Ешбір мемлекеттік қызметкер пара алмайтындай заң қабылдауымыз керек
Нұрлан Жазылбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Нұрлан аға, Мәжіліс депутаттарының кезекті демалысы аяқталды. Тың серпінмен жұмысқа кірістіңіздер. Әңгімемізді «өткен бір жыл ішінде не бітіре алдыңыздар» деген сауалмен бастап кетсек...
– Өткен бір жыл ішінде жасаған жұмысымызды жеңіл болды деп айта алмаймын. Өйткені біздің фракциядан бұл уақыттың көп бөлігінде жеті депутат жұмыс жасады. Сегізінші депутат кейіннен қосылды. Бастапқыда сол жеті депутат Парламент Мәжілісіндегі бірталай жұмыс тобына қатысып, заң жобасын талқылап отырдық. Осы жұмыс тобының жиналыстарына қатысумен міндетіміз шектеліп қалмайды. Бұл отырыстарда түрлі пікірталастар болады, түрлі заңдарды талқылаймыз. Мәселен, Азаматтық қорғау заң жобасы, энергетика туралы, жастар саясаты туралы заңдар болсын, тағы да басқа заң жобалары қызу пікірталастар арқылы жазылды. Біз қазір Кедендік одаққа мүше елміз. Сондықтан да Кедендік одақ шеңберінде түрлі қайшылықтар болмауы үшін Ресей мен Беларусьтың заңдарын салыстырмалы түрде қарап отыруға тура келеді. Біз Парламентте отырып заң арқылы экономиканы алға сүйрейтін еліміздегі кәсіпорындарға жеңілдік туғызып бере алмасақ, не болады? Ертең Ресей мен Беларусьтың заңы тиімді болып, біздің кәсіпорындарға, біздің отандық өнімдерге ауырлық түспеуі керек. Біз өткен жылды осындай мақсаттарға қол жеткізу ниетімен тамамдадық. Бітірген ісіміз аз емес секілді. Әрине, аз уақытта бәрін айтып беру мүмкін емес.
– Кейбір азаматтарымыз «Парламент депутаттарының жұмысы дайындалған заң жобасына дауыс берумен шектеледі» деп жатады ғой.
– Аға, енді өткен сессиядағы ең шулы мәселелерге келсек... Ішкі істер саласы мамандарының ескертусіз қару атуына рұқсат беру жайын қарадыңыздар. Азаматтардың қолындағы травматикалық қаруды қайтарып алу жайы да қозғалды. Дәл бүгінгі күні кейбір қазақстандықтардың қолындағы қаруды түгелімен қайтарып алуға мемлекеттің күші жете ме? Бұл – бір. Екіншіден, қазір полицейлерден жәбір көріп, «ұрды-соқты» деп шағымданатындар жетерлік. Осындай кезеңде ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қару атуға рұқсат етсек, елдің жайы не болмақ?
– Бұл – айтуға оңай болғанымен, өте күрделі мәселе. Мен өткен сессияда осы мәселе жөнінде Ішкі істер министрлігіне арнайы депутаттық сауал жолдадым. Онда «қандай себеппен, неліктен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне ескертусіз қару атуға рұқсат береміз?» деген мәселе қойдым. Олар уәж ретінде бүгінгі күні көбейіп кеткен қылмыстарды айтады. Бұл орайда дүниежүзіндегі дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену керек секілді. Мысалы, АҚШ-та қару-жарақ ашық сатылады. Әр адам өзі қалаған «құралын» ұстап жүре алады. Сол үшін де олардың полицейлері ескертусіз-ақ қару кезене алады. Біздің Ішкі істер органдары осы тәжірибеге сүйенуді жөн санаса керек. Сол себепті де, біріншіден, әр полицей өз өміріне қауіп төнген жағдайда ғана қаруға сүйенетіндей етуіміз керек. Екіншіден, бұл мәселеге терең һәм салиқалы қарағанымыз жөн. Өйткені қазір полицияда қандай азаматтар жұмыс жасап жатқанын сіз де, мен де жақсы білеміз. Өткен жылы болған аттестация барысында көптеген полицей жұмыстан босап, олардың орнын жаңа мамандар толықтырды. Қызметтен босағандардың ішінде қаншама кәсіби маман бар екенін нақты білмейміз. Сол кәсіби мамандардың орнын тәжірибесіз полицейлер басуы да мүмкін ғой. Мұның сыртында ара-тұра осы салада психикалық жағынан төмен азаматтар жұмыс жасайтыны да айтылып қалып жүр. Сондықтан бір шоқып, екі қарағанымыз жөн. Егер де жаңадан жұмысқа кірген бір сержант көшеде кетіп бара жатқан бір кісіге тоқта деп бұйырса, ол азамат қорқып кетіп қашатын болса, себепсізден-себепсіз атып тастауға бола ма? Жоқ. Сол үшін де полицейлердің біліктілігін көтеріп, белгілі бір стандартқа жеткенде ғана бұл мәселені қолға алуымыз керек деп ойлаймын. Әрине, меніңше, Үкімет ең алдымен полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Полиция қызметкерлері қауіпті жағдайда қызмет жасайтындықтан, олардың отбасындағы проблемаларының барлығын (тұрғын үй, балабақша, балаларына білім беру деген секілді) Үкімет шешуі тиіс.
– Азаматтардың қолындағы травматикалық қаруды қайтарып алу жайлы да сұрап едім...
– Мемлекетіміз азаматтардың қолындағы травматикалық қаруды қайтарып алу үшін бюджеттен 2 млрд теңге көлемінде ақша бөлуді ойластырып жатыр. Осы жерде статистикалық қайшылық бар. Себебі көптеген азаматымыз өзін-өзі қорғау мақсатында үйінде сақтап, сейфте тыққан қаруын өткізеді делік. Ал заңсыз қаруы барлар, тіркелмегендер ше? Олар тіркелгендерден де көп болуы мүмкін. Алдағы уақытта Қылмыстық кодекс қайта қаралмақ. Сол кезде заңсыз травматикалық қару ұстағандарға қылмыстық іс қозғау және қатал жаза қолдану керектігі жайлы ұсыныс енгіземіз деп отырмыз. Бір ғана Алматының үш дүкенінде 70 мың травматикалық қару-жарақ сатылып жатқан кезде бұл бастама қалай боларын болжау қиын. Десек те, заңды, тіркелген қаруды қайтарып алу кәсіпкерлерге қиындық туғызатынын мойындауымыз керек. Себебі олар өз егісін, қарбызы мен картобын және басқа да өнімдерін ұры-қарыдан қару арқылы қорғап жүрген жоқ па? Енді ол қару жоқ болса, не болмақ? Егер де бүгінгі күні біздің ішкі істер органдарымыздың қызметкерлері халықты толығымен қорғаймыз, олардың егісіне ешкімді тигізбейміз деп ант берсе, бар жауапкершілікті мойнына алса, қаруды жинап алуға болар еді. Полицейлердің Алматы мен Астана секілді ірі қалалардың айналасын қорғауға қабілеті жетер, бірақ күллі мемлекет аумағындағы өнімдерді қорғап тұра алады деуге сену қиын. Өйткені ұрлық болған жерге шақырылған полицейіңіз кемі екі-үш сағат кешігіп келеді. Негізгі жасақ аудан орталықтарында, ал ол полицейлер түкпірдегі ауылдарға жеткенше, қылмыскер ізін жасырып үлгермей ме? Осындай мәселелерге тереңірек үңілсеңіз, кәсіпкерлерге 40-60-80 жойылдық қару ұстауға рұқсат беруге болатынын аңғарасыз. Адам өлтіруге болатын 80-90 жойылдық қаруларды сатылымнан алып тастау керек. Сонда ғана ауылда мал баққан, егістікпен айналысатын азаматтарымыз қауіптен қорықпас еді.
– Кезекті демалыс кезінде қандай шаруалармен айналыстыңыз?
– Демалыс уақытында Алматы қаласы Алатау ауданы ішкі істер органы қызметкерлерімен, Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылының халқымен кездесулер өткіздім. Бұл кездесулерде аудан орталықтары мен ауылдардан келген көптеген хатта жазылған проблемаларды шешуге тырыстық. Мысалы, Алматы қаласы Алатау ауданынан келген бірнеше хатта аудандағы 40-50 үйді үнемі тонап отырғандардың мәселесі сөз болыпты. Ұрылар алысқа бармай, тек сол ауданды ғана тонап отырған. Тіпті, жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір азамат ұрыны ұстап та алған. Бірақ учаскелік полицей оны босатып жіберіпті. Осындай деректерді жинап, ішкі істер министріне арнайы хат жаздым. Министрлік тарапы Астанадан арнайы комиссия құрып, осы істі жан-жақты тексеру үстінде. Қылмыстық істердің неге беті ашылмай тұрғанының себебін анықтауда. Міне, осындай істерді мысал етіп айта беруге болады.
– Сіздер кезекті демалыста болған кезде әкімдер сайлауы өтті. Бұл ірі саяси науқанға қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Осы мәселеге орай сіздің пікіріңізді білсек деген едік.
– «Әкімдерді сайлау туралы» заң жобасын қабылдаған кезде оларды халықтың сайлау керектігі жайлы да мәселе көтерілген. Тіпті іс жүзінде бұл мәселе тәжірибеден өтіп, Шамалғанның әкімін халық сайлап көрді. Билік осындай бір емес, бірнеше тәжірибеден кейін әзірге әкімді халықтың қалаулылары болып саналатын мәслихат депутаттары сайлай тұрғаны дұрыс деген шешімге келді. Себебі бұл реформаның жеміс беруі тікелей сайланған әкімдерге байланысты. Алдағы уақытта әкімдерді сайлау туралы заңдар қайтадан қаралады деп ойлаймын. Өйткені өткен сайлауда кездескен түйткілді мәселелерді шешуіміз керек. Осы сайлауға дейін бір ғана Талғар қаласында үш әкім жер мәселесіне орай пара алу жағдайымен ұсталды. Мұның астары, себептері толығымен зерттелді ме? Жоқ. Сол себепті де ешқандай мемлекеттік қызметкер пара алмайтындай заң қабылдауымыз қажет.
– Ауыл әкімдерінің жеке бюджеті болады деген едік. Сол қаржыны жаратуда аудан әкімдерінен қалай тәуелсіз болуға болады?
– Ол қаржыны ауылдың әкімі өзі құрған ауылдық кеңеспен кеңесе отырып жаратады. Бұл жерде аудан әкімі араласпауы тиіс деп ойлаймын.
– Нұрлан аға, «Қолжетімді баспана-2020» жайлы депутаттық сауал жолдағаныңызды білеміз. Бұл мәселенің аяғы не болып жатыр?
– Бұл салаға Елбасының қолдауымен қаншама қаржы бөлініп жатыр. Мемлекеттік бағдарламамен үй алғысы келетіндердің саны да аз емес. Бірақ бағасы тым қымбат, кез келген азаматтың қалтасы көтермейді. Неліктен? Осы мәселеге жауапты үш үлкен мекеме бар. Мен солардың жұмысын түпкілікті зерттеп көрмек болдым. Сонда көзім жеткені, мемлекеттік бағдарламамен үй беретін банк Үкіметтен 1 пайыздық өсіммен қаржы алып, сол қаржыға салынған үйді халыққа 11-16 пайызбен сатады екен. Мысалы, бір үй алған азамат тоғыз жыл бойы айына 147 мың теңгеден төлеп отыруы тиіс. Бұл баға халыққа оңай соқпасы тағы белгілі. Осындай жайттарды саралап, депутаттық сауал жолдадым. Осы мәселенің басы-қасында жүрген азаматтармен кездесу өткіздік. Бұл салаға мемлекет тарапынан тағы қаржы құйылды. Осы ісіміздің арқасында бағаның төмендегені жөнінде жауап та келді. Бір күні партиямызға хат келіпті. Онда банктердің барлық филиалына бағаның төмендегені туралы жарияламау керектігі тапсырылыпты. Тағы да бұл іспен айналысуға тура келді. Мәселені тереңірек зерттей бастадық. Зерттеу нәтижесінде Алматыдағы ипотекаға арнап салынған бір үйді кіл бастықтар бөліп алғанын, кейбір департаменттің бастықтары жұмысынан айына 10 миллион теңге көлемінде сыйақы алатынын анықтадық. Сөйтіп, екінші депутаттық сауалды жолдап, Премьер-министрге және Бас прокурордың атына арнайы хат жазып жібердік. Бүгінде бұл іске қатысты тексеру жүріп жатыр. Ол тексеруге біз де қатысудамыз. Қазір сол «Колжетімді баспана-2020» бағдарламасымен айналысатын компаниялар ашық жарнама жүргізіп, тұрғын үй бағасының түскені жайлы айтуда. Мұның өзінен істің беті бері қарағанын аңғаруға болады.
– Әрдайым мемлекеттік құрылымда өзгеріс болып отыратыны белгілі. Мұндай өзгерістер енгізуге озық идеялар қажет екені анық. Сіз бірде Энергетика министрлігін құру жөнінде пікір айтып едіңіз. Егер де біз Энергетика министрлігін құрсақ, не өзгереді?
– Иә, Энергетика министрлігін құру жөнінде депутаттық сауал жолдағаным, сондай мәселе көтергенім рас. Себебі, біріншіден, қазір елімізде энергияның бағасы қымбат. «Неге» деген сауал қойсаңыз, бұл мәселемен айналысатын үш бірдей мекеме бар екенін білесіз. Үшеуінің бір-біріне тікелей қатысы да жоқ. Біріншісі, электр энергиясының құжатын шығарады, екінші мекеме сол құжатты тасып, таратады, үшінші мекеме халыққа сатады. Осылайша олар өздерінің жеке-жеке пайдаларын көріп жатыр. Екіншіден, энергетикалық өндіріс орындарының көбі – инвесторлардың қолында. Үшіншіден, 2009 жылы Үкімет бұйрығымен энергияны қымбаттатпау үшін шектеу тарифтері құрылған болатын. Бұл бұйрық 2016 жылға дейін жетеді. Одан кейін ол бағаны ұстап тұра аламыз ба? Мұндай және басқа да мәселелерді шешу үшін бұл салаға ортақ қарайтын бір министрліктің, не болмаса агенттіктің керектігі аңғарылады.
– 2017 жылы EXPO көрмесін өткізбекпіз. Сол себепті де мемлекетіміз энергетикаға көп көңіл бөліп жатыр емес пе?
– Халыққа, жалпы, «жасыл экономиканың», яғни EXPO көрмесінің мән-мағынасын дұрыс түсіндіруіміз керек. Мәселен, электр энергиясына қатысты қабылданған жаңа заңда энергияны жеткізу қиын шалғайдағы ауылға, мал бағатын қыстауларға күннен, желден, судан энергия өндіретін құрылғылар орнатса, оның шығынының 50 пайызын мемлекет субсидиямен төлеп беретіні айтылған. Бұл орайда бізге күннен, желден өндірілетін энергия қымбат екенін, мемлекетіміз мүмкіндігінше судан, жер астынан энергия алуға ден қою қажеттілігін ойлағанымыз жөн.
– Сіз «Ақ жол» партиясының мүшесісіз. Бұл партиядағылар өздерін қазақтың белгілі «Алаш» партиясының мұрагеріміз деп жатады. Сол мұрагерлік деңгейінде, яғни мұрагерлікке лайық жұмыс істей алып отырсыздар ма?
– Қолымыздан келгенше «Алаш» партиясының идеясын жалғап жатырмыз деп ойлаймын. Біздің партия әдебиет, мәдениет, руханият саласына әрдайым көңіл бөліп келеді. Түрлі мектеп, жоғары оқу орындарында мемлекеттік деңгейде конференциялар, семинарлар өткізіп жатырмыз. Осыдан-ақ өткен тарихты жаңғыртуда құралақан отырмағанымыз байқалады.
– Бізде ірі, орташа деңгейдегі және шағын кәсіпкерлер бар. Солардың жағдайына қарап, кемінде екі-үш жетім баланы толыққанды қамтамасыз етуге міндеттесек, елімізде жетім деген болмас еді. Біз бүгінгі таңда байларымызды осындай идеяларға ұйыта аламыз ба?
– Ұйытуға болады ғой. Жақсы идея екен. Мен түртіп алайын. Бұл сұраққа алда мемлекеттік деңгейде мәселе көтеріп, жауап берермін.
– Кейбір биліктегі азаматтардың шеттен келген қандастарымызға қатысты түсінігі, көзқарасы өзгере бастаған сияқты. Олардың дені оралмандарға деген жағымсыз пікір қалыптастыруға тырысып жүргендей. Осы түсінікті қалай өзгертуімізге болады?
– Наурыз айы кезінде Қостанай облысында болдым. Сол сапарымда Қостанай облысының оралмандары менімен кездесуге ұсыныс жасады. Рудный қаласындағы «Нұр Отан» партиясының филиалы ғимаратында кездесу ұйымдастырдық. Басқосуда бірқатар бауырымыз әлі күнге азаматтық ала алмай жүргендігін айтты. Бұған не себеп? Біріншіден, жергілікті атқару органдары қызметкерлерінің дұрыс көзқараста болмауы. Екіншіден, оралмандар келгенде дұрыс орналастыра алмауымыз. Үшіншіден, олардың бұрын немен айналысқанын сұрап, білім мен білігін толық пайдалана алмадық. Мысалы, Қостанайда Өзбекстанның Ғарыш зерттеу институтын бітіріп келген бір азамат мал бағып жүр екен. Төртіншіден, бізде қандастарымыз келіп, квотасын алып, қайтып көшіп кеткен жағдайлар болды. Мұның бәріне оралмандар емес, мемлекет механизмінің дұрыс жұмыс істемеуі кінәлі. Бесіншіден, өзіміздің жергілікті қазақтардың өзі оралмандарға қысастық көрсеткісі келеді. Мұны көрген басқа ұлт өкілдері не істемейді? Осындай мәселелерді тезірек шешуіміз керек. Сонда ғана сіз айтқан түсінік өзгереді деп ойлаймын.
– Дәстүрлі сұрағымды қойсам... Қазаққа не бердіңіз?
– Қазақ үшін бар білім, күш-жігеріммен еңбек етіп келемін. Ары қарай да қасық қаным қалғанша қызмет ете бермекпін. Менің еңбегіме бағаны басқалардың, халықтың, келешектің бергені дұрыс сияқты.
– Қазақтан не алдыңыз?
– Қазақтан қазақтықты алдым. Мен үшін қазақ болғаным – мақтаныш. Шет мемлекеттерге барғанда, елімді картадан мақтанышпен көрсетемін. Олардың тарапынан «қанша халық тұрады» деген сұрақ алдымен қойылады. Олар азғана халықтың осындай ұлан-байтақ жерді сақтап қалғанына таңғалады. Мен сондай таңданысқа себеп болар елдің ұлы болғаныма қуанамын.
– Сүйікті афоризміңіз қандай?
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын».
СӨЗ САРАСЫ
Мемлекетіміз азаматтардың қолындағы травматикалық қаруды қайтарып алу үшін бюджеттен 2 млрд теңге көлемінде ақша бөлуді ойластырып жатыр. Осы жерде статистикалық қайшылық бар. Себебі көптеген азаматымыз өзін-өзі қорғау мақсатында үйінде сақтап, сейфте тыққан қаруын өткізеді делік. Ал заңсыз қару барлар, тіркелмегендер ше? Олар тіркелгендерден де көп болуы мүмкін. Алдағы уақытта Қылмыстық кодекс қайта қаралмақ. Сол кезде заңсыз травматикалық қару ұстағандарға қылмыстық іс қозғау және қатал жаза қолдану керектігі жайлы ұсыныс енгіземіз деп отырмыз. Бір ғана Алматының үш дүкенінде 70 мың травматикалық қару сатылып жатқан кезде бұл бастаманың қалай боларын болжау қиын. Десек те, заңды, тіркелген қаруды қайтарып алу кәсіпкерлерге қиындық туғызатынын мойындауымыз керек. Себебі олар өз егісін, қарбызы мен картобын және басқа да өнімдерін ұры-қарыдан қару арқылы қорғап жүрген жоқ па? Енді ол қару жоқ болса, не болмақ? Егер де бүгінгі күні біздің ішкі істер органдарымыздың қызметкерлері халықты толығымен қорғаймыз, олардың егісіне ешкімді тигізбейміз деп ант берсе, бар жауапкершілікті мойнына алса, қаруды жинап алуға болар еді. Полицейлердің Алматы мен Астана секілді ірі қалалардың айналасын қорғауға қабілеті жетер, бірақ күллі мемлекет аумағындағы өнімдерді қорғап тұра алады деуге сену қиын. Өйткені ұрлық болған жерге шақырылған полицейіңіз кемі екі-үш сағат кешігіп келеді. Негізгі жасақ аудан орталықтарында, ал ол полицейлер түкпірдегі ауылдарға жеткенше, қылмыскер ізін жасырып үлгермей ме? Осындай мәселелерге тереңірек үңілсеңіз, кәсіпкерлерге 40-60-80 жойылдық қару ұстауға рұқсат беруге болатынын аңғарасыз.