Дат!

Жаңаөзен әлі де жаңарады

  • Жаңаөзен әлі де жаңарады

    Жаңаөзен әлі де жаңарады

Серікбай Тұрымов, Жаңаөзен қаласының әкімі:


– Қазір қаладағы оң өзгерістерге қарап тұрып, бір ауыз сөзбен, Жаңа­өзен жаңарып келеді деуге болады. Ша­һар­­дың сыртқы көрінісінде ғана емес, тұр­ғындардың саналарында да бір сер­пі­ліс бар екені байқалады. Қыс­қа уақытта бұл нәтижеге қалай қол жетті?

– Өздеріңіз білесіздер, Жаңаөзен елі­міздегі моноқалалардың қатарына жата­ды. Осыған орай бізге мемлекеттің көрсетіп жатқан қолдауы ерекше болып отыр. Мо­но­қалаларды дамытуға арналған құжаттан басқа ел Үкіметі «Жаңаөзен қаласын әлеу­меттік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспа­ры» атты арнайы тек біздің қалаға арналған құжатты бекітті. Сондай-ақ «Өңірлерді да­мы­ту» бағдарламасы, «Жаңаөзен қаласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арнал­ған бағдарламасы» атты құжаттарды іске асыруда да Үкіметтің ерекше қолдауын се­зініп отырмыз. Бұл үшін республикалық бюд­жеттің өзінен аса мол қаржы бөлінді. Бір сөзбен айтқанда, Жаңаөзеннің осы қыс­қа уақытта түрленіп шығуы бірінші ке­зекте мемлекеттің қолдауының арқасы. Екінші ретте, әрине, осы жергілікті жерде жұ­мыс атқарып жатқан азаматтардың, бар­лық қала тұрғындарының ынта-ықы­лас­тарының көмегімен қол жеткен жетістік.

– Жетістіктер, әрине, көзге көрініп те тұр. Дегенмен сіз осы атқарылған шаруа­лардың бәрін атап, түстеп бере ала­сыз ба?

– Ия, көзге көрініп тұрған істер бар. Бірақ мен жоспарланған, алдағы уақытта атқарылатын шаруалар одан да көп екенін айта кетейін. Соңғы жылдары қалада көп­те­ген балабақшалар мен мектептер, ем­деу-сауықтыру мекемелері жаңадан бой көтерді. Жаңадан салынған «Рауан» ша­ғы­науданынан әлеуметтік жағынан аз қам­тылған отбасылар, бюджеттік сала қызмет­керлеріне пәтерлер берілді. Сонымен бірге шағынауданнан өз алдына балабақша және шағын орталық ашылды. Қазіргі таң­да аталған шағынауданда ішкі істер бас­қар­масы қызметкерлеріне арналған 160 пәтерлік тұрғын үй құрылысы бастал­ды. Әсі­ресе елдің әлеуметтік жағдайына ерек­ше мән беріп жатырмыз. Осы уақытта Тең­ге мен Қызылсай елді мекендерінде дәрі­герлік амбулаториялар мен мәдениет үй­лері, қала орталығынан 200 пәтерлік ком­муналдық тұрғын үй және «ҚазМұнайГаз» АҚ есебінен салынған 200 пәтерлік және бір үй тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Қаламызда жылу желілерін қайта жаңғырту мен кеңейту жұмыстары толық аяқталды. Спорт және туризм нысандарын дамыту бағдарламасы бойынша «Самал», «Шаңырақ», «Шұғыла» шағынауданда­рын­да спорт алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Қалаішілік автомобиль жол­да­рын күрделі жөндеу, аулаішілік көшеле­рін абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолына және алаңша­ларға, жолға жиектастар орнатылды.

– Жұмыссыздық деңгейі жөнінен Жаңаөзен еліміз бойынша ең жағдайы ауыр қалалардың бірі екені белгілі. Осы мәселе қалай шешімін тауып жатыр?

– Жұмыссыздықпен күресудің бірден-бір жолы жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын жандандыру екені белгілі. Біз бұл үшін бірнеше бағытта қатар жұмыс жасап жатырмыз. Қаланың өндіріс­тік аймағынан өндірістік алаң құрылысы үшін жалпы ауданы 30 гектар жер телімі бе­рілді. Қазіргі таңда өндірістік алаңның инженерлік инфрақұрылымын жүргізуді жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде. Онда орта есеппен 25 кәсіпкер (жиһаз цехы, ұн комбинаты, нанобетон шағын­ за­уы­ты, шина жөндеу цехы т.б.) орналасып, қала халқына жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Шағын кәсіпкерлік­ке қолдау жасау мақсатында «Жол картасы  – 2020» бағдарламасын іске асыруға ерек­ше көңіл бөлінуде. «Бизнес кеңесші», «Іс­керлік байланыс» бағдарламалары бо­йынша тапсырыстар қабылданып, қатысу­шылар Алматы, Астана қалаларында оқып келді. Биылғы көрсеткіш бойынша қала­мызда шағын кәсіпкерлік бойынша 7989 шаруашылық субъектісі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға өсті. Ағымдағы кезең бойынша шағын кәсіп­керлікпен шұғылданатындар саны 16,3 мың адам болды. Бұл көрсеткіштердің бә­рін­де өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны бар. «Жаңаөзен қаласында кәсіп­керлікті дамытудың 2012-2014 жылдарға арналған арнайы жоспары» қабылданып, кәсібін ашамын деген азаматтарға үлкен қолдау көрсетілуде. Тек 2013 жылдың ба­сынан бері 16 кәсіпкерлік жоба қаржы­лан­дырылуда. Республикада тұңғыш рет кә­сіп­керлікті қолдау, дамыту мақсатында қаламызда құрылған «Бизнес-Инкубатор» орталығындағы кәсіпкерлер саны бүгінгі таңда 45-ке жетіп, 140 адам жұмыс жасап жатыр. Сонымен бірге осы бағытта қала бойынша үш инвестициялық жоба: құс фер­масы, бинт кесу цехы, қонақүй кешені құ­ры­лысын жүзеге асыру көзделуде. Жал­пы алғанда, ағымдағы жылы 335 жұ­мыс орны мен жеті коммерциялық нысан (ки­но­театр, көтерме сауда орталы­ғы, мей­рам­хана, Технодом СҮ, асханалар, «Бан­зай» ба­лалар ойын-сауық орталығы т.б.) ашыл­ды. Осы орайда айта кететін жайт, ағым­дағы жылдың ІІ тоқсанында индус­триал­дық парк бойынша «Өзен­мұнай­газ» АҚ, қала­лық әкімдік, шетел және рес­пуб­лика көле­міндегі ірі кәсіп­ор­ын басшы­ла­ры­мен бас қосып, өзара Меморандумға қол қо­йыл­ды.

Дегенмен қалада жұмыссыздық мәсе­лесі әлі де өткір күйінде қалып отыр. Жыл ба­сынан бері қалада жаңадан жұмыс орын­дары құрылып, жұмыссыз жастар тәжірибесі қоғамдық және әлеу­мет­тік жұмыстарға тартылды. Жеке кәсіпкер­лер мен мекемелерге субсидиялау шарты­мен әлеуметтік жұмысқа, жастар практика­сына жұмыссыз азаматтар жіберілуде. Сон­дай-ақ тұрақты түрде «Бос жұмыс орын­дары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып отырады.

– Жаңаөзендіктерді ерекше толған­дыратын мәселелердің бірі – қымбат­шылық. Қаланың климаттық жағдайы белгілі, мұнда көп нәрсе өспейді. Яғни тұрғындарды осында өсірілген азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал тасымалдау жағына келсек, тағы да қала еліміздің басқа өңірлерінен шал­ғай жатыр. Осыдан келіп азық-түлік бағасы өте қымбат. Қала әкімдігі тара­пы­нан осы мәселелерді шешу үшін не жасалып жатыр?

–Ия, біз үшін бұл – өте өзекті мәселе. Дегенмен қазір бұл бағытта да оң қадамдар бар екенін мақтана айтуға болады. Түк өспейді деп қарап отырған жоқпыз. Егін шаруашылығын дамытуға күш салудамыз. Өзіндік қиыншылықтары болғанымен, кә­сіп­керлердің талпынысы жаман емес. «Төңірекшың» деп аталатын ойда екі кәсіп­кер осы бағытта жұмыс жүргізіп отыр. Соны­мен бірге жылыжай ашуды да кәсіп­керлер өз қолдарына алған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қалада бірқатар жұмыстар жоспарланды. Қала бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының және жеміс-кө­кө­ніс өнімдеріне бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында көтерме саудамен айна­лыса­тын жеке кәсіпкерлермен, кәсіпкерлік бө­лі­мімен және Салық комитетімен Мемо­ран­думға қол қойылып, азық-түлік баға­сын бір қалыпта ұстау жолға қойылды.

– Жаңаөзен тұрғындарының басым бөлігі жастар екені белгілі. Қалада бұ­рын оқушылардың көптігінен мектеп, балабақша жетіспеушілігі үлкен мәселе болатын. Бұл түйінді шешу үшін қандай шараларды қолға алдыңыздар?

– Жаңаөзен қаласында 2010 жылға дейін мектепке дейінгі ұйымдар саны бар болғаны 20 болған екен. Қазір «Балапан» бағ­дарламасы аясында балабақшалар саны өсуде, мектепке дейінгі жастағы ба­ла­ларға арналған ұйымдардың жаңа түр­лері (жекеменшік балабақша, шағын ор­та­лық) құрылуда. Қазіргі таңда мектепке де­йінгі ұйымдар саны 38-ге жетіп, қамту 78,1% құрады. Жыл басынан бері жаңадан үш балабақша салынып, пайдалануға берілді. Жекешеленіп кеткен бір балабақша ғимараты кері қайтарылып, күрделі жөн­деу­ден өтуде, сондай-ақ жыл соңына де­йін тағы екі балабақша пайдалануға бе­рі­леді. Дегенмен, мойындау керек, бала­бақ­ша кезегі бар. Ал мектептерге келсек, қыр­күйек айында «Бостандық» шағынауда­ны­нан 624 орындық мектеп ашылды, Теңге ауылындағы 900 орындық мектеп жел­тоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қаламызда 21 мектеп бар. Білім саласындағы еңбектің бірден-бір көрсет­кіші – ҰБТ қорытындысы болса, биыл қала бойынша орташа көрсеткіш 64,4 балл болып, өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға өсті. Қаламызда білім бөліміне қарасты «Оқушылар шығармашылық үйі» және бес аула клубы жұмыс істейді. «Оқу­шылар шығармашылық үйі» мұғалімдері мен оқушылары Республика, облыс көле­мінде көптеген жетістіктерге жетті. Ос­ын­дай жетістіктерінің нәтижесі бойынша Ұлт­тық бизнес-рейтинг орталығының сарап­тауы­мен мектептен тыс мекемелер ара­сында ең үздік «Салалық көшбасшы–2013» қатарына еніп, марапатталды. Сонымен бірге интеллектуалды марафон, қашық­тық пәндік олимпиадаларға қатысу рей­тин­гісі бойынша облыс көлемінде қаламыз І орында болды. Қаламызда негізгі мектеп бітіруші түлектеріне түрлі мамандық беру бағытында жұмыс жасап отырған бес арнаулы орта оқу орны бар.

О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай жә­не газ колледжі – 19 мамандық, Облыс­тық медициналық колледжі – бес маман­дық, Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа тех­но­логиялар колледжі – 14 мамандық, Жаңа­өзен политехникалық колледжі – 19 мамандық, Каспий педагогикалық және салалық технологиялар колледжі алты маман­дық бойынша қазіргі таңда барлығы 6000-нан астам жасқа білім беруде.

– Білім туралы айта отырып, ден­саулық сақтау саласына тоқталмау мүм­кін емес. Халық санының тез кө­беюі­не байланысты қалада денсау­лық сақтау нысандарының жетіс­пеушілігі де анық аңғарыла бастаған болатын. Қала басшылығы тарапынан қандай да бір нақты істер қолға алынды ма?

– Қалада туу көрсеткішінің жылдан-жылға өсуіне байланысты мұндай проблема бары рас. Қалада денсаулық сақтау саласына қа­расты төрт жекеменшік, жеті мемлекеттік мекеме бар. Биылғы жылы 80 орындықтық ба­лалар ауруханасы құрылып, іске қосыл­ды. Қаладағы емхана­ға қосымша, жаңадан ашылған «Рахат» поселкесінде ауысымына 250 адамды қабылдай алатын емхана, терапиялық кор­пус салынып жатыр, олар да таяу уа­қыт­та ел игілігіне беріледі. Сала­ны маман дәрігерлермен қамтамасыз ету үшін өткен жылы келген сегіз маман дәрігер үймен қамтылды. Барлық емдеу-сауық­тыру ме­ке­мелері дәрі-дәрмекпен то­лық­тай қам­тылған. Медициналық құрал-жабдықтар­мен қамту біртіндеп жолға қо­йылып келе­ді. Атап айтқанда, өткен жылы орталық ауру­ханаға компью­тер­лік томо­гра­фия алын­са, биылғы жылы «ӨМГ» АҚ-ның де­меу­шілігімен 22 млн теңгеге орта­лық ауруханаға жасанды бүй­рек аппараты, қала­лық емханаға құны 25 млн теңге жү­рек және ішкі құрылыстарды зерттейтін екі УДЗ аппараты, биохимиялық кешенді зерт­теу анализаторы алынуда. Бұл – сала жұ­мысының алға жылжуына жақсы әсер ететін жағдай.

– Жаңа айтылғандай, Жаңаөзен, не­гізінен, жастар қаласы. Осы жас буын­ның бос уақытын тиімді өткізуіне қан­дай жағдай жасалуда?

– Тұрғындарға қызмет көрсету, жастар мен жасөспірімдердің уақытын дұрыс, тиімді ұйымдастыру және жеке бас мәде­ниеті мен салауатты өмір салтын қалыптас­тыру мақсатында қалада «Мұнайшы» мә­де­ниет сарайы, Теңге, Қызылсай ауылда­рында жаңадан бой көтерген мәдениет ошақтары, «Оқушылар шығармашылық үйі» жанынан ашылған аула клубтары бар. Ха­лықтың спортқа деген қызығушылығын арт­тырып, оң көзқарас қалыптастыру мақ­сатында қала көлемінде көптеген шаралар өткізіледі. Қала спортшыларының жетістік­тері де аз емес. Атап айтқанда, бокстан Фи­липпинде өткен Азия чемпионатында Қ.Көптілеуов 56 келі салмақ дәрежесінде I орын, Тайландта өткен Азия чемпиона­тын­да еркін күрестен М.Далабаев 55 келі сал­мақ дәрежесінде I орын, Алматы қаласын­да өткен Азия чемпионатында кекушинкай каратэ-додан жерлестеріміз М. Жәумітбаев 60 келі салмақта II орын, А. Кенжеғалиев 70 келі салмақта III орын, Б.Көптілеуов 14-15 жас аралығында 70 келі салмақ дәре­жесінде Мәскеу қаласында өткен джиу-джит­судан І орынға ие болды. Ал респуб­ли­калық, облыстық деңгейде біз­дің спорт­шыларымыз қала абыройын ас­қақтатып, түрлі спорт түрінен шеберлігін дәлелдеді.

Мәдени шараларға келсек, қалада әрбір сенбі-жексенбі күндері бұқаралық шаралар өткізіліп тұрады. Мамыр айында қала та­ри­хында тұңғыш рет қалааралық байла­ныс орнатылып, барлық сала қамтылған, екі күндік «Жаңаөзен қала­сының Ақтау қа­ласындағы күндері» атты мәдени шара өт­кі­зілді. Қалада «Жаңаөзен қалалық жастар орталығы» мемлекеттік ком­му­налдық-қа­зы­налық кәсіпорны жемісті жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі күні жастар мен жасөс­пі­рімдер арасында жүргізілетін жұмыс ба­ғы­ты танымдық сипат алып, қаладағы қоғам­дық жұ­мыс­тарға бел­сенділігін арттыру көз­делуде. Жастарды көгалдандыру, таза­лық жұмыс­тарына көбірек тарту арқылы олардың еңбектің мәнін түсініп, оны ба­ға­лай білуге ұмтыл­дыруды назарда ұстап әрі аз қамтыл­ған отбасыдан шыққан 140 жас­тың жаз мезгілін тиімді өткізуіне жағдай жа­салып, «Жасыл ел» бағдар­ламасы ар­қы­лы ең­бекпен қамтылуда. Жаңаөзендік жастар Жолдауды насихат­тауда, Мемле­кеттік жастар саясаты 2020 тұжырымдама­сын талқылауда белсенділік танытуда. Қа­ла және іргелес ауыл жас­тарынан құрылған 10 Жайдарман (КТК) командасы жыл ба­сында Астана қала­сындағы «Маусыма­шар–2013» ойынына қатысып келді. Қазір­де төрт команда республикалық ойындар­да өнер көрсетіп жүр.

Қала жастары өзара тығыз қарым-қа­ты­нас орнатуда мұнайшы жастарды қала өміріне араластыру және облыс жаста­ры­мен бірлестікте жұмыс жасау бағытында нау­рыз айында «Ауыл жастары – 2013» об­лыстық жастар слеті, шілде айында «Каспий – достық теңізі» облыстық жастар саяси лагері жоғары деңгейде ұйымдасты­рылды.

Таяуда іске қосылған «Жалын» кино­театры жастардың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізуге әсер етуде.

Жастар арасындағы көкейтесті мәсе­ле­лердің болуынан тығырыққа тірелуі, қыл­мысқа баруы, өз-өзіне қол жұмсауы не­ме­се психологиялық қысымға тап болуы сияқ­ты жағдайлардан арылту мақ­сатында семинар-тренингтерді көбі­рек өткізу қол­ға алынды. Сонымен бірге негізгі және орта мектеп, арнаулы оқу орындары оқу­шы­лары арасында кә­сіп­керлік негіздерін түсіндіру, жас кәсіп­керлермен және осы бағыттағы орталық өкілдерімен кездесулер өткізу жұмыстары жүргізілді және бұл алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

– Жаңаөзеннің соңғы бір-екі жыл ішінде жасыл-желегі көбейіп келе жат­қаны анық байқалады. Бұған ненің арқасында қол жетті?

– Мекеніміздің көрікті де көгалды, әсем де сәулетті болуы – мерейімізді көтеріп, тәр­тіп пен тазалықты сақтауға шақыратыны сөзсіз. Сондықтан біздің үздіксіз атқарып келе жатқан жұмыстарымыздың бір бағы­ты – қаланы және ауылдарды абаттан­ды­ру, көркейту және көгалдандыру. Сен­біліктер ұйымдастырылып, қала тазалығы мен көгалдандыруына үлес қосуда тұрғын­дарды ынталандыру мақсатында қала әкімдігі «Үздік аула» байқауын ұйымдас­тыру­да. Әрине, жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ алда жасалар жұмыс одан да көп. Биыл қаламызға – 45 жыл. 45 жыл деген  – уақыт таразысына салып қарағанда аз уа­қыт болғанымен, бір қаланың өсіп, қалып­тасып, көркейіп-жетілетін, жарты ғасырға жуық кезеңі. Адамзат тек алға ұмтылу, ер­теңгі болашағын жарқын етіп елестету, жос­парлы мақсаттар қойып, олардың орын­далуына үміт ете қарау арқылы өмір сүре­ді. Ал біз де Жаңаөзеннің болашағы­ның жарқын болатынына сенеміз.




Көрілген: 2278    Пікірлер: 0

сейсенбі, 12.11.2013, 12:23

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31