Дат!

Азық-түлік қауіпсіздігін ойлаған жұрт отандық ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеуі тиіс

  • Азық-түлік қауіпсіздігін ойлаған жұрт отандық ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеуі тиіс

    Азық-түлік қауіпсіздігін ойлаған жұрт отандық ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеуі тиіс

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор:


– Ақылбек Қажығұлұлы, жаһандық климаттық өзгерістерге қатысты әлемдік ғалымдар пайымына тоқталып өтсеңіз?

– Жалпы, климаттың жаһандық өзге­руіне қатысты ғалымдардың ортақ көзқа­расы қалыптасты. Бұл мәселеде зерттеу­шілер еш дауласпайды, яғни  ендігі күні «жаһандық климат өзгерді ме, жоқ па?» деген мәселе ғылыми пікірталас туды­ру­дан қалды. Бұған жауап та айқын. Деген­мен бүгінгі күні дәл осы климаттың өзгеру мәселесі – бұл әлем назарын өзіне аудар­ған күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ғалымдардың  зерттеуі көрсеткендей 1880 жылдан бас­тап ғаламшардағы орташа температура 0,8°С көтерілген. Соның ішінде, мәселені мұқият зерделіп қарар болсақ, климаттағы 20 өзгерістің 19-ы 1980 жылдан кейінгі уақытқа тұспа-тұс келеді екен. Ендеше өнер­кәсіптің өркендеуі жаһандық жағдай­ға өз әсерін тигізіп, өзгерістерге қатысты бар өрнегін салып келетіні анық.

Ғалымдар арасында климаттың өзгеру барысы туралы ортақ пікірлер жоқтығына қарамастан, сарапшылардың жалпылама климаттық өзгерістің салдары жағымсыз болуы әбден мүмкін деген пікірлерінде бірдей ұстаным бар. Мысалы, 1980 жыл­дан 2011 жылға дейін Еуроодақ елдерінің экономикасына тигізген тасқынның жалпы шығынын саралаған сарапшылар келген зиянды 90 миллиард еуроға тең деп бағамдады. Осыған байланысты әлемдік ғылымда зерттеудің басымдылық бағыты қоршаған орта климатына бейімделуге назар аудару болып отыр. Ең бастысы, бұл басқа салаларға қарағанда табиғи-климаттық жағдайларға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші ауыл шаруашылығына тікелей байланысты.

– Ал жаһандық жағдай осын­дай болғанда, Орталық Азиядағы біздің ахуалымыз нешік?

– Халықаралық зерттеулер көрсеткіші бойынша, әлемнің кейбір  аймақтары, со­ны­мен қоса Орталық Азия, басқаларға қара­ғанда климаттық өзгерістерге ұшы­рауы әбден ықтимал. Оның ішінде, Қа­зақстанның климатына әсер етіп, онсыз да толыққанды қолдауды қажет етіп отыр­ған ауыл шаруашылығын күнкөріске айнал­дыр­ған аймақтарға мұндай өзгеріс­тер үл­кен зиян келтіруі әбден ықтимал. Аймақ­тардағы 70%-дық қауіп ауа райының өзгерістеріне тікелей байланысты екені дәлелденіп отыр. Сондықтан да әр жылда­ры  50-70%-ға дейін өнімді пайдалану мүмкіндігі шектелуде.  

БҰҰ Даму Бағдарламасының мәліметі бойынша, Қазақстанда соңғы 50 жылда орташа ауа температурасы 1,5°С-қа жоға­рылаған. Ауа температурасындағы өзгеріс­тердің дені ерте көктем маусымындағы жер асты ылғалдылығымен байланысты болып отырған тәрізді. Үрдіс төңірегінде атмос­фера шөгуін жылдың жылымық кезе­ңінде қысқарту, суық кезеңінде ұлғай­ту, сол арқылы топырақ дымқылының көктемгі қорларының мерзімінен бұрын таусылуына және жазғы жауын-шашынның түсіңкі са­лымына алып келеді. Бұл көбіне суарыл­май­тын егін шаруашылығы аудан­да­рын­дағы өнімдерге тікелей әсер етеді. Бұдан бөлек, вегетация кезеңінде гидро­тер­мия­лық жағдайлардың өзгеруі егінші­лік пен азық-түлік сапасын төмендететін жаңа зияндатқыш ошақтар мен ауыл шаруа­шы­лық саласындағы әртүрлі ауру­лардың тууына әсер етеді.

– Жалпы, осы климаттық өзге­рістердің басты жағымсыз салдарына қатысты не айтар едіңіз? Оның еліміз үшін залалы нешік?

– Климаттық өзгерістің басты жағымсыз салдары – ол жерлердің шөлге айналуы. Ендеше біздің еліміз үшін де оның зардап­тары аз болмайтынға ұқсайды. Мәселен, ғалымдардың мәліметі бойынша, қазірдің өзінде Қазақстандағы шөлге айналу үде­рісіне ұшыраған жерлер 66% болып отыр. Жердің құлдырау зардабы  960 млн дол­лар­мен бағаланып, егіндіктің мүжілу салдарынан болатын кіріс шығыны – 779 млн теңгені құрайды. Егістіктегі өнім сапасына тікелей әсер ететін қарашірікті жоғалтудың жалпы шығынын сарапшылар 2,5 млрд доллармен бағалапты. Жалпы, айта кетелік, климаттық өзгерістер ауыл шаруашылық жерлерінің азып-тозуына алып келуші негізгі факторлар болып қарастырылмағанымен, олар осы үдерістің негізінен туындайтынын қаперде ұстаған абзал.

– Ендеше мұндай жағымсыз құбылыстармен күрестің жай-жапсарына тоқталсаңыз?

– Әлбетте, мұндай үдерістерге қарсы әлемдік деңгейдегі ғалымдар қол қусырып отырған емес. Сондықтан да, бүгінгі таңда жаһандық климаттың өзгеруіне аграрлық саланы бейімдеу мәселесін әлемдегі бар­лық жетекші ауыл шаруашылығын зерттеу жүйелері мен зерттеу университеттері айналысып жатыр деуге келеді. Мысалы, Дэуистегі Калифорния университетінде – ауыл шаруашылығын, экология жүйесін зерттеу бойынша әлемдік үздіктердің бірі, орнықты ауыл шаруашылық жүйесін дамыту жөнінде екі ауқымды бағдарлама іске асырылады. Австралияда жетекші университеттер осы бағыттағы салалы жұ­мысты жүзеге асырса, Гриффит Универси­теті негізінде тәртіп аралық зерттеу бағдар­ламасы, яғни климатты өзгерту үдерісі бойынша Ұлттық зерттеулер орталығын құрды. Ғылыми қамтамасыз етудегі осыған ұқсас жүйелер көбіне Еуропалық елдерде құрылуда. Ең өкініштісі, бұл өзекті тақы­рып­тарды бағамдауда қазақстандық ғалымдар өздерінің зерттеу бағдарлама­ларымен қажетті әрекеттер көрсете алмай отыр.  Көбінесе халықаралық гранттар мен жобалар шеңберінде ғана жүргізілетін әр түрлі жеке-жеке жобалар ұйымдастырыл­ған. Бірақ олар мұндай ауқымды техноло­гиялық мәселелерді түп-тамырымен шеше алады деуге әсте болмайды.

–  Білікті ғалым ретінде сіздің ұсынысыңыз бар ма?

– Бірінші кезекте біз селекция жұмысы­на деген көзқарасты өзгертуіміз қажет. Бұл жерде басты назарды өнімділіктің көптігіне емес, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді сұрыптар даярлауға бөлуіміз керек.   Әлбетте, бүгінде отандық селекцияда негізгі болып табылатын жы­ныс­тық будандастыру тәсілімен ғана стрес­ске төзімді селекцияны қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына бейімдеу қажет.

Селекциялық жұмыста шаруашылық-бағалы белгіні көрсетуде, оның әсерінің генотипті және заңдылықты зерттеуге негіз­делген кешенді тәсілдеме қажет. Бұған сәйкес, бірегей бағдарламаның іргелі және қолданбалы түрін, жаңа ғылыми құ­зыреті мен инфрақұрылымды дамыту шеңберінде байланыстыруда биотехно­логия және генетика тәсілін меңгерген тәжірибе қажет.

Өсімдік шаруашылығын өндіруде ди­версификацияны, яғни әртараптандыруды  белсенді орындау қажет. Бұл жөнінде бұған дейін де аз айтылған жоқ, бірақ тә­жірибеге келсек, нарықтағы бәсекелестікке қабілетті климаттық жағдайға бейімделген сорттың жоқтығы кедергі болып отыр.

Ең бастысы, ауыл шаруашылық аймақ­тарындағы егіншілік жүйесінде туындаған бірқатар өзгерістерге орай түбегейлі  түзетулер енгізудің уақыты жетті. Өйткені климаттық өзгерістер вегетация кезеңіндегі гидротермиялық жағдайдың айтарлықтай өзгеруіне алып келеді. Осының салдарынан агротехникалық шараларды жүргізу бары­сында шектеулі уақыттарда  нәтижеге қол жеткізу, дәнді дақылдарды қорғау және әртүрлі залалдардан сақтау мүмкін­дігі арта­ды.

 Біз жарты  ғасырдан астам уақыт бойы  белгілі ғалым А.И.Бараевтың жетекшілі­гімен жүзеге асқан жер игеру жүйесін  басшылыққа алып жұмыс істеудеміз. Бұл жүйе отандық ауыл шаруашылығын дамы­туда үлкен рөл атқарды және  заманауи технологияларды  игеруде негізгі базалар­дың бірі болып қала береді десек артық айтқандық емес. Бірақ ауа райының «құ­былуы» салдарынан өзгеріске ұшыраған жерлердегі топырақтың өзгерісін зерттей отырып, оның жұмысына жаңа серпін беру керек. Сонымен қатар Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің сапа жағынан «құлдырау» жылдамдығын есептей келе және экологиялық жағдайларды күшей­туде отандық ауыл шаруашылы­ғының  даму жолын іздеу мақсатында ауқымды агроэкологиялық жобалар керектігі де айқын аңғарылады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылық бағытындағы жерлерді орналастыруға агроландшафтық егіншілік жүйесі сияқты тиімді жүйе керек, сонда ғана нақты табиғи көріністерге бейімдей аламыз. Бұл ретте әсіресе, мұндай жүйе Қазақстанның Батыс және Орталық аймақ­тарындағы  тәуекелді егіншілік үшін ерекше өзекті екенін айтар едім.

– Дегенмен ондай проблема­лардың шешімі үшін ғылымның, я болмаса зерттеу институттары­ның қарекеті қандай болғанын құптайсыз?

– Әлбетте, жоғарыда көрсетілген өзекті мәселелерді шешу үшін тек қана бір ғылыми мектептің құзыреттілігі жеткіліксіз, климаттық өзгерістерге бейімделуіне әсер ете алатын жан-жақты зерттеуден туында­ған зерттеулер де аса маңызды. 

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауыл шаруашылығын, экономика, биология және қоршаған орта саласының ғылымда­ры бағытындағы аграрлық мәселелерді зерттеу ауыл шаруашылығы зерттеулерін дамытудағы әлемдік үрдіске айналды. Бірақ оны сәтті қолдану үшін бірнеше мін­деттер мен ережелерді сақтауымыз керек.  Ең бірінші кезекте, жаңа ғылыми құзырет­тілік жинап, оны қолданбалы технология­лық міндеттерді орындауға қолдануға бола­тын әртүрлі ғылым салаларының өкілдерінің өзара тиімді әрекеттесуіне мүмкіндік беретін тиісті ұйымдық құрылым қажет. Мұндай жүйе ғылыми ұжымдарды нақты және маңызды нәтижелерге бағыт­тап, әлемдік ғылыми жүйеге белсенді бірігуіне ынталандырады.  Екінші жағынан, халықаралық тәжірибе  көрсеткендей, климаттық өзгерістерге ауыл шаруашы­лы­ғын бейімдеу үшін тек қана ғылыми зерт­теуді кеңейтудің өзі жеткіліксіз.  Маңызды тәжірибелік нәтиже алу үшін ғылыми зерт­теумен қоса, мамандардың кәсіби құ­зыреттілігін дамыту да басты мәселе. Яғни өзекті мәселелерді түпкілікті түсініп, алын­ған білімді шынайы өндірісте  іске асы­ра алатын мамандардың жаңа формациясын даярлау керек. Қазіргі таңдағы жаңа тех­но­логиялық мәселелерді шешуге қабілетті ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлау үрдістерінің бірігуіне қажеттілік зерттеу университеттері сияқты аграрлық ғылым­ның жаңа ұжымдық формасының дамуы­мен байланысты. Бұндай үдеріс әлемдік озық елдерде шапшаң жүріп жатқанын да естен шығармауымыз керек. Мысалы, Ауст­ралияда осындай  универ­ситет­тер ауыл шаруашылық зерттеулерін іске асы­ра­тын негізгі атқарушы ұйым болып табы­лады. Ал АҚШ-та соңғы бес жылда жетек­ші университеттерде ауыл шаруашылығын зерттеуге бөлінетін мемлекеттік қаржының көлемі 3 есеге артып, әлемдегі аграрлық ғылымның жетекші ұлттық жүйесі болып табылатын Ауыл шаруашылық зерттеу қызметінің бюджетін асып өтті. Бүгінгі таңда  зерттеу университеттерін дамыту жобаларына көптеген елдер қатысуда. Әрине, Қазақстанда бұл беталыстан сырт қалмауы тиіс және осы зерттеу университеті отандық ауыл шаруашылығы алдында тұрған үлкен көлемді технологиялық мәсе­лерді шешу үшін өзекті институционалдық жүйе болып табылады.  Сондықтан С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің базасында әлемдік дең­гейдегі ауылшаруашылық зерттеу универ­ситетін құру туралы Елбасының тапсыр­масы дер кезінде айтылған өзекті тақырып болуымен құнды.

Түптеп келгенде, ең үздік отандық және шетелдік тәжірибені біріктіріп, орталық және қолданбалы ғылымның әдістеріне негізделген, трансферт пен әлемдік жетіс­тіктерге бейімделген мамандар даярлай­тын аграрлық ғылымды ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселе. Сол үшін қазір­дің өзінде осындай жаңа жүйенің жобалық модулін  калыптастыра алсақ игі еді. Біздің қоғамда орын алған тағы бір өзекті мәселе бар – бұл жоғары білікті ғалым мамандар­дың қартаюы. Ендеше осынау зиялы ақыл­ман қауыммен байланысты сабақтастыра­тын зерттеу университетінде заманауи озық әдіснаманы меңгерген және ауыл шаруашылығындағы басты инновациялық тетіктерден хабары бар магистранттар мен докторлар дайындау да баса қажет.

Түйіндей келгенде айтарым, отандық ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімделуді қамтамасыз ету өзінің күн тәр­тібіндегі өзектілігімен және ауқымды­лығымен бүгінгі күннің басты талабына айналып келеді. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін ойлаған жұрт үшін баса қажетті дүние деп ойлаймын. Ал мұндай дүниелер арқылы  аграрлық университеттегі зерттеу базасын қалыптастыруымыз керек деп білемін.

Бұл бағыттағы жұмысты біз қаншалық­ты тезірек қолға аламыз, соншалықты қа­жетті шараларды ұйымдастырып, алды­мыз­дан туындаған технологиялық сұ­рақ­­тарға шапшаң жауапты бере аламыз. Басқа жағдайда Қазақстанның ауыл ша­руа­шылығына деген климаттық өзгерістер­дің қысымы арта түседі.

Әңгімеңізге рахмет!




Көрілген: 2354    Пікірлер: 0

жұма, 13.09.2013, 11:55

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31