Әлемде тура біздің «Астана» кәсіби президенттік спорт клубы сияқты мультижоба жоқ
Дархан Қалетаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы директоры:
– Дархан Аманұлы, жақында «Астана» президенттік спорт клубының тұсаукесер рәсімін дүркіретіп өткіздіңіздер. Осы клубтың құрамына кіретін командаларға немесе спорт түрлеріне атүсті болсын тоқталып өтсеңіз.
– «Астана» кәсіби президенттік спорт клубы – жаңа мультиспорттық жоба, жаңа бренд. Оның құрамына еліміздің спорттық менеджменті мен маркетингіндегі, кәсіби деңгейде дамып келе жатқан негізгі, жетекші және инновациялық спорттық жобалардың барлығы кіреді. Бұл – бірінші кезекте «Астана» велоклубы. Мен бұл клубты осы мультижобаның інжу-маржаны дер едім. Содан соң – «Астана арландары» боксшылар клубы және «Астана-Дакар». Бұл үш клуб – халықаралық аренада мейлінше танылған, әлеуеттерін паш ете білген, әлемге мәшһүр болған мақтаныштарымыз һәм маңызды жобаларымыз.
Енді үш клубымыз да посткеңестік кеңістікте атой салып, еліміздің атын шығарып жүр. Олар – Құрлықтық хоккей лигасындағы «Барыс», ВТБ лигасындағы «Астана» баскетбол клубы және Ресейдің ашық чемпионатында өнер көрсетіп жүрген «Астана» су добы клубы. Бұл үшеуінің де әлеуеттері зор, жетер биіктері әлі алда деп ойлаймын. Ең бастысы, бұл үш клуб – ұлттық құрамаларымыздың негізін қалайтын командалар. Ел намысын қорғайтын спортшыларымызды деңгейі жоғары додада шыңдап, шеберліктерін ұштап жүр.
Содан соң «Астана» кәсіби президенттік спорт клубының құрамына жекелей жобалар де кіреді. Дәлірек айтқанда, ел спортының жарық жұлдыздарына бөле-жара қолдау көрсету мақсатында Илья Ильин мен Денис Тен де аталмыш мультижобаның құрамына енгізілген. Болашақта тағы да басқа үздік спортшыларымыздың осындай жеке жоба негізінде президенттік клубтың сапына енгізілетін де шығар. Ол да мүмкін.
Ең бастысы, бұл жобаның ерекшелігі мен артықшылығы – ұлттық спортымызға қолдау көрсетілуінде. Атап айтқанда, екі жыл болды, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» жобасына қолдау көрсетіп, бас демеуші ретінде қаржыландырып келеміз. Тынысын ашып, қанатын кең жаюына жағдай жасап жүрміз.
– Әлемде және бұрынғы КСРО елдерінде осындай мультиклубтар бар ма? Болса қандай ұқсастық-айырмашылықтары бар?
– Әлемде біздің ауқымды жобамызға ұқсас клубтардың бірнеше үлгісі бар. Оларды монобрендтік және мультибрендтік жобалар деп бөлуге болады. Мультибрендтік жобаға тоқталар болсақ, бірінші кезекте немістің «Бавария» клубын айтуға болады. «Бавария» – өте беделді, менеджменті жақсы дамыған, құрылымдық жүйесі мейлінше қалыптасқан айбынды клуб. Бүгінгі таңда, меніңше, құрамына 12-ден астам спорт түрі енеді-ау деймін. Олардың кейбіреулерін көпшілік біледі де.
Содан соң Испанияның, оның ішінде Каталонияның «Барселонасын» айтар едім. «Барселона» дәл қазір екі жобаға айрықша көңіл аударады. Олар – футбол және баскетбол клубтары. Қалғандары әуесқой спорт деңгейінде ғана дамытылған.
Содан соң – Испаниядағы «Реал» (Мадрид) клубы. «Реалдың» корольдік клуб деген мәртебесі бар. Біз осы тұрғыда «Реал» (Мадрид) клубына ұқсаспыз. Себебі біздің президенттік клуб деген мәртебеміз бар. «Реал» да негізінен үш жобаға иек артады. Олар – футбол, баскетбол және ватерпол клубтары. Қалғандары әуесқой спорт негізінде дамытылуда.
Грекияда «Панатинаикос» деген клуб бар екенін білесіздер. Бірақ экономикалық дағдарысқа байланысты қазір бұл жоба аясында тек баскетбол клубы ғана толық қаржыландырылады. «Панатинаикос» футбол клубының 50 пайызға қаржыландырылатындығынан хабардармыз. Спортты қаржыландыруы осылай сәл қысқарған, бірақ әрі қарай даму үстінде.
Жалпы, әлемде тура біздің «Астана» кәсіби президенттік спорт клубы сияқты мультижоба бар деп айту мүмкін емес. Дәлме-дәл ұқсайтын мегаклуб жоқ. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, біз ұлттық спортқа да қолдау көрсетіп отырмыз.
Әйтсе де біз олардың әрқайсысының артықшылығына көңіл бөліп, өзімізге керектісін алуымыз керек деп ойлаймын. Мысалы, менің ойымша, «Баварияның» менеджментін өзімізге үлгі тұтуымыз керек. Олардың менеджменті өте жақсы дамыған, рет-ретімен қалыптастырылған. «Барселона» мен «Реалда» пиар, алға жылжу, демеушілермен жұмыс істеу дұрыс жолға қойылған. Олардан осы жағын үйренуіміз керек.
– Дархан Аманұлы, осы спорттық мультижобаның көзге көрінбес, әйтсе де өте маңызды тетігіне көңіл аударсақ қайтеді? Бұл бастамаларыңыз қаржыны көп қажет ете ме? Шамамен қанша қажет болады?
– Жалпы, үлкен спорттың қаражатты көп қажет ететіндігін білесіздер. Судай сапырылған ақша, сомасы миллиондаған доллар көлеміндегі келісімшарттар... Ал біздің жаңа мультижобамызға бөлінетін қаржының көлемі әзірше өспейді. Бірақ біз қаржы көздерін біріктіру арқылы, бүгінге дейін бас демеуші ретінде әр жобаға бөліп отырған қаражаттың басын қосу арқылы әрекет етпекпіз. Бұл тұрғыда әкімшіліктік салаға, менеджментке бөлінетін қаржының қысқартылатындығын айта кеткім келеді. Қаржыны орынды жұмсаудың басқа да жолдары қарастырылады. Алайда спорттық жобаларға, әр спорт түріндегі командаларға бөлінетін қаржы оқыс қысқартылмайды әрі тоқтатылмайды.
– Тұсауы жуырда кесілген бұл жоба балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға қалай ықпал ететін болады?
– Өте жақсы сұрақ. Жалпы, сіздер клуб пен команданы ажырата аласыздар ма? Бұл екеуінің айырмашылығы неде? Ашығын айтқанда, дәл қазір осы мәселе төңірегінде көп сөз қозғалуда. Мысалы, біздің мультижобамызда «Астана» велоклубы мен «Барыс» хоккей клубы бар. Бұл екеуі ендігі клуб болып қалыптасқан, жетіліп келе жатқан ұжымдар. Себебі екеуінің қосалқы құрамы, балалар мен жасөспірімдер мектебі, яғни жас жеткіншектерді баулитын құрылымдары бар. Яғни бұл екеуі – клуб та, ал қалғандары – әлі командалар. Ал біздің мақсатымыз – осылардың бәрін клубқа айналдыру. Яғни бәрінің де қосалқы құрамы, фармклубы, балалар мен жасөспірімдер мектебі болуы керек. Қысқаша айтқанда, жетілу және өсіп-өну жүйесін қалыптастыру қажет. Сонда ғана «Астана» кәсіби президенттік спорт клубы толыққанды клуб болып шығады. Ал бүгінде, бүкпесіз ашығын айтуымыз керек, біз әлі команда ғанамыз. Өйткені біздің мультижобаның құрамындағы ұжымдардың басым көпшілігі – әзірше командалар. Мұны жасырмауымыз керек. Біздің менеджментіміздің басты мақсаты да осы – нақты клуб болып қалыптасу. Сонда ғана балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуды жүйелі түрде жүргізе аламыз. Әуелі сол жүйеге көшіп алғанымыз жөн.
– Дархан Аманұлы, сіз жоғарыда президенттік клубтың құрамына басқа саңлақтарымыздың алынуы мүмкін деп қалдыңыз. Дәл қазір команда сапына алғыларыңыз келетін, көздеген спортшыларымыз бар ма? Олармен келіссөздер жүргізілуде ме?
– Жасырмаймын, бүгінде Геннадий Головкинмен келіссөздер жүргізілуде. Бірақ Геннадий Головкин кәсіпқой бокста. Ал бұл дегеніңіз – басқа деңгей, мүлде басқа әлем. Бұл – спорттан гөрі бизнеске жақын дүние. Осыны дұрыс түсініңіздер. Жай ғана бизнес емес, үлкен бизнес, қомақты ақша. Гена да ұтылмауы керек. Біз де шектен тыс қомақты қаржы бөлуді өзімізге жүктеме ретінде қабылдағымыз келмейді. Сондықтан осының бәрі ескеріліп, келіссөздер жүргізілуде. Генаның тамаша, кәсіби мамандардан құралған, сауатты командасы бар. Біз солармен ортақ тіл тауып, мәмілеге келе аламыз деп ойлаймын.
– Мультижобаларыңыздың сапындағы командалардың барлығы дерлік «Астана» деп аталады. «Арпа ішінде бір бидайдың» керін киіп отырған – «Барыс» хоккей клубы ғана. Осыған орай, «Барыстың» атауын «Астана» деп өзгертуі мүмкін бе?
– Жоқ. Мүлде. «Барыс» – өз атауымен әлемге танылған, абырой-бедел жинап үлгерген азулы клуб. Сондықтан оның атауын өзгертудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бәлкім, брендтеу жағынан қандай да бір өзгерістер жүзеге асырылар. Барлық командаларда ортақ бренд болу үшін мұндай қадамдарға баратын да болармыз. Бірақ мұнымен арнайы мамандар айналысатын болады. Шетелден спорт, маркетинг, пиар саласы бойынша білікті мамандар шақыртылып, олардың ұсыныстарын тыңдайтын боламыз. Сонда көреміз, талқылаймыз, саралаймыз. Әзірше басқадай ештеңе өзгертілмейді.
– «Астана» президенттік клубының бүкіл республикаға тамырын жайып, басқа қалаларымызда да бөлімшелері немесе командалары болуы мүмкін бе?
– Жоқ. Елордада заманауи спорттық базаларымыз бар. Сәулетті стадиондарымыз бен спорттық кешендеріміз бар. Сондықтан әзірше тек Астанада ғана болады.
– Жалпы, осындай мультижоба құрудағы, бәрін бір шаңыраққа шоғырландырудағы мақсаттарыңыз не?
– Бірінші кезектегі мақсат – Қазақстанның, елордамыз Астананың атын шығару, халықаралық аренаға таныту. Елбасының саясатына сәйкес, дүниежүзіне танымал, іргелі брендке айналдыру. Екіншіден, біздің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына кіретін компаниялардың спортқа, әрбір жобаға бас демеуші ретінде бөліп отырған қаржыларының басын қосып, оны үнемдеп жұмсау. Үшіншіден, барлық жобаны бір орталықта басқару. Әрқайсысы әркімнің қолында кетпесін деген саясат. Өйткені соңғы кездері «ана спортты пәленше басқарады, мына клубтың тізгіні түгеншенің қолында» деген сөздер көбейіп барады. Жалпы, барлық жобаға мемлекеттің ақшасы бөлініп отырғандықтан, олардың бастарын біріктіріп, мемлекеттің құзырына енгізу.
– Жалпы, маркетингтік қадамдар мен жұмыстарыңыз туралы не айтар едіңіз? Бұл тұрғыда қандай жоспарлар құрып отырсыздар?
– Бірінші кезекте шетелдік білікті, тәжірибелі мамандарды тарту дер едім. Спорттық пиарды күшейтіп, «Астана» кәсіби президенттік спорт клубын төрткіл дүниеге паш ету керек. Сондай-ақ демеушілермен жұмыс жасауды күшейту. Мұны мен тіпті ең басты мақсаттарымыздың бірі болуы керек дер едім. Өйткені бюджетке иек артуды қою керек. Бюджетке ауыртпалық түсіруді жою керек. Мемлекеттен бөлінетін қаражаттың көлемін азайту керек. Ол үшін демеушілермен жұмыс жасағанымыз жөн. Демеуші болатын компаниялар іздестіру қажет. Жай ғана компания емес, мойны жуан мультикомпаниялармен, трансұлттық компаниялармен жұмыс істеу керек.
– Қазақ «судың да сұрауы бар» дейді. Ендеше, қомақты қаржы құйып отырып, клуб сапындағы командалардан қандай да бір нәтиже талап етесіздер ме? Олардың алдына үлкен мақсаттар қойыла ма?
– Әрине. Әлбетте. Бұл – біздің маңызды шарттарымыздың бірі. Мысалы, «Астана» велоклубын алайық. Біз оларға биыл үш мәртебелі көпкүндіктің бірінде жеңіске жетулеріңіз керек дедік. Олар соның ең алғашқысында, яғни «Джиро д'Италия» көпкүндігінде топ жарды. Енді «тәбет ас үстінде шабады» дегендей, «Вуэльта» көпкүндігінде бас бәйгені жеңіп алыңдар деп отырмыз. Ал келесі жылғы мақсаттары «Тур де Франс» көпкүндігінде жеңіске жету болады.
Бокстан «Астана арландары» өткен маусымда жеңімпаз атанды. Биыл жеребелері ауыр түсіп, өңшең ығай мен сығайлар жиналған топқа түсті. Әйтсе де чемпиондық атақтарын қорғап қалу мақсаты өзгертілген жоқ.
«Астана» баскетбол клубы өткен маусымда плей-оффқа ілікті. Биыл Еуропадағы кубоктық додалардың біріне қатысу мақсатында келіссөздер жүргізіліп, жұмыс жасалып жатыр. Яғни алға жылжи беру керек. Бір орында тұра бермеу керек.
«Барыс» хоккей клубына келсек, жылда плей-оффтың алғашқы сатысына шығып, одан өте алмай жүрген хоккейшілерімізге биыл осы белесті бағындырып, екіншісіне шығу жүктеліп отыр.
– Ал «Астана» футбол клубының алдына қандай мақсат қойылып отыр?
– Ештеңе де болжағым келмейді. Бірақ ел чемпионы болып, бірінші орынға ие болса дейміз. Әрине, дәл қазір бұл клуб басынан біраз қиындықты кешіруде. Еурододаның алғашқы сатысынан өте алмай, оңбай сүрінді. Қазір бас бапкері ауысты. Десек те, команда құрамы едәуір күшейтілген. Қаржы жағынан қиындық көріп отырған жоқ. Ұйымдастыру жұмыстары да тәп-тәуір. Енді тек бәрі де жаңадан келген бас бапкердің біліктілігіне байланысты болады.
– «Астана» футбол клубының сапына әлемдік аяқдоп саңлақтары алына ма? Мүмкін, Франция құрамасының ойыншысын шақырту керек шығар?
– Футбол – қаражатты өте көп қажет ететін спорт түрі. Мен мұны қазіргі әр командаға бөлініп отырған қаржыға қарап та байқап жүрмін. Біз қалған спорт түрлері мен командаларымызды ысырып қойып, бар күш-жігерімізді тек футболға аудара алмаймыз. Футболмен атымызды шығарып, өз мақсатымызға жету үшін шектен тыс көп қаржы керек. Әрі бұл – басқа жоба, басқа ақша. Маркетингі де бөлек.
– Алдағы уақытта «Астана» президенттік клубының құрамы кеңейтіліп, оның құрамына басқа да спорт түрлеріндегі командаларымыз қосыла ма?
– Меніңше, енді оның құрамын кеңейте берудің қажеті жоқ. Бұл онсыз да үлкен шаруашылық болып отыр. Сондықтан оның құрамын соза беруді емес, оның тыныс-тіршілігін ретімен жүргізіп, аяғына нық қойып алуды ойластырғанымыз жөн.
– Сонда әзірше ұлттық спорт түрлеріне де көңіл бөлінбей ме? Мәселен, тоғызқұмалаққа?
– Біз қазір «Қазақстан Барысы» жобасын қолдап, бүкілреспубликалық аталмыш турнирді қаржыландырып отырмыз. Ұлттық спорт түрлерінің басқасын қаржыландыру әзірше қарастырылмаған.
– Қазақтың президенттік клубын Испанияның корольдік клубындай дәрежеге көтеріп, халықаралық аренада даңқты, айбынды ұжымға айналдыруларыңызға тілектеспіз.
– Айтқаныңыз келсін. Соған жеткізсін.
Сара сөз
Жалпы, әлемде тура біздің «Астана» кәсіби президенттік спорт клубы сияқты мультижоба бар деп айту мүмкін емес. Дәлме-дәл ұқсайтын мегаклуб жоқ. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, біз ұлттық спортқа да қолдау көрсетіп отырмыз.
Әйтсе де біз олардың әрқайсысының артықшылығына көңіл бөліп, өзімізге керектісін алуымыз керек деп ойлаймын. Мысалы, менің ойымша, «Баварияның» менеджментін өзімізге үлгі тұтуымыз керек. Олардың менеджменті өте жақсы дамыған, рет-ретімен қалыптастырылған. «Барселона» мен «Реалда» пиар, алға жылжу, демеушілермен жұмыс жасау дұрыс жолға қойылған. Олардан осы жағын үйренуіміз керек.
Тосын ой
Бірінші кезектегі мақсат – Қазақстанның, елордамыз Астананың атын шығару, халықаралық аренаға таныту. Елбасының саясатына сәйкес, дүниежүзіне танымал, іргелі брендке айналдыру. Екіншіден, біздің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына кіретін компаниялардың спортқа, әрбір жобаға бас демеуші ретінде бөліп отырған қаржыларының басын қосып, оны үнемдеп жұмсау. Үшіншіден, барлық жобаны бір орталықта басқару. Әрқайсысы әркімнің қолында кетпесін деген саясат. Өйткені соңғы кездері «ана спортты пәленше басқарады, мына клубтың тізгіні түгеншенің қолында» деген сөздер көбейіп барады. Жалпы, барлық жобаға мемлекеттің ақшасы бөлініп отырғандықтан, олардың бастарын біріктіріп, мемлекеттің құзырына енгізу.