Отбасы - ошақ қасы

Сүйіктісін тауып, шетелге қоныс аударатындар көп: Халықаралық неке агенттігінің жетекшісі қыз-келіншектерді шетелдіктермен қалай таныстыратынын айтып берді

  • Сүйіктісін тауып, шетелге қоныс аударатындар көп: Халықаралық неке агенттігінің жетекшісі қыз-келіншектерді шетелдіктермен қалай таныстыратынын айтып берді

    Сүйіктісін тауып, шетелге қоныс аударатындар көп: Халықаралық неке агенттігінің жетекшісі қыз-келіншектерді шетелдіктермен қалай таныстыратынын айтып берді

Кристина Мустаким коуч маман, 20 жыл бойы адамдарды бір-бірімен таныстырумен, жұп құрумен айналысады. 17 жасынан бастап таныстарын табыстырып, сәтті неке қиюына әсер еткен ол “Love Berry” Халықаралық неке агенттігінің негізін қалайды. Айтуынша, адамдар тағдырын қиыстыру – туабітті қабілеті. Қазақстандық әйелдерді шетелдік азаматтармен таныстырып, шетелдіктерге ТМД, Қазақстаннан қыз-келіншек тауып беруге көмектесетін бірен-саран орталықтың бірі қалай жұмыс істейді? Отандастарымыздың негізгі сұранысы қандай және үміткерлер қалай таңдалатыны жайлы маман Stan.kz редакциясына берген сұхбатында айтып берді.

42 жастағы Кристина жастайынан адамдарды табыстыруға деген қабілеті болғанын айтады. Осы істі табысқа айналдырғысы келіп, ресейлік танымал адамдарды таныстыру маманынан бұл бизнестің қыр-сырын үйреніп, білім алады.

“Мен бұл салада тәжірибем мен қабілетім болғандықтан, тез сіңіп кеттім. Бұған дейін адамдарды бір-бірімен таныстырумен өз бетіммен айналысып келдім. Шетелдік ер адам мен әйелдермен қарым-қатынасым жақсы. Ресейлік мамандардан клиенттер базасы мен шетелдік серіктестер де ұсынылды. Бірінші күннен бастап тапсырмалар алып, жұмысқа кірісіп кеттім. Осы кезде бәсекелестікке үйрене бастадым. Халықаралық деңгей мен отандық нарықты салыстыра келе халықаралық деңгейде осы салада жұмыс істейтіндер мүлдем жоқ екенін түсіндім”, – дейді ол. 

Айтуынша, онлайн танысудың өзінің артықшылықтары бар.

“Пандемия біздің жұмысқа қатты әсер етті, көп адам мұндай форматтағы танысудың мәнін көрмей қалды. Алайда шын мәнінде онлайн танысып, уақыт үнемдеу маңызды екенін көп адам ұғына бермейді”, – дейді ол. 

Неке агенттігіне негізінен кімдер жүгінеді?

Қызмет алуға келетін әйелдердің аудиториясы 35 жастан жоғары, 60-қа дейін барады. Алайда орталық жетекшісінің айтуынша, кейде жастау көрінетін 60-тан асқан әйелдер де болады, ой-өрісін саралай келе, өзінің критерийлеріне сәйкес келсе, маман қызмет беруге дайын.

“Бізде әйелдер біреуден тәуелсіз өмір сүруге бейімделген. Көбі өз бетінше табыс тауып, сәтті мансап құрып жатады. Менің неке агенттігіме келетіндер қаржылай тәуелсіз әйелдер, романтика, сезім іздегендер.  Жас әйелдерге үміткер іздеу әлдеқайда оңай, ал егер баласы болмаса, тіпті жеңіл. Арада ұзақ уақыт өткеннен кейін әйелдер таңдаудың шын мәнінде аз екенін байқаған соң өздері бастапқыда қаламаған таз еркектерге назар аудара бастайды. Себебі басқа белгілер бойынша: мінез, білім жағынан сәйкес келіп тұрады”, – дейді ол. 
Жалпы Неке агенттіктері арасында ер адамдарға бағытталғандары жоқтың қасы. Кристинаның айтуынша, мұндай орталықтар бар болса да, телефонын көтермейді, толыққанды қызмет атқармайды.

“Қазақстанда, жалпы ТМД елдерінде ер адамдар тарапынан шетелдік қыздарға сұраныс жоқ деп айтуға болады. Ал шетелдік ер адамдарды табуға серіктестер көмектеседі. Бұлар көбіне өзге елге көшкен әйелдер, коуч мамандар.

Ал маған келген ер адамдар ойы, ниеті шетелдік әйелдердің өздерін асырауын қалауымен, ақша беріп отырса деген тілегімен шектеледі. Олар өздеріне бай әйел іздейді, азаматтық алып бере алатындарды қарастырады. Неге екені белгісіз. Шетелдік әйелді сезім үшін, отбасы үшін таңдағым келеді дейтіндерді осы уақытқа дейін көрген жоқпын”, – дейді Кристина. 

Үміткерлер қандай критерийлер бойынша таңдалады?

Коуч маманның айтуынша, бұл әр әйелдің талғамына байланысты.

“Кейде әйелдер мұрты жоқ еркек табуымды сұрайды. Қаншама уақыт іздеуден соң, басқа барлық критерий бойынша сай келіп тұрған, бірақ мұрты бар ер адам табылады. Осындайда әйелдерге ақырындап барлығын өзгертіп алуға болатынын түсіндіремін. 90 % келіншек бұған келіседі. Себебі олар бастапқыда тек желі арқылы, телефонмен сөйлесіп көреді, ары қарай қарым-қатынастың қалай өрбитіні тек өздеріне байланысты”, – дейді ол. 

Шетелдіктер қазақстандық әйелдер жайлы не ойлайды?

Маман шетелдіктердің қазақстандық әйелдерге ерекше қызығатынын айтады. Әсіресе, бұл жерде менталитет өзгешелігі рөл ойнайды.

“Шетелдік азаматтар біздің әйелдер туралы өте жақсы лебіз білдіріп жатады. Олардың айтуынша, біздің қыздар ұқыпты, таза, ажарлы, жақсы ана бола алады, балаға тамаша қарайды, сексуалды, еуропалық өздеріне қарамайтын әйелдердің жанында үй шаруасына да, өз күтіміне де пысық”, – дейді Неке агенттігінің негізін қалаушы.

Кристинаның айтуынша, өзге ел азаматтары қазақстандық, ТМД елдерінің қыздарына ерекше қызығушылық танытады. Алайда бұл олардың бәрі мінсіз дегенді білдірмейді. Олардың да өз көксегені бар.

“Шетелдік азамат ертегідегідей ат үстінде отырған ханзада емес. Ол келіп барлық проблемаларыңызды шешіп бере салмайды. Олар өте есепшіл, сақ, қаражатына байыппен қарайды. Әйелге қанша ақша құрта алатынын есептеп отырады. 

Әрбір елдің өзінің миграция, виза алу заңдары бар. Осылайша әрбір шетелдік азамат өзге елден әйел алмақ ниетте болса, осы қағидалардан асып кете алмайды. 90% шетелдік елдер бөтен мемлекеттен келген азаматшаны жұмыс істетіп қоймайды. Қыз-келіншектер бастапқыда үйде отырады, тіл меңгереді. Осыны түсінген ер адам оны асырау жауапкершілігін мойнына алады, кей жағдайда әйелді ғана емес, оның балаларын да қамқорлығына алуы тиіс болады”, – дейді ол.

Үміткердің балалы болуы таңдауға қалай әсер етеді?

Базадағы баласы жоқ қыздардың ер азамат табу мүмкіндігі көбірек екен. Алайда балаларының санына мән бермейтін шетелдіктер де табылады.

“Виза, құжатарды рәсімдеуде басын қатырғысы келмейтіндер балалары болмауын сұрайды. Ал енді бұл деңгейден өткен адамдар болады. Олар үшін баланың болу-болмауы маңызды емес. Немен айналысатыны, темегі шегіп-шекпеуі, алкогольге ынтызарлығы сияқты сұрақтар маңызды болып есептеледі”, – дейді Кристина.


"Бала кезімде үй ішіндегі қыздарға салынған тыйым көп болды": Желіде танымал суретші иллюстрациялары арқылы әлеуметтік теңсіздік мәселесін көтереді 


Қазақстандық әйелдердің талапары қандай?

Қазақстандық әйелдер ішінен көбіне қазақ қыздары келеді. Барлық қыз-келіншектің талабы бірдей. Бәрі бір ауыздан қамқор, білімді, өзін құрметтейтін, ішпейтін, шекпейтін, балаларын қабылдайтын ер адам іздейді, дейді орталық жетекшісі. 

“Әйелдер ер адамның түріне, бет-әлпетіне көп мән береді. Оларға ер азаматты өздерің жөндеп аласыңдар, киіндіріп, жуындырып, көзіне ота жасатып түзеп аласыңдар деп айтамын. Түпкі жағына қараңыз, ішіне үңіліңіз. Осы адаммен бірге тұрасыз. Сырт келбетпен емес, ішкі қасиеттермен. Егер ол джентльмен болса, артынан еріңіз, таңдаңыз деймін. 

98 % әйелге ер азаматтың табысы өте маңызды. Бірен-саран қыз-келіншек “қаржылық жағынан тәуелсізбін, маған бәрібір” деп айтады. Бір жолы маған әйел хабарласып, ай сайын 10 мың доллар табатын ер адам тауып берсеңіз, сіздің клиентіңіз боламын деді. Мен бірден бас тарттым. Менің негізгі мақсатым бұл емес. 

Егер адам жақсы көрсе, ешқандай кемшілігіне мән бермейді. Омырау, бой, салмақ, аяғы жоқ болсын – маңызды емес. Ең бастысы маған сезімді табу жолында келіп отырғаныңызды ұмытпаңыз”, – дейді ол. 

Жұп таңдау процесі қалай өтеді?

Қыздар, әйелдер өз қалауларына қарай қызметімнің пакетін таңдайды. Қысқамерзімді, ұзақмерзімді қызметтерге әртүрлі сауалнама толтырады. Осы сұрақтарға жауаптарының нәтижесі бойынша әйелге қандай ер адам қажет екені анықталады. 

“Маған қызмет алуға келген әйелге бірден ерлердің тізімін бере салмаймын, бастапқыда егжей-тегжейлі жұмыс жүргіземін. Қыз, әйелдің өзімен сөйлесіп, бұрынғы қарым-қатынастан қалған проблемалар мен сенімсіздіктен арылуға көмектесемін. Сауалнама жауаптарымен бірге фотоға қатты мән беріледі. Сурет сапалы, анық болуы шарт. Фотосыз жүгінбей-ақ та қоюға болады. Ең біріншіден ер адам сауалнамадағы фотоға мән береді. Осы екеуінен соң шетелдік азамат әйелмен танысуға ниетін білдіреді. Осыдан кейін қызға аккаунт жасалады, ол барлық ақпараттық желілерім арқылы таратылады. Серіктестерім өз кезегінде осы әйелге келеді-ау деген ер адамдарды маған көрсетеді. Содан соң екі тарап сәйкес келсе, ары қарай бір-бірімен қарым-қатынасты жалғастырады”, – дейді ол. 

Айтуынша, қазақстандық әйелдердің танысуы кезінде бірқатар қиындықтар болады. Оның бірі әйелдердің ұстанымдары.

“Қазақстандық әйелдер өздері бірінші болып смс жаза алмайды. Отырып, күтеді. Еуропалық ер азаматтар ондайға мән бермейді. Осының бәрі елдің менталитетіне де байланысты. Біздің әйелдердің шетелдік азаматтар туралы ойы, қабылдауы басқаша, қате. Олардың өмір сүру қалпы ғана басқаша, сәл өзгешелеу тәрбиеленген, ауқатты отбасында өскен болуы мүмкін. Бірақ бұл олар ханзада деген сөз емес. Әйел неке агенттігіне не үшін келіп отырғанын, түпкі мақсатын білу қажет”, – дейді Кристина. 

Қай елдің азаматтарымен танысуға болады және жас шектеуі қандай?

“Шетелдіктер көбіне Еуропа елдерінен, Америкадан. Қазақстандық әйелдер көбіне Еуропалық ер адамдарға қызығушылық білдіреді. Франция азаматтарына деген сұраныс сирек. Көбі теңізге жақын жылы елдерді таңдайды. Испания, Италияға қызығушылық көп. Біздің қыз-келіншектер романтиканы қалайды. Сондай-ақ, Америкаға сұраныс аз, себебі олар дөрекі, менталитеті бізге онша сәйкес келмейді. Немістерге деген сұраныс та аздау. Италиялықтар – эмоцианалды. Егер әйелдерге романтика қажет болса, италиялықтарды таңдауларына болады”, – дейді Кристина Мустаким. 

Оның сөзінше, шетелдік азамат 60 жаста болса өзінен 20 жасқа жас әйелмен танысқысы келеді. 

Ал біздің 40 жастағы ханымдар ешқашан 60 жастағы еркектерге қарамайды. Осы жерде қиындықтарға тап боламыз. Ал енді шетелдік 45 жастағы ер адам өзімен құрдас әйелге сирек назар аударады, көбіне өзінен жастарға мән береді. Егер әйелдің сұранысы жоғары болса, онда мен онымен жұмыс істемеймін. Жасқа байланысты критерийлер бар, арасы 12 жасқа дейін сәтті жұп деп есептеледі. 
Ал егде жастағыларға арналған арнайы бағдарлама бар. “45+“ аталатын бұл бағдарлама бойынша осы жастан асқан әйелдер агенттіктің Германия, Франция, Италиядағы серіктестерімен сөйлесіп, таңдауын жасайды. Бұл қызметтің құны да жоғары болады. Жарты жыл бойы әйелмен түбегейлі жұмыс жүргізіледі. Содан соң әйел өз қаражатына шетелге шығып, танысу маманымен кездесіп, кеңестерін алып, күн сайын бірнеше ер адаммен танысады. 5-6 ер адамның ішінде әйел өзіне ұнаған 2-3 азаматты таңдап, еліне қайтады. Содан соң нақты бір адамға тоқталып, таңдауын жасайды. Осыдан кейін құжаттарды рәсімдеу басталады. 

Жақында 56 жастағы қазақстандық әйел Германияға тұрмысқа шығып, көшіп кетті. Нәтиже – бар. Әдетте егде жастағы әйелдер сырт келбетті емес, тыныш, жайлы өмірді іздейді. Зейнетке шыққан азаматтар болса да үміткер ретінде қарастыра алады”, – дейді ол.  


"Шариғат қол кесіп, бас шабу емес": Шариғат деген не және оны мұсылман елдері қалай қолданып жүр? 


Қызметтің бағасы мен нарықтағы сұранысы 

“Неке агенттігіндегі баға 5 мың теңгеден 500 долларға дейін барады. Мәселен, маған келген қыз тіркеліп, бір-екі фотосын жіберіеді. Мен оған жеке профиль ашамын да басы бос ер адамдармен таныстырамын. Осы қызмет 5 мың теңге тұрады. Ал егер жеке дара қызмет алатын болса, егжей-тегжейлі іздестіріп, мамандармен сөйлесіп, серіктестер арқылы адам қарастырамын. Бұл жерде психолог коуч ретінде де жұмыс істеймін. Осы процестен өткен қыз-келіншектер кейде тіпті талғамдарын өзгертіп жатады. Бастапқыда келген сұранысын емес (келбеті, сұлбасы т.с.с) шын мәнінде сапалы таңдау жасауға басымдық береді”, – дейді ол. 

Кристинаның айтуынша, қызмет алуға келіп жатқан кезек-кезек адам жоқ. Аптасына кем дегенде үш рет консультация өтеді. Қызметін жарнамалауға түрлі маркетингтік әдістерді қолданатынын да әйел жасырмайды. 

Айтуынша, бұл бизнес қаржы табуға бағытталмаған. Көбіне бұл саланы Кристина тек хоббиі ретінде қарастырады, себебі адамдарды бақытты етуден ләззат алады.

“Бұл саланың табысы көп емес екенін кез келген осы бағытта жүрген адам растайды. Егер олар табысымыз жақсы десе, алаяқтық арқылы ақша табады деген сөз. Адамдарды арбап, уәде етіп шақырады дегенді білдіреді.

Бұл салада бастысы – нәтиже. Қызметтерімді ресми түрде келісімшарт негізінде жүргіземін. Адамдар да ақымақ емес, не үшін ақша төлейтіндерін білгісі келеді. Тіпті кепілдік бергенімізді қалайды. Алайда бұл бизнесте кепілдік жоқ. Егер біреу кепілдік берсе, бұл – алаяқтық. Сізбен жұмыс істеп бастаймын, одан кейін тұрмысқа шығып кетесіз деу мүмкін емес.  Осы мақсатта екі жақты келісімшарт жасалады. Кейде әйелдер кез келген уақытта хабарласып, күйеужігіттерін “талап етеді”. Ал сен жігіттерді тауып беруге міндеттісің. Сондықтан бұл бизнесте жалғыз жұмыс істеу мүмкін емес”, – дейді Кристина. 

Жұптар мен жұп құра алмағандар оқиғасы

“Әрине, жұптар қосылып жатады. Менің ұсынысымнан соң сөйлесіп жүріп, біраз уақыт өткен соң қарым-қатынасы тоқтап қалған адамдар, агенттіктен кеткен соң қайта қосылып жатады. Менің тәжірибемде, жұптардың үйленген оқиғалары аз болмады. Соның бірі ретінде пандемияға дейін қазақстандық әйелді шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып, оның еліне көшіп кеткенін мысалға келтіре аламын. Біздің негізгі мақсат – адамдарды бір-бірімен қосып, бақытты ету. Жалғыз адамды өзі сияқты жалғыз адаммен түйістіру. 

Әйелге көмектеспес бұрын оның шын мәнінде қарым-қатынас құруға дайын-дайын еместігін тексеру маңызды, дейді Кристина.

“Мүмкін ол иллюзияда өмір сүретін шығар, өзінің не қалайтынын білмеуі мүмкін. Тәжірибемде осындай әйелмен жұмыс істеп көрдім. Шетелдікпен некеден соң ажырасып, қатты тұйықталып қалған. Өз-өзін кінәлап, тұрмысқа шыққанына өкінетін. Өзі қазақ әйел болатын. Мен оны бір жыл бойы өзіме қабылдаған жоқпын. Себебі қатты қиналатынымды білдім. Ол танысуға дайын емес еді. Содан соң бір жыл өткен соң әлгі әйел барлық неке агенттіктеріне хабарласып, ер азамат іздеп жүргенін естіп, өзіме қабылдадым. Бәлкім, көмектесе алатын шығармын дедім. Осы аралықта біз дос болып та кеттік. Алайда жетінші ер адаммен танысу кезінде, ол райынан қайтты. “Мен бақытты болмаймын, ешкімге ұнамаймын” деді. Өз бетімен ер адамдарды жазғысы келмейтін, принциптерінен аттап кете алмайтынын айтты. Тіпті салонға барып, имиджін өзгертуге де тырыстық. Алайда бәрі бекер еді. Соңында ол жарты ақшасын алып кетті. Әрбір ер адамның кемшілігін іздеп тұратын болды. Бұл оған кедергі келтірді. Алғашқы танысу кезеңдерінде адамның бойынан кемшілік іздеу сәтсіздікке ұшыратады”, – дейді ол. 

Шетелдіктердің өздеріне тән мінезі болады, кейде олар ренжіп, қырсығып жатады, кейде қағидаларымен жүреді, дейді ол.

“46 жастағы дағыстандық әйелге қызмет ұсынғанмын, ол Ресейде тұрады. Оның комплекстерімен жұмыс істеп, ұялшақтығынан, кедергілерден арылды. Америкада тұратын түбі орыс болып келетін ер адам бұл қызға қызығушылық танытты. Алайда фотода бұл ер адам әйелге ұнамаған еді. Үлкен таңдау болмаған соң оны әлгі шетелдікпен танысуға көндірдім. “Сіздер тек қана телефонмен, желі арқылы сөйлесесіздер, некеге ешкім сүйреп апармайды” деп құлшынысын арттырдым. Осылайша әйел ер адаммен танысып, қарым-қатынас орната бастады. Біраз уақыт өткен соң әйел “Қандай тамаша ер адам, қатты ұнады. Өзі хабарласып тұрады, қалымды сұрайды, тамағың тоқ па деп алаңдайды, еркелетеді” деді. Тіпті өз профилін алып тастауды сұрады. Ешкім көрмейтіндей етіп қойдым. 

Арада біраз уақыт өтіп әйелге үйіне көп қонақ келген күні ол америкалық азаматпен сөйлесе алмай қалады. Туыстарынан шетелдікпен сөйлесіп жүргенін айтуға ыңғайсызданып, телефонын көтермей қояды. Бірнеше рет хабарласты, телефонды көтермеді. Содан соң америкалық ер адам ренжіп, бұл әйелмен сөйлеспей кетеді. Мен де өз тарапымнан шетелдікке жағдайды түсінуін сұрадым. Алайда ол “басқа әйелмен танысамын, бұл келіншек қажет емес” деп шорт кеседі. Мұндай ер адамдар да болады, қызғанып та қалған шығар”, – дейді Кристина есіне алып. 

Оның сөзінше, кейбір шетелдіктер үйлену мақсатында дәл қазақстандықтық аруларды тауып беруді сұрап, хабарлады екен.

“Бір жолы 38 жастағы ағылшын азаматы маған жүгінген еді. Ресейлік қыздардан қатты айырмашылық бар екенін айтқан. Табысы өте жақсы, елінде жоғары лауазымға ие, бірнеше көлігі бар, өте сымбатты, тартымды, өз-өзіне көңіл бөлетін ер адам еді. Ол Қазақстаннан қыз іздеді. Алайда оның шарттары бар еді: өз елінде тұру, тек үйде отыруы, бала туып, қарауы, балаларының болмауы. Үш айдың ішінде оған жиырма қыз ұсындым. Әрбір қызбен жеке әңгімелесемін, таңдау жасаған соң, шетелдік азаматқа жіберемін. Ол ең бірінші оның анкетасымен танысады. Содан кейін екі тарап байланысқа шығады.

Мен ұсынған жиырма қыздың төртеуін таңдайды. Олардың ішінде бір қыз бұл жігітті ерекше ұнатып қалды. “Қайда, не істеп жүр?” деп менен жиі сұрайтын. Шетелдік азамат оған жиі жазбайтын, жұмысбасты еді. Біраз уақыттан кейін досы оған Украина қыздары үй шаруасына пысық, әдемі деп мақтаған көрінеді. Нәтижесінде ол досының айтуымен, Украинаға қыз іздеуге кетеді”, – дейді ол.

Кристина Мустаким тәжірибесіне сүйене отырып, жүз адамның жиырма адамы жұбын табады дейді. Бұл салада бәрі адамның өзіне байланысты. Ал маманның міндеті тек таныстыру, бағыт сілтеу, қалғаны жұптардың өз қолында.

 




Көрілген: 1038    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 08.09.2021, 14:10

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    16 Қыркүйек, 11:55
    Қайнымнан шаршадым...
    13 Қыркүйек, 14:35
    Тұрмысқа шығуға қорқам...
    9 Қыркүйек, 01:14
    Қайынағам қырындап жүр

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31