Отбасы - ошақ қасы

Тоқалдың бәрі балқып-шалқып өмір сүріп жүр деген бос сөз

  • Тоқалдың бәрі балқып-шалқып өмір сүріп жүр деген бос сөз

    Тоқалдың бәрі балқып-шалқып өмір сүріп жүр деген бос сөз

 Қоғамда тоқал болсаң үлде мен бүлдеге ораласың деген түісінік қалыптасқан. Осындай пікірмен отбасылы еркекпен көңіл жарастырып, кейін опық жегендер баршылық. Солардың бірі Алина. Алинаның бастан өткерген сұмдық жағдайы жас қыздарға сабақ болады деген үмітпен, оның comode.kz-ке берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.


Есімім Алина. Өткен өмірімді еске алғым келмейді. Алайда жас қыздар біреудің екінші әйелі болмауы үшін сабақ болар деген мақсатпен бастан өткергенімді айтып берейін.

Анам мені және менің 4 інімді жалғыз өзі тәрбиеледі. Әкеміз бізді тастап кетті. Ауылда, қара су мен қара нанды жеп өстік. Мен мұндай өмірден әбден қажыдым. Мектеп бітіре сала ауыл квотасымен педагогикалық институтқа грантқа түстім.


Студент кезімде де жоқшылықтың зардабын әбден тарттым. Даяшы, еден жуушы болып жұмыс істедім. Тіпті стриптиз билемек болдым (дене бітімім сай келмеді). Шәкіртақымнан айырылып қалмауым үшін сабағымды жақсы оқыдым. Жатақханада тұрдым.


Қыдырғым да келетін. Әдемі киімге ақша табудың түрлі жолдарын іздедім. Жақсы жігітпен танысуды армандадым. Алматыда әдемі тойым өтіп жатқанын елестететінмін. Алайда маған тек көшеде донер сатып тұрған еркектер ғана қырындайтын.


Болашақ күйеуіммен сауық кешінде таныстық. Ол мені ұнатып қалған екен. Сол кеште жатақханаға дейін жеткізіп салды. Мен адамдармен тез тіл табысып кетемін. Сондықтан онымен әңгімеміз жарасып кетті. 22 жас ерекшелігі маған кедергі болмады. Ол маған әке де болды. Онымен танысқаннан кейін аштық дегенді білмедім. Оның бала-шағасы бар екенін екі аптадан кейін, екінші әйелі болуға ұсыныс жасағанда білдім. Сол кезде салафит екенін де айтты. Мұны естігенде шошып кеттім. Дәмханада оның өзі секілді сақалды досымен отырған едік. Мен үйге қайтқым келетінін айттым.


Келесі күні ол маған ақша берді. «Екінші әйелім боласың ба әлде жоқ па?» деп сұрақты төтесінен қойды. «Сенің мұндай жерде өмір сүргеніңді қаламаймын. Пәтер жалдап берейін» деді. Мен ақшаны алдым, пәтерге көштім. Екінші әйелі болуға келістім.


Некеміз қиылмады. Ол өзі имам екенін айтты. Мен жуынғаннан кейін. Дұға оқыды да маған да телефоннан дұға оқытты. Осыдан кейін ол мені барлық күнәләрімнің кешірілгенін және тазарғанымды айтып, сендіруге тырысты. Мен оған сендім.


Осыдан кейін өмірім тозаққа айналды. Ол маған еркектермен сөйлесуге тыйым салды. Оқығанымды қаламайтын, бірақ жұмысқа баруға міндетті едім. Ол уақытта балабақшаға бала күтуші болып жұмысқа тұрған едім. Ұзын көйлек киюге мәжбүрледі. Ол менің хиджап кигенімді қалады. Алайда мен әлі дайын емес екенімді айтып, бас тарттым.


Ол аптасына бір рет қана үйге келетін. Мен оның құлы секілді болдым. Ол келгенде үй мұнтаздай таза тұру керек. Үй аяқ киімі жылы болу қажет. Ол келгенде оны өзім аяғына кигізетінмін. Дастархан жайылып тұру керек. Бір күні кәмпит салатын ыдыста мармелад тұрғанын көріп, сол үшін ұрысқаны бар. Себебі мармеладта желатин бар. Ал желатинде шошқаның майы бар. Шұжықты да жеуге болмайтын. Халал болғанның өзінде онда шошқа еті бар деп күдіктенетін. Тұрып тамақ жесем айқайлайтын. Тұрып тамақ жеу күнә екенін айтатын.


 


Әйелдерге зат секілді қарайды. Әйел күйеуінің айтқанын бұлжытпай орындау керек деп есептейтін. Маған мүлде көмектеспейтін. Барлығын өзім жасап, өзім шешетінмін. Туыстық қатынасымыз болмаса өзге еркектен көмек сұрауға рұқсат бермейтін. Ал туыс ер адамдардан тек інілерім ғана болды.


Ол маған ақшаны санап беретін. Пәтер ақысы, коммуналды шығындар дегендей. Егер бірнәрсе сатып алғым келсе ол заттың қаншалықты қажет екенін түсіндіруім керек. Егер сатып алғым келетін зат маған керек емес деп шешсе ақша бермейтін. Тоқалдардың барлығы қымбат пәтерде тұрады, әдемі көлікпен жүреді деген пікірді жоққа шығарғым келеді.


Заңды әйелінің көлігі бар екенін білетінмін. Үш баласында да бір-бір көліктен болды. Кішісі мектепте оқыса да жеке көлігімен жүретін. Өзінде үш көлігі бар еді. Отбасымен үлкен үйде тұрды. Жылына екі рет отбасымен демалуға баратын. Барлық туыстарына көмектесетін. Тек маған ғана көмектеспейтін.


Қас жұлу, балағат сөз айту харам екенін айтатын. Бірақ өзінің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын. Болмашы себепке бола ұрысатын. «Жаңа жылыңмен» деп құттықтаған дүкеншіге «Рақмет» деп айтқаным үшін ұрыс естігенім есімде.


Ол телеграмда Исламды дәріптейтін бірнеше парақшаға жазылған. Маған да түрлі аудио, видео жіберіп отыратын.


Жас әйел үшін өзінен 22 жас үлкен еркекпен өмір сүру өте қиын. Ол көп ауыратын. Мен оған екпе жасап, май жағып, арнайы тамақ пісіретінмін. Осыған қарамастан мен оны түсінбейтінімді айтып шағымданатын.


Осының бәріне не үшін шыдағанымды білмеймін. Ол маған екі рет «талақ» деп айтқан кезі болды. Қатты уайымдадым. Кетпеуін өтіндім. Екінші рет «қайда барсаң, онда бар» деп ажырасып кеттім. Бірнеше күннен кейін жақсы жігітті жолықтырдым. Екеуіміз бірге тұрдық. Көп ұзамай тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады.


Салафитпен тұрғаным өмірімдегі үлкен қара дақ секілді. Енді оның жеке меншігі емес екенімді түсінгенде жиі қоңырау шалып, хат жазып мазамды алды. Мені де, жігітімді де өлтіріп кетемін деп қорқытты. Бұл әрекеттерін қоймаса, болған жағдайды әйеліне айтып беретінімді айтқанда барлығы сап тыйылды. Құрбыма да әйелінің байланыс телефонын беріп қойғанымды айттым. Әйелінен ол қатты қорқатын.


el24kz




Көрілген: 3732    Пікірлер: 0

жексенбі, 25.08.2019, 13:00

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қыркүйек, 11:48
    Кеш оянған махаббат
    12 Қыркүйек, 10:23
    Бәрінен шаршап кеттім
    8 Қыркүйек, 18:03
    Мен бөлеме ғашықпын...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30