Дат!

Ешбір дін адамның денсаулығын сақтауға бағытталған шараларға қарсы тұрмайды

  • Ешбір дін адамның денсаулығын сақтауға бағытталған шараларға қарсы тұрмайды

    Ешбір дін адамның денсаулығын сақтауға бағытталған шараларға қарсы тұрмайды

Шалғынбай ЖАНДОСОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры, медицина ғылымының кандидаты:


– Елімізде Елбасының Жарлығымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бекітілгеніне екі жарым жылға жуық уақыт өтті. Қалай ойлайсыз, бұл жоба өз жемісін бере алып отыр ма?

– Негізі, мемлекеттің басты байлығы – адам. Ал кез келген адамның басты байлы­ғы – оның денсаулығы. Сондықтан әрбір адамды сақтау, оның денсаулығын қорғау мемлекеттің ең негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осы мақсатта «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабыл­данды. Жалпы, бұл жоба – тұтас елдің салауаттылығы үшін, бүкіл жұрттың саулығы үшін жұмыс істейтін бағдарлама. Әрине, медицина саласында жүргізілген реформалар өз жемісін беруде. Қазір отан­дық денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Қоңсылас елдерде жоқ құ­рал-сайман, озық технологиялардың небір түрі бізде бар. Отандық медицина азамат­тарымыздың шетелге барып емделуге деген тәуелділіктерін азайтып келеді. Өзге елге барып ақша төлеп істететін кейбір операцияларды (оталарды) өзіміздің дәрігерлер де жасай бастады. Адамдарға дәрігермен бірге емхананы таңдауға мүм­кіндік беретін денсаулық сақтаудың Бірың­ғай ұлттық жүйесі енгізілді. Ол аз десе­ңіз, халықтың аз қамтылған бөлігіне тегін және жеңілдігі бар дәрілерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін Дәрілер дистрибуция­сының бірыңғай жүйесі құрылды. Алыс шалғайдағы өңірлерге медициналық қолжетімділік артты. Еліміз бойынша «Денсаулық» медициналық поезы жұмыс істеуде. Демек, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы саланы тиімді етіп келеді, ең бастысы, қазақстандықтардың денсаулы­ғын жақсартуға айтарлықтай сеп болуда. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақ­са­тында «Саламатты Қазақстан» бағдарла­масы шеңберінде босандыру және балалар мекемелерінің материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарды. Жаңа перзентха­на­лар, периниталды орталықтар және балалар ауруханалары салынды. Медици­на­лық жабдықтармен жарақтандырылды, алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілді. Әрине, мұның барлығы – мемлекеттік қам­қорлықтың әрі қолға алынған бағдарлама­ның дұрыс бағытта жүргізілгендігінің нақты айғағы.

Сонымен қатар «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында халықтың инфекциялық, паразиттік және кәсіптік аурулармен сырқаттанушылығын азайтуға ерекше мән берілген. Инфекциялық ауруларға қарсы жүргізіліп отырған кешенді профилактика­лық шаралардың арқасында елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Мысалы, республикада 10 аса қауіпті инфекциялық ауру: тырысқақ, оба, күйдіргі, дифтерия, безгек, полиомиелит оқиғалары тіркелмеген. 35 инфекциялық аурумен сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Оның ішінде жіті ішектік инфек­циялар 17,9 пайызға, гепатиттер 34 пайыз­ға, тыныс алу органдарының туберкулезі 8,2 пайызға, конго-крым геморрагиялық қызба жеті оқиғаға азайды.

– Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне азғана уақыт қалды. Енді бұған еліміздің СЭС мамандары қаншалықты дайын, жалпы, аймақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық органдардың зертханалары халықаралық талаптарға сай ма?

– Әрине, мемлекеттік қамқорлықтың арқасында өңірлердегі СЭС-тің жұмыстары жанданып келеді. Енді алдағы уақытта еліміз ДСҰ-ға кіргелі отыр. Бұл – қуанышты жағдай. Осы ретте бізден шығатын кез келген тамақ өнімдері, киім болсын, басқа да тауарлардың барлығы зертханалық тексеруден өтуі тиіс. Бұл үшін біздің облыс­тық, аудандық деңгейдегі барлық СЭС органдарының зертханалары заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Бұл ретте біздің санэпидқызмет мекемелерінің барлығы халықаралық аккредитациядан сәтті өтті. «Бұлар ДСҰ-ға кіргенде, жалпы, жаңа қондырғылары бар ма, қаншалықты жұмыс істей алады екен» деген мәселелерді анықтау мақсатында бізді 11 мемлекеттен құралған комиссия тексерген. Бәрі де оң бағасын беріп кетті. Үкімет тарапынан қомақты қаражат аударылып, облыстық, аудандық деңгейдегі барлық СЭС орган­дары жаңа қондырғылармен қамтамасыз етілді. Әр аудандық СЭС-ке 121 млн теңгеден қаржы бөлінді. Онымен қоса, онда қызмет ететін мамандар осында, тіпті алыс-жақын шетелдерге оқуға барып, біліктіліктерін арттырды. Енді қазір еліміздің санэпидқызметі ДСҰ-ға кіруге толық дайын деп айта аламыз және де кез келген өнімді жан-жақты тексеріп, қажетті қорытынды беру­ге дайынбыз. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерлерде санитарлық-эпидемио­логиялық қызмет зертханалары инфекция­лық аурулардың қоздырғыштарын қысқа мерзімде идентификациялауға, әртүрлі өнімнің және қоршаған орта объектілерінің (су, ауа, топырақ) қауіпсіздігін анықтауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықпен толық қамтамасыз етілген.

– Соңғы кезде елімізде балала­рын ауруға қарсы егуден бас тартатын ата-аналар қатары көбейіп барады. Тіпті бұл түйткіл қоғамдық мәселеге айналуда. Айтыңызшы, егер вакцина денсау­лыққа пайдалы болса, онда халық бұл мәселеге неге алаңдаулы?

– Негізі, мыңдаған адамға жасаған екпе­ден бір асқыну болуы мүмкін. Кейде екпе жұмысын жасаған соң, оның екпе салған жері сәл қызарып, ісінетін кездер болады, бірақ бұл соншалықты қауіпті емес. Енді кей адамдардың ағзасы әлсіз, нәзік келеді, дене қызуы көтеріледі, оған алаңдаудың керегі жоқ. Мәселен, АҚШ-та егер балаға екпе жұмысы жүргізілмесе, оны балабақ­шаға алмайды, мектепке жіберілмейді. Себебі ол басқа оқушыларға қауіпті ауру жұқтыруы мүмкін. Ал бізде кейбір ата-аналар бұған қарсы шығып отыр. Қазір ау­ру­ға қарсы егу шараларын ширк санайтын­дар шықты. Тіпті вакцина құрамында спирт бар екен деп, мұны балаларына салуға қарсылық танытуда. Меккеге қажылыққа баратындар да менингитке, дифтерияға қарсы вакцина салдырғаны жөнінде емдеу мекемелерінен сертификат алуы керек емес пе? Демек, ислам вакциналауға ты­йым салмайды. Егер біз қазір екпесек, мұның арты үлкен өкінішке ұрындыруы мүмкін, вакцина салдырмаудың салдары­нан балалар бауыр циррозына ұшырап, ағзасының сал болып қалуы ықтимал. Сондай-ақ уақытында екпе алмаған бала­ның кез келген ауруға қарсы тұруға имму­нитеті өте әлсіз болады. Әрі-беріден соң, ешбір дін адамның денсаулы­ғын сақтауға бағытталған шараларға қарсы тұрмайды. Егер қандай да бір діни ұстаным қарсы әрекетке барса, онда ол – сол діни ағымның шикілігінің нақты дәлелі. Ислам дінінде Жаратқанның берген аманаты – денсаулық­қа үлкен жауапкершілікпен қарауды үгіттейді. Сондықтан бұл реттегі түсіндірме жұмыстарын тек дәрігерлер ғана емес, имам, молдалар да жүргізуі қажет. Олар вакцинаға қатысты үгіт-насихат жұ­мыс­та­рын тек жұма намазында ғана жүргіз­бей, БАҚ құралдары арқылы болсын, білім мекемелерінде болсын ұдайы айтып оты­руы қажет деп ойлаймын. Негізі, иммундау ісінің нәтижесінде әлемде 20-дан аса қатерлі дерт ауыздықталған. Біздің елімізде де вакциналанған балалар арасында қатерлі дерттердің саны жыл сайын азайып келеді. Қазір 10-нан астам инфекцияға қар­сы вакциналар егілуде, соның арқа­сында бізде көптеген ауру тіркеліп жатқан жоқ. Мысалы, осыдан екі-үш жыл бұрын Тәжікстанда мыңның үстіндегі адам сал ауруына ұшырап қалды, көбі жүре алмай, төсек тартып, мүгедек болып қалды. Ол елдің билігі екпе жұмыстарын жасайын десе, вакцина өте қымбат тұрады, көптеген мемлекеттің екпе жұмыстарын жасауға жағдайлары жоқ. Ал бізде екпе жұмысына үкімет тарапынан қомақты қаражат бөліну­де. Тек қана биылдың өзінде мемлекеттік бюджеттен 13 млрд теңге бөлініп отыр. Есте­ріңізде болар, 1995 жылы елді тапшы­лық жайлаған тұста вакцина сатып алуға қаражат та болмады, соның салдарынан елімізде дифтерия (балалардың жұқпалы тамақ ауруы) бұрқ етті. Мыңнан астам адам жапа шегіп, 66 өлім жағдайы тіркелді. 2005 жылы 90-жылдардағы жағдай қайталанды, ересек азаматтар, жасөспірімдерге де қы­зылшаға қарсы екпе жасалмаған болатын, соның салдарынан 16 мың адам қызылша­мен ауырды. Міне, осының барлығы екпеге деген ескертуді елең қылмағандықтан туындаған. Сондықтан екпеден бас тарту денсаулыққа үлкен қауіп келтіретінін ұмыт­пауымыз керек.

– Жасыратыны жоқ, елімізде санитарлық тазалықты сақта­майтын сауда орындары өте көп. Тағамнан улану оқиғалары да жиілеп кетті. Қалай ойлайсыз, бұл сатушылардың немқұрайды­лығы­нан ба, әлде тазалық сақтау қызметінің парақорлығынан ба?

– Мен мұны сауда нүктелері қызметкер­лерінің салғырттығынан деп есептеймін. Өйткені қазір елімізде шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қарқынды жүруде. Осыдан келіп қоғамдық тамақтану орындарын жылына бір-ақ рет, ал азық-түлік дүкендерін үш жылда бір рет қана тексеріп отырмыз. Оның өзінде жергілікті прокуратурадан тіркеуден өтіп, кәсіпкерге бір ай бұрын хабарлама жібереміз. Одан кейін барып тексеріс жүргізе аламыз. Шы­нын­да да, қазір тамақтан улану оқиғалары жиілеп кетті. Мысалы, өткенде Батыс Қазақстан облысында мектеп-интернаттың сегіз оқушысы тағамнан уланып қалса, Шығыс Қазақстанда 52 адам уланды. Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысында мейрамханада өткен тойдағы тағамнан қаншама адам уланып, төсекке таңылды.

Өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында біздің Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мони­торинг жүргізуші орталық тұрақты түрде апталық мониторинг жүргізіп келеді. Мы­салы, биыл сауда объектілеріне мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарымен жүргізілген жоспарлы тексе­руі­нің барысында 400 мың тонна сапасыз тағам өнімі анықталып, оның ішінде 80 тон­на өнімнің жарамдылық мерзімі өткендігі, 7 тонна өнімге шығарушы құжаттары берілмеген және өндірілген мерзімі көрсе­тілмеген, 306 тонна өнім микробиология­лық көрсеткіштерге сәйкес келмегені анық­талып, халыққа тұтынудан алынып тас­тал­ды. 2013 жылдың соңғы үш айында ғана көкөніс пен жеміс-жидек өнімінің 11 мың сынамасы санитарлық-эпидемиоло­гиялық зертханаларда зерттеліп және 198 сынамада (1,8 пайыз) нитраттар деңгейінің артуы анықталды. Мониторинг нәтижелері бойынша әкімшілік шаралар қабылданып, 1130 келі көлеміндегі өнім жарамсыз деп танылды. Барлық жарамсыз өнім сатудан алынып, жойылды. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан халықтың санитарлық-эпиде­мио­логиялық сауаттылығын қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылда­нуда. Дегенмен әр азамат өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті ұмытпауы тиіс.

Қазір қасиетті ораза айы бітіп, тойдың маусымы басталды. Бесік той, сүндет той, үйлену тойы, алтын той, күміс той деген секілді мерекелік шаралар өте көп. Оның үстіне бүгінде көпшілік той иелері дастар­қанға қоятын тез бұзылатын салаттарды үйінде дайындайды, ол үйдегі тоңазытқыш­қа сыймайды, оған майонез қосамыз, сонымен таңертеңнен кешке дейін ыстық жерде тұрған салаттар бұзылады, әрине, осыдан келіп жаппай улану басталады. Тіпті кейде азық-түлік дүкендерінің тоңазытқыш­тары істемей қалатын жағдайлар кездеседі. Онда тұрған тауарлардың да иісі шығып кетеді. Егер сатушылардың әрқайсысы өз жұмыстарына жауапкершілікпен қараса, адам денсаулығына жанашырлық танытса, біз мұншалықты проблемаларға душар болмас едік. Сондықтан тұтынушылардың өзі кез келген өнімді сатып аларда оның сақтау мерзімі өтіп кетпеген бе, сертификаты бар ма – осының бәрін сұрауы керек. Қазір еліміз өркендеп, экономикамыз көте­ріліп келеді. ДСҰ-ға кіргелі отырмыз. Бізде де өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкерлер бар. Мәселен, Алматы облы­сында 4000-ға жуық түйе ұстайтын кәсіп­кердің өзі бізге хабарласып, «менің цехымды тексеріп, қажетті қорытынды шығарып беріңізші» дейді. Тіпті ол өз цехын перзентханадағыдай таза ұстап отыр десем артық емес. Болашақта сауда орындары да тазалыққа аса ұқыптылықпен қарайды деп үміттенемін. Егер ДСҰ-ға кіретін болсақ, кәсіпкерлер өздерінің өнімдерін шетелге шығарғысы келеді, осындай жағдайда олар бізге тауарларын тексертіп, қажетті қоры­тын­ды алатын болады, сонда ғана олар тауарларын шетелге шығара алады. Жалпы, болашақта кәсіпкерлер өздерінің өнімдерін міндетті түрде сапалы етіп шығарады деген үміттемін.

– Соңғы кезде республикалық баспасөз беттерінде ауыр және қатерлі сырқат – туберкулез туралы сирек айтылатын болды. Біздің редакциямызға осы патология жайлы және оның Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайы туралы толығырақ айтуды өтінген оқырмандар жиі хабарласады, осы тұрғыда не айтасыз?

– Соңғы бес-алты жыл ішінде осы ауру­дың тұрақтанғандығы, ал соңғы екі жыл ішінде ауырған адамдардың саны 8,2 %-ға азайғаны байқалады. Осыған сәйкес, өлім-жітім көрсеткіші 21,3%-ға қысқарды. Дегенмен туберкулезбен науқастанатын адамдар саны азайып келеді деп арқаны кеңге салуға болмайды. Біз мұнымен ұдайы күресіп отыруымыз қажет. Жыл сайын әлем­де 2 миллионға жуық адам туберку­лезден қайтыс болады. Өкініштісі сол, олардың тең жарты­сы – бала туу жасын­дағы әйелдер. Олардың артында қалған балаларының баға жетпес ана мейірімін, жылуын және ғажайып махабба­тын сезіне алмайтындығын айту­дың өзі қорқынышты. Қазіргі таңда ауруды дер кезінде анықтап, пациентке жоғары білікті көмек көрсеткен кезде, көптеген жағдайда осындай науқас­тарды емдеудің мүмкін екендігі ғылыми түрде дәлелденген. Жұқпаның негізгі берілу жолы – туберкулез­бен ауырған адамның сырқаттың дамуына қолайлы орта болып табылатын өкпе тініне түсетін микробтары бар ауамен тыныс алған кезде таралатын ауа-тамшылы жол. Өз кезегінде пайда бол­ған қабыну нәтиже­сінде кейіннен бронх­тарға түсіп, экссудат пайда болады. Деген­мен белгілі, тыныш қалпын сақтаған өте қауіпті Кох таяқшалары бәрімізде тіршілік етсе де, оқиғалардың 95 пайызында туберкулез бактерияларын тасымалдау­шы­лардың ауыра бермей­тін­дігін білу қажет. Бірақ қалған оқиғалардың 5-10 пайызы­ның өзінде иммунды жүйенің қызметі нашар­лаған жағдайда олар (Кох таяқша­лары) әлсіз организмде ауру туды­рады.

– Мұндай аурудан қалай сақта­ну­ға болады?

– Бұл сұрақтың жауабы қарапайым және қиындық тудырмайды. Мәдениетті, қалып­ты және салауатты өмір сүріп, дұрыс, толық­қанды тамақтана білу керек. Менің айтайын дегенім, көбінесе өсімдіктен алы­натын және табиғи тағам өнімдерін пайда­лану қажет. Болмағанда денешынықтыру жаттығула­рын жасап, әрине, зиянды әдет­тер­ден бас тарту керек. Осының бәрін жүзе­ге асыруға бола­тын тәрізді, алайда мұнда басқа да жағдай­лардағы сияқты қайтпас мінез бен ерік-жігер көрсету қажет, бұдан организмі­ңіз өмір салауатының кепілі бола­ды.

– Менің білуімше, туберку­лезбен ауыратындар қымбат дәрілермен тегін және басқа да мемлекеттік материалдық көмек алады...

– Атқарушы органдар жалпы республи­ка бойынша, әсіресе амбулаторлық түрде емделетін науқастарға осындай көмек көрсетеді. Өткен жылдың өзінде есепте тұрғандар санының 58 пайызын құрайтын 14 мыңнан астам науқасқа 250 миллион теңгеден асатын қаржылай көмек берілді. Барлық жағдайларда азық-түлік беру, жол жүру ақысын төлеу, науқастардың әлеу­мет­тік асханаларда, күндізгі стационарларда тамақтануы және т.б. түрінде қайырымды­лық көрсетілді.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, емдеу мекемеле­рінің жалпы желісінде микроскопиялық әдіспен 150 мың науқасты анықтау және зертханалық түрде зерттеу, флюрография­лық әдіспен 8 миллионға жуық ересек адам мен жасөспірімдерді тексеру, туберкулезді сынама теріс нәтиже көрсеткен жаңа туған миллионнан асатын балаларға және оқу­шыларға Манту сынамасын енгізу арқылы осы ауру түріне қарсы екпе жасау жоспар­лануда.

– Кеден одағы шеңберінде Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызметі қандай мәселелерді шешіп отыр?

– Санитарлық-эпидемиологиялық қыз­мет адам өміріне қауіп тудыратын респуб­ликаға әкелінетін өнімдердің гигиеналық қауіпсіздігіне жауап береді. Санэпидқыз­меттің міндетіне осындай өнім түрлеріне санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу, оларды мемлекеттік тіркеуден өткізу және Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің рұқсат етілген өнімдерін Бірыңғай тізілімге енгізу кіреді. Барлығы мемлекеттік тіркеуге өнімнің 11 түрі жатады. Бұған арнайы тағам өнімдері мен тамақ қоспалары, балалар тағамы, тағам өнімде­рі­мен және сумен байланысты материалдар мен бұйымдар, балалар тауарлары, бала­лар мен ересектерге арналған жеке гигиена заттары, парфюмерлік-косметикалық өнім, тұрмыстық химия тауарлары, химиялық заттар, лак-бояу және полимерлік құрылыс материалдары кіреді. Тауардың бұл түрле­рін қолдану адам өмірі мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі жағдайында ғана рұқсат етіледі. Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің мерзімі шектелмеген.

– Салиқалы сұхбат бергеніңізге рақмет.



Алашқа айтар датым...

Ораза айы аяқталып, енді әдетте үйлену тойлары мен басқа да мерекелік шаралар көбейеді. Осыған байланысты той иелеріне және қоғамдық тамақтану объектілерінің басқарушыларына тек сертификатталған тағам өнімдерін ғана сатып алуы, шикі және дайын өнімдерді дайындау және сақтау технологиясын орындауы, мерекелік дастарқандардың мәзіріне майонез бен қаймақ пайдаланылатын тағамдарды, ақуызды және майлы торттар мен пирожныйларды және басқа да тез бұзылатын тағам өнімдерін қоспауы қажет екенін ескерткіміз келеді. Дастарқанды уақытынан бұрын жаюға болмайтынын, қалған тағамды келесі күні пайдаланбау керектігін ешқашан есімізден шығармауымыз қажет.





Көрілген: 2336    Пікірлер: 0

бейсенбі, 22.08.2013, 12:58

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31