Отбасы - ошақ қасы

Ұлым мен келінім өзге дінге кіріп кетті

  • Ұлым мен келінім өзге дінге кіріп кетті

    Ұлым мен келінім өзге дінге кіріп кетті

Бабаларымыздың «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген сөзінің жаны бар екен. Адам жас кезінде, жастығымен кез келген уайым қайғыны еңсеріп алғанымен, қартайғандағы уайым денсаулыққа да, жүрекке де салмақ түсіреді екен. Бәрін басынан бастап айтсам, мен еліміздегі шағын бір қалада дүниеге келгенмін. Отбасылы болсада әкем бір қызбен көңіл қосып, ол қыздан мен туылыпын. Туыла сала мені анам әкемнің әйеліне әкеліп беріпті. Ол кезде әкемнің менен басқа екі ұлы бар екен. Әйелі мені жатырқамай бауырына басыпты. Ал әкем болса сол қызға кетіп тыныпты.
Мен асырап алған шешемді «апа» деп, көрші тұратын әкемнің туған ағасын «папа» деп өстім. Төл құжатымда әкемнің аты жазылмағандықтан, әкем мен анам туралы шындықты тек мектеп бітірерде ғана білдім. Мектеп бітіріп, Алматы қаласына қыздар педагогикалық иститутына кітапханашы мамандығына оқуға түстім. Ойдағыдай бітіріп туған қалама қайтып келіп жұмысқа орналастым. Алдымдағы екі ағам қызметте болып өз отбасыларымен бөлек тұрды. Біз апам екеуміз жеке тұрдық. Әкем арасында келіп тұрады. Туған анам туралы кеш білгеннен кейін оны кейде кездестіріп қалғанның өзінде танымайтын жан секілді өте шығатын едім. Осылай уақыт өте берді. Мен қалада кітапханашы едім. Бір жылы күзде мақта теріміне көмекке қалаға жақын совхозға бардық. Бізден басқа облыстық мәдениет басқармасынан да қызметкерлер келіпті. Танысу, білісу. Араларында енді таныла бастаған ақын, жазушылар да бар болды. Кешке би кешінен мені шығарып салуға екі жігіт өтініш жасады. Бірге қайтып, жақын таныстық.
Осылай біздің таныстығымыз басталды. Мақта терімінен қайттық. Жігіттер ара-тұра кітапханаға келіп тұратын болды. Олардың бірі ақын, екіншісі сазгер еді. Жақын достар. Маған сазгер жігіт жалғыз келетін болды. Осылайша бір жыл өтті. Біз тек достармыз. Бір күні екеуі келіп тұр. «Саған арнап ән туды» деп. Мен әрине сенбеймін. Ертесіне олар баян аспабын алып қайта келді. Әнді қосылып айтып берді. Осылайша маған арналған, мен прототип болған ән дүниеге келіпті. Қазір бұл әнді әу деген бар қазақ біледі. Бірақ менің айтпағым бұл емес. Сазгер жігіттің отбасы, балалары болды. Бірақ біз бір-бірімізді ұнаттық. Оның соңы менің аяғым ауырлауымен бітті. Жасым болса 27 де. Ол кезде бұл жас қазақтың қыздары үшін «отырып қалған қыз» деген сөз еді. Апама келіп айттым, «осылай жағдай. Бірақ мен баланы қалайда өмірге әкелемін» деп шештім. Апам біраз үндемей отырып, «балам өзің шеш, елдің сөзін көтеріп, баланы жалғыз асырай алам десең мен қарсы емеспін. Баланың еш кінәсі жоқ» деді.
Осылайша біз үйімізді сатып Алматы қаласына көштік. Әрине мұның бәрі айтуға оңай. Алматыда бірнеше жыл пәтерден пәтерге көштік. Бала туыла сала мен жұмысқа шықтым. Апам балаға қарайды. Осылайша жүріп бірнеше жылдан соң үкімет маған жалғыз басты ана ретінде пәтер бөлді. Баламның әкесі арасында бірнеше рет келіп кетті. Белгілі сазгер бұл күнде. Ал ақын досымыз ол да республикаға танымал болды. Балам мектепке барды. Апам бір күні, «қызым сенің тұрмыс құрмайтыныңа көзім жетті. Мен аман кезімде ұлыңа серік туып алсаң етті» деді.

Сол әңгімеден кейін екінші балама әке болатын азамат іздей бастадым. Ол да табылды. Белді бір оқу орнының оқытушысы, өнерлі, сымбатты. Араға он жыл салып қызым туылды. Жылдар өтті, балалар өскен кезде туған анамдай болған апам жаман аурудан өмірден өтті. Апамның арқасында балаларым да өсіпті, жұмысымды да жасадым, достарыммен де араластым. Ұлым мектеп бітіріп сол кездегі КазГУ-ға география мамандығына оқуға түсті. 2 курста жүргенде өзінен 4 жас үлкен қызбен танысып үйге ертіп келіп жүрді. Ол қыз ол кезде жоғарғы оқу орнын бітірген маман еді. Бір күні келіп тұр, «мама біз үйленетін болдық» деп. Ұлыма тым болмаса оқуыңды бітір дегеніммен тыңдамады. 2 курстың соңында үйленіп, шағын той жасадық. Келін жұмыссыз үйде. Біраз уақыт өткен соң екеуі бірге жиі кетіп қалатын болды. Үйге түнде оралады. Ашылып ештеңе айтпайды. Арада біршама уақыт өткенде ұлымның кураторы сабақта бірнеше күн қатарынан жоқ екенін айтып телефон соқты. Олар келін екеуі сол күні тағы кеш келді. Келгендерін тосып отырып жөн сұрасам, «мама біз жаңа бір ұйымға мүше болдық. Виссарион дегеннің ұйымы, енді біз солармен бірге боламыз, бұрын өмірді дұрыс түсінбеген екенбіз» деееп отыр. Жыладым, сықтадым. Келін сөмкесінен крест алып шығып, «уайымдамаңыз бәрі жақсы болады» деп, өзінше ол отыр. Содан бастап үйден береке кетті, олар Виссарионды мақтап, мен жайына қалған оқуды айтып жиі сөзге келетін болдық. Шынымды айтсам, балам емес, келінім бастап сол өзге діннің жетегіне ерген секілді, кейін баламды да сол жаққа тартқан ау деп ойлаймын. Өйткені сөздерінің ыңғайы солай. Сол үшін келініме деген жек көрушілік сезім басым. О баста жасы үлкен болғанын пайдаланып, баламды құрығына түсірсе, енді өзге дінге алып кеткенін кешіре алмаймын. Бәрі болып, бояуы сіңіп болған соң бармағымды шайнағаннан басқа амалым жоқ. Жалғыз ұлыма келінді өзім неге таңдап, бағыт бағдар сілтемедім деп те өкінемін.
Шынымды айтсам апамның арқасында сол кезге дейін уайымның не екенін білмеген екенмін. Содан бастап бар уайымым ұлым болды. Ақырында олар бөлек шығып тынды. Артынан естідім, балам мен келінім бірнеше таныстарымыздың да балаларын өздерінң қатарына қосқан. Солай жүріп қызды болды, келіннің ата-анасын шақырып тағы сөйлестік, алған беттерінен қайтпады. Қызының күйігінен мектеп директоры - құдам қайтыс болды. Келінім екінші баланы босанып Виссариондықтармен Ресейге көшіп кетті. Ол жақта үшінші баласын босаныпты. Ұлым солардың жылқыларына қарайды екен, келін де солардың қызметшісі. Менің ойым оларды қайткенде елге қайтару. Қанша таныс, қанша қаржымен олардың құжаттарын қайта жасатып Ресейге іздеп бардым. Танымайтын ел, көрмеген жер, іздей-іздей олар тұратын деревняны да таптым. Орманның ішінде ағаш үйде тұрып жатыр. Олардан басқа 2-3 қазақ жастары да бар, дені орыстар. Балаларыма құжаттарын беріп, жылап-еңіреп елге қайттым. Елге келсем бір молда айтты, ол бала некесіз туылған әке-шешесінің некесі қиылмаған, оның өміріндегі сәтсіздіктер де содан болып жатыр деп. Жаның қысылғанда бәрін де жасайды екенсің, баламның әкесін тауып мешітке барып некемізді де қидық. Балам бірнеше айдан кейін елге оралды. Бірақ виссарионын тастамады. Мен бес уақыт намазға жығылдым, күні-түні сол баланың ислам дінін қабылдағанын Алладан тіледім. Тым әбіржіп, жүнжіп те кеттім.
Осы аралықта қызым да бойжетті. Мектеп бітірді, оқуын тәмамдап тұрмысқа шықты. Күйеу бала екеуі Болашақ бағдарламасымен Лондонда оқып келді. Бір қызығы екеуі Лондон қаласында жүріп намазға жығылып келді. Оларға шүкір десем де, ойымнан балам мен келінім, виссариондықтардың арасында жүрген немерелерім кетпейді. Қызым мен күйеу балам қазір Астана қаласында, екеуі де қызметте. Ұлым бірнеше жыл Алматыда тұрып, аяқ асты қайта Ресейге көшіп кетті. Жақында естідік үлкен немерем, ұлымның қызы сол жақта орыс жігітіне күйеуге шығыпты. Мұны естігенде жүрегім қан жылады. Енді қалған немерелерімнің ертеңі уайым болып жүр. Қанша жерден балаларымды текті жерден таптым десем де, олардың әкесіз өскені өмірлерінде өз зардабын тигізген секілді. Не істерімді білмеймін. Психологқа да бардым, дос жаран, туған туыстың бетіне қарай алмайтын болдым. Дін мамандарын да жағалап кеңесіп көрдім. Енді олардың елге оралатынына сенімімде қалмады. Қазір қызымның қолындамын, жиен немерем бар, ол тек қазақша сөйлейді. Күйеу балам да, қызым да қызметте, әрі бес уақыт намаздарын қаза қылмайды. Бақытты отбасы. Ал ұлым мен оның отбасын ойласам күйзелгеннен жанымды қоярға жер таппаймын. Маған келмесе де, елге оралса екен деп ойлаймын. Сіздерге айтарым оқырман, киноның бәрі ойдан шығарылмайды екен. Мен бірнеше әннің прототипі болам деп, солай бола жүре баламнан айрылам деп ойламап едім. Негізі балаңнан тірідей емес өлідей айрылғанның қайғысы жеңіл бола ма деп ойлаймын. Ең болмаса өлі екенін білсем, уайымсыз «Алланың жазғаны» деп қоя салар едім. Тірі екенін біліп, оның қалай жүріп тұрғанын уайымдап отырудан асқан қайғы жоқ екен. Шынымды айтсам туған анамның күйігінен гөрі мына баланың күйігі жанымды жеп барады. Түбіме де осы уайым жететін болды. Жұрттың балдарының өмірге немере әкеліп, оны шешелеріне бақтырып, келіндері енелерінің қас қабағын бағып отырғанын көріп қызығамын. Маған сондай аналық, енелік бақыттың бұйырмағанына налимын. Ендігі арманым тым болмаса балам елге оралады екен деген сөзді естіп өлу...


Айсұлу Бекболатқызы




Көрілген: 3965    Пікірлер: 0

сейсенбі, 07.01.2020, 16:26

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31