Дат!

Депутаттардың өмірі рақат өмір деп айта алмас ем...

  • Депутаттардың өмірі рақат өмір деп айта алмас ем...

    Депутаттардың өмірі рақат өмір деп айта алмас ем...

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


–Депутаттардың жаздық демалысы біткеніне де біраз уақыт болды. Бұл жолғы ел аралап, халықпен кездесу­леріңіздің себебі қандай?

– Жуырда «НұрОтан» халықтық-де­мок­­ратиялық партиясының съезі өтеді деп жоспарланып отыр. Соған орай ауыл, аудан­дарда тұрғындармен кездесулер өткіздік. Алдымен аудандарда, сосын облыс­тық конферен­цияда аталмыш съезге делегат сайлайды. Сол съезде қабылдана­тын доктринаны бүгінде жан-жақты талқылап жатырмыз. Доктринада жеті басты басымдық көр­се­тілген. Соның бәрі қамтылғалы отыр. Атқа­рылып жатқан жұмыстардың барлығы да халықтың әлеу­меттік ахуалын көтеру үшін, елдің экономи­касын көтеру үшін жүргіз­ілуде. Бұл жолғы талқылауды көп­шілік жылы қабылдады. Халықтың көз­қарасын залда отырғанда-ақ байқауға болады. Біреулер түсініп, бас изеп отыра­ды, біреу­лер түсінбесе де бас шұлғи береді. Ал бұл жолы біз халыққа жан-жақты, барынша мұқият түсіндіруге ты­рыстық. Тұрғындар­дың қабылдауы жаман емес. Түсінбегендер жоқ. Барлығы жаппай түсінгендерін, қол­дайтындықтарын білдірді...

–Осы уақытқа дейін неше депутаттық сауал жолдадыңыз? Жалпы жолдаған сауалдары­ңыздың, ұсыныстарыңыздың шешімін тапқаны қаншалықты?

–Жалпы, өз басым министрлердің есеп беруінде сұрақ қойып, ұсыныс айтуға онша бейімді адам емеспін. Негізінде, депутаттық сауалды көптеп жолдай­тындардың да қатарында жоқпын. Елге шыққанда, халық өзінің мұң-мұқтажын айтып жатады ғой, әр аймақта, әр ауылда әртүрлі мәселе бар. Атқарылып жатқан жұмыс та жетерлік, шешімін таппағандары да жоқ емес. Соны жоғарыға жеткізу үшін, министрлікке, болмаса тиісті бір мекеменің атына хат жазамын. Сол хатты көмекшіме бақылап отыруды тапсырамын. Мекеме басшылары жасымызды сыйласа да әй­теуір сол мәселені шешуге тырысады. Осы уақытқа дейін «Аға, қолым тимейді» деп кері қайтарғандар болған емес. Жауабын әлбетте береді... «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейтін, тіпті үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығаратын халықпыз ғой. Осындай игі дәстүрлерді бойына сіңіріп өскен, ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан ауытқымаған, үлкенді сыйлап үйренген кейінгі толқын інілер қалай болғанда да сылтау айтып құтылғанды емес, қолынан келгенше мәселені шешіп беруге тырысады. Соған риза боласың, расында. Сол жауапты орган басшыларының алдына ақ басы­мызды иіп барғаннан кейін мәселеміз оң шешіліп жатады. Ол жеке басымның мәсе­лесі емес, көпшілік қауымның мәселесі. Мен ұсынған мәселенің жалпы 70-80 пайызы шешімін тауып жатады. Отырар ауданында суғармалы жерлерге, ауызсуға байланысты ақы төлеудің дұрыс шешімі табылмай отыр. Оның өзі бірнеше катего­рияға бөлінеді. Биылғы жылы ел арала­ғанда тұрғындар бірнеше шешімін тап­паған мәселені ортаға салды. Қожа Ахмет Ясауидың ұстазы, талайлар тәу етіп баратын қасиетті де киелі Арыстан бабтың кесенесіне жол салынса деген ниеттерін жеткізді. Аудан орталығынан кесенеге дейін апаратын жолдың ұзақтығы – 10-12 шақырым, аса көп шығын шығатындай емес. Дегенмен биылғы жылғы бюджеттің етек-жеңі қысқалау болып тұр ғой. Қысқы олимпиада, ЭКСПО-2017 көрмесін  өткізе­міз деген жоспарымыз бар, соған байла­нысты барлық мүмкіндіктерімізді сол дайындыққа қарай бұрсақ деген ойымыз бар. Бұрынғы кезде бюджетті бекітетін, қабылдайтын комитет жұмысшы тобын құратын, електен өткізетін. Бүгінде әр комитет профильді топ құратын болды. Неге десеңіз, бір комиссиядан гөрі жеті ко­миссия тереңірек талқылайды да, уақыт­ты үнемдейді. Бір тиын болса да өзінің орнық­ты жеріне барып, кірпіш болып қаланады... Семей полигонының зардабын жою туралы мәселе көтердім кезінде. Ең соңғы қойған сауалымыз  орыстілді мек­теп­терде қазақ ті­лі пәнінің сағаттарын қысқартып тастауы­на байланысты болды. Бұл кейбіреулерге суыт хабар сияқты әсер еткен  болуы керек. Осы мәселеге бай­ланысты орыстілді мек­тептер­дің, гим­назия, лицейлердің дирек­тор­ла­рымен сөйлестім, пікір алмастым. Дирек­торлар «бұл мәселе өзі бұрын да жетісіп тұрған жоқ еді, енді балалардың сауатын тіптен төмендететін болды. Бұрын аптасына 5 сағат болса, үш сағатын теория­лық  түрде өткізіп, екі сағатын практика жүзінде өткі­зетінбіз. Қазір практиканы алып тастадық. Енді үш-ақ сағат өткіземіз. Одан бала қандай білім алмақ?» деді. Осы мәселені алты-жеті депутат бірігіп, мәселе етіп көтердік. Елбасының өзі айтты емес пе, «түбінде бұл ел Қазақ елі деп аталуы керек» деп. Біз егемен ел атанған жылдары мемлекетті құрушы этнос, яғни қазақтар 43-ақ пайыз болдық қой. Бұл Қазақстан мемлекеті, шын мәнінде, ол – Қазақ елі, оны құрып жатқан негізгі этнос – қазақ халқы. Әр нәрсені өзінің атымен атау керек. Бірақ ол кезде тіл туралы ашынып айта алмадық. 43-ақ пайыз болдық себебі. 43 пайыздың ішінде де 2-3 пайызы қазақ тіліне шорқақтар-тын. Өз ана тілін меңгере алмағандар десе болады. Оның тілі ресми тілде шыққан, оның ойлау жүйесі ресми тілде дамыған. Ол соны аударып барып, қазақ тілінде сөйлейді. Ол менің орыс тілінде сөйлеге­німдей болып тұр. Мен өзі орыс тілін қазақ тіліндей сөйлей алмаймын. Өйткені менің негізгі ана тілім – қазақ тілі. Мектепте қазақ тілінде оқыдым. Біздің кезімізде жоғары техникалық оқу орын­дарында қазақ тілі бөлімдері болмайтын. Сондықтан да, амал жоқ, орыс тілінде оқыдық. Техникалық жоғары оқу орнында білім алу гуманита­рлық салаға қарағанда оңайлау ғой. Тіл жағынан алып қарағанда. Негізгі техника­лық пәндер – математика, физика, триго­нометрия оның барлығы формула ғой. Онда көп сөйлемейсің де. Мәселе сөйлеуде емес, берілген тапсырма­ларды шешуде ғой. Сондықтан біз оны тез үйре­ніп кеттік. Ал енді мынау педагогика­лық, философиялық, тарихи сабақтарға түссеңіз онда қиын тиетін еді. Менің негізгі мамандығым – құрылысшы. Ол заманда құрылыста жазу да, сөйлеу де тек ресми тілде болатын. Мемлекеттің өзінің тілі болмаса, ол қандай мемлекет?.. Кейбіреу­лердің өз ана тілінде сөйлей алмайтынына жүрегің ауырады. Бірақ қазақ тілінде сөй­лей алмаса да қанына тартып, ұлтжан­дылық танытып жүргендер баршылық. Мен өзім куә болған оқиға туралы айта­йын. 1989 жылы мемлекеттік тіл туралы заң қабылданды. Сол кезде көптеген пікірталастар орын алды. Әр облыстық мәслихаттарда осыны талдау керек деді. Ол кезде мен облыстық кеңестің депутаты едім. Ол уақытта депутат көп-тін, 300-ге жуық депутат болатын. Сонда қазақ тілін білмейтін облыстық мекемелердің бас­шылары мемлекеттік тілді қолдап, өзінің әріптестеріне қарсы шықты. Мен сол кезде КГБ бастығының облыстық прокурордың жағасына жармасқанын көрдім, облыс­тық советтің бастығының екінші партия коми­тетінің хатшысының жағасынан ұстағанын көрдім. Олардың өздері орыс­тілді аза­мат­тар болатын. Бірақ ар жағын­дағы мемле­кеттік, адами көзқарасы, перзенттік боры­шы соған итермелеп тұр ғой... Тілді біл­ме­се де бәрібір қазақы қаны бар, ұлтжанды азаматтар болады, бүгінде балабақшадан бастап тілге көптеп көңіл бөлініп жатыр ғой. Осыған қарағанда келешекте тіл мәселесі болмайтын шығар...

– Халықпен жиі кездесіп тұрасыз. Арыз, өтініштер көбіне қай мәселе бойынша айтылады?

– Ауылдарға ауызсу, газ апару туралы өтініш айтқан, арыз айтқан азаматтар көп. Қарапайым халық «Неге сіздерде Украи­надағы Рада сияқты, Ресейдегі Дума депу­таттары сияқты мәселе шешкенде бір-бірінің жағасына жармасып, төбелесу жоқ?» деп сұрақ қояды. Оның бірнеше фак­торы бар. Ең басты факторы – біздің ұлттық менталитетіміз оған жол бермесі анық. Қазақ халқы ешуақытта да үлкеннің жағасына жармаспақ түгіл, алдын кесіп өтпеген. Ата-баба тәрбиесін көріп өскен бала сөзді сыйлаған, сөзге тоқтаған. Уәжге тұрған. Егер сіз уәжге тоқтасаңыз, неге ол сіздің жағаңызға жармасуы тиіс? Қалай дегенде де біз бір-бірімізге компромиске барып, мәмілеге келіп жатырмыз. Кім бір қадам кейін шегінсе, Алланың нұры жауады дейді. Кейде жұмысшы тобында, комитетте айқай болатыны рас. Бір мәселе туралы заңгерлердің өзінде үш көзқарас тұрады. Үш ұсыныс болады. Сол кезде келіспеушіліктер, дауыс көтеру болып қалады. Соның қайсысы халыққа жақын, бүгінгі күнде қолдануға қолайлы? Соған тоқтайды. Мен тәжірибелі заңгер емеспін. Заңмен айналысып жатқаныма 5-6-ақ жыл­дың айналасы болды. Негізгі маман­дығым – құрылысшы, одан кейін мен саясаткермін. Олардың бір-бірімен тәжіке­лесіп, ұрсып жатқанына қарап үндемей отырамын, бір сағат, кейде жарты сағат. Сосын ешкімнің көңіліне тиюге болмайды ғой. Біреуіне айтамын «бүгінгі таңда  дұрыс шешім қабылдау керек, кәсіби маманның талдауын дауысқа салу керек» деймін. Айтқан уәжге ықыласпен қарайтындар бар. Бұл да болса біздің менталитетіміздің арқасы дер едім. Егер маған заң ғылым­дарының докторы «Шәке, сіз заңның қайырмаларының бәрін білмейсіз ғой» десе, мен қарсы уәж айта алмаймын. Мен тек теоретикпін, практикам молырақ. Өмірде қолданылып жатқан заңдардың қайсысы ыңғайлырақ, қайсысы қарапа­йым халық түсіне алатын заң – сол жобаны қолдаймын. Ең қуанатын жағдай, ел ара­ла­ғанда байқайтыным, халық бұрынғыдай емес, өзгерген, басқаша. Саяси сауатты, бәрінен хабардар, елдегі ахуалды талдағанда шемішкеше шағады. Сөйлесіп отырғанда рахат сезімге бөленесің. Себебі ол сенің ойыңды түсініп отырады. Сенің заң туралы айтып отырғаныңды ұғынып, түрлі сұрақтар қояды. Оның бір жағы жақсы, бір жағы қиын. Өйткені теориялық талқыланған заңдарымыз кейде толықтай қиыспай жатады екен ғой. Баяғыда халық осылай деп айтып еді деп қиыстырып жіберуге әрекет жасаймыз. Мұның өзі сырт қарағанда жүрегіңді ауыртады «депутаттар немен айналысады өзі?» деген сұрақ жүрегіңді ауыртады әрине. Ал енді шын мәнінде олардың жұмысында қиындық өте көп. Өйткені арбаны да сындырмау керек, өгізді де өлтірмеу керек. Негізделіп келген нәрселерді практика жүзінде қол­дануға апаруы керек. Халықтың көңілінен шығуымыз керек. Екеуін де жымдастырып бірдей етіп шығару өте қиын. Депутат­тардың өмірі рақат өмір деп айта алмай­мын.

–Кезінде Қайрат Лама Шариф­ке «Құрметті депутаттар! Ханым­дар мен мырзалар! деп сөйлеңіз» деген уәжіңіз баспасөзде біраз талқыланып еді...

–Ол жерде айтқан сөзімді іліп алып, улап-шулап кетті, мен оны теріс пиғылда айтқан жоқпын. Ол жерде мен бір сөзді тастап кеттім. Онда тек депутаттар ғана емес, шақыртумен келген басқа адамдар да отырады ғой. Жалпы дінде жүрген адамдардың әрбір сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысында имандылық есіп тұруы тиіс. Сол кезде «Құрметті депутаттар» деді де ары қарай жалғастырып әкетті. Бұл өзі қазақтың тілінде қиюласпай тұрады ғой, ал орыс тілінде болса, «Уважаемые депутаты!» десе білінбей кетеді. Екінші мәселе «егер де сіздің орныңызда басқа бір діндар адам болса, «Құрметті депутаттар, ханымдар мен мырзалар» дер еді. Себебі ол жерде депутаттардан басқа да азаматтар отыр ғой. Сондықтан да оларды да назардан тыс қалдырмауыңыз керек еді. Оларды да қосқаныңызда өзіңіздің терең білімділі­гіңіз­ді тәрбиелілігіңізді көрсетер едіңіз. Дін адамды ізгілікке, мейірімділікке тәрбие­лейді. Жалпы адами қасиеттердің барлығы да діндарлардың бойынан есіп тұруы тиіс. Солай еткенде дұрыс болар еді» дедім. Сол шақта әркім әр жаққа тартып кетті. Біреу олай деді, біреу бұлай деді, енді мен сол жерде бәрімен тәжікелесіп жатпаймын ғой. Артық ештеңе деген жоқпын. Депутат­тардан да басқа кісілер отыр ғой дегенімде, олардың үні өшіп қалар еді. Ал Қайрат Лама Шариф мені түсінді. «Кешіріңіз, келесі жолы мен солай етіп бастаймын ...» деді. Жұрт не десе о десін, олардың да жеп отырған наны шығар шулату. Өзінің жұмысын істей берсін. Ең басты мақсатым, Қайрат мырза мені түсінсе деп едім. Расында, ол мені түсінді. Ол түсініп, кешірім өтінді. Басқасының сөзі маған онша әсер етпеді. Әрине жаман жағынан «мешкей деген жақсы ат емес» дегендей көңілге бір қаяу түсіреді ғой. Бірақ оған мен онша бас қатырып жатқан жоқпын. Кез келген мәдениетті қоғамда бір-біріне ханымдар мен мырзалар деп сөйлейді ғой, оның ешқандай да сөкеттігі жоқ деп білемін.  Егер де Мәжілісте солай сөйлеп, не болма­са Үкіметте солай сөйлеп жатса, оның ешқандай да артықтығы жоқ. Жалпы кейін келген министрлер, агенттік төрағалары да «Құрметті депутаттар! Мырзалар мен ханымдар» деп сөйлейді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Екі адам бір-біріне сыпайы сөйлесіп отырса жарасымдылық болады. Жалпы әркімнің өзіндік болмысында ерекше адами қасиеттері болады ғой. Ал маған бірінші жолыққан адамым  ниет білдіріп отыра ма, жекіріп отыра ма оның бәрі әсер етпейді. Сосын менің болмысым­да басқаларды кері итеріп тастау деген қасиет жоқ. Кездескен адамның барлығы­на да бірдей қараймын. Кейде ешқандай жазығы жоқ, саған ештеңе істемесе де бір жақпайтын адамдар болады. Сондай­лардың өзіне мен күліп сөйлеп, жылы сөзімді айтып тұрамын. Бұрынырақта мен төрт жыл Созақ ауданында қызмет атқар­дым. Кейін орталыққа ауыстым. Сонда қызметтестерім шығарып салды. Сонда олар «Шәке, кімді жақын тұтқаныңызды, кімді жақтырмағаныңызды білдірмей кетіп барасыз. Бәрімізді де жақындатпайсыз, не итеріп тастамайсыз» деген еді. Сонда мен «Жеке өскен жігітпін. Менде не аға, не қарындас болған жоқ. Сондықтан менде туысқандық сезім деген иммунитет жоқ. Сіз мысалыға маған бауырларыңызға, туысқандарыңызға деген сезіміңізді айтса­ңыз, мен оны толыққанды қабылдай алмаймын. Неге десеңіз ондай сезім менде жоқ. Сондықтан жұмысты жақсы істесең бауыр сияқтысың. Бірақ мына қоғамда өмір сүрген соң ешкімді де ары қарай итеріп тастауға болмайды. Марқұм әкем: «қарағым, жаман адам болмайды. Ең жаман деген адамның көкірегінде от болады. Сол шоқты үрлеп-үрлеп отқа айналдырып, қатарға қосып алсаң, тозақ оты кемшін болады. Бәлкім, біреулердің бағы төмендеу шығар. Қатардан қалып,  араққа салынып кеткен адамдар болса, соларды жақсы жағына бағыттап, қатарға қосып жіберсең, тозақ оты кеші­рім­ді бола­ды» дейтін. Мектепте оқыған балалардың әрқайсысы әртүрлі отбасында тәрбие алған. Бала жастағы бір досым, расында, солай болды. Бірақ мен одан өмірі теріс бұрылмадым. Қолымнан кел­ген­ше жағдай жасап, соны адам қатарына қосқым келді. Сол кейін жақсы азамат болды. Сол досым кейінірек айтады:  «ойбай, Шәке, бір жиын болса, әкім мені шақырып, қасына отырғы­зып қоятын болды ғой» деп. Өйткені сол ауданда ол – белгілі кәсіпкер. Шымкентте тұрғанда менің балам сол аудан­да қызмет етті. Сол үйде жатып істеді. Жолда­сым бір күні жақсы көлік сатып әкепті. Оның баласы менің баламнан бір жас үлкен. Тете ғой. Менің балам мінейін десе, досымның баласы бермейді дейді. Сөйтіп тұрғанда досым кеп қалады. Баласының қолындағы кілтті жұлып алып  «осының әкесі болмаса, сен есек те міне алмайтын едің. Осыдан қалғаны ғана сенікі» деп, кілтті менің баламның қолына ұстатыпты. Кейін балам келіп: «Папа, сіз оған қандай жақсылық жасап едіңіз?» деп сұрады. Мен «Әй, жол­дас ретінде сыйлас­қаннан басқа ештеңе жоқ» дедім. Бірақ мен оған мүмкін­дігі келгенше жақсылы­ғым­ды ая­ған жоқ­пын. Ал досым өз бала­сына «Мен азғын­дық жолға түсіп кеткенде қасымда әке-­ше­шем мен Шәкеңнен басқа ешкім қалмап еді. Әке-шешем өз баласы болған­нан кейін безе алмайтын шығар. Ал Шәкең маған туыс та емес еді. Бірақ ол мені өмірі таста­мады ғой. Мен көшеде жығы­лып жатқа­ным­да, ол мекеменің бастығы болса да мені көтеріп, көлігіне салып, үйге әкеп тастайтын. Егер бір бұзақылық жасап, қамалып қалсам, Шәкең мені шығарып алатын. Қанша өтініш жасасам да ол бірде-бірін жерге тастаған емес» деп айтыпты. Ауылға барғанда әлгі досымды үлкен азаматтардың қасына отырғызып қойып «Бұл пролетариат қой» деп құрмет көрсе­тетінмін. Менікі зиялы қауымның, өмірді көрген азаматтардың әдебін бойына жұқтырса, тәрбиеленсе деген ой ғой. Сол ойым дұрысқа шығып, расында, тәрбие­леніп шықты. Қазір үлкен кәсіпкер. Жақсы жолдас, жақсы дос. Қандай уақытта да, қалай болғанда да басына қиындық түскен адамға қол ұшын беріп, қоғамда бір кірпіш болып қалануына көмек қолын созсақ, біздің елімізде нашар адамдар болмас еді.

–Әңгімеңізге рахмет!




Көрілген: 2164    Пікірлер: 0

бейсенбі, 03.10.2013, 12:41

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31