Дат!

Эстрадалық орындаушылар ренжімесін, бірақ олардың қатарында сахнаның киесін ұмытқандар көбейіп барады

  • Эстрадалық орындаушылар ренжімесін, бірақ олардың қатарында сахнаның киесін ұмытқандар көбейіп барады

    Эстрадалық орындаушылар ренжімесін, бірақ олардың қатарында сахнаның киесін ұмытқандар көбейіп барады

Мұхтар ӨТЕУОВ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры:


– Әңгіменің әлқиссасын филар­мо­нияның тарихы мен бүгінгі тыныс-тір­шілігінен бастасақ...   

– Жамбыл атындағы Қазақ мем­лекеттік филармониясы – музыка өнерінің қара шаңырағы. 1934 жылы Ахмет Жұба­новтың жетекшілігімен 10-11 адамнан тұ­ратын домбырашылар ансамблі ұйым­дас­тырылған. Ал 1935 жылы қазақ музыкасын насихаттау, одан әрі өрістету мақсатында қазақ филармониясы болып құрылды. 1938 жылы филармонияның ауқымы кеңейтіліп, Жамбыл атамыздың аты беріл­ді. Сол жылдан бастап филармония қабыр­ғасындағы өнер ұжымдары ауылдарды аралап, концерттер бере бастады. Қазақ­стандық аты әлемге танылған музыка өнерінің талай майталманы осы шаңы­рақтан түлеп ұшқан. Жамал Омарова, Елу­бай Өмірзақов, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сияқты өнерде аты аңызға айналған тұлғалардың есімін тізіп айта беруге болады. Жеке әншілер ғана емес, біздің филармониядан енші алып шыққан ұжымдар да бар. Солардың бірі – «Қазақконцерт» бірлестігі. «Қазақконцерт» қазақ мемлекеттік гастрольдық-кон­церттік бірлестігі – мәдени-концерттік ме­кеме. 1960 жылы Жамбыл атындағы фи­лармонияның эстрада секторы негізінде, қазақ халқының музыка мәдениеті мен мұрасын насихаттау мақсатында құрылды. Сол жылы Мәдениет министрлігінің ұйға­рымымен «Қазақконцерт» филармониядан бөлініп шықты. Филармонияның құра­мында алғашқы жылдарда бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де аты танымал болып жүрген ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрі, Б. Байқадамов атын­дағы Мемлекеттік хор капелласы болды. Бертін келе оларға үрмелі аспаптар ансамблі мен симфониялық оркестр қосылды. Оны 1958 жылы Қазақстан мен Ресейдің және Татарстанның Халық әртісі Фуат Мансұров басқарды. Сол кезеңде оркестрдің кәсіби деңгейі шарық­тап, талай биікті бағындырды. Бүгінгі таңда да оркестр сол кәсіби деңгейін төмендеткен емес. Сонымен қатар Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фоль­клор­лық-этно­графиялық оркестрін мақтаныш­пен айтуға болады.

1991 жылы филармония кеңестік рес­публикалар арасында бірінші орынға ие болған. Қазіргі кезде де жетістіктер жоқ емес. Мысалы, былтыр «Президент және халық» газетінің және «Патриоттар» жур­налының «2012 жылдың үздік филар­мониясы» деген сертификатына ие болдық. Біз шетелдік туындылармен қатар, отандық композиторлардың да шығар­маларын үнемі орындап келеміз. Оның ішінде С.Мұ­хамеджанов, Қ.Қо­жамяров Л.Хамиди,

Е.Рах­мадиев, Е.Бурси­ловскийдің шығар­малары бар. Кейінгі буын ком­позитор­лардан Б.Қыдырбек, Т.Қажғалиев, Ж.Тұр­сынбаев тағы да басқаларды атауға болады. Ұжымның басты мақсаты қазақ композиторларының шығармаларын дәріптеу болса, ұжым сол мақсатты абы­роймен атқарып келеді деп айтуға толық негіз бар.

– Тоқырау жылдары жан бағу қа­мы­мен көптеген маман базар жағалап кетіп, кей салада соның салдарынан әлі күнге дейін кадр мәселесі бой көрсетіп отыр. Сіздерде де осындай мәселе болды ма? Құпия болмаса, қыз­мет­керлердің орташа жалақысы қан­ша?

– Өтпелі кезең өнер саласына да салқынын тигізбей қойған жоқ. Біраз білікті мамандар тарихи отанына кетті. Баз біреулері ұтымды ұсыныс жасаған шетел­дерге кетті. Сауда-саттыққа кеткендер де болды. Бірақ өнерді нағыз сүйгендер қиын­дыққа мойымай, қызметін жал­ғастырды. Есімде, сол жылдарда жалақы бірнеше айға кешіктірілетін. Қалада өткен шараларға тегін қызмет көрсететінбіз. Әкімдіктерде де ақша болмай, соңынан азық-түлікпен есеп айырысқан кездер де бастан өтті. Ол қиыншылықтар 2000 жылдарға дейін жалғасты. Қазір, құдайға шүкір, одан бері бәрі де оңалды. Мәдениет министрлігі жыл сайын қажетті қаржыны беріп отыр. Соның арқасында ұжым­да­рымыз еліміздің бар аймақтарына ба­рып, халық алдында өз өнерлерін паш етіп келеді. Филармонияда кадр мәселесі де оң шешімін тапқан. Алматыдағы А.Жұбанов, К.Байсейітова атындағы музыка мек­тептерін, Чайковский атындағы музыка колледжін, Қарағандының музыкалық училищесін бітірген түлектер біздің филармонияға келіп жатады. Олардың арасында кәсіби деңгейі жоғары музы­канттар өте көп. Сонымен қоса, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тәлім алып келген Әмір Бисенғалиев, Әлия Бисен­ғалиева, Данияр Есімханов, Аида Аюпова сияқты жас солистер де қызмет етіп жүр. Сондай-ақ дәстүрлі өнерді өрге сүйреп, насихаттап жүрген Ерлан Рысқали, Нүркен Әшіров сияқты әнші-күйшілерді ерекше атауға болады. Ал ұжымдар ішінен Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті ерекше мақтауға лайық. Аталмыш квартет талай шетелде өнер көрсетіп, еліміздің абыройын асқақтатып жүр.

Жалақы мәселесіне келсек, тәубе деуге болады. Орташа жалақы 80 мың теңге шамасында. Оған қоса сыйақы да алып тұрады. Көркемдік кеңестің шешімімен қызметкерлерді атқарған еңбегіне қарай әр кез марапаттап отырамыз.

– Бүгінгі таңдағы мемлекеттің өнерге деген қолдауы көңіліңізден шыға ма? Жалпы, концерттік ұжымдар шетелдерге шыққанда шығынды кім көтереді? Мәселен, ұлт аспаптары оркестрінің құрамы үлкен. Шақыру­шылар шығыннан қиналмай ма?

– Ең алдымен, бүгінгі таңда өнер мен мәдениеттің өркендеуіне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтуіміз керек. Ал шетелге шығуға келсек, шығынды кейде шақырушы тарап көтерсе, бірде министрлік қолдау жасайды. Әрине, құрамы үлкен ұжымдардың шығыны да көп. Мұның кейде кедергісі де болып жатады. Құрамы үлкен ұжымды, шығынынан қашқандықтан, шетелге шақыра бермейді. Сондықтан біз ұлт аспаптары оркестрінің құрамынан кәсіби біліктілігі жоғары музыканттарды іріктеп, шағын ұжым жасамақ та болғанбыз. Ондағы ойымыз шағын ұжымды шетел­дерге жиі шығарып, ұлттық музыканы насихаттау болған. Бірақ бұл бастамамызға қарсы шығушылар табылып, жоғары жаққа шағым түсіріп, ойымыз жүзеге ас­пады.

Сондай-ақ өздері демеуші тауып, шетелдерге гострольдық концертпен баратындар да бар. Олардың арасында кәсіби деңгейі талапқа сай еместері де табылып жатады. Олар Қазақ елінің атынан барады. Яғни нашар өнер көрсетіп жатса, ұяты Қазақстанға келеді. Сондықтан де­меушілердің қолдауымен шетелге барып өнер көрсетушілерге де белгілі бір талаптар қойылуы тиіс деп ойлаймын.

– Шыны керек, біздің елде эстрада жанрына қарағанда, симфониялық музыканың, дәстүрлі өнердің тың­даушысы аз. Осындай тенденцияның орын алуы неліктен деп ойлайсыз?

– Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Отаным – бақыт мекенім» жобасы аясында еліміздің батыс аймағына барғанымызда концерттен соң үлкен кісілер «теледидардан, радиодан сим­фониялық музыка берілсе, өшіріп тастаушы едік. Бүгін сахнадан көріп, тыңдағанда ерекше әсер алдық» деп алғысын айтып жатты. Концерт біткен соң халық қол соғып, сахнадан жібермей қойды. Сондықтан да барлық тыңдау­шы­ларды симфониялық оркестрдің концертін бір рет сахнадан көріп, тыңдауға шақы­рамын. Содан соң бағасын бере жатар. Ал дәстүрлі музыканың насихаты аз болып тұр. Бәрі бірдей музыкант болуы шарт емес, бірақ баланы жастайынан музыкаға баулыған абзал. Жастайынан музыкамен сусындап өскен балада талғам болады. Сонан соң музыкаға жақын адамның бойында қатыгездік болмайды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде жастар арасында қатыгездік көбейіп барады. Кеңес өкіметі тұсында музыка мектептері көп болатын. Әр орта мектеп қабырғасында міндетті түрде музыка үйірмелері жұмыс істейтін. Өкінішке қарай, сол үрдісті жоғалтып алдық. Музыканың тәрбие бесігі екенін есте ұстауымыз қажет. Дәрі тәннің емі болса, музыка – жанның емі.

– Қазір нарық заманы ғой. Концерт залын жалға бересіздер ме? Жалпы, концерт билеттерінің қымбаттығын залдарды жалға алу құнының қым­баттығымен түсіндіріп жатады. Сіз­дерде залды жалға беру құны қан­ша? Билет бағасы ше?

– Біз концерт залын жалға бермейміз. Жалға беру арқылы пайда табуға ұм­тылмаймыз. Жалға да алмаймыз. Сон­дық­тан оның құны жайлы ештеңе айта ал­маймын. Филармонияның концерт залы өзімізден артылмайды. Өзіміздің өнер ұжымдарымыз жоспарлы түрде жыл бойына концерттер беріп жатады. Ал концерт бағасына келсек, өнерсүйер қауым жақсы біледі, өзге концерт залдарында өткізілетін өнер кештерімен салыстырғанда, бізде билет құны әлдеқайда арзан. Ол сұраныстың аздығынан емес. Біз концерт залы үшін шығын шығармаймыз.

– Өзіңізге мәлім, Республика сарайы күрделі жөндеуден кейін көз тартатын заманауи бейнеге енді. Бір жағынан, қалаға көрік берсе, екінші жағынан, көрермендер үшін қолайлы жағдай жасалған. Филармонияға да сондай күрделі жөндеу жасау жоспарда жоқ па?

– Республика сарайы сияқты толықтай жөндеуден өткізу жоспарда болмағанымен, Мәдениет министрлігі жөндеу жұмыс­тарына ақша бөледі. Әңгіме сол жөндеуге бөлінген қаржының қалай пайдалануында. Өкінішке қарай, күрделі жөндеуден соң жыл өтпей жатып жыртығы көрініп жата­ды. Осындай құрылысшылар жұмыс істеуге лицензияны қалай алады екен? Бәрін қатырамыз деп ақшаны алып алады да, қытайдың сапасыз құрылыс мате­риал­дарын пайдаланады. Көзбояушылық жа­сап, көрінетін жерлерін әрлеп, бетін сылап-сипап қойып тапсырып кетеді. Арада жыл өтпей сылағы құлап, шатырынан су ағып, бояулары көмескі тартып, құдды бір 10 жыл жөндеу көрмегендей болып шаға келеді. Олар атқарған жұмыстарына кепіл­дік бермейді. Сондықтан өз міндеттеріне жауапсыз қарайды. Меніңше, құрылыс жұмыстарына кепілдік мерзім енгізіп, сол мерзім ішінде кемшілік шығып жатса, өз есептерінен қайта жөндету тетігін қарас­тыру керек сияқты. Сонда ғана олар сапалы жұмыс жасайтын болады.

– Әңгіме төркінінен байқағаным, күрделі жөндеуге қатысты жағдайды айтпағанда, жалпы филармонияның тыныс-тіршілігі қалыпты сияқты. Бір сөзбен айтқанда, төрт құбыласы тең. Жоқ әлде мен бірдеңені жіберіп алдым ба?

– Қазір барлық салалардағы сияқты біз де мамандарды біліктілік бойынша өз ішімізде сынақтан өткіземіз. Бұл – заман талабы. Кәсіби біліктілігін дәлелдей алмай, сынақтан өте алмаған қызметкер жұмыстан кетеді. Босаған орынға байқау негізінде жұмысқа басқа маманды қабылдаймыз. Міне, осы тұста әлін білмей әлек болып, үстімізден жоғарыға домалақ арыз жазатындар да табылады. Менің ондай арыздан қорқатын жерім жоқ. Бірақ ондай әрекеттер жұмысқа кедергі келтіреді. Олардың мақсаты – өнерді өрістету емес, қара бастарының қамын күйттеу.

– «Халық әндерін, халық ком­позиторларының әндері мен күйлерін эстрадаға қосқан дұрыс па, бұрыс па» деген сауал өнер адамдарын екі топқа бөліп жүр. Сіз қай топтасыз?

– Меніңше, бұл дұрыс. Егер әуенін бұзбай, заманға сай түрлендіріп жатса, оның сөкеттігі жоқ. Ол – заман талабы. Мысалы, «Ұлытау» тобы қазақ күйлерін эстрадаға қосу арқылы әлемге танытты. Қазақ музыкасын әлемге мойындатты. Мәселен, тек домбырамен ғана Құрман­ғазының күйлерін шетелдік жастарға тыңдата алар ма едік? Өзгені қойып, өзіміздің жастардың тыңдауы екіталай. Өйткені заманға қарай талап та, талғам да өзгереді. Халық әнін эстрадамен айтты деп байбалам салудың қажеті жоқ. Эстрадалық-симфониялық оркестрдің орындауындағы Моцарттың талай туындысын бүкіл әлемнің жасы, кәрісі демей, түгел тыңдайды. Одан Моцарттың әні ұмытылып кеткен жоқ, деңгейі де түскен жоқ. Қайта жаңа деңгейге көтерілді. Сондықтан заман талабына сай жаңашылдықтан қашпау керек.

– Бүгінгі таңда сазгер көп. Десе де сазымен жүректі жаулап жүргендері аз. Сондықтан да шығар, қазіргі жастар арасында хитке айналып жүрген әндер – мәтіні қазақша өзге ұлттардың әуен­дері. Қазіргі әндердің бүгін ай­тылып, ертең ұмытылып жатуының сыры неде деп ойлайсыз?

– Өнер саласында жүрген аузы дуалы бір кісінің осы мәселеге қатысты «есть при­родный соловей и ученый воробей» деп айтқаны бар еді. Яғни нағыз тума таланттар бар, сосын жолдан жанай қосылғандар бар. Тума таланттың туын­дысы жүректен шығады да, жүрекке жетеді. Ал жанай қосылғандар оқыған-тоқығанын аннан-мынан тергілеп, жа­санды, жеңіл дүние жазады. Ондай дүниелер сиясы кеппей жатып тыңдаушының жадынан өшіп үлгереді. Ал енді тума талант біліммен қосылса, онда нағыз туындылар жазылары сөзсіз.

Мәселен, біз жанай қосылған сазгер­лердің туындысын орындамаймыз. Бізде нақты талаптар бар. Сол талапқа сай бол­маған туынды репертуарға енбейді. Бірде жоғары лауазымдағы бір кісі белгісіз бір сазгердің туындысын орындауымызды сұрады. Бірақ біз одан бас тарттық. Ең өкініштісі – содан таяқтың тиіп жатуы. Ал эстрада жағында ондай талап жоқ. Оны реттейтін орган да жоқ. Сондықтан әншілер өздері әні мен сөзін жазып, өздері орындай береді. Жүрекке жетер әндердің жазылмай жатуы да сондықтан. Өнердің қадірін қашырмаймыз десек, бұған бір реттеу қажет сияқты.

– Сосын «ұялмағанның бәрі әнші болып кетті» деп, әншілердің көбей­гендігіне сын айтылып жатады. Қайта әнші көп болса, бәсекелестік туындамай ма?

– Дауысы жоқ адам филармонияда әнші бола алмайды. Оркестрдің солистері, дәстүрлі әншілер тек жанды дауыста ән шырқайды. Ал эстрадада ондай жағдай бар. Ешқандай халықаралық байқауға қатыспай-ақ, екі-үш бейнебаян түсіріп, жұлдыз болып шыға келеді. Заманауи электрониканың мүмкіншілігін пайда­ланып, фоно­граммамен дауысын мың құбылтып сахнада ән шырқап тұрған кейіп танытады. Ең бастысы, шоу жасап, жастарды баурай білсе болғаны. Ал жастарға қажеті де – сол. Оған бақылау жасайтын да, тыйым салатын да ешкім жоқ. Бұрын көркемдік кеңес деген болатын. Өкінішке қарай, қазір ол жоқ. Эстрадалық орындаушылар ренжімесін, бірақ олардың қатарында сахнаның киесін ұмытқандар көбейіп барады. Көшедегі киіммен сахнаға шыға салады. Сахнадағы тұрған тұрыстары да көзге оғаш. Сахнаға шыққан адамның бар болмысы соған сай болуы тиіс. Әнші киген киімімен, түр-тұлғасымен, жүріс-тұрысымен, қимылы­мен көрерменнің көзайымына айналуы тиіс.



Алашқа айтар датым...

Ұлттық өнерді насихаттау балабақшадан басталуы қажет. Білім департаменті дәстүрлі әншілермен, күйшілермен кездесулер өткізуді балабақшалардың жоспарына енгізуі керек. Ұлт аспаптары оркестрінің шағын концертін ұйымдастыру да артықтық етпейді. Ұлттық аспапты көзбен көріп, қолымен ұстаса, балада қызығушылық оянады. «Отаным – бақыт мекенім» жобасымен аймақтарда болған кезде Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы балалар үйіне барып концерт бердік. Қолына таяқша ұстап, бір сәтке оркестрге дирижерлік жасаған балалардың жүзіндегі шаттықты көргенде еріксіз бойыңды қуаныш билейді. Олар  әр музыкалық аспап жайлы сұрап, қолдарына ұстап көріп, дыбысын тыңдап, қызығушылық танытып жатады. Яғни баланың қызығушылығын ояту үшін оларды жақын таныстыру қажет.



Алашқа айтар датым...

Кеңес өкіметі тұсында Ғазиз Дұғашов, Фуат Мансұров, Илья Островский, Самуил Фридман, Тұрғыт Османов, Төлепберген Әбдірашов, Ренат Салаватов деген кәсіби біліктілігі жоғары дирижерлер болды. Өкінішке қарай, қазір ондай дәрежедегі мамандар жоқ. Осы күні сапасыз сазгерлер, әлін білмейтін әншілер сияқты, деңгейі төмен, атына заты сай келмейтін дирижерлер де көбейді. Оның себебі өзімізде нағыз дирижерлер дайындайтын білім ордасы жоқ. Ал «Болашақ» бағдарламасымен шетелге 10 бала жіберсек, соның біреуі ғана нағыз білікті маман болып шығуы мүмкін. Өйткені онда нағыз таланттар емес, тамыр-таныстың ықпалымен баратындар көп. Нағыз дири­жер музы­канттан жүз бас жоғары болуы керек. Ол – оркестрдің жүрегі. Жүрек қалай соғады, оркестр солай ойнайды. Дирижер 80-90 адамның арасынан кімнің қандай қате жібергенін сол сәтінде байқауы тиіс. Егер қатені ести алмаса, ол нағыз дирижер бола алмайды. Егер тамақтың рецептін бұзсаңыз, тамақтың дәмі бұзылады. Егер оркестрде бір музыкант дұрыс ойнамаса, онда бүкіл оркестрдің ойыны дұрыс болмай шығады. Бір кездері өзімізде қысым көріп, Татарстанға кетіп, сол елдің опера театрын Ресейдің ең үздік театры еткен Ренат Салаватов деген білікті дирижерді шақыртып алдық. Ол – Алматыдағы К.Байсейітова атындағы музыка мектебін тамамдап, Мәс­кеудің консер­ваториясын, Ленинградтың дирижерлік оқу орнын бітірген білікті маман. Соған да әртүрлі сылтау айтып, қарсы шыққандар табылды. Меніңше, ол сылтаудың бәрі – қызғаныштан туып отырған дүние. Өзі бола алмай, болғанды көре алмайтын жағымсыз қылықты қойғанымыз жөн болар.





Көрілген: 3045    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 25.12.2013, 13:41

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30