Дат!

Енді экономиканың әлеуетін денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсауымыз керек

  • Енді экономиканың әлеуетін денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсауымыз керек

    Енді экономиканың әлеуетін денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсауымыз керек

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:

– Төрегелді аға, биыл сек­сен­нің сеңгіріне шығып отырсыз. Мерейлі тойыңызбен шын жү­рек­тен құттықтаймыз. Жалпы, сізді және сіздің еңбектеріңізді ха­лыққа таныстырып жатудың өзі артық шығар. Себебі халық үшін жасаған қызметіңізді ең­бек­теген баладан еңкейген кә­ріге дейін жақсы біледі. Сонда да өткен өміріңіз туралы айтып отыр­саңыз. Кез келген адам тау­ға шыққанда артына бір қарайды ғой, өткен өміріңіз туралы ой­ла­ған­да қандай ерекше сәттер ойы­ңызға оралады?
– Кеңес үкіметі кезінде көп жағдай мем­ле­кет  басында отырған азаматтардың пәр­ме­ні­мен ше­шілді. Қолынан іс келетін адамдар сол мем­ле­кет басындағыларға жалтақтап отырды. Сон­дықтан ол заманда өзіңнің қолыңнан ке­летін нәрсені халыққа көрсетіп, халықтың іші­нен топ жарып шығу қиын болды. Мәселен, сен осында істеген ісіңді дәлелдегеніңмен, оны Мәскеуде шектеп тастайтын. Әрине, мұндай шек­теулерге қарамастан, ол кезде де көп шаруа атқарылды, көптеген жетістікке жеттік. Өз­де­ріңіз білесіздер, 1978 жылы Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының нәтижесінде алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында атақты Алматы конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты мен философиясы – әлемнің барлық жеріндегі адамдарға алғашқы медициналық жәр­дем беру, оның құқықтық негізін қалау. Міне, осы конференцияның қорытындысы ре­тін­де декларация қабылданып, бүкіл дүние­жү­зінің мемлекеттері декларацияның ар­қа­сын­да адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқығына ие болды. Бұл дү­ние­жүзінде медицина саласында жеткен үлкен же­тістік еді. Сондықтан бұл декларация адам­зат тарихында медицина саласының ұлы хар­тия­сы деп аталып кетті. Шындығында да, декла­рацияның маңызы зор болды. Балалар­дың өлімі азайды, орта жастың деңгейі ұл­ғай­ды, адамдардың денсаулығы жақсарды. Бас­тап­қыда бұл конференцияны Ташкентте өткізу жос­парланған еді. Кейіннен мен оның Алма­ты­да өтуіне бар күшімді салдым. Мұның соңы аздап қиындықтарға да ұласты, жауым кө­бейді, көре алмаушылар қатары өсті. Себебі кон­­фе­рен­цияның өтуіне дүниежүзінің дәрі­гер­лері көз тігіп отырған болатын. Сонымен, не керек, кон­ференция Алматыда нәтижелі өтті. Қазақ­­станды әлем жұртшылығы мықты, әлеуетті ел ретінде таныды. Қазір әлемнің дә­рігерлері Ташкентті білмегенімен, Алматыны жақсы таниды. Жалпы айтқанда, алғашқы ме­ди­ци­на­лық жәрдем тақырыбында атақты кон­фе­рен­ция өткізу менің армандарымның бірі еді. Бұл тұр­ғыда мен өзімді арманыма жеттім деп есеп­теймін. Әрине, бұдан басқа да жетіс­ті­гім көп болды. Мен 11 жыл бойы Денсаулық сақ­тау министрлігінде қызмет атқардым. Осы жыл­дары елімізде көптеген медициналық инс­титуттың ашылуына үлесімді қостым. Мә­се­лен, Қарағанды, Павлодар, Оралда ме­ди­ци­на факультеттері, Шымкентте медицина инс­титуты ашылды. Ғылыми-зерттеу, акушер-ги­не­кология, кардиология, тағамтану инс­ти­тут­тары бой көтерді. Түрлі медициналық ор­та­лықтар, ауруханалар, алыс жерде тұратын ха­лыққа уақытында жәрдем көрсететін фельд­шерлік қызметтер, балалар тағамын жетілдіру үшін 1000-ға жуық балалар тағамын жа­сайтын асхана, балаларға сүт та­ғам­да­рын дайындау үшін Семей, Талдықорған, Ал­ма­тыда цехтар пайда болды.
– 11 жыл бойы министрлікте қызмет атқардыңыз. Жоғары лауазымның жауапкершілігін қалай сезіндіңіз?

– Сол жылдары «мынаны орын­да­ма­дым» немесе «мынау қолымнан келмеді» деп айт­паймын, себебі қолымнан келгенше іс ат­қа­руға тырыстым. Мені қолдаушылар да, тү­сінушілер де көп болды. Мәселен, жаңағы айт­қан конференцияны өткізу үшін Д.Қо­наев­тың алдына бардым. Ол кісі менің айтқанымды дұрыс деп қабылдады. Осы әрекетім үшін кейіннен кейбір алакөздерге тап болдым. Мені қызғаныштан Мәскеуге жер аударып жіберді. Дей тұрғанмен, Мәскеу мені басып тастаған жоқ, керісінше, мәртебемді көтерді. Жалпы, қарама-қайшы пікірлерге көп тап болдым. Сол үшін жұмыстан қудаландым, түрлі мінездермен бетпе-бет кезіктім. Қудаланғаным қателігімнен емес, менің жеткен жетістігімді көре ал­мау­шы­лар­дың кесірінен болды. Ешкімге жаман­шы­лы­ғым болған жоқ, халыққа қолымнан кел­ген­ше көмектестім. Ең бастысы, менің алдыма қойған мақсатым халықтың тілегімен сәйкес келді. Менің бір айтарым, халық үшін жұмыс істесең, ешқашан қапы қалмайсың. Түрлі қиын­шылықтарда сынбауың керек, өкінбеуің керек. Мен халық үшін қудаланып, айдалған күндерімді де бақытты деп санаймын.
– Министр қызметін атқарған жылдарыңызда қол жеткен табыстардың бірі тағамтану институтының құрылуы болды, әрине. Сол институт қазіргі күні үлкен академия болып жұмыс істеп жатыр. Жалпы, тағамтану саласында жеткен жетістіктеріңізге тоқталып өтсеңіз?
– Рас. Тағамтану саласында үлкен жетіс­тік­терге жеттік. Мұны мақтанып айта аламын. Осы күнге дейін академия мамандарымен түр­лі ауруларға қарсы тамақ әзірледік, соның ішінде балалар тағамдарын жасау, кос­мо­нав­ти­ка тағамын жасау, іш ауру, жүрек-қан та­мыр­лары ауруы, туберкулез, жүйке жүйесі, қауіпті ісік ауруларға қарсы тамақ түрлерін дайын­дадық. Ол халықтың арасына кеңінен танымал болды. Мамандарымыздың пәрменді жұ­мы­сының арқасында академия ДДҰ-мен, ДДҰ университетімен бірлесе отырып жұмыс жа­сай­тын орталыққа айналды. Академияның тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да ауқымды жұмыс атқарып отырғанын қуа­ныш­пен айтамын. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін біз жеке-дара институт болып қалсақ та, жұ­мы­сымыздың маңызын төмендеткен емес­піз. Халықаралық институт ретінде бұ­рын­ғы бас­таған жұмысымызды тереңдетіп, әсі­ресе көп тарайтын аурулардың бірі қан, те­мір, йод же­тіс­пеушіліктерін емдеуге ба­ғыт­тал­ған жұмыс атқардық. Бұл жұмысқа Орталық Азия, Кавказ елдері де жұмылдырылды. Аталған елдің министрліктері бізді танығаны соншалық – қыз­мет­керлерімізді өздеріне шақырып, кеңес алып, тәжірибе жинақтады. Біздің жасаған йодпен тұзды байыту, түрлі мик­роэ­ле­мент­тер­мен, дәрумендермен ұнды байыту сынды рецептураларымыз АҚШ-та тексерілуден өтіп, кейін басқа елдерге де кең тарады.
– Ал соңғы жылдары академия қандай жобаларды қолға алып отыр?
– Қазір Қазақ тағамтану академиясының зауыты мектеп жасындағы балалар тұтынатын та­ғамдар сапасын жақсарту бағытында жұ­мыс­тар атқарып жатыр. Бұл да – біздің жетіс­ті­ктеріміздің бірі. Мен Президенттің қа­был­дауында болып, Елбасы тікелей қолдау біл­діргеннен кейін ұзақ мерзімді мемлекеттік тағам, са­лауат­ты тамақтанудың бағдарламасы жаса­лын­ды. Сол арқылы біз барлық облыс­тар­да, үлкен қалаларда дұрыс тамақтанудың ор­та­лық­тарын ашу мәселесін қолға алып жа­тыр­мыз. Сосын «Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Ре­с­пуб­ликасы кодексінің жиырма бірдей бөліміне сай дұрыс тамақтанудың проблемасын ше­ше­тін баптар енгіздік. Бұл да – тарихта тұңғыш рет орындалып жатқан шаруа. Бұл – халықтың денсаулығына әсер ететін үлкен бетбұрыс. Бізге тағамдардың дені сырттан тасы­мал­да­на­ды. Әсіресе балалар тағамының басым бөлігі – ше­телдікі. Оның пайдасы да шамалы. Себебі біздің ағзамыз шетелдік тағамдарды дұ­рыс қабылдай алмайды. Осыған орай, ар­найы зауыт құрып, тәулігіне 15 тонна сүт өнімінің не­гізінде балалар тағамын жасауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, ДДҰ сарап­шы­ла­рының мә­ліметі бойынша, халықтың өлім-жітімінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудың сал­дарынан екен. Сондықтан біз дүниежүзінің дәрігерлері осы мәселеде жұмылып қызмет етуіміз керек. Ата-бабаларымыз «Ауру – астан», «Ас – адам­ның арқауы» деген сөздерді бекер айтпаған. Қа­зір бұл сөздер ғылыми түрде дәлелденіп отыр.
– Шетелдік кейбір тағам, сусындардың зияндылығы туралы қанша айтылып жатса да, нарығымыз олардан тазарып жатқан жоқ, керісінше, емін-еркін жайлап алды. Оның үстіне, ұлттық тағамдарымыздан алшақтап барамыз. Мұндай теңсіздікті жоюдың қандай жолдары бар?
– Ұлттық тағамдарымыз шегініс беріп қал­ғаны рас. Себебі сырттан келетін тағам­дар­дың сыртқы көрінісіне мән беріп, құнарына, пайда-зиянына қарамаймыз. Мәселен, газ­далған «кока-кола», «пепси-кола» сынды су­сын­дар адамның денсаулығына өте қауіпті. Мұны бірінші рет айтып отырған жоқпын. Неше түрлі чипси, гамбургер сынды тез пісетін та­ғам­дар адамның ағзасына кері әсерін ти­гізеді. Мұндай тағам түрлерінен бүгінде аме­ри­калықтардың өздері қашып отыр. Ал біз, керісінше, аме­рикалықтарға еліктеуден шыға алмай жа­тыр­мыз. Егер халқымыздың ден­сау­лы­ғын жақ­сар­та­мыз десек, ұлттық тағам­да­ры­мыз­ды, соның ішінде құртымызды, шұба­ты­мыз­ды, айра­ны­мызды, ірімшігімізді, бауыр­са­ғы­мызды дә­ріп­теуіміз керек. Бұл тағамдар қасиетінің ке­ре­меттілігі соншалық – сол арқылы біз талай қиын­шылықтан аман қалғанбыз. Осы тағамдар арқылы ұлан-байтақ даламызға қол жеткіздік, алапат жауды жеңдік, араны кең аш­тыққа қарсы тұрдық. Жалпы, ұлттық тағам­дарды дә­ріптеп, әрі қарай дамыту ендігі мін­детіміз деп санаймын. Әрине, қазіргі күні бұл тұрғыда біраз жұмыс атқарылып жатыр. Оған аза­мат­тарымыз өз үлестерін қосып жатыр. Ке­зінде Ал­маты облысының әкімі болып тұрған­да Серік Үмбетов қымызды дәріптеп, на­си­хат­тау­да үлкен еңбек етті. Мен осы жұмыста Серік Үмбетовке үлкен ризашылығымды білдіремін. Басқа облыс орталықтарында да осындай шара­лар жүзеге асырылса екен деймін.
– Еліміз экономикалық-әлеуметтік жағынан тұрақты даму жолына түскен уақытта ұлт денсаулығына қатысты көрсеткіштер де соған сай жақсарып келе жатыр деп айта аламыз ба?
– Ұлтымыздың денсаулығы, өкінішке қарай, мақтанарлықтай емес. Біз көптеген өр­ке­ниетті елден бұл жағынан артта қалдық. Елі­мізде әлі күнге дейін өлім-жітім көп, бала­лар­дың өлімі жоғары күйде, орта жас деңгейі әлі төменгі дәрежеде. Дамыған өркениетті елдер адамның орташа өмір сүру ұзақтығын 70-тен 80 жасқа асырды. Өркениетті елдер бұл көр­сет­кішке 2000 жылдары-ақ жетіп алған. Біздің халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүм­кін­шілігіміз бар. Құдайға шүкір, байлығымыз жетеді, әлеуетіміз асып тұр. Егер халқымыздың денсаулығы жақсы болса, экономикамыз да алға қарай жылжиды. Денсаулықтың жақсаруы эко­номикаға тікелей әсер етеді. Мен эко­но­ми­ка­ның денсаулыққа әсерінен гөрі денсаулықтың экономикаға әсері көбірек дер едім. Ендігі уа­қытта экономиканың әлеуетін денсаулық сақ­тау саласын дамытуға жұмсауымыз керек. Қарап отырсам, біз туберкулез ауруының жайылуы жағынан әлемде бірінші орында тұр екенбіз. Кеңес үкіметі кезінде қалай болдық, әлі күнге дейін сол деңгейдеміз. Елімізде жү­рек-қан тамырлары ауруынан қайтыс болатын адам­дардың саны әлі де көп. Балаларымыз туылмай жатып, ананың құрсағында жатқанда-ақ жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығады. Бұл ауру түрінен де әлемде алдыңғы орында келеміз. Қауіпті ісік ауруы, диабет сынды дерт­тер де қоғамымызға дендеп еніп алған. Мұның себебі біздің жеп жатқан тағамдарымыз ден­сау­лығымызға кері әсер етіп жатыр.
– Қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа реформа туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Сіздің ойыңыз қандай?
– Бұл реформа туралы өз ойымды кезінде айт­қанмын. Еліміздің денсаулық сақтау жүйе­сінде қабылданып жатқан бағдарламалар, жалпы, жаман емес. Әрине, реформаны қа­былдау бар да, оны жүзеге асыру бар. Егер ре­формада кемшіліктер болса, ол уақытымен түзетілер деп сенемін. Жалпы, Елбасының ден­саулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақ­­стан» мемлекеттік бағдарламасын да құп­­тай­мын. Президент алдыға қойған тап­сыр­маны орын­дау үшін дұрыс әдістемелік бағыт керек.

Ақ тілек
Тәуелсіздік алған еліміз сол Тәуелсіздігіне лайықты, өзге жұрттар қызығатындай бақытты өмір сүрсе екен. Азаматтарымыз әрбір салада ауқымды еңбек етіп, әлемге аты шықса екен. Елбасымыз біреу болып, халқымыз оған тіреу болса екен. Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресетін, бірлігі жарасқан алдыңғы қатардағы ел болса екен деп тілеймін.




Көрілген: 1262    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 13.07.2011, 11:53

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31