Дат!

Биыл да әлемдік бокс сериясында топ жаруды көздеп отырмыз

  • Биыл да әлемдік бокс сериясында топ жаруды көздеп отырмыз

    Биыл да әлемдік бокс сериясында топ жаруды көздеп отырмыз

Болат Манкенов, «Астана арландары» кәсіби бокс клубының жетекшісі:


– Болат аға, бірінші жылы «Астана арландары» ақтық сында айқасты. Келесі жылы жартылай финалға дейін жетті. Ал үшінші маусымда WSB дода­сының чемпионы атанып, барша жан­күйерлерін қуантты. Жалпы, өткен маусымға қандай баға бересіз?

– Былтыр біз өзімізді нағыз команда ретінде сезіндік. Ұжымда ондаған мем­лекеттің боксшылары жиналғанымен бәрі де команда үшін жұдырықтай жұмылып, барын салды. Ешкім де аянып қалған жоқ. Бапкерлер кеңесі де өз жұмыстарын тыңғы­лықты атқарып, әр жекпе-жекке өте сауатты тактика қолдана білді. Ал Астанада өткен финалдық жекпе-жектен кейін «Украина атамандарының» бас бапкерінің өзі келіп, қолымды қысты да, «сіздердің боксшыла­рыңыз жеңіске лайық болды. Мықты команда жасақтай біліпсіздер. Керемет», – деп мойындады. Бұдан артық маған қандай мақтау, қандай мәртебе керек?!

– Командада легионерлердің көп болғаны рас. Ұлттарына байланысты олардың әрқайсы­сы­ның мента­литеттері де өзгеше екені түсінікті. Осы орайда легио­нер­лер қазақ боксына не бере алды? Біздің жігіттер олардан не үйренді?

– Иә, рас айтасыз. Бәрінің де мен­талитеттері әртүрлі. Өздерінің діні, дәстүрі бар. Бірақ бір байқағаным, олар боксқа спорт деп емес, кәсіп деп қарайды. Сон­дықтан осы жұмысымнан айырылып қалмайын дегендей жаттығуларда барын салып жатады. Біреуінің аузынан «ауырып қалдым» дегенді естімейсіз. Ал бізде қалай? Біз «мен не бере аламын» деп емес, «маған не бере алады» деп ойлайтын сияқтымыз. Өзіміз артық еңбектенбейміз. Бізге мемлекет қарыздар сияқты жүреміз. Сәл бірнәрсе дұрыс болмай қалса болды, мемлекет кінәлі деп соны жазғырамыз. Қарапайым ғана мысал: үшінші маусымда өзіміздің боксшылар жаттығуларды жиі жіберіп алатын болды. Айтатын сылтаулары – сол: ішім ауырды, суық тиді, басым қатып тұр. «Ау, аналар киген киімді сен де киіп, басқалар жеген тамақты сен де жеп жүрсің ғой, қалай ауырып қалдың?!», – деп түсінбей дал боламыз. Содан кейін бізде сұрану деген көп. Біреу қайтыс болса да, біреудің туған күні болса да, біреудің әйелі босанып жатса да, сұрануға дайын тұрады. Ал легионерлерде ондай түсінік жоқ. Өзіміз жібермейінше, базадан бір қадам аттап баспайды. Өйткені бәрі келісімшартта көр­сетілген. Сенің міндетің жаттығу, жұды­рықтасу. Өкінішке қарай, біздің боксшылар басында келісімшартты жай ғана формал­ды қағаз деп түсінді. Шетелдіктерде ондай түсінік жоқ, еңбегіңе қарай өнбегін аласың. Осы орайда легионерлердің біздің қа­зақстандық боксшыларға үйреткені көп болды. Қазір шүкір, «Астана арландары» сапындағы қазақ болсын, өзге болсын, өзі­нің міндетіне өте ұқыпты, үлкен жауапкер­шілікпен қарайды. Бокстың тек спорт қана емес, кәсіп екенін де түсінді.

– Жасырмаймыз, биыл «Астана арландары» чемпион атанғанда бізде де, жанкүйерлерде де мына­дай күдік болды: «өз мақсат­тарына жетті. Енді команда келесі маусымда таралып кетпей ме?» деп уайымдадық.

 – Бірден айтайын, «Астана арландары» тарамайды. Биыл да әлемдік бокс серия­сын­да топ жаруды көздеп отырмыз. Жа­қын­да оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Оған 28 боксшы қатысты. Қазір қазақстандық майтал­мандардың арасынан кәсіпқой бокста атой салуға қауқары бар жігіттерді іріктеп жүрміз. Шілде айында аймақтық феде­рацияларға хат жолдап, өзіміздің көргіміз келетін боксшылардың тізімдерін жібердік. Кейбіреулері бірден жауап қатып, көмек­тесуге дайын екендіктерін білдірді. Кейбірі әлі үнсіз. Дегенмен команда толы­ғымен тек қазан айында Алматыда өтетін әлем чемпионатынан кейін толық жасақта­лады. Бір анығы, біз осы маусымда да жеңім­­паз атанғымыз келеді. Өйткені был­тырғы межеден түсіп қалғымыз келмейді. Оның үстіне, WSB додасында Рио де-Жанейро Олимпиадасының 30 ли­цензиясы сарапқа салынады. Соларға да таласамыз.

– Ендеше, биыл команданы қандай өзгерістер күтіп тұр? WSB додасы бұ­рын­ғыдай бес салмақ емес, он салмақ дәрежесінен тұратыны белгілі болды. Демек, командадағы боксшылардың да, бапкерлердің де санын көбейту керек екені түсінікті. Осы орайда қандай шаруалар атқарылып жатыр?

– Әлбетте, 10 салмақ дәрежесі болған­дықтан боксшылардың да санын көбей­туіміз керек. Сондықтан командада 30 бокс­шы болады. Тағы бесеуін резервке қоямыз. Содан сол 30 боксшыны үш топқа бөлеміз. Біріншісі – TOP-боксшылар, екін­шісі – ысылғандар тобы, үшіншісі — де­бю­тант­тар. Сәйкесінше, жалақылары да әркелкі болады. Оның барлығын ке­­лі­сім­­­­­шарт­та көрсетеміз. Егер дебютанттар өздерінің мықтылықтарын дәлелдесе, айлықтарын өсіріп, ысылғандардың қата­рына қосамыз. TOP-боксшыларға кім­дердің енетінін шешіп қойдық. Оның барлығы – WSB рейтингінде үздіктер қатарына енгендер. Атап айтсам, ең жеңіл салмақтағы Мейірболат Тойытов, Бағдат Әлімбеков, Мирас Жақыпов, жеңіл сал­мақтағы Самат Бәшенов, орта салмақтағы украиналық Сергей Деревьянченко, жартылай ауыр салмақтағы хорват Хрвое Сеп пен ирандық Эхсан Роузбахани және аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев, румын Михай Нистор, сондай-ақ тағы бір хорват Филипп Хргович. Бұлардың жалақылары 7000 АҚШ долларын құрай­тын болады. Сонымен қатар бапкерлер алқасын да кеңейттік. Өйткені 30 бокс­шыдан құралған командаға үш-төрт жаттықтырушының шамасы жетпейді. Массажшы, психолог дәрігерлерден бөлек, тағы бірнеше бапкерді бекітуді шештік. Яғни бас бапкер украиналық Сергей Корчинский мен оның көмекшілері – Бейбіт Есжанов, Леонард Пьетрай, Олег Ковальчуктің қатарына Нұрлан Ақүрпеков, Болат Жұмаділов, Александр Мартынов, Владимир Ким және Сергей Корчинскийдің ұлы Сергей Сергеевич Корчинский де қо­сылады. Ақүрпеков пен Жұмаділов көп­ші­лікке жақсы таныс шығар. Бірі – Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың жеке бапкері, екіншісі әлем чемпионы, Олим­пиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері. Ал Александр Мартынов – Ресейден келген білікті маман. Кезінде Кеңес одағы бойынша бокстан бапкерлерді жаттықтыратын екі-ақ мықты оқу орны болатын. Бірі – Киевте, екіншісі – Мәскеуде. Корчинский Киевтегісін тамамдаған болса, Мартынов Мәскеудегісінде білім алған. Жалпы, берері мол маман. Владимир Ким деген – алматылық жас жаттықтырушы. Өткен жылдан бастап көзімізге түсті. Өте еңбекқор. Рустам Рустамов пен Ромаш Щегринов сияқты боксшылардың жеке бапкерлері. Былтыр Корчинскийдің жа­нын­­да жүріп, біраз нәрсе үйренді. Алматы­дан өзі келіп, жаттығу процесін үнемі бақылап, үйреніп отыратын. Сон­дықтан биыл командаға шақыруды жөн көрдік. Ал Сергей Корчинскийдің ұлы кезінде өзі де боксшы болып, біраз биікке шыққан. Кейін жарақатына байланысты шаршы алаңнан қол үзіп, бапкерлікке бет бұрған.

– Сергей Корчинский — Италияның «Милан найзағайына» да, қазақтың «Астана арландары­на» жеңіс алып берген маман. Оған басқа клубтардан да ұсыныс­тардың түскені белгілі. Жалпы, оны командада қалуға қалай көндірдіңіздер?

– Онымен талай әңгімелесеміз ғой. Сонда маған үнемі, «Бәке, осы команданың ұнайтын жері – әркім өз жұмысын біледі. Біреудің жұмысына біреудің араласып жат­қанын көрмейсің. Боксқа деген көз­қарас­тарыңыз жақсы. Қазақстан бокс федера­циясының да атқарып жатқан шаруасы орасан. Мен де осы жобаның басы-қасында болып, бірге болсам деймін», – деп жатады. Сондай-ақ оның жалақысын екі есе өсірдік. Ұлын жаттық­тырушы етіп алдық. Осының барлығы Корчинскийдің командада қалуына себеп болды.

– Қазан айында Алматыда әлем чемпионаты өтіп, сол кезде WSB дода­сының драфты болады. Осы драфт кезінде командаға қанша легионерді алуды жоспарлап отырсыздар?

Драфтан ешқандай да легионер алмай­тын шығармыз. Биыл командада бес-ақ легионерді қалдыруды жөн көріп отырмыз. Олар: Сергей Деревьянченко, Филипп Хргович, Хрвое Сеп, Эхсан Роузбахани және Михай Нистор. Әлбетте, басқа легионерлерді де алып қалуға болар еді. Бірақ біз Рио Олимпиадасының жолда­малары өзгелерге емес, өзіміздің қаракөз­дерге бұйырғанын көздеп отырмыз. Неге осы бес легионер дейсіз ғой? Рас, былтыр «арландар» намысын қорғаған Константин Снигур мен Эрик Донован да шебер боксшылар. Бірақ, өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, мықтылармен жұдырық­тасқанда психологиялық тұрғыда жеңіліп қалады екен. Ал әлгі бесеуі – WSB рей­тингінің төрінде тұрған мықтылар. Өздерін дәлелдеді. Олар бізге қарсы шыққанша, бізбен бірге шықсын. Жалпы, осы бес легио­нерге тоқталдық. Қалғандары өзі­міздің өрендер болады. Сырттан басқа ешкімді шақырмаймыз. Айтпақшы, Нис­тор­дың жағдайы белгісіз болып тұр. Ру­мыния бокс федерациясынан хат келді. Онда Михайдың бізге келмейтіні көр­сетілген. Жігіттерге тапсырма бердім. Бокс­шының өзімен хабарласамыз. Барлығын өз аузынан естиік. Егер, шынымен де, «Астана арландарына» қайта келгісі келмесе, онда төрт легионермен-ақ маусымды бастай береміз.

– Бұрын Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Астана арландарының» ара­сындағы қарым-қатынас аса керемет болмаушы еді. Ұлттық құраманың бас бапкері «арландарға» боксшыларын жібергісі келмейтіні жайында жиі ай­тып жүрдіңіздер. Қазір бай­ла­ныс­тарыңыз қалай? Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі құра­мынан кімдерді өздеріңізге алғы­ларыңыз келеді?

– Мырзағали Айтжанов ұлттық құ­раманы Алматыда өтетін әлем чем­пио­натына дайындап жатыр ғой. Барлық күш сонда жұмсалуда. Бәлкім, содан кейін байланысымыз нығая түсер. Өйткені WSB додасында Олимпиаданың 30 лицензиясы сарапқа салынады. Соны да ұмытпау керек. Жалпы, қазақстандық боксшылардан ко­мандаға кімдердің қосылатыны әлем чемпионатынан кейін белгілі болады. Өз басым, ұлттық құра­маның негізгі сапынан 60 келідегі Берік Әбдірахмановті көргім келеді. 69 келідегі Данияр Елеусінов бар, 75 келідегі Жәнібек Әлімханұлы, 81 келідегі Әділбек Ния­зымбетовті шақырып жүргенімізге үш жыл болды. Иван Дычконы «арландар» сапынан көргім келеді. Бұлардың барлығы басқа­лардан бір бас жоғары. Жұдырықтасу мәнерлері де кәсіпқой боксқа керемет үйлеседі. Ал Жан Кособуцкийді бірінші маусымнан бастап шақырғанбыз. Әкесі де бапкер ғой. Екінші маусымда әкесімен бірге шақырдық. Бірақ неге екенін, келмеді. Өздерімен өздері болып кетті ғой.

– Болат аға, WSB додасында бұған дейін боксшылардың жинаған рей­тинг­тері бір маусымнан кейін қайта нөл­ге теңелетін. Енді қалай болмақ, тағы да сол жүйе ме, әлде бұрынғы жинаған ұпайлары сақтала ма?

– Байқаған шығарсыздар, соңғы маусымда боксшылардың жеке чемпионаты, яғни бірінші және екінші маусымдағыдай рейтингте жоғары орна­ласқандар арасында ақтық айқастар болған жоқ. Яғни боксшылардың соңғы маусымдағы рейтингтері сақталады да, әрі қарай ұпайларын жинай береді. Сөйтіп, 2015 жылы үздік боксшылар Рио Олим­пиадасының 30 жолдамасын бөліп алады.

– Жолдамаға байланысты тағы бір сұрақ туындап тұр. Боксшы WSB додасы арқылы Олимпиада жолда­масын жеңіп алғанымен оның Олим­пиадаға қатысу-қатыспауын Ұлттық федерация мен Ұлттық олимпиадалық комитет шешеді. Егер ұлттық құра­маның бас бапкері қажет емес деп тапса, онда ол боксшы Олимпиададан тыс қалып, төккен тері зая кетеді. Неге лицензиялар ұлттық құрамаға бөлек, WSB додасына бөлек үлестірілмейді?

– Мұндай жүйеге мен де қарсымын. АІВА-ның жиындарында, WSB алқа­қотанында талай мәрте мәселе етіп кө­тергенмін. Қарап тұрсаңыз, шынымен де, әділетсіздік қой. Кезінде Ержан Мұса­фировтың да, Сергей Деревьянченконың да басынан осындай жағдайлар өтті. «Егер WSB додасында лицензия жеңіп алған боксшының Олимпиадаға қатысу құқығын ұлттық құрама шешетін болса, онда бұл турнирде жолдама үлестірудің не қажеті бар? Одан да лицензия ұлттық құрамаға бір бөлек, WSB додасына бір бөлек үлестірілсін. Сөйтіп, Олимпиада кезінде бір елдің екі боксшысы бір салмақта өнер көрсетер болса, бірі – сол елдің туының астынан, екіншісі – елдің туымен қоса, WSB байрағын ала шықсын», – деп талай айтқанмын. Оған Халықаралық Олимпиа­далық комитеттің ережесі сәйкес келмейді екен. Мұндай болу үшін ХОК-тың бүкіл ережесін өзгерту қажет көрінеді. Бір елден бірнеше боксшы бір салмақта өнер көрсе­тер болса, бокстың қызығы кетіп, жеңіс тұғырына кілең қазақстандық немесе украиндық, ресейлік, кубалық орналасуы мүмкін дейді. Үш-төрт-ақ ел өзара бәсе­келес болып қалатынын айтады. Сондықтан боксы кенже қалған елдердің барлығы бұған қарсы. Бірақ бір түсін­бейтінім, дзюдо­да бір салмақта екі жапон­дық немесе кәріс өнер көрсете береді ғой. Одан дзю­доның қызығы кетіп қалған жоқ. Осыны айтсам, «2020 жылға дейін үндемеші, айқайламай қоя тұршы. Барлығы ақырын-ақырын болады. Асықпа», — дейді.

– Биылдан бастап АІВА-ның АРВ жобасы да басталады. Дегенмен WSB додасына үш жылдан асты. Қалай ой­лай­сыз, АРВ жобасы WSB-ге бәсекелес бола ала ма?

– Негізі, Олимпиаданың 70 лицензиясы АРВ жобасында сарапқа салынады. Егер барлығын сауатты түрде жүзеге асырса, онда екі дода бір-біріне керемет бәсекелес бола алатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде АРВ жобасының көрсетілім жекпе-жектері ұйымдастырылайын деп жатыр. Көпшіліктің көңілінен шығуы тиіс.

Кәсіпқой бокста керемет жекпе-жектер НВО, Showtime, ESPN сияқты әлемдік деңгейдегі спорттық телеарналардан көрсетіліп жатады. Осы арналарды WSB додасына тартуға бола ма?

Болады. АІВА басшыларының негізгі мақсаты да – сол. Бірақ ол үшін барлық жекпе-жектер жоғарғы деңгейде өту керек. Барлық боксшылар қарымды болу қажет. Мысалға, Астанада өткен WSB додасының финалы өте жоғары деңгейде өтті. Әр айқас­тары тартысты болып, көрермен керемет ләззат алды. Мұндай жекпе-жек­терді НВО сияқты арналар көрсетуге дайын. Бірақ WSB додасында кейбір жекпе-жектер бар, шыны керек, көруге тұрмайды. Мәселен, биыл ширек финал аясында Алматыға «Аргентина кон­дорлары» келді ғой. Боксшыларының екеуі дұрыс та, үшеуі жұмсарта айтсақ, «сайқы­мазақ». Мәселен, Эхсан Роузбаханимен жұдырықтасып, бұқалардай сүзісіп жүр. Мұндай айқастардың әлгі телеарналарға қажеті не? Сондықтан барлық команда құрамын мықтылармен жасақтау қажет. Сонда ғана әлгі алып спорттық арналардың қызығушылығы туады. Сол кезде біз де табыс таба бастап, жобаның ғұмыры ұзақ болар еді.



Алашқа айтар датым...

 «Астана арландарына» қаржы көп бөлінеді ақшаны сорып-ақ жатыр» деген сынды сөздерді жиі естимін. Соны айтатын сыншылар мына нәрсені түсінсе екен. Ақша далаға кетіп жатқан жоқ қой. Барлығы айналымда. Мәселен, біз база жалдаймыз, тамаққа ақша береміз, киімдері бар, тағысын тағы дегендей... Осының барлығы айналып келгенде халықтың қалтасына қайта барады ғой. Боксшылардың жалақыларынан салық алынады. Ол қорда жатпайды. Салықтағы ақша қайта айналымға түсіп, көбейе түседі. Жұмыс пайда болған соң, біздің аспазшылар да, қызметкерлер де отбасын асырап жатады. Яғни барлығы – халыққа қайта түсетін ақша.



Оқшау ой

Негізі, он салмақта да атой салатын ел жоқ. Бұл мүмкін емес те. Мәселен, өзімізді алайық, үш-төрт салмақ дәрежесінде ғана мықтымыз. Қалғандары ақсап тұр. Сол сияқты, Украинада да үш-төрт боксшысы ғана Олимпиада және әлем чемпионаттарында алдарына жан салмай жүр. Қалғандарын қалпақпен ұрып алуға да болады. Ресейде де сол секілді. Яғни 10 салмақ дәрежесінде де чемпиондарды тәрбиелеу мүмкін емес. Осы орайда қазан айында қазақ жерінде АІВА-ның бокс академиясы ашылғалы жатыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Бұл – ешбір елде жоқ академия. Бұл дегеніміз – әлемдік бокстың іргетасы Қазақстанда қаланып, діңгегі Алматыда орналасады деген сөз. Оңтүстік астанамызға жаһанның мықтылары келіп, тәлім алып, сабақ беретін болады. Ал біздің боксшылар мен бапкерлер біліктіліктерін алысқа бармай-ақ шыңдай алатын болады. Осыны бағалай біліп, мүмкіндікті сәтті пайдалануымыз керек. Өйткені әлемде жоқ академия бізде болады. Бәрі бізге қызыға да, қызғана да қарап жүргені сондықтан.

Жалпы, соңғы жылдары отандық бокста оң өзгеріс көп. Ұлттық федерациямыздың басшысы Тимур Құлыбаевтың арқасында екі жылдың ішінде елімізде 27 бокс кешендері мен залдары ашылды. Жаңаөзен, Арқалық, Семей сынды қалаларда да бокс өнері дами бастады. Яғни ел боксының болашағына зор сеніммен қарауға болады.





Көрілген: 2201    Пікірлер: 0

бейсенбі, 29.08.2013, 12:04

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31