Дат!

Банктердің несие саясатын қайта қарайтын кез жетті

  • Банктердің несие саясатын қайта қарайтын кез жетті

    Банктердің несие саясатын қайта қарайтын кез жетті

Бейсенбек Зиябеков, экономика ғылымының докторы, профессор:


– Бейсенбек аға, өткенде Ұлттық банктің төрағасы ауысқан кезде жұрт арасында түрлі алып-қашпа сөздер айтылды. «Марчен­коның кетуі тегін емес, енді Ұлттық банкте, жалпы, қаржы саласында өзгерістер болады» десті. Банк саласының маманы ретінде, осы жайында өзіңіздің пікіріңізді білгіміз келді. Сіздіңше, еліміздегі Бас банктің тізгінін қолға алған Қайрат Келімбетов мырза қаржы саласында қандай түйткілдерге көңіл аударғаны дұрыс?

–  Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жиырма жылдан астам уақыт ішінде еліміз­дегі банк саласының түрлі кезеңді бастан өткергені белгілі. Енді, міне, Ұлттық банк төрағасының ауысуына байланысты ел-жұрт, шынымен де, бір өзгеріс бола  ма деп күтіп отырған сияқты. Әрине, мемлекеттік қызметке адамдар келеді, кетеді. Бірақ ен­ді­гі кезде жаңа төраға қалыптасқан саясатты өзгертпесе де,  банк саласы неліктен осын­дай жағдайға душар болды, неге қаржылық дағдарысқа ұшырады, одан қалай шығу керек деген сияқты сауалдарға жауап іздеуі керек деп ойлаймын. Осы банк саласындағы дағдарысқа Ұлттық банктің қандай қатысы бар, қай жерде қандай кемшілік жіберді? Қандай жетістікке жетті? Осыны ойлануы керек. Биыл  төл теңгеміздің енгізілгеніне 20 жыл толады. Теңге бағамының да тұрақ­ты, тұрақсыз кезеңдері болды.

Банк саласын экономикадан алшақ қою­ға болмайды. Экономика қандай бол­са, банк саласы да сондай. Сондықтан Келімбетов мырзаның көңіл бөлетін тағы бір мәселесі –  бұрыннан айтылып жүрген Ұлттық банктің Астанаға ауысуы. Ұлттық банкті Астанаға ауыстыру қажет пе? Менің­ше, қажет. Бас қала  болғандықтан емес. Әрине, оны да ескерген дұрыс.   Экономи­каны басқару үшін биліктің бәрі бір жерде болғаны тиімді. Біз Ұлттық банктің мақсаты – бағаның тұрақтануын қамтамасыз ету,  инфляцияны құрықтау десек,  бұл мәселені Ұлттық банк ешқашан да өз бетінше шеше алмайды. Себебі инфляцияға әсер ететін себептер тек ақшаға байланысты емес, соны­мен бірге өндіріспен байланысты. Мұны шешу үшін Ұлттық банк үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуі  керек. Біз инфляцияны құрықтауда жеңіске жете алмай жүргеніміз­дің себебі осы ма деп ойлаймын. Ақша-несие саясаты – бүкіл әлемде үкіметпен бірге жүргізетін саясат.  Бұл – Ұлттық банктің Аста­­на­ға ауысуына қатысты екінші тұжы­рым­­дамам. Жаңа төраға осыған көңіл бөлсе, құба-құп.

Кейбір мамандардың пікірінше, Ұлттық банкті Астанаға көшіруге болмайды. Себебі  ол төлем жүйесімен айналысады. Оның бәрін көшіру мүмкін емес, орасан қаржы керек дейді. Меніңше, ол дұрыс түсінік емес. Қаражат керек, бірақ төлем жүйесін Астанаға көшірудің қажеті жоқ. Оны дербес бөліп алып, Алматыға да қалдырып кетуге болады. Ол мекеменің құрылтайшысы Ұлттық банк болса, осы жақта да жұмысын жүргізе береді.

– Сондай-ақ еліміздегі несие саясатына да бір тың леп керек сияқ­ты...  

– Иә, Ұлттық банк өзінің ақша-несие саясатын жылда халыққа жария етеді. Бізде ақша саясаты бар да, несие саясатының сапасы төмен. Осы несие саясатына көп көңіл бөлінуі керек.  Ең алдымен, несиенің тиімді жұмсалуы, экономикамызға әкелетін пайдасы, халыққа істейтін қызметі саралан­са деймін. Себебі бүгінде көп адамның несиесіз өмір сүруі мүмкін болмай қалды. Бұл халықтың тұрмыс деңгейінің жоғары болғандығынан емес, керісінше, тұрмысы­ның төмендігін көрсетеді.  Коммерциялық банктердің несие саясаты Ұлттық банктің қадағалауынан тыс қалмауы қажет. Әсіресе  несиенің пайызында ешқандай жүген, реттеу жоқ. Тарихтан белгілі,  Ресейде  ХІХ ғасырдың аяғында бай адамдар қарапайым халыққа 20 пайызбен қарыз беріп, оны қайтаруға шамасы келмеген кезде жерін, үйін тартып алатын. «Ростовщичество» де­ген атауға ие болған осындай құбылыс ақырында әлеуметтік тұрақсыздыққа алып келді. Сондықтан бүгінгі комбанктердің несие саясатына көңіл бөлмесек, банк саласындағы ахуал экономикалық  дамуды тежеуіне қоса, әлеуметтік тұрақсыздыққа әкеліп соғады. Жасыратыны жоқ, біздің мем­лекетіміздің ең үлкен мақсаты – қауіп­сіздік. Егемендігімізді сақтау және  халықтың әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын жақсарту. Осы екі мәселеге комбанктердің жұмысы сай келе ме әлде қайшы келе ме? Кейбір мәсе­леде комбанктердің тірлігі қайшылық әке­летіні рас. Біз банк саласын соңғы жыл­дары тек қана пайда табу көзі деп есептейтін болдық. Ол дұрыс емес. Банк саласы қоғам тұрақтылығына жағдай жасап, экономи­каның  тұрақтануына әсер етуі қажет. Ал біздің банктердің несие пайызы – 20, тіпті одан да жоғары. Комбанктер несие алатын жеке тұлғалардың тәуекелі жоғары деп сылтауратады. Кешіріңіз, бүкіл халықтың тәуекелі жоғары болуы мүмкін емес қой. Біздің мемлекетте осыны зерттейтін небір институттар бар. Олардың дерегінше, бір адамның тәуекелі жоғары, біреуінікі төмен. Несие бюросынан ақпарат алған кезде белгілі бір азамат несиесін дер кезін­де қай­тарған болса,  неге оның тәуекелін жоғары­латасыңдар?  Қазір жұрттың көбі несие та­ри­хын  құртып алмас үшін қарызын уақы­тын­да қайтаруға тырысады. Кім  не­сие­ні жоғары пайызбен алады? Әу бастан қарызын қайтармайтынын білген адам алады.

– Қалай болғанда да, жұрт қазір несиесіз өмір сүре алмайтын болды. Банктер де осы тұтыну несиесі есебінен күн көріп отырған сияқты. Тым құрығанда соның пайызын азайтса болмай ма?

– Жақын арада пайыз төмендемейді. Себебі банк саласында уақытылы қайта­рылмаған несие көлемі өте үлкен. Банктер түскен пайдасынан резерв жасап жатыр. Қайтарылмаған несиені жауып біткенше, пайыз төмендемейді. Басқаша айтсақ, қайтпаған  несиені басқа адамның есебінен қайтарып жатыр деп түсіну керек.

Несие пайызын төмендету үшін қайтпай жатқан несие мәселесін шешуі қажет.  Ол созылған сайын пайыздың төмендеуі мүм­кін емес.

– Несие, қамытын кигендерді зар жылататын комиссия ше? Банктердің түрлі комиссия алуы дұрыс па?

– Иә, банктердің небір қызметке комис­сия алатыны бар. Сіз несиені қолма-қол ақшамен алсаңыз, сізден комиссия алады. Бұл – банк саласында істейтін адамдардың білімінің төмендігі. Бүкіл әлемде және біздің елімізде нақты ақша мен  айналмалы (безналичный) ақшаның арасында айырма болмауы керек. Сіз дүкеннен тауар сатып алғанда оны қалай орап берсе де, тауар бағасы өзгермейді ғой. Ал банктің тауары – ақша. Ақшаның қандай түрі болмасын  бір бағада болуы керек. Оған комиссия алу – барып тұрған түсінбеушілік. Банк қызмет­керлері өздерінің түк білмейтінін көрсетіп отыр.  Қолма-қол ақша мен айналмалы ақшаның арасында ешқандай айырма­шы­лық жоқ. Бұл – реттеудің жоқтығы, на­ғыз жүгенсіздіктің өзі. Комиссияны алып таста­са, несие пайызын 7-8 пайызға төмен­де­туге болар еді. Мұның өзі жетістік емес пе?! 

– Әлемдік қаржы дағдарысының ызғары ең әуелі отандық банктерге тигені белгілі. Қазір біздің банктер дағдарыстан шықты деп айта аламыз ба? 

–   Қаржы дағдарысы басталғалы 6-7 жыл болып қалды. Әйтсе де күрделі өзгеріс жоқ. Банк саласындағы қаржы дағдары­сына алып келген себептермен емес, сал­дарымен күресіп жатырмыз. Жаңа төраға осының себептерін біліп, неліктен ешқандай өзгерістің болмағанына көңіл бөлуі  керек. Несие пайызының тым жоғары болуы, мем­лекеттің жеке банктерге қаржысын жұм­сап, арпалысуы – осының бәрі бәсе­ке­нің жоқтығынан. Ешқандай банкке мемле­кет тарапынан жағдай жасамау керек, бәрі­не бірдей қарау керек. Сөз орайы келгенде айта кетейін, елімізде банк саласындағы бә­секе туралы заң қабылдайтын уақыт жет­ті.

Банк саласында бәсеке мен қадағалау дұрыс болған кезде тақырға отырған банк­терді мемлекет қанатының астына алуға мәжбүр болмас еді. Ол банктер соншалық ірі болғандықтан, көмектесуге мәжбүр бол­ды.  Мемлекет сол үш банкке жәрдем бер­ме­се, қаржы саласына үлкен соққы болар еді. Олар өз күшімен дамыды, іріленді деп айта алмаймын. Себебі олар – мемлекеттің қолдауымен іріленген банктер.

– Қалай ойлайсыз, бәлкім, банк жүйесін ырқына жібермей, мемле­кет бақылауынан шығар­маған дұ­рыс шығар?

– Біздің мемлекетте бірыңғай зейнетақы қорының, бірыңғай прессинг орталығының құрылуы амалсыздан істелінген дүние ме деймін. Бақылау кемшін болғандықтан, ие­ле­рінің жауапсыздығынан тығырыққа тірел­ді. Неге олар біріккенге дейін өз  сала­сының кемшіліктерін сараламады. Өйткені олар мәңгі-бақи осылай жүре береміз деп ойлады. Шектен тыс қомағайлығы осындай жағдайға алып келді. Әйтпесе мемлекетке  бірыңғай зейнетақы қоры да, бірыңғай прессинг орталығының да қажеті жоқ. Тіпті әлемдік тәжірибеде бұл Ұлттық банктің қыз­метіне жатпайды. Бірақ біздің банк сала­сында, қаржы саласында олар жыл сайын өз тарифін көбейтуді ғана білді. Халыққа берер пайдасы аз еді. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк бірігу жөнінде  ұсы­ныс жасауға мәжбүр болды. Банк жүйесінде де несие пайызы осы қарқынмен өсе берсе, бірыңғай банк жүйесіне қайта оралуымыз да ғажап емес. Себебі халық мұндай ауырт­палықты көтере алмайды. Банк жүйесі тұрақ­ты табыс әкелсін десек, ол банкке де, клиентке де пайда әкелуі керек. Ал бізде ондай болмай кетті ғой. Талай ипотека алған азаматтар бұл өмірден кетіп қалды. Бұл – Қазақстанның қаржы саласында бұ­рын-соңды болмаған жағдай. Банктің бас­ты қызметі –  өзіне-өзі клиентті дайындап, гүл секілді күтіп-баптап өсіру. Бізде не істеп жатыр?  Сондықтан жаңа төраға банк саласын нарықтың өзі реттеп алады деген түсініктен ары кете ме деп ойлаймын.  Жаңа төрағаның, Ұлттық банктің басты міндеті – халыққа қызмет көрсету. Банк саласы тиімді  жұмыс істеуі үшін өзіне де, халыққа да пайдалы болуы керек.

– Бізде банктердің экономика­ны аз қаржыландыратыны – жауыр болған тақырып. Дегенмен осы жайындағы сіздің пікіріңізді білсек, артық болмас. Қаржы саласын өндіріске қалай бұруға болады?  

– Иә, неліктен қаржы саласы экономи­каға бұрылмай жатыр? Себебі  олардың қойып отырған талабы  біздің экономикаға сай келмейді. Екеуінің арасында қайшылық көп. Екі қайшылықты жақындатпай эконо­мика мен банк саласы жұмылып жұмыс жүргізе алмайды. Қазіргі банк саласында шешілмей жатқан ең өзекті мәселе – өзіне дұрыс клиенттерді жинау. Біз мұнымен 20 жыл айналысқан жоқпыз.   Бүгін бір меке­ме­ге қол ұшын берсең, оған несие қажет бол­са, ертеңгі күні ол байыған соң қаржы­сын сенің банкіңе салады деген көзқарасты ұстану керек. Несиені оңды-солды таратпау үшін бізге, әрине, білікті, сауатты мамандар қажет. Қатып қалған нұсқауларды орындау­мен шектелмей, ұзақ мерзімге ойлай біле­тін, бүкіл экономикада болып жатқан құбы­лыстарды зерттейтін мамандар қажет. Ке­ңес кезіндегі Госбанк әлемдегі ең мықты банктердің бірі еді. Неге десеңіз, онда кәсіби мамандар, үлкен  ғалымдар жұмыс істеді.  Барлық құбылысты зерттейтін бедел­ді ғылыми-зерттеу институттары болатын. Ал бізде ондай жоқ. Есесіне, қаржы сала­сын­да омбудсмен, қаржыгерлер қауымдас­тығы сияқты құрылым көп. Олардың бәрі сол саладағы күрделі мәселелерді зерттеп, анықтап, ұсынысын айтуды жөн көрмейді. Жасыратыны жоқ, бізде кемшілікті айту, ұсы­ныс жасау деген мемлекетті, халықты һәм билікті сыйламау деген түсінік қалып­тасқан. Керісінше, кемшілікті дер кезінде анық­тап, оны жою азаматтық борышың емес пе?! Кез келген дертті басталып келе жатқанда емдесе, соғұрлым тез сауығып кетпей ме? Бұл да сол сияқты.

– Кеден одағының, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құры­луы­мен елімізге шетелдік банктер қаптайды деген қауіп те жоқ емес. Сырттан келген банктердің отандық нарықты жаулап алуына жол беруге бола ма?

– Шетелдік банктердің келуіне, жалпы, қарсы емеспін. Бірақ мұның шекарасын сақ­тау қажет. Олар нарыққа кіру үшін бас­тап­қыда өз қызметінің бағасын төмендетіп, депозит пайызын көтереді. Сөйтіп, бүкіл клиентті жинап алып, біздің қаржы саласы жойылғаннан кейін бағасын көтеруі мүмкін.  Иә, бәсеке көрігін қыздыру үшін шетелдік банктердің келгені дұрыс. Бірақ біз ұлттық қаржы саласын жоғалтып алмауымыз керек. Егемендікті алғаннан кейінгі ең үлкен мақсатымыз – еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету болса, ол үшін егемен қаржы саламыз болуы қажет.

Осы орайда айта кетейін, бүгінде банк саласында кездейсоқ адамдар көбейіп кет­ті. Банк саласын бес саусағындай білетін мамандар емес, тек қана пайда табу, ко­ман­да принципімен жиналған азаматтар. Олардың мақсаты – халықтың жағдайын ойлау емес, Қазақстаннан пайда табу, шетелге кету. Осыған жол бермеуіміз керек.

– Соңғы кезде ірілі-ұсақты сауда және қызмет көрсету орын­дарында рos-терминал орнатуға қатысты пікірталас көп. Тіпті сол құралды орнатуға банктердің өзі дайын болмай отыр. Сіздің осы жөнінде пікіріңіз қандай?

– Мен мұны қаржы саласының күрделі мәселесі деп ойламаймын. Бірақ не нәрседе де асыра сілтеу,  асығу болмау керек. Бұл – бірте-бірте, эволюциялық даму жолымен орнына келетін дүние. Сондықтан бұған асы­ғыстық жасаудың қажеті жоқ сияқты. Біріншіден, біз оған дайын емеспіз. Екінші­ден, халықтың бәрінде ондай мүмкіндік жоқ. Бәрі де халықтың бүгінгі өмір сүру деңгейіне сай болуы тиіс. Шетелден жақсы тәжірибе алған дұрыс. Бірақ оған даму деңгейіміз, халықтың менталитеті жетпей жатса, асығудың қажеті шамалы. 

– Кейбір экономистер маман­дан­дырылған банктер ашу керек­тігін айтып жүр. Мәселен, ауыл шаруашылығы банкін. Мұндай банктерді ашу қаншалықты тиімді болар еді?

– Ең әуелі мына мәселеге тоқтала кете­йін. Қарап отырсақ, соңғы 10-15 жылда бірде-бір жаңа банк ашылған жоқ. Бізде банк туралы заң бар. Бірақ заңға сәйкес бірде-бір банк ашылмайды. Бұл әкімшілік тәсілмен тежеліп отыр ма деймін. Ол да бәсекеге кедергі. Экономика да өзінше бір өмір. Өмірден кетіп жатқан банктер де бар. Келіп жатқан банк жоқ.  Біз өлуге жақындап қалған банктерді тірілтуге соншама күш саламыз. Осы мәселеге де көңіл бөлу керек.  Шынында да, неге мемлекеттік маман­дан­дырылған банктер ашылмайды? Жасыра­тыны жоқ, ауыл шаруашылығы банк сала­сы­нан айдалада қалып қойды. Оны бәрі біледі, бірақ оңтайлы шешім жоқтың қасы. Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы банкі жоқ мемлекет біз ғана. Себебі барлық саладағы қаржы мәселесін несиелік серіктестік сияқ­ты майда мекемелер шешеді деп ойладық.  Бірақ уақыт өтті. Инновациялық, иннова­ция­лық-индустриалдық қор сияқты инсти­тут­тардың барлығы тиімсіз  жұмыс істеді. Сондықтан әр салада мамандандырылған мем­лекет­тік банк болуы керек. Оған жекеменшік бармай жатса, сол салаға бару мем­лекеттің міндеті емес пе. Мемлекет бар­ма­ған салаға жекеменшік қалай барады. Мем­лекетке тиімсіз дейді, онда жекемен­шік­ке тіпті тиімсіз.

Ауыл шаруашылығында шешілмей тұрған бір мәселе – ауа райына байланысты сақтандыру. Бұл – біздің жеріміз. Жақсы ма, жаман ба, ата-бабадан қалған жеріміз. Құбылмалы ауа райын есепке алып, жұмыс істеуіміз керек. Егістікке байланысты сақтан­дыру міндетін жекеменшік сақтандыру компаниялары өз қызметіне алады деген дұрыс түсінік емес. Осы мәселені шешу үшін үлкен мемлекеттік сақтандыру қорын құру қажет. Оған ауыл шаруашылығымен айна­лы­сатын барлық мекеме белгілі бір мөл­шер­де өз қаражатын салып тұрады. Ол не үшін керек? Ауа райы қолайсыз болған жылдары қордағы қаржымен  аналардың шығынын жабады. Екіншіден, мемлекеттік қорда сақтандырылды деген полисің болса, қай банк болса да несие береді. Себебі берген қаржысы қайтпай қалады деп қорықпайды.  Өйткені сақтандыру полисі бар.  Сонда жылдың басында қиналмай несие алады. Қолайсыз жылдары қордың қаржысы жетпей қалуы мүмкін деушілер де табылар.  Шынында да, қиын жылы қордың шығыны көбейіп кетуі мүмкін, сол үшін мемлекет қорға  ұзақ мерзімге несие беруі керек. Бірақ өмірдің өзі көрсеткендей, жылда қуаңшылық, апат болмайды ғой. Бір жылды бірi келіп жабады. Мемлекеттік сақ­тан­дыру қорында шығыннан гөрі, пайдасы  көбейеді. Түптің түбінде мемлекеттік сақ­тан­дыру қоры 10-15 жылдың ішінде ауыл шаруашылығына арналған,  қолайсыз ауа райы жағдайына бейімделген мықты мемлекеттік қорға айналуы мүмкін. 

Бұл  – үкіметтің жұмысы.  Мұндай мем­ле­кеттік қор құрылса,  онда жиналған қар­жы комбанкте емес, Ұлттық банкте сақталуы қажет. Ол мемлекет қаржысының сақталуы­на септігін тигізсе, екінші жағынан, сақтан­ды­ру полисін алғандар қуаңшылық жыл­дары несиесін қайтара алмаса,  онда әлгі қор қайтарады. Салалық банктерге қатысты менің ұсынысым осындай.  

Сондай-ақ ауыл шаруашылығына несие беру туралы айтқанда кейбіреулер Кеңес үкіметін еске алады. Ол кезде жылдың аяғын­да қайтпаған қаржыны жабады, яғни «списание» жасайды дейтін.  Бұл – жаңсақ пікір. Кеңес үкіметі кезінде осындай қордың есебінен жауып отырған. Бірақ істің бәрі Мәскеуде жүргізілетіндіктен, мұндағы адам­дар механизмін білмеуші еді. Қордың есебінен жапқан шығынды жергілікті халық «списаниеге кетті» дейтін. 

– Дұрыс екен. Ал енді Бейсенбек аға, жұртты толғандырып жүрген тағы бір сұрақ. Девальвация бола ма?

– Меніңше, девальвация болмайды. Теңге сәл-пәл құнсыздануы мүмкін. Бірақ оған фундаменталдық себептер жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет.



Оқшау ой

Ауыл шаруашылығында шешілмей тұрған бір мәселе – ауа райына байланысты сақтандыру. Бұл – біздің жеріміз. Жақсы ма, жаман ба, ата-бабадан қалған жеріміз. Құбылмалы ауа райын есепке алып, жұмыс істеуіміз керек. Егістікке байланысты сақтандыру міндетін жекеменшік сақтандыру компаниялары өз қызметіне алады деген дұрыс түсінік емес. Осы мәселені шешу үшін үлкен мемлекеттік сақтандыру қорын құру қажет. Оған ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық мекеме белгілі бір мөлшерде өз қаражатын салып тұрады. Ол не үшін керек? Ауа райы қолайсыз болған жылдары қордағы қаржымен  аналардың шығынын жабады. Екіншіден, мемлекеттік қорда сақтандырылды деген полисің болса, қай банк болса да несие береді. Себебі берген қаржысы қайтпай қалады деп қорықпайды.  Өйткені сақтандыру полисі бар. Сонда жылдың басында қиналмай несие алады. Қолайсыз жылдары қордың қаржысы жетпей қалуы мүмкін деушілер де табылар.  Шынында да, қиын жылы қордың шығыны көбейіп кетуі мүмкін, сол үшін мемлекет қорға ұзақ мерзімге несие беруі керек. Бірақ өмірдің өзі көрсеткендей, жылда қуаңшылық, апат болмайды ғой. Бір жылды бірi келіп жабады. Мемлекеттік сақтандыру қорында шығыннан гөрі, пайдасы  көбейеді. Түптің түбінде мемлекеттік сақтандыру қоры 10-15 жылдың ішінде ауыл шаруашылығына арналған,  қолайсыз ауа райы жағдайына бейімделген мықты мемлекеттік қорға айналуы мүмкін.





Көрілген: 2250    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 30.10.2013, 12:45

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31