Дат!

Балаларымызды бастық болуға емес, маман болуға тәрбиелейік

  • Балаларымызды бастық болуға емес, маман болуға тәрбиелейік

    Балаларымызды бастық болуға емес, маман болуға тәрбиелейік

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик:


– Кәрімбек Арыстанбекұлы, сіз жоғары білім саласының кәсіби маманы ретінде танымалсыз. Әлбетте, бұл саланың орта біліммен тығыз байланысты екені белгілі. Өйткені мектеп түлегінің қарым-қабілеті әу баста ашылмаса, уни­вер­ситетте оны дамытып, кәсіби маман етіп дайындау –  қиынның қиыны. Осы орайда қазіргі орта білім саласында қолға алынған реформаларға қатысты сіздің жеке пікіріңізді білсек деп едік. Биыл 1-сыныптан бастап ағылшын тілін енгіздік, алда 12 жылдық оқу бар. Осыған бай­ла­нысты білім берудің жаңа стандарттарын енгіземіз деп отырмыз. Әлбетте, бұның бәрі бір ізге түскенше, біраз уақыт қажет. Дегенмен жоғары білім беру саласы ол өзгерістерге бейімделе ала ма?

– Негізі, қазіргі реформалардың барлы­ғы отандық білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Оған сәйкес, білім берудің барлық деңгей­лері, атап айтқанда, мектепке дейінгі білім, орта, кәсіптік-техникалық, жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі бір-бірімен тығыз байланыста болуы шарт. Сондықтан аталған салалардың біреуінде қолға алынған іс-шаралар дұрыс атқарыл­маса,  бүкіл білім беру жүйесіне нұқсан ке­ле­тіні анық. Ал, ең бастысы, оның барлы­ғы оқушының білім сапасына кері әсерін тигі­зеді.

Әлбетте, қазіргі кезде Қазақстанның  білім беру жүйесін дамыту мен жаңғырту мақсатында көптеген жаңалық енгізіліп жатқаны жұртқа мәлім. Оның бірі –12 жыл­дық білім беру. Шынында, бұны жаңалық деп айтуға келмейді. Себебі бұған дейін де бұл бастама бірнеше рет қолға алынып, кейінге ысырылып отырғаны белгілі. Себебі республикадағы мектептердің материал­дық-техникалық жағдайы осынау мемле­кет­тік маңызы бар өзгеріске дайын болмады.  Әйткенмен бүгінде біраз нәрсе өзгерді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында біраз білім беру ошақтары салы­нып, мыңдаған оқушы жаңа  мектептерге де барып жүр. Мектептердегі орын тапшы­лығы екі есеге азайып, ақпараттық техноло­гия­лар­ды игеру деңгейі әжептәуір көтерілді. Электрондық оқулықтар, интерактивті тақ­талар мен жаңа компьютерлер қолданыла бастады. Сондай-ақ әлемдік тәжірибеге сәйкес, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейтін бейіндік мектептер ашылды. Содан 12 жылдық білім беру бастамасы қайта қолға алынды. Осы орайда «Бұл жүйе бізге не береді?» деген заңды сұрақтың туындауы орынды. Жалпақ тілмен айтсақ, оның арқасында Қазақстан әлемдік білім кеңістігіне еркін еніп, мектеп пен университет түлектері шетелдік оқу орындарына оңай түсе алады.

– Ал ағылшын тілін 1-сыныптан оқыту мәселесіне не айтар едіңіз? Бұған қарсы тарап­тың пікірлері де тұшымды ғой?

– 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқы­­ту мәселесіне келер болсақ, бұл да – қазіргі қажеттіліктен туындап отырған жағдай. Себебі әлемнің кез келген жоғары оқу орнына кедергісіз түсе алудың төте жолы – ағылшын тілін меңгеруде жатқанына ешкім талас тудыра қоймас. Бірақ шет тілдерін қазақ топтарында оқыту әдістемесін зерттеп жүрген ғалым ретінде бұл бастаманың әдіс-тәсілдерін қарастыруда ғылыми түрде әлі де зерделей түсетін, түпкі нәтиженің тиімді болу жағын қарастыруда ғылыми тұжырым­дармен толықтыруды қажет ететін мәсе­ле­лер жеткілікті дер едім. Меніңше, бүгінгі қоғамдық пікірді ескере отырып, 1-сы­нып­тағы ағылшын тілінің пайдасын әлеу­меттік зерттеулермен нақтылап, ғылыми тұрғыда дәлелдеп, жұртшылыққа жеткізе білу керек. Сонда ғана аталған мәселе бойынша сан алуан түсініспеушіліктер азаяр еді. Мәселен, мен өзім қазір мектептерде сабақ беріп жүрген ұстаздардың барлығы ағылшын тілін ерте жастан оқыту әдістемесін бір кісідей біледі деп айта алмаймын. Шет тілін оқыту­ды ерте бастау мен бұрынғы 5-сыныптан жай оқытудың айырмашылы­ғын кәсіби деңгейде ажырата алатын мұға­лім­дердің жеткілікті екеніне күмәнмен қарай­­мын. Біз ондай әмбебап ұстаздарды әлі дайын­дауымыз қажет.

Ал енді жоғары білім беру саласы атал­ған өзгерістерге сай бейімделе ала ма деген сұраққа тоқталсақ, жақында ғана Білім және ғылым министрлігінің басшысы бұл салада да тың өзгерістердің болатынын қадап айтты. Атап айтқанда, мемлекеттік жоғары оқу орындары мемлекеттік меншік­тен шығары­лып, университеттер мемлекет­тік-жекемен­шік әріптестік негізінде қызмет атқарады. Негізі, жоғары оқу орындарына дербестік беру арқылы университеттер ара­сындағы бәсекелестікті барынша арттыруға болады. Сондай-ақ министр университет­терді басқарудың жаңа жүйесі енгізілетінін де атап өткен. Жоғары білім беру менедж­ментін жетілдіру, оның ішінде корпоративтік басқа­ру принциптерін енгізу сияқты міндет­тер қойылып отыр. Ол үшін университеттерде қамқоршылық қеңесі құрылатын болады. Білім беруді басқаруға қалың жұртшылық, ата-аналар, профессор-оқытушылармен қатар, қоғамдық ұйымның өкілдері де тартылмақ. Қамқоршылық кеңесінің құқығы кеңейіп, университет ректорларының жыл­дық жұмысы, стратегиялық даму бағдар­ламасы туралы есептері тыңдалып, олардың атқарып отырған қызметтеріне баға беріп, лауазымына сәйкес немесе сәйкес еместігі жөнінде шешім қабылдау мүмкіндіктері бо­ла­ды. Сайып келгенде, жоғары оқу орында­рының қызметінің «ашықтығын» қамтама­сыз ету мен университеттердегі жемқорлық көріністерінің пайызын төмендету үшін әлеу­меттік зерттеулер мен акциялар өткі­зі­ліп, оларға студент жастардың өздері қаты­сады. Соның негізінде  тиісті қаулы-қарар­лар қабылданатын болады. Жоғары оқу орындарының басшылары менеджмент саласында біліктілігін арттыру мен қайта даярлықтан өтетін болады. Бұл істі кейінге қалдырмай, келесі жылдан-ақ бастап кет­пек­ші. Нақтылай айтсақ, Назарбаев универ­ситеті базасында ректорларды оқытуды жоспарлап та қойған.  Егер Білім және ғы­лым министрлігі барлық білім беру деңгей­лерінің үйлесімділігін қамтамасыз етіп, маман даярлаудың жаңа сапасына көшу, білім берудің тиімді жүйесін құру, ғылыми- зерттеулерді халықаралық деңгейге шығару, қазақстандық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламалары мен жоспарларының мазмұнын өзгерту арқылы еуропалық стан­дарттарға сәйкестендіре алса, онда жоғары білім беру саласы қазіргі орта білім рефор­маларына толыққанды бейімделе алады.

– Жалпы, сіз білім беру мазмұнын өзгерту керек дегенді қалай түсінесіз?

– Қазіргі іс-шаралардың барлығы осы­ны көздейді. Білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертудің түпкі мақсаты мынада: оқушы білімді тек алып қана қоймай, оны өз пай­дасына жарата білуі тиіс.  Міне, мектептің негізгі міндеті осы болмақ. Әрине, бұл жер­де жаңа тұрпаттағы оқулықтардың атқарар рөлі зор. Бүгінде оқушыларымыз ұлттық сипатта дайындалған отандық төл оқулық­тарымыздың негізінде білім алады. Оқулық­тар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайын­даудың жүйесі бірқалыпқа келтірілді. Талай сарапшылардың талқылауынан өткен тақы­рып­тардың мазмұны бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Осының арқасында бұрын болған кемшіліктер қазіргі  оқулықтарда көп жағ­дай­да қайталанбайды. Меніңше, қазіргі оқулықтар тек ақпарат берумен ғана шек­тел­мей, оқушылардың өз бетінше ізденуіне де жол аша бастады. Себебі оқулық автор­лары оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай материалды түсіну мен қабылдау жағын толыққанды қарастыруға тырысады. Қазіргі білім берудің мазмұнын өзгертудің негізгі мақсаты да соған саяды. Оқушылар  өз бетінше әрекет жасай алатын білімді жеке тұлға болып қалыптасуы қажет.

– Қазіргі мектеп түлектерінің арнайы оқу орындарын, яғни техникум мен колледждерді «қосымша аэродром» ретінде қарастыратыны жасырын емес. Олардың басым бөлігі сол арқылы жоғары оқу орындарына түсуді көздейді. Оны сіз жақсы білетін шығарсыз? Ал осы бір психология­ны өзгерту үшін не істеу керек? Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына жастарды көптеп тартып, өндіріс ошақтарын отандық мамандармен қамтама­сыз етудің қандай амалдары бар?

– Шыны керек, бұл – көптің көкейінде жүрген күрделі сұрақтардың бірі. Қазір барлығы жаппай өз балаларын жоғары оқу орындарына беретін болды. Тіпті мектепті шулатып, мұғалімдерді әбден ығыр қылып жүрген, қырсыз әрі білімге құлықсыз бала­ларын да университеттерге қарай сүйреп жатыр. Бұл – ащы болса да, шындық. Негізі, орта білім жалпыға бірдей болса да,  жоғары білімнің ондай емес екендігін түсіну керек қой. Бүгінде сол жалпыға бірдей  деген сипаттаманы жоғары білім жүйесіне де балап қойған ба? Білімге құмарлық па әлде билікті көздегендік пе? Әрине, кез келген ата-ана үшін өз баласынан артық ешкім жоқ қой. Оны да түсінуге болады. Содан бала мектепте қалай оқыса да, ата-ана оның жо­ғары білім алғанын қалайды. Бұрын жоғары оқу орнын тауысқан адамның абыройы осы күнгі академиктің беделінен кем болмайтын. Қазір екінің бірінде бірнеше диплом бар. Ауруды қарайтын доктордан ғылым док­торы көп. Таяқ лақтырсаң, кандидаттың екеуі­не бірдей тиеді. Жоғары білімнің қаді­рін түсіріп алғанымызды өзіміз де байқамай қалдық. Соңғы кезде тек жоғары білім ғана алу керек деген үрдіс пайда болып, техни­калық және кәсіптік білім алуға қара көз бауырларымыз онша құлық танытпай жүр. Ал жұрттың бәрі жоғары білім алғаннан кейін ертең олардың жұмыссыздар қатарын көбейтпесіне кім кепіл? Бүгінгі таңда кейбір пысықайлар орта арнаулы білім алмай, ҰБТ-сыз университеттерге түсіп кету жағын да ойластыратын болды. Кәсіби-техникалық білім алып, жұмысшы кадрлардың санын арттырудың орнына бесіктен белі шықпай жатып, жымысқы жолды таңдаған кейбір жастарымызға таңғалудан басқа шара жоқ. Бірақ Білім және ғылым министрлігі екі жыл болды, олардың жолын оңай кесті. Олай дейтініміз – колледж түлектері де ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырады деген ереже шыққан­нан кейін колледждерде оқитын­дар­дың саны күрт азайып, жоғарыда айтқан кейбір пысықайлардың көлденең жолмен көл-көсір жоғары білімге қол жеткізем деген сасық қулығы арман болып кеткенін несіне жасы­рамыз.

Неге біз жұмысшы кадрларын, атап айт­қанда, елімізге керек сылақшы, құрылысшы, дәнекерлеуші, көлік жөндеуші, әрлеуші, ағаш ұстасы және тағы басқа мамандықтар­ды игеруге бағыттамаймыз? Өзіңіз айтып отырған үдемелі индустриялық-иннова­циялық мемлекетке айналдыруға бағыт­талған бағдарлама шеңберінде көп нәрсені шешуге болады. Біз шикізат әзірлейтін ел­ден өндірістер ашып, өз өнімімізді тұтынуға шығармайынша, толыққанды бәсекеге қабі­летті ел бола алмайтынымызды естен шығармауымыз керек. Міне, осы бағытта техникалық және кәсіптік білім беру жүйе­сінде өзгерістер байқалуда. Жұмысшы  кадрлар даярлауда жұмыс берушілермен бірлесе атқарылатын бірыңғай іс-шаралар іске асуда. Атап айтқанда, бітірушілердің білімі мен білігін айқындау үшін біліктілік жүйесі енгізілуде. Біліктілікті айқындайтын комиссия құрамына оқу орнының қызмет­керлерінен басқа, жұмыс берушілер мен мем­лекеттік емес ұйымдардың өкілдері кіретін болды. Маманның шын мәнінде қай деңгейде дайындалғанын айқындап, куәлік беретін алқалы органның жауапкершілігі де артпақ. Міне, осылай отандық өндіріс орын­дарын жұмысшы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін таппақ.

– Жақында білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осы мамандықтарға қатысты тағы бір мәселені көтерді. Оның айтуынша, қазіргі кезде біз жастарды «өзіміз білмейтін мамандықтарға» үйре­туі­міз керек. Сіз министр мырзаның бұл сөзіне қалай қарайсыз?

–  Айтылған ойы дұрыс, бірақ жеткізу жағы көптің көңілінен шықпай қалғаны ыңғайсыздау болды. Күнде өзгеріп отырған қазіргі заманда, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін жаппай сауаттылық жеткіліксіз екендігін, заманауи өндірісте жұмыс жасай алатын мамандар дайындау қажеттігі туралы Мемлекет басшысы да аз айтып жүр­ген жоқ. Міне, министр мырзаның да айтып отырғаны осы міндеттер үдесінен шығу керектігі жайлы ғой. Ғылымның қар­қын­ды даму барысында көптеген ғылыми жаңалық ашылып жатыр, соған байла­нысты мамандар да дайын болуы қажет. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасына жастарды машық­тандыру күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы керек­тігі де күмән тудырмайды. Енде­ше, келешек­тің мамандығы ретінде адам ойының шыңырау биігі – роботтарды «ой­на­­тып», оларды әртүр­лі қызметтерге пайда­ла­ну, ғарыш ғаламаттарын зерделеу, бала­ма­лы энергия көздерін игеруде қажет болатын тағы сол сияқты көптеген келешек маман­дықтарды игеруге дайын болуымыз керек. Ендеше, біздің де маман дайындаған­да ұзақ мер­зімді стратегиялық бағыттарды ойластыр­ғанымыз жөн.

– Осы уақытқа дейін электрон­ды оқыту жүйесіне қатысты көптеген мәселе көтерілді. Қыруар қаржыны құйып, біраз мектептерді аталған жүйеге қосып та үлгердік. Алайда маман тапшы­лығы оны ары қарай дамытуға қолбайлау болып отырған сияқты...

– Еліміздің ақпараттық-коммуника­ция­лық технологияларды енгізуге деген құлшы­нысы – құптарлық жай. Қала мен ауыл арасындағы білім ошақтарымен ақ­параттық алмасулар оң дәрежеде жүргізі­летін болса, білім сапасы да, әлемдік білім кеңістігіне кіру мәселесі де жылдам шеші­летіні анық. Ал бұл іске қыруар қаржы, өзіңіз айтқандай, мықты мамандар тартылуы керек. Кадр даярлаудың барлық білім деңгейлерінде электрондық оқытуды енгізу, тағы да қайта­лап айтамын, қомақты қаржы көздерін табуды қажет етеді. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, электронды оқытуды қаржылан­дыруды тоқтата тұруға шешім қабылданудың өзі бұл істің күрделілігін көрсетсе керек. Халықа­ра­лық тәжірибелерге сүйенсек, азуын айға білеген алпауыт мемлекеттер, атап айтсақ, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония­да электрон­ды оқыту ұлттық деңгейде қабылданып, кәдімгі оқулықтардың орнын электрондық тәсілге ауыстыру қолға алы­нып, олардың нәтижелі жұмыс істеп жатқа­нын байқаймыз. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, біздің де еліміз 2015 жылға қарай білім ошақтарының 50 пайызын электрон­дық оқыту тәсіліне өткізбекші. Сіз айтқан­дай, маман тапшы­лы­ғы емес, қаржы тап­шы­лы­ғы қолбайлау болып отырғанын айтқаны­мыз абзал. Еліміздің білім беру саласын бір сатыға көтеріп тас­тай­­тын осы мәселеге келгенде қаржыланды­рудың жарты жолда тоқтап қалуы әркімді-ақ ой­лан­дыруда. Үкімет бар, Білім және ғылым министр­лігінің бас­шылығы бар, осы бір келешегі зор жобаға дұрыс жөн сілтеп, тығы­рықтан шығар тиімді жолдарын табатындығына сенгіміз келеді. Білім мен ғылым ұйымдарының өкілдері дау-дамай емес, салиқалы сабырлылықпен бұл істің оң шешім табатынына үмітті. Сонда ғана дайын­далатын мамандардың білім сапасы да, электрондық оқыту жүйесі де талаптарға сай қызмет атқаратыны сөзсіз.

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, сіз өзіңіз қазіргі жаңа технологиялар­ды  қаншалықты қолданасыз? Олай деп сұрап отырғанымыз – бүгінгі жастар компьютер мен ғаламторды білу жағынан аға буын өкілдерінен асып түседі. Қазір мұғалім емес, шәкірт оған дәріс бере алатындай деңгейге жеткен. Бұл мәселені қалай шешеміз? Оқытушылардың жаңа толқынын күтеміз бе?

–  Шынын айту керек, қазіргі жаңа тех­но­логияларды қолдануда аға буын өкілдері сияқты мен де жастардан озып кетпесем де, планшет немесе телефон арқылы өзіме керекті ақпаратты ғаламтордан іздеп тауып, өзгелермен әлеуметтік желілерде отырып, қызықтырған сұрақтар төңірегінде пікірлесе аламын. Сондай-ақ дәріс оқығанда инте­рак­тивті тақта, мультимедиалық проектор­лар, аудио-бейне қондырғыларды қолдану арқылы қосымша тәсілдерге жүгінемін. Өйткені оқылған дәрістің көрнекілік құрал­дарымен дәйектелгені дәстүрлі дәрістен гөрі тартымды болатынын байқаймыз. Соңғы кезде заман талабына сай өз күшім­мен баяндамаларыма көрсетілім ретінде қосымша слайд, сызбалар әзірлеуге дағды­ланып алдым. Білім саласындағы жаңа парадигмаға байланысты оқудың өзі де өмір бойы үйренуді, біліміңді үнемі жетіл­діріп отыруды талап ететіні тағы бар. Сол себепті әрбір мұғалім шәкіртінен қай жағы­нан болса да, оқ бойы озық тұруы керек деп санаймын. Ол үшін күн-түн демей оқу керек, үйрену керек.

– Әңгімеңізге рақмет.


АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...

Саналы ғұмырымның 30 жылдан астам уақытын білім және ғылым саласына арнап келе жатқан маман ретінде мені екі мәселе қатты мазалай­ды. Біріншісі – бүгінгі жастарымыздың жаппай жоғары білімге лап беруі алаңдатады. Мектеп түлегі достарының алды болып, үлгілі оқушы болса, онда бір жөн. Соған қарамастан, ата-аналардың барлығы баласының шама-шарқын біле тұрып, оны университеттерге сүйрейді. Неге олар бала­ның өз қалауын сұрамайды? Меніңше, ондайда ата-аналардың арманы біреу-ақ - қалай болса да, балам жоғары білім алсын, содан жоғары қызметте отырсын деген  өзін-өзі алдаудан туған жалған үміт. Сапасыз алған білім кәсібінің нәсібін табуға негіз бола алмайтындығын баласына ұғындырудың орнына келешегіне балта шабатындығына таң­ға­ламын. Баланы бастық болуға емес, еңбек етуге ерте жастан тәрбиелеу керек қой. Екінші мәселе осы оймен сабақтас. Бүгінде жоғары білімді сырттай оқып алудың алдын алу керек. Ол үшін әрбір азаматтың бірінші мамандықты күндізгі бөлімде оқып алу қажеттігін заңдастыру қажет. Сонда ғана ол студенттік өмірдің ыстығы мен суығына көніп, жоғары білім алудың, шынында да, еріккеннің ермегі емес екенін түсінер еді. Әйтпесе қазіргідей тек сырттай бірнеше университетті тамамдап, қалтасында екі-үш диплом салып жүргендер жоғары білімнің қадірін кетіріп бітті.




Көрілген: 3096    Пікірлер: 0

бейсенбі, 05.12.2013, 13:09

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31