Дат!

Байқоңырдағы халық денсаулығы ғарыштан да жоғары тұруы тиіс

  • Байқоңырдағы халық денсаулығы ғарыштан да жоғары тұруы тиіс

    Байқоңырдағы халық денсаулығы ғарыштан да жоғары тұруы тиіс

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:


– Сенатор мырза, сіз Парламентке кел­­генге дейін Мұхамедов едіңіз, деп­у­тат болғаннан кейін бірден тегіңізді Бақ­тияр­ұлы етіп ауыстырдыңыз. Бұған не се­беп? Сонымен қатар оқырман қа­уым­ды «тегін неліктен депутат болғанға дейін түземеді екен» деген сауал қызық­ты­рады.

– Қазақ елі тағдыр талайына қарай Ресей им­периясының құрамына кіргелі орыс шон­жар­ларының бірінші қолға алған ісі текті құр­ту болатын. Қазақтың тегінің бұрмалануы, «ұлы»-ның орнына «-ов», «-ев» деп жал­ғау­дың тарихы содан басталып кеткені ақиқат. Бел­гілісі – ол заманда қазақ байларының өзін­де ешқандай құжат болмаған. Сон­дық­тан да Мәскеу, Петербордың мұ­ра­ғат­та­рындағы құжаттардан қазақтарға осындай жұр­нақ еріксіз тағыла бастағанын байқауға бо­лады. Кейіннен Кеңес Одағы орнаған тұста қа­зақ, қырғыз, өзбек, тәжік арасында текке орыс­шаланатын «-ов» пен «-ев»-ті жалғау нау­қаны онан сайын белең алды. Бұған ба­ғын­бай, тегіне басқаның жалғауын қоспай та­за ұстаған – тек Грузия мен Армения және түр­кітілдес әзірбайжандар ішінара ғана. Аталған елдер отарлаушы патшалық қа­лып­тас­тырған, кейіннен Кеңес Одағының сая­са­ты одан әрі тереңдете түскен үрдісті біраз жұрт мойындамады. Ішінара болмаса, не­гі­зінен, өздерінің ататектерін сақтап қалды. 1939 жылы Кеңес Одағына Прибалтика ел­де­рі қосылып еді, бұлар да орысша текке пыс­қырған жоқ. Ғасырлар бойы қалыптасып біт­кен өздеріне тән тектерімен келе жатыр. Ал қазаққа келсек, бір кездері еріксіз та­ғыл­ған «-ов»-қа қарсы Алаш зиялылары ашық қар­сылық білдіргені, өзіндік жолды ұстану ту­ралы мәселелер көтерілгені белгілі. Алай­да кейінгі қызылдар саясаты мұндай дең­гей­де мәселе көтертпек тұрмақ, ұлт қай­рат­кер­ле­рінің өз басын аман алып жүруі де мұңға ай­налған еді. Дегенмен қанша шектен шық­қандық болса да, орыстың жалғауын жа­ратпай, өз тегінен ажырамаған бабала­ры­мыз­дың бар болғанын білеміз.

Сауалға келсек, адамға есім берілгеннен ке­йін оның аты, әкесі, атасы кім екені белгілі бо­луы керек және бұл жүйелі болуы шарт. Барлық өркениетті елдерде бұл дұрыс жолға қойылып, жүйелі түрде қалыптасқан. Менің 2011 жылдың маусым айында Әзірбайжан елі­не жолым түсті. Ол елдің парламентінде бол­ғанымда күллі депутаттар мен сонда жұ­мыс істейтін қызметкерлердің аты-жөні ұлы, қы­зы болып жазылғанына көзім жетті. Күні ке­ше кеңестің бір шинелінде болғанымызға қа­рамастан, дәл осы мәселеде арамыздағы айыр­машылық айтарлықтай еді. Бірде-бі­ре­уінде «-ов, -ев» деген жұрнақ болмағанына, шы­нымен, қайран қалдым. Сосын бір де­пу­таттан әңгіме арасында осыны сұрасам, «Тә­уел­сіздік алғаннан кейінгі бірінші мәселе – те­гімізді өз тілімізге көшірдік» дегенді айт­ты. Бұл – Әзірбайжанда мемлекеттік дең­гейде қарастырылған жағдай. Бірен-саран аза­маттар болмаса, оларда «-ов» пен «-ев»-ті жа­лғағандар некен-саяқ. Бұл да маған үлкен ой салды. Көршілес Өзбекстанда да адамның аты-жөніне баса мән беріле бастады. Қазір аза­маттары орысшаланған текті алып тастап, тұ­тастай өзбекшеге көшіріп жатыр.

Жалпы, тегімді қазақшалау бұрыннан ойым­да жүрген мәселе болатын. Әлгі жағ­дай­дан кейін бірден осыған кіріспекші бол­дым. Әйтсе де мұнда тағы алдымыздан жү­йе­сіздік шығады. Мәселен, мен тегіме «ұлы» де­генді қоспай-ақ, Мұрат Бақтияр десем бо­латын еді. Бірақ солай ауыстырсам, атым кім, тегім қайсы екені белгісіз болып қала­тын­дай көрінді. Сол жағы ыңғайсыздау бол­ған соң, төлқұжатты Мұрат Бақтиярұлы деп рә­сімдеуге тура келді. Менің ойымша, біздің қазақ халқы үшін тиімдісі осы болуы керек. Арғы тегімді көрсеткен жоқпын. Бұрынғы тегім Мұхамедов болған. Мұхамед – менің ал­тыншы атам. Атамыздың ұрпақтары оның есі­мін 150 жылға жуық тегімізге тиек етті. Де­генмен де «-ов»-тан құтылу үшін өзімді ға­на емес, бала-шағамның да тегін Бақтияр деп қайта ауыстырдым. Мұны ұлтшылдық деп қарастырғаннан гөрі қазақтың төл ата­те­гінің жазылу үрдісінің қалыптасуы деп тү­сін­ген жөн. Қазіргі уақытта көптеген азамат те­гін түзетіп жатыр. Кейінгі толқын дүниеге келген нәрестесіне құжат рәсімдегенде он­дай жалғаудан тыйыла бастады. Бұл – жур­налист-жазушы қауым арасында да кеңінен бе­лең алған жағымды үрдіс. Дегенмен мұны мемлекеттік деңгейде қарайтындай заңдық тұрғыда қалыптасқан дүниеміз әлі жоқ. Түбі осыған біздің біржола келетініміз анық. Қа­зір тегіне «-ов», «-ев»-ті жалғап құжат ала бе­руге де болады. Бұл – әркімнің өз ық­тия­рын­дағы шаруа. Жолдастарымның не­ме­ре­ле­рінің тегі әлі күнге баяғыша толтырылған. Сон­дықтан жүрген жерімде текті қазақшалау жа­ғын насихаттап жүремін.

– Жалпы, үрдіс бар екені анық қой. Де­генмен текті қайта рәсімдеу үшін көп­ші­лік жұрт қағазбастылықтан қашатыны бел­гілі. Бірнеше құжат жиып, қағаз тол­тырып, одан қалса тұлғаның атына бе­ріл­ген диплом, атақ секілді құжаттарды ауыстыру тағы бар. Осы жағы сізді де біраз әуре-сарсаңға салған шығар?

– Тек мәселесін насихаттап жүріп мен де осын­дай әңгімелерді жиі естідім. Ниет­тен­беген адамға сылтау да, себеп те жетіп-ар­ты­лады. Ең ақыры «уақыт жоқ» дегенге са­ла­тындар бар. Ендеше, бар мәселе – ынтада. Өз басым барлық құжатымды заңды түрде рәсімдеп, төлқұжатым мен шетелге шығатын құжатымды ғана ауыстырдым. Соншалықты уақытым кетті, қалтамнан шығындандым, шар­шатты деп айта алмаймын. Ғылым док­то­ры атағым бар. Осы секілді менің атыма жа­зылған атақтарымның барлығы үшін анық­тама қағаздарын берді. Шындығында, осы мәселелер айтарлықтай көп уақыт ал­майды. Тек адамда ынта мен жігер болса бол­ғаны. Бұл орайда текті түзетіп жазуды аза­маттық ұстаным мен ұлттық сезім арқылы сезіне білу керек дегенді айтар едім.

– Парламенттегі қызметіңізге келсек. Өткен жолы Байқоңырдағы жағдайға қа­­тысты сауал жолдап, Үкімет тиісті ше­шім қабылдаса дегенді алға тарт­ты­ңыз­дар. Жалпы, Ресей жалға алған Бай­қо­ңыр­­дың қазіргі ахуалы ең өзекті мә­­­се­ленің бірі болып отыр. Зымыран ұш­­­­қан сайын Қызылорда өңірінің тұр­ғын­дары зардап шегумен келеді. Бұған қатысты ел Үкіметі жалға алушы тарапқа өз талабын неліктен орындата алмай отыр?

– Байқоңыр қаласы – ерекше мәртебеге ие қала. Өйткені бұл екі мемлекеттің ара­сын­д­а келісімшартқа байланысты ғарыш айлағы Ре­сейге ұзақ мерзімге жалға берілген. Осы үшін жылына Қазақстанға 115 млн доллар кө­лемінде қаржылай және әскери тех­ни­ка­мен көмек береді. Менің байқауымша, осы тұста өте қызық парадокс қалыптасқан. Бай­қоңырдың әлеуметтік нысандары ретінде мек­теп, балабақша, ауруханаларды Қазақ­стан салып береді. Оны жалға Ресей қа­был­дап алып, ары қарай ұстап тұруды өз мін­де­тіне алады. Алайда осы арада да кедергі бо­ла беретін проблемалар жетерлік. Мәсе­лен, Қызылорда облысы әкімінің орын­ба­са­ры болып жүргенімде біз екі-үш әлеуметтік ны­санды облыс бюджетінен салып берген едік. Алайда жеме-жемге келгенде сол ны­сандарды Ресей жағы қабылдамай қойды. Не­ге? Қазақстандық талап бойынша ны­сан­ның барлығы өз орнымен, ешқандай мінсіз салынған. Алайда ресейлік стандарттар бо­йынша нысандар құрылыс талабына сәйкес кел­мейді деген сылтау шықты. Екіншіден, Бай­қоңыр қаласында оқытылатын мектеп бағ­дарламасы бұған дейін ресейлік болып, енді ғана қазақстандық стандартқа көшіріліп жатыр. Бұл – Білім және ғылым ми­нистр­лігінің кемшілігі. Бұған дейін онда оқитын оқу­шылар «Біздің Президент – Н.Назарбаев пен В.Путин» деп қатар айтып жүрді.

– Әлеуметтік алшақтықтар да бар­шылық қой?

– Ол да бар. Байқоңыр ғарыш айлағында әс­кери зымырандардың ұшыруына бай­ла­нысты жұмыс істеп жатқан ресейліктердің ай­лығы қазақстандықтармен салыстырғанда өте жоғары. Сонымен қоса ресейліктерге бе­рілетін әлеуметтік пакеттері тағы бар. Он­дайды ерекше аймақта жұмыс жасайтын қазақстандықтар өмір бойы алып көрмеген. Жалпы, Байқоңырдың айналасында Ақай деген елді мекен пайда болып, Төретам бір­неше есеге дейін ұлғайды. Бұрынғы шағын стансыда бүгінде 13 мыңға жуық халық тұ­рады. Бұл солтүстік облыстардағы бір ау­дан­ның халқына парапар. Түптеп келгенде, олар­дың барлығы – Байқоңырға жұмыс іс­теу­ге келгендер. Себебі Төретам мен Ақай­дағы тұрғындардың өз алдына күнкөріс көзі жоқ. Себебі мал баға алмайды. Айна­ла­сын­дағы жерлердің барлығы Ресейге жалға бе­ріл­ген, аттап шыға алмайды. Екіншіден, жа­ңа­ғы елді мекенде жұмыс көзі мүлдем жоқ, қа­зақстандықтар үшін әлеуметтік ны­сан­дар: мектептер мен балабақша, ауруханалар ға­на жұмыс көзі болып табылады. Соңғы уа­қыттары шағын кәсіпкерлік енді-енді сер­піліп жатыр. Дегенмен Байқоңырға келіп жұ­мыс істейтіндердің қалаға кіріп-шығуы, бе­кеттен рұқсат алуы бар – осының барлығы Қазақстан азаматтарына кедергісін тигізіп отыр. Сосын Ресей мен Қазақстанның заңы бөлек болғандықтан, жергілікті тұрғындар жал­ға алушы елдің тәртіп сақшыларына, әкім­­шілігіне барынша өкпелі. Іргелес жатқан Төретамдағы ауызсу, жұмыссыздық – бар­лығы 20 жылда одан сайын қор­да­ланып кетті. Осы жағын біздің Үкімет естен шы­ғармауы керек.

– Шілдеде құлаған протонның сал­да­рынан ауаға кең көлемде тараған гептил ай­маққа өз кесапатын тигізіп отырғаны белгілі. Гептилдің залалы көп бола тұра, жалға алушы ел неліктен зымыранды осы отынмен ұшырып отыр?

– Соңғы жылдары Ресей Байқоңырдан зы­­мырандарды тек гептилмен ұшыратын бол­ды. Бұл – көз жұмып отыратын жайт емес. Геп­тил – қоршаған ортаға залалы зор, өте улы отын. Бұл туралы Ресей ғалым­да­ры­мен сөй­лескенде гептилмен тек Кеңес үкі­меті ке­зіндегі атом бомбаларын таситын СС-20 деген зымырандардың ғана ұшы­ры­латынын білдік. Оның өзінде әскери мақ­сатта қол­да­ныл­ған екен. Кезінде Гор­ба­чев билік басына кел­ген тұста Варшава ке­лі­сі­міне қол қойып, әс­кери мақсатта ұшы­ры­латын зымыранға бі­раз шектеу салынған еді. Нә­тижесінде, аса қа­уіпті СС-20 зымырандары қой­маға қа­мал­ған еді. Енді арада біраз уа­қыт өткенде мұны қайта пайдаланудың қа­жет­тілігі туып, сон­дық­тан Ресей осындай қа­дамға барды. Көк­ке гептилмен ұшатын бұл зымыранның 97 па­йызын өзінің салмағы мен отыны құрайды. Қал­ған үш пайызы ғана орбитаға жеткізілетін техника болып та­бы­ла­ды. Осының өзінен-ақ геп­тилден бір Бай­қоңыр ғана емес, тұтас қа­зақ даласы зиян кө­ріп отырғанын білсек етті. Оның ішінде соң­ғы 20 жылдың көлемінде гептил отынымен қан­ша мәрте зымыран ұшы­рылды. Ұшуымен қоймай, протондар Қа­­рағанды облысының Қарқаралы, Ұлытау аудандарына құлады.

Зымыран гептилмен ұшатындықтан, көк­ке 1 мың тоннаға жуық ауыр салмақпен кө­те­ріледі. Сосын орбитаға жеткенше жерге көп мөлшерде гептил қалдықтары түседі. Кейбір мәліметтер бойынша, 10 жыл кө­ле­мінде Қазақстан аумағына 2,5 мың тонна геп­тил төгілген. Бір миллиграмм гептилдің өзі үлкен аумақты улайтынын ескерсек, әл­гі­нің залалын көз алдыға елестетудің өзі қор­қынышты. Мамандардың пікірі бойынша, ең бі­рінші, гептил жерге сіңіп, шөп, ауа арқылы адамның ағзасына әсер етеді. Ең бірінші ба­уыр­ды құртады, қатерлі ісік ауруының пайда бо­­луы да – осыдан. Соңғы жылдарда Қы­зыл­­ор­да облысында ақыл-есінде кемістігі бар, мүм­кіндігі шектеулі жандар көбейіп ке­ле­ді. Соң­ғы 15 жылдың көлемінде шала туыл­ған ша­раналар күрт көбейіп кеткен. Ба­ла туу жа­сындағы әйелдердің 70 пайызы ане­миямен ауы­рады. Байқоңыр, Қазалыда мұн­дайлар өте көп. Қаны аз ана дүниеге сау ұр­пақ әкел­мей­ді. Қарағанды облысының Қар­қаралы, Ұлытау аудандарына зымыран құ­лағаннан кейін тұрғындарды тексергенде адам­дардың қан қысымынан басқа да ау­ру­лар­дың кө­бе­йіп кеткені дәлелденді. Соңғы 20 жылдың ішін­дегі апаттардың ең зоры өт­кен шілдеде орын алғаны да рас. Сондағы апатта 600 тон­на гептилдің басым бөлігі ауа­ға тарап кетті. Ал гептилдің бәрі апат кезінде жа­­нып кетті дегенге кім сенеді?! Бұл – бір мә­­селе. Екін­ші жағынан, Қазақстандағы мүд­­делі ор­ган­дардың құзырсыздығы. Мы­салы, жазда Испанияда пойыз апатқа ұшыр­ғанда үкімет басшысы сол жерден табылды. Ре­сейдің өзін­де қай аумақта төтенше жағдай орын ал­са, жауапты шенеуніктер сол тө­ңі­рек­тен та­бы­лады. Ал бізде ше? Апат орын алы­сымен ми­нистр сол тұстан табылуы шарт еді. Олай бол­ған жоқ. Неге? Сұрақ көп. Үкі­мет­тік ко­мис­сия құрылып, ол топ міндеттерін бел­­гілеп, сосын әне-міне деп кірісіп бол­ған­ша бір ай уақыт өтті. Ендеше, бүгінгі атқа­ру­шы би­ліктің Байқоңырдағы апат жағдайына қан­­дай көзқараспен қарап отырғанын осы­дан кейін-ақ білуге болады. «Залал­сыз­дан­дырып жатырмыз» деп кабинетте мәлімдеме жасағаннан гөрі құзырлы орган басшылары ха­лықпен жүзбе-жүз кездесуі, оқиға ор­нында әңгімелесіп, сұхбаттасып, түсіндіру жұ­мыстарын жүргізуі керек еді. Мәселенің бұлайша орын алғаны өте өкінішті.

– Апаттан кейін шыққан оң қоры­тын­ды бар ма?

– Төретам, Ақай секілді елді мекен­де­р­дегі халықтың басым бөлігі әлі де алаңдаулы. За­лалсыздандырып, адам аттап бас­пай­тындай қоршауға алынғанымен, жұрттың геп­тилден үрейі ұшып отыр. «Денсаулыққа қатысты өтемақы неге алмаймыз? Зымыран елді мекенге құлағанда не болатын еді? Мем­­лекет неге осыны қарастырмайды?» де­ген мәселелерді жұртшылық алға тартады. Бұл дұрыс емес пе?

Екіншіден, Ресейдің Байқоңыр ғарыш ай­ла­ғынан зымырандарды гептилмен ұшыр­мау туралы мәселесі баяғы ашық күйінде қал­ды. Бұл мәселе осы күйінде қала берсе, проблема әлі де күрделене түседі. Сондықтан еліміздің осы жағынан келгенде біржақты әрі нақты бағыттағы ұстанымы болуы керек. Байқоңыр Қазақстанға да, Ресейге де керек. Өйткені ғарышты игеруде Байқоңырдан асқан тиімді айлақ жоқ. Алайда онда тұрып жатқан халықтың денсаулығы ғарышпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары тұруы керек. Яғни аймақтың экологиясы ғарыштық мәселелерден бірінші кезекте тұруы тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, Ресейге геп­тил­мен ұшыратын зымырандарды шектеуге қа­тысты міндеттеме жүктелгені дұрыс болатын еді. Өкінішке қарай, ондай мәселенің ауылы әлі алыста секілді. Қазақстан мен Ресейде геп­тилдің таралуын, оның залалын зерттеу ой­дағыдай іске аспай отыр. Қай жерге көп төгіліп сіңіп кетті? Қай жерді за­лал­сыз­дан­дыруға болады? Қазақстанда осыны зерт­тей­тін зертхана да, арнайы мамандар да жоқ. Қазақстан тарапы осылай өз дегеніне көн­­діре алмай жатқанда, бұған бүгілетін Ре­сей­ді де көріп отырған жоқпыз. Ресей «геп­тил­ден зардап шегіп, сырқаттанған адам­дар­дың дертін дәлелдеңіздер, біз соған орай өтемақы төлейік» дегенді алға тартып отыр. Мұның өзі де – парадокс. Гептилдің аса улы екенін Ресей мойындайды, бірақ мойындай келе, оның залалын көтергісі келмейді. Сосын екі ел арасында жасалған келісімшартта өтемақы төлеу туралы мүлдем жазылмаған. Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық комитетінің төрағасы аймаққа барғанда «барлығы дұрыс, ойда­ғы­дай» деп кері қайтты. Менің ойымша, бұл жер­де «жайылып жастық» болудың жөні жоқ еді. Жергілікті халықтың мүддесі, ден­сау­лығы бірінші кезекте тұруы керек еді. Егер сол зымыран Ресейге құласа қалай болар еді? Болмаса гептил Еуропаның бір мем­ле­ке­тінің шағын бөлігіне төгілсінші, соңы не бо­луы мүмкін еді?! Халықаралық деңгейдегі мәселе көтерілетін еді. Ал біз болсақ, 600 тонна гептил төгілгенде де үнсіз отыра бе­ре­тіндейміз. Үшіншіден, азаматта­рымызды сақ­­тандыру мәселесін қарастыру қажет. Қа­уіпті жағдайда отырған азаматтардың өмі­рі сақ­тандырулы болуы тиіс. Егер зы­мы­ран ауыл ор­тасына құласа не болады? Мың­да­ған адам­нан айырылар ма едік?! Сон­дық­тан Бай­­қоңырдан ұзамай құлағанына шү­кір­шілік етіп қана отырмыз. Алайда шү­кір­шілік етіп отыра беру деген болмайды. Қа­зақстан тарапынан сақтандыру қолға алынып және оның қаржысын міндетті түрде Ресей төлеуі керек. Өйткені жалға алушы ел апат жағдайында кінәлі болып саналады. Төр­тіншіден, зертхана мәселесі бар. Қызыл­ор­да мен Қарағанды облысында мамандар арнайы зерттеумен айналысып, мониторинг жүр­гізіп отыратындай болуы керек. Қа­зақ­станда қанша айтылғанымен, осы жағы дұ­р­ыс жүргізілмей келеді. Мысалы, сол ре­сей­лік тараптың өзіне ғана гептилдің жергілікті ха­лыққа тигізіп жатқан әсерін дәлелдеу үшін мониторинг жасай алған жоқпыз. Зымыран ұша салысымен Қызылордада кемінде төрт-бес күн бойы ауа райы бұзылып, қатты жел тұрады. Ол жел Қызылордадан асып, Шиелі, Жаңақорғанға дейін жетсе, солтүстік жағы Аралдан әрі асып, Ырғызға дейін барады. Көктем айларында шөпті желмен кептіріп жібереді. Соңғы он жылда дәл осындай мә­се­лелер қалыпты құбылысқа айналды. Жаз бен күз айларындағы аптап ыстық кеңезені кептіреді. Бұрын ең ыстық нүкте Жетісай, Түркістан қалалары болатын. Бүгінде Қызыл­орда облысында ыстық 50-52 градусқа дейін жетіп отыр. Өйткені зымыранның әсе­рі­нен аспанымыз шұрқ тесікке айналды, күн сәулесі ауа қабатының тесігінен ыстықты төгіп тұратын болды. Осының өзі адам ағ­за­сына тікелей қатты әсер етеді. 10-15 жыл кө­лемінде қан тамырлары аурулары, ин­фаркт алу ауа райының өзгеруіне орай тым жиілеп кетіп отыр. Аралдың құрғауы бір бө­лек, зымыранның жаз айларында ұшырылуы кері әсерін тигізуде.

Қызылорда бұрын климаты қолайлы об­лыс болып саналатын. Қазір түбегейлі өз­герді. Бұл адамнан бөлек өсімдіктер мен жан-жануарларға кері әсерін тигізді. Жер­гі­лікті ғалымдар да мұны растайды. Облыстың жеті ауданы мен Ақтөбе облысының екі-үш ауданына апат аймағы мәртебесін берумен қатар, оған Байқоңырдың қосылуы – өте қиын жағдай. 2006 жылы Қармақшы ауда­ны­­на жа­қын маңға зымыран құлап, апат орын ал­ды. Қазір осы ауылдың халқының жар­­тысы кө­шіп кетті. Кезінде малды ауыл са­на­лып, жайқалып отырған елді мекеннің ос­ылай тоз-тозы шыққаны қиын, әрине.

Ендігі көтеріліп жатқан мәселе – Байқо­ңыр­­ды ту­ризм­нің орталығына айналдыру. Бұл – Қазақ­стан­ның жұмысы. Үлкен ту­ризм­нің ордасына ай­налса, Байқоңырда ин­фра­құ­­­ры­лым жақ­сарар еді. Сервистік орта­лық­тар салу мен қо­нақүйлер құрылысын мем­­ле­ке­ті­міз ат­қа­руы қажет. Ресей бізге 115 млн дол­лар беріп отыр­ғанымен, ғарышқа ту­­­рис­тік сапар ре­тін­де бір адамды ұшыру ба­ға­­­сы­ның өзі 40 млн дол­ларды құрайды. Сон­­­дықтан жалға алу ақысы бұл жерде екі ел үшін де тиімді болуы тиіс. Бір сөзбен айт­қан­­­да, Қазақстанға бұл со­мадан эко­но­ми­ка­­лық тиім­ділігін көріп отыр­ған жоқпын. Эко­­­ло­гия­лық жағынан мүл­дем тиім­сіз. Ең ақыр аяғы Бай­қоңырдағы аза­маттар ға­­рыш­тың рақатын көріп отыр ма? Осыны ойласақ екен.

– Байқоңырды мерзімінен бұрын ерте қайтаратыны туралы әңгіме қоғам­да жиі айтылады. Бұл әзір болуы мүмкін жағдай ма?

– Ресей өз елінде ғарыш айлағын салып жатыр. Соған қатысты мұндай әңгімелер ай­тылады. Бірақ Байқоңырды қайтарған уа­қыт­та оны кімдер игереді? Бар кілтипан осында тұр. Сол уақытта біздің мамандар осы орталықты ұстап қалуы керек. «Қаз­ға­рыш» орталығы бар болғанымен, өкінішке қарай, біз олардың мардымды жұмысын көріп отырған жоқпыз. Осы уақытқа дейін даярланған мамандарымыз қайда? Бізде ертең жұмыс істейтін мамандар қалуы керек. Қаңырап бос қалғаннан кейін Байқоңыр айлағы талан-таражға түсуі әбден мүмкін. Ал өздеріне тиімді болып отырғандықтан Ресей де оңайлықпен бере салмасы анық.



Оқшау ой

Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты қалыптасты. Әлем бізді мемлекет ретінде мойындады. Бірақ мемлекет ретінде ең басты мәселе – тіл. Біз қанша жерден тілдің деңгейін көтергенімізбен, оның аясы кеңеюдің орнына тұралап қалды. Басқасын былай қойғанда, даму жағынан Қазақстаннан кейін қалып келе жатқан елдерде тілге деген құрмет жоғары. Әзірбайжан, Түрікменстан, Тәжікстанда тіл мәселесі мемлекеттік, ұлттық деңгейде мән берілген. Қазақстан көпұлтты, көпэтносты ел дейміз. Бірақ біздегі саяси элита қазақ тілін қабылдай алмай келе жатқаны өкінішті. Өйткені мемлекеттің атын иемденген халықтың тілі, өкінішке қарай, өз дәрежесінде қолданылмай келе жатыр. Айталық, Әзірбайжанда 11 телеарна бар. Барлығы тұтас мемлекеттік тілінде сөйлейді. Орысша телеарна таба алмайсыз. Тек шектеулі уақытта ғана орысша хабар береді. Бізде ше? Қазақ жерінде тұрып, халықтың 70 пайызы қазақ халқы бола тұра, телеарналарымыз 50 пайыз қазақ тілін қамти алмай жатыр. Осындайда экономикалық жағынан тәуелсіз болғанымызбен, рухани, тіл жағынан тәуелсіз емеспіз-ау деген ой қылаң береді...





Көрілген: 2356    Пікірлер: 0

сейсенбі, 08.10.2013, 11:46

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31