Дат!

Бізде нақ қазір химия өнеркәсібі жоқ

  • Бізде нақ қазір химия өнеркәсібі жоқ

    Бізде нақ қазір химия өнеркәсібі жоқ

Хакім Суербаев, химия ғылымының докторы, профессор:


– Хакім Абдрахимұлы, қазір әлем елдері мұнай-химияны да­мы­туға айрықша мән беруде.  Сіз осы саланы зерттеп жүрген маман ре­тінде отандық мұнай-химия са­ла­сының аяқ алысы туралы не айтасыз?

– Химия өнеркәсібі дегенде біздің ал­дымен тілге тиек ететін саламыз, әри­не, мұнай-химия болуы керек. Кезінде Ке­ңес Одағының тұсында нақ осы мұ­най-химия өнеркәсібі біртіндеп да­мып келе жатыр еді. Ол тұстары Те­мір­тау­да, Ақтауда, Атырауда химия өнеркәсібі бар болатын. Сәл ғана болса да Кеңес өкі­метінің кезінде осы салада біздің өзін­дік үлес салмағымыз болды. Қазір хи­мия өнеркәсібі жайлы сөз еткенде ауыз­ды қу шөппен сүртуге тура келіп тұр. Жалпы, химия өнеркәсібі де­геннің өзі адам баласына қажетті затты хи­мия­лық синтездеу арқылы алу ғой. Бізде Шы­ғыс Қазақстан облысында руда­лар­дан қорғасын, мырыш, титан ала­тын за­уыттар бар. Бірақ бұл хи­мия­лық син­тез­деуге жатпайды. Себебі бұл за­уыттар өнімді шикізат есебінде ала­ды. Ал әрі қарай ол өнімді химиялық синтездеуден өткізіп, одан тұрмысқа қажетті заттар алу мұндай зауыттардың қолынан кел­мей­ді. Шындығын айту керек, бізде нақ қазір химия өнеркәсібі жоқ. Оны жа­сы­рып-жабудың да еш реті де жоқ. Рас, ел­­де нақ осы са­ланы жандандыратын ре­­сурс­тар жеткілікті. Әйтсе де біз бұл са­лада  әлі төменгі дең­гейде қалып отыр­мыз. Бұл жағынан отандық ма­ман­дар да жеткіліксіз, тех­нологиялық ба­за­мыз да на­шар.

– Сонда сіз қазақтың мұ­най-хи­миясы қиналып тұр демексіз бе?

– Бұл ретте мен сізге бір ға­на мысал айтайын, біз мұ­найға бай мемлекетпіз. Мұнай қоры­мыз­дың молдығы жағынан әлемдегі мұ­найлы деген 15 мемлекеттің қата­ры­на енеміз. Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұ­най­дан кіржуғыш заттар, әртүрлі пласти­ка­лық зат­тар, кеңсе заттары, үй жиһаз­да­рына де­йін алынады. Мұ­­­най-химияны же­тік меңгерген ел­дер шикі мұнайды те­рең деңгейде ұқса­тып отыр. Ал біз ши­кі мұнайды сыртқа сат­қанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қа­зір­де мұнай шикізатынан алы­натын өнім көр­сеткішін 92-94 па­йызға дейін жеткі­зу­ге талпынып жатыр. Біз, керісінше, өн­діретін мұнайдың 90 па­йызын шикі күйінше экспорттап жа­тыр­мыз. Бұл – өте үлкен олқылық. Бү­гін­де біз мұнай ши­кізатының аз ғана бө­лігін мотор отын­дары мен  дизельді отын ре­тін­де  қол­данып жатырмыз. Оның өзін­де отан­дық тұтынушыларды атал­мыш өнім­­дермен толықтай қам­та­масыз етуге қа­білетіміз жеткіліксіз. Өзі­ңіз білесіз,  қа­зір бірқатар әлем елдері мо­торлы отын­дарға қатысты Еуро-5 стандартына еніп кетті. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл межеде әлі Еуро-2 стан­дар­тына иек ар­тып отыр. Мұның өзі біз­дің мұнай өң­деу саласының кенжелеп қал­ғандығын ай­ғақтап тұр. Негізінен, дамушы және да­мыған елдерде мұнай өңдеу за­уыт­тарының қасында міндетті түр­де мұнай-хи­­мия өндірісі болады. Осы өндіріс орындары арқылы олар мұ­найдан қос­ал­қы өнім алады. Ал біз­дегі Атырау, Шым­кент, Павлодар мұнай өң­деу за­уыт­тары тек қана мотор отын­дарын шы­ға­рып отырғанның өзінде ха­лықты са­па­лы жанар-жағармаймен, ди­зельді отын­мен қамтамасыз ете ал­май отыр­ған жоқ па? Меніңше, осын­дай жайт­тар­­дан кейін қазақ мұнай-хи­мия өнер­кә­­сібі жайында асыра мақ­танудың қа­жеті шамалы тәрізді.

– Білесіз, бүгінде елдегі мұнай өң­­д­ейтін зауыттардың дені – ше­­тел­дік алпауыттардың қо­лын­­да. Мүм­кін, бізге сол алпауыт қожа­йын­дар­ды мұнай-химия өн­дірісін  өр­­­к­ен­­­де­туге мәжбүр­леу керек шы­ғар?

– Болашақта біз елдегі мұнай өң­дейтін зауыттардың шетелдік қожа­йын­да­рына «зауыттың қасынан мұнай-хи­мия өндірісін ашасың, осыған ин­­­вес­тиция құясың» деп табандап оты­ра алсақ, кәнеки... Мұндай табандылық та­­­нытсақ, нақ қазір сіз бен біз екеуміз «қа­­зақтың химиясы екі иінінен қиналып дем алып тұр» деп отырмас едік. Біз ке­зін­де Тәуелсіздік алған жылдары мұнай өн­діру, мұнай өңдеу салаларын өзіміз игеріп кете алмадық. Бұл түсінікте де еді. Ол кездері халықты жаппай ке­дей­ші­лік жабырқатты. Білікті мамандар мен технологиялық базамыз мүлде жоқ бол­­ды. Ол кезеңдердегі басты мақсат елді жоқшылықтан белін бүгілдіртпей алып шығу еді. Осыдан барып біздің мұ­най-газ саласына шетелдіктер ден­деп ене бастады. Басында олар та­бал­дырығымыздан имене аттаса, қазір тіп­тен билеп-төстеуге айналды. Бұған дә­­лел – қазірде сол шетелдік мұнай өң­­деуші компаниялар еліміздің эко­ло­гия­лық заңнамаларын өрескел бұзып отыр­­ғаны өз алдына, қазақтың құқын бұ­зып, қол астындағы жұмыс­шыла­ры­ның еңбегін қанауға дейін барып жа­тыр. Әлбетте, оларға қазақтың мұнай-химиясының өркендегені қажет емес. Олар шикі мұнайды экспорттау арқылы байлыққа кенеліп жатыр. Сон­дықтан өз басым сіздің «алпа­уыт­тар­ды мұнай-химия өндірісін өркендетуге мәж­бүрлеу керек шығар» деген пікі­рі­ңі­збен келісемін... Сөз жоқ, мұнай қазынасын армансыз ақтарып-қопарып жатқан шетелдіктер мұнай-химияға ин­вес­ти­ция салуы керек. Егер елде мұнай-хи­мия өркендейтін болса, он­да біздің тұр­мыс­қа қажетті заттарымыз тү­гел өзі­­­мізден өндіріледі. Бұл та­рап­тан арна­йы заңдар шыға­ры­лып, қау­лы-қарар­лар қабылданса жөн бо­лар еді. 

– Негізінен, қазірде мұнай-хи­­­­мияға реформа енгізу мақ­са­­тын­да мұнай өңдейтін зауыт­тар­­ды мо­дер­низациялау қа­­жеттігін жиі қау­зайды. Жалпы, нақ қазіргі уа­қыт­та мұнай за­уыт­­тарын модер­ни­зациялаудың мә­ні қаншалықты ма­ңызды деп ой­лайсыз?

– Модернизация дегеніміз, мен жо­ға­рыда сөз еткендей, дамыған ел­дер­де­гі тәрізді мұнай өңдейтін за­уыт­тар­дың қасынан мұнай-химия өндірісін ашу. Құзырлы органдар бүгінгі жағ­дай­да мұнай өңдейтін зауыттарды мо­дер­ни­зациялау саясатына енуді көздеп отыр­­са, мұны кешіктірмегендері жөн. Мұн­дай реформа нақ қазір бізге керек. Тал­дап айтатын болсақ, жалпы,  мұнай өң­деудің бірнеше әдіс-тәсілі бар: бі­рін­ші­лей айдау, крекинг, риформинг, гидрокрекинг, гидротазалау және бас­қа­лар.  Мұнайдан бізде, негізінен, бен­зин, керосин, дизель отыны, мазут алы­на­ды. Біз осы мазутқа дейін өнім ала­мыз да әрі қарай қазбаламаймыз. Ең өкініштісі, бізде мұнай қоры көп бо­ла тұра, біз бензинді, дизель отынын, ұшақ­тарға қажетті отынды, жағар­май­лар­ды көршілес Ресей елінен  им­порт­таймыз. Қанша байлығымыз бола тұ­ра, өзгенің өніміне көз сүзіп жал­тақ­тай­мыз. Міне, осы мәселелерді шешу үшін тез арада мұнай өңдейтін зауыт­тар­ды мо­дер­низациялау үрдісін қолға ал­ға­ны­мыз жөн. Әрине, бұл үшін біраз уақыт ке­тер, десек те, мұнай-химияға бойлап ену үшін бұл үрдісті осы бастан қолға алу қажет.

– Жалпы, өзіңіз айтып отыр­ған­­дай, соңғы дайын өнімге дейін өң­деу үшін болашақта біз қан­дай жайт­тарға басымдық бе­руіміз ке­рек? Бұған қатысты нақ­ты  қандай ұсы­ныстар біл­ді­рер едіңіз?

– Біздің мұнайымыздың бір ерек­ше­лігі – құрамында күкірт қо­сылыстары көп. Осы жағынан ал­ғанда мұндай мұ­най­ды өңдеп, одан өнім алу күрделірек. Бұған қоса біз та­биғи газға бай елміз. Біз­дің газымыздың ба­сым көпшілігі мұ­на­йымызға ілесіп шы­ғады. Өкініштісі, қа­зірде осы мұ­най­мен ілесіп шығатын ілес­пе газды ұқсату жағы да бізде өте тө­мен. Себебі ол газ­ды ұқсату үшін алдымен күкірт қосы­лыс­тарын Клаус тәсілімен арылтып, эле­ментті күкіртке айналдыру керек. Ал алынған элементті күкіртті сатылымға шығарғанымен, қазір еш пайда жоқ. Әлемдік нарықта бүгінде элементті күкірттің бағасы тым төмен. Сондықтан тек қана пайда та­бу­ды көздейтін шетел­дік алпауыттар бұл жер­де қазақтың мұ­найын ғана емес, га­зын да ысырап етіп отыр. Әрине, бұл мә­селе қазір біртіндеп қол­ға алына бас­тал­ды. Қазірде Құмкөл кенішінде ілеспе газды тазарту, оны өнім ретінде пайдалану жүзеге аса бас­тады. Бірақ көп кеніштерде ілеспе газ ашық аспанда еш пайдаланылмай жа­нып жатыр. Газ­дың бұлай ашық аспанда жа­нуы эко­ло­гиялық тұрғыдан өте зиян­ды. Осы ретте ай­тарым – осы мәселеге қа­тысты сал­ма­ғын бойына жиған ше­шімдер қа­был­дау керек. Осы сала­да­ғы бақылау пакетінің басым үлесі Қа­зақ­станның еншісінде болуы қажет. Бы­лайша айт­қан­да, жіліктің майлы ба­сы біздікі бо­луы керек қой. Жалпы, өзге ел­дер осы мұнай-газ саласына ай­рық­ша назар ау­дарады. Мұнайды ақырына де­йін өң­деу әдісіне бүгінде Германия, Израиль тә­різді елдер қатты назар ау­даруда. Тіп­тен алысқа бармай-ақ көрші Ре­сейді мысалға алайық, Ресейде тек қана осы мұнай-химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын ар­найы жоғары оқу орындары бар. Біз тек осы салаға қатысты бірді-екілі факуль­тет­тер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай-хи­мияны тереңдеп оқытпайды. Сон­дық­тан мәсе­леге ғылыми тұрғыда мән бе­ретін бол­сақ, мұнай-газ саласын өр­кендету үшін мынадай жайттарға назар аударған жөн:

а) Маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін  көрші елдердегі тәрізді арнайы мұнай-химия өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы керек. Технологиялық базамыз қуатты болуы керек. Біліктілікпен қоса, отандық өн­ді­ріс қуаттылығы артуы қажет.

ә)Мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет қарамағына алғаны жөн. Өйткені біз барлық тізгінді шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры «Жаман үйді қонағы билейді» дегенге әкеліп отыр.

б) Бұдан соң қандай шешім қабыл­дан­са да, халықтың мүддесі ескерілуі ке­рек. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрт­тың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында дидары­мыздың төменшіктеп қалатыны хақ.

в) Заң қатайтылуы керек. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөз – ақиқаттың нақ өзі.

г) Бұдан соң мұнай өңдеу зауыт­тарын модернизациялауды бастау ке­рек. Бұл – мұнай-химия өнеркәсібіне жан бітіретін үрдіс.

– Ал енді белгілі тараптан ай­тыл­ған ұсыныстарыңыз еске­рі­ліп, «міне – қаржы, міне – қол­дау, әрекет ет» десе, біздің ға­­­­лым­дарымыздың, яғни сіз­дер­­­дің осы салаға байла­ныс­ты селт еткізер жаңалықтарыңыз бар ма осы?

– Неге болмасын, бар, әрине. Қа­зақстан ғалымдары қазірдің өзінде селт еткізер жаңалықтардан кенде емес. Бірақ қазақ ғалымдарын капитализмнің қанын бойларына сіңірген шетелдік ал­пауыттар маңына да жуытпайды. Бізді қын­жылтатыны – осы. Осыдан барып, қа­зақ өзінің мұнайына иелік еткенде ға­на қазақ ғалымдары мұнай-химияға ара­ласа алатынын түсінесің. Қазір ше­тел­дік алпауыттарға ең тиімдісі мұ­найды шикі күйінше сыртқа экспорт­тау болып отырғанын мен жоғарыда айтып өттім. Өзіңіз ойлаңызшы, шикізат кү­йін­де сатып пайдаға белшеден батуға бо­ла­тын болса, оны химиялық тәсілмен өң­деп жын ұрып па? Олар осы тәсіл ар­қы­лы қазақтың мұнайын сатып байып пай­даға бір батып отырса, өнер­тап­қыш­­тарын тұншықтырып тағы бір ма­саттанып отыр.

– Солай-ақ делік, десек те сол өнер­тапқыштарымыз неге өз­дері жұл­қынып шығып, мәрені ке­сіп өт­пейді. Бұл жерде, мүмкін,  жа­ңалық ашып бәйгеге түсу жа­ғынан өнер­тап­қыштарымыз сел­қос шығар... Мә­селен, сіз өз басыңыз қай жаңа­лық­тарыңыз бәсекеге бәс тігуге ла­йық дер едіңіз?

– Бұл пікіріңізбен мен келіспеймін. Біз­де өндіріске енсе, жанып кетер жаңа­лық­тар баршылық. Бір ғана біздің «Мұ­най­-химиялық синтез зерттеу» зерт­ха­насы турасында сөз етер болсақ, біз осыдан біраз уақыт бұрын жүрек дертін ем­дейтін валидол, корвалол тәрізді дә­рі­лерді өзіміз жасаған жаңа, эколо­гия­лық тұрғыдан таза, ұтымды тәсілдермен өн­діруге болатынын дәлелдедік. Білетін шығарсыз, қазірде біз бұл дәрілерді Украина, Ресейден импорттаймыз. Осы дәрі-дәрмектерді Қазақстанға шығара алатынымызды дәлелдеп, оған тиісті орындар тарапынан берілген арнайы ли­цензиясын, патентін – бәрін алдық. Бұл дәрілерді осы жасалған жаңа тәсіл­дер­­мен өнеркәсіптік түрде өндіру Елба­сы­­ның өзі қол қойған «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының фармацевтикалық және ме­­дициналық өнеркәсібін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» (1997 жыл) кірген еді. Бірақ  ол сол күйінше өндіріске де енгізілмеді, жарқ етіп жа­рық­қа да шықпады. Себебі елдегі кәсіп­орын­дар «отандық өнімді өндіріске ен­гіз­геннен гөрі шетелден импорттаған тиім­ді» деп шешті. Біз әлі күнге дейін осы аталған дәрілерді шетелдерден та­сы­малдаймыз. Мұндай мысалдарды көп­теп келтіруге болады. Отандық на­рықта қазір Үндістаннан, Германиядан, Түр­киядан, Қытайдан келген дәрілер қап­тап кетті. Тиісті орындар мұның соңы ұлт денсаулығына, айналып келгенде, өзі­нің ұрпағының денсаулығына қауіп төн­діретінін сезбей ме, әлде сезінгісі келмей ме – түсініксіз.

– Сіз қазір іштегі қыжылыңызды айтып отырсыз. Жалпы, ғалым ре­тінде сізді не толғандырады? Қазақ елі алдыңғы саптан көрінуі үшін бо­ла­шақта не істелінуі керек деп ой­лайсыз?

– Бұған қатысты айтарым – адам ба­ласы бірден төменнен биікке жетуге ұм­тылмауы керек. Кемшілік айтылмаса, ке­містік түзелмейді. Өз басым төменді бағ­дарлай отырып, биікке біртіндеп ұм­тылу   адамға бақыт әкеледі деп ой­лай­мын. Біз даму үстіндегі елміз. Үнемі  ізденісте жүрген елміз. Алдыңғы саптан кө­рінуді мақсат тұтсақ, біздің құзырлы орында отырған азаматтар сала ма­ман­дарының тарапынан айтылған ұсы­ныс­тарға мән беруі керек. Сонда ғана бізге бәсекеге бәс тіге алатын қарымды елге айналу жеңіл әрі тиімді болмақ.



Алашқа айтар датым...

Қазақстан ғалымдары қазірдің өзінде селт еткізер жаңалықтардан кенде емес. Бірақ қазақ ғалымдарын капитализмнің қанын бойларына сіңірген шетелдік алпауыттар маңына да жуытпайды. Бізді қынжылтатыны – осы. Осыдан барып, қазақ өзінің мұнайына иелік еткенде ғана қазақ ғалымдары мұнай-химияға араласа алатынын түсінесің. Қазір шетелдік алпауыттарға ең тиімдісі мұнайды шикі күйінше сыртқа экспорттау болып отырғанын мен жоғарыда айтып өттім. Өзіңіз ойлаңызшы, шикізат күйінде сатып пайдаға белшеден батуға болатын болса, оны химиялық тәсілмен өңдеп жын ұрып па? Олар осы тәсіл арқылы қазақтың мұнайын сатып байып, бір пайдаға батып отырса, өнертапқыштарын тұншықтырып тағы бір масаттанып отыр.





Көрілген: 1958    Пікірлер: 0

сейсенбі, 22.10.2013, 12:29

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31