Дат!

Болашаққа мұнай емес, ойлау қабілетіміз жетсін

  • Болашаққа мұнай емес, ойлау қабілетіміз жетсін

    Болашаққа мұнай емес, ойлау қабілетіміз жетсін

Бейсенбек Зиябеков, экономика ғылымының докторы, профессор:


– Бейсенбек аға, соңғы жылда­ры еліміздегі білім беру жүйесінде шешімін таба алмай жатқан түйін көбейіп кетті. Соның салдарынан ба, қай салада да білімді һәм білікті мамандардың тапшылығы байқалатын сияқты. Министрді ауыстырумен оқу жүйесіне жаңа леп әкеле алмайтынымыз да белгілі болды. Сіздіңше, түбегейлі өзгерісті неден бастау керек?

– Әлбетте, бәсекеге сай мемлекет боламыз десек, бәсекеге сай білім жүйесін құру қажет екенін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ бәсекеге сай болу үшін білім жүйесін­дегі маман даярлау сапасын жақсарту қажет екені де түсінікті. Бұл мәселенің өзі талайдан бері айтылып келе жатыр. 1999 жылы жалпы оқу саласында Болон проце­сіне көшкенбіз. Ал Болон процесінің мақсаты – біздегі оқу саласын Еуропа мен­талитетіне жақындату. Әрине, бұл – үлкен мақсат. Оқу сапасын жақсарту дегеніміз – кәсіби маман дайындау.  Қандай маман­дық болмасын, мықты маман дайындау үшін ең алдымен өзің мықты маман бо­луың керек. Өкінішке қарай, маман даярлау ісінде көбіне диплом берумен шектелетін сияқтымыз. Неге десеңіз, жоғары оқу орындары, негізінен, диплом берумен айналысып кетті. Әрине, мәселе тек оқу жүйесіне  байланысты емес. Жастардың өзі де оқуға түскенде білім алып, маман бо­лып шығайын деген оймен келуі тиіс. Бұрынғыдай диплом алсам болды де­мей, мықты маман болып шығуға талпын­са дейсің. Осы екі мүдде сай болса, жоғары оқу орны саласындағы маман даярлау ісінде үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Әрі бұл міндетті орындауға шамасы жететін мықты ұстаздарға жүктемейінше, түк те өзгерте алмаймыз. Рас, осы уақытқа дейін оқу саласына қаншама өзгерістерді алып келдік. Дегенмен  реформа  да өзінің түпкі мағынасын жоғалтып алған сияқты. Біз реформаны көбіне оқу саласын біріктіру деп түсінеміз. Қағаз жүзінде  көп жұмыс істеліп жатқан сияқты. Әйтсе де алдыңғы кезекте басқару саласын реттеу керек қой.  Қазір ақша төлеп оқитын жағдайға жеттік. Ал ақша төлеген соң университет алдында­ғы жауапкершілікті күшейткен жөн. Сен баланың ақшасын алғаннан кейін оған сапалы білім беріп, жоғары деңгейлі маман етіп дайындап шығаруға міндеттісің.  Әрі оқытумен шектелмей, жақсы бітіретін болса, жұмысқа тұруына жауап бер.  Жасыратыны жоқ, біздегі оқу саласындағы кадр мәселесі ауыз толтырып айтуға кел­мейді. Есесіне шенеунік қаптап кетті. Кеңес дәуірінде мұғалімдердің білім деңгейіне көп көңіл бөлінетін. Өйткені дәріс сапасын жақсартпаса,  жақсы маманды қалай да­йын­дап шығарады? Әрі-беріден соң дәріс оқуға мұғалімнің моральдық я басқа құқығы бар ма? Өзі білікті маман ба?  Маман дегенде оның сол саладағы білімі, тәжірибесі, ғылыми жұмыстары бар-жоғы ескерілуі керек. Міне, осы жағын реттеп алсақ, онда балалардың оқуға деген тал­пы­нысы артады. Көзінде от пайда болады. Әйтпесе қай сала болсын, маман даяр­лауда тек диплом алуға бағытталған­дық­тан,  лекция кезінде студенттердің уақыт өткізумен шектелетіні де жасырын емес. Студенттерді ойға итермелеу мәселесіне онша көңіл бөлінбейді.

Екінші мәселе, басқару саласын өзгерту дегеніміз – сол университеттерді басқарып отырған азаматтарға байланысты. Қазіргі қоғамда жоғары оқу орнын қандай аза­мат­тардың басқарғаны дұрыс? Біреулер ғалымдар десе, енді біреулер ұйымдас­тырушылар басқарсын дейді. Меніңше, үлкен ғалым болуы қажет пе деймін. Ол университеттің материалдық жағына ғана емес, рухани жағына да көңіл бөлетін аза­мат болса. Сонда ғана осындай адамдар айналасына өздері секілді мамандарды жинайды. Себебі әр жас азамат өзінің ұста­зына қарап өседі. Оның оқыған дәрісіне қарай тұжырым жасайды. Ойлау қабілеті оянып, ізденуге кіріседі. Болон процесі бойынша білім беру – өз бетінше ізденіп, оқуға жағдай жасау. Кредит технологиясы дегеніміз – сол. Студент тек лекция тыңдау­мен шектелмей, өз бетінше ізденсе ғана үздік нәтижеге жетеді.  Ал қазір, шынын айту керек, студенттердің көбі ректордың кім екенін де білмейді. Осы орайда айта кетейін, кезінде Қазан университетінде сабақ берген атақты математик, «геомет­рия Копернигі» атанған Николай Иванович Лобачевский шәкірттеріне жақын болу үшін студенттер қалашығына көшіп келген екен. Лобачевский Қазан университетінде 40 жыл сабақ беріп, 19 жыл ректор қызме­тін атқарған. Оны «Қазан университетінің ұлы құрылысшысы» дейтін. Ол кісі – бүкіл өмірін сабақ берумен өткерген, дәріс оқып тұрып дүниеден озған азамат. Ал бізде ректорлар өздері лекция оқи ма? Оқымаса, профессорлар мен  мұғалімдердің жағда­йын қайтіп түсінбек? Бүгінгі жағдайда оқу жүйесін тек пайда әкелетін дүние ретінде емес, жастардың жадында қалатын жұмыс ретінде қараған дұрыс. Осындай талап қойылса, оқу жүйесінде де өзгеріс болады. Әрине, оны жүзеге асыру – қолдағы нәрсе. Әр саланың маманын дайындау үшін сол саланың маманын талап ету керек. Тек қана докторлық не кандидаттық дәреже­мен шектелмей, өз саласының майын іш­кен нағыз маман, жинақтаған мол тәжіри­бесі болуы керек.

– Сөз орайы келгенде сұрай кетейін, біздегі білім ордаларында оқу бағдарламасын кім дайындап береді? Бұрынғыдай министрлік пе?

– Қазіргі білім жүйесінде алға қойыл­ған мақсат – Назарбаев университеті дәре­жесіне жету. Оның бір ерекшелігі – оқу бағдарламасын өздері дайындайды. Ал оны дайындау үшін сол саланың маманы болуы қажет. Қай пәннен кейін қай пәнді оқыту керек екенін білген маман ғана  бағ­дарлама жасай алады. Ол үшін көп ізденіп, білім сапасын жақсартуы керек. Осыны студенттерге жақсылап жеткізсек, білім сапасы мүлде өзгере ме деймін. Мысалы, біз қазір Назарбаев университе­тін­дегідей көптеген пәндерді өзіміз жасап жатырмыз. Оқу министрлігі осындай мүмкіндік беріп отыр. Бірақ мәселе – бағдарламаның сапа­сында. Өйткені өзің маман болмасаң, бағдарламаны  жасай алмайсың. Демек, басқа біреуден көшіріп аласың. Өйткені бір пән мен бір пәннің айырмашылығы болуы тиіс.  Бір-бірін қайталамауы керек. Ол кімнің қолынан келеді?  Ол тек маман­ның қолынан келеді. Жасыратыны жоқ, көпшілік жағдайда оқу жүйесін басқарып отырған ректорлар да, басқа да азаматтар қажетті саланың маманы емес. Мысалы, адам емдейтін дәрігерді дайындау үшін сол саланың маманы керек қой. Өйткені зоотехник те – дәрігер. 

Әрине, ғылыми жұмыс та қалыс қалма­сын. Бұрынғы білім министрі Бақытжан Жұмағұлов мырза бір сөзінде «біздің рек­торларды ғылыми жұмыспен айналысуға мәжбүрлей алмайсың» деген еді. Менің­ше,  ешкімді ғылыммен айналысуға  мәж­бүр­лей алмайсың. Ғылыммен айна­лысу үшін ғалым болуы қажет. Ал ғалым – күн­делікті ізденісте жүретін адам. Ғалым болмаса, қайтіп мәжбүрлейсің? Экс-министр солай десе, мәселенің мән-жайын білген­діктен айтқан шығар. Бұл оқу жүйесіндегі ғалымдардың деңгейі қандай дәрежеде екенін көрсетіп отырған жоқ па? Ғылыммен айналысқаннан кейін ғылыми еңбегің тәжі­рибеде жүретін  азаматтардың құлағы­на ілінуі керек. Әйтпесе кейде ғалымдар­дың ұсынысын  тәжірибеде жүрген азамат­тар оқыған кезде күлкісі келеді.

– Ғылым демекші, мемлекет ғылымға онша көңіл бөлмейді, қаржы аз бөлінеді дейтіндер де бар ғой. Ғалым ретінде өзіңіз қандай пікірдесіз? 

– Иә, мемлекет ғылымға көп көңіл бөлмейді дейтіндер баршылық. Бәлкім, ол сөздің де жаны бар шығар. Бірақ сол салаға бөлініп отырған қаржының тиімді жұмсалып жатқанын ешкім талдамайды. Небір гранттар бар, неше түрлі байқау­лар­да үздік атанған ғылыми еңбектер шаң басып сөреде жатады. Экономика саласы­на, мемлекеттің дамуына көмектесетін тұжырымдар табу қиын. Неге олай? Себебі ғылымға бөлінген қаржыны мамандар емес, билікке жақын, университет басшы­ларына жақын, яғни кездейсоқ адамдар жұмсап жатыр. Біз ең әуелі осыған көңіл бөлуіміз керек. Мемлекеттен бір тиын жұм­саса, соған екі есе пайда әкелуін ғы­лым­нан сұрауымыз керек. Өзін-өзі сый­лай­тын ғалым ешқашан мемлекеттің тиы­нын бейберекет жұмсамайды. Студент­тер­ден пара алмайды. Ол ғалым болса, ұстаз болса, ел болашағына жұмыс істеп жатыр. Ертеңгі күні шәкіртттері оны құрметпен есіне алуы керек. Егер ол пара алып жатса,  қандай ой қалады? Біз студенттер алдында дәріс оқу үшін адамдық, моральдық қасиетіміз бар ма, жоқ па – алдымен соған жауап беріп алайық. 

Маман дайындау – ең жауапты қызмет. Себебі біз ертеңгі күнге жұмыс істеп отырмыз. Ертеңгі күнге Қазақстанның мұнайы мен басқа байлығын ғана емес, ойлай білетін, өзін-өзі сыйлайтын жастар­ды қалдыруымыз керек. Интеллигенттік деген – осы. Біз газет оқитындардың бәрін интеллигент деп есептейміз. Меніңше, интеллигент деп халқына қызмет ететін адамдарды айтқан дұрыс. Осыған байла­нысты тағы бір мәселені айта кетейін. Өткен жылы Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» деген мақаласы жарияланды. Жалпыға бір­дей еңбек деген – тек өзіңе емес, халқыңа жұмыс істеу деген сөз. Ол да оқу жүйесіне байланысты ма деймін.  Жақсы мамандар­ды дайындау тек ұран емес екенін түсінетін кез жетті.  Министрлік, оның қасындағы қадағалау комитеттері оқу сапасына  мән беруі керек.  Өйткені қадағалау тәсілдері де  жеткіліксіз. Жылына аттестация өткізу­ден аспайды. Оның өзі қағаз жүзінде өтеді. Сондықтан ол оқу саласының деңгейін көр­сетпейді. Білім жүйесін де қаржы сала­сы секілді күн сайын, ай сайын қадағалай­тын процеске айналдыру қажет. Сонда ғана жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз. 

– Ал соңғы кезде үйреншікті құбылысқа айналған жоғары оқу орындарын біріктіру қаншалықты тиімді?

– Расында да, соңғы кезде біз оқу сала­сындағы реформалардың бәрін жекемен­шік университеттердің санын азайту мақсатында бір-бірімен қосу деп есептедік. Министр ауысқан сайын оқу орындарын біріктіреді. Бірақ оқу саласын оңтайланды­ру үшін қосудың қажеті жоқ. Одан гөрі осы университеттердің қалай жұмыс істеп жат­қанын неге талдамасқа? Қандай жетістігі бар? Кемшілігі қандай?  Ол түпкі мақсаты­мызға сай келмесе, мұндай оңтайланды­рудан бас тартқан дұрыс. Меніңше, қазір университеттер  тек формальды түрде қосылып жатыр.  Басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп жатқан жоқ. Ал шын мәнінде олар­дың атауы ғана емес, қаржысы, ба­лан­сы  қосылуы қажет. Бұл қаншалықты тиімді,  білім министрлігі, міне,  соны тал­дауы керек. 

– Әлгінде кредит технологиясы туралы айтып өттіңіз. Шетелден «әкелінген» осы технологияның пайдасы дәлелденді ме?

– Кредиттік технологияның мәні - студенттердің өз бетінше жұмыс істеуіне пайдалы. Өйткені ой-өрісі, ойлау қабілеті дамиды. Реферат жазып, өз ойын қағазға түсіреді. Талап та жоғары. Бірақ біз осының бәрін тек  қағаз жүзінде, формальды түрде іске асыруды қоюымыз керек. Студент бір рефератты жақсылап, жан-жақты  ізденіп жазса, соның өзі – үлкен дәреже. Көп дерек жинайды, көп ізденеді. Өз ойын қорытады. Мұның өзі кішігірім ғылыми жұмыс емес пе? Бірақ плагиатқа жол берілмеуі тиіс. Ол үшін әр студентпен жеке жұмыс істеу керек.  Сондықтан білім саласына кездейсоқ ма­манды жолатпаған жөн. Маман да­йындау үшін алдымен өзің маман бол. Ал бізде ондай көзқарас жоқ. Тек ғылыми атақ болса,  диплом алса, сол да жетеді.

Әр лекцияға кіргенде ұстаз ретінде үш мәселені көтеруім керек. Теориялық мәселе, парктикалық мәселе және осы екі нәрсеге байланысты  проблемаларды. Осы  үш мәселені көтерген кезде балалар ойлана бастайды. «Ағай неге бүйтіп айтты, мен неге солай ойламаймын» деп. Мұндай ұстаным болу үшін оқу саласын басқарып отырған адамдар айналасына ағайында­рын емес, білікті мамандарды жинасын. Ал бізде ағайындарын жинайды, таныс­тарын ғана жұмысқа алады. Қағаз жүзінде оқу процесін дұрыстап қояды да, ой сала­тын еш нәрсе қалмайды. Тағы да айтамын, маман дайындау үшін оған моральдық құқығы болсын. 

– Өзіңіз еңбек етіп жүрген қаржы саласына маман даярлауда білікті ұстаз көп пе әлде кездейсоқ келгендер басым ба?

– Қаржы саласында маман дайындауға баға беретін болсам, бұл саладан мүлде хабары жоқ азаматтар табылады деп ой­лай­мын. Себебі ондайлардың қолдаушысы бар,  демеушісі бар. Осы орайда айта ке­тейін, студент оқуды бітірген шақта кімнің кафедрасында оқығанын есте сақтайды. Ол профессорды бүкіл қаржы саласы тануы керек. Мәселен, мен өзімнің ұстаз­дарымды үнемі айтып жүремін. Себебі ұстаздарыма ұқсағым келеді. Солардың бірі – профессор Мизамғали Сәниев. Ол кісі кезінде Қазақстан мемлекеттік банкі директорының орынбасары қызметін атқарды.  90-жылы жазылған бір кітабын­да «қаржы саласына мамандарды коман­далық әдіспен қабылдап жатыр, оның арты жақсы болмайды» деп жазыпты. Сол кісінің айтқаны келіп отырған жоқ па? Ұстаз алдын болжай алды. Өзін маман деп  санайтын адамдар ұстазына ұқсағысы келеді. Әрине, жақсы жағынан. Ал қазір көп адам қағазсыз дәріс оқи алмайды.

– Сіз ғылыми жұмыстар шаң басып жатады дедіңіз. Оған ғалымдар кінәлі емес екені және белгілі. Біздегі үлкен проблема­ның бірі ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізумен байланысты ғой. 

– Меніңше, қиындық шенеуніктің  бәрінен де көп білем деуінен туындайды. Ғылымға жүгінбейді. Ғылыми ізденісті бағаламайды. Қазақстанда тиімсіз жұмыс істеп жатқан бағдарлама көп деп өткенде Елбасы да айтты. Бірінші кезекте жоспарлау деген нәрсе бар. Ол үш элементтен тұрады. Бірінші – ғылыми іздену. Екінші – сол салада­ғы мамандармен талдау. Үшінші – бағдар­ла­ма жасау. Бізде екеуін ысырып қойып, бірден бағдарлама жасалады. Ал оның нәтижесін өздеріңіз көріп жүрсіздер. Кәсі­билік пен жауапкершілікті көтермей,  қоғамда қозғалыс болуы мүмкін емес. Әр саланың кәсібилігін  арттыруымыз керек. Ақсақал болсын, жас маман болсын, кәсі­би­лігі мықты болса, біз соларға құлақ асуымыз қажет. Бізде ондай қабілет жоқ қой. Креслоға отырса, мен бәрін білем дейді. Ал оның қалай креслоға отырғанын елдің бәрі біледі. Сондықтан шенеуніктерге деген көзқарас та өзгеріп барады. Шенеу­нік деген дәрежеге жету үшін төменнен бастау керек. Елбасы айтқандай, лифтімен емес, сатымен көтерілу керек. Сонда ғана бір-бірімізді сыйлап, халқымызды ізденіс­ке талпындырамыз. Сонда ғана ғылымға деген көзқарас өзгереді. 

Өндіріске ғылыми жаңалықтарды енгізетін – біздің шенеуніктер. Ең әуелі со­лар­дың ғылыми жұмысқа деген көзқарасы өзгеруі керек. Көзқарасы өзгеруі үшін  ше­неуніктердің өзі үлкен ғалым болуы керек. 

– Шенеуніктің көбі шетелдің ғылыми жаңалығы керемет, жергілікті ғалымдардың ойлап тапқаны түкке тұрмайды деген ұстанымда емес пе?

– Ондай да түсінік болуы мүмкін. Иә, шетелден үйренуіміз керек. Бірақ ешқашан  өзімізді-өзіміз  кемсітпеуміз керек. Бүйте берсек, күндердің бір күнінде  шенеунік­терді шетелден алып келуге мәжбүр боламыз. Шенеуніктер де осы халықтан шығып отырған азаматтар ғой. Біз өзімізді төмендетпей, бір-бірімізді  батыр дейікші. Қазір көптеген салаларға шетелдің адам­дарын кіргізіп қойды. Сонда бізде мемле­кеттік құпия жоқ па?  Оның үстіне шетелдік маман ешқашан Қазақстанның, қазақ халқының мүддесін ойламайды. Онсыз да өте аз халықпыз. Сондықтан өз мүддемізді өзіміз ойлайық.  Сонда ғана алдыңғы қа­тар­лы дамыған елдердің қатарына қосы­ламыз. Бір-бірімізді түк білмейсің деп жат­сақ, мұндай міндетті орындай алмайты­­нымыз анық. Болашаққа мұнай емес, ойлау қабіле­тіміз жетсін. Сонда ғана бізді өзге мемлекет­тер сыйлайды. Сонда ғана әлемдік деңгейде өз орнымызды табамыз. Әлемдік деңгейде өз орнымызды табу деген – біздің азамат­тар­дың орнын табуы. Егемендігімізді ны­ғай­тып, халқымыздың тұрмыс деңгейін көтеру дегенді білдіреді.  

– Кезінде «Арыстандай айбат­ты, Жолбарыстай қайратты,  Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, сіз ше, сіз қазіргі жастарға сенесіз бе?

– Иә, аға ұрпақ жастарға қарап олардың деңгейі төмендеп кетті деп жатады. Өз басым ол пікірден алшақпын. Көзінде оты бар, алға ұмтылатын студенттер өзім дәріс оқып жүрген оқу орнында толып жүр. Бі­рақ осы жастар оқуын бітірген кезде олар­дың өз орнын табуына септесу – үлкен­дердің міндеті. Олардың еңбегі еш кетпей, көңілі қалмауы керек. 




Көрілген: 2482    Пікірлер: 0

бейсенбі, 19.12.2013, 12:51

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31