Дат!

Ауылдың ажарын кіргізу, еңсесін тіктеу – біздің азаматтық, перзенттік парызымыз

  • Ауылдың ажарын кіргізу, еңсесін тіктеу – біздің азаматтық, перзенттік парызымыз

    Ауылдың ажарын кіргізу, еңсесін тіктеу – біздің азаматтық, перзенттік парызымыз

Аңсар МҰСАХАНОВ, Алматы облысының әкімі:


– Құрметті Аңсар Тұрсын­ханұлы! Облыс халқының 70 пайыздан астамы ауылда тұрады. Сондықтан ауылдың ахуалын жақсарту, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету аса маңызды...

– Иә, ауыл – қазақтың алтын бесігі деп бекер айтылмаған. Қазақтың түп-тамыры ауылда. Сондықтан ауылдың ажарын кіргізу, еңсесін тіктеу – біздің азаматтық та, перзенттік те парызымыз.

Ауыл шаруашылығының облыстағы дамуы тұрақты. Ағымдағы жылдың жеті айында 121,6 млрд теңгенің ауыл шаруа­шы­лығы өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда – 101,6 пайыз.

«АгроБизнес-2020» бағдарламасы шең­берінде облыстың осы саласын қол­дауға 2013 жылға республикалық және жергілікті бюджеттен 16 млрд теңге бөлін­ді. Оның сыртында, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жыл басынан бері «ҚазАгро» АҚ-ы арқылы 4,9 млрд теңге несиемен қамтылды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегия­сында аграрлық сала қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойды. Соның бірі – егіс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияны енгізу арқылы өнімділікті арттыру болып отыр. Осыған орай, үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы айналымына 21 мың гектар жер енгізіліп, дақылдардың жалпы егіс алқабы 910,9 мың гектарға жеткізілді. Сөй­­тіп, егіс алқаптары өткен жылмен са­лыс­тырғанда бірнеше мың гектарға көбей­ді.

Озық технологиясыз ойдағыдай көрсет­кіш­ке қол жеткізу қиын. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында оны қолдану көлемін кеңейтіп келеміз. Өткен жылға қарағанда, ылғал сақтау технологиясын қол­дану 16 мың гектарға артып, 128 мың гектарға жет­ті, тамшылатып суару 3700 га жеткізіліп, бұ­рын­ғы жылдармен салыстыр­ған­да, көлемі бірнеше есеге артты. 

Жаңадан 805 гектарға жеміс және 82 гектарға жүзімдіктер отырғызылды, оның ішінде Елбасының алманың апорт сортын дамытуға қатысты тапсырмасына орай, 230 гектарға осы сұрып көшеті салынды. Ал өңір­дегі жылыжайлардан бірінші дақыл айналымында 7 мың тоннадан астам көкө­ніс жиналып, оның игілігін көпшілік көріп отыр. 

Жалпы, шағын шаруашылықтардың аяғынан нық тұрып кетуі оңай емес. Техника мен несие қаржысына ие болу мүмкінді­гінде, кәсібін кеңейтуде,  меншік жерлерінің құнарлылығын арттыруда, қай жағынан алып қарасақ та, оларды ірілендірудің тиім­ділігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сон­дықтан ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту және ұсақ шаруашылық­тарды ірілендіру мақсатында соңғы екі жыл­дан бері «Дәнді дақыл», «Қант қызыл­шасы», «Көкөніс», «Жүгері» бағыттары бо­йынша облыста бірнеше сервистік-дайын­дау орталықтары құрылды. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс бойынша 1,4 млрд теңгеге 351 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынды.

«АгроБизнес – 2020» салалық бағдар­ла­масының ауыл шаруашылығы техника­сы­ның кредиті, яғни лизингі бойынша 36 шаруашылық өтінімін тапсырды.

Мал шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін өндіру көлемі 2,8%-ға дейін артты.

«Мал баққанға бітеді» деп бабалары­мыз тегін айтпаса керек. Бүгінгі даму үрдісі  төрт түліктің санына ғана емес, ең алдымен, сапасына мән беруді талап етіп отыр. Сондықтан мал тұқымын асылдандыруға ерекше ден қойылады. Бүгінде облыстағы, жалпы алғанда, барлық мал басының 11%-дан 46 пайызға дейінгісі асылтұқым­ды, соның нәтижесінде республика өңір­лерімен салыстырғанда, Алматы облысы бір аналық бастан алынған орташа жүн және жұмыртқа бойынша – бірінші орын­да, сүттен үшінші орында тұр.    

Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасына сәйкес, өңірімізде соңғы екі жылда репродуктор шаруашылық құруға шетелден 1227 бас асылтұқымды етті бағыттағы ірі қара малы жеткізілсе, биылғы жылы 2200 бас мал жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Жаңа­дан 10,6 мың басқа арналған ірі қара ма­лын бордақылау алаңдары іске қосылды, қосымша 1430 басқа арналған нысанның құрылысы жүргізілуде. «Сыбаға» бағдарла­масы шеңберінде фермерлік шаруашылық құру мақсатында шаруашылықтарға қаржы институттарынан алған 3,5 млрд теңгеге 17 мыңнан астам ірі қара малын сатып алды.

Қайта өңдеу саласында жыл басынан бері тоғыз кәсіпорын іске қосылып, 3-еуі өндірісін кеңейтті. Барлығы 877 қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс жасап, бүгінге дейін173,7 млрд теңгенің дайын өнімін шығарды, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12%-ға артық.

Біздің облыс ірі мегаполис – Алматы қала­сымен көршілес отыр. Сондықтан  қала маңынан азық-түлік белдеуін дамыту бағытында жалпы құны 54,2 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба әзір­ле­ніп, оның 2009-2012 жылдары 42 жобасы іске қосылса, биыл  құны 10,9 млрд теңге болатын 12 жобаны іске қосу межеленген.

Жыл соңына дейін 1950 басқа арналған екі тауарлы сүт фермасын, үш жылыжай, жү­гері өңдеу, сүт өнімдерін шығаратын зауыттар мен құс фабрикасын, астық сақтау қоймасы мен балық өсіру цехын іске қосу көзделуде.

Елбасы «Ауылдағы жұмыссыздықты жоюдың жолы  – ауыл шаруашылығы сала­сында кәсіпкерлікті дамыту» деген болатын. Бұл тапсырманы жүзеге асыруда кәсіпкер­лерді несиелендірудің ықпалы зор. «Жұ­мыс­пен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты аясында микрокредит беру үшін биылғы жылы Алматы облысына 1160,0 млн теңге бөлінді.

Ауыл шаруашылығының сан түрлі сала­сында осындай едәуір жұмыстар атқары­лып жатыр. Мұның бәрі ауылдың тұрмысын жақсартуға, елді мекендердің экономи­калық қуатын арттыруға бағытталып отыр.

– Әлеуметтік-экономикалық жағынан салмақты мәселенің бірі – жұмыссыздық. Оның деңгейін төмендетуге бағытталған шаралардың нәтижелілігі қандай?

– Жұмыссыздар санын азайту, жұмыс­пен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәр­дем­десу, сол арқылы халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы 2011 жылы үш бағыт бойынша, өткен жылы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылды.

Ал биылғы жыл басынан бері кәсіптік оқытуға 2200 адам жіберіліп. 789 азамат еңбе­кақысын ішінара субсидиялай отырып, әлеуметтік жұмысқа орналастырылды.

Кәсіпорын, мекемелермен жасалған келісімшарт мерзімдері аяқталғаннан кейін сол нысандарға 71 адам тұрақты жұмысқа қалдырылды. Жастар практикасы да бұл ретте үлкен септігін тигізуде.

Екінші бағыт бойынша 334  қатысушыға 859,9 млн теңге шағын несие берілген,бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 751,4 млн теңгеге артық.

Үшінші бағыт бойынша 2011 жылы басталған 53 тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы аяқталып, 633 мүшесі бар 150 отбасы экономикалық әлеуеті жоғары үш елді мекенге қоныстандырылып, отбасы мүшелері жаңа жұмыс орындарына орналастырылды.

Төртінші бағытқа келетін болсақ, инф­рақұрылымдық жобалар облысымыз­дың 48 ауылдық елді мекенін қамтыды. Онда барлығы  26 жоба іске асырылды. Бұл мақ­сатқа республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қарастырылып, толығымен и­ге­рілді. Аталған жобалар аясында 731 жұмыс орын­дары құрылып, жұмыспен қамту орта­лықтары арқылы 285 адам жұмысқа орналастырылды.

Өздеріңізге белгілі, 2011 жылдың 1 шіл­­де­сінен бастап жүзеге асырылған «Жұмыс­пен қамту – 2020» бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартысынан бастап «Жұ­мыс­пен қамту – 2020 жол картасы» бағдар­ламасымен алмастырылды.

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасына үстіміздегі жылы Алматы облысына қарастырылған қаржы көлемі 10,9 млрд теңгені құрайды.

Бағдарлама іске қосылған кезеңге де­йін облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құраған болса, атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2012 жылдың қорытындысы бойынша 5 пайызға дейін  төмендеді.

Биылғы жылы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін, жұмыспен қамтылған­дар­дың ішінде өз бетінше жұмыс жасай­тын­дардың үлесін 41,4 пайызға дейін төмендетсек, кедейшілік деңгейін 3,1 пайызға дейін төмендетуге қол жеткіземіз деп межелеп отырмыз.

– Экономиканың дамуындағы сүбелі үлес – шағын және орта бизнеске тиесілі. Осы салалардың даму деңгейі қандай?

– Жалпы, халықты кәсіпшілікке бейім­деген – осы шағын және орта бизнес. Қо­ғам­ның кәсіптік мамандықтарға деген көзқарасын өзгерткен де – осы сала. Эко­номи­каның негізгі секторы ретінде оның дамуына облыста үлкен мән беріліп келеді. 

Қаңтар-шілде айларында облыстағы 98,1 мың шағын және орта бизнестің белсенді субъектілері 287,9 млрд теңгенің өнімін шығарып, бюджет түсімін 12,7 млрд теңгеге молайтты. Бизнестің бұл тармағын­да 256 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Яғни экономикалық белсенді тұрғын­дардың 24,5 пайызы өз нәсібін осы сала­дан тауып отыр деген сөз. 

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасының аясында 65 жоба мем­лекет­тік қолдауға ие болды. Соның ішінде  пайыздық ставканы субсидиялау бойынша – 34, жартылай кепілдендіруге – 2, гранттар беруге 27 жоба мақұлданыпты. Жүзеге асырылған жобалардың құрылы­мындағы шағын бизнестің үлесі 78 пайыз­ды құрады. Сондай-ақ 27 кәсіпкерге 90 млн теңгенің гранты берілді.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2013 жылдың жеті айында 315,6 млрд теңгені құраса, өңдеу саласында 257,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Облыста 17 жаңа өнеркәсіп нысандары іске қосылып, 11 істеп тұрған нысандар кеңейтіліп, 699 жаңа жұмыс орындары құрылды.

Өнеркәсіп орындары, шағын, орта бизнес нысандары – экономиканың негізгі күретамыры. Елдің әл-ауқатын жақсарту­дың іргетасын осы салалар құрайды. Облыс­та өнеркәсіп нысандарының саны өсіп, өндіріс ауқымы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнес нысандарының өнімі мен көрсетілетін қызмет түрлері де барынша арта түсті. Алматы облысын бұрын аграрлы аймақ десек, қазір агроиндустриалдық аймақ деуіміз де сондықтан.

– Бүгінгі күні өндірістің өркен­деуіне орай электр энергиясын өндіру, сонымен қатар баламалы энергияны дамыту өзекті мәселе болып отыр. Облыстың осы саладағы қадамдары туралы әңгімелеп берсеңіз...

– Біздің өңір Жетісу деп бекер аталма­ған. Өзен-көлдерінің көптігімен мақтана алатын облысымыз үшін бұл табиғат-ананың бізге беріп отырған мүмкіндігі деп қарастыруымыз керек. Осы орайда облыс аумағындағы өзендер мен гидроқондыр­ғыларда кіші су және жел электр стансыла­рын салуға лайықты деген учаскелер мен жел дәліздері белгіленді.

Өткен жылы облыс бойынша 2,5 млрд кВт/сағ. электр энергиясын тұтынған екен­біз, оның ішінде өз өндірісіміз 1,525 кВт/сағ., ал сыртқы энергия көздерінен сатып алу – 0,975 кВт/сағ.

Электр энергиясының жетіспеушілігін қысқарту мақсатында жалпы қуаты 326 мВт болатын 28 кіші СЭС құрылысы жос­пар­ланған болатын, қазір сол бағдарлама­ның 1-кезеңі іске асырылуда.

2008 жылдан бастап облыста жалпы қуаты 19,3 мВт болатын бес кіші СЭС пайдалануға берілді. 2012 жылдан қуаты 300 мВт болатын Мойнақ СЭС-ін іске қостық.

Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізінде алты инвестор жел электр стансысының құрылысын жүргізуде. Оның ішінде «Самұрық-Энерго» АҚ да бар. Сол сияқты  «Самұрық-Энерго» АҚ Қапшағай қаласын­да қуаты екі мВт құрайтын Күн электр стансысының құрылысын жүзеге асырып жатыр.

2017 жылға дейін жалпы қуаты 1320 мВт болатын Балқаш ЖЭС-ін іске қосу жос­парлануда. Аталған шаралардың жүзеге асырылуы келер жылдары облысымыздың сыртқы энергия өндірушілеріне тәуелділігін жойып, тұтынушыларды үздіксіз әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы, облыста баламалы электр энергиясы ретінде жел энергетикасымен қатар, биоотынды, Күн қуатын пайдалануға деген талпыныстар бар. 2017 жылы Аста­нада өтетін ЕХРО көрмесінің тақырыбы осы баламалы қуат көздеріне арналуының өзі әлден-ақ осы іске үлкен серпін беріп отыр.  

– Қыс та қыр астында. Оған қаншалықты қамданып үлгерді­ңіздер? Әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы­на көңіліңіз тола ма?

– Жылыту маусымының дайындығына және тиісті деңгейде өтуіне тікелей аудан және қала әкімдері жауапты. Бізде кезекті жылыту маусымы аяқталысымен келесі жаңа маусымға дайындықты бастау үрдісі қалыптасқан. Биылғы жылы да сол үрдістен ауытқыған жоқпыз.

2013-2014 жылдары жылу беру маусы­мына дайындық барысы мен өткізуге бюджеттен 8,5 млрд теңге қарастырылған, оның 3,2 млрд теңгесі коммуналдық жү­йе­лердің қайта жаңартылуы мен құрылысына,  3,9 млрд теңге отын сатып алуға, 5 млрд теңге  кәсіпорындардың жекеменшік қаражатын құрайды. 

Жылу беру маусымына бюджеттік саланың 2193 нысанын, соның ішінде білім саласының – 934, денсаулық сақтау саласының – 908, мәдениет саласының – 198, әлеуметтік саланың – 10 және әкімші­лік мекемелерінің 143 нысанын дайындау жоспарлануда, 28 қазандық, 10841 км электр, 35 км жылу жүйелері жөндеуден өтеді. Облыс бойынша барлығы 2193 нысан бар, оның ішінде 2066 нысан толық дайындалды немесе 94% .

Жалпы, осы орайда тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығын жаңғырту бағдар­ламасының жылыту маусымының ойдағы­дай өтуіне көп септігін тигізіп жатқанын айта кету керек. Оның игілігін тек қалалар ғана емес, аудан орталықтары да көріп отыр. Мәселен, биылғы жылы жылумен қамтамасыз етуде жүзеге асырылып жат­қан 10  жобаның 4-еуі – аудан орталық­тары­­ның үлесінде.

– Ал «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй жетісулықтар үшін расында қолжетімді болып отыр ма? 

– «Үй болмай күй болмайды» деген – өмірдің өзінен алынған нақыл. Баспана мәселесі – әсіресе жастарды, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобын көбірек мазалайтын өзекті проблема.

Дегенмен биылғы жылы да тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жеті айдың ішінде 528,8 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 113,9%. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша несиелік тұрғын үйдің жылдық жоспары орындалып, 3,2 мың шаршы метр ел игілігіне ұсынылды. Сол сияқты жалға берілетін үй құрылысы­ның жеті айлық межесіне де мерзімінде  қол жеткізіліп, кезекте тұрған тұрғындарға 1,9 мың шаршы метр баспана берілсе, 6,3 мың шаршы метр коммуналдық үйлерге де жаңа иелері қоныстанып үлгерді.

Халықтың баспанамен қамтылуы – елдің әлеуметтік жағдайының басты көр­сеткіштерінің бірі. Сондықтан «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы негізінде баспананың, шынында да, қолжетімді болуы үшін межеленген жоспарды орын­дауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

– Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстары қалай атқарылуда?

– Ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді түгендеу жұмыстары облыс аума­ғында 2011 жылдан бастап жүргізілді. Жасалған ревизия нәтижесінде 381,6 мың га жердің пайдаланылмай жатқанын анықтадық. Жүргізілген шаралар негізінде мемлекет меншігіне 244,2 мың га немесе 64% жер қайтарылды, пайдаланылмай жатқан 57,7 га жердің құжаттары сот қа­рауы­на жолданды, 9,1 мың га жердің құ­жат­тары өңіраралық жер инспекциясының қарауында.

Сонымен қатар мемлекет меншігіне қайтарылған 244,2 мың га жердің 133,7 мың гектары конкурс арқылы жаңа жер пайдаланушыларға берілді. Барлық ауыл шаруашылығы айналымына 261,8 мың га енгізілді. Бүгінгі күні мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Жақында ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Оның жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге қаншалықты септігі тиеді деп ойлайсыз?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа арналған Жолдауында 2050 жылға дейін Қазақстан­ды әлемнің аса дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу жөнінде маңызды міндет қойды.

Аталған межеге қол жеткізу үшін «Қа­зақ­стан–2050»  стратегиясына сәйкес, мем­лекеттік аппараттардың тиімділігі мен міндеттерін барынша арттыру, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру қажет. Ағымдағы жыл осы көрсетілген шараларды жүзеге асыруға бағытталған өзгерістер кезеңі болып отыр.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту­дағы батыл қадамдардың бірі – күні кеше өткен ауыл әкімдерінің сайлауы. Бізде бұған дейін де ауылдық округтер әкімдері­нің сайлауы эксперимент түрінде өткізілген болатын. Яғни тәжірибеміз бар. Алматы облысында округ әкімдерінің алғашқы сайлауы эксперимент ретінде 1999 жылы округ тұрғындарының жасырын дауыс беру жолымен Қарасай ауданының Ша­мал­ған ауылдық округінде өткізілген еді. Сол сияқты 2001 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Жаңашар ауылдық округінің және Көксу ауданының Балпық би кенттік округі әкімдерінің сайлауы өткізілді.

Ал жақында Президент Жарлығына сәйкес, барлық ауыл әкімдерінің сайлауын өткіздік. Бұл саяси науқанда бірінші кезекте ұсынылған әкімдердің біліктілік талапта­рына сай болуына зер салдық. Атап айтқан­да, мемлекеттік қызмет өтілі үш жылдан, ал мемлекеттік органдарда басшылық немесе өзге лауазымдарда жұмыс өтілі бір жылдан кем емес, еліміздің заңдарын, басты құжаттарын жақсы меңгерген, сол сияқты белгіленген басқа да талаптарға сәйкес 771 үміткер сайлауға түсіп, барлық 259 округтің әкімдері сайланды.

Енді олардың өкілеттігі кеңейіп, әр округтердің өз бюджеті болады, ауылдың бірқатар мәселелерін жергілікті жерде өздері шешуге мүмкіндік беріліп отыр. Қо­лында өкілеттілігі бар, халық қалаулыла­рының сеніміне ие болған әкімдерді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз өз тарапымыздан ауылдық округ әкімдеріне қолдау білдіре отырып, тиісті міндеттерді орындауда жоғары талап қоятын боламыз. 

– Әңгімеңіз үшін рақмет!




Көрілген: 2003    Пікірлер: 0

бейсенбі, 26.09.2013, 13:30

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31