Дат!

Қазақ музыка тарихы қайта жазылуы қажет

  • Қазақ музыка тарихы қайта жазылуы қажет

    Қазақ музыка тарихы қайта жазылуы қажет

Жанғали Жүзбаев, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, дәулескер күйші:


– Жанғали аға, Тәттімбеттей дара тұлғаны тудырған өлкенің тумасысыз ғой. Атаның қанымен, ананың сүтімен бойыңызға дарыған күйшілік өнердің арқасында көпшілікке есіміңіз белгілі. Дегенмен бүгінгі таңда қазақтың төл өнерін жете біле бермейтін жастарымыз да бар. Әңгімеміздің әлқиссасында өзіңіз туралы баяндай отырсаңыз.

– Бүгінде кейбір жастар нағыз музыканың қара қазанында қайнап жүрген өнерпаздар­ды біле бермейтіні рас. Алайда дәстүрлі өнер халқымыздың алтын қазығы ғой. Сондықтан қандай алмағайып заманды бастан өткерсе де, халық өзінің қазығынан алыстап кетпей­тіні ақиқат. Өз басым Жезқазғандай  қазақы қаймағы бұзылмаған өлкеде туып, күйші атанғанымды мақтан етемін. Менің туған жерім мына шеті Ұлытаудан бастап Қараған­дының жанындағы шет аудандар Ақсу, Аюлы, Ақадыр, Ақтоғайға дейін созылып жатқан, Еуропаның екі мемлекеті сыйып кететіндей ұлан-ғайыр атырап. Бұл аймақта сол баяғы Қожабай, Болман, Шашубайлардың зама­нында дәстүр қандай болса, қазір де дәстүрлі өнер халықтың тұрмысында сол күйінде сақталған. Жезқазған – әні мен күйі тұтас, халқы тумысында ән-жырға құмар өлке. Сол елдің талай күйлерін тартып, насихаттап, хал-қарекетіміз келгенше күй антологияларына енгізіп, кітаптарға нота қылып түсіріп жүрген жайымыз бар. Біршама жыл Жезқазған қаласындағы музыка колледжінде сабақ бердім. Бүгінде менің шәкірттерім сол оқу орнында ұстаздық етіп жүр. Ал өзім қазіргі таңда он жылдан асты Астана қаласындағы Ұлттық өнер университетінде домбыра кафедрасында жұмыс атқарып келемін.

– Кеңес Одағының тұсында күй жинақтарын шығару оңайға түспе­ге­ні белгілі. Бүгінде жинақ шығару мәселесі қаншалықты шешілген?

– Иә, кеңестік кезеңде жинақтарымыз шығу үшін қатаң тексеріліп, бірнеше көркем­дік кеңестің сүзгісінен өтетін. Бірақ, Аллаға шүкір, сол кездің өзінде мен бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан Сүгір күйлерінің пластинкасын шығарған едім. Одан кейін «Мәңгілік сарын», «Мың күй» деген күй анто­логияларына менің орындауымдағы күйлер енді. Осы тұста тағы айта кетер болсам,  әлем­ге әйгілі Sony фирмасынан менің шәкіртте­рімнің орындауындағы күйлер енген жақсы дискілер жарық көрді. Сондай-ақ «Қаратау күйшілік мектебі» деген күйтабақ Францияда шықты. Әрине, бүгінде жинақтарды шығару қаражат болса,  бұрынғыдай аса қиындық келтіре қоймайды. Дегенмен шетелдерде авторлық құқық, дискілерді тарату, сату мәселесі – барлығы дұрыс жолға қойылған.

– Қазақ халқымен бірге туып, бірге жасасып келе жатқан күй өнері қанша ғасыр өтсе де көнермей, ұрпақтан ұрпаққа жетуінің сыры неде?  

– Қазақтың тарихи-рухани мәдениеті өте бай. Айталық, қазақ халқының фольклоры, сөз өнері, ұсталық өнер, қолданбалы шебер­лік өнер, киіз басу, ою-өрнек салу, сүйектен өрнек жасау – мұның барлығы біздің этног­рафиялық мұрамыз. Сондай-ақ әдебиетіміз, музыкамыз – халқымыздың маңдайына Алла тағала бұйыртқан несібесі. Алайда осындай рухани байлығымыздың  ең  ұлысы күй деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені күйдің өзі киіз үйдің ішінде туған жоқ па? Яғни күй бол­ған жерде жүйрік ат та, сұлу қыз да, қыран құс та, ән мен жыр да бар – бәрі бір-біріне тығыз байланысты. Ал күйдің ерекшелігін айтпас бұрын оның тарихына тоқтала кетейін. Күйдің алғаш зерттелуі турасында сөз қозғалса, біз әуелі орыс зерттеушілерінің дерек­теріне сүйеніп жатамыз. Баршаға мәлім, XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасыр­дың басында қазақ даласына Ресейден саяхатшылар келе бастады. Оларды кеңес дәуірінде орыстың озық ойлы ойшылдары деп атайтын, тіпті қазір де кейбір әдебиет­тер­де солай жазылады. Шын мәнінде, олар миссионерлікті мақсат еткен жансыздар еді. Осындай жансыздар алғаш Батыс Қазақстан өлкесіне келді. Ол кезде Батыс Қазақстан қазіргі біздің географиямыздағы өлкеден әлдеқайда кеңірек еді. Ол уақытта батысымыз Астрахань, Орынбор, Челябинск, Сарытауға дейін ұзап жататын, бір шеті Башқұртпенен шекараласатын. Сол аймақтың мәдениетін зерттегендер біраз жазба деректер қалдыр­ған. Соның ішінде күй туралы да жазған екен. Зерттеушілер «қазақ деген халық жабайы, түзем болғанымен, олардың музыкасы асыл» деп жазады. Мұндай зерттеушілерді кейіннен Жәңгір хан арнайы шақыртып та отырған. Тіпті ханның жанында күй тартып отырған Дәулеткерей күйшінің суреті сақталғаны жөнінде А.Сейдімбектің «Қазақтың күй тарихы» деген кітабында айтылады. Сонымен, «қазақтың күй деген аспаптық музыкасы бар екен» деген ұғымды қағазға орыстар түсірген. Алайда бұл одан әріде қазақта күй болмады, зерттелмеді деген сөз емес. Егер тарихтың тереңіне үңілетін болсақ, күй сонау ұлт болып қалыптаса қоймаған ұлыстық дәуірден бастау алады. Ежелгі дәуірдегі Күлтегіндердің зама­нында бабаларымыз Сарыөзеннен айырыл­дық деп домбырамен де, сыбызғымен де күй тартып, мұңдарын шаққан. Ал орта ғасырды алып қарайтын болсақ, бұл кезең Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімімен тығыз байланысты. Ол тұста парсы, араб мәдениетінің алға шық­қан дәуірі еді ғой. Сол кездегі араб тіліндегі еңбектерді бүкіл католик әлемі қолданып отырған болатын. Музыкалық дыбыстар, яғни ноталар араб әріптерімен белгіленді. Дыбыстың ұзақтығын осы әріптермен алғаш  белгілеген де – Әл-Фараби. Алайда өзі түрік бола тұра, Әл-Фараби түркілердің аспаптары туралы көп жазбаған. Сол кезде танымал болған үд, саз секілді арабтардың аспапта­рын, оларды қалай ойнау әдістері туралы кеңінен жазды. Дегенмен ол алғашқы шекті хордофондарды зерттеуге жол салып кетті. Оның еңбектерінде біздің ата-бабамыздың аспабына қатысты бір ғана ілік бар. Ол  «гиб­чак» деген шертпелі ыспалы аспап туралы дерек қалдырған. Бұл аспап – қазіргі біздің қобыз. Қобыз, домбыра сынды аспаптар көптеген түркі халықтарында бар. Алайда олар бұл аспаптарды түрліше атайды. Айта­лық, түрікмендер өзінің домбырасын дутар дейді. «Ду» деген екі, «тар» шерту деген сөз. Ал сонау орта ғасырдағы аспаптың алғашқы атауын көшпенді түріктер емес, отырықшы түріктер, оның ішінде өзбектер сақтап қалған. Олар өздерінің қобызын гиджак дейді. Егер арабтың емлелерін ескере отырып оқысақ, оның түбірі «кипчак». Яғни қыпшақтың аспабы деген сөз. Әл-Фарабидің өзі тамыры – қыпшақ, Отырардың тумасы ғой.  Бір кез­де­рі қыпшақтың дәуірлеген қуатты империя болғаны тарихтан мәлім. Тағы бір тарихи кезең – Асанқайғы бабамыз өмір сүрген қазақ-ноғай  заманы. Бұл дәуірде қазақ, но­ғай екіге жарылып, халық қайғыланған заман еді. Осы тұста «Ел айырылған» деген күйлер пайда болған. Ел билеушілердің бастарының қосылмауы, бір-бірімен қырбай болуы  күйлерде аңырап тұрады. «Қазақ-ноғай айырылды. Қазақ сартқа қайырылды. Ноғайлының ну елі қайғыланды, қайғырды. Жылау, жылау, жылау күй, Жылаған неткен мы­нау күй» деген жыр жолдары осы кезде айтылған болатын. Асанқайғы бабамыз но­ғай­дың бөлініп бара жатқанына назаланып, Орманбет биге: «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтып күн көрер.  Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтып күн көрер» деп наразылығын білдірген еді. Әулие болған Асанқайғы жүз жылға жетпей Ноғай елінің шаңырағы шайқалып, шашырап кететінін білсе керек. Сондай-ақ атақты Алтын Орда кезеңінде қа­зақ даласында  «Шошығанның өлімі» сынды күйлер қалған. Күйдің түпнұсқасын алғаш  тартып жеткізген – Қамбар Медетов дейтін күйші. Оның орындауындағы күйлер таспа­ларда сақталмаса да, күйлерді бізге  жеткіз­гендігі туралы деректер бар. Сонымен қатар  маңғыстаулық сал-серілердің соңғы тұяғы, қайқы Мұрат Өскінбаев, Арқада Рүстем­бек Омаров дейтін күйшілер өз заманында даңқтары Алашқа жайылып, күйлерді наси­хат­тауда үлкен еңбек еткен. Р.Омаров – Құрманғазы оркестрінің негізін қалаушы. Жетісуда Нұрғиса Тілендиевтің атасы Тіленді «Ақсақ құлан» секілді аңыз күйлерді бізге жеткізіп кеткен.  Ал Қазақ хан­дығы дәуіріндегі күйшілік өнер Байжігіттің, Тәттімбеттің,  Бейсембай Дөненбейұлының есімдерімен байланысты. Осыншама тарихты бастан кешкен қазақ халқы күйді бүгінге дейін сақтап келді. Әр замандағы ақпарат күйдің бойында сақталған, күй – әр заман­ның куәсі. Күйдің басқа өнерлерден салыс­тырмалы түрде биіктігі де осында десек бола­ды. Күй – сөзі жоқ жыр. Оған мәтін шығаруға да бо­лар еді. Бірақ қазақ – ойдың, сананың халқы. Қазақ қуанышын да, қайғысын да, таңда­нысын да күйге қосады, Әсіресе өзін-өзі жұбатқанда күй шертетін немесе тыңдай­тын бабаларымыз күйді басқа өнерден төбе өнер көретіні де сондықтан. Ақындарға, сал-сері­лерге, жырауларға көрсетілетін құрмет күйшілерге де жасалған. «Бір тартқан күйі бір қаралық» деген сөз осыдан қалған.

– Күй өнерін зерттеушілер күйлердің ерекшеліктеріне орай шертпе, төкпе күй деп бөліп, оларды мектептерге топтастырып жатады. Білуімше, өзіңіз шертпе күйдің төрт мектебі жөнінде кітап жаздыңыз. Осы мектептерді зерттеушілер әдейілеп бөлмей-ақ, о баста Жаратқанның өзі әр аймақтың халқының ерекшелігіне сай күй ошақтарын сыйға тартқандай....

– Жалпы, қазақ даласындағы күй ошақ­тары, яғни күйшілік аймақтар жетіге бөлінеді. Айталық, төкпе күй бұрынғы Бөкей ордасы­ның жері, қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау, Орал өңірінде кең етек алған. Бұл қасиетті мекенде Махамбет, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейлер дүниеге келген. «Сарыарқа», «Адай» сияқты күйлердің отаны. Одан кейінгі керемет аңыз күйлер, жыр күйлер, тараулы, тармақты күйлер сақталған өңір Маңғыстау жеріндегі мектеп әлі де зерттеуді қажет етеді. Ақтөбе, Аралдан бастау алып, Сырдың бойы­на дейін созылып жатқан аймақты қамтитын мектеп – Жиделібайсын күй ошағы. Ал енді шертпе күйге келетін болсақ, оның өзі төртке бөлінеді. Арқаның күйі, Алтай, Тарбағатай күйі, Қаратаудың күйі, Жетісудың күйі.  Күйді жеті мектепке бөлу – оларды  бір-бірінен ала­лау деген сөз емес, бұл – қазақтың музыка мәдениетінің байлығы деген сөз. Мәнердің көп болуы, бұл – байлық. Шертпе күйдің ата­қо­нысы саналатын Алтай, Тарбағатай мектебі Байжігіттен бастау алады. Атақты Абылай­хан­ның, Қабанбайдың заманында өр Алтай­дың ешқандай пұшпағы Қытайға өтпей тұрған кезі еді. Бұл өңірдің күйлері ең көркем, мазмұнды болып табылады. Осы аймаққа іргелес жатқан Сарыарқа даласындағы мектеп Тәттімбеттен бастау алады. Тәттімбетті Біржан сал «Арқадағы ардагерім» деп текке атамаған. Ол қырық буын «Қосбасарды» таң­ды таңға жалғастырып тартқан. Кейбір зерт­теушілер қырық буын «Қосбасарды» қырық данадан тұратын күй деп тура мағынасында түсініп алады. Бірақ бұл қазақтың күйге қа­тыс­ты тапқырлықпен айтқан әдемі тіркестері кең мағынада қолданылуы тиіс. Айталық, ба­тыс жақта  «Алпыс екі ақжелең» деген күйлер бар. Бұл тіркес күйде тыңдағанда алпыс екі тамырыңа бойлайды деген мағынада. Ал Семейде бұл тіркес  «Алпыс екі қоңыр» деп те қол­данылады. Енді арқаның күйшілік ошағы­на оралар болсақ, бұл өлкеден Сембек, Қыз­дарбек, Әбди, берідегі Аққыз, Дайрабайға дейін біздің заманымыздағы Дәулетбек Сәдуақасов, Ерәлі Тоқанов, Мұхаметжан Ті­леу­ханов, Әбікен Қасенов,  Мағауия Хамзин сияқты күйшілердің көші келді. Сарыарқамен іргелес жатқан Қаратаудың терістік жағы. Ертедегі көзқарас бойынша Сарыарқа жай­лау, Шудың бойындағы Бетпақдала қыстау болған. «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеулеп отырар бай» деп Абай өлеңге қосқан – осы аймақ. Мұндағы күйлер Арқаның күйлеріне аздап  ұқсайды, өзгешелі­гі де жоқ емес. Жалпы,  Шу, Созақ өңірі кезін­де мәдениеті дамыған діни орталық болған. Осы бір ғажап мектептің өкілдері Сүгірдің, Бапыштың, Төлегеннің, Жаппас Қаламбаев­тың, Генерал Асқаровтың күйлерінде қобыз­дың әуені естіліп тұрады. Сондай-ақ бұл өңір­дің күйлерінің атаулары да өзгеше. Айталық, басқа өңірде түйеге қатысты «Бозінген» деген бір күй шықса, мұнда бұл күйді «Бозінгеннің бүлкілі» деп анықтамасымен береді. Сол секіл­ді «Толғауды» мұнда «Кертолғау», «Қо­ңыр­ды» «Жолаушының жолды қоңыры» деп атайды. Соңғы мектеп – Жетісу күйшілік оша­ғы. Бір шеті – қырғыздармен, бір шеті Қытай­мен шекаралас жатқан Жетісуда ең көне күйлер сақталған. Бұл күйлерде Алатаудың әдемі мәнері бар, қырғыздың әуеніне ұқсап тұрады. Жетісудың күйлері тек шертпелі емес, төкпелі, желдірмелі, құбылмалы болып келе­ді. Мысалы, халыққа кеңінен танымал Нұр­ғиса Тілендиевтің «Аққу» күйінің бір жері төкпелі, бір жері шертпелі ғой. Қожеке, Тезек төренің заманында Байсерке, Қатшыбай, Тіленді сияқты күйшілердің дәстүрін кейіннен Нұрғиса Тілендиев, ел білетін «Ерке сылқым» күйінің авторы  Әбдімомын Желдібаев секілді күйшілер жалғастырды. Бүгінде осы өлкенің шертпе күйін нақышына келтіріп орындап әрі зерттеп жүрген күйшілердің ішінде Батырлан Әбенов сынды балбармақ күйшіні ерекше атар едім.

– Шығыс Қазақстан өңірінде үш ішекті домбыраны байқап қалғаным бар еді. Бүгінде осындай үш ішекті домбыра оқу орындарында оқытыла ма? 

– Иә, үш ішекті домбыра Шығыс Қазақс­тан өңірінде, нақтырақ айтсақ, жоғарыда айт­қан Алтай, Тарбағатай аймағында кезде­седі. Сол жақта күні бүгінге дейін үш ішекті домбырамен ән салып, күй тартатын ақсақал­дар бар. Жергілікті халық біз үш ішекті деп атап жүрген домбыраны қосбұрау домбыра деп атайды. Біз секілді оқу өтіп кеткендер орыстың «трехструнный» деген сөзін тікелей аударып, үш ішекті деп бұрмалап алғанбыз. Осы қосбұрау домбырада Абай әндерін шығарған, Шәкәрім де ән салған. Бүгінде Семейдегі Абайдың  мұражайында оның балалары ұстаған қосбұрау домбыралар тұр. Данышпан ақсақалымыз Шәкір Әбенов өле-өлгенше қолынан қосбұрау домбырасын тастаған емес. Сондай-ақ Жарқын Шәкәрімов ағамыз қандай концерттерде болсын қосбұ­рау домбырасымен топты жарып отырады. Осы қосбұрау домбыраны да тереңірек зерт­теп, оқу бағдарламасына қосу – болашақтың еншісіндегі іс.

– Қазіргі таңда күй сынды ақсүйек өнер эстраданың көлеңке­сінде қалып бара жатқан жоқ па?

– Жалпы, эстрадалық музыка қазақтың төл өнері емес. Батысқа, Англия, саксондар­дың жеріне Африкадан  құл етіп әкелінген негрлер мен үндістердің фольклоры. Блюз, джаз, рок секілді жанрлар кейіннен Еуропа жерінде дамып, жеке-жеке жанр болып қалыптасты. XX ғасырдың  бас кезінде Еуропа халықтары осы музыкаға бейімделіп, оның талабына көніп, өз музыкаларын шығара бастады. Сөйтіп, біртіндеп әлемді жаулаған эстрада өзінің тарихын қалыптастырды. Бүгінде біз бірнеше қап ақша беріп шақырып ән салдыратын ресейлік әншілерді Еуропада бүгінде ешкім тыңдамайды. Меніңше, болашақта біз де Ресей эстрадасын қатардағы жай ғана музыка ретінде қабылдайтын боламыз. Ал енді қазақ эстрадасына келер болсақ, кеңес заманында қалыптаса бастаған эстрадамыздың аз да болса тарихы бар, өзіне тән жүйесі бар, мәнері бар мектеп болды. Біздің алғашқы эстрадалық әншіміз Роза Бағланова. Ол Болгарияда бүкіләлемдік байқауда оған тең келер әнші болмаған­дық­тан, бас бәйгені қанжығалаған еді. Одан кейінгі буын вокалды аспаптар ансамблі ретінде құрылған «Дос-Мұқасан» тобы және Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев, Нағима Есқалиева, Майра Дәулетбақова сияқты белді әншілер эстрадалық өнерді биікке шығарып, әлемге танытты. Бұл жетістік тек әншілердің ғана еңбегі емес, сол кезеңдегі ақын-сазгерлеріміздің мықты кәсібилігіне де байланысты болды деп ойлаймын. Мысалы, Кеңес Дүйсекеев секілді  кәсіби деңгейі өте жоғары сазгерлер, өңдеушілер, музыканттар эстраданың дамуына үлкен үлес қосты.  Ал бертін келе қазақтың эстрадалық музыкасы құлдырай бастады, нарықтық-базарлық талапқа сай арзан дүниелер қаптады. Бірақ ерте ме, кеш пе мұндай арзан музыканың дәурені өтіп, кәсіби музыкаға сұраныс бола­ды. Сондықтан «қазіргі қазақ эстрадасы» деген тіркесті тырнақшаға алып тастау керек. Өйткені бізде қазір эстрада жоқ. Қазақ эстра­дасы даму үшін үлкен қаржы құйылуы керек, эстрадалық, симфониялық оркестрлер жасақ­талуы қажет. Тек тойдың әншілері емес,  джаз, блюз, рок салаларын меңгерген әнші­лер даярлау керек. Мен айтар едім, қазіргі эстрада деп жүрген музыкамыз төлтума өнер­ге бәлендей зиян келтіре алмайды. Кейбіреулер қазақтың домбырасын қазақ ұмытып бара жатыр, осыны ұмытпасын деп  күйді эстрадаға қосуға мәжбүр болдық деп жатыр ғой. Иә, күй күрделі, қарапайым халықтың ішінде күйді қабылдай алмайтын белгілі бір тыңдаушылар бар. Егер соларға арнап домбыраны эстрадаға лайықтадық десе келісуге болады. Әңгіме – күйді кәсіби түрде тартқан адамнан эстрадалық өңдеуде тартқан адамның артықшылығында емес, дәстүрлі өнерпаздардың танымал еместігін­де. Өйткені эстрада бағытындағыларға сұраныс бар, олар сонымен ақша табады. Ал біз дінімізге берікпіз, олай ақша тапқымыз келмейді. Қоғамда халыққа таңдау болғаны да дұрыс. Бірақ кез келген талантты ақшамен өлшеуге болмайды. Қазақтың өте дарынды, саналы жігіттері көп. Өзімізбен үзеңгілес бо­лып жүрген кейбір әріптестерімнің еңбекте­ріне сүйсініп отырамын. Солардың ішінде ерекше атап өтер болсам, Әлқуат Қазақбаев деген қобызшы жігіт осыдан жеті жыл бұрын бір инсититуттың ұсына алмайтын жобасын жасап, күні бүгін сол ойын жүзеге асыру мақсатында талмай еңбек етіп келеді. Жалпы, қобыз ұстаған адамдардың аздаған көріп­келдігі болады. Құдайсызданып кеткен үкі­мет­тен шыққандықтан, біздер бұған күлкімен қараймыз ғой. Бірақ бұл рас. Әлқуат түркі халықтарының шекті, ыспалы аспаптарын жинақтап, Астананың төрінде түркі халықта­рының оркестрін құрмақшы. Ол оркестрдің құрамында қанша адам болу керек, қандай аспаптар ойналады, қандай шығармалар орындалуы тиіс барлығын жазып, сызып қойған. Қырғыздың күйін, өзбектің әшулә­сын, ұйғырдың муғамын оркестрде әуелет­пекші. Біз қазіргі «Түрксой» директоры Дүйсен Қасейіновтің шекпенінен шыққан адамдармыз ғой.  Тура осындай идеяны ол кісі кезінде өнер академиясында ректор бо­лып тұрған кезінде қозғаған еді. Ол студент­тер арасында түркі халықтарының симфония­лық оркестрін жасақтаған болатын. Ендігі уақытта Әлқуаттың идеясы жүзеге асса, оқу жүйесіне де байлық енер еді. Қырғыздың екі күйін, түрікменнің бір күйін тартам да қоя­мын. Музыкалық мұрасы өте бай. Жобаға қатысты әрекеттерін көрсетіп, концерттер берді. Өзінің шәкірттерін шетел­дерге жіберіп отырады. Қазіргі кезде Елбасы­мыз да түрік халықтарының мәдени, рухани бірігуі туралы айтып жүр ғой. Сондықтан бұл болашақта жүзеге асатынына сенімім мол. Қазіргі жастар – азат елдің ұрпақтары. Атасы­нан қалған мұрасын көзінің қарашығындай сақтап дамытып отырған жастарымыз, шүкір, аз емес. Егер «көк жәшікпен» ғана саралайтын болсақ, олардың жарнамасы аз болуы да мүмкін. Бірақ қазақтың мәдени өмірінде радио мен теледидардан басқа да құнды­лықтар бар ғой. Ізімізден өте дарынды, ойлы күйшілер еріп келеді. Біздің де алдымызда тәрбие берген ұстаздарымыз жақсы болды. Біз өз заманының мықтыларына еліктеп, олардың тартқан күйлеріне ғашық болып өстік. Бүгінде шертпе күйдің ақсақалы болып отырған білімді, білгір тұлға Таласбек Әсем­құловтың өнері де, өмірі де кейінгі ұрпаққа өнеге. Сондай-ақ күйінен Алтайдың әуені аңқып тұратын Секен Тұрысбеков сынды азамат – қазақтың маңдайына біткен дарын. Және бір тілге тиек етер күйші, жас болса да шертпе күйді шебер шертетін  Мұрат Әбуға­зы, Мұқаш Таңғыт, Ардаби Мәулет, қосбұрау домбыраны екі ішекті домбырамен тел тар­тып жүрген Ақжусан Иманғазы секілді жаста­ры­мыздың болашағы алда деп ойлаймын. Қазақтың барлық өңірлерінде де мықты күйшілер бар. Тек соларды іздеп, күйлерін алтын қорға жазып алу мәселесі кенже қалып тұр. «Күйің қайсы?» дегенде эстрадалық өңдеудегі күйлер де алтын қорға еніп кетіп жатыр. Ал кәсіби күй өнерін насихаттауға еңбек етіп жүрген қара шаңырақ Қазақ радиосындағы «Нар идірген», «Сал домбы­ра» секілді бағдарламалар бүгінде бізге ауадай қажет.  Дәстүрлі өнерді насихаттауға атсалысып жүрген «Ел» продюсерлік орталы­ғына, Ғалым Доскен деген жігіттің еңбекте­ріне табыс тілеймін.



Алашқа айтар датым...

Қазіргі таңда «қазақ тарихын нақты деректерге сүйеніп, толықтырып қайта жазылуы қажет» деген бастамалар көтеріліп жүр ғой. Осыған орай Үкіметте үлкен жоба қолға алынуда. Енді әркім өзінің ата-бабасының айналасында тарихты зерттеуді қоятын уақыт жетті. Меніңше, алдағы уақытта қазақ музыкасының тарихы да ғылыми түрде жүйеленіп, кезең-кезеңдерге бөлініп, толықтай жазылуы тиіс. Мысалы, біздің ұлтымыздың әдебиет тарихы мін жоқ, зерттелген, қатталған, жүйеленген. Бұған біздің әдебиетші ғалымдарымыз күш салды. Ал, мәселен, күйшілер өзінің тартып отырған күйінің қай кезде, қалай, неліктен шыққанын білмей жатады.  Сондықтан тек күй ғана емес, жалпы қазақ музыкасының тарихын жазуға деген қажеттілік туып отыр. Кеңестік дәуірде жазылған «Қазақ музыкасы», «Қазақтың шоу бизнесі»  деген  шағын кітаптар бізге енді қол емес. Айталық, музыка тарихын байырғы заман музыкасы, орта ғасырдағы музыка, ноғайлы кезеңіндегі, қазақ хандығы тұсындағы, бодандық уақыттағы қазақ музыкасы деп жіктеп, әр заманды жеке-жеке талдап жазу қажет. Әрине, бұл – бір адамның қолынан келетін шаруа емес,  бір институтқа жүк боларлық жұмыс. Осы идея Үкіметтің назарына ілігіп, болашақта жүзеге асу үшін дарынды, саналы жастарымыз еңбек етсе, нұр үстіне нұр болар еді.





Көрілген: 3099    Пікірлер: 0

жұма, 20.12.2013, 12:28

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31