Отбасы - ошақ қасы

Төрт күйеуден де бағым ашылмады...

  • https://www.chitalnya.ru/

    https://www.chitalnya.ru/

Құрметті «Алаш айнасы» порталының оқырмандары бүгін мен сіздерге көкейімде жүрген, жанымды мазалаған жайттарды жазып, ой бөліссем деймін.

 

Мен Алматы облысы, Іле ауданының тұрғынымын. Сіздердің порталдарыңыздағы «Отбасы ошақ қасы» айдарынан көптеген жайттарды, қаншама тағдырларды оқып өзіме сабақ алып отырамын.

 

Ойлап қарасам, мен жасым елуден асқанда ғана ақыл тоқтата бастаппын. Өзім «жас күнімде жасаған қателіктерімнен орта жасқа келген опық жеймін» деп тіпті ойланбаппын да...

 

Әңгімені басынан бастасам, мен төрт мәрте тұрмысқа шыққан адаммын. Төрт балам бар. Қазір сол төрт балам бірін-бірі көрсе түтіп жеп жіберердей, қатыгездік танытады. Кейде «құдайдың маңдайыма жазғаны осы шығар» деп өзімді-өзім жұбатқан боламын. Бірақ «Адам өз тағдырын өзі жасайды. Адамның бақытты болуы да, бақытсыз бейшара болуы да өзінен» деген сөздерді естігенімде жанымды қоярға жер таппай кетемін.

 

Мен ең алғаш 21 жасымда тұрмысқа шықтым. Ол кезде Кеңес өкіметінің заманы еді ғой. Оқуды жаңадан бітіріп келіп, мектепте неміс тілінен сабақ беретінмін. Отбасымыз да бақуатты. Әкем совхозда есепші, шешем балабақша меңгерушісі еді. Ешқандай таршылық көрмей өсіп бойжеттім. Мен бір үйдің жалғыз қызымын. Менен кейін әке-шешемнің баласы болмады. Бір үйдің ұлы да, қызы да мен болып ерке өстім. Жұртта жоқтың барлығы менде бар.

 

Осылай еркелеп жүріп ауылдың агрономының баласына тұрмысқа шықтым. Бастапқы екі жылда біз өте жақсы тату-тәтті тұрдық. Біздің үйдің берекесіздігі әкем дүниеден өткеннен кейін басталды дерсің. Әкем бақилық болғаннан кейін шешемнің де жағдайы күрт нашарлай бастады. Мен шешеме күтім жасау үшін көбінесе төркінімде болатын едім. Бұрынғыдай пана тұтатын әкем жоқтығын басынды ма, білмеймін, күйеуім маған әр қилы қылықтарын көрсете бастады. Күндегісін ішіп келеді. Арақ ішілген үйде қандай береке болсын. Ақыры күндердің-күнінде ол мені аяусыз соққыға да жығатын болды. Мұндай қорлыққа шыдамаған мен 24 жасымда күйеуімнен ажырасып, бір баламен үйіме қайтып келдім.

 

Кеңес заманында баламен ажырасып үйге қайтып келу деген үлкен сын еді ғой.  Сонымен шешем мұндай күйікке шыдамай ауылдан аудан орталығына көшуді ұйғарды. Шешем білікті басқарушы маман болғандықтан аудан орталығында да балабақша меңгеруші қызметі ұсынылды. Үй-жайды өкіметтің қолдауымен алдық. Осылайша бір жастан асқан қызымды анам басқаратын балабақшаға ешқандай қиындықсыз орналасып, аудан орталығындағы белді мектептердің біріне тағы мұғалім болып қызметке кірдім. 

 

Мектепте істегеніме алты айдай болғанда мен сол мектепте жұмыс істейтін бір ер-азаматпен таныстым. Ол да ажырасқан, бір баласы бар екен. Бұл жігітпен біраз араласып, таныс-біліс болып жүрдік. Ақыры ол жігіт «28 жасымда маған тұрмысқа шық» деп қолқа салды. Анам бірден келісімін берді. Оның ойынша, жалғызбасты қолында бір баласы бар әйелге осыдан артық таңдау жоқ. Сонымен, мен  28 жасымда екінші мәрте тұрмысқа шықтым.

 

Бұл жігітпен төрт жыл бірге тұрдым. Бастапқыда барлығы жақсы тәрізді еді. Кейіннен бұл күйеуім қызыма тиісіп, көзге шұқитын болды. Қызым бұл кезде ес біліп қалған, бастауыш сыныптың оқушысы еді. Қызым көбінесе анамның үйінде болады. Ал біздің үйге келсе күйеуім қара түнекті орнатып, ішіп келген күндері өзіме де қызыма  қолы тиетінді шығарды. Сондай бір ішіп келген кезде төсекте ұйықтап жатқан қызымды алып ол жерге лақтырып кеп жіберді. Үш жыл бойы осындай өмірді көрген қызымның жүйкесі әбден сыр берді. Қазірдің өзінде бойжетіп, өзі балалы болса да тұтығып сөйлейді. Ең өкініштісі, тұңғыш қызым тағдырына налып, мені кінәлайды.

 

Араға төрт жыл салып мен екінші күйеуімнен де ажырастым. Ол некеден бір ұлым бар. Екі баламды құшақтап тағы да анамды паналадым. Бұл кезде 32 жастамын. Анам кезіндегі беделін салып жүріп мені тағы бір  мектепке жұмысқа орнаастырды. Жұмысқа барымды салып кіріскен мен үшінші рет тұрмыс құруды тіпті ойламадым. Тіпті ер-азамат атаулыдан көңілім қалып «тек қана ұлым мен қызымды жеткізсем» деп ойладым. Бірақ тағдырдың жазуы шығар 4 жылдан кейін 36 жасымда мен үшінші рет мектептің директорына тұрмысқа шықтым.

 

Директор отбасынан ажырасып, мені өмірлік жар еткісі келетінін айтып, анамның рұқсатын алып дүрілдетіп той өткізіп тұрып үйленді. Міне, осы сәттен бастап «менің өмірімде тек қана бақытты күндер басталды» деп ойладым. Бұл күйеуім менің барлық еркелігімді көтерді, үлде-мен бүлдеге орады. Екі баламды да шет қақпады. Біз осылай бес жылдай бірге тұрдық. Мен 41 жасқа толғанда ол жұмыссыз қалды, ішімдікке салына бастады. Жұмысынан айрылған құсасы бар, ішіп алғанда ол не істерін білмей қалатын. Ол кезде мен оған екі ұлды дүинеге әкелгенмін. Өзімнің бір ұл, бір қызым бар, оған тағы екі балам қосылды.  Олардың жоқ-жітігін түгендеу керек. Ақыры біздің күйісіміз кетіп, отбасынан береке қашты. Күйеуім ішіп келіп, маған ойына келгенін жасайтын болды. Ұрып-соққаннан денемнің сау жері жоқ. Үйде төрт балам бүрісіп дымдарын шығармай жүреді. Үлкен қызым тіпті озбырлыққа шыдамай интернатқа кетті, оның артынан екінші ұлымды апарып өзім өткіздім. «Ал қалған екі ұлымды әйтеуір өз әкелері ғой өлтірмес» деп ойлайтынмын. Сөйтіп жүргенде бұл күйеуім мені мүгедек етті. Бірде ішіп келген  күні ол менің жон арқама пышақ сұғып алды. Содан неше ай төсекке таңылып жаттым. Ауруханада жатқанымда күйеуім ажырасуға арыз жазды.

 

Төсекке таңылып алты ай жатқаныммен қоймай төрт баламен жалғыз қалдым. Қырықтан асқан ы әйелге жұмыс табу оңай болған жоқ. Алты айға дейін денсаулығым қалыпқа келгенше өкіметтің берілген болмашы жәрдемақысымен күнелттім. Алты айдан кейін барып бұрынғы мектебіме қайта жұмысқа орналастым. Міне, осылай төрт баламды бағып-қағып тағдырдың жазғанына мойын ұсынып күндерім өтіп жатты. Балаларым ержетті. Қызым тұрмысқа шықты, екінші ұлым үйленді. Ал өзге екі ұлым да басқа қалаға жұмысқа кетті.

 

Осылай жалғыздықпен арпалысып жүргенде 49 жасымда әйелі дүниеден өткен елуден асқан азамат сөз салды. Онымен бес жыл тұрдым. Былтыр бұл күйеуім дүние салды. Өкпесін жеген құрт ауруы оны алмай тынбады.

 

Осылай төрт мәрте тұрмыс құрсам да бағым ашылмаған мен, қазір жалғыздан-жалғыз қалдым. Ең өкініштісі, мен төрт баламның біреуіне де жоғары білім беріп оқыта алмадым. Кезінде әке-шешем  маған жасаған жағдайды, мен бірде-бір балама жасай алмадым. Қызымның үйіне бір аптаға барсам, ол бетімнен алып, кішкентай кезінде өз әкесі мен өгей әкелерінен көрген озбырлықтарын айтып шығады. Екінші ұлым тіптен жолатқысы келмейді. Келінімнің де мінезі қиындау. Сондықтан ол үйге баратын жолды ұмытқалы қашан?! Ал екі ұлым мүлдем менен алшақ жүргенді жақсы көреді. Қазіргі бар ермегім мектептегі оқушыларым мен ғаламтордағы отбасы жайлы жазылатын басылымдарды ақтару. Бүгін де арнайы Алаш айнасы порталына осы жатты жазғым келді. Ондағы ойым, менің өмірімнен жастар сабақ алып, қателік жібермесінші, алды-артын ойлап жүрсінші дегенім еді.

 

 

 

Ғазиза, Алматы облысы

alashainasy.kz




Көрілген: 3225    Пікірлер: 0

жұма, 30.04.2021, 17:04

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Маусым, 09:11
    Байлыққа қызығып,...
    31 Мамыр, 12:57
    Ана сатып аламын...
    2 Мамыр, 22:21
    Қызыма әке керек
    29 Сәуір, 11:07
    Ананың ақылы...
    8 Сәуір, 17:15
    Өгей ана

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30