Отбасы - ошақ қасы

Туған сіңілім отбасымды ойран етті

  • www.kp.ru

    www.kp.ru

«Алаш айнасы» интерент-газеті менің сүйікті сайтымның біріне айналды. Әсіресе, «Отбасы &ndash ошақ қасы» айдарын үзбей оқимын. Адамдардың басынан өткен қайғылы да, қуанышты әнгімелерін асыға күтемін. Оны оқып автормен бірге қайғырамын, олармен бірге қуанамын.

 

Жақында ғана Әлия деген замандасымның «Сіңілімнің жігітіне ғашықпын» деген әнгімесін оқыдым. Ол өзінің көкірегін кернеген мұңын айтып, оқырманмен сыр бөлісіпті. Оқырман өздерінің әртүрлі пікірімен де бөліскен екен. Оны да оқып шықтым. Кейбір оқырман мұндай жағдайдың өмірде орын алғанына сенбеген тәрізді. Мен өзім мұндай оқиғалардың барына шүбәсіз сенемін. Себебі, мен сіңілімді өз қолыммен күйімнің қойнына салып бердім.

 

Менің осы әңгімемнің басын оқып «мына әйелдің есі дұрыс емес екен» деп ойлар. Біреу маған кінә артса, енді екінші оқырман мені түсінер деген үміттемін.

 

Мен Оңтүстік Қазақстан облысының бір ауылында туып өстім. Үйде жеті ағайндымыз. Мен үйдің екіншісі боламын. Анамыз аурып дүниеден ерте кетті. Біздің тәрбиеміз әкеміздің содан кейін өгей шешеміздің қолына өтті. Екінші шешеміз әкемнің және де туыстардың алдында қамқор ана болып көрінді. Оңаша қалғанда ащы тілімен тіліп жібере жаздайтын. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде өзімнен 9 жас үлкен жігітпен жүрдім. Ол көрші ауылдың жігіті еді. Өгей шешем екеуміздің арамыздағы махаббатты біліп қойып, әкеме талай рет ұрғызғаны да бар еді. Сонымен не керек, ол жігіт екеуміз осылай бес жыл жүрдік.

 

Аяғым ауыр болғаннан кейін екеуміз үйлендік. Шынымды айтсам мен ол жігітті қатты сүйдім. Ол үшін бәріне де дайын болдым. Көп ұзамай шекесі торсықтай тұңғыш ұлымыз дүниеге келді. Ауылда жұмыс жоқ. Жолдасым да, мен де жұмыс жасамаймыз. Ол ауылдың асабасы. Кішігірім тойға барып азын-аулақ тиын-тебен тауып келеді. Оның тапқаны жұмыссыз жатқан бір қора отбасының тамағына да жетпей қалатын.

 

Күйеуім жолдастарымен сөйлесе келе, Алматыға кететін болып шешті. Мен оның соңынан қалмауға тырыстым. Бірақ, ол жұмысқа тұрып, пәтер жалдаған соң алып кететін айтты. Жолдасымның жолы болып үлкен шаһарда жұмысы жүріп кетті. Алматы &ndash өнер ордасы деп бекер айтпаған екен.

 

Бірақ, күйеуім бізді алып кетуге келетін түрі жоқ. Ай сайын азын-аулақ ақша салып жібереді. Үйдегілер соған мәз. Шыдамның да шегі бар демекші, бөтен үйде, жапан далада жалғыз қалғандай сезіндім. Бар ойым Алматыға кету болды. Сөйтіп жүргенде Алматыда тұратын жиен апкем тұрмысқа шығып той жасады. Соны сылтауратып киім-кешегімді жинап Алматы қайдасың деп, жол тарттым.

 

Мен барғанан кейін жолдасым достарынан бөлек пәтер жалдады. Сөйтіп біз отбасымызбен бірге бақытты өмір сүріп жаттық. Менен кейінгі сіңілім өгей шешенің ащы сөзінен, айқайынан мезі болып жүргенін айтып күнде жылайды. Оған жаным ашып, сіңілімді Алматыға алдырттым.. Сіңілімді үйге ертіп келдім. Бізбен бірге тұрды. Жолдасым бір кафеде музыкант болып істейтін. Күйеуім сөйлесіп жүріп сол жерге даяршы етіп жұмысқа тұрғызды.

 

Бар пәле осыдан кейін басталды. Жолдасым мен сіңілім екеуі жұмысқа бірге барады, бірге келеді. Менің ойымда ешқандай да арам ой болмады. Жолдасыма қатты сендім. Бір күні, кішкентай ұлым аурып ауруханаға жатып қалдым. Біз он күннен аса ауруханада жаттық. Күйеуім мен сіңілім үйде. Жұмысқа кетіп бара жатып керек жарағымды алып келеді. Ауруханадан шыққанан кейін балам беймаз болып кетті. Күнімен-түнімен жылап шығады. Жолдасым жұмыстан шаршап келдім деп сіңілім жатқан бөлмеге барып жататынды шығарды. Алғашында мен оған аса қатты мән бермедім. Шәй үстінде сіңілімді құшақтап, бетінен сүйсе де назар аудармадым. Осылай жүргенде мен екінші баламды көтердім. Сөйтіп, күндер сырғып жылжи берді.

 

Ауылдағы қайным үйленетін болып, тойдың қамын жасауға мені ауылға шақыртты. Мен баламды қолтықтап келіндік міндетімді атқаруға кеттім. Ал, үйде күйеуім мен сіңілім қалды. Ауылға кетердің алдында нағашы апкеме хабарласып, қыздарының бірін үйге жіберуін сұраған едім. Ол кісі «жарайды» деп қалды. Нағашы апкемнің қызы үйге келгенде жолдасым оны үйіне кері қайтарып жіберіпті. Мен оның бәрінен де бейхабар едім. Ауылға барған адам 1-2 айсыз келмейтіні белгілі. Сөйтіп келін түсіреміз деп шапқылап жүріп екі айдың қалай өткенін де білмей қалдым. Белгіленген той күні күйеуім мен сіңілім екеуі бірге келді. Жолдасым аз уақыттың ішінде қатты өзгерген. «Тойға дайындық, үйде адам көп» деген сылтаумен қасыма да жақындамады. Мені сағынғаны да байқалмады. Той біткенен кейін ертеңіне «сен ауылда бола бер, жақын күндері босанасың. Алматыда күн суық» деп сіңілім екеуі қол ұстасып кетіп қалды.

 

Мен жолдасымнан мұндай әрекетті күтпедім. Жылай-жылай екі көзім ісіп кетті. Бар тапқаным сіңіліме қоңырау шаламын. «Сен күнде жездеңнің қасындасын ғой, оның біреуі бар ма?» деп сұрап қоямын. Сіңілім жездесіне шық жуытпайды. Күйеуіме өзім хабарласпасам ол мүлдем звандауды да қойды. Ары ойланып, бері толғанып ауылда бұлай жата бергенім болмас деп Алматыға қарай жиналдым. Жолдасыма хабарлассам тұтқаны көтермеді. Алматыға айтпай бардым. Таң ата Шымкенттен келген автобустан түстім. Автобекеттен такси ұстадым да, алып-ұшып үйге бардым. Өзім күйеуіме келе жатқаныма қуанып, жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Күйеуміз екеуміз қыз бен жігіт болып қол ұстасып жүргенде бұлай толқымап едім.

 

Қалтамдағы кілітпен есікті ашып үйге кірдім. Сондағы ойым түнде жұмыстан келген жолдасым мен сіңілімді оятып жібермейін деп ақырын ғана кірдім. Біз жататын бөлменің есігін ашып, кірдім. Бөлменің іші ала көлеңке, анық ешнәрсе көрінбейді. Қолымда ұйықтап жатқан баламды күйеумнің қасына жатқызбақ болып диванға жақындадым. Төсекте бір емес екі адам жатыр. Өз көзіме өзім сенбедім. Баламды диванның шетіне жатқыза салдым да жалма-жан жарықты жақтым.

 

Диванда құшақтасып жатқан екі адам ұйқылы-ояу бастарын көтеріп маған жалт қарады. Мен олардың жамылған жамылғысын сыпырып тастадым. Сол кезде, өз көзіме өзім сенбей қалшиып тұрдым да қалдым. Күйеуім мен сіңілім екеуі анадан жаңа туған баладай жалаңаш жатыр. Екеуі де сасып қалды. Мен бақырып-шақырып жыладым. Екеуіне де аузыма келген сөзді айттым. Кетемін деп баламды қолтықтап үйден шығып кеттім. Далада біраз жүріп, барар жерім, басар тауым болмаған соң үйге қайтып кірдім. Ашуды ақылмен жеңбек болып, екеуін отырғызып мән-жәйды сұрадым. Сіңілім тілін жұтып қойғандай тіл қатпайды. Ал, Құдай қосқан күйеуімнің сонда айтқаны «мен сенің сіңіліңді жақсы көремін. Маған онымен бірге болған ұнайды. Менен ажырасқанда сен қайда барасың? Балаларымыз үшін ешкімге ешнәрсені білдірмей тұра берейік. Осыған көнсең осы үйде қаласың. Егер, қарсы болсаң онда өзің біл. Таңдау өзіңде. Сіңіліңе қолыңның ұшы да тимесін» деді да тұрып кетті.

 

Сіңілім менен қорқып киініп үйден шығып кетті. Не істерімді білмей дал болдым да қалдым. Бәрін тастап кетіп қалайын десем қолымда екі жасар балам бар. Онымен қоса ай-күнім жақындап отыр. Қарнымды шермитіп ешқандай жұмыс та алмайды. Үйге қайтып барып, әкемді жерге қаратқым келмеді. Өзіңнің туған шешең болса, отаныңа тығылсаң сияр едің. Өгей шеше қайтып барсам үйдің маңына жолатпасы анық.

 

Амалым құрып, дымым ішімде болды. Аман-есен қызымды босанып алдым. Үйге ағайын-туыс, дос-жарандар құтты болсын айтып келді. Үшеуміз бақытты отбасындай оларды күтіп алып, шығарып салдық. Сырт көзге біз ерлі-зайыпты болып көрінгенмен, түнде күйеуім сіңілімнің қасына барып жатады. Мына бөлмеде жатып жүрегім қан жылайды. Екі баламды құшақтап, солардың амандығын тілеп мен отыра беремін.

 

Бұл қорлыққа мен балаларым үшін шыдап келемін. Өзім жастайымнан жетімдіктің азабын көріп өстіп. Балаларым екінші рет тұрмысқа шықсам, өгей әке оларды өз баласындай әлпештемесі анық. Менің басымнан өткен қиыншылықты көргендерін қаламадым. Не көрсем де, бәріне төзуге тырыстым. Бірақ, күйеуім балалары десе ішкен асын жерге қоятын. Оларды еркелетіп, әлпештеп отырады.

 

Міне осылай өмір сүріп келе жатқаныма бес жыл болды. Ұлым мектепке, қызым балабақшаға барады. Өзім жұмысқа орналасудың қамына кірісіп жүрмін. Бірақ, күйеуіме деген ашу, көкірегімде кек болып сақталып қалғандай. Оны өмір бойы кешіре алмасым анық. Балаларым өсіп, естерін біліп қалды. Бір күні әкесінің менің сіңілімнің қасында жатқанын көріп қала ма деген қорқыныш бар. Жұмысқа орналасып, аяғымнан тік тұрғаннан кейін балаларымды алып бір жолата кетіп қалсам ба деп те ойлаймын.

 

Тағдырдың басыма салған сынағына шыдап келемін. Шарадай басым шақшадай болды. Сіңілім тұрмысқа шығып кетсе, күйеуім қайтып келеді деп өзімді алдаудан да шаршадым. «Алаш айнасының» тұрақты оқырмандары басы қатқан мендей бақытынан айрылған әйелге ақыл қосуларыңызды сұраймын...

 

 

 

Автор: Махаббат, Алматы

alashainasy.kz




Көрілген: 2348    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 01.02.2021, 20:50

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    8 Сәуір, 17:15
    Өгей ана
    29 Наурыз, 12:42
    Баламның әкесі басқа
    12 Наурыз, 16:40
    Қайынағам шаршатты
    11 Наурыз, 11:01
    Мен ұмытқан сөз…
    2 Наурыз, 18:34
    Өз әйелім соттатты

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30