Дат!

Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік

  • Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік

    Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:


– Төрегелді Шарманұлы, сіз біраз уа­­қыт­­тан бері «жемқорлықпен күресу үшін алдымен сол күресіп жүргендердің өзі жемқорлықтан таза болуы керек» де­­­генді баса айтып жүрсіз. Жалпы, бұ­рынғы шенеунік, қазіргі қоғам қай­рат­ке­­­рі ретінде биліктің бұл дертпен кү­ре­суін қалай бағалайсыз? Сіздіңше, жем­­қорлық дерт пе, әлде әдет пе?

– ... Кезінде лауазымды қызметте жүр­ген тұс­та қандайда бір тараптан гүл немесе ақ­­қай­нар сыйға тартылса біз мұның өзін «орын­сыз жағыну» деп таныдық. Кісі қо­лы­­нан соның өзін алмадық. Ондай әре­кет­терді жа­саудан жиіркендік. Ал қазір сол гүл­дің де ақ­қайнардың да көк тиындық құ­ны болмай қал­ды. Қазіргі жемқорлықтың құл­қыны өте кең. Қоғамда «түйені түгімен жұ­татындар» кө­­бейіп кетті. Ең күлкілісі, тіпті сол жем­қор­лықпен күресіп жүргендердің өзінің жемқор бо­лып шығатыны. Негізінде, бұл жаман қа­сиет қазаққа тән емес еді. Мына мен өз ба­сым біраз кезеңді басымнан өт­кердім. Ке­ңес­тік кезеңде біреудің бір ар­тық нәрсесін көр­се ол талқыға салынатын, тек­серілетін, жа­уапқа тартылатын. Ол кезде қазақ баласы па­ра беруде де, пара алуда да епсіз болатын. Қазір өлім мен өмірдің ара­сында арпалысып жат­қан адамнан пара сұ­райтын халге жеттік. Бұ­ған қатысты бі­реу­лер жалақысының аз­ды­ғын, отбасын асы­раудың машақатын айтып ақ­талады. Бі­рақ жалақысы қомақты, от­ба­сын асы­рау­ға толық қабілетті, қолынан іс ке­летін жо­ға­рыда отырғандардың да осы дерт­ке ұшы­рағаны жасырын емес. Ла­уа­зым­ды қыз­метте отырып алып қилы-қилы про­бле­ма­­ларды шешетін әлгі азаматтардың пара алғандағы айтар бағамы да айдаһар­дың құлқынындай қауіпті. Сайып келгенде, бә­рінің тонайтыны – қара халық. Сол қара ха­­лықтың парақорға жем болып жатқанын көр­­генде «қандай заманға тап болдық» деп баз кешетінім де рас. «Орамалын» жасап мә­се­лені шешуге дағдылану – аса қа­уіпті індет. Егер біз болашақта ұлт болып ұйыс­қымыз келсе алдымен осы індеттен ары­луды ойластырғанымыз жөн. Жем­қор­лықпен қоғам болып күресуіміз керек. Бір­ден пара беруге ұмтылғанша мәселені бас­қа­ша шешудің жолдарын қарастырғанымыз абзал. Тіпті кейде заңды білмегендіктен, тіл­ді жетік меңгермегендіктен оп-оңай бол­ма­шы нәрселерді шешуге «рахметін» айтып сый ұсынатындар да бар. Мұның барлығы күні ертең қазақтың даму үлгісіне кері әсер ететін жайттар. Сондықтан өркениетті ел­дер­дің қа­та­­рынан көрінгіміз келсе қоғам па­ра­қор­лар­дан тазаруы керек. Дамушы ел­дердің са­пы­нан көрінуді мақсат тұтсақ, ең алдымен осы мәселенің мәнісін ке­ліс­тіріп алуымыз қажет.

– Жалпы, біз өркениетті елдердің са­­пына қосылу мақсатында біраз ел­дер­ге елік­тейміз. Сіздіңше, нақ қазір қа­заққа қан­дай даму үлгісі керек? Қа­зақ қай ел­дер­дің даму бағытын өзіне үлгі етіп алуы қа­жет?

– Жаһандану заманында бір елден екін­ші бір елдің үлгі алуы заңдылық. Әри­не, мұн­дай­да біз технологиясы тегеу­рін­­ді, ғы­лыми жаңалықтары таңдай қақ­ты­ра­тын, ақ­па­рат­тық ағыны шапшаң, мә­де­ниеті мен рухани бай­лығы дамыған ел­дерден көп нәр­се үй­ренуіміз керек. Мен бізге үлгі бо­ла­тын елдер Аме­рика мен Жапония дер едім. Қазірде ғы­лыми жетістіктерін дү­ние­жү­зіне кең кө­лем­де жеткізе білуде, әлем са­насына ұтымды сі­ңіре білуде Америка көш бастап тұр. Әлем бо­йынша жоғары тех­нологиялық ғылыми же­тістіктермен жа­са­латын бұйымдардың 45 па­йызы осы Аме­риканың еншісінде. Бұл рет­те Жа­по­ния­ның көрсеткіші 20 пайыз болса, Гер­ма­ния, Ұлыбритания елдері 10-15 па­йыз­ды мөл­шерлейді. Ал біз үнемі үлгі алып оты­ра­тын көршіміз Ресейдің әлем бойынша жоғары технологиялық ғылыми жетістіктері негізінде жасалатын бұйымдар 1,5 па­йыз­дан аспайды. Демек, біз үшін Ресейдің емес, АҚШ-тың немесе Жапонияның жо­ға­ры тех­но­логиялық ғылыми жетіс­тік­те­рінен үйре­не­ріміз мол болмақ. Мұны бір деп қойыңыз. Екін­шіден, даму бағытында ұс­танатын ең ма­ңызды дүние – ол сол елде ашыл­ған жа­ңа­лықтың қай тілде таралуына да бай­ла­нысты. Біз бір ғана қазақ тілінде ақ­парат та­рату арқылы бүкіләлемдік са­наны жаулай ал­маймыз. Өзіміз жиі қол­да­натын орыстың тілі арқылы да ашқан жа­ңа­лықтарымызды дү­ниежүзінің жұртына оқы­та алмаймыз. Сон­дықтан бұл тұста бізге ке­регі – ағылшын тілі. Қазір дүниежүзінде бо­лып жатқан жа­ңа­лықтардың 92 пайызы ағыл­шын тілінде жа­рық көреді. Ағылшын ті­ліндегі басылатын ақ­параттар да, ғылыми жа­ңалықтар да әлем­ге тез таралады. Сон­дық­тан бұл арада бізге тілдік құрылысты же­тілдіру де маңызды бол­мақ. Бір ғана орыс тілін үйреніп алып «әлем­ді жаулап ала­мын» деген ойдан ары­латын кезең әл­де­қашан жеткен. Мұны екі деп қойыңыз. Үшін­шіден, әлемде ғылыми же­тістіктер Но­бель сыйлығымен өлшенеді. Мы­салы, өт­кен ғасырдың басынан бастап бір ғана ме­ди­цина саласында 200-ден астам Нобель сый­лығы берілсе, соның 100-ден ас­тамын тағы сол америкалықтар иеленіпті. Ал қит етсе бітті «Ресей солай істеп жатыр біз де қа­лыспауымыз керек» деп біз үнемі үлгі ала­тын, ресейліктер медицина саласы бо­йын­­ша бір ғасырда екі-ақ Нобель сый­лы­ғын алыпты. Оның өзі Кеңестік дәуірден бұ­рын. Міне, «кімнен үлгі алу керек, қай елдің даму модулі қазаққа тиімді» дегенде осындай жайттарды ескеруіміз керек. Өзге дамушы ел­дердің жақсы жағын ғана алып оны қа­за­қы ортаға сіңіріп, осы бағытта да­ми білсек, бұл үлкен жетістік болмақ. Қа­зақ­тың өзінде «жа­маннан жирен, жақ­сы­дан үйрен» деген на­қыл бар емес пе?! Бү­гінгінің баласы сол жақ­сының жақсы­лы­ғын бойға сіңіруге тал­пынса болғаны. Қа­зақ үшін басты капитал – қазақ баласы. Сол қазақтың баласы өзге ел­дердің жылт еткен жақсылығын санасына ор­нықтырып, сол ар­қылы тілін үйреніп, мә­дениетін ұштап қо­ғамға пайдасын тигізіп жат­са, бізге да­му­дың нағыз үлгісі осы бол­мақ. Ұлттың ұсақ­тал­мауы үшін осы ме­ха­низм­дерді ұс­танғанымыз абзал.

– Дегенмен қазірде өзіңіз тәрізді зия­­лы қауым өкілдерінің тарапынан қа­­­зақ­тың қара баласына қатысты «бү­­гінгі жас­тар тілін аса құрметтей бер­­мей­­тін, та­рихын мүлде білмейтін, ата-дәс­­тү­рін мен­сіне бермейтін мар­ги­налдарға ай­­на­лып бара жатыр» де­ген пікірлер жиі ай­ты­лады. Мұнымен келісесіз бе? Аға буын ретінде кейінгі буынға кө­ңі­ліңіз то­ла ма?

– ... Қазір біз биліктің айналасына, тіпті кі­­шігірім шенеуніктік қызметке жастар ба­рып жат­са қуанамыз. Жастардың өскені, өр­бігені жақ­сы. Бірақ сол жастардың ара­сын­да ла­уа­зым­ды қызметке қолы жетсе, сол қыз­метпен бірге туылғандай болып, өз­дерін бір күнде сондай бола қалғандай се­зі­ніп, сол қызметтен айырылып қалмаудың жо­лында анаған да жа­ғымпазданып, мы­наған да жа­ғым­паз­да­на­тындарының бары кө­ңілге кірбең түсіреді. Кез келген адам мейлі ол жас болсын, қария бол­сын өзінің тегін, шыққан ортасын, түп-та­мы­рын білуі шарт. Жалпы, қазақ текті халық қой. Сол текті халықтың тілін, тарихын, мә­де­ниетін, мүд­десін менсінбеу, ол – тексіздік. Мұн­дай тексіздікке жол бермеуі үшін қал­та­лылар, шен­ділер мен шекпенділер бірін-бірі қол­дап, халықтың мүддесін ұмытуды доғару ке­рек! Өз басым осы уақытқа дейін ары оя­нып аттан түскен бір шенеунікті көрген жоқ­пын! Жастарды аға буын адалдыққа баулуы ке­рек. Адалдықты дәріптеу бір бөлек, ал сол адал ісіңді ашып көрсету арқылы жас­тарға үлгі көрсете алу деген бір бөлек нәр­се. Аға буын­ның бойында дарақылық, даң­ғойлық ба­сым болса кейінгі буын қайда ба­рады?! Сон­дықтан жастарға сын артпас бұ­рын ал­дымен алдыңғы буын жағымсыз әре­кет­тер­ден тыйылуы керек. Алдыңғы буын арасында жа­рыса той тойлау, орын­сыз науқан­шыл­дық­қа салыну, даңғойлық, көр­сеқызарлық, әсі­реқұмарлық тыйылмай жастарды жөндеу қиын.

– Білесіз, қазақтың бір қасиеті бі­реу­ге ұнау үшін іс қылады. Сіз бір са­ла­да 12 жыл бойы министр болған адам­сыз. Бі­реуге ұнау үшін, жағыну үшін қыз­мет ет­­пегеніңіз бізге белгілі. Сіз өзі­ңіз­дің адал­дық, ағалық қасиетіңізді ма­ңы­ңыз­да жүрген жастарға сіңіре ал­дым деп ойлайсыз ба?

– Мен барынша адал болуға тырыстым. Еш­­кімнің алажібін аттамадым. Алдыма кел­се аға­лық таныттым. Рас, 12 жыл бойы ден­­сау­лық сақтау саласының министрі бол­дым. Сол қызметті бір-ақ күнде тастап, Мәс­кеудегі дәрігерлердің білімін жетілдіру инс­титутында кафедраны басқардым. Қыз­мет жолыма көз жүгіртсем адал еңбек, маң­дай термен нан та­уыппын. Атақ-дә­ре­жені де бір басыма үйіп-төгіп беріп жатыр. Мен өзі мақтануды жек көремін. Шамам кел­генше маңымдағы жас­тарға көмектесуге барынша тырысамын. Кө­мегімді көріп, аға­лық ақылымды тың­даған жастардың ма­ған деген ілтипатынан да кенде емеспін. Жал­пы, адал адам сұ­ға­нақ­тардың жолына ке­дергі болады. Ал сол адал адамдарға кедергі жасайтындар көп жағ­дайда жо­ға­рыда отырады. Адал болу бұрын да қиын бол­ған, қазір де қиын. Қазір жемқорлық жай­лап тұрған заманда адал адамды өсір­мейді. Өсу үшін біреуге бірдеңе беру керек, яғни арамдық жолына түскенің. Осындай жайттарды ойлағанда жастар осы індеттен аман болса деп тілеймін. Жастар таза болса, болашақ та сенімді болар еді.

– Сіз, «сый-құрметтен, атақ-дәре­же­­ден кен­де емеспін» дедіңіз. Білеміз, сізге әлемдік деңгейде 41 адамға ғана бұ­йыр­ған ең жо­ғары Леон Бернард на­гра­да­сы тапсырылды. Өз елімізде де біраз мем­лекеттік на­гра­да­лар­ға лайық деп та­нылдыңыз. Естуімізше, сіз осы құр­­мет­терге қоса берілетін қомақты қар­жылай сый­лықтардан, қымбат автокөліктерден үнемі бас тартады екенсіз. Мұның сыры неде?

– Мемлекеттік наградалармен қоса же­ке­леген әкімдердің, министрлердің қо­мақ­ты сый ұсынып жататыны рас. Мен ондай сый­­ды алмаймын. Себебі «алмақтың да салмағы ба­рын» жақсы білемін. Олардың бер­генін алып алып артынан жалтақтап, жа­ғым­паз­данып, соларға жалбақтап күн кеш­кім кел­мей­ді. Өзіме Мемлекеттік сый­лық үшін бе­ріл­ген 10 мың долларды жетім ба­лалар үйіне аудардым. «Тарлан» Платина сыйлығы үшін берілген 10 мың долларды әл-ауқаты тө­мен отбасылардан шыққан студент ба­лаларға үлестіріп бердім. Ақтөбе ме­дицина ака­демиясының, Алматы фельд­шерлік колледжінің 20 студенді сол 10 мың дол­лар­ды бөліп бергенімнің ар­қа­сында ай сайын сти­пендия алып тұрды. Ар­тынан студент ба­лалар оқу­ларын бі­тір­ген­ше сол 10 мың дол­лар жетпей қалып, өз айлығымнан оларға стипендия төлеп кел­дім. Мұның бар­лы­ғы менде болып-то­лып, асып-тасып жатқандықтан емес. Сөй­тіп жүріп өзім сол кезде маркасы ескірген көлік мініп жүрдім. Соны байқаса керек, ми­нистр Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза ке­зінде Джип көлігін сый­лады. Оны да ал­ма­дым, бірден бас тарттым. Өйт­кені маған ең­бек жолымда бәрі аспаннан түспеді. Не нәр­сеге болсын еңбектеніп жет­тім. Мен өмір­де жетіспеушілікті көп көрдім. Бір ай­лық жолақы билетін біз бір үйде бір­неше адам ұстадық. Менің жұмыстан ке­луімді әкем күтіп отырып, мен келген соң сол би­лет­ті алып, ол кісі жұмысқа кететін. Қа­ра­уымда әкем, шешем, үш бала, ауру әйелім бол­ды. Ғылым докторы, ректор болғанға де­йін жетіспеушіліктен құтыла алмадым. Міне, өзім сондайды бастан өткізе тұрып, қиыншылыққа түскен студенттерге, жетім балаларға көмектесе алмасам онда несіне азамат болып жүрмін. Сол мұқтаж жан­дар­дың кеудесінде өмірге құштарлық оянса, құш­тарлықпен бірге жақсылық деген ұғым ұя­ласа, мен үшін байлық деген – сол. Қазір сол менің стипендиямды алған бірер сту­дент­тер Алматыға арнайы іздеп келіп аман­­дығымды біліп, не істеп жүргендерін ай­тып өз­дері есеп беріп кетеді. Мен тіпті сти­­пен­дияның соларға берілгенін де біл­меймін. Әй­теуір жібердім, «біреуі пай­да­сына жа­рат­ты, кәдеге асты» деп ойлаймын. Ар­тынан оны қазбалап сұрау менде жоқ. Жақ­сы­лы­ғым­ның шапағаты тиген балалар өз­дері із­деп келіп, амандығымды біліп жа­тады. Мұн­дайда біреуге пайдамның ти­ге­ні­не іштей қуанамын. Істеген жақ­сы­лығымды жар са­лып айтып, оны артынан қаз­балап, «мен сен­дерге жақсылық істе­ген­мін» деп тізіп оты­руды да суқаным сүй­мей­ді. Менің орнымда ел-жұртын жақсы көретін кез келген азамат солай істер еді. Сондықтан мен де осылай жасадым.

– Десек те қазірде сәл ғана қайы­рым­­ды­лық акцияларын ұйымдастырса өзін жарнамалап, ішкі есебін түгендеп алып жа­татын тұлғалар да бар ғой. «Қа­зірде мұ­ның өзі үлкен синдромға ай­налып кетті» деген пікірлер де бар. Мұ­нымен келісесіз бе?

– ... Әрине, зиялы қауымның арасында, жас­­тардың ішінде бірен-саран ойшылдар легі бар. Бірақ ұлт болып бірлікті сақтау үшін ол ойшылдық аздық етеді. Біздің қо­ғам­ды қа­зір даңғазалық, тойшылдық, ша­ма­дан тыс да­рақылық жайлап алды. Бі­рі­мен бірі жа­рысып ат шаптырып той жасау, сол бір ғана той үшін бәленбай сомаға ша­шы­лу басым. Қа­йырымдылық акцияларын өт­кізу арқылы өз­дерін көрсетіп қалу үрдісі жиілеп кетті. Қа­зақ жетімін жебеп, жесірін жы­латпаған ха­лық емес пе?! Осыны неге ес­кермей жүрміз? Бір жетімдер үйіне бір теледидар апарса оны жар салудың қажеті қан­ша? 50-60-70 жасты ме­рейтой етіп той­лаудың қажеті қанша? Мұ­ның қоғамға пай­дасы бар ма? Біреудің ме­рей­тойының той­ланғанынан ұлттың мәр­те­бесі арта ма? Тіп­ті осындай дарақы той­­лардан қалыс­пай­мыз деп қайсыбір аға­йын қарызданып-қау­ғаланып той жасайды. Мұндайдан тыйылатын кез әлдеқашан өтті. Қазір той-тойлап «әлеулейтін» заман емес. Қа­зір ақпараттық технологиялық даму ға­сыры. Өзге елдер осы көштен қалыспауы үшін ғылым-білімін, мәдениетін, эконо­ми­ка­сын же­тілдіріп әлек. Біз әлі той-тойлаудың ай­на­ласында жүрміз. Той-тойлаудың ғұ­ры­пын­да қалып қою қазақ үшін қауіпті. Осыны ұмытпағанымыз жөн. Бұған қоса қазір үш адамның басы қосылса, қоғамдық ака­де­мия құ­рып алатын болды. Дүниеде не түрлі ака­­демия жоқ дейсің, тіпті «ит ба­ғуш­ы­лар­дың академиясына» дейін бар. Ең қарынды аш­­ты­ратыны Сәтбаев, Әуезов, Сұлтанғазин сынды қазақтың біртуар азаматтарының істеген ісі осындай «академиксымақтардың» көлеңкесінде қалып жататыны өкінішті. Шынайы, таза еңбекпен атақ алған ака­де­мик­тердің еңбегін жаңағыдай жалған ака­де­миктердің, жалған атағының мысы ба­сып кетеді. Жоғары ғылыми атақтардың құн­сызданғаны сонша, әлгілерді көріп, Сәт­баевты академик деуге ұяласың тіпті. Олар осы жалған атақтарын айқайлатып жа­зып қоюға құмар. «Нью-Йорк акаде­мия­сы­ның академигі» деген атақ бар, жүз дол­ларды поштамен салып жіберсең, саған да бе­реді. Бір кезде біреудің осындай атақ ал­ғанын бір газеттің бірінші бетіне ба­ды­рай­тып жазғанын өз көзіммен көрдім. Уа­ғында ғылым кандидаты, докторы болу үшін көп уақыт, аса үлкен ізденіс қажет бо­ла­тын. Қорғау үшін өз ғылыми кон­цеп­ция­сын, ашқан жаңалығын дәлелдеуге өмірін ар­найтын. Бұл – әркімнің жүйкесі шыдай қой­майтын, шыдамы жете бермейтін маң­дай термен, қиындықпен келетін ауыр жұ­мыс еді. Кандидаттықты жылдар бойы ла­бо­раторияда эксперименттер жасай жүріп, кі­тапханаларда айлап өмірімізді өткізіп, ауыл ауруханасында жұмыс істеп жүріп қор­ғадым. Докторлықты ат қорада отырып жаз­ған кездеріміз де болған. Ал қазір кім док­тор болып жатыр? Негізінен, ше­неу­нік­тер, лауазымды адамдар, ғылымға еш қа­тысы жоқ жандар. Кейде осылар «қай кез­де диссертация жазып үлгіреді» деп таң­ғаласың. Өйткені мемлекеттік жұмыста ғы­лыммен шұғылданатындай уақыт жоқ қой. Демек, олар не міндетті мемлекеттік қыз­­меттерін атқармайды, не ғылыми жұ­мыс­тарының түбі шикі. Екінің бірі. Қазір сез­бегенсіп отырсақ та, мұндай жалған атақ қуудың ақыры да ұлтымызды ты­ғы­рық­­қа тірейтін айықпас індеттердің бі­рі. Бұдан соң біздің қоғамдағы тағы бір ін­­дет достық ұғымының төмендеп кет­кендігі. Біздің заманымызда «досты таң­да­май­ды, досты тағдыр табыстырады» деуші едік. Қазіргі қауым досты таңдап-талғап ала­тын болды. Біреудің атақ-дәрежесі, ла­уазымы болса, қолында қомақты қаражаты бол­са соның айналасына достар үймелей қалады. Ол адам бір күнде бәрінен айы­рыл­са, басына күн туса маңында жүрген әлгі достарының бірін таппай қалады. Біреуді мұқату үшін, өзінің жауымен дос бо­латындар да көбейіп кетті. Өзінің қа­сында жүрген досын көре алмаушылық, іш­тарлық, досының жеткен жетістігін қыз­ғанатын «достар» да баршылық. Міне, есеп­пен, таңдап-талғап, дос болудың соңы осыған апарады. Мұның барлығы қоғам­дағы адами қасиеттің азайып бара жат­қанының белгісі. Егер адам азбасын, қоғам тозбасын десек, бұл мәселелерге байыппен қарайтын кезең келді.

– Сіз ойшылдығымыздан, тойшыл­ды­ғымыз басым деп қалдыңыз. Өзіңіз ме­рейтойларыңызды атап өтесіз бе?

– Жоқ, ондайға үзілді кесілді-қар­сы­мын. Жетпіске келгенде, «сіздердің маған де­ген құрметтеріңізге ризамын, «ме­рой­тойға беремін» деген қаражаттарыңызды лей­козбен (ақ қан) ауырып, апатқа ұшы­ра­ған балаларды емдету үшін құрылған қор­дың есепшотына аударсаңыздар риза бо­ламын. Маған ештеңенің қажеті жоқ» деп газетке арнайы хабарландыру жаздым. Сон­да сол кездегі бір облыстың әкімі «Төке, мұ­ныңыз дұрыс емес, сізді ешкім қол­да­май­ды. Дон Кихотсыз ба, дүниеңізді та­рататын» деп телефонмен хабарласты. Сөй­тіп, 70 жылдық мерейтойыма жиылған 3 миллион теңгені бірден Педиатрия және балалар хирургиясы институты жанынан ашылған «Ребенок в беде» атты ба­ла­лардың ақ қан ауруын емдеу үшін құрылған қайырымдылық қорына аудардым. Ой­ла­ңыз­шы, әлгі қорға 3 миллион теңгеден ас­там ақша жиналды. Ол қаншама баланың өмірін ұзартуға септігін тигізді. Біз зайыбым екеуміз үйлену тойымызды да жасамадық, балалы-шағалы болғанда да аста-төк той жа­самаппыз. Қызым мен нағыз министр бо­лып тұрған тұста тұрмысқа шықты. Онда да той жасамадым. Шағын ғана жиыр­ма­шақ­ты адаммен атап өттік. Ұлым бас құ­ра­ғанда да «Мәскеуге саяхатқа барыңдар» де­дім. Немерем тұрмысқа шыққанда да той жасауға ол өзі қарсы болды. Мұның бар­лығы сараңдықтан емес. Сараң болсам мен өзіме берілген сый-сыяпатты, қомақты қаржыны, өзімнің айлығымды жоқ-жітікке үлес­тіріп бермес едім ғой. Осының бар­лы­ғы қоғамның дамуына жат дарақылықты сүймегендіктен. Егер мен өзімде барды тойға шашып даңғойлыққа салынар бол­сам, ол өзінде барды тойға шашатын болса, жал­пы қоғам даңғазалыққа салынар бол­са, сонда біз қашан даму үрдісін қалып­тас­ты­рамыз? Әлемнің талай жерінде болдым, талай елдің дастарқанын көрдім. Нақ осы біз­дің қазақтай тойға шашылатын елді көр­ген жоқпын. Онымен қоймай біз «той бар­дың барын шашады, жоқтың артын ашады» деп тұрып шашыламыз. Тойды қойып өлім-жітімге тойда дастарқан жайғандай жая­мыз.. Өлімде аста-төк шашылып дастархан жаю дегеніңіз – бұл енді тіпті асқандық. Ада­мы өліп азалы болып жатқан сол үйді дастарқанына қарап сынап кететіндер де бар. Мұның барлығы білімсіздіктен, даң­ғой­лықтан туындап жатқан көріністер. Сон­дық­тан қазақ «дамимын» десе мұндайды шектеу керек. Қазір тойшылдықтың заманы емес, қазір ойшыл болған елдер ұтады. Сондықтан қоғамның ойлау қабілетін жетілдіруге күш салғанымыз абзал.

– Сөз соңында сұрайын дегенім, сіз­ді «қартаймаудың құпиясын білетін ака­демик» дейді. Біздің басылым ар­қы­лы сол құпияңызды оқырман­да­ры­мызға ашып айтып бере аласыз ба?

– ...Қазір көпшілігіміздің қарттық ту­ралы түсінігіміз толып жатқан ауру-сыр­қау­лармен байланысты болып келеді. Кәрілікті ем­­демеу керек, тек оның алдын-алуға бо­лады. Бүгінгі өркениетті қоғам зейнеткер­лер­ге «отбасы мен мемлекетке салмақ са­лып отырған қауқарсыз қариялар» деп емес, «қоғамды алға сүйрейтін, ақыл-ойы толысқан мықты қозғаушы күш» деп қа­рай­ды. Бүгінгінің адамдары «денім сау, жұ­мысым табысты, өмірім ұзақ белсенді бол­ғай» деген сөзді жиі айтатын болды. Қазіргі ғылым жетістіктер де ауруды емдеуде емес, оның алдын алуға негізделуде. Оған қоса бюджеттің елеулі бір бөлігі алғашқы са­ни­тар­лық-медициналық аурулардың алдын алу мекемелеріне бағытталып жатқаны қуантады. Бірақ жас кезінен бастап адам­дардың дұрыс тамақтануға дағдылануы аз рөл атқармайтындығын айту қажет. Дүн­ие­жү­зі бойынша адамдардың мезгілсіз көз жұ­мып жатқанының 60 пайызының негізгі се­бебі нақ осы дұрыс тамақтанбаудан орын алу­да. Осыған байланысты Дүниежүзілік Ден­саулық сақтау ұйымы бүгінде дұрыс та­мақтану мәселесін денсаулық сақтау са­ласының басым бағыттарының қатарына шы­ғарды. Қазір бізге шетелден неше түрлі азық-түлік ағылып келіп жатқан тұста та­мақтану мәдениетімізді арттыру басты орын­да тұр. Егер әр адам денсаулығына өзін­де бар капитал деп қараса, ол адам бі­рінші кезекте дұрыс тамақтануға дағ­ды­лануы керек. Сонда ғана қазақ ерте қар­тай­­майды. Оның алып бара жатқан құ­­пиясы жоқ. Дұрыс тамақтануды жүйелеп ал­сақ, қартаймаудың ең негізгі басым­ды­лы­ғы осы. Әрбір қазақ мұны сезінсе ден­сау­лығымыз мығым, елдігіміз жоғары, ғұмыр жасымыз ұзақ болары даусыз.

– Тұшымды сұхбатыңызға рақмет...



Алашқа айтар датым

Қазір үш адамның басы қосылса, қоғамдық академия құ­рып алатын болды. Дүниеде не түрлі ака­демия жоқ дейсің, тіпті «ит бағушылардың академиясына» дейін бар. Ең қарынды аш­ты­ратыны Сәтбаев, Әуезов, Сұлтанғазин сынды қазақтың біртуар азаматтарының істеген ісі осындай «академиксымақтардың» көлеңкесінде қалып жататыны өкінішті. Шынайы, таза еңбекпен атақ алған академиктердің еңбегін жаңағыдай жалған академиктердің, жалған атағының мысы басып кетеді. Жоғары ғылыми атақтардың құнсызданғаны сонша, әлгілерді көріп, Сәтбаевты академик деуге ұяласың тіпті.





Көрілген: 2446    Пікірлер: 0

сейсенбі, 30.07.2013, 12:08

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31