Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Ғылымға күш-қуаты тасыған ер-азаматтар керек

15 маусым 2011, 11:10

Жабайхан Әбділдин, ҚР ҰҒА академигі:

– Жабайхан Мүбаракұлы,  кезінде, кеңестік шекпеннен әлі құтылмай тұрғанымызда сіздің Алаш арыстарын ақтау жөніндегі алғашқы комиссияның төрағасы болғаныңызды білеміз. «Қайта құру» ұраны тасталғанымен, санада сілкініс бола қоймаған уақытта сірескен сеңді бұзу оңай болмаған шығар?
– Иә, Алаш зиялыларын ақтау оңай болған жоқ. Өйткені ол кезде Кеңес өкіметі әлі мығым тұрған, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін «Қазақ ұлтшылдығы» деген жалалы сөз өршіген 1987-1988 жыл­дар болатын. Сол уақта Алаш арыстарын ақтау мәселесі бойынша құрылған комиссия өзінің алғашқы жұмысына Шәкәрім Құдайбердиевті таңдады. Ондағы мақсатымыз «Шәкәрімді ақтау оңай болуы тиіс, егер осы жұмысты сәтті өткізсек, қалғандарын да сәтімен жүзеге асырамыз» деген ойдан туған еді. Себебі Шәкәрімді оқысаңыз, ол кісінің шығармалары ылғи да адамгершілік, ар-ұждан, рухани өре, мәдени байланыс мәселелерін қамтыған. Ол кісі тіпті Пушкиннің «Дубровскийін» қазақтың тілінде өлеңмен жазып шыққан. Лев Толстойды өте қатты құрметтеген. Осы жағынан орыс пен қазақ халқының өзара мәдени-рухани байланыстарын күшейтуге үлес қосқан деуге болады. Осы себептерді бетке ұстаған комиссия алдымен ақтауға Шәкәрімді таңдап, қыруар жұмыс атқарды. 300-ден астам адаммен сұхбаттастық, Семей облысында болдық, барлық ма­териал­­­дарды мұқият тексердік. Соның негізінде «Шәкәрім Құдайбердиевтің қа­зақ халқының мәдениетіндегі орны ерекше. Ол кеңес халқына ешқандай да залал-зиянын тигізбеген. Сондықтан оны ақтау керек» деген қорытынды жазып, ЦК-ға (партияның орталық комитеті) бердік. Сонда қызмет істеп жүрген қазақ жігіттері де шамалары келгенінше көмектесті. Сөйтіп, төраға
Г.Кол­­­биннің өзі бас болып, бүкіл бөлім басшыларының қатысуымен бюро отырысы болды. Онда негізгі баяндаманы өзім жасап, Шәкәрімнің ұлы ақын, философ екенін дәйекті фактілермен дәлелдеп шықтым. Осымен комиссия жұмысы мақұлданар деген үмітіміз басым болған. Өйткені алдын ала барлық анықтама, қорытындыларымыз ЦК бюросына таратып берілген. Сөйтіп тұрғанда ойламаған жерден қарсылық туды. КГБ-ға жаңадан бастық болып келген Мирошников деген сөз алып, «Комиссия берілген тапсырманы дұрыс орындамаған. Шәкәрімді тек жақсы жағынан ғана көрсеткен. Негізінде олай емес. Ол – ұлтшыл, көтерілісшілерге басшылық жасаған, баласы Қытайға қашқан, Кеңес өкіметіне оқ атқан, сол себепті өзі де оққа ұшқан адам болған» демесі бар ма?! Шыбынның ызыңы естілердей жым-жырт тыныштық орнады. Ешкім үндемейді. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен көмегі тиді. Ол кісі бюро мүшелерінің бірі болатын. «Біз неге үнсіз отырмыз? Комиссияның бастығы жауап берсін», – деді мені меңзеп. Мен ұшып түрегелдім де: «Мирошников жолдастың айтқанымен мүлде келісе алмаймын. Себебі бұл тек комиссияның ғана ой-тұжырымы емес. Біз ішінде елге белгілі зиялылар бар 300-ден астам адаммен сұхбаттастық. Семей обком­партиясының пікіріне, Абай аудандық партиясының тұжырымына сүйендік. 70 жастағы Шәкәрім ешқандай да көтеріліске басшылық жасамаған, қолына қару да алмаған. Оны НКВД-ның адамдары Қарасартов пен орынбасары атып, құдыққа тастап кеткен. Оның бәрін куә болғандар жылап тұрып айтып берді бізге. Олар өздері атып, өз қолымен хаттама жасаған. Бұның ешқандай заңгерлік мәні жоқ», – деп бір тоқтап, «Бұған қоса, Мәскеудің өзінде қайта құру жүріп жатыр, өкінішке қарай, Қазақстанның КГБ-сы әлі сол баяғы көзқараста», – дегенді де қосып қойдым. Содан кейін барып Колбин «комиссияның тұжырымын мақұлдайық онда» деді. Сөйтіп, Шәкәрім ақталды. Ал егер әлгі жерде Нұрекең «комиссия төрағасы айтсын» демегенде, оның орнына басқа біреу сөз алып, КГБ бастығын қолдаса, бұлай болмайтыны анық еді. Өйткені ондағылардың райы белгілі, мені орнымнан алып, қаңғытып жіберуі әбден мүмкін болатын.
– Сең содан кейін қозғалған екен ғой....
– Расында, осы бірінші жұмысымыздың сәтімен жүзеге асуы кейінгілерде кездесіп, кедергі болуы ықтимал жайттардың алдын алды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтар ақталды. Әрине, бәрі оңай болды деп айта алмаймын, көптеген қиындықтар кездесті. Ол енді өз алдына жеке бір әңгіме. Айтайын дегенім, сол жолы Шәкәрімді ақтай алмасақ, кейінгі Алаш арыстарын да ақтау Тәуелсіздік алғанға дейін екіталай болып қалар еді. Ал негізінде шұқшиып қарап, бәле іздесе, сыныққа сылтау етерлік жайттар жетерлік болатын. Мысалы, Мағжанның «Қойлы­байдың қобызында» мынадай сөз бар: «Кешегі жолбарыстар жортқан жерде, бұл күнде доңыздар қорсылдайды...» Сол сияқты А.Байтұрсыновтың бажасына жазған бір хатында «советтердің өзі былығуда, Сталин мен Бухарин ұстасып жатыр, сондықтан сендер де дайын болыңдар» деген мағынада ой айтылған. Осының өзі-ақ олар үшін керемет ілік болар еді. Бірақ, әйтеуір, ешкім байқамады.
Ал бұл арыстарымыз қазақты айрықша сүйген, бар өмірлерін қазақтың жолына сарп еткен, қазақты жан-тәнімен сүйген ұлы азаматтар ғой. Абай, Шоқан, Ыбырайлар «орыстың тілін, әдебиетін біл, сонда тең боласың» деген мағынадағы ағартушылық идея әкелсе, Әлихан бастаған Алаш арыстары «қазақ өзге жұртпен тең болуы үшін дербес, егемен ел болуы керек» деген азаттық идеясымен келді және соның жолында аянбай еңбек етті. Олар жете алмаған сол арманға біз жеттік. Сол үшін де мен өзімді бақытты ұрпақтың қатарынан санаймын.
– Сіз Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін де көп жылдар бойы депутат болдыңыз. Жоғарғы Кеңестен бастап, қоспалаталы бүгінгі Парламенттің қалыптасу кезеңін өткердіңіз, соның бәріне атсалыстыңыз. Адам құқықтары жөніндегі комиссияны да ұзақ жыл басқардыңыз. Адам құқығы немесе демократия тұрғысынан болсын, бүгінгі жеткен деңгейімізге қандай баға берер едіңіз? Өйткені ЕҚЫҰ да, Еуропалық комиссия да бізді жиі сынап жатады. Онысы кейде орынды да сияқты...
– Әрине, елімізде бәрін мінсіз қылып қойдық деп айтуға келмейді. Дегенмен де демократиясы дамыған батыс мемлекеттері – Франция, Англия, Германия бүгінгі жағдайға 200-300 жылдық эволюциялық даму жолы арқылы жетті ғой. Бір-ақ күнде осылай бола қойған жоқ. Біз де сол жолмен келе жатырмыз. Ал біздің елдің Тәуел­сіздігіне 20 жыл ғана. Бірақ сол 20 жылдың өзінде біздер демократия, адам құқықтары жөнінен өте көп жетістіктерге жеттік. Демократия деген тек қана заңдардың мінсіздігі емес. Қажетті заңның бәрі бар бізде. Демократия – әрбір адамның бойында қалыптасатын жеке бастың әдебі, бір адамның екіншісіне деген қарым-қатынас әдебі, өзгені түсіне де, сыйлай да білуі. Бұл – өзара қарым-қатынастағы төзімділік пен түсіністік, қоғамдағы ортақ заңдылықтарға бағыну, өзін де, өзгені де құрметтеу қасиеті. Мұндай мінез, мұндай қасиет бір күнде тәрбиелене салмайды. Бірақ біз осыған келе жатырмыз және бұл жолда айтарлықтай көп нәрсеге қол жеткізіп те үлгердік. Зайырлы, құқықтық мемлекет құрдық, демократиялық үдерістерге жол аштық, экономикамызды нықтап, халықаралық қауымдастық алдында беделге де ие болдық. ЕҚЫҰ секілді ірі халықаралық ұйым төрағалығын сәтті өткіздік. Осының бәрі біздің дұрыс жолда келе жатқанымызды, сондай-ақ сол жолда көптеген жетістіктерге жеткенімізді әлем мойындағанын да білдірсе керек.
– Ал енді бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ғылымы мен біліміне қатысты не айтар едіңіз? Қанша дегенмен өзіңіз бір пұшпағын илеген сала ғой...
– Осыдан 10-15 жыл бұрын қалай еді деп салыстырсақ, бүгінде ғылымға көп ақша жұмсалып жатыр. Бірақ ақша бағыттап қана қоймай, мемлекеттік тұрғыдан көп көңіл бөлу керек. Өйткені дамыған, озық елдердің қатарына жету үшін ғылымымыз өте жоғары деңгейде болуы тиіс. Рас, бізде көптеген ғылыми әзірленімдер мен жобалар жасалып та жатыр. Алайда сол жобалар мен әзірленімдерді өндіріске қосу мәселесінде әлі кемшін тұстар көп. Екінші жағынан, бізде ғылым адамдарының әлеуметтік мәртебесі – жұрт алдындағы, қоғамдағы беделі төмендеп кеткенін білесіз. Оның басты себебі – жалақының аздығынан. Соның кесірінен ғылымға келетін жастардың қатары қатты сиреп кетті. Ал кезінде ғалымдардың қоғамдағы беделі зор еді. Ғылымның насихаты да жақсы жолға қойылған болатын. Мысалы, біз мектеп бітіріп жатқан кезімізде Қаныш Сәтбаевтай ғалым болсақ қой деп армандайтынбыз. Сондай үлкен ғалымдарға еліктейтінбіз. Қазіргі жағдай солай деп айта алмаймын. Ғылымды ақша жасамайды, ғылымды өз ісіне берілген, дарынды адамдар жасайды. Бірақ солай екен деп ғалымдарды ақшасыз қалдыруға болмайды. Сондай-ақ ақшасы көп екен деп ғылымға жапа-тармағай ұмтылуға да болмайды. Өйткені нағыз ғылымды шынайы ғалымдар ғана алға сүйрейді.
Тағы бір мәселе бар. Кейінгі кездері ғылым жолындағы әйел азаматтардың саны күрт артты. Ғылыми кеңестердің мүшесі ретінде байқағаным, ғалымдардың басым көпшілігі – жас қыз-келіншектер. Менің оларға еш қарсылығым жоқ. Тек айтайын дегенім, ғылымға күш-қуаты тасыған ер-азаматтар да керек қой. Ал ондай азаматтардың көбі мемлекеттік қызметтің төңірегінде шауып жүр. Яғни бүгінгі балаларда депутат болсам, шенеунік болсам деген арман көбірек.
Ал енді білім беру ісіне келсек, бұл бағытта деңгейіміз, беталысымыз жақсы. Еуразия университеті, Назарбаев уни­верситеті секілді жаңа заманауи оқу орын­дары мен ғылыми орталықтар ашылып жатыр. Мәселен, Еуразия ұлттық уни­верситетін 1998 жылдан, яғни құрылған кезінен бері білемін. Алғашқы жылдарынан бастап дәріс беріп жүрмін. Өзім ғалым болғандықтан, сенатор бола жүріп те университеттерден қол үзген емеспін.
Өзіңіз білесіз, бұл оқу орны Мемлекет басшысының тікелей тапсыруымен құ­рылған. Ал университет ашып, оны барлық қажетті оқу-әдістемелік, материал­дық базамен, оқытушылар құрамымен қамтамасыз ете салу оңай шаруа емес. Айтуға оңай болғанымен, табандылық пен ересен қажыр-қайратты жұмылдыратын қыруар жұмыстары бар. Соның бәрін еңсеріп, қалыптасу кезеңінен өткен университет бұл күнде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Әсіресе кейінгі үш жылда ректор Бақытжан Әбдірайымовтың басшылығымен қарқынды дамып келеді. Атын Астана, Қазақстан көлемінде ғана емес, әлемдік білім кеңістігінде де абыроймен танытып келеді. Соның бір айғағы – Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Астанадағы осы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет әлемнің алдыңғы қатарлы 50 жоғары оқу орны рейтингіне кірді. Халықаралық деңгейге ұмтылып, әлемнің ең беделді оқу орын­дарымен тығыз байланыстар орнатып, қазақ мемлекетін, қазақтың жауһарларын таныстыру бағытында да еңбектеніп жатыр. Мысалы, жуырда ғана Армения, Әзірбай­жан, Қытай, Ресей университет­терімен байланыс орнатылды. 90 жылдық тарихы бар Ар­мения университетінде, Әзірбайжан университетінде Абай орталықтары ашыл­ды. Көптеген халықаралық кон­ферен­циялар өтіп жатады. Тек биылдың өзінде математиктердің, түркологтердің, фило­софтардың халықаралық мәсли­хаттары өтті. Мұның сыртында халықаралық конференцияларға, мейлі ол шетелде немесе өзімізде өтсін, баяндамасы қабылданған ғалымдар мен оқытушы­лардың қатысуына кең жол ашылған. Сондай-ақ елімізге келген шет мемлекет­тердің басшылары, халықаралық дәрежеде танылған ғалымдардың Еуразия уни­верситетіне арнайы соғып, студенттер алдында дәріс оқуы да жақсы дәстүрге айналды. Таяуда ғана Нобель сыйлығының лауреаттары да келіп дәріс оқыды. Ал университеттің өз ішінде нарықтық қағидалар енгізіліп, кафедра, факуль­теттерді, оқытушыларды ынталандыру мақсатында да үздік болуға ұмтылдыратын шаралар мен сыйлықтары бар. Осының бәрі университеттің білім беру ісі мен ғылыми әлеуетін арттыруға өзіндік үлесін қосып жатқаны анық.
– Енді әңгімемізді Тәуелсіздік тақырыбына қарай бұрсақ. Жас Қазақ мемлекеті бүгінгі даму көшінде нендей мәселелерге жете мән бермей келеді деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздік – біз үшін ең ұлы құн­дылық. Оны ештеңемен салыстыру мүмкін емес. Өйткені осы Тәуелсіздікті аңсап, қаншама бабаларымыз өмірден өтті. Сөйткен арманға, Тәуелсіздікке бүгінгі ұрпақ қол жеткіздік, енді соның баянды болуына бәріміз тегіс қызмет етуге тиіспіз. Ендігі жерде құр мақтанға бой алдырмай, Еуропа халықтарының деңгейіне кө­терілуіміз керек. Аллаға шүкір, жеріміздің асты-үсті байлықтан кенде емес. Бізге соның бәрін сатумен айналысумен бірге, әлемдік қауымдастық «мынаны қазақ жасаған», «мынау Қазақстанда істелген», «мынау қазақ ғалымының жаңалығы» деп сүйіне айтатындай жетістіктерге жетуді мақсат қылған жөн. Егер сондай табыс­тарымыз, мақтанарлық ғалым­дарымыз болса, оларды халыққа таныту, насихаттау жағын үйренуіміз керек. Бұл жастар үшін, жастардың, жет­кіншектеріміздің өзіміздің мықты ғалымдарымызды танып-біліп, соларға еліктеп өсуі үшін қажет.
Дүниеде көп нәрсе өзгеріп жатады, өзгермейтін тек рухани дүниеге қосылған нәрсе ғана. Мәселен, Абайдың руха­ниятымызға қосқан үлесі мәңгілік қой.
Бізде неге түрлі қылмыс, парақорлық, сыбайластық көбейіп кетті деп ойлайсыз?
– Материалдық игілік бірінші орынға шыққандықтан болар...
– Себебі адамгершілік, кісілік, ар-ұж­дан, иман әлсіздігі пайда болды. Руханиятымыз әлсіреді. Ал рухани азықтың нәрі – кітапта, көркем-әдеби шығарма­ларда. Біз баяғыда кітапты ең көп оқитын халық саналатынбыз. Ал қазір ондай емес. Қазіргі балаларды байқап жүрмін, кітап оқудан бұрын, компьютердің алдынан шықпайды. Интернетте отырады, атыс-шабыс, өлтіру, жоюға құрылған мульт­фильмдер мен ойындарды көреді, ойнайды. Соған елітеді. Содан бойына жаман қылықтар мен қатыгездік сіңеді. Естіп жүрмін, бүгінгі балалар төбелескенде біреу құлап қалса, қалғандары соны өлгенше жабылып тепкілейді екен. Біздің кезімізде құлағанды тепкілемек тұрмақ, біреуіміздің мұрнымыз қанаса қашып кететінбіз. Сондықтан кітаптан, ертегілер мен батырлар жырынан, ауыз әдебиеті­мізден алатын ізгілік пен рухани тәрбиені бұл интернет пен әлгіндей мультфильмдер ешқашан бере алмайды. Біз осы жағына жете мән бермей жатырмыз.
– Демек, ұрпақ тәрбиесін ақсатып алдық дейсіз ғой?
– Біздің ежелгі қазақ ғылым-білім жағынан кенже қалса да, бала тәрбиесінен өте озық болған. Өз атасы мен әжесі ғана емес, ауылдың ақсақалдарына дейін баланың дұрыс тәлім алып, өнегелі, өрелі болып өсуін қатты қадағалаған. Ал бүгінгі жағдай басқаша. Әрине, кішкентай баланың тәрбиесіне көңіл бөлетін ата-әжесі болса керемет. Бірақ бүгінгі тіршілігімізде жастар баланы туа салысымен бөбек­бақшаға, балабақшаға береді. Одан әрі мектепке барады. Қысқасы, ата-ана тәрбиесінен бұрын, сырттың ықпалы көбірек болады. Ал мына ізгілік, ар-ұждан, иман дегеннің бәрі жанның негізі екен. Олай болса, біз баланы ана құрсағынан бастап тәрбиелеуге көңіл бөлуіміз қажет. Аналарды еркекпен қатар жұмыс істетпей, бала тәрбиесімен айналысуы үшін қажетті жағдай жасасақ. Өйткені жұмыстың ең ауыры – бала тәрбиесі. Сондықтан біз аналарға мейлінше жақсы жағдай жасау арқылы бала тәрбиесіне айрықша мән берсек, ертеңгі ұрпағымыз да, еліміз де мықты, ал Тәуелсіздігіміз баянды болар еді.

Алашқа айтар датым...
Философияда өзіңді-өзің тану деген ұғым бар. Біз өз құндылық­тарымызды, өз талаптарымызды дұрыс танып, дұрыс көрсетіп жүрміз бе? Меніңше, осы жағынан ісіміз жеткіліксіз. Басқаны қойғанда, ұлы ғалым Қ.Сәтбаевты, Марғұланды да тек мерейтой кезінде сөз қыламыз. Ал негізінде жастарымыз оларды бала күнінен бастап үнемі естіп, біліп өсуі керек. Биыл Тәуелсіздігімізге 20 жыл толады. Осы жылдары экономикамен қатар, ғылымымыз, мәдениетіміз қандай дәрежеге көтерілді? Әлемдік ғылымға, өнерге үлес қосқан қандай ғалымдарымыз, таланттарымыз бар? Ел Тәуелсіздігіне аянбай қызмет еткен азаматтарымыз кім? Солардың бәрін жастар біліп, өмірлерінен өнеге алып, құрметтеп өсуі тиіс. Бұл олардың ұлттық санасын, отаншылдық рухын қалыптастыруға үлкен ықпал етеді.