Дат!

Еркек пен еркек, әйел мен әйел некеге тұрып жатқан кезде екінші әйел алуға рұқсат берудің ешқандай сөкеттігі жоқ

  • Еркек пен еркек, әйел мен әйел некеге тұрып жатқан кезде екінші әйел алуға рұқсат берудің ешқандай сөкеттігі жоқ

    Еркек пен еркек, әйел мен әйел некеге тұрып жатқан кезде екінші әйел алуға рұқсат берудің ешқандай сөкеттігі жоқ

Амангелді МОМЫШЕВ, ҚР Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті, профессор:


– Амангелді Аршабайұлы, сіз өткен шақырылымда депутат ретінде эколо­гиялық жағдайы нашар аймақтарда тұратындарға жеңілдік жасап, көпба­лалы отбасыларға әлеуметтік төлем­ақыны көтеру туралы Мәжіліс мінбері­нен біраз мәселе көтерген едіңіз. Қазір­гі уақытта әлеуметік төлемақыны арт­ты­ру мен денсаулыққа залалы тиетін өндірістерде жұмыс істейтін әйелдерге жеңілдік жасауда ілгерілеушілік бар ма?

– Әлбетте, әлеуметтік мәселе бұрыннан да өзекті болса, қазіргі таңда аса нәзік дү­ние болып отырғаны ақиқат. Бақсақ, соңғы жылдары түрлі дау-жанжалдар, мемлекет­тік төңкерістер мен қақтығыстар туындаған аймақтарда дәл осы мәселенің ушыққанын ұғынамыз. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақ­стан­ның ұстанымы айқын. Дегенмен Ел­ба­сының айқындаған саясатын ілгерілете тү­су барынша өзекті әрі бұл бағыттағы жұмыс сапалы, уақтылы атқарылуы тиіс деп ой­лаймын.

Ал көтерілген мәселелерге келсек, мы­наны баса айтқым келеді: біздің елдегі атом өнеркәсібінде уран ашық түрде өн­ді­ріледі. Оның радиациясы Қызылорда мен Созақта ауаға кең көлемде таралып отыр. Ендеше, адам өмірі мен денсаулығына ба­рынша зияны тиетін мұндай орындарда жұ­мыс істейтіндерге жағдай жасалынуы шарт. Әлбетте, олардың ахуалы назарға ал­ынбайды деуге келмейді, дегенмен мемлекеттік деңгейде жасалынып жатқан жұмыс жоқтың қасы. Осыған қатысты да­был қағып, кезінде мәселе етіп көтерген бо­латынмын. Себебі онда еңбек ететін­дер­дің әлеуметтік төлемақысы арттырылуы тиіс болғанымен, ол жағы әлі күнге өзге­ріс­сіз тұр. Жұмысшылар қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатқанына қарамастан, мар­дым­сыз жалақымен күн көруге мәжбүр. Мысалы, атом радиациясы таралған ай­мақ­тарда өмірге келген сәбилер түрлі ауру­лармен туылады. Себебі оларға еш­қан­дай жағдай жасалып, алдын алу ша­ра­сы жүргізіліп отырған жоқ. Әлеуметтік тө­лем­ақыны арттырып, ертерек зейнет жа­сы­на шығаруды Үкімет жедел түрде қолға алуы керек еді.

Жалпы, менің ойымша, мұндай эколо­гия­лық зардабы бар, адам денсаулығына қауіпті аймақтарды бөліп қарастырудың қажеті жоқ. Мәселен, Семей, Жезқазған, Қы­зылорда, Атырау, Маңғыстау аймақта­рында мұндай жайттар көптеп кездеседі. Ал Байқоңырдан үздіксіз ұшқан протонға тоқ­тау сала алмадық. Протон құлаған са­йын иен далада қандай қауіпті қалдық­тың тарайтыны, оның айналаға қаншалықты за­лал келтіретіні белгілі. Министрліктер мен шенеуніктер көп мөлшерде гептил ауа­ға тарағанына қарамастан, «түк бол­май­ды, жерге сіңіп кетеді» деген жауаппен шындықтан жалтарып жүр. Алайда жерге сіңген гептил суға тарап, судан адамға кері әсерін тигізетінін ұмытпағанымыз жөн.

Сол секілді Маңғыстау облысында да бұрын атом өндірісі болған аумақтарда әлі күнге радиация қаупі азайған емес. Мұн­дай мысалдарды қазақтың кең даласынан таба беруге де болады. Дегенмен бақуатты ел екеніміз рас болса, онда неге экологиясы нашар аймақтарда тұратындарға жақсы жағдай жасамасқа? Әйел азаматтарды зейнет жасына ерте шығару, жалақыны өсі­ру, балалы аналарға жағдай жасау қа­жет­тігі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы пәрменді тапсырмаларына келгенде, үкі­мет асығатын түр танытқан жоқ. Сонымен қа­тар қай кезде болсын елдегі жағдайды Ресеймен салыстырып бағуға тырысамыз, солай бола тұра жеме-жемге келгенде сол көршілес елмен терезені теңестіретін жағ­дайда әрекетсіз қалып отыратынымыз да шындық. Мысалы, Ресейде бір бала туса, оған қомақты қаражат береді. Біз сол дең­гейге жете алмай келеміз. Бұл, жалпы, де­мо­графиялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Ал Атырау, Семей, Маңғыстаудағы улы қал­дықтарды айтпағанның өзінде, Аралда тұратындардың экологиядан тартып отыр­ған зардаптары орасан.

– Жаңа туған сәбилерге берілетін жөргекпұл бағасы артып келеді деп жыл сайын айтылады. Алайда бүгінде батыр аналарымыздың қатары сиреге­ні байқалып отыр. Жастардан гөрі «ба­тыр ана» атағын алғандар қатарында орта жастағылар басым екені байқа­лады...

– Менің пайымымша, сәбилі болған отбасыдан мемлекет ақшасын аямауы ке­рек. Сонда ғана халық үкіметтің тиімді жұ­мыс істеп жатқанын түсінер еді. Бұрын он бала туған аналарға ғана «Батыр ана» ата­ғын беретін. Сол уақыттары туу көрсеткіші жоғары болды. Қазір жеті бала туғандарға беретін болып шешім шығарды. Тіпті «бес бала туған аналарға алтын алқа берейік» деп бастама көтергендер шықты бір кез­дері. Дегенмен соңғы уақытта республика бойынша туу көрсеткіші көңілге үміт ұяла­тып жүр. Алайда соған белсене атсалысып отырғандардың арасында Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері басымдау секілді көрінеді. Мысалы, өзбек, түрік, күрд, ұй­ғыр ұлтының өкілдері туу жағынан демо­гра­фияға анағұрлым үлес қосып отыр. Бір ғана Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданында аз уақыттың ішінде дүнген ұлты көбейіп шыға келді. Туу деңгейінің артқаны соншалық – олар тығыз қоныстанған аудан­да төрт-бес мектеп салу қажеттілігі туын­дады. Ұйғырлар да шапшаң өсіп келе­ді. Қазақтың дәл осы тұста озық болуы аса ма­ңызды екенін айтпай-ақ түсінуге бола­ды. Сондықтан да атқарушы билік тиісті тетік­терді іске қосса игі.

– Әлеуметтік мәселенің ішіндегі күр­меуі қиынының бірі – ауызсу. Рес­пуб­ли­када таза ауызсу мәселесі қашан толық шешімін табады деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, ауылдық жерлерді ауыз­сумен қамту, әсіресе халқы тығыз орналас­қан оңтүстік аймақта шешімін таппай тұр­ға­ны қынжылтады. Шымкент, Қызылорда өңірлерінде әлі күнге ауызсумен қамтыл­май, тасып ішіп немесе ағын суды пайдала­нып отырған ауылдар жетерлік. Есесіне кей­бір аймақтарда су ысырап болып жа­тыр. Мысалы, басшылардың салғырт қа­ра­уынан кейбір ауылдарда су сақталатын тоғандар қирап, ішіне қоқыс толған. Бұдан кейін су шығын болмай қайтсін?! Әрине, бір қарағанда басқа елдермен салыстыра­тын болсақ, Қазақстанда су тапшылығы бай­қалмайтындай. Алайда оны пайдалану жағынан тиімді тұсын таба алмай келеміз. Сонымен бірге оңтүстіктегі өзендердің көбі Қырғызстан мен Өзбекстаннан бастау ала­ды. Бірақ көктемнен бері олар суды өз қажет­тері­не қарай бұрып, соның нәтиже­сін­де қа­зақ диқандары судан жұтап отыр. Осы жағын ескеріп, үкіметіміз қырғыз бен өзбек үкіметтерімен келісіп, біз үшін тиімді келі­сімге келуі тиіс. Сонымен қатар елімізге Ре­сей өзендері арқылы келетін су арна­ла­рын тарттыру қажет. Су тоғандарын қайта жөн­деп, көктемгі қар суын жинап алғаны­мыз тиімді болмақ. Еліміздің әр азаматына ағын су бола ма, әлде құбыр суы болса да, тиімді пайдалануға міндеттеу керек. Сон­дықтан да сауалға тіке жауап беретін бол­сам, әлбетте, күш салып тұрып, ауызсу мә­се­лесін бір жылдың ішінде де шешуге бо­лады. Алайда халықтың санасын, үнемдеу­шілік мәдениетін арттырмай, суға деген сұраныстың толық тиімділікке көтерілеті­ніне сене алмасымыз да анық.

– Талайдан бері даулы тақырыпқа айналған әйелдердің зейнет жасын ұзартуды Парламенттің қос палатасы құптағанымен, кейіннен Мемлекет бас­шысы кері қайтарып, оған сәйкесін­ше түзетулер жасалып, қабылданғаны ес­те. Дегенмен бұл мәселе әлі де өзекті екені рас. Негізінен, әйелдердің зейнет­кер­лікке шығу жасын 63 жасқа ұзарту қаншалықты тиімді болар еді деп ой­лайсыз?

– Расында да, әйелдерге қатысты зей­нет жасын ұзарту туралы мәселе ушығып барып басылды. Онда да Елбасы Н.Назар­баевтың салиқалы шешімі жұртшылық кө­ңілінен шықты. Елбасы заңның даулы тұ­сын өзгертіп қана қоймай, ол бойынша Үкі­метке қадау-қадау тапсырма жүктеп, қандай шаралар атқарылуы тиістігін ше­гелеп тұрып берді. Енді атқарушы билік уа­қыт созбай соған бар күшін сарп етуі керек, әйтпесе бұл оңай дүние емес. Жалпы, әйел­­дердің зейнет жасын көтеру 2018 жылға қалдырылғанымен, ол – әлі де ойланатын мәселе. Өйткені, шынында да, 63 жасқа дейін әйелдердің жұмыс істеуі өте қиын. Зейнет жасын ұзартпастан бұрын олардың түрлі себептермен зейнетке шығарудың жолын қарастырғанымыз абзал болар еді. Мысалы, экологиялық жағдайы нашар аймақтарда тұратындарды ерте шығарса... Әрине, бұл туралы нақты тапсырмалар жүк­телген, оны Үкімет те шешетін шығар деп сенемін. Ал жағдайы жақсы, бақуатты, денсаулығы қандай да бір жұмыстарды кө­теретін, ең бастысы, өзі ниет ететін әйел­дерді 63 жаста зейнетке шығармақ түгіл, олардың еркіне салса, 65 жаста шығуына рұқсат беруге болады. Айтпағымыз, бүгін­де қазақ әйелдерінің басым бөлігінің ден­саулығын экология құртып жатыр. Ен­деше, біздің болашағымыз – балалардың да ден­саулығында үлкен өзгерістер, кінә­рат­тар кетіп жатыр деп айтпай тұра алмаймыз. Дені сау ана – дені сау ұлттың кепілі. Сон­дық­тан зейнет жасын ұзарту мәселесінде әуелі аймақ ахуалын ескерген жөн. Демо­графия өссін десек, әуелі жағдай жасап, әлеуметтік төлемақы мөлшерін молайту міндетін үкімет мүлтіксіз атқаруы тиіс.

– Өткен жылы Мәжіліс депутаттары бойдақтарға салық салу мәселесіне қай­та оралу керек деп бастама көтерді. Бұрынғы әріптесіңіз, депутат Нұртай Са­бильянов сүр бойдақтар мен кәрі қыз­дарға сауал жолдап, әлеуметтік қол­дау көрсетуді алға тартты. Жалпы, бой­дақ салығын енгізудің пайдасы бар ма?

– Бұл өте өкінішті жайт екенін ашық мойындайтын кез келді. Өркениетті ел­дерде бұл – өзекті мәселе. Мәселен, кезін­де Сингапур елі дәл осы кәрі қыздарға қа­тысты бағытта тұтастай кешенді шаралар қабылдап, оның өз нәтижесін бергенін де білеміз. Ал Қазақстанға келсек, бүгінде 400 мыңға жуық қаракөздеріміз кәрі қыз атанып отыр. Егер біз кеңес дәуіріндегідей бойдақ салығын көбейтсек, әлдеқайда оның алдын алар едік. Кезінде еркек, әйел деп бөлмей, бойдақ салығын салды. Қо­ғам­да сол үрдісті қайта оралту туралы бас­тама ара-тұра айтылып қалады. Сонымен қатар «сауатты салық саясатын жүргіземіз» деп салықты әртүрлі жолмен көбейтуді қолға алып жатқан кезде бойдақ салығын енгізген де тиімді әдіс болар еді. Сонда жастар отызға келгенше салт басты болып жүрмес еді. Дегенмен мәселенің екінші қыры бар: бұл – жас отбасыларға жағдай жасау. Үйленіп, үй болып кетуге жағдай жа­самай тұрып, оған салық салу да ерсілеу. Мұны да кешенді түрде үкімет ойланса, сосын қолға алса... Есесіне, осының нәти­же­сі орасан зор болмақ. Сосын жоғарыда айт­қан оң жақта отырып қалған 400 мыңға жуық қаракөздеріміздің біразы оқу оқып, мансап қуып жүргендер қатарында. Қыз­метті ойлап жүрген олар жастарының келіп қалғанын да кеш ұғынып жатады. Дәл осы тұста заң жүзінде екінші әйел алуға рұқсат беру туралы мәселе қылаң береді.

– Есте болса, екі әйел алуға заң жү­зін­де рұқсат беру мәселесі Мәжілісте де талай талқыға түспеп пе еді?

– Бұған қарсы уәж айтатындар да бар­шылық. Кезінде мұны Мәжіліс қа­быр­ғасында мәселе етіп көтерген де бо­ла­тынмын. Шындығында, 70-тің жетегінде жүр­ген маған оның еш қатысы да жоқ. Әйт­се де заң жүзінде екінші әйел алуға ниет білдіретін 45-50 жас аралығында азамат­тар елімізде жетерлік. Заңмен рұқ­сат берілген, сосын соған қоғам түсіністік­пен қарай бастаған жағдайда кәрі қыздар­дың біразы тұрмысқа шығар еді деп ой­лай­мын. Сонымен қатар екі әйел алуға ер-­азаматтардың бәрі бірдей бара да бер­мейтіні анық. Өйткені оған, біріншіден, өзі­нің қай тұрғыдан алғандағы қауқары да болуы керек. Әйелдің үстіне әйел алып, одан туған баланы асырай алмай отырса, оның несі жөн екен? Сосын бұған бірінші әй­елдің келісімі де керек. Осының бәрі жа­ра­сып тұрса, ер-азаматтарымыздың қал­та­сы да, қауқары да тағы бір әйел алып, қа­зақ санын көбейтуге жарап тұрса, одан кім кем­шілік көреді? Соны заңдастырғанда тұр­ған не бар? Бұлай болатын болса, түсі­нік өзгерсе, біздің қыздарымыз басқа ұлт­тар­ға да тұрмысқа шықпас еді деп ойлай­мын.

Оның үстіне бүгінде біздің елде ажы­расушылар көп. Бір жылда құрылған не­кенің 30-35 пайызы ажырасуға дейін ба­рады екен. Біз бұған жастарды кінә­лаймыз. Олар неге ажырасады? Себебі әлеу­меттік жағдайы төмен, баспана жоқ, жалақы тө­мен. Осыдан келіп ажырасудың үлесі ар­тып отыр. Ал ажырасқаннан кейін қайта қо­сы­лушылар мүлде жоқ десе бола­ды. Және осыдан келіп алимент төлеу мә­се­лесі ушығады. Сосын бізде жасанды түсік жа­сату көптеп кездесетін болып жүр. Со­ның ішінде басқа ұлт өкілдері емес, көбі­не­се өзіміздің қаракөздеріміз осындай қа­дам­ға барып жатқаны өкінішті-ақ. Ендеше, елдің ертеңін ойласақ, мұның бәріне сал­мақты оймен келіп, кешенді жұмыспен ден қоюдың қажеттілігі сезіледі.

– Қоғамда сөз болып жатқан тағы бір өзекті мәселеге тоқталсақ. Бұл – Ел­басының былтырғы Жолдауында кө­те­рілген латын әліпбиіне көшуге қа­тыс­ты мәселе. Осыған көзқарасыңызды білсек...

– Ең біріншіден, латынға көшу – заман талабы. Оны алдымен ғалымдар мойын­дайды. Түптің түбінде көшетін болсақ, оны неге кейінге ысыра беруіміз керек. Бұл, меніңше, келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершіліктен жалтаруды білдіреді. Екіншіден, бүгінде елімізге Түрікменстан, Өзбекстаннан келген ағайындарымыздың балаларын мектепке қабылдау кезінде көптеген қиындықтар туындап жататыны рас. Себебі ол жақтағы мектептерде латын әліпбиімен оқытады. Бізге келгеннен кейін оралмандардың балалары не қазақша, не орысша оқи алмай, екі ортада қиындыққа душар болып жатқаны жасырын емес. Елбасының айқындауымен 2025 жылы толығымен латын әліпбиіне көшеміз деп жос­парлап отырған елміз. Осы орайда қа­зір­ден бастап практикалық тұрғыда да­йындыққа кірісуіміз керек. Мысалы, Өз­бекстан мен Түрікменстаннан келген аға­йындардың балаларын бір мектепке топ­тастырып, латын қарпімен оқытсақ, бұл өз септігін тигізер еді. Өзбекстанда 2 мил­лиондай қазақ баласы өзбек тілінде оқып жүр. Олар сол тілді білмесе, күні ертең жұ­мысқа қабылдануы мұң болады. Әрі екінші сортты адамдар болып саналады. Ендеше, олар қазақ тілінен қол үзіп жатыр деген сөз. Ал енді қаріп мәселесі соны онан са­йын алшақтатып отыр. Сондықтан да Оң­түстік Қазақстан облысына қарасты Сары­ағаш ауданынан қазақ балалары үшін мек­теп-интернат ашып беріп, оқытсақ игі іс болар еді. Өзбекстандағы қазақ балалары сол интернатта оқып, кейін Қазақстандағы ЖОО-ларда оқып білім алар еді. Бірақ қа­зір оралмандарға квота тоқтатылғандық­тан, олардың елге келуіне жол түспей отыр. Дегенмен ағайындарды өзге елде тенті­ретіп, бейшара қылып қоя алмаймыз. Өз­бек­стандағы қазақтарға балаларын қазақ тілінде оқыту үшін ұсыныс жасасақ, күні ер­тең олардың квотасыз-ақ елге келуіне мұрындық болар едік.

– Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі орын алса, орыс тілінің «салтанаты» аяқ­талады деген пікір бар. Сосын дәл осыған қарама-қарсы да пікір бар. Шынымен де, латын әліпбиіне көшкен соң орыс тілінің аясы тарыла ма?

– Латын әліпбиіне өткен күні басқа ұлт өкілдері еріксіз мемлекеттік тілді меңгерер еді деп ойлаймын. Бұл – бір бүгін ғана емес, бірнеше жылдар бойы айтылып, әб­ден иі қанған дүние. Ғалымдардың ортақ ұстанымы ғана тұсау болып отырғанға ұқсайды. Сондықтан да мұны саясатқа ай­налдырып, астар іздеп шулатпай, сырнай­латып-кернейлетпей бірден өтіп кетсек тиімді болмақ. Мысалы, КСРО құлдыраған бетте-ақ Түрікменстан мен Өзбекстан осы жолды таңдады. Содан бері қанша уақыт өтсе де, біз кирилл әрпінен ажырай алмай келеміз. Бірінші сыныптан бастап орыс әр­пімен бірге латыншаны қатар оқы­туымыз керек. Білім және ғылым минис­трлігі оқу бағ­дарламасын әзірлеп, белгі­леп беруі қажет. Жайбарақаттықпен жүре беріп, мез­гілі таяғанда өтеміз дегеннен түк өн­бейді. Әрбір ұрпақ өзіне артылған жүкті бо­лашақ жастарға итере салмай, өзі көте­ріп кетуі керек. Менің ойым осыған саяды.



АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ...

Еуропа мен АҚШ-та еркек пен еркек, әйел мен әйел некеге тұрып жатқан кезде қауқарлы қазақтың азаматына екінші әйел алуға рұқсат берудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Тұрмыс құрмай, қызмет қуып кеткен қыздарымыздың қатары көбейе түссе, бұл Қазақ еліне еш абырой әпермейді. Бір қызығы, осыған қатысты кезінде маған жолданған хаттарда есеп болмады. Сонымен бірге көршілес Өзбекстанның халқы 30 миллионға жетіп жығылды. Сол жағдайда Қазақстан халқы 17 миллионға жетті деп бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Әрине, бұл қуанатын жағдай, бірақ әлі де ойланатын мәселе жеткілікті. Сондықтан демографиялық жағдайды реттеу үшін біз осыған рұқсат беруіміз керек.





Көрілген: 3006    Пікірлер: 0

жұма, 06.12.2013, 12:51

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31