Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жастар мүлдем басқа генерацияның өкілдері ретінде қалыптасып келеді

16 қаңтар 2013, 11:46

Қанатжан ӘЛІБЕК, Ұлттық медициналық холдингтің басқарма төрағасы, Назарбаев университеті химия және биология кафедрасының меңгерушісі, профессор:

– Қанатжан Байзақұлы, мен өзім Степногор қаласының тұрғыны ретінде Сіз туралы талай рет естігенмін. Кеңес одағы кезінде сол жердегі биологиялық қару өндірісін басқарып, артынан жоғары жақтың саяси көзқарасымен келіспей, биологиялық вирус сияқты жаппай қырып-жоятын қарудың қаншалықты қауіпті екендігін  әлем қауымдастығына жеткізген едіңіз. Сол үшін тиісті марапатқа да ие болғансыз. Қазір Қазақстанға қайта оралып, медицина саласында еңбек етіп жатқан жайыңыз бар. Әңгімемізді кеңестер кезіндегі қызметіңізден бастасақ?..
– Иә, иә. Бүгінде Степногор қаласы туралы естіген қазақстандықтардың басым бөлігін оның Кеңес одағы кезіндегі тарихы қызықтырады. Себебі стратегиялық маңызы бар осы қалада биологиялық қару өндірілді. Бұл жерде бір мәселені ескеру қажет: Степногор ол заманда қазақтың иелігінде болмаған, тікелей Мәскеуге бағынды. Қазақтардың саны да тым аз болды. Онда  көбінесе жан-жақтан көшіп келген орыстар тұрды. Білуімше, ол қалаға Қазақстан басшылығының ықпалы жүрмеді. Былайша айтқанда, Степногор мемлекеттің ішіндегі мемлекет болды. Менің 3,5 жылдық қызметім дәл осы кезеңмен тұспа-тұс келді. Біздің алдымызға тиісті мақсаттар қойылды. Негізгі міндет –  биологиялық қаруды өндіру бойынша мобильді күштерді құру. Басшылықтың бізге берген тапсырмасына сәйкес, соғыс басталған жағдайда Степногор қаласына жақын жерде биологиялық қаруды шығаратын «Прогресс» атты өндірістің бір бөлігін жасақтау қажет болды. Біз ол міндетті атқарып шықтық.
– Биологиялық қарудың қаншалық­ты қауіпті екендігін де сол кезде түсініп, одан бас тарту мәселесін көтердіңіз бе?
– Алдымен Степногор үшін мені Мәс­кеу­ге ауыстырып, жоғары лауазымды қызметтерге тағайындады. Сол арқылы Кеңес одағы бойынша орналасқан осы іспетті өндірістердің түгелі менің бақы­лауыма көшті. «Прогресс» оның бір бөлігі болды. Ресейдің солтүстік аймақ­тарында, Сібірде де тиісті стратегиялық нысандар жұмыс істеді.
Ал Мәскеуде жүргенде мен көптеген ғалыммен кездестім. Олардың ішінде әлемдегі жағдайдан хабардар болған азаматтар да көп болды. Міне, сол кезде Кеңес одағынан басқа ешбір мемле­кеттің биологиялық қару өндірумен айналысып жатпағанына көзім жетті. Себебі оған тыйым салатын халықаралық конвенция да бар еді. Осыдан кейін мен Кеңес одағындағы биологиялық қаруды өндіру бағдарламасын жабуға бел будым. Әрине, бас кезінде ол бастаманы іске асыру қиынға соқты. Бірақ біз жазған хат басшы­лық­қа жетіп, Горбачевтің өзі биологиялық қаруды өндіру бағдарламасын жабуға рұқсат берді.
Дегенмен жергілікті жерде басшылық­тың тапсырмасын орындауға қарсы шық­қан­дар да табылды. Мен өзім Степногорға хабарласып, ол жердегі биологиялық қаруды өндіретін құрал-жабдықтарды демонтаждауға бұйрық бергенде, жергілікті жердің басшылығы келіспей, қатты қарсылық көрсетті. Осы орайда тағы бір мәрте еске сала кетейін, олар қалаға сырттан әкеліп тағайындалған адамдар бо­л­атын. Олардың қарсылығына қарамастан, біз барлық қондырғыларды демонтаждау жұмыстарын өткіздік. Мен өзім осы сала­ның маманы ретінде тиісті бір техниканы жоюға тапсырма бердім. Онсыз биология­лық қаруды шығарып, сынақтан өткізу мүмкін емес еді. Осылайша, біз маңызды деген құрал-жабдықтарды демонтаждау арқылы биологиялық қаруды өндіру бағдарламасын доғардық.
– Дейтұрғанмен, бүгінде степногор­лық­тар «Прогрестен» қалған зиянды қалдықтардың халық денсаулығына, жалпы осы өңірдің экологиялық ахуалына кері әсерін тигізгені жайлы жиі айтады. Бүгінде қандай да бір қауіп бар ма?
– Негізі, осы мәселеге қатысты сан алуан өсек-аяң болған, болады да. Мен өзім ол жердің қазіргі жағдайынан бей­хабармын. Неге десеңіз, мүлдем басқа салада еңбек етіп жатырмын. Сондықтан нақты ақпарат бере алмаймын. Алайда АҚШ-та жүргенімде «Прогресте» қызмет еткен біраз  мамандармен кездесіп, әңгі­мелескен едім. Олардың айтуынша, Степ­ногор­да қандай да бір биологиялық қауіп жоқ.
– Айтпақшы, Сіз кеңестік одақтың биологиялық қару бағдарламасын жапқаннан кейін Америка Құрама Штаттарына кетіп қалдыңыз. Сол жақта Кеңес одағының биологиялық саясатын әшкерелейтін «Биологиялық қару. Абай болыңыз!» атты кітап жазғаныңызды  жақсы білеміз...  
– Иә, 1992 жылы мен АҚШ-қа кетіп қал­дым. Бұл – менің өмірімдегі ең қиын кезеңдердің бірі. Маған зерттеумен айна­лысуды қалайтын маман ретінде шетелдің ғылымын түсіну қажет болды. Себебі сол кездің өзінде Кеңес одағы мен шетелдік ғылымның айырмашылығы көп еді. Осыдан кейін қарапайым лаборант қызме­тінен бастап денсаулық сақтау министр­лігінің ғылыми қызметкеріне дейін сан алуан салаларда жұмыс істеуге тура келді. Сөйтіп, профессор атағына да жеттім.
Ал «Биологиялық қару. Абай болыңыз!» деген кітабымды біреу үшін емес, барша әлем қауымдастығына арнап жаздым. Оны оқыған кез келген адам бір-ақ ойға келеді. Ол – биологиялық қару сияқты аса қауіпті технологияны өндіруге жол бермеу қажет. Бұл кітаптың бірнеше тілде жарық көріп, биологиялық қару өндірісін болдырмауға өз септігін тигізгенін жақсы білемін.
2003 жылдан бастап маған Қазақстан­нан  ұсыныстар түсе бастады. Араға жеті жыл салып, Астана қаласында ашылған Назарбаев университетіне келіп, ғылыми жұмыспен айналысуға бел будым.
– Бүгінде Сіз Назарбаев универси­тетінің белді ғалым-оқытушысы әрі Жедел жәрдем орталығының басшысы ретінде қызмет етіп жатырсыз. Онколо­гия­лық ауруларды емдеу саласында қол жеткізген жетістіктеріңіз де жоқ емес. Оның бірі – ми ісігін емдеу. Әлем бойынша ол ауруды емдеудің әдісі әлі табылмады. Ал сіз өткен жылы ми ісігін емдеудің әмбебап жүйесін әзірлегенін хабарладыңыз. Осы жаңалығыңыз жайында кеңінен айтып берсеңіз?
– Ол туралы кеңінен айтсақ, ғылыми тілде сөйлеп кетеміз. Халық түсінбеуі мүмкін (күлді). Одан да қарапайым тілде жеткізіп көрейін. Жалпы, бүгінгі меди­цинада ми ісігін емдеудің үш жолы бар. Біріншісі – хирургия. Ондайда ми ісігін хиру­ргиялық жолмен кесіп алады. Екіншісі, радиотерапевтикалық әдіс, яғни кибер-пышақ, гамма-пышақ сияқты технология қолданылады. Үшіншісі – химиятерапия. Емдеу кезінде аталған әдістерді қатар қолдану тәжірибесі де бар. Неге? Себебі науқастардың басым бөлігі ауруы асқын­ғанда ғана дәрігерге келе бастайды. Ол – ми ісігінің IV-ші сатысы. Ондайда по­лиатив­ті көмек көрсетіледі. Бұл – науқастың көрер жарығын сәл ұзартуға септігін тигізетін амал.  Өкінішке қарай, Қазақстанда осы санаттағы азаматтардың саны 90 пайызға жетті.
Біздің әдіс нені көздейді? Ол ең алды­мен сол ми ісігіне себеп болған алғышарт­тарды анықтауды қажет етеді. Біз негізгі аурумен қатар қосымша қандай ақаулық­тардың бар екендігін, сондай-ақ қай процестердің ми ісігін үлкейтіп отырған­дығын түсініп алуымыз қажет. Әрине, науқастың иммунитеті жан-жақты зертте­леді. Себебі ми ісігін емдеу кезінде иммундық жүйенің орны зор. Негізгі мақсат – адам денсаулығын барынша қалпына келтіріп, ағзаның ішкі иммунитетін қалыптастыру. Организмнің барлық күш-жігері ми ісігімен күресуге бағытталуы шарт. Осыған байланысты жаңа әдістеме, ең алдымен, қосымша ауруларды емдеуді көздейді. Адам денсаулығын қалпына келтіргеннен кейін біз ми ісігін емдеу әдістеріне көшеміз. Организмнің аурумен өздігімен күресуіне  жағдай туғызамыз. Шыны керек, химиятерапияға дейін де оңтайлы өзгерістер байқалып жатады. Ми ісігінің өсуі тоқтап, көлемі кішірейеді. Біз полиативті, яғни ми ісігінің IV-ші сатысы бар науқастарды да емдеп көріп жатырмыз. Олардың қатарынан  құлан таза жазылып шыққан адамдар да бар.  Дейтұрғанмен,  аурудың бастапқы кезеңінде жүрген адамдарды емдеу әлдеқайда жеңіл екендігі айтпаса да түсінікті ғой.     
– Осы орайда «Кім кінәлі?» деген сауал туындайды. Қазіргі медицинаға сенбей, ауруды асқындырып келетін науқас па? Жоқ әлде сол аурудың зиянын және оның неге апаратынын дұрыс түсіндіре алмайтын дәрігер ме?
– Бұл жерде кінәлі жақты анықтау қиын. Мәселен, бүгінде әлем бойынша ми ісігін емдеудің тиімді әдісі жоқ. Сол үшін медицина кінәлі деп айта алмаймыз ғой. Ал мұндай дертке  душар болғандар ары кетсе, тек бір жылдай ғана өмір сүріп, жарық дүниемен қоштасып кете барады.
Меніңше, Қазақстанда адамның жеке жауапкершілік жүйесі қалыптаспай отыр. Халық өз денсаулығына әлі де немқұрайды қарайды. Бәлкім, тұрақты медициналық тексерістер дұрыс жолға қойылмай жатқан шығар. Сол себепті аурудың бастапқы кезеңі анықталмай, науқастардың басым бөлігі асқынған дертпен  келіп тұрады. Бұлардың үлесі, менің пайымымша, 65-70 пайыздың шамасында. Бұл – үлкен проб­лема. Бірақ, ол – науқасқа да, дәрігерге де ортақ мәселе. Өйткені біздің мамандар науқастарға аурудан гөрі денсаулықтың артық екендігін психологиялық тұрғыда дұрыс жеткізе алмай жатады. 
– Қанатжан Байзақұлы, сіз айтып отырған ми ісігін емдеудің жаңа әдісі  «Қазақстанда табылды» деген айдар­мен тарату үшін патент алып қалған дұрыс шығар?
– Шынымды айтсам, оны ойлап жүрген жоқпын. Әрине, Қазақстанда алғаш рет ми ісігін емдеудің жаңа технологиясы табыл­ды. Онымен мақтану қажет. Жалғыз Кен Әлібек емес, ел болып, халық болып  жер-жаһанға жар салуға болады. Дегенмен оны ары қарай дамытуға құлшыныс болмаса, ертең ол жаңалықтың Ресей, Грузия немесе АҚШ-қа кетіп қалуы әбден мүмкін. Ал патент жазуға менің уақытым жоқ. Мен кәсіпкер емес, дәрігермін ғой. Менің негізгі идеям – аталған әдіс туралы неғұрлым көп адам білсе, соғұрлым көп науқастың өмірін сақтап қалуға болады. Әрине, ми ісігін емдеудің жаңа әдістемесін әлі де жетілдіре түсу керек. Сондықтан оның ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлердің арасында кеңінен таралуы аса маңызды. Олар өз үлестерін қосып, аталған жүйені жетілдіре алады.
– Сіз оны сарапшылардың талқысы­на салып көрдіңіз бе?
– Осы орайда бір оқиға есіме түсіп отыр. Аталған жүйе бойынша грант бөлу мәселесі қарастырылғанда, біз оны шетелдік және отандық сарапшылардың талқысына жіберген едік. Сонда сегіз америкалық сарапшының жетеуі оң баға берсе, қазақстандық үш маманның үшеуі де  әдістемені қолдамай тастады. Енді қараңыз, әлемге белгілі шетелдік онкологтар ми ісігін емдеудің жаңа әдісіне оң баға беріп отырғанда, өзіміздің ғалымдар оған қатысты теріс шешім шығарып отыр. Мен олардың аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Себебін жақсы білемін, әрбір саланың мектебін қалыптастырған белгілі бір адамдар бар ғой. Олар қайдағы бір Кен Әлібекті мойындап, оның «былай да істеуге бола­ды» деген сөзімен бірден келісе салмайды...
– «Баяғы жартас – сол жартас» дейсіз ғой?
– Біз бір нәрсені түсінуіміз қажет. Осы уақытқа дейін бұл салаға (онкология – авт.) триллион доллар ақша жұмсалып, мыңдаған ғалымдар мен дәрігерлердің еңбегі сіңді. Ми ісігі бар жүз мыңдаған науқас о дүниелік болып кетті. Сондықтан қандай да бір жаңалық жасалған кезде, оны жан-жақты қарастыра білу керек.
Осы сұхбат қазақ тілінде шығатын­дықтан, менің қазақтарға айтар бір сөзім бар.  Біз бір-біріміз үшін қуануымыз қажет. Мен өзімді айтып тұрған жоқпын. Жалпы, бір қазақ үлкен жетістікке жетіп жатса, оны ел боп қолдап-қолпаштай білуіміз керек. Ол ғалым, музыкант, жазушы болсын, бәрібір. Олардың барлығы ел мақтанышы емес пе?!
Қазақтың менталитетіне қатысты бір әзіл әңгіме бар ғой. Өзім қазақ болғаннан кейін оны айтуға құқым бар деп ойлаймын.  Соғыс жылдары немістер лагерьге түскен тұтқындарды ату үшін үш ор қазып, бір ордың айналасына жүз солдатты, екінші­сіне – бір, ал үшінші орға бірде-бір әскери­ді қоймайды екен. Сонда немістің қолбас­шылары келіп сұрайтын көрінеді. «Неге үш орға солдаттар бірдей қойылмады?!», – деп. Оған: «Бірінші орда еврейлер болады, олардың біреуі шығып кетсе, өзімен бірге барлығын тартып алады. Сондықтан оның айналасында жүз солдат тұр. Орыстар болса, ешкімге көмектеспей,  бір-бірлеп қашады. Оларды бір солдат та атып тастай алады. Ал үшінші орға ешкімді қоймаған себебіміз, ол жерде  қазақтар отырады.  Бұл халықтың өкілдері қашуға әрекет жасамайды. Ал ішінен біреуі ұмтылса, бәрібір етегіне жармасып, шығуға мүмкін­дік бермейді», – деген екен. Міне, бізге осы психологиядан арылу қажет. Біз қазақ үшін қуанып, қазақ үшін мақтануды үйренуіміз керек. Дәл сол кезде ұлы қазақ халқы  қалыптасады деп білемін.
– Иә, ондай «психологияның» бар екендігін мойындау қажет. Жалпы, халықты және қазақ ғылымын тежеп отырған басты фактор осы шығар. Ол қазіргі жастар арасында да тарап кетсе, тағы көш соңында қалып қоятын түріміз бар-ау...
– Басқасын білмеймін, Назарбаев университетіне келіп жатқан жастар маған қатты ұнайды. Олар мүлдем басқа генерацияның өкілдері ретінде қалыптасып келеді. Себебі кеңестік жүйенің жағымсыз тәрбиесінен аман қалған. Мен қазіргі жастардың бойынан жаңаша көзқарас, тамаша дүниетаным байқап отырмын. Осы жолдан таймаса екен деймін. Әрине, бізге де қол қусырып отыруға болмайды. Жас­тарға қолдан келер жағдайдың жасап жүр­ген жөн. Себебі болашақта олар қазақ­стандық ғылымның жаңа мектептерін қалыптастырады. Отандық инженерияның қозғаушы күші болады.
– Біз шетелдік ғылымнан 20 жылға қалып қойдық. Бүгінгі жас ғалымдар болашақта осы аралықты қысқарта ала ма?
– Шынымен де, Қазақстанның ғылымы шетелдік ғылымнан жиырма, жоқ тіпті 30 жылға қалып қойды. Сондықтан біз «үш қарғып секіріп» өтетін осы бір аралықты бірден еңсеруіміз керек. Ол үшін біз келесі шешімге келдік: Назарбаев университетінде оқып жатқан жастар отандық ғылыммен мүл­дем айналыспайды. Олар тек америка­лық, француз, ағылшын, жапон және тағы басқа шетелдік ғылымдармен ғана шұғылданады. Соңғы зерттеулерді оқып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында практикалық тәжірибені шыңдайды. Осы­ның арқасында ғана біз әлемдік ғылым кө­шіне жете аламыз!

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Астанада өткен бір конференцияда мен ми ісігін емдеу жолдары туралы айтқан едім. Сонда шетелдік ғалымдар оған қатты қызығып, сан алуан сұрақтар қоя бастады. Ал өзіміздің қазақ мамандарының тарапынан «пікірталасты доғарайық, түскі астың уақыты болып қалды!» деген сөзден басқа ештеңе ести алмадым. Бұл жағдай мені қатты қынжылтты. Ішім күйді. Ғылымға деген құлшыныстың аздығын, өзгенің еңбегіне қызғанышпен қарау «мінезінің» әлі күнге дейін бар екендігін түсіндім. Ашығын айтсам, мен керемет бір жаңалық аштым деп отырған жоқпын. Оның барлығы халықтың денсаулығы үшін жасалып жатыр ғой. Одан жеке бір адамның емес, тұтас мемлекеттің ұтатынын түсінетін кез келді. 

АЛАШТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:
Қанатжан Байзақұлы Әлібек – микробиолог-ғалым, биология ғылымының докторы, инфекциялық аурулар және иммунология саласының белді маманы. АҚШ-та Кен Әлібек немесе Кеннет Әлібек деген атпен танымал. Кеңес одағы кезінде биологиялық қару өндіру- сынау жұмыстарын жүргізді. 1990 жылы КСРО президенті Михаил Горбачевке хат жолдап, биологиялық қару бағдарламасын жабу бастамасын көтерді. Осы іске өзі белсене атсалысты. Ал екі жылдан кейін әскери-биологиялық зерттеулерді жүргізуден бас тартып, Америка Құрама Штаттарына қоныс аударды. Сол жерде кеңестердің биологиялық қару бағдарламасына арналған Biohazard атты кітабын  жариялады.  Ол еңбегі көптеген тілдерге аударылып, «Биологиялық қару. Абай болыңыз!» деген атпен орыс тілінде де жарық көрді. АҚШ-та
Қ.Әлібек биологиялық қару-жарақ жарысын тоқтатқан ғалымдардың бірі ретінде белгілі. Бұрынғы КСРО-да оны кеңестердің биологиялық соғысқа дайындығын әшкерелеген «сатқын» деп санаған.
Қазақстан басшылығының шақыруымен елге оралып, бүгінде отандық медицина саласында еңбек етіп келеді.