Республикалық велотрек

23 маусым 2011, 11:34

Республикалық велотрек — еліміздің бас қаласындағы еңселі спорт кешендерінің бірегейі. Ғимараттың пішіні велошабандоз­дың бас киімін еске салады. 2009 жылы велотрекке мұзайдын қосылды. Астана мен Алматыда өткен VII қысқы Азия ойындары кезінде бұл мұз алаңында шорт-трек пен мәнерлеп сырғанаудан сайыстар ұйымдастырылды. Теңдесі жоқ спорт нысанының құрылысы 20 млрд теңгеге бағаланды. Мұнда конькимен сырғанау ойындарының басқа да түрлері, веложарыстар және керлинг бәсекелері өткізіледі. Ғимараттың конус тәрізді бөлігінде қонақүй орналасқан. Бұдан бөлек, фитнес орталығы мен әкімшілік кеңсе де бар. 8000 адам сыятын спорт кешенінің жалпы аумағы – 20 мың шаршы метр.