Дат!

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан инженерсіз қалып барады

  • Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан инженерсіз қалып барады

    Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан инженерсіз қалып барады

Махаббат ТҮСІПБЕКОВ, инженер-механик, техника ғылымының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:


– Еліміздің беткеұстар инженер-ға­лым­дарының бірісіз. Қазір дүние­жү­зінде инженер-конструктор маман­дары тапшы болып отыр. Әсіресе Үдемелі индус­триа­­лық-инновациялық бағ­дар­ла­масын іске қосып, жаңа өндіріс ошақ­та­рын жаппай ашып жатқан біздің елімізге бұл мәселенің тығыз қатысы бары анық. Отандық инженерлер дайын­­дау мектебінің бүгінгі ахуалы туралы айта отырсаңыз...

– Үдемелі индустриялық-инно­ва­ция­лық бағдарламаның іске қосылып, жаңа өндіріс ошақтарының пайда болуы көз қуантарлық дүние. Жап-жақсы нысандар бой көрсетіп жатыр. Ондайда сөніп бара жатқан үмітім қайтадан тұтанғандай бола­ды. Алайда...

Бірер жыл бұрын Алматыдағы ірі зауыт­қа бас сұққанмын. Онда да баяғы сту­денттерімді жұмысқа орналастыру, тәжірибеден өту мәселесі қамымен. Келген шаруамды айтқанда, ондағылар күлді. Сөйт­сем, кейбір ірі зауытыңыздың өзі бір­неше нысанға бөлініп, әрбірінің қожайыны бөлек-бөлек болып кетіпті. Бұрынғыдай көп көлемде білдек шығармайтын болған, жеке тапсырыстармен шұғылданады. Шын­дап ішім ашыды. Балаларға да жаным ашиды. Өйткені олар жоғары оқу орнынан шала-жансар болып шығып жатыр. Бұрын біз жоғары оқу орнын бітіргенде кез келген нәрсені меңгеруге қабілетті болатынбыз. Ал қазіргілер меңіреу секілді, аспаннан салбырап түскендей аңтарылып тұра бере­ді. Себебі білім жеткіліксіз, оқу бағ­дар­ла­масы сапасыз, бұл арада бакалавр дегенді айтамын. Ол – құрттай нәрсені ғылыми жұмысқа бейімдеуге бағытталған оқу жүйесі. Сондықтан гуманитарлық болмаса, ол техникалық салаға мүлде келмейді. Мен өткеннің адамымын. Қазіргі бакалавр бойынша докторлық қорғағандар сол кезбен салыстырғанда, тіпті канди­дат­тар­дың деңгейіне жетпейді. Оны айтасыз, біздегі бакалавр бойынша білім алғандар сапасы жағынан бұрынғы техникумның дең­гейін игере алмай жатыр. Оны күн­делікті өмірден көріп, көзім жетіп тұрып, үн-түнсіз тағы отыра бере алмайды екенсіз. Сол себепті былтыр қолыма қалам алып, ҚР Парламенті Мәжілісіне, білім және ғылым ми­нистріне, Ғарыш агенттігінің төр­ағасына хат жаздым. Ал биыл ҚР Прези­денті Н.Назарбаевтың және ҚР Үкімет басшысы С.Ахметовтің атына ашық хат жолдадым. Сұрағаным – еліміздің тех­ни­ка­лық білім беру саласын бұрынғы орыс­тың оқу жүйесіне көшіру.

Кезінде мен өзім Мәскеудегі Н.Э.Бау­ман атындағы ММТУ-ды алты жыл оқып, инженер мамандығын алып шыққан едім. Ал қазір олар оқу мерзімін тіпті 7,5 жылға дейін созып жіберіпті. Сұрастырсам, бұл жаңашылдық бүгінгі таңдағы жаңа техно­ло­гиялардың жылдам қарыштап дамуы­мен байланысты екен, яғни аталған сала­дағы жаңа ақпараттарды игеруге бұрынғы оқу мерзімі жеткіліксіз болып шыққан. Де­мек, орыстар бұрынғы жүйені қалдырып қана қоймай, ондағы тәртіп пен талапты за­манға сай одан сайын күшейтіп отыр. Ал біз болсақ, Батысқа еліктеп, бакалавр де­ген­­ді енгізіп алдық та, білім жүйесін да­мыт­пақ түгіл, оны әбден қобыратып ал­дық.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін, мүм­кін, білім беру саласына да өзгеріс енгі­зіп, бакалавр оқу жүйесіне көшуде орыс­танудан арылу мақсат етілген шы­ғар...

– Әрине, кеңес өкіметі жүргізген саясат бір бөлек мәселе. Оның жаманшылығы же­терлік. Алайда кеңестік оқу жүйесінде мін жоқ еді. Мүмкін тарих, қоғамтану сын­ды гуманитарлық салаларға өзгеріс енгізу міндетті түрде керек болар, бірақ техни­ка­лық салаға оның еш қажеті жоқ еді. Егер Кеңес Одағы ыдырауымен АҚШ-тың қыр­­­ғи-қабақ соғысы аяқталды десек, қатты қателесеміз. Негізінен, зерттей келе аме­рикалықтар біздің мықтылығымыз білім жүйесінде екенін анық білді. Сол себепті тәуелсіздік алып, түрілген етек-жеңін, есін жинай алмай жатқан пост­ке­ңестік мемлекеттердің осы осал тұсын пай­да­ланып, бакалавр деген білім беру жүйе­сін енгізіп жіберді. Мақсаты ­– өзге елдің дамуын тежеу, барлық салада өздеріне бағынышты ету, Қазақстан секілді шикізатқа бай мемлекетті тек шикізат табы­сына тәуелді етіп, жерасты қазба қорын өңдеуіне, қайта өңдеу саласын дамытуда түрлі дүниені өзімізде өндіруге мүмкіндік бермеу. Мұның басқаша түсінік­темесі жоқ. Әйтпесе қазір де орыс ин­же­нер­лерінің арқасында дүниенің дөңгеленіп тұрғанын қалай түсіндіруге болады? Не болмаса, Американың беткеұстар оқу орындары – Массачусетс және Кали­фор­ния техно­логиялық институттары бүгіндері бұрын­ғы кеңес жүйесімен мамандар әзір­леп жатқаны ескілікті көксеу деп айтуға бола ма? Сөзімді тарихпен де дәйектей түсейін.

1876 жылдың өзінде әлемде Ресейдің импе­раторлық Мәскеу техникалық учи­ли­щесінің (қазіргі Н.Э.Бауман атындағы ММТУ) білім беру тәсілі озық деп таныл­ған. 1870-1900 жылдарға дейін техни­ка­лық мамандарды дайындау жүйесі бойын­ша бұл оқу орны әлемде бар деген барлық бәйгенің жүлдесін қанжығасына байлаған. Осындай іргетасы мықты, зор білім мен ғылыми потенциалдың арқасында 1961 жылы Кеңес Одағы ғаламда бірінші болып адамды ғарышқа ұшырады. Сол кездегі АҚШ президенті Дж.Кеннеди «орыстың қайыршы инженерлері бізді қалай басып озды?» деп таңғалады. Ғалымдар орыстың білім беру жүйесінің мықтылығын оған еске салады. Бірақ АҚШ басшысы «ол жүйеге көшуге бізде артық ақша жоқ» деп кесіп жауап қатады. Бүгіндері де аме­ри­ка­лықтар бұл мойындауынан бас тартқан емес. Әлгінде айтып кеткендей, олардың алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарының білім беру жүйесі ақыры орыстікіне көшірілген. Соған қарамастан, бүгін орыс инженерлеріне деген сұраныс жоғары. Оған халықаралық көшбастаушы, экономикаға серпін беруші технологиялық ірі компаниялардың беткеұстар маман­дарының Ресей мектебінен шығуы айғақ. Өткен ғасырдың соңында әлемге әйгілі Boeing  корпорациясының президенті Мәс­кеуде ұшақтарды шығару бойынша ғылыми-техникалық және өндірістік жетіс­тіктері туралы баяндама жасапты. Залдан оған «Сіздің фирмаңыздың бас көтерер инженерлері қай мектептің түлектері?» деген сауал қойылады. Сонда ол: «МВТУ, МАИ» деп біраз орыстың инженерлік мектептерінің атын атай жөнелген. Сол секілді 90-жылдардың басында «Майк­ро­софт» фирмасының вице-президенті Н.Э.Бау­ман атындағы ММТУ ректоры И.Фе­доровқа мықты мамандар әзірлеп жатқандары үшін өз ризашылығын білді­ріпті, өйткені ондағы мамандар осы мек­теп­тің түлектері болып табылады екен.

Бертінде әлемнің инженерлер даярлау бойынша 66 мемлекетті қамтыған тізімі жарық көрген шетелдік басылым қолыма тиді. Онда «Қазақстанда инженер маман­дар даярланбайды» деп көрсетілген. Мен мұнымен келісемін. Жарты ғасырдан астам техникалық білім беру жүйесінде еңбек еткен кезеңімде инженер-машина жасау­шы­лар үшін оқу жоспарын алты рет түзіп­пін. Бірақ соңғы 10-13 жыл бойына Қазақ­станның қандай да бір жоғары оқу орны инженерлерді (бакалавр бойынша емес, дипломмен бекітіліп, маман­дандырылған) түлетіп ұшырды дегенді естімеппін. Ал әлгі тізімде Ресей, Украина, Өзбекстан, ақыры Қырғыз Республикасында мұндай маман иелері даярланатындығы көрсетілген. Біз де осы достастық елдері қатарына енуіміз керек еді. Өйткені Қазақстанның инже­нер­лерді даярлау бойынша іргетасы мықты мек­тебі бар. Мысалы, 90-жылдары Қ.Сәт­баев атындағы ҚазҰТУ-дың машфак түле­гі, инженер С.Кенжебаев АҚШ-тың NASA-сына жұмысқа шақырылып алынды. Тағы бір машина жасау инженері «Шев­рон» фирмасының департаменіне қыз­мет­ке алынған. Міне, бізде білім қоры бар, тек соңғы кездері инженерлерді даярлауды кілт доғардық. Бұл түрімізбен мемлекеттік бағдарламаны қалай жүзеге асыр­мақ­шымыз? Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан инженерсіз қалып барады. Сондықтан Үде­мелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойын­ша міндет алған Үкімет бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс деп санаймын.

– Құрамында 15 республиканың болғанын есепке алсақ, Кеңес Ода­ғы­ның инженерлер даярлау мектебі де зор болды ғой...

– Ол кезде КСРО-да ғаламат потенциал болды. Шынын айтқанда, бүгіндері сол потенциалдың арқасында бізде өздігінен алға жылжу бар. Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі отандық инженер мамандарын даярлау ісі қарыштап дамыды деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Сондықтан бұрын­ғы халімізді армандап қалып отыр­мыз. КСРО-ның Химиялық таза реактивтер инс­титуты; өндірістік бағыттағы НАМИ, ЦИАМ, НАТИ, Н.Жуков атындағы әскери-әуе академиясы, ВЭС,ЦАГИ, ВИГМ, МХТИ, Мәскеу текстиль институтының текстильді машина жасау факультеті, МИХМ-дағы химиялық машина жасау факультеті, Әскери инженерлік-құрылыс академиясы, МАИ, МЭИ, МИСИ, Химияилық әскери қор­ғаныс академиясы МИФИ-дің арнайы инженерлік-физикалық факультеті, Ижевс­кінің механикалық институты – осы мектептерден түлеп шыққан түлектер бүгін­дері жаңа технологиялардың тұтқа­сын ұстап отыр. Қалай таңданып, масат­тан­байсыз?..

Қытай да соңғы кездері зымыран және ғарыш технологиялары саласындағы жетістіктерімен көзге көріне бастады. Ол да Н.Э.Бауман атындағы ММТУ-дың арқа­сында. Өткен ғасырдың 50-жылдары бұл жоғары оқу орынынан Қытайдың 150 жасы білімін ұштап шыққан. Олардың арасынан зымыран жүйесінің қытай теоретигі бой көрсетті, кейіннен ол орыс тілін­де осы оқу орынында докторлық диссер­тациясын қорғады. Демек, Қытай да орыстың оқу жүйесімен ғарыш саласын қарыштатты.

Талғат Мұсабаевтың «Бола­шақ» бағдарламасымен оқып келгендердің түкке жарамсыздығы туралы күні кешегі пікірімен толықтай қосыламын. Өйткені инженер ретінде ғарышты нағыз мамандарсыз дамыту мүмкін еместігін түсінемін. Техни­ка­лық салада біздің өңір мамандарына жүгінуді жөн көретін шетел бізге қалай мықты кәсіп иесін дайындап берсін.

Тәуелсіздіктен бері қанша жыл өтті, бакалавр жүйесі бізге қандай жеміс әкелді?.. Басқасын білмеймін, бірақ техни­калық салада бакалавр Қазақстанды сапа­лы өндірістік өнім шығаратын деңгейге жеткізе алмады, жеткізе алмайды да. Осыны бізге түсінетін уақыт жетті деп ойлай­мын.

– Кеңестік оқу жүйесінің мық­ты­лығы, құпиясы неде деп ойлайсыз?

– Оның керемет құпиясы жоқ: нақты білім береді, нақты талап қояды, нақты кәсіп иесін дайындайды. Болды! Мысалы, бертінгісін айтпай-ақ қояйын, арғы тари­хына тоқталайын. Кеңес заманында Мәс­кеуде жұмыс сапарымен болғанда арнайы Ленин атындағы кітапханаға бас сұқтым. Мақсатым – орыс техникалық оқу орда­ла­рының тарихын білу. Патша уақытында ондағы оқу ордалары оқу-ағарту министр­лігіне бағынышты болыпты. Сондықтан осы министрліктің 1884-1914 жылдар ара­лығындағы барлық есебін алдыртып, көз сүзіп шықтым. Енді мына дерекке қара­ңыз, патша заманында орта есеппен техникалық оқу ордаларының 1-курсына 450 адам қабылданады екен, алайда оның шамамен 60-қа жуығы ғана диплом қорғауға жіберіледі, онда да дипломды қорғайтындар 40 шақты санды ғана құрайды. Бұл не деген сөз?.. Демек, талап қатаң, оған шыдағандар ғана кәсіп иесі атанады, оқу ордасы басшылығы қабілеті мықты, білімге жүйрік, білігі ұшталған нағыз маман әзірлеуге ден қояды. Ал бізде қазір барлығы шашыраңқы. Білімі бар болса, білігі жеткіліксіз, қабілеті бар болса, оны дамытатын білім беру бағдарламасы жұтаң және т.т. Мұндай сынды жалғыз мен айтып келе жатқаным жоқ. Ұлтына жаны ашитын нақты ғылым иелерінің көкейінде көптен бері жүрген дүние бұл. Бірақ мұндай сауалымызға, сұрауымызға қатыс­ты әзірге билік тарапы үнсіз. Дегенмен бізде үміт жоқ емес, бар секілді. Бүгіндері Кеден одағына еніп, Еуразиялық кеңістікті құруға бет алудамыз. Осыған байланысты аталған кеңістік аясында барлық сала бойынша біріздендіру жүреді делініп жа­тыр. Егер осы біріздендіру техникалық білім беру саласына қатысты жүргізілсе, бұл біз үшін үлкен әбүйір болар еді. Өз басым, сол заматты аңсаймын. Қазіргі жүйемен алысқа бара алмасымыз анық. Сондықтан ғалым ретінде бұл мәселе мені қатты алаңдатады.

– Тәуелсіздіктен бері еліміздің жо­ға­ры оқу орындарына қатысты түрлі реформа жүргізілді. Шынымен де, нәтижесі көңіл көншітерлік емес пе?

– Бұл ретте бір мысал келтіре кетейін. Бір күні арнайы компьютер алдына оты­рып, ғаламторды шарладым. Мақсатым –­ елімізде қанша техникалық жоғары оқу орны барын сүзіп шығу. Сөйтсем қазіргі тех­никалық білім ордалары кеңес зама­нынан үш есе артық екен...

Жалпы, қазіргі Білім және ғылым ми­нистр­лігін ертедегідей – Оқу ағарту минис­трлігі және ЖОО министрлігі деп екіге бөлу керек секілді. Сонда жүйелі жұмыстар жүр­гі­зіледі деп ойлаймын.

– Бірқатар өнертабыстың иесісіз. Аш­қан жаңалықтарыңыз, оның бола­ша­ғы туралы ой бөлісе отырсаңыз...

– Қазір мен 83-ке келдім. Жаңалық ашып, ғылыми зерттеумен айналысуды қойғаныма біраз болды. 10 жыл бойына политехникалық сөздік жасаумен шұғыл­да­нудамын. Алдында қазақша-орысша-ағылшынша сөздігімнің екі томы жарық көрген. Қазір енді оны екі тілде әзір­леп жатырмын: қазақша және ағыл­шынша. Мысалы, бастапқы сөздікте 800-ге тарта техникалық жаңа атауды енгізсем, бұл жолы да оның қатары толыға түсуде. Жалпы, сөздікпен шұғылдана жүріп, қазақ тілінің бай екендігіне, әрбір сөздің терең білім мен ғылыммен ұштасып жатқан­ды­ғына дәлелді түрде көзім жетіп, онымен қатты мақтанғым келіп кететін кездер болады. Осылайша бойымды билеген биік ұлттық рух пен жігер мені тағы да алға сүйрей жөнеледі. Тағы да бір жаңа атау ойлап табуға құлшына кірісемін. Ойлап табу деген артықтау айтылған сөз болады. Мысалы, қазақта 2 миллионнан астам атау­лы сөз бар. Әлемде мұндай сөздік қоры бар бізден басқа бірде-бір халық кездеспейді. Тіпті біз бар сөзімізді ұмытып, қолда барды бағаламай, өзімізбен мақ­та­нудың орнына өзгенің терминін пайда­ла­нып, тілімізді бұрап жүреміз. Ең өкініштісі – осы. Бұл нағыз сауатсыздық емей немене? «Пәленбай зат алғаш шетелде өндірілген, сондықтан оның атауын өзгерт­пейік» деп даула­сып жатамыз. Бірақ, ке­ші­ріңіз, зерт­тей келсеңіз, ұмтылған шығыс өркениетінде біз бүгіндері тың деп жүрген дүниелерге ұқсасы қолданылғаны, тіпті атауы болғаны анықталып жатады. Осы жағынан алғанда, сөздік деген ата-баба­мыз­дың сөз арқылы бізге беріп кеткен білім мен ғылымының кодталған құлпын ашушы кілті деп айтсақ та болады. Сон­дық­тан бұл іске үлкен құл­шы­ныспен бас қой­­дым, 10 жыл мерзім көп көрінгенімен, мен үшін білгенім әлі аз болып көрінеді де тұрады...

– Демек, терминдерді мейлінше қазақшалауды жақтаушысыз ғой?

– Әрине. Кез келген жаңа атау алғаш айна­лымға енгізілген кезде оны ұлттық тілдік қолданыс негізінде әбден зерттеу керек. Онсыз болмайды. Шынымен де, біздің өркениемізде жоқ нәрсе болса, әрине, оған тиіспеу керек. Немесе әлгі атау­дың түп-төркіні түркітілдес халық­тар­дан алынған болуы ықтимал. Ондайда да атауға түрпідей тиюдің қажеті жоқ. Аудару керек екен деп жөн-жосықсыз терминді өңдей беру де сауатсыздық. Аударған соң негізді, дәлелді дәйектер болуы тиіс. Мы­салы, техникалық салада стакан деген бөл­шек зат бар. Мен соны аударусыз қал­дыр­дым. Өйткені зерттей отырып, бұл сөздің төркіні түріктің «тостаған» деген сөзінен алынғанын анықтадым. Сол себепті оған орыстардың өзі «түрік сөзінен алдық» деп сілтеме жасап отырғанда оны өзгертуді әбестік деп санадым. Сол секілді «резь­баны» бұранда деп басымызды қатырып жүр­сек, оны баяғыда ата-бабамыз буна деп нақ атауын беріп кеткен екен.

Кезінде КСРО құрамындағы түркітілдес елдер «гайканы» сол атауымен пайдаланып жүрді. Ал түріктердің өзі оны «сомын» дейді екен, яғни ол сомдау, бекіту деген мағынадан алынған. Ата-бабамыздың сөз қолданысында бар әп-әдемі, мағынасы ашылған сөз. Оны неге қолданбасқа?

Зауыттағы станоктарды қазір білдек деп жүрміз. Ол атауда да менің үлесім бар. Алғаш бұл затты І Петрдің ұстасы Нартов стол аяғын үстірттеп жөндеу үшін жасап шығарған екен. Қазақ этнологиясын зерттеуші Садық Қасимановтың сөздігінде «станок деген үстел аяғын қыратын білдік» делініпті. Мен соған бір әріп өзгеріс енгізіп, станокты «білдек» дейтін болдық. Міне, жаңа атаулар осындай ізденістердің арқасында туындайды, мен өз жанымнан бір сөз тудырып, қосып жатқаным жоқ.

Қазір Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да «Металл кескіш білдектер» деген пән оқытып жүрмін. Қазақша оқу құралы жоқ. Орыстың кітабын пайдаланамыз. Оны аударып, балаларға жаздыртып жүрмін. Бұл салада қазақшалануы тиіс оқулық көп. Сондықтан аудармашыларға менің сөз­ді­гім­нің көп көмегі тиюі керек. Соңғы кездері техниканың дамуына байланысты сөздік түзудің компьютерлік технологиясы жасала бастады. Компьютерлік жүйенің сер­вер­ле­рінде орналастырылған түрлі электрондық сөздіктер бар. Бұл керемет дүние. Солар­дың қатарына өзіміздің политехникалық сөз­дік еніп жатса, ол елдігіміз үшін жақсы көрсеткіш емес пе?

– Елімізде 2017 жылы EXPO халық­ара­лық көрмесі өткізілгелі жатқан­ды­ғынан хабардар болуыңыз керек. Оған ұсынатын дүниеңіз бар ма?

– Иә. Қазақтың техникаға қабілетті еке­нін, оған байырдан, қазір де өзінше үлес қосып жатқанын айғақтайтын осы айна­лы­сып жатқан сөздігімді көрмеге қою әбден лайықты дүние болады деп санаймын. Әрине, ол сөздіктің қазіргісінен көлемі зор болуы тиіс. Оған политехникалықтан тыс, энер­гетика, баламалы энергетика, элек­тро­техника, ІТ сынды қосымша техникалық салалардың атаулары енгізілуі тиіс. Халық­ара­лық көрмеде еліміздің техникалық сөз қорын танытатын бұл сөздік қазақша-ағылшынша, ағылшынша-қазақша болуы керек деп ойлаймын. Осы негізде биыл «Астана ЕХРО – 2017» ұлттық компа­ния­сының басшысы Талғат Ермегияевқа хат жаздым. Әзірге жауап алғаным жоқ. Бірақ техникалық сөздіктің бұл көрмеден орын алатындығына сенімдімін. Себебі оған жер шарының түкпір-түкпірінен талай ғалым, өнертабыс иелері келеді. Олар да зат атауының шығу төркінін білуге құмар­тары сөзсіз. Бұл ғылым үшін аса маңызды нәр­се. Көрмедегі заттардың мәліметін нақ­ты білуі үшін сөздіктің қажет болары сөзсіз. Қа­лай дегенмен де бұл ұсыныс қолдау табуы тиіс деп есептеймін.

– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!




Көрілген: 2701    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 13.11.2013, 12:43

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31