Отбасы - ошақ қасы

Туған ағамнан жеріндім...

  • Сурет ғаламтордан

    Сурет ғаламтордан

Шешем екеуміз жұмыстан шаршап-шалдығып, сүрініп-қабынып жеткенімізде бір бұрышта ол күжірейіп, өңі бұзылып отырады. Біз үнсіз шай қамына кірісеміз. Бір уақытта әдеттегі құйқай басталады.

 

Ол, ең бірінші, миымызды қажайды. Біз үндемейміз. Бұл тәсілі жүрмеген соң ол екінші шабуылға көшеді. Шақ-шақ еткен дауысы жаман, миды тесіп өтеді. Оған да шыдаймыз. Бөтен емес қой.

 

Алайда ол дегеніне жетпей қоймайтынын білдіріп, ендігі кезекте жан-жақтағыны лақтырып, шағатынды шағып, сындыратынды сындырып, тіпті шешеме тұра жүгіреді. Мұндайда менің төзімім түгесіледі, бар күшіммен сілтеген жұдырығым оны сұлатып түсіреді. Сол кезде бебеулей арамызға түскен анам таңнан кешке дейін тапқан-таянғанын оның бетіне шашып жібереді, өйткені бәріне шыдаған ана байғұс жүрегі туғандардың жанжалдасуына еш төзбейді.

 

Шешемнің осынысы ғана мені үнемі ұстап тұрып қалады. Әйтпесе, шыны керек, кейде ағамды өлтіріп тастағым келеді...» . «Алаш айнасына» кеп түскен хаттағы балаң жігіттің шері осылайша ақтарылып басталады...

 

«Он жылға жуықтап қалды, ағам шешем екеумізге күн көрсетпейді. Дүниеде не жаман болса, соның барлығын ол өзіне жамап алған. Анаша шегеді, онысы болмаса бас ауырғанын ішкілікпен басады. Қолынан істің барлығы келеді. Бірақ көбіне тапқан ақшасын автоматқа салады. Алдында базарда бір нүктесі болған. Екі жыл барысында жап-жақсы көтеріліп келе жатыр еді. Бір күні барлығын казиноға «лақтырып» келді. Шіреніп жүрген жүрісін көрсеңіз, бір бай-манап па деп қаласыз. Ол өзін солай сезінгенді жақсы көретін болуы керек. Бірақ өзі елітетін жалған сиқырлы әлем оны шынайысында адамдығынан әлдеқашан айырып тынған.

 

Бүгіндері казино деген әдірем қалған. Ондай жерге қалтасы тақыл-тұқыл адамды жолатушы ма еді? Одан кейін ол автоматқа көшті. Үйдегі барды сол автоматқа тігіп бітірді.

 

Шешем екеуміз дүние жинауды қойғалы қашан? Қазір тұрақты жұмысы болмаған соң ол кім көрінгеннің жұмысын істеп жүр. Шешем «біреулер ағаңды құл құсатып жұмысқа жегіп қойды» деп бебеулейді. Тегін саусағын да қимылдатпайтын ағамның сырын білем ғой, олар не арағын немесе анашасын сатып алып беретінін ішім сезеді. Бірақ ана көңіліне қаяу түсіргім келмейді, үндемеймін. Бірақ әбден діңкелеп, миын кептіретіндер әлін алып қойғанда оны ешкім де керек қылмай қалады. Ондайда аяғын созып күні ұзаққа үйде жатады.

 

Шешем де ол бір алыс сапардан келгендей дөдең қағып күтіп, жылы-жұмсақты алдына тосады. Есін жинап, бойына әл бітті-ау дегенде, бәрі қайтадан басталады. Ақша сұрайды. Менен де, шешемнен де. Әңгір таяқ ойнатып жүріп, онысын алады. Кеткен соң шешем: «Қу, шешек, неге өліп қалмайды екен» деп нали бастайды. Әрине, онысы бергі жағы ғана.

 

Жартысын ішкілікке, жартысын автоматқа салып, содан ағам жоғалады. Сол күннен бастап шешемнің екі көзі төрт болады. Жол жаққа барғыштап, қарайлай береді. Мен ештеңені байқамағандай жүре берем. Жоғалудың арасы ұзай бастаса, уайымнан шешемнің жатып қалатыны бар. Әрине, бір жері ауырады ғой. Онысын білдірмеуге тырысады. «Бір қара тер қысып тұрғаны» деп қояды арасында ыңырсып. Мұндайда менің аяқ астымдағы дүниенің барлығы астан-кестен боп төңкеріліп түскендей болады. Ана сүмелекті тауып алып, ит басын терісіне қаптап, өлімші етіп сабап, тіпті өз қолыммен бауыздап тастағым келеді. Қан басқа тепкенде жату қайда, жынды құсап атып тұрып, көше жағалап оны іздей бастаймын.

 

Автомат дегеннің барлығы қала сыртына көшірілді деген бос сөз. Барахолкаға барам, Абылайхан бойын жағалаймын, жүре беремін, жүре беремін, әйтеуір тауып алам. Бір қолында сыра, бір қолының саусақтары кәдуілгі клавишаға бейімделгендей алдындағы тетікшелерді майысып сыртылдатып басады, осылайша тілі салаң-салаң етіп, ыржалақтап еліріп автоматта отырады. Мына жақта шешем екеуміздің оны іздеп, қиналып жүргенімізден бір грамм шаруасы жоқ.

 

Оған да бой үйреніп қалған. Енді бұл сілімтікті алдап-сулап үйге жеткізу керек. Мына арадан қолында тиын-тебені барда, ол өліп кетсе шықпасы белгілі. Сүйреп шықсаң, бірнәрсе қып сытылып, бәрібір кетіп қалады. Үйге апарып, қол-аяғын байлап-матасам, шешем оны аяп босатып жібереді. Тығырыққа тірелу, дәрменсіздік дегеннен мен үшін ең жаманы жоқ. Ондайда оны өлтірмек түгілі өзімнің өліп кеткім келеді. Амал жоқ, тыста күтуге тура келеді. Бір уақытта барынан жұрдай боп ол теңселіп қараңғыдан шығады. Көлігіме отырғызып аламын. Артта бәрін қырып, шіреніп, боқтап келеді. Айнадан тоз-тозы шыққан түр-сықпытына қарап мен де оны аяп кетем.

 

Әкеден ерте қалдық, артында қалған ұрпақтан екеуміз ғана. Еріксіз көзімнен жас аға береді, жігіт емеспін бе, оныма қатты намыстанамын, бет-аузымды жеңіммен айғыздай сүрте беремін, бірақ босап кеткен іштегі бір нәзік сезім жастың тоқтауына бой бермейді.

 

Маскүнем, нашақор ағамның ызасы шындап-ақ жаныма қатты батып жүр. Ғаламторды шарлап, жауап іздеймін. Ішкілікті қойдырсам, бұл иттің есірткісі бар. Ал анашаны қойдырады дегенді көргенім жоқ. Автомат пен казиносынан, тіптен ем көрінбейді. Талай рет сөйлесіп, сырласқам да онымен. Барлығы бекер. «Иә, емделемін, барлығы жақсы болады, мен сені түсінемін, уайымдама» деп тұрып, өзіңді суға с...зіп кете барады кеще.

 

Жасынан бұрын қартайып, науқастанып жүрген шешемді көрсем, оған кешірім жоқ, оны шынымен де өлтіріп тастағым келеді. Бірде телеарнадан орыс әйелдің өзінің нашақор баласын өлтіруге жалдамалыны жұмсағанын естіп едім, мен оған таң қалмадым, белгілі бір деңгей байқұс әйелді түсіндім. Өйткені мен де сол секілді ағамнан құтылудың амалын таппай жүрмін.

 

Сабырым сарқылды, төзімім түгесілді. Мүмкін Сіздерден көмек болар деп, өздеріңізге хат жолдап отырмын» делінеді тығырыққа әбден тірелген балаң жігіттің сары уайымға толы хатында.

 

Сіз қандай ой қосасыз, оқырман? Мүмкін араларыңыздан осындай ауыр халді еңсерген адамдар табылып, өз тәжірибесімен бөлісе отырса Жақсылыққа да басқа да осы тектес тағдырдағыларға да жақсылық жасаған болар едіңіздер...

 

Жақсылық Әбусалықұлы, Алматы қаласы 

alashainasy.kz/




Көрілген: 3082    Пікірлер: 0

сейсенбі, 01.09.2020, 15:44

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қазан, 22:10
    Баланың киесі ұрады
    10 Қыркүйек, 16:15
    Әйелдің өлімі...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31