Кеше Бүгін

29 шілде 2011, 08:04

Мұқағали мұражайы
Бүгін Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында Мұқағали Мақатаев­тың 80 жылдық мерейтойы республикалық деңгей­де тойланбақ. Ақын тойы туған ауылы Қара­­­саздан бастау алып, Алматы, Астана қалала­рын­­­дағы үлкен мәдени іс-шаралармен жалғаспақ. Той қарсаңында ақын туған аспантаулар өлкесінде бір­­шама игі шаруалар атқарылды. Ауыл көркейіп, ескі жолдар жөн­деліп, мұражай алдындағы ақын ескерт­кіші де жаңарды.
Жуырда ғана Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев мұра­­жайы күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша түр-сипат­қа ие болды. Бұл әдеби-мемориалды мұражай ақын­ның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында 1991 жылы 4 шіл­деде ашылған. Қазіргі уақытта мұражайда 800-ге жуық экспонат бар. Ол әр кезеңдерде толықтырылып оты­ры­л­ады. Негізгі қорда М.Мақатаевтың өзі пайда­ланған кітаптар, өлеңдерінің қолжазбалары мен көзі тірісінде тұтынған заттары бар.

Жаңарған мұражай

Жазылар естеліктер мен туралы

Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін
                                            «жылынуды»,
Әйтеуір, қазбас былық-шылығымды.

Жоқ жанды қиған емес жамандауға,
(Сол үшін рақмет адамдарға!!!)
Білемін, әйтеуір, бір замандарда 
Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға...

Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе –
Көшеді өлең немесе өшеді өлең!

Қулары таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен 
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?

М. Мақатаев