қатігез сәт еді. Анамның шашын жайып, зарлағанын көрген болсаңыз, сіз «әлемдегі ең бақытсыз ана» қандай болатынын түсінер едіңіз.

 

Өзіме тү-у-у алыста, сонау Америкада жүргендей көрінетін аждаһа мені қалай іздеп тапқан?! Неге нақ мені тапқан? Неге басқаны емес? Неге анау отырған маскүнемді немесе қол жайған қайыршыны емес, а?!

 

Қараңғы түндерге шерімді ақтарып, өз көкірегімді өзім тырналап, жалғыздықта қабырғаға өрмелеп кеткім келетін осынау күйде өмір сүріп жатқаныма да 5 жыл бол боп қапты-ау!

 

Бірақ не керек, «үш күннен соң қараңғы көрге үйренесің» демекші, бұл дертке де бойым үйреніп алды.

 

Мендей сырқаттар дертті асқындыратын түрлі жайттардан, әсіресе, тұмау, суық тию сияқты өзіміз жеңіл-желпі көретін аурулардан ерекше сақтанып жүрген жағдайда өмірлерін 30 жылдан астам уақытқа ұзарта алатынын естіген шығарсыз. Сондықтан біздің бойымыздан асқан сорлының кейпін іздеп керегі жоқ. Алда-жалда сырқат асқына қалса, ағзада жұқпаның мөлшері көп болса, емдеу курсынан өтеміз. Бірақ мен емдеу курсын қабылдап жүрген жоқпын. Себебі өзімді өте жақсы сезінемін. Және ағзамда жұқпа мөлшері қалыпты жағдайда. Әрине, ауруға ұрынғалы денсаулығымды өте қатты күтуіме тура келеді. Ауырғанға дейін көп нәрсеге жеңіл қарайтынмын. Мәселен, күн суықта бас киімсіз жүре беретін едім. Қазір олай емес. Жан керек. Ішімдікті татып алмаймын, шылым да шекпеймін. Неғұрлым сақтана білсем, соғұрлым өмірім ұзаратынына үміттенем.

 

Менің дертім туралы әке-шешем мен тәтем ғана біледі. Және сіздер, яғни менің іштегі шерімді оқып отырған оқырмандар біліп отырсыздар. Дос-жарандарыма кейде айтқым-ақ келеді, бірақ батпадым. Өйткені лауазымды қызметтемін, достарым мен әріптестерім құрметтеп, бәйек болып тұрады. Осының бәрін кімнің жоғалтқысы келер дейсіз? Менің орнымда болсаңыз, сіз де тіс жармас едіңіз. Олар естісе, сөзсіз, теріс айналады... Өйткені біздің қоғам ВИЧ-пен ауыратын адамның жан дүниесін түсінуге, оны бауырына тартуға дайын емес. Мұнымен сөзсіз келісесіз ғой?

 

Бұл сырқат тудырған үрейден арылуыма, жағдайды дәл қазір сіздерге түк болмағандай баяндап отыруыма не себеп болғанын да айтайын. Маған бұл жағынан психологтар мен қоғамдық қорлар демеу болды. Солардың арқасында қорқынышым азайып, өзім сияқты дерті бар адамдармен достастым. Ауырғалы бері бұл дерт туралы білерім көбейді. ВИЧ жағдайыңның жақсы-жамандығына қарамайтынын, шалыс бассаң, солақай соқпаққа басың ауа берсе, ауруды өзің іздеп табатыныңды білдім.

 

Алғаш ауру екенімді білген сәтімде, біреуден өш алғым келді. Бірақ кімнен алайын? Жұқпаны қашан жұқтырғаным да есімде жоқ. Және таңды таңға ұрып ойын сауық құрған кездерімде армансыз құшқан бикештерімнің қайсыбірін түгендейін? Арасында өзім есімін толық білмейтіндер де толып жатыр емес пе.

 

Менен туыстарым: «Қызың бар ма? Үйленбеймісің?» - деп жиі сұрайды. Оларға әрнені сылтауратамын. Ауру екенімді білгелі ешкіммен төсек қатынасына түскен емеспін. Тіпті мүшеқап арқылы жыныстық қатынас жасауға қызықпадым. Өйткені менің төсектен көңілім қатты қалған. Төсексіз де өмір сүріп жүрмін ғой, бұрын неге сөйтпедім екен, шіркін?!
Біз, ВИЧ жұқпасын жұқтырғандар, ешкіммен жыныстық қатынасқа бармауға, ешкімге біле тұра ауруды қасақана жұқтырмауға заң жүзінде ант еткенбіз. Антты бұзсақ, жазаға тартыламыз. Алда-жалда біреумен ондайға барар болсам, ескертуге міндеттімін.

 

Сіз мені сөгерсіз, таңғаларсыз, үрейленерсіз, бәлкім. Бірақ ВИЧ-жұқпалы адам да адам, соны ұқсаңыз болды! Менің де күні ертең отбасылы болғым келеді. Мысқылдап отырсыз ба? Рас айтам. Мен өзім сияқты сырқаттардың отбасын құрып, балалы-шағалы болғанын көрдім. Сіз ВИЧ-жұқпалы жандардың бәрінен ауру бала туады деп ойламаңыз. Олардан дені сау бала да туады. Менің көңіліме бұл – қатты демеу. Осыны ойласам, өмір сүргім келеді. Қазір жасым 32-де. Дәрігерлер «осылай өз-өзіңді күтіп жүрсең, тағы 30 жыл анық жасайсың» деп алдарқатады. Бірақ менің одан да көп өмір сүргім келеді.

 

Менің көкейімде мәңгі өшпес бір арман, бір үміт, бір сенім бар. Мен түбінде медицина алға басып, ВИЧ-тің емін табатын адам табылып қалар деп үміттенемін. Өйткені сізде бар отбасыны менің де армандап, аңсауға қақым бар...

 

 

Арман ӘЛЖАППАРОВ, Кереку
 
alashainasy.kz/




Көрілген: 1881    Пікірлер: 0

сейсенбі, 08.09.2020, 13:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қазан, 22:10
    Баланың киесі ұрады
    10 Қыркүйек, 16:15
    Әйелдің өлімі...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31