Дат!

Финляндияға қазақ боксы мектебінің мықтылығын мойындаттым

  • Финляндияға қазақ боксы мектебінің мықтылығын мойындаттым

    Финляндияға қазақ боксы мектебінің мықтылығын мойындаттым

Асқар Сәрсенбаев, бокстан Финляндия ұлттық құрамасының бас бапкері:


– Асқар аға, Суоми еліне қандай жел айдап барды сізді? Жалпы, қазақ ба­ласы қалай бокстан Финляндия ұлт­тық құрамасының бас бапкері болды?

– Туған жерім – Кентау. Кішкентайымнан бокспен айналысып, әуелі облыстық, сосын республикалық додаларда топ жа­рып жүрдім. Жасөспірімдер және жастар арасында ел чемпионы атанып, КСРО деңгейіндегі турнирлерде жүлдеге ілігіп жүретінмін. Кейін Санкт-Петербург қала­сына оқуға кеттім. Бірақ боксты тастамай, ол жақта спорт шебері дәрежесін орын­да­дым. КСРО-ның ыдырап, ТМД-ның құры­лып жатқан кезі ғой. Шыны керек, Қазақ­станнан келген маған Петерборда оңай болмады. Әлгі «спорт шебері» дәрежесін бермей, екі жылдай қинады. Бір жағынан өзім де, негізінен, спортқа емес, білімге ден қойдым. Сөйтіп жүргенде Финляндия ұлттық құрамасының аға бапкері мені өз еліне шақырды. Санкт-Петербург пен Фин­ляндия көршілес жатқандықтан ба, олар бізге көп келетін. Бірлескен оқу-жат­тығу жиынын өткізіп, турнирлерімізге қаты­сып тұратын. Көздеріне түссем керек, ша­қырып қоймады. «Үш ай тұрып көр­сеңші. Ұнаса қаласың, ұнамаса шығарып саламыз» деген ғой. Тәуекел етіп бардым. Алдымен тілін үйрендім. Оларда да біздегі секілді «үш тұғырлы тіл» екен. Фин тілінен бөлек, швед тілі де мемлекеттік тіл мәрте­бесіне ие. Сондай-ақ ағылшын тілі де үстем­дік алып келеді. Тура біздегідей жағ­дай. Кезінде Финляндияны шведтер басып алып, біраз уақыт солардың қара­ма­ғын­дағы ел болған екен. Сондықтан болса керек, финдар бүгінде шведтерді аса жақ­тыра бермейтін сияқты. Мектептерінде фин тілінен бөлек, швед тілін де қоса оқы­тады. Бірақ кейінгі жастардың ішінде швед тілінде әдейі сөйлемейтіндер көбейіп келеді...

... Сонымен не керек, бастапқыда Суо­ми елінде қалғым келген. Алайда өз жерім­ді де ойладым. Кентауға барып әке-ше­шемнің қасында болайын деп шештім. Сөйтсем, елдегі жағдай тіптен мүшкіл екен. Ауылда не газ, не жарық, не су жоқ. Халық­тың күнкөрісі төмендеп кеткен. Әркім өз шаруасымен жүр. Күнін әрең көріп жүрген ха­лық боксты не қылсын?! Содан көп ойланбай қайта Санкт-Петербургке барып, артынан Голландияға өтіп кеттім. Ол жақта біраз тұрдым. Ұнамады. Халықтың мен­та­ли­теті мүлдем басқа. Боксшы ретінде қал­дыр­ғылары келген. Өзім бас тарттым. 1997 жылы ғой, елге оралсам жағдай өзгер­мепті. Сол баяғы бәз қалпы. Екі қолға бір жұмыс таппай, Санкт-Петербургке қай­та кетуге мәжбүр болдым. Сөйтіп жүргенде бір күні әлгі финляндиялық бапкер қайта ша­қырды. «Біздің елге жүр. Шәкірт тәр­биеле. Жаттықтырушы бол. Қаласаң, өзің де шар­шы алаңға шығарсың» деп қолқа салғаннан кейін ойланбастан Тампереге кетіп қалдым. Заңдары бойынша ішкі бірін­шіліктеріне қатысу үшін екі жыл сол елде тұруым керек екен. Алдымен халық­ара­лық турнирлерді ұтып жүрдім де, кейін 60 келіде Фин­ляндияның төрт дүркін чем­пионы болдым. Соңынан ел чемпионы бола беруден ұялып, тек халықаралық тур­нирлерге ғана қатысып жүрдім. Шаршы алаңда 35 жасыма дейін жұдырықтасып, біраз алтын алып бердім. Бапкерлікті де тастаған жоқпын. Менің клубым – Суоми еліндегі ең үздік клуб. Соны көрді де, мені Финляндия жасөс­пірімдер құрамасының аға жаттық­ты­рушысы етіп тағайындады. Мұнда да біраз жетістіктерге жеткен соң, қыздар құра­ма­сының тізгінін ұстатты. Артынша ұлттық құраманы да маған берді. Қысқаша айтқанда, қазақ боксы мектебінің мық­ты­лығын мойындаттым ғой.

– Ал жаттықтырушылық жағы Фин­ляндияда қалай дамыған?

– Міне, оларда осы жағы кемшін. Білік­ті бапкерлері өте аз. Балаға қалай спорттық тәрбие беруді білмейді. «Әй, былай істе, олай істе» деп айтуын айтады, бірақ қалай істеу керектігін өздері көрсетпейді. Бар­лығы теория жүзінде. Кездескен сайын әріп­тестеріме ұрысамын. «Жаттығуыңды дұрыс­тап жаса» дей бергенше, өздерің де кішкене жаттығу процесіне аралас­саң­дар­шы деп айтып отырам. Негізі, менің түсі­ні­гім бойынша, тіпті қарапайым турникке тар­тылудың өзін бапкері алдымен шәкір­тіне өзі көрсетуі тиіс. Сонда ғана баланың спорт­қа деген санасын оята аласың.

– Соңғы мәлімет бойынша Суоми елінде халықтың 70 пайызы спортпен айналысады екен. Жалпы, бұл елде спорт­қа, соның ішінде боксқа қан­ша­лықты деңгейде көңіл бөлінеді?

– Мұны былай түсіну керек. Оларда бұқа­ралық спорт жақсы дамыған. Барлығы да денешынықтырумен айналысады. Еңбек­теген баладан, еңкейген кәріге дейін жүгіріп жүреді. Фитнесс-орталықтар көп. Футбол алаңдары мен спорт залдар да жеткілікті. Қайсысына барсаң да, адамға лық толы. Бірақ кәсіпқой деңгейде бәрі бас­қаша. Жастар, негізінен, спортпен онша шұғылдана бермейді. Олар бірінші ретте білімге және жұмысқа ден қояды. Өйткені кәсіпқой спортқа мемлекет тарапынан бізде­гідей қаржы бөлінбейді. Біздің елде­гідей спорт интернаттары да жоқ. Спортпен ақша төлеп айналысасың. Турнирлерге де өз ақшаңа қатысасың. Оның үстіне, олар­дың жастары біздікі сияқты емес, 17-ге тол­­ды ма, әке-шешесінен бөлек шығып ке­те­ді де, пәтер жалдап, өз күндерін өздері көреді. Сондықтан күнкөрістің қамымен ақ­ша қайда бар, сонда жүреді. Тек жұ­мыс­тан бос уақыттарында ғана жаттығуға келе­ді.

– Ал жаттықтырушылары мен бокс­шы­ларының жалақылары қанша? Жалпы, айлық алып отыра ма?

– Оларда бапкер немесе спортшы де­ген түсінік жоқ. Жалақы алмайды. Тек ұлт­тық құрамадағы үш-төрт жігіт қана – мем­лекеттік стипендияда. Оларға жыл сайын 10-15 мың доллардан қаржы бөлініп тұра­ды. Бірақ салық ол жақта өте жоғары. Оның үстіне қымбатшылық. Әлгі ақша түгіңе де жетпейді. Бапкерлерден тұрақты түр­де айлық алатыны мен ғана. Өзгелеріне оқта-текте демеушілердің көмектесіп тұра­ты­ны болмаса, спортпен күн көру қиын.

– Енді Суоми еліндегі өміріңіз жай­лы айтып берсеңіз. Ол жақта сізден бас­қа қазақтар тұра ма?

– Кішкентай ғана ел ғой. Бар-жоғы 5-ақ миллион халқы бар. Соның 500 мы­ңы Хельсинкиде тұрады. Мен тұратын Тампере де ірі қалалар қатарына жатады. Халқының саны – 250 мың. Бізде 1000 адам тұратын елді мекендер ауыл деп аталса, ол жақта кәдімгідей қала деген статусы болады. Өзім бапкерліктен бөлек, Фин­лян­дияның Иммиграциялық бас­қар­ма­сын­да Африка және Азия елдерінің үйлес­ті­рушісі болып жұмыс істеймін. Айтпағым, Фин­ляндиядан қазақтың еркегін әлі көрген жоқпын. Қазақтың қыздары бар. Бәрі де ке­зінде осы елдің азаматымен көңіл жарас­тырып көшіп кеткендер. Мен жайлы газеттерден оқып алып, әрдайым әрқай­сы­сы телефоныма қоңырау шалып, хабар­ла­сып жатады. «Асқар, елімді сағынып кеттім. Қазақша сөйлесейік» деп қиылып тұрады. Елге он жылдап келмегендер ғой. Оларға ұрсам. «Қазақстанға барып, әке-ше­шелеріңнің баталарын алып қайт­саң­дар­шы, ең болмағанда» деп ақылымды айтамын. Менің сөздерім тиіп кетсе керек, екі-үшеуі елдеріне барғысы келетіндігін айтты. Таныстарымды салып жүріп, жол­са­парларын ұйымдастырып бергенмін. Сөйт­сем, әке-шешелері қайтыс болып кет­кен екен. Бауырларымен жылап көрісіпті. Айта берсең, осындай қара көз қыз­да­ры­мыз көп. Кезінде жігітімен қосақтасып кетіп қалған. Содан бері ауылдарына бір рет болсын бармағандар. Тіпті отыз жыл бойы елге бармаған әйелдер бар. Қайтіп шыдап жүр, соны түсіне алар емеспін. Бірақ ойлап қарасам, елден кетіп қалған қазақтың қыздары Финляндияда ғана емес, әлемнің басқа елдерінде де толып жүрген сияқты. Қазақтың қара көздері өзіміздің жігіттерге күйеуге шығулары тиіс қой.

– Ал өзіңіз елге қанша уақытта келіп тұрасыз? Жас кезіңізден бері шетелде жүрсіз. Жеңгеміз қай ұлттан?

– Бір ұл, бір қызым бар. Қазақтың есім­де­рін қойғанбыз. Ол жақта рұқсат етіл­мейтіндіктен ұлымды екі жыл бұрын ауылға апарып, сүндеттетіп қайтқанбыз. Жалпы, бала-шағамды жылына бір рет жазғы каникулда Кентауға жіберіп тұрамын. Үш ай ауылда жатып, туысқандардың ба­ла­ларымен ойнап, күзде қазақшаға судай болып келеді. Тампереде бізден басқа қазақша сөйлесетін ешкім жоқ қой. Бір айдың ішінде қазақшасы қайта бұзылып, дүбәра болып жүргені. Жалпы, Тампередегі балалар қызық. Әртүрлі ұлттар жиналған ғой. Бір қарасаң, фин тілінде сөйлесіп жүреді де, бір айналып келсең, орысшаға, артынша ағылшыншаға ауысып кетеді. Ара­сында шведше де әңгімелерді жіберіп жатады. Бірақ, «әй, қай тілде сөйлеп жатыр­сыңдар?» деп сұрасаң, қай тілде сөйлеп жатқандарын өздері де білмейді. Өзім де тіл үйренгенді жақсы көремін. Қазақ және орыс тілдерінен бөлек, тағы бес-алты тілді меңгеріп алғанмын. Кітап­тар­ды да көп оқимын. Сонда түсінгенім, балалардың бір мезетте жеті тілде сөй­лей­тін қабілеттері бар екен. Яғни кіш­кен­тайында тіл үйрете бергеннің артықтығы жоқ. Ауыр болмайды. Өзімнің бір ұл, бір қызым бар. Келіншегім – Кентаудан. Қазақтың қара көз қызы. Негізі, өзімді таппай отызға дейін жүрдім ғой. Басқа ел­дің, басқа ұлттың қыздары қанша көрікті болса да, жаныма жақпады. Сөйтіп жүр­ген­де ақыры өз ауылымнан кездестірдім.

– Байқауымызша, шетте жүрге­ні­ңізге 20 жылдан асыпты. Суоми елінің өмірімен етене таныс болып алдыңыз. Олардан біз не үйрене аламыз? Қандай қасиеттерін өзімізге сіңірген жөн?

– Қазақтар секілді финдер да өте бауырмал. Жоғарыда Иммиграциялық бас­қармасында Азия және Африка елдерінің үйлестірушісі болып қызмет істеймін деп айттым ғой. Финляндия Рес­публикасы жоғары қарқында дамып жат­қан ел болғандықтан ба, қара құрлықтан босқындар өте көп келеді. Солардың бар­лығын орналастыру менің міндетіме кіреді. Бір қызығы, ешкімнің де кеудесінен итер­мейді ғой. Бай немесе кедей деп бөлмейді, бәріне орын тауып береді. Жалпы, Еуропа елдерінің көпшілігіне тән қасиет шығар, оларда да халық өте қарапайым. Кеуде соғып жүрген ешкімді көрмейсің. Барлығы өз шаруасын біледі. Тағы бір қызығарым, бізде қала әкіміне жолығу үшін алдын ала қабылдауына жазылып, түрін бір көруге зар болып жүресің ғой. Финляндияда олай емес. Мәселен, Тампере қаласының әкімі түскі асын кәдімгі қарапайым асханадан ішеді. Жұрттар амандасып жүре береді. «Мынау әкім ғой» деп жалпақтап жүрген ешкім жоқ. «Мен бастықпын» деп әкім де дандайсымайды. Жұмысым сол маңда бол­ғандықтан, мен де әлгі асханадан тамақ­танамын. Қала әкімімен күнде жүз­десіп, хал-жағдайымызды сұрасып тұра­мыз. Қарапайым кісі. Жұмысына мен секіл­ді, басқалар сияқты велосипедпен қатынайды. Біздің әкімдер мен халық та солар сияқты жүрсін демеймін, бірақ осын­дай қарапайымдылық қасиеттерін өзіміз­дің бойымызға да сіңіру керек сияқты. Сондай-ақ демократиясы жақсы дамыған. Халық еркін жүреді. Дегенмен кейде соның да кесірі тиіп жататыны бар. Әсіресе бокста. Өйткені жаттығу кезінде ауыр сөйлеуге болмайды. Ұрысуға тіптен құқың жоқ. Осы жағынан аздап қиын­дықтар болып тұрады.

– Асқар аға, сыртта жүрсеңіз де, елі­міздегі жаңалықтардан хабардар бо­лып жүретін шығарсыз. Жалпы, Қазақ­стан спортына қандай баға бере­сіз?

– Ғаламтор арқылы әрдайым елде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібер­меуге тырысып отырамын. Керемет спорт кешендері салынып жатыр. Басқа елдер қызыға да, қызғана қарайтын жағдайға жеттік. 2011 жылы қысқы Азия ойындарын өткізгенде қатты қуандым. Биыл да біраз жарыстарды ұйымдастырып тастады­ңыз­дар. Бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты, Евразия ойындары тағы басқа халықаралық турнирлер өтіп жатыр. Бокстан әлем чемпионатын да абыроймен атқар­дыңыздар. Мұндай додаларды ұйымдастыру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бәрі бірінен кейін бірі жалғасып жатыр. Бапкерлер «шаршадық» дейтін жағдайға жетті. Керісінше осындай кезде өзіңді танытуың керек қой. Жұмысың жү­ріп жатса, шәкірттерің щаршы алаңға шы­ғып жатса, айлығыңды уақтылы алып отыр­саң – бұдан артық не керек? Қайта жат­тықтырушы үшін жан рақаты дегенің осы емес пе?!

– Қазақта «Өзге елде сұлтан бол­ған­ша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз бар ғой. Елге оралғыңыз келмей ме? Қазақ­стан бокс федерациясы тара­пы­нан ұсыныстар түсіп жатса, қарастырар ма едіңіз?

– Қысқа ғана ғұмырымда жұмыс бабы­мен әлемнің тең жартысында болыппын. Біріне жай турнирлерге қатысу үшін бар­сам, біріне жұмыс істеу үшін барып, біраз тұрақтаппын. Кейбір елден үйрендім, кей­біріне үйреттім. Енді өз еліме де еңбегімді сіңірсем деймін. Алматының маңында Халықаралық әуесқой бокс қауым­дас­ты­ғының академиясы ашылғалы жатыр. Әлемде мұндай академия ешбір елде жоқ. Енді барлық бапкерлер, барлық төрешілер, жалпы, шаршы алаңның төңірегінде жүр­ген мамандардың бәрі де біліктіліктерін арттыру үшін осында келіп сабақ алатын болады. Сол жерден бір қызмет бұйыра ма деп АІВА-ға өзімнің түйіндемемді жібер­генмін. Жұмыс жай ғана сылтау ғой. Әйтпесе шақырып жатқан басқа елдер көп. Алматыда өткен әлем чемпионаты кезінде-ақ бірнеше елдің атқамінерлері хабарласып, жұмыс жайлы сөйлестік. Шынын айтсам, оларға аса құлық танытып отырған жоқпын. Бүгінгі күнмен өмір сүріп жүре беруге болмайды ғой. Балаларыңды да ойлауың керек. Шетелде еуропалық менталитетпен өсіп келе жатқан ұлым ертең елін, тілін ұмытып, дүбәра бола ма деп қорқамын. Біз ертең-ақ қартайып, шал боламыз. Сол кезде, «әке, ер жеттім, енді өз күнімді өзім көрейін» деп бөлек шығып кетсе, не істей аласың? Осы тұрғыда қазақ­тың тәрбиесі мықты. Қазақ баласы ешқа­шан әке-шешесін жалғыз қалдырмаған. Үй­дің не үлкені, не кенжесі шаңырақтың иесі болып, әке-шешесінің түтінін түтетіп отырған.

– Енді Алматыда өткен әлем чем­пио­наты жайлы өз ойыңызды айтып өтсеңіз. Сіздіңше, Қазақ елі әлемдік доданы абыроймен өткере алды ма?

– Әлемнің талай елінде болып, талай дүбір­лі доданы көрдік қой. Негізі, Алма­тыда өткен әлем чемпионатына орасан қаржы бөлінгені көрініп тұр. Федерация басшылығы Қазақстанды, Алматыны әмбе­ге таныту үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасаған. Ақша аямаған. Деген­мен ұйымдастырушылық жағында сәл кемшіліктер болды. Күтіп алу, орна­лас­ты­ру, көлікпен қамтамасыз ету, та­мақ­тан­дыру сынды ұсақ, бірақ жүйкеңді жұқартатын нәрселерді болдырмау керек еді. Мәселен, қонақүйден бокс сарайына бару үшін арнайы бөлінген автобусқа бір топ болып отырдық. Сөйтсек, «толмайынша жүр­мей­мін» дейді. «Әй, бұл Түркістан мен Кентау­дың арасындағы маршрут емес қой, бұлар­дың жекпе-жектері бар. Үлгерулері тиіс» деп әзер түсіндірдім. Кейде, кері­сін­ше, келісілген уақытында күтіп тұрмай, кетіп қалады. Шетелдіктер уақыт бойынша жүреді. Олар үшін әр минут қымбат. 19:00 деп келісілді ме, сол уақытта есіктің алдында күтіп тұрады. Сол әлем біріншілігінен мысал ғой: шетелдік бір топ боксшы қонақ үйден спорт сарайына бару үшін келісілген уақытта төмен түсті. Сөйтсе, автобус жоқ. Кетіп қалыпты. «Қазір екіншісі келеді, күте тұры­ңыздар» деп жұбатқандай болды. Бірақ уақытынан кешігіп бара жатқан шетелдіктер күте ме, такси ұстап жетіп алды. Балуан Шолақ спорт сарайының ішіне де күзет­шілерді тым көп қылып тұрғызып қойған. «Анда болмайды, мында болмайды» деумен-ақ шаршатты. Алғашқы екі-үш күн қайда барарымызды білмей тентек болып жүрдік. Сосын жартылай финал мен финалдық күндері ғана болмаса, қалған күндері спорт сарайында көрермен өте аз болды. Кіруді ақылы қылмай-ақ, есікті айқара ашып қоюға болады ғой. Тіпті болмай жатса, мектептер мен универ­ситет­терден оқушыларды, студенттерді шақыр­сын. Әр жерде бес-алты адамнан отыр­ған­ша залдың көрерменге толып отырғаны жақсы емес пе?! Жекпе-жектерді көріп жігерленген бала ертең өзі де боксқа ұмтылады ғой. Осы жағын да ойлау керек еді. Жалпы, айта берсең, осындай ұсақ мәселелерде кемшін тұстар болып жатты. Оның барлығын тізіп қайтеміз. Үлкен сабақ болды ғой. Бірақ әлем чемпионаты сынды жаһандық доданы өткізе тұра, осындай нәрселерді «ауылшылық» қылып жіберуге болмайды. Негізі, қаржы аянбай бөлінген, бірақ қайда кеткенін ұқпайсың. Бақылауды сәл күшейту керек еді. Әйтпесе жоғарғы жақтан барлық жағдай жасалғанымен, төменгі жақта түсініспеушіліктер болып жатты.

Дегенмен дүбірлі доданың соңында Алматыға келген барлық қонақтар елдеріне риза болып қайтып жатты. Келеңсіздіктерден гөрі жақсы нәрселер көп есте қалды. Бұл Қазақ елінің қонақжайлылығының арқа­сын­да болса керек. Қазір Қазақстанның әлеуеті жайлы бүкіл әлемнің боксшылары тамсана айтып жүр.

– Ал боксшылардың өздері жайлы не айтасыз? Қай елдің жігіттері ұнады? Өзіңіз әлем чемпионатына үш боксшы алып келіпсіз. Неге жүлде жолынан ерте шығып қалды?

– Алдымен Финляндия ұлттық құра­ма­сынан бастайын. Негізі, төрт боксшы әкелуді жоспарлағанмын. Біреуі жарақат алып қалды. Қалғандарына тәжірибе жетіскен жоқ. Өйткені бұрын-соңды «шлемсіз бокста» айқаспаған. Өзгелер жайлы айтар болсам, боксы дамыған әрбір елде өте күшті үш-төрт боксшысынан бар екен. Барлық салмақта бірдей мықты болу мүмкін емес. Қазақстанда да, Куба, Ресей, Италия, Әзірбайжан, Өзбекстан сынды елдерде де мен деген үш-төрт боксшыдан бар. Маған тіпті алғашқы айналымда ұтылып қалса да Ауғанстаннан келген бокс­шы ұнады. Африканың да боксы дамып келеді. Енді өз жерімізде өтіп жатқаннан кейін, сөз жоқ, қазақ жігіттері жарады. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Бірақ жігіттер қарсыластарын айқын басымдықпен жеңсе екен дейсің ғой. Мәселен, 2011 жылы Бакуде өткен әлемдік бәсекеде Украинаның бес боксшысы финал­ға шықты. Бесеуі де керемет жұды­рық­тасты. Қарсыластарына бірде-бір мүмкіндік берген жоқ. Төрт алтын алды. Негізі, бесіншісі де жеңген болатын. Жеңісті қарсыласына беріп жіберді. Міне, Украинаның сол жігіттері нағыз бокстың қандай болатынын көрсетті. Шаршы алаңға шыққаннан кейін солай жұдырықтасу керек қой. Сонда өзі де төмен қарамайды, бапкерлері де кеудесін көтеріп жүреді. «Өз жерінде өткеннен кейін алып берді, бүйтіп берді» деп артынан әңгіме ермейтіндей, айқын жеңістерге жету керек. Жоқ, біздің боксшыларға жеңісті алып берді деп отырған жоқпын. Қазақтың жігіттері де боксты керемет меңгергендіктерін көрсетті. Оны бүгінде бүкіл әлемнің бапкерлері мойындап жатыр. Бізде тактика да, техника да бар. Егер осы бағыттарынан таймаса, қазақ боксшылары дәл осындай жетістікке 2016 жылы Рио де-Жанейро Олим­пиа­дасында да жетуі әбден мүмкін.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!



Оқшау ой

Жалпы, Тампередегі балалар қызық. Әртүрлі ұлттар жиналған ғой. Бір қарасаң, фин тілінде сөйлесіп жүреді де, бір айналып келсең, орысшаға, артынша ағылшыншаға ауысып кетеді. Арасында шведше де әңгімелерді жіберіп жатады. Бірақ, «әй, қай тілде сөйлеп жатырсыңдар?» деп сұрасаң, қай тілде сөйлеп жатқандарын өздері де білмейді. Өзім де тіл үйренгенді жақсы көремін. Қазақ және орыс тілдерінен бөлек, тағы бес-алты тілді меңгеріп алғанмын. Кітаптарды да көп оқимын. Сонда түсінгенім, балалардың бір мезетте жеті тілде сөйлейтін қабілеттері бар екен. Яғни кішкентайында тіл үйрете бергеннің артықтығы жоқ. Ауыр болмайды.





Көрілген: 2460    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 20.11.2013, 12:37

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31