Дат!

Біз ежелгі қаланың тарихи келбетін қалпына келтіру бағдарламасын батыл қолға алдық

  • Біз ежелгі қаланың тарихи келбетін қалпына келтіру бағдарламасын батыл қолға алдық

    Біз ежелгі қаланың тарихи келбетін қалпына келтіру бағдарламасын батыл қолға алдық

Қанат БОЗЫМБАЕВ, Жамбыл облысының әкімі:


– Қанат Алдабергенұлы, Әулиеата өңірі Төле би Әлібекұ­лының 350 жылдығын кеңінен атап өтті. Сондықтан сұхбатымыз­ды осыған орай өткізілген іс-шаралар жөнінде өрбітсек...

– Иә, Жамбыл облысында қазақтың төбе биі – Төле бидің 350 жылдық мерей­тойы жоғары деңгейде аталып өтті. Мерей­тойға арналған іс-шаралардың ауқымы да кең. Оның ең ірісі – Төле би бабамызға ескерткіш орнату. Еңселі ескерткіш Тараз қаласының Төле би даңғылы мен Желтоқ­сан көшесінің қиылысында орнатылды. Сонымен қатар «Төле бидің қасиеттері мен өсиеттері» атты республикалық жыр мү­шәй­расының қорытындысы шығарылып, «Төле би және оның ұлағатты мұралары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – қазақтың тұтастығын, бірлігі мен Тәуелсіздігін армандаған, артынан ұлы мұра қалдырған ұлы бабамыздың рухына құрмет көрсету. Елбасымыз қашанда қазақтың тарихына барынша жанашырлық танытып, оның қажетті деңгейде зерттеп-зерделенуіне назар аударып келеді. Сондықтан Төле бидің 350 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді төл тарихымызға, тіптен қазақ ұлтына деген құрмет деп білемін.

– Әрине, ата-бабамызды құрметтеу, олардың рухани мұрасын ұрпаққа насихаттау – бұл біздің басты міндетіміз, біздің қастерлі парызымыз. Еліміз ұлт тарихы мен мәдениетіне, руханиятының дамуына жіті мән беріп келеді. Осы ретте сіз басқарып отырған облыстағы мәдени шаралардың өткізілуіне тоқталып өтсеңіз...

– Облыста мәдениет саласының дамуына барлық жағдай жасалып отыр. Жыл санап оған бөлінген қаржы да өсіп келеді. Биылғы жылдың өзінде мәдениет саласын дамытуға облыстық бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соңғы үш жылда ондаған ірі көлемдегі мәдени іс-шаралар өткізілді. Биылғы көктемде жас дизайнерлерді қолдау мақсатында «Аспара» халықаралық сән фестивалі өтті. Аталған фестивальға алты мемлекеттен белгілі дизайнерлер қатысты. Облысымызда сәтті өткізілген Тараз классикалық «Көктем» өнер фестиваліне Халық әртісі Бибігүл Төлегенова қонақ ретінде қатысты. Оның аясында халықара­лық конкурстардың лауреаттары мен операның алтын дауыстары өнер көрсетті. Сонымен қатар мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Болат Аюхановтың Мемлекеттік академиялық хореография театры қойған «Анна Павлова – орыс балетінің аққуы» атты жаңа қойылымы атақты әлемдік классикалық музыка және балет шебер­ле­рінің қатысуымен өтті. Польша мен Қа­зақстан Республикасы арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында Варшава қаласында  Жамбыл облысының Мәдениет күндері өткендігін де білесіздер. Оның аясында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерінің» поляк тіліндегі нұсқасы жарық көрді.

– Жақында ғана Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуника­ция­лар орталығында өткен брифингіде сіз археологиялық қазба жұмыстары туралы айтқан болатынсыз. Тарихы терең Тараз топырағында атқарылып жатқан археологиялық қазба жұмыстарының барысы қалай?

– Тараз қаласы еліміздің ең ежелгі қалаларының бірі екені белгілі. Алайда Тараздың терең тарихы бүгінгі күнге дейін жер қойнауы астында жатты. Сондықтан біз бірінші кезекте ежелгі қаланың тарихи келбетін қалпына келтіру бағдарламасын батыл қолға алдық. Өткен жылдан бастап ол жерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстары нәтижесінде 33 мыңнан аса қыш құмыра бұйымдары­ның сынықтары табылып отыр. Олардың ішінде 107 данасы бүтіндей сақталған. Осыған қоса, 33 тиын, 26 шыныдан жасал­ған, бес  дана сүйектен жасалған археоло­гиялық жәдігер табылды. Осы жәдігер­лер арқылы Х-ХІІ ғасырларға қатысты қараха­нидтер кезеңінің керамикалық бұйым­дарының бірегей топтамасы жинақ­талды. Археологиялық жұмыстар аяқтал­ғаннан кейін бұрынғы орталық базардың орнында аспан астындағы «Көне Тараз» музейі ашылады. Ал соның айналасында қона­қүй­лер, ұлттық тағамдар мейрам­ха­на­лары, қолөнер бұйымдарын сататын дүкен­дер салынады. Жалпы, керемет турис­тік орталық болады деп ойлаймын.

– Енді мәдениет пен руханият­тан экономикаға көшсек...  Жалпы, облыстың соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіліңіз тола ма?

– Барлығын тындырдық деп айта алмаймын. Алда атқаратын жұмысымыз көп. Соңғы жылдары Жамбыл облысы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізгендігі шындық. Оған өткен жылғы Президент Әкім­шілігі мен Үкімет тарапынан жүргізіл­ген әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны рейтингісінің нәтижесі дәлел. Ол бойынша Жамбыл облысы республика өңірлерінің арасында бірінші орынға шықты. Соңғы үш жылда облыстың жалпы өңірлік өнімінің нақты 33 пайызға өскен­дігінің өзі көп жайды аңғартады. Бір ғана былтырғы жылы ол 9,8 пайызға өсіп, 764 миллиард теңгені құрады. Бұл — ай­мақ үшін рекордтық көрсеткіш. Соңғы үш жылда облыста өнеркәсіп өнімі көлемінің өсімі 44 пайызға жуықтаса, өңдеу өнер­кәсібінің өсімі 46 пайызды құрады. Бұл оңды өзгерістерге Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шең­берінде және одан тыс жаңа өндірістік қуат­тарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған­дарын жетілдіру нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.

Атап айтқанда, облыста аталмыш бағдарлама аясында құны 546 миллиард теңгені құрайтын 38 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ол бойынша 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп кү­тілуде. Бүгінде аталған бағдарлама бойын­ша 29 жоба іске қосылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 19 жоба аудандарда жүзеге асырылып отыр. Сондай-ақ аймақта химия өнеркәсібін дамытуға үлкен мән беріліп келеді. Бұл салада да жетістіктер баршылық. Мысалы, «Қазфосфат» серіктестігі екі инновациялық жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде құны 14 миллиард теңгені құрайтын күкірт қышқылы зауытының аймақ үшін маңызы ерекше. Жоғары технологиялық жобаның компания өнімдерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетіні даусыз. Алдағы уақытта бұл компания жеті жетілдіру жобасын жүзеге асырып, жаңа өнімдер шығарып, өндіріс көлемін 2020 жылға қарай сегіз есе ұлғайтпақ. Кәсіпо­рын­ның инвестициялық бағдарламасында бұл мақсатқа 120 миллиард теңге қарас­тырылған. Осы саладағы елеулі жобалар­дың бірі — «ЕуроХимТыңайтқыш» компа­ния­сы құрылысын қолға алып отырған минералды тыңайтқыштар зауыты. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының қолдауымен аталмыш жобаға қатысты барлық мәсе­ле толық шешімін тауып, компания Сарысу ауданында бұрғылау-жару жұмыс­тарын бастауды жоспарлап отыр. Жалпы, «Еурохимнің» облыс экономика­сына инвестициясы 356 миллиард теңгені құра­мақ. Ал Шу ауданында Елбасы Жар­лығы­мен құрылған «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында жылы­на 2 миллион тоннадан астам химия өнімі өндірілетін болады. Облыста Индустрия­ландыру картасы бағдарлама­сын­дағы еңбек өнімділігін арттыру, инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесін көбейту сынды міндеттер де жемісті жүзеге асы­рылуда. Мәселен, өңдеу өнеркәсі­біндегі еңбек өнімділігі былтыр әр жұмысшыға 45,2 мың АҚШ долларын құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өсті. Соңғы үш жылда облысымыз инновация­лық белсенді кәсіпорындар үлесі бойынша республикада көшбасшы­лар қатарында келеді. Бүгінгі таңда облыс­тағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 10 пайызы инновациялық белсенді болып табылады.

– Жамбыл облысы аграрлық аймақтардың қатарына жататыны белгілі. Бұл салада қандай қиындықтар бар? Қырғызстанмен су проблемасын қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?

–  Жалпы, өңірде 2009 жылмен салыс­тырғанда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 38,2 пайызға өсіп, 94 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылдың сегіз айында 56 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда 6,4 пайызға өскен. Соңғы жыл­дары Жамбыл облысы егістік алқаптарын суаруға байланысты біршама қиындық­тарға ұшырап отыр. Өйткені біз 80 пайызға жуық су ресурстарын трансшекаралық өзендер арқылы көршілес Қырғыз Респу­бликасынан аламыз. Сондықтан облыстың ауылшаруашылық құрылымдары жазғы маусымда су тапшылығын көруде. Осы орайда, біз су үнемдегіш технологияларды қолдана отырып, облыстың ирригациялық жүйелерін қайта жаңғырту және суармалы жерлерді қалпына келтіру жөнінде 2014-2020 жылдарға арналған өңірлік бағдар­лама әзірледік. Енді, Елбасының тапсыр­масына сәйкес, облыстың Ырғайты, Қал­­ғұты, Шу, Талас, Аспара өзендерінде суқоймалар салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар­дың өңір диқандарын сумен қамтамасыз етуде көршілерден тәуелділікті төмендетуге мол мүмкіндік берері сөзсіз. Сондай-ақ биыл өңірдегі 279 канал мен су қоймала­рын құжаттандыру және жер актілерін әзірлеу жұмыстары басталды. Коммунал­дық меншіктегі су шаруашылығы нысанда­рына жөндеу жұмыстарына соңғы үш жылда 1,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 126 мың гектар алқапты қамтитын 774 шақырым канал жөнделді.

Сонымен қатар осы жылы облыстағы коммуналдық меншіктегі 55 канал мен суқойманы қайта жаңғырту, жөндеу жұ­мыс­тары қолға алынды. Бұл да каналдар­дың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Біздің тікелей бастамамызға сәйкес, Үкімет Жуалы ауданындағы Быстроток каналын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады. Енді каналды облыс аумағы арқылы Қырғызстанды айналып өтіп, қайта салу көзделуде. Құрылыс жұмыста­рын келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа 5,6 млрд теңге бөлінетін болды. Сонымен қатар ауылша­руашылық айналымындағы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Оның ішінде пайдаланылмай жатқан жерлерді тарту, егіс алқаптарын әртараптандыру, су және ылғал үнемдегіш технологияларды енгізу шаралары қолға алынған. Нәтижесінде, бүгінгі таңда су үнемдегіш технология 3000 мың гектарға жуық, нөлдік және мини­малдық технологиялар 23,5 мың гектар алқапта енгізілген. Жалпы, бағдар­ламаны іске асыру суармалы жер алқапта­рының көлемін 244 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал су ресурс­тарын үнемдеу 20-30 пайызды құрап, суармалы дақылдардың өнімділігі 2,5 есеге дейін өсетін болады.

– Облыстағы білім саласында қандай проблемалар бар? Соңғы уақытта жиі қозғалып жүрген апатты жағдайдағы мектептер мен балабақшалар тапшылығы қалай шешілуде?

– Білім саласы – ең маңызды салалар­дың бірі. Сондықтан оған басым назар аударуымыз – міндет. Бұл салада шешімін таппай отырған мәселелер жеткілікті. Солардың бірі, өзің атап өткендей, апатты жағдайдағы мектептерді жою. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда өңірде 19 апатты жағ­дайдағы мектеп бар және олардың саны өсуде. Өйткені облыстағы 458 мектептің 94-і саманнан салынған. Сондықтан бұл өзекті мәселені шешу бағытында бірқатар ауқымды шараларды қолға алдық. 2009-2012 жылдар аралығында облыста құрылыс және қайта жаңғырту есебінен 18 мектеп пайдалануға берілді. Оның 12-сі апатты жағдайдағы және бес мектеп үш ауысымды мектептердің орнына пайда­лануға берілді. Тек биылдың өзінде  облыста 12 мектептің құрылысы жүргізілу­де. Нәтижесінде сегіз апатты және үш ауысымды екі мектептің мәселесі шешіле­тін болады. Сонымен бірге облыста бала­ларды мектепке дейінгі біліммен қамту проблемасы да жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 46,9 пайызды құрап отыр. Бұл ретте «Бала­пан» бағдарламасының іске асырылуы үлкен рөл атқаруда. Бағдарлама шеңберін­де өңірде соңғы төрт жылда 55 балабақша және 130 шағын орталық пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 11 балабақша­ның құрылысы жүргізілуде. Жалпы, соңғы жылдары облыста білім сапасына жіті мән берілуде. Осының арқасында соңғы өткен Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша облыстың орташа көрсеткіші 75,02 балды құрап, республикалық көрсеткіштен 0,52 балға жоғары болды. Егер 2009 жылы біз республика бойынша соңғы орында болсақ, қазір бел ортаға көтерілдік.

Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз, бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын таба­тын болады.

– Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласының мәселелері де қозға­лып келеді. Мәселен, емханалар­дың жетіспеушілігі және кадр тапшылығы. Осы  проблемаларды шешуде қандай шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыздар?

– Денсаулық сақтау саласының проб­лемалары да жыл санап шешімін табуда. Мысалы, соңғы төрт жылда облыста 44 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 23 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында Жамбыл ауданындағы 250 келушіге арналған емхана, Тараз қа­ла­сындағы 200 төсектік қалалық балалар ауруханасы және 300 орындық қалалық көпбейінді аурухана және ауылдардағы 20 дәрігерлік амбулатория мен медици­налық пункт бар.

Сонымен қатар осы салада мемлекеттік жекеменшік әріптестігіне де назар аудару­дамыз. Бүгінгі таңда облыста жоғары мамандандырылған заманауи кардио­хирургия және кардиология клиникала­рының құрылысы жүріп жатыр және Тараз қаласында бір мезгілде 500 келушіге арналған емхана құрылысы концессиялық келісімшарт жасау сатысында тұр. Ағым­дағы жылы пайдалануға берілген облыс­тық балалар ауруханасында балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсету көлемі кеңейіп, амбулаторлық хирургия орталығы да ашылды. Облыста денсаулық сақтау саласындағы маман-кадрлардың тапшылығы біртіндеп шеші­луде. Мәселен, 2011 жылдан бастап дәрі­гер­лердің шетелде тәжірибеден өту дағ­дысы қалыптасты. Ол бойынша 18 адам Ресейде, Латвияда және Израильде дайындықтан өтті. Сондай-ақ облыс әкімі­нің гранты есебінен медициналық жоғары оқу орындарында 87 ауыл түлектері білім алуда. Олар университетті аяқтаған соң өз ауылдарына келіп, жаңа ауруханалар мен амбулаторияларда жұмыс істейтін болады. Жалпы, облыста денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға артқан. Облыс тұрғындарын тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік қаржы көлемі 2,6 есеге ұлғайды. Денсау­лық сақтау мекемелерін медициналық жабдықтармен және техникамен жарақ­тандыруға жергілікті бюджеттен 3,7 еседен астам қаржы бағытталды. Жалпы, атқа­рыл­ған мақсатты шаралар арқасында өңірде ана өлімінің деңгейі екі еседен астам, нәресте өлімі 25,6 пайызға азайды.Сонымен қатар туберкулез ауруының деңгейі 13,2 пайызға төмендеді. Өңір тұрғындарының орташа өмір сүру деңгейі соңғы он жылда 2,5 жылға өсіп, 70 жасқа жақындады. Ал туу көрсеткіші 63,3 па­йызға ұлғайды.

–  Соңғы жылдары еліміздің аймақтарында баламалы энергетика нысандары пайда болуда. Жалпы, бұл көзбояушы­лық па, әлде шын мәнінде халыққа тиер жақсылығы бар ма? Сіз басқарып отырған аймақта бұл саланың беталысы қалай?

– Соңғы үш жылда облыста баламалы энергетика саласында тоғыз жоба баста­лып, жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы қуаты – 186 МВт.  Баламалы энер­гетика саласындағы жалпы инвестиция көлемі – 58,5 млрд теңге.

Осы кезге дейін бес жоба жүзеге асы­рылды. Олардың жалпы қуаты 15 МВт құра­са, тартылған инвестиция көлемі 20 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде 2012 жылы Қордай ауданында іске қосылған қуаты 0,5 МВт құрайтын күн электрстансысын ерекше атап өтуге болады. Бұл Қазақстандағы алғаш рет өнеркәсіптік деңгейдегі күн электрстанcы болып табылады. Қазіргі уақытта жоба инвесторлары аталған жобаның қуатын 7 МВт-қа жеткізуді көздеп отыр. Сонымен бірге 2010 жылы Меркі  ауданында 1,5 Мвт құрайтын ГЭС жұмыс істей бастады, Қордай ауданында 1,5 МВт құрайтын жел электрстанcысы пайдалануға берілді, оның қуатын 10 МВт-қа дейін күшейту жоспарланып отыр. Биыл Шу ауданында қуаты 9,2 Мвт құрайтын Тасөткел су электрстанcысы жобасы жүзеге асырылса, Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Каменка ауылында қуаты 2,3 мегаватты құрайтын Қарақыстақ су электрстанcысы іске қосылды. Бұл жобалар қазіргі уақытта нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының осы жобалардың жұмысы­мен танысуға толық мүмкіндік бар. Осы саладағы жоспарларымыз да жеткілікті. Мысалы, биыл Vista International ЖШС жалпы қуаты 21 МВт құрайтын Қордай жел электрстанcының 4 МВт құрайтын алғашқы кезегінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Осыған қоса, 2013-2015 жылдары Fonroche Energie атты француз компаниясы қуаты 24 Мвт құрайтын күн электрстанcысының құрылысын бастауды көздесе, 2013 жылы ресейлік инвесторлар 19,8 қуаты бар Мерке ГЭС-нің каскад  құрылысын бастауды жос­парлап отыр. Сонымен бірге 2015 жылға дейін Central Asia Green Power компаниясы Сарысу ауданында қуаты 100 Мвт құрайтын Жаңа­тас жел электрстанcысының құрылысын жүргізбек. Аталған жобалар­ды жүзеге асыру облыстағы баламалы энергетиканың үлесін 40 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рақмет!




Көрілген: 2416    Пікірлер: 0

сейсенбі, 29.10.2013, 14:06

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31