Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мүмкін болмай тұр

Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мүмкін болмай тұр

Амангелді САДАНОВ, ҚР БҒМ Микробиология және вирусология институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымының докторы, профессор, академик:

– Амангелді аға, сіз беделді бір инс­титутты басқарып отырған ғалымсыз. Сон­дықтан да алғашқы сауалдың тікелей ғылымға байланысты болуы тиіс те шығар. Жалпы, бүгінгі күнгі отан­дық ғылымның дамуына қандай баға берер едіңіз?
– Әрине, алдымен бүгінгі таңда ғылым­ды дамытуға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың баса назар аударып отырғанын тілге тиек етуіміз керек. Сон­дық­тан болар, ғылымды дамытуға жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Әйтсе де еліміздегі ғылымның дамуы әзірге көңілге жұбаныш сыйлай алып отырған жоқ. Америка, Жапо­ния және өзге де дамыған батыс елде­рін былай қойғанда, Ресейдің өзінен біршама артта қалып келеміз. Қазір қара­са­ңыз, ғылымның әр саласында ашылып жатқан жаңалық баршылық. Алайда сол жаңалықтардың мемлекет, халық игілігіне жарап жатқаны шамалы, тіпті жоқтың қа­сы. Жалпы, нақты ғылымдарды алатын бол­сақ, ғылыми жаңалық ел игілігіне асу үшін үш кезеңнен өтуі керек. Бірінші кезең – зерттеу жұмыстары, екінші – ғылыми әзір­лемелер, үшінші – өндіріске енгізу. Бізде алғашқы екі кезең жүзеге асады. Ал үшінші кезең – ғылыми жаңалықтың өнді­ріс­ке енгізілу кезеңі жүзеге аса бермейді. Сондықтан көптеген ғылымдағы жаңалық қағаз бетінде қала береді. Өкінішке қарай, ғылымдағы жаңалықтардың өндіріске енуін әлі де дұрыс жолға қоя алмай отыр­мыз. Өйткені әзірге ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мүмкін болмай тұр. Яғни бір сөзбен айтқанда, ғылым мен өндіріс арасында байланыс кемшін болып тұр.
– Сіздерде жағдай қалай? Өзіңіз бас­қарып отырған институт ғалым­да­ры­ның ашқан жаңалықтары да қағаз бетін­де қалып жатыр ма?
– Қазір мен сізге біздің ғалымдардың ашқан жаңалықтары өндіріске еніп жатыр десем мақтанған боламын. Бірақ, шын­ды­ғында да, солай. Біздің ғалымдардың ашқан жаңалықтары өндіріске еніп, мем­лекеттің, халықтың игілігіне асып жатыр. Өйткені біздің ашқан ғылыми жаңа­лық­та­рымыз жоғарыда айтқан үш кезеңнен өтіп келеді. Себебі бізде ондай мүмкіндік бар. Біздің институтта зертханалар мен өнді­ріс­тік цехтар бар. Ғалымдардың тапқан жаңа­лық­тары алдымен өзіміздің өндірістік цехтарда тәжірибеден өтеді. Оның тиім­ді­лігі дәлел­ден­ген соң ғана ел игілігіне ұсы­на­мыз.
– Яғни сіздердің ғалымдарыңыздың жаңа­лықтары өндіріске еніп жатыр ғой. Оған келтіретін нақты дәлелдеріңіз бар ма?
– Институт ғалымдарының ұзақ жылдар бойы тынымсыз ғылыми ізденісі нәти­же­сінде бұршақтұқымдас өсімдіктердің өнімділігін арттыратын экологиялық таза «Ризовит-АКС» биологиялық препараты өн­діріске кеңінен енді. «Ризовит-АКС» пре­параты бұршақтұқымдас өсімдіктердің тамырында кездесетін, ауадағы бос азотты өз бойына сіңіретін табиғи түйнек бакте­рия­лардан бөлініп алынған, жоғары белсенді штамдардың негізінде жасалған. Сондай-ақ соңғы жылдары жоңышқа өсім­дігі зиянкестерінің кең таралуы бай­қалуда. Біздің институт мамандары жасап шығарған, арнайы бактериялар негізінде дайындалған «Турингин» препараты осы зиянкес құрттарды биологиялық жолмен жоюға ықпал етеді. Өндіріске кеңінен енген тағы бір препарат – «Казбиосил». Мал азығын сүрлеуде ол препараттың тиім­ділігі өте жоғары. Ал ауылшаруашылық мамандарына ұсынып отырған тағы бір препаратымыз – «Фитобацирин». Фито­ба­цирин түйе жоңышқа және жоңышқа өсімдіктері тұқымдарының шығым­ды­лы­ғын арттырады.
– Дамыған аграрлы елдерде мик­ро­био­логия ғылымының көмегімен мал азығының өнімділігін арттыру жақсы жол­ға қойылған. Ал біздегі жағдай қалай?
– Бұл салада біздің институттың ғалым­да­ры жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Мысалы, жоғарыда айтып кеткен «Ризовит-АКС» биологиялық препаратын өндіріске кеңінен енгізді. Бұл препараттың ерекшелігі – әр бұршақтұқымдас өсім­дік­тер­ге тиесілі штамдар болатынын ескере отырып (мысалы, түйе жоңышқа мен жоңышқаның штамдары Rhizobium meliloti, сояның – Rhizobium japonicum және т.с), препарат әр өсімдікке арнайы түрде жасалынып шығарылған. «Ризовит-АКС» биологиялық препаратымен тұқым­ды өңдеп барып, бұршақтұқымдас өсімдіктердің дәнін сепкен жағдайда өнім 30-40 пайызға дейін артады, бұл соя өсімдігінің орташа түсіміне қосымша астық жиынының гектарына 5-7 центнерін беретінін көрсе­теді. Ал эконо­микалық тиімділігіне келетін болсақ, мысалы, тек соя өсімдігінен орташа есеппен әр гектардан 30 мың теңге таза қосымша табыс алынады. Сонымен қатар «Ризовит-АКС» препараты өсімдіктің өнімін артты­рып қана қоймай, топырақты да табиғи биологиялық таза азотпен байытады, әр гектарда жылына 200-300 кг қосымша азот жиналады. Демек, бұршақтұқымдас өсімдіктерден кейін ауыспалы егістікте өндіретін дақылдардың азотқа деген қажет­тілігін кемінде 2-3 жылға дейін қанағаттандырады, яғни минералдық азот тыңайтқыштарын пайдаланбай-ақ жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Бұршақтұқым­дас өсімдіктер топырақты тек азот­пен және органикалық заттармен байытып қана қоймай, сонымен бірге ауыл­ша­руа­шылық малдарына арналған жоғары сапалы белоктық азық болып табылады. Қазіргі таңда отандық ғылымның өндіріс­тегі ірі жетістігіне баланатын бұл пре­па­ратқа бүгінде сұраныс көп. Атап айтсақ, 2008 жылы Алматы облысының Алакөл, Сарқан аудандарының 2000 гектар соя алқабына қолданылған болса, ал биылғы жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шым­кент, Солтүстік және Шығыс Қазақ­стан мен Ақмола облыстарының 30 мың гектардан астам бұршақтұқымдас өсімдік алқап­тарына қолданылды.
Бәрімізге мәлім тағы бір үлкен мәселе – түйе жоңышқа мен жоңышқа өнім­ді­лі­гінің төмендігі. Оның себебі – тұқымының сыртқы қабығының өте қатты болуында. Себілген тұқымның 60-70 пайызы өнбей­ді, сондықтан әр гектарға орта есеппен 18-20 кг тұқым егіледі. Бұл едәуір шығын. Сондықтан да өндірісте тұқымның шығым­ды­лығын арттыру үшін механикалық скарификация жасайды. Алайда бұл әдіс айтылып отырған өсімдіктердің тұқымына едәуір зиян келтіреді. Яғни тұқымдық дәннің сыртқы қабығын механикалық жолмен аршу кезінде тұқымдық дәннің ішкі өсіп-өнетін физиологиялық үрдіс­те­ріне кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар бұл әдіс қосымша электр қуаты мен мате­риалдық шығындарды талап етеді, сон­дық­тан қымбатқа түседі. Осыған орай, институт ғалымдары түйе жоңышқа және жоңышқа өнімділігін жоғарылататын, механикалық скарификация үрдісін алмас­тыратын «Фито­бацирин» пре­па­ра­тын ұсынады. Препараттың негізін целлю­лоза ферментін синтездейтін целлю­ло­литикалық бакте­риялар құрайды. «Фито­бацирин» препа­ра­тының әсерінен тұқымдық дәннің қалың қауызының целлюлозасы ыдырайды. Нәти­жесінде дәннің өсіп-өнуі үшін қажетті судың тасы­малдануы мен оның құрамындағы мине­рал­ды және қоректік заттар ерітін­дісі­нің мөлшері едәуір жоғарылайды. Препа­рат­тың құрамындағы штамдардың биоло­гиялық белсенді заттарды синтездеу қабі­летінің жоғары болуына байланысты болғандықтан, өсімдіктердің ауруға төзімділігі де артып, өсімдіктің өніп-өсу үдерісі жақсарады. Яғни биопре­парат­тар­мен алдын ала тұқымды өңдеу нәтижесінде түйе жоңышқа мен жоңышқаның шығым­дылығы 80-95% - ға дейін жоғарылайды. Препараттар ағымдағы жылы респуб­ликамыздың Қызылорда, Алматы және Шымкент облыстарының 3000 гектарға жуық егістік алқаптарында қолданылды. Экономикалық тиімділігіне келетін болсақ, мысалы, әр гектарға 18-20 кг орнына 8-10 кг жоңышқа тұқымы себіледі. Бір келі жо­ңыш­қа тұқымының бағасы шамамен 1000-1200 теңге екенін ескерсек, әр гектар­дан 10-12 мың теңге қаржы үнемделеді.
– Жалпы, мол өнім алумен бірге оны дайын­дап, сақтауды да білуіміз қажет. Еліміздің ауыл шаруашылығы сала­сын­да мал азығын дайындау, сақ­тауды жақсар­туда қандай жұмыстар атқа­ры­луы керек деп ойлайсыз?
– Қазір, құдайға шүкір, еліміздің бар аймағында мал өсірушілер көбейіп келеді. Сондықтан да мал азығын дайындауға аса көңіл бөлу қажет. Қайбір жылы қыс қатты болып, азық жетпей, мал шығыны болды. Сондай-ақ қысқа дайындалатын мал азығының құнары аз болуы себепті мал­дардың көтерем болу фактілері де кездесіп жатады. Сондықтан мал азығы базасын нығайту республикамызда қысы ұзақ солтүстік және шығыс өңірлер мен азықтық өсімдіктер тапшы оңтүстіктегі сортаң аймақтардағы мал шаруашылығын сапалы және құнарлы азықпен қамтамасыз ету ауқымды орын алып отыр. Бұл мәселені шешудің негізгі жолының бірі – сүрлем және пішендеме дайындау. Осы бағытты дамытуға институт мамандары үлкен үлес қосып отыр. Мал азығын сүрлейтін тиімділігі өте жоғары жаңа отандық «Казбиосил» препаратын өндіріске кеңінен енгізді. Мысалы, түйе жоңышқаның гүлдену фазасында құрамына кумарин алкалоиды жиналады да, жағымсыз иіс пайда болып, нәтижесінде малдар бұл өсімдікті қоректік шөп ретінде жемей қояды. Сондықтан да бұл өсімдікті гүлдену кезінде орып алып, «Казбиосил» биопрепараты көмегімен сүрлем жасау қажет. Ал екінші орымы күз айлары – тамыз, қыркүйек айларына тура келеді, яғни бұл кезде өсімдік сабағы жуан­дап, бойы биіктеп, мал азығына пайда­лануға қолайсыз болады. Кей жағдайларда жапырақтары түсіп, сабақтары сояу-сояу болып қатайып кетеді де, бұл жағдайда міндетті түрде екінші орылымды да сүрлем жасау қажет. Биопрепаратты пайдаланып сүрлегенде түйе жоңышқа өсімдігінің құрамында түзілетін кумарин алкалоиды ыдырап жойылып кетеді де, нәтижесінде барлық қоректік заттары бойында сақта­лып, жоғары сапалы мал азығы дайын­да­лады. Бұл мал азығын қыс кездерінде толығымен пайдалануға болады. Осындай әдіспен күріш пен бидай өсімдіктерінің сабанынан сүрлем жасауға болатындығын да ескерген жөн.
Бүгінгі таңда «Казбиосил» препаратына қызығушылық та, сұраныс та артып отыр. Биылғы жылдың өзінде 500 мың тоннадан астам сүрлем, 200 мың тоннадан астам пішендеме дайындалды, яғни респуб­лика­мыздағы дайындалатын сүрлем мен пішен­нің 80 пайызын «Казбиосил» препаратымен қамтамасыз етіп отырмыз. Бірқатар шаруашылықтарда, соның ішінде атап айта кетсек, Солтүстік Қазақстанда «Тайынша-Астық» – 53 000, «Зенченко-К» – 33 000, Шығыс Қазақстан облысында «Камы­шинс­кое» – 47 000, Қостанай облысында «Тұ­рар» – 45 000, Ақмола облысында «Аста­на-Өнім» – 25 000, «Родина» – 10 000 тонна жемшөп «Казбиосил» препа­ра­тын қолдану арқылы дайындалды. Бұл препараттың тиімділігі, біріншіден, бір тонна өнімге бар-жоғы 1,5-3 грамм пре­парат қажет; екіншіден, сүрленген азықтың қоректілігі артып, оның 98 пайызға дейінгі мөлшері төрт түлік малға азық болады; үшіншіден, өсімдік құрамындағы барлық қоректік заттар 85-90 пайызға дейін толықтай сақталады. Ал кептірілген шөптің құрамында қоректік заттар мөлшері 40-50 пайызға дейін жоғалып кетеді. Сонымен қатар сүрленген азықпен қоректенген мал­дар­дың сүт сауылымына 0,5 литр қосылып, майлылығы 0,1 пайызға дейін артады.
– Кей жылдары зиянкестер көбейіп, өсімдік біткенді жайпап кетіп отырады. Олардан келер зиян айтпаса да түсінікті. Сонда зиянкестерге қарсы қолданатын дәрі-дәрмек жоқ па?
– Өздеріңізге мәлім, көк балауса жоңыш­қа ең қоректі және құнарлы азық болып есептеледі. Бірақ кейінгі жылдары оңтүстік өңірлерде жоңышқаның жапы­рағымен қоректенетін зиянкестер (фито­номус) көбейіп барады, сол себепті жоға­ры құнар­лы алғашқы орылымнан дайын­­да­латын мал азығының көлемі азайып, сапасы да нашарлауда. Ал алғаш­қы орым нағыз құнарлы және мол өнім болып табылады. Сондықтан да зиян­кес­терді жою аса маңызды. Осы орайда біздің институттың ғалымдары ойлап тапқан, зиянкестерді жоюға арналған «Турингин» препаратының тиімділігі аса жоғары екенін айтқым келеді. Арнайы бактериялар негізінде дайын­далған препарат осы зиянкес құрттарды био­ло­гия­лық жолмен жоюға ықпал етеді. «Турингин» препараты зиянкестердің ас қорыту жүйесі фер­мент­терінің секре­цияларын әлсіретеді және ішек-асқорыту функцияларын бұза­ды, қоректенуді тежейді, метаморфоз мер­зімін бұзады, аналық ұрықтылығын және келесі ұрпақ­та­рының өмір сүру қабі­лет­тілігін жояды. Сондай-ақ зиянкес­тердің келесі жылы қай­та пайда болуына тосқауыл болады. Аталмыш бактериалдық препа­раттың ар­тық­шылығы – препараттың жануарларға жә­не қоршаған ортаға уытты әсері жоқ, қолданған соң жоңышқаның көк балау­са­сы­мен еш ойланбай малдарды қорек­тен­ді­ре беруге болады. Бұл тәжіри­беден өткен нәрсе.
– Тоқырау жылдары ауылшаруа­шы­лық жерлері тыңайтылмай қалды. Дренаждар жұмыс істемей, егін егілетін алқаптар тұзданды. Нәтижесінде өнім­ділік төмендеді. Енді сол жерлерді қал­пына келтіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қазақстанда Жер шарындағы топырақ түрлерінің түгелге жуығы дерлік кездеседі, сондықтан да елімізде аграрлық секторды дамытудың мүмкіндіктері мол. Мемлекеттік саясат та аграрлық саланы дамытуға арналған жаңа технологияларды енгізуге бағытталып отыр. Алайда Үкіметтің белсенді қолдауына қарамастан, Қазақстанның кейбір өңірлерінде топырақ­тың құнарлылығы төмендеп, ауылша­руа­шылық дақылдарының өнімдері жылдан-жылға азайып бара жатқанын байқауға болады. Мысалы, Қызылорда облысының суармалы күріш алқаптарындағы топырақтың құнары бүгінгі таңда өте төмен, яғни қарашіріктің мөлшері 04-07 пайыз ғана, оған қоса, топырақтың барлығы да әртүрлі мөлшерде тұзданған. Мұндай жағдайда ауылшаруашылық дақыл­дарынан жоғары өнім алу мүмкін емес екендігі ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Дегенмен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Микробиология және вирусология институтының ғалымдары осы аймақта бірнеше жыл жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде бұл мәселенің де, яғни құнары төмендеген топырақтың құнарын артты­рудың ғылыми шешімдерін тауып, оны өндіріске енгізіп те үлгерді. Нақтылап айтар болсақ, негізінен, күріш өсіретін алқаптарда пайдаланып жүрген ауыспалы егістіктің құрамына түйе жоңышқаны енгізу қажет. Себебі топырақтың тұздылығын төмен­де­туде бұл бұршақтұқымдас өсімдіктің атқарар рөлі өте жоғары. Яғни тұздылығы жоғары топырақта жақсы өседі де, тамыр­лары тереңге кетіп, топырақтағы тұздарды өз бойына сіңіріп алады да, топырақтағы тұздың мөлшері едәуір азаяды. Бұл екі жылдық өсімдік болып табылатындықтан, осы үдеріс екі жыл қатарынан үзіліссіз жүріп отыруы тиіс.
Бұл аталған өсімдіктің тағы да бір ерекшелігі – топырақта қалған өсімдіктің тамырлары, яғни органикалық заттар жеткілікті мөлшерде қалады да, олар ыдырап, нәтижесінде топырақта қараші­рік­тің мөлшері бірнеше есе артады. Ал қарашіріктің көбеюі топырақ құнарының артуының негізгі көзі болып табылады. Сонымен қатар ауылшаруашылық дақыл­дарын өндіруде, әсіресе күріш өсімдігін өсірудегі негізгі жетісе бермейтін қоректік заттардың бірі – азот. Әрине, ауыл шаруа­шылығында көп жылдан бері әртүрлі минералдық азот тыңайтқыштарын пайдаланып келеді. Ал кейбір минералды химия­лық тыңайтқыштардың жоғары өнім алуға әсері болғанымен, олардың топы­рақ­қа, өсімдікке және қоршаған ортаға тигі­зетін кері әсерлері орасан зор екендігі баршаға аян. Сондықтан түйе жоңышқа мен жоңышқа өсімдігінің тұқымын «Ризовит–АКС» препаратымен өңдеп барып себу керек. Мұндай жағдайда шама­мен 200-300 кг биологиялық таза азот егіс алқабының топырағында жинақталады.
– Өзіңізге мәлім, мұнай өндіруші аймақ­тарда топыраққа мұнайдың төгілуін болдырмау мүмкін емес. Ал мұнайдың төгілуі экологияға кері әсер етіп, топырақты улайтыны белгілі. Топырақты мұнайдан тазалау мүмкін бе?
– Жоғарыда айтып кеткендей, институт ғалымдары аграрлық сектормен қатар, өзекті экологиялық мәселелерге де ғылыми биологиялық тұрғыдан терең зерттеулер жүргізіп, ауқымды нәтижелерге қол жеткіз­ді. Сондай ең өзекті мәселелердің бірі – Батыс Қазақстан өңірінің мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған топырағын микро­биологиялық жолмен тазалау. Топырақтың мұнаймен ластануы жоғары болса, ондай жерлерді тазалап қалпына келтіру қажет. Осыған байланысты соңғы жылдары топырақтың мұнаймен ластануының биоремидиациясы және биоиндикациясы мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл өз нәтижесін беріп, «Бакойл–KZ» отандық биопрепараттарды қолдану арқылы мұнай және мұнай өнімдерінен топырақты тазалаудың жаңа технологиясын жасап шығарды. «Бакойл – KZ» – мұнаймен ластанған топырақты, өндіріс қалдықтарын және суқоймаларын микробиологиялық тәсілмен тазалауға арналған тиімділігі жоғары бактериалды препарат. Препа­рат­тың негізгі құрамы Батыс Қазақстан аймағының табиғи-климаттық жағдайына бейімделген топырақтардан бөлініп алынған белсенділігі жоғары мұнайды тотықтыратын бактерияларының штамдары болып табылады. «Таза су», «West Dala» және «Жылыой-Болашақ» жеке серік­тес­тіктеріне қарасты сынақ алаңдарында және Қосшағыл, Жаңаталап, Байшонас елді мекендерінде жүргізілген далалық сынақ­тар топырақтағы мұнай құрамының 90 пайыздан 98 пайызға дейін төмендегенін көрсетті. Препараттың экономикалық тиімділігі: шетелдік аналогтардан отандық биопрепарат 8-10 есе арзан. Қорыта айтқанда, отандық биологиялық препарат­тардың көптеп өндірілуі еліміздің импорт алмастыруына мүмкіндік береді, респуб­лика­ның экспорттық потенциалын жоға­рылатады, мал шаруашылығының жемшөп базасының бiрқалыпты дамуына және ауылшаруашылық өнiмдерiнiң артуына себепші болады, сондай-ақ табиғи ортаның сауығуына мүмкiндiк туғызады.

Алашқа айтар датым...
Зертханада туындап, тәжірибеде шыңдалып, өндірісте сыналған төл ғылыми жетістіктеріміз ғана өндіріске етене жақын. Отандық ғылымның дамуын мақсат тұтсақ, алдымен ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізудің түйінін шешкеніміз абзал. Сонда ғана ғылымның дамуы мен өндірістің өркендеуі үйлесім тауып, халық игілігіне өз дәрежесінде қызмет етері анық.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста