Төркініммен сыйыспай жүрмін

29 қазан 2020, 19:08

"Мен бір жігітпен 2 жыл жүрдім. Осы уақыт аралығында оны жақсы танып, біз бір-бірімізге қатты бауыр басып кеттік. Бір күні ол мені достарымен бірге алып қашып кетті. «Қыз сүйгені қалады, ұл сүйгенін алады» демекші, ол мені сүйем деген соң, оған өмірлік жар болуға келісімімді бердім. Бірақ енем мен қайны әпкемнің көңілінен шығуға қанша тырыссам да, оларға жақпай-ақ қойдым. Осының салдарынан төркініме қайтып келдім". "Алаш айнасы" порталына жан сырымды ақтарып, хат жазғанды жөн санадым. Бұл оқиға былай басталған-ды.

Мен ол үйге жас келін болып түстім. Ата-енемнің де, қайны, қайны әпкелерімнің де көңілінен барынша шығуға тырыстым. Өзім ерке өссем де, бөтен үйге келген соң барлық еркелікті жиып қойып, келіндік міндетімді бір кісідей атқардым. Бірақ не істесем де енемнің көңілін табу мүмкін болмады. Несін жасырайын, жоқтықтың не екенін білмей өскен мен сиырдың қиын жинап, нан жабуда көп қиналдым. Тіпті тезек құйып, кесек қалап, жер аудару жұмыстарын да жасадым. Сонда да күйеуімнің туғандары "дым білмейсің" деп маған күн көрсетпеді. Онымен қоса қанша дәрігерлерге қаралып, емшілерді араласам да бала көтере алмадым. Дәрігерлер "бір трубкаң бітеулі" дейді. Осы үшін енем маған күнде ұрсып, жерден алып, жерге салды. Сонда да шыдап жүрдім. Ләм-мим деп қарсы келмедім. Дегенмен бір күні енем: "Сенің шешең оңбаған, қызы қайда барады" деп, мамама тіл тигізгенде шыдай алмай, өмірімді бірінші рет сол кезде енеме сөз қайтардым. Қатты ашумен оған аузыма келген сөзді айтып, " сенен өмірі құтылмайтын шығармын" дедім. Оны естіген қайны апам маған қарай ұмтылып, жұлқып-жұлқып алды. Күйеуім екеуміздің арамызға от салды. Сол күні, түн жарымда күйеуім де ішіп келіп, әбден соққыға жықты. Шашымнан сүйреп, басымды дуалға соғып, саусағымды сындырып жіберді. Осыдан кейін мен киімдерімді жинап, төркініме кеттім. Арада біраз уақыт өткенде аяғымның ауыр екенін сездім. Шешем күйеу бала өзі үйге келіп, келіншегін алып кетер деп ойлады. Бірақ ол келмеді, мен де үйде үнсіз жүрдім. Оның мені ұрғандарының бәрі көз алдыма келіп, оған деген көңілім әбден суып кетті. Осылайша ақыры заң жүзінде ажырасып тындық. Баламды төркініме келіп босандым. Енем болса, "ол бала, сенің балаң емес, әйелің көшеден көтерген" деп, күйеуімді одан сайын маған қарсы қойып отыр. Қазір бала 1 жасқа толды. Енді міне, әкем кішкентай нәрестеге күнде ұрсатынды шығарды. Баламды да, өзімді де жақтырмайды. Інімнің баласы мен менің балам ойыншыққа таласып қалса, дереу менің баламның қолындағы ойыншықтарды жұлып алып, ұлдан шыққан немереге береді. Әйтеуір, аңдығаны &ndash менің балам. Енді-енді жүріп келе жатқан менің баламды отырса &ndash опақ, тұрса &ndash сопақ қылатын болды. Жұрт алдында біздің масқарамызды шығарып, аузына келген сөзді айтып, боқтап отыра береді. Келінім де жақтырмайды. Інім де әйелінің сөзін сөйлейтінді шығарып жүр. Осының бәрі жаныма қатты батып кетті. Тіпті үйден қашып кеткім келіп жүр. Бірақ бір жасар баламен қайда барамын?! Енді баламның болашағы не болмақ? Қазір ол кішкентай, ертең есін білген уақытта үйдегілердің бәрі оны шеттететінін сезсе, психологиялық ауруға шалдыға ма деп қорқамын. Менің мұны жазып отырған себебім, қандай қиындық болса да бірден асығыс шешім қабылдамау керек екен, бәрін ойланып-толғанып, ақыл таразысына салып, сабырмен шешу керек екен. Өйткені ажырасқан күннің өзінде төркінге сыйып бақытты болу мүмкін еместігіне көзім әбден жетті. Менің осы өмірім көпшілік қыздарға, жас келіндерге сабақ болса екен деймін...
Менің көпшіліктен сұрарым, енді мен не істеймін? Қайда барамын? Қандай ақыл-кеңес айтасыздар? Мүмкін күйеуіме "жаздым-жаңылдым, мені кешір! " деп қайта баруым керек пе? Бірақ ол мені қабылдай қояр ма екен? Ол маған тіптен хабарласпайды, ұмытып кеткен секілді. Дегенмен мен оны іштей сағынатын секілдімін. Қимаймын. Ол да мені қатты сүйді, қызғанды, бірақ анасы мен әпкесінің сөзінен шыға алмай, екі ортада басы қатып жүрген шығар... Менің бір түсінгенім, бақыт деген менің туған шаңырағымда емес екен, бақыт деген &ndash өмір бойы күйеуіңнің қасында болу екендігін ұқтым. Қанша ашуға беріліп ажырасқанмен, онсыз өмір сүре алмайтын секілдімін. Қандай ақыл-кеңес айтасыздар, ойлы оқырман?..

Автор: Айсұлу, Оңтүстік Қазақстан облысы