Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Бізде өнім алуға қуат, жұмыс күші мен материалдар шамадан тыс көп жұмсалуда

04 ақпан 2011, 11:21

Қайнар Қожымов, Инвестициялардың тиімділігін зерттеу жөніндегі агенттік директоры:

Кен-металлургиялық кешен – (КМК) Қазақстан экономикасы­ның негізгі салаларының бірі. Аталған саланың маңыздылығын түсіну үшін оның көлемі еліміздің жалпы өнімінің 9,5 пайызын құрап, Қазақстан экспортының 19,5 пайызын беріп отырғанын еске түсіру жеткілікті. Былтыр өз дамуының жаңа сатысында тұрған саланың 2010-2014 жылдарға арналған даму бағдарлама­сы бекітіліп, сала алдына осы бесжылдықта жалпы қосымша құн мен экспорт көлемін екі есе арттыру міндеттелген болатын. Осыған орай біз бір жыл бұрын құрылған Инвестициялардың тиімділігін зерттеу жөніндегі агенттіктің (ИТЗА) директоры Қайнар Қожымов­ты былтырғы 2010 жылғы саланың даму қорытындылары және үстіміздегі жылға жасалған болжамдар туралы әңгімеге тарттық.

– Қайнар Хайратұлы, сіздің агенттіктің мақсаты отандық және әлемдік экономиканың негізгі салаларына шолу мен талдау жасау екендігі белгілі. Қазақстан үшін КМК өте маңызды. Оның қазіргі жағдайы мен 2010 жылдың қорытындылары туралы не айта аласыз?
– Шынында да, мұнай-газ саласымен қатар экономиканың негізгі саласының бірі болып табылатын Қазақстанның кен-металлургиялық кешені (КМК) жыл сайын сомасы 8,5 млрд АҚШ долларын құрайтын өз өнімінің 95 пайызын сыртқа шығарды. Негізінен, бұл түсті металдар – мыс, мы­рыш, қорғасын, алюминий, ал қара метал­лургияда – төртінші деңгейде өңделген илемдер. Осындай өнім импортының көле­мі бізде жылына 6 млрд АҚШ долла­рын құрайды.
Жылдың басында бізде жыл бойынша қорытынды мәліметтер жоқ, бірақ, әрине, біз кешеннің жағдайы туралы өткен тоқ­сандардың алдын ала мәліметтері бойынша айта аламыз. Әлемдегі феррохромның ірі өндірушісі болып саналатын Eurasian Natural Resources Corp компаниясының хабар­лауынша, компания 2010 жылдың   III тоқсанында 10,891 млн тонна темір руда­сын өндіріп, 2009 жылдың осындай кезе­ңімен салыстырғанда оның өндіру көлемін 0,85 пайызға қысқартты. Жалпы айтқанда, 2010 жылдың алғашқы тоғыз айында ENRC 32,7 млн тонна темір рудасын және 13,3 млн тонна концентрат өндірді. «Қазақмыс» тобы 2010 жылдың тоғыз айы ішінде өз концентратынан 238,9 мың тонна мыс шығар­ды, өткен жылдың осындай кезе­ңіне қарағанда күміс пен алтын өндіру көлемі сәйкесінше 22% және 6% төменде­ді, ал мырыш концентраты өндірісі 16 па­йыз­ға артты. Яғни, жалпы айтқанда, әлем­дік нарықтардағы дағдарыстан кейінгі жағдай Қазақстанда да көрініс тауып отыр.
– Бұл салада көптеген мәселе­лердің бар екендігі мәлім, оның ішіндегі бірінші кезектегі ең түйткіл­ді мәселе – шикізатты терең өңдеуге қол жеткізе алмай отырғандығы …
– Қазірігі кезде Қазақстанның метал­лургиялық саласында көптеген мәселелер бар. Бұл – шикізат базасының таусыла бастауы, игеріліп жатқан қорлардың орнын жеткілікті толықтырмау, қолданылатын шикізаттың төмен кешенділігі, негізгі өндірістік қорлардың тозуы мен қоршаған ортаның ластануы, технологиялық артта қалушылық, кен өндіруден бастап жоғары деңгейлі тауарлық сипаттағы өнімді шығара алатын өндірістік толық айналымы бар интеграциялық кешендердің жоқтығы, ішкі нарық көлемінің тарлығы мен оның шашы­раңқы орналасуы және де өнім алуға қуат, жұмыс күші мен материалдардың шамадан тыс көп жұмсалуы. Бұл тізімге үлкен көлемді шикізат экспортымен салыстырғанда жоға­ры деңгейде өңделген өнім экспортының тым аздығы, инновациялық үдерістерді енгізудің төмен деңгейі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тарының (ҒЗТКЖ) жеткіліксіз қаржылан­дыры­луы, көлік және энергетикалық инф­рақұрылымдарының жеткілікті дамымауы және де қара және түсті металл қалдық­тарының өндірісте тиісінше пайдаланыл­мауы тәрізді мәселелерді де қосуға бола­ды.
Кен-металлургиялық кешенінің тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін 2008 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ құрылымында КМК-де мемлекеттің мүддесін қорғау, жер қойнауын пайдалануға арналған құқық­тарды сатып алу және пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге қатысу сияқты мә­се­лелерді шешуге бағытталған, оның 100% еншілес ұйымы болып табылатын – «Тау-кен Самұрық» АҚ ұлттық тау-кен компа­ния­сы құрылды.
– Сала алдына 2011 жылы қандай міндеттер қойылып отыр?
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИДБ) шеңберінде еліміздің Индустрия және жаңа техноло­гиялар министрлігі бұл сала үшін 2014 жыл­ға дейін арналған бағдарламаны дайын­даған болатын. Ол бойынша таяу жылдарда металлургиялық саланың жалпы қосылған құны 107 пайызға өседі, ал жо­ғар­ғы технологиялық бәсекелестікке қабі­летті өнімді өндіру көлемі мен экспорт кө­лем­дері екі есе артуы тиіс. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін машина жасау, құрылыс индустриясы, өнеркәсіптің өзге де салалары мен экспорттың дамуын қамтамасыз ете алатын келесі деңгейлі өнімді металлур­гиялық өндірістерді құру жоспарлануда
Қара металлургияда бұл – түйіршіктелген шойын мен ыстық брикеттелген темір, түсті және сирек кездесетін металдардың фер­ро­қорытпалары тәрізді жоғары сапалы шикізаттың өндірісі, сондай-ақ құбырларға арналған, тотқа және ыстыққа төзімді, құ­рал-саймандарға, бытыра мойынтірек­терге, рельстерге және серіппелерге арнал­ған сапалы болат шығару және де жоғары легирленген болаттың түрлерін көбейту болмақ.
Түсті металлургияда – таза металдарды (алюминий, мыс, алтын, титан) және олар­дан жасалатын бұйымдарды – катанка, сым­дар, илем, профиль, қорытпалар және зергерлік бұйымдар өндіру.
Минералды шикізат базасын қамтама­сыз ету үшін минералды техногендік құры­лым­дарды бағалау мен тексеру жоспарла­нуда. Кейбір кәсіпорындар, оның ішінде «Қазмырыш» АҚ бұл мәселе бойынша бел­сенді жұмыс істеп келеді. Олар өзінің жұмы­сында негізінен дербес шикізат көзі ретінде қолданыла алатын өңдеуге жарамды өн­дірістік қалдықтар болып табылатын техногендік минералды құрылымдарды пайдаланып жүр. Қазіргі кезде әртүрлі болжамдар бойынша, елімізде мұндай шикізат базасының көлемі 20 млрд тоннаға дейін жетті. Сондықтан бұл бағытты да дамытуға болады.
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес инно­вацияларды дамытуға, жаңа техноло­гиялар мен жаңарту-жетілдіру жұмыс­тарына ерекше көңіл бөлінбек. Осыған орай ҮИИДБ бағдарламасын орындау шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында Металлургия мен жоғарғы технологиялар орталығын құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты – бұл саладағы кәсіпо­рын­дарды технологиялық жаңарту, отандық ғылым мен технологияларды дамыту және озық өнеркәсіптік жобаларды енгізу. 2012 жылға қарай бұл саланың ғылыми-техни­калық дамуы үшін осы орталықта тұрақты магниттерді, көмірсутек шикізатын өңдеуге арналған катализаторларды, автокатали­заторларды, кварц шикізаты мен тантал, ниобий, бериллий, молибден және вольф­рам элементтері негізінде жасалған дайын өнімдерді зерттеуге арналған маманданған зертхана құру мәселесі шешімін таппақ. Кәсіпорындардың жүйелі мониторингі жүргізіліп, металлургия мен металл өңдеу салаларының өнімдерінде қосымша құнның қалыптасуына талдау мен бақылау жасалынбақ.
«Жер қойнауы мен оны пайдалану ту­ра­лы» Заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, Индустрия және жаңа технологиялар ми­нис­трлігі қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша тау-кен жұмыстарын атқаруда өкілеттік алып отыр. Таяу болашақта бағалы металдар мен асыл тасты кен орындарын геологиялық зерттеу мен барлау, оларды өндіру, дайын өнім жасау және қолдану, заңды айналымын жүйелеу, сондай-ақ олардың сынықтары мен қалдықтарын дайындау саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру үшін бағалы металдар мен асыл тастар туралы заң жобасын дайындау жоспарлануда.
Жергілікті мазмұнды дамыту үшін мем­ле­кеттің қатысуымен іске асатын жобаларда металл өнімдерін жеткізуде басты басым­дыққа отандық өндірушілер ие болады. Сонымен бірге металлургия мен металл өңдеу саласындағы қазақстандық өндіру­шілер шикізатты тауар биржасы арқылы сатып алуға мүмкіндік алып, ал ірі шикізат өндірушілердің бұл биржаға шикізатты нақты квота бойынша жеткізуге мүмкіндігі болады. Бұл саланың дамуын қолдау – жер қойнауын қолданушылардың, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың осы кәсіпорындар иелігіндегі тауарлар, жұмыстар мен қызметтеріне басымдық бере отырып сатып алуы арқылы жүзеге асады.
– Бірақ мұндай ірі жоспарларды жүзеге асыру үшін инвестициялар қажет қой?
– Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметтері бойынша, таяудағы бес жылда Қазақстан КМК-не жал­пы сомасы 16 млрд АҚШ доллар құ­рай­тын инвестиция салу жоспарлануда, оның ішінде 85% жеке инвестициялар болады. Мысалы, ENRC холдингі капиталды шығындардың жаңа орта мерзімді бағдар­ламасына сәйкес алдағы бес жылда өзінің активтеріне 5,8 млрд АҚШ долларын құ­рай­тын инвестиция салмақ, оның 5,3 млрд АҚШ доллары Қазақстанға жұмсалады.
Компаниялардың өз инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асыруы нәтиже­сінде елімізде қайта өңдеудің барлық бес саласы дамуы тиіс: алғашқы екеуі – кон­центратты шығару мен алу, үшіншісі – негіз­гі металдарды шығару, төртіншісі – илемді (прокат) алу және бесіншісі – жоғары қо­сым­ша құны бар дайын металл бұйымдарды өндіру.
– Жобалар туралы толығырақ айтыңыз.
– Бұл салаға арналған бағдарламаға сәйкес, бірінші және екінші қайта өңдеу дамуы барысында кен-металлургиялық компаниялар әртүрлі жобаларды дайындап жатыр. Мысалы, «Алтын-Тау» жыл сайын – 8 млн тонна руда және 15 тонна алтын; Ақтоғай КБК («Қазақмыс») – 800 мың тон­на концентрат және 25 мың тонна катод мысын; Бозшакөл КБК («Қазақмыс») – 500 мың тонна концентрат; «Ақтөбе мыс ком­паниясы» – 78 мың тонна мыс және 108 мың тонна мырыш концентратын; «Юби­лейный» КБК – 5 млн тонна құрамында алты­ны бар руда; Bapy Mining – 1,7 млн тонна құрамында темірі бар руда; «Ақтөбе Темір ВС» – 1 млн тонна темір рудасы; «Сы­рым­бет» – 1 млн тонна құрамында қалайы бар руда; «Өркен» – 1,4 млн тонна құра­мын­­да темір бар руда; «Восход Ориел» – 1,3 млн тонна хром рудасы; «Қазхром» (агло­­цех) – 350 мың тонна агломерат; «Тио­­лайн» – 40 мың текше метр титан-цир­­ко­ний рудасын өндіреді.
Үшінші қайта өңдеу кезінде келешекте «Қазмырыш» АҚ 70 мың тонна мыс кон­цен­т­ратын шығаруды жоспарлауда; Өскемен титан-магний комбинаты – 16 мың тонна титан; Тараз металлургиялық зауыты – 64,8 мың тонна ферромарганец; «Қазақстан электролиз зауыты» (ENRC) – 125 мың тон­на алюминий (болашақта 250 мың тоннаға жеткізеді); «Қазхром» – 440 мың тонна фер­­рохром; Соколов-Сарыбай кен-өндіріс­тік бірлестік (ССКӨБ) – 1,4 млн тонна ме­тал­­дық брикеттер (бұның бәрі іске асыры­лып жатқан жобалар); ArcelorMittal Temirtau – 6 млн тонна болат шығаруды жоспар­лауда; SBS Steel – 500 мың тонна шойын; «Ал­тай полиметалы» – 16 мың тонна катод мысын; «Сары Қазына» – 10 мың тонна мыс; Kaz Cooper – 10 мың тонна мыс; «Восход-Феррохром» – 100 мың тонна феррохром; KazakhGold – 10 тонна алтын (Доре қорыт­пасы); «Алтын Алмас» – 3 тонна алтын (Доре қорытпасы) өндіреді.
Төртінші қайта өңдеуді іске асырумен төмендегі өндірушілер айналысуда: ССКӨБ – 75 мың тонна илем, Caspian Group – 450 мың тонна металл илемі, «Қазэнергокабель» – 15 мың тонна алюминий катанкасы, «МеталлПродукт» – 30 мың тонна шеген, «Жаңа­тас» – 36 мың тонна шеген, Format зауыты – 480 тонна марганец құймасы. Болашағы бар жобалар мынандай: «Ақтау металл құю зауыты» – 600 мың тонна болат және «Востокмашзавод» – 30 тыс тонна құй­ма шығарады.
Еліміздегі бесінші қайта өңдеу кезінде төмендегі өндірушілер өз жобаларын іске асыруда: J.Ray McDermott – 12 мың тонна ме­талл құрылымдарды, ILNO Group – 100 мың тонна болат профилін, «Запчасть» – 120 мың тонна металл өнімдерін, «Метал­лоиз­делие» – 10 мың тонна мырыш, Kaztherm – жылына 130 мың дана болат радиаторларын шығарады. Болашақта KSP Steel 270 мың тонна теміржол рельстері мен 270 мың тонна құбырды, Ақтау құбыр зауыты – 60 мың тонна құбырды, KUN Renewables – 2,5 мың тонна поликристалды кремний шығарады.
«Тау-кен Самұрық» АҚ өткен жылдың ортасында Rio Tinto компаниясының Қазақ­станда руданы шығару мен өңдеуде бірлес­кен кәсіпорынның қатысушысы ретінде болғысы келетін ниеті туралы жариялады.
Сондай-ақ жақында биылғы 2011 жылы Екібастұзда ферросиликоалюминий зауытын салу үшін оңтүстіккореялық аса ірі POSKO компаниясы мен қазақстандық ZAMAN Group бірлескен кәсіпорын құра­тыны белгілі болды. Өндіріс көлемі жылына 45 мың тоннадан 400 мың тоннаға жететін бірлескен кәсіпорынға POSCO және ZAMAN Group сәйкесінше 60% және 40% инвес­тиция салмақ.
– Металлургиялық өндіріс құру үшін инфрақұрылымның қажет екендігі белгілі…
– Дұрыс айтасыз, өйткені тек өндіріс көлемдері ғана өспейді, сондай-ақ электр стансыларына түсетін жүктемелер де артатын болады. Сондықтан Павлодар облысындағы Екібастұз ГРЭС-2 және ЖЭС жаңарту және қуатын арттыру жұмыстары жоспарлануда, сонымен қатар теміржолда Ақсу-2 (Павлодар облысы), Дон (Хромтау, Ақтөбе облысы), Жіңішке (Ақтөбе облысы) стансыларының өткізу қабілетін арттыру мәселесі де қоса қаралады.
– 2010 жылы әлем нарығында металл бағалары қандай болды?
– Өткен жылы металл бағалары өсім көрсетті және олардың төмендей қоятын түрі байқалмайды. Мысалы, бір тонна мыс­тың орташа бағасы Лондон металдар бир­жа­сында (LME) 2009 жылдың желтоқса­нында $6981,71, 2010 жылдың қаң­та­рын­да – $7386,25, ақпанда – $6848,18, наурызда – $7462,83, сәуірде – $7745,08, мамырда – $6837,68, маусымда – $6499,30, шіл­де­де – $6735,25, тамызда – $7283,95, қыр­­күйекте – $7709,30, қазанда – $8292,40, ал қарашада $8573,2 құрады. Яғни бірін­ші жартыжылдықта мыс бағасы өзгермелі болса, екінші жартыжылдықта олар тұрақ­ты түрде өсті. Мырыш бағасы да осылай қалыптасты. Бір тонна мырыштың орташа бағасы LME биржасында 2009 жылдың желтоқсан айында $2375,95, 2010 жыл­дың қаңтарында – $2434,45, ақпанда – $2156,9, наурызда – $2375,07, сәуірде – $2366,68, ма­мырда – $1968,37, мау­сымда – $1742,84, шілдеде – $1843,89, тамызда – $2044,57, қыркүйекте – $2151,41, қазанда – $2372,14, ал қарашада – $2441, 5-ке тең болды.
– Үстіміздегі жылға арналған баға болжамдары қандай?
– Осы саладағы көптеген әлемдік са­рап­шылардың бағаларға жасалған бол­жам­дарында 2011 жылы металл бағалары­ның жоғары болатындығы көрсетіледі. Бағалы металдар бойынша бір унция алтын бағасы $1444 құрап, 18% дейін, ал күміс бағасы $24,9 құрап, 28% көтеріледі. Биылғы жылы бір фунт алюминийдің орта­ша бағасы – $1,178 болады деп күтілуде, бұл бұған дейінгі болжамдарға қарағанда 16% артық, бір фунт мыс бағасы $4,14 құрап, 26% өседі. Бір фунт никель бағасы $11,3 құрап, 18% дейін және бір фунт мырыш бағасы $1,124 құрап, 25% дейін өседі. Бір фунт қорғасынның бағасы $1,16 құрап, 36% дейін біршама өседі.
– Яғни, металл өз құнын жоймайды ғой?
- Жақында LME биржасының Азияға кеңеюі туралы белгілі болды, биыл екі биржа – Лондон және Сингапур (Singapore Exchange, SGX) биржалары SGX-те сатыла­тын және бекітілетін бағалы металдар мен болат құймалары бойынша фьючерстік келісімдерді сата бастау туралы келісімге қол қойды. Мұнда мыс пен мырышқа жасалған келісімдер 2011 жылдың бірінші тоқсанынан бастап өз күшіне енеді, ал бас­қа металдар үшін жасалған келісімдер биыл, бірақ сәл кейінірек жүзеге аса бастайды деп күтілуде. Сөйтіп, SGX кез келген инвес­торға, оның ішінде жеке тұлғаларға да қол­жетімді тұңғыш биржа алаңы болады.
Айтпақшы, жақында ел Үкіметі жоғары­да аталған екі қаржылық орталық – Лондон және Сингапур биржаларымен ынтымақ­тастықты кеңейткісі келетіндігі және Азия­дағы, әсіресе Қытайдағы экономи­ка­лық процестерге қатысуға қызығушылық таны­тып отырғаны жөнінде мәлімдеген болатын. Демек, қазақстандық металл өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндіктер кеңейіп, бұл өз кезегінде оны өндірушілер жұмысының тиімді болуына, саланың дамуына үлкен қолдау болады деп сенуімізге негіз бар.