Дат!

Қазіргі жаһандану дәуірінде ешқандай елді мекен томаға-тұйық дами алмайды

  • Қазіргі жаһандану дәуірінде ешқандай елді мекен томаға-тұйық дами алмайды

    Қазіргі жаһандану дәуірінде ешқандай елді мекен томаға-тұйық дами алмайды

Еділ ЖАҢБЫРШИН, Ақтау қаласының әкімі:


– Еділ Терекбайұлы, қазақтан сөз қалған ба, бар кезінде байқалмай, кейін естелік етіп сөз қозғағанда Мұқағали ақын «Өмір» деген өлеңінде айтқанын­дай, «жүрмегендей, сүрмегендей сенде біз» деп, жүрген ізіңде тұтас бір ғұмыр, таусылмас тарих жатады, соны қазақ бірауыз сөзге сыйғызып: «Дидар – ғайып» деген екен. Рас-ау, Ақтау қаласының тарихына көз жүгіртіп көріңіз, айтқанымызға іштей келісіп, тарих беттерін өзіңіз де ойша парақтай кетесіз... Сіз өзіңіз де осы Маңғыстауда туып-өстіңіз, ата-бабаңыздың кіндік қаны тамған жер. Әңгімемізді тарихтан бастасақ, ертедегі Ақтау ауылы, қалай Ақтау қаласына айналды? Осыны өзіңіз айтып берсеңіз.          

– Рақмет, дұрыс айтасыз. Ақтау ауылы­нан Ақтау қаласына айналған бұл қаламыз­дың тарихы ауыз толтырып айтарлықтай. 1961-1964 ж.ж. аралығында Ақтау қаласы «Ақ­тау поселкесі» деп аталды. XIX ғасыр­дың ортасында Қазақстанға жер аударыл­ған украин ақыны Тарас Шевченко­ның құрме­тіне 1964-1991 жылдары «Шевчен­ко қаласы» деп өзгертілген.

Ақтау – өнеркәсіптік қала. Өнеркәсіп қаласының құрылуына Кеңес Одағы бас­шы­­­­лығының, сол кездегі министр  Е.П.Славс­­­кийдің басқаруымен елдің ядро­лық қалқанын жасау туралы шешімі әсер етті. Нәтижесінде уран кенін өндіру, оны өңдеу және байыту сияқты амалдарды орындай алатын ерекше кешен құрылды.

Кешендегі кәсіпорындар желісі химия­лық реагент өндіріп (азот-тук және күкірт қыш­қылы зауыты), жылу және электр энер­гиясымен, сумен (ТЭЦ, БН-350) қам­та­масыз етілетін болды. Су тапшы болған жағдайда тіршілік етуге қажетті инфрақұры­лым пайда болып, адамдардың қалада өмір сүруге жағдайы жасалды.

Қаланың бас жоспары 1968 жылы бекітілді. Жобалау және құрылыс істерінің архитекторы А.В. Коротковтың басшылығы­мен жүргізілді. Ал Ақтау қаласының архи­тек­туралық ансамбілін жасаушы сәулетші­лер, конструкторлар мен құрылысшылар тобына Лениндік (1966 ж.), КСРО Мемле­кеттік (1977 ж.) сыйлықтары, қатал табиғат жағдайында адамдар тұрағын әсем көгалдандырғаны үшін, сумен қамтамасыз еткені үшін Халықаралық Архитекторлар одағының Алтын медалі мен Патрик Акберкомби атындағы сыйлық (1975 ж.) берілді.

 – Еділ Терекбайұлы, 1991 жылы аңсаған азаттыққа қол жетіп, тәуелсіз ел атандық. Кеңес Одағының ыдырауына байланыс­ты кешегі кеңестік, бұл күнде ТМД елдерінің барлығында дерлік бір-біріне байлаулы экономикасы құлдырап, ауыр әлеуметтік-эконо­микалық жағдай орнады. Біздің қаламыз да бұл қиындық­тар­ды бастан кешті. Зауыттар жабылып, өндіріс тоқтады, мамандар шетелге кетіп, балабақ­шалар жабылды, бюджет тапшы­лығы, адамдарды ертеңгі күнге деген сенімнен айырды. Осы тығырық­тан Ақтау қаласы қалай шықты?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты қысқа уақытта ел экономи­касын жаңа жолға қойды. Жаңадан сыртқы саяси және аймақтық байланыстар қалпы­на келтірілді. Мемлекетпен бірге атауы қайтарылған Ақтау қаласы да түлеп, қайта жаңғырды. Қала Тәуелсіз Қазақстанның теңіз қақпасына айналды, жаңа заманауи әуежай, «Ақтау теңіз порты арнайы эконо­ми­калық аймағында» инновациялық зауыт­­тар, цехтар, мектептер мен балабақ­шалар, мейманхана мен мейрамханалар, заманауи тұрғын үй кешендері салынды, мұнай-газ секторы дамыды, кәсіпкерлік қауымдастығы жетіліп, қаланың барлық саласын өркендетуге атсалысты.

Ақтау қаласы ХХІ ғасырдың басында өз дамуының екінші кезеңін бастады. Оған дәлел жетерлік. Ақтау – бүгінде аймағы­мыздың орталығы, еліміздегі болашағы зор қалалардың бірі. Бұл күнде Ақтау Мұ­найлы ауданымен бірге, 300 мың тұрғыны бар Ақтау агломерациясын құрайды.

Еліміздің теңізге шығар қақпасы сана­латын Ақтау қаласы болашақта халықара­лық ірі логистика кешені мен туризм және іскерлік байланыс орталығына айналмақ.  

– Қала халқы жылдан-жылға өсіп келеді, тұрғын үй мәселесін шешу жоспары қандай?

– Қала дамуының стратегиялық мақсаттарының бірі – тұрғын үй құрылысы. Баспана – кез келген адамның бірінші қажеттілігі. Баспананың қадірін пәтерден пәтерге ауысып, жалға төленетін ақыға жұмыс істеп, бір ай бойы төккен маңдай терін пәтерақыға төлегендерден артық білетін жан болмас.

 2013 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 4500-ден аса адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұр.

Тұрғын үйге деген сұраныс күннен-күнге артып келеді, ал оның бағалары қолжетімді деп айта алмаймыз. Бұл ретте, ел Үкіметі бірқатар игі жұмыстарға мұрын­дық болып келеді. Соның бірі – «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы. Бағдарла­маның тоғыз бағыты бар. Оның бірінші бағыты – осы жергілікті атқару органдарын­да кезекте тұрған азаматтарды бір шаршы метрінің бағасы 80 мың теңгеден аспайтын баспанамен қамту. Халықтың бұл катего­рия­сы үшін алдағы үш жылда шамамен 18 мың шаршы метр немесе үш 100 пәтерлік тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр.

2013 жылы  32 Б ықшамауданындағы балаларға арналған шағын орталығы мен 100 пәтерлі шағын отбасылар үшін тұрғын үй қолданысқа беріледі.

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқы­лы несиеге берілетін үйлердің құрылысы «Аққу» шағынауданында екі кезеңде жүзеге асырылмақ, келесі жылы 25 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталуы тиіс. Ақтау қаласында үй бөлудің айналасында жағымсыз пікірлер көп айты­лады, менің қабылдауыма келген азамат­тар осы мәселеге «нүкте» қоюды сұрайды. Осыған орай ендігі жерде бар­лық пәтерлерді бөлу жария, ашық түрде іске асырылатын болады. Қызмет бабымен келген күннен бастап алғашқы тапсырма­ларымның бірі де коммуналдық тұрғын үй қорына инвентаризация жүргізу болды. Нәтижесінде ағымдағы жылы Ұлы Отан соғысының үш ардагері баспанамен қамта­масыз етілді.

Қала келбеті мен халыққа қызмет көр­сету жүйесін жақсарту мақсатында 2012 жылдың 5 қыркүйегінде Ақтаудың 2035 жылға дейін бекітілген бас жоспарына сәйкес, қаладағы құрылыстың барлығы солтүстік-батысқа қарай дамитын болады. Жаңа 19 шағынаудан құрылысы жоспар­лануда. Оның ішінде 10 шағынаудан ты­ныш, жайлы орындарда орналасатын болады. 5-шағынаудан бойынша егжей-тегжейлі жобалау жоспары (ПДП) жасақ­тал­ған, 6-шағынаудан бойынша жасақталу барысында, 8-шағынаудан бойынша қаражат қарастырылған.

Бұл жұмыстарға бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған, бірақ оларды тиім­ді жүзеге асыру үшін алдымен бой көтере­тін тұрғын үйлерді орналастыратын жер және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін шешуіміз керек болды. Осыған орай жаңа шағынаудандарды жылу, су, электр, газ желілерімен қамтама­сыз ету жұмыстары жүргізілуде. 2013 жыл­дың соңына дейін «4-СҚОТ ғимараттары»  және «Электр беру желісі және 4Г-БТС» құрылыстары аяқталып, қолданысқа бе­рілуі жоспарлануда.

– Бәрекелді, Еділ Терекбайұлы, өмір бір арнада тұрмайды дегендей, қазір барлығы жедел даму үстінде. Ақтауды салыстыр­малы түрде «жас қала» деп есептесек, жас қаланың жаңа заман ағымына қарай жаңаша дамуын айта отырсаңыз, қаланы жаңартуда инновациялық өзгерістер бар ма?

– Болашақта қала мен оның өндірістерін электр қуатымен толыққанды қамтамасыз ету үшін энергия үнемдеу технологиясына көшу және шаһардың ескі электр жүйелерін кезең-кезеңмен модернизациялау қажет.

Ағымдағы жылдың 16 тамызында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ел экономи­касын электр қуатын үнемді пайдалану технологиясына көшіру қажеттігі жөніндегі Жолдауын, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредит­теу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы № 146 Қаулысын жүзеге асыру мақсатында, Ақтау қаласының әкімдігі мен «Олимп Юнион» ЖШС арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандумда иелік ету субъектілерінің энергия үнемдеу техноло­гиясына өтуі мен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында саясаты анықталған.

Сонымен қатар қазіргі таңда Ақтау қа­ла­сы Қазақстанда алғашқы болып толық­тай жарықтандырудың жаңа жүйесіне көшпек. «Телеметрия» деп аталатын қондырғының көмегімен шаһар көшелері тегіс жарықтанады. Телеметрия түгелдей іске қосылған кезде көше жарықтарынан 25-30 пайызға дейін үнемдеуге болады. Бұл қала бюджетін айтарлықтай үнемдейді.  

Үнемдегіш құрылғының тағы бір ерек­шелігі – қалада іске қосылмай қалған не­ме­се күйіп кеткен жарықшамдар компью­терден белгі беріп, көрсетіп тұрады. Сон­дай-ақ бұлтты күндері кешен автоматты түрде жарықты қосады. Ресейлік құрылғыға кеткен шығын 2,5 жылда өз-өзін толық ақтайды.

– «Ақтау қаласында қолды болып кеткен жерлер қайтарылып, қаланың кеңеюіне жол ашылып жатыр» деген әңгімені ара-тұра естіп қаламыз. Осыны өз аузыңыздан естісек...

 – Қала территориясында мақсатқа сай пайдаланылмайтын немесе уақытылы игеріл­меген жер телімдерін мемлекетке қайтару жұмыстары қолға алынды. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап мемле­кеттік меншікке 1464,6062 га жер қайта­рыл­ды. Соның ішінде Ақтау қаласы­ның солтүстік-батыс аумағындағы «КазЭмир Деловоп­мент Алматы» ЖШС-ның жеке­мен­ші­гіне берілген 1430,00 гектар жер учас­кесі бар.

Сонымен қатар 2012 жылы басталған теңіз жағажайын абаттандыру жұмыстары бүгінгі таңда да жалғасын табуда.

2013 жылы «Базис-А» ЖШС меншігінде болған 15-шағынаудандағы жер және 1-шағынаудандағы «Солдатский пляж» аталып кеткен жағажайдағы жер учаскелері толық мемлекеттік меншікке қайтарылды.

Ағымдағы жылы 15-шағынаудандағы «Астана» сауда орталығынан «Арго» кафе­сіне дейінгі абаттандырылған жаңа жаға­жай қолданысқа беріледі.

Қалада қызмет көрсету саласын одан әрі жетілдіру керек. Бұл – қонақүй шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және ойын-сауық сауда кешендері. Соны­мен қатар орта және шағын бизнес, қаржы секторы, консалтинг нарығын дамыту да басты назарда. Қала әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жобаларға қолдау көрсетіледі.

Жаңа өндіріс кешендерін, әсіресе «Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағында» инновациялық зауыттар мен цехтарды салу қажет.

Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекет тұрмақ, ешқандай елді мекен томаға-тұйық дами алмайды. Ақтау қаласы мен Қазақс­тан Республикасының және шетел­дердің басқа қалалары арасындағы қарым-қаты­нас­ты нығайту, барлық салада­ғы мемлекет­тік қызметкерлер, жеке кәсіп­кер­лердің бір-бірімен қоян-қолтық арала­сып, іс жүзінде тәжірибе алмасуына жол ашу – қазіргі таңдағы Ақтау қаласы әкімді­гі­нің негізгі ұстанымдарының бірі.

Ақтау алыс-жақын шетелдердегі бірқа­тар қалалармен достық қарым-қатынаста.

2013 жылы өзіміздің Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласымен; Қарақия ауданымен іскерлік, мәдени-рухани байла­нысты арттыруға арналған екі жақты мемо­рандумға қол қойылды.

2012 жылдан бері Оңтүстік Корея Республикасының Чханвон қаласымен; 2009 жылдан бері Әзірбайжан Республи­касының Сумгаит қаласымен; 2006 жыл­дан Иран Ислам Республикасының Горган қаласымен; 2008 жылдан Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр Автоно­мия­лық өлкесінің Қарамай қаласымен;         Ре­сей Федерациясының Волгоград қаласы­мен тығыз достық қарым-қатынас, ба­уы­р­ластық орнату бағытында келісім жасалған.

Ақтау қаласында туризм саласын дамыту мақсатында ағымдағы жылдың        3 маусым күні Ақтауда Қазақстан Респу­б­ликасындағы Чехия Республикасының Төтен­ше және өкілетті елшісі Бедржих Ко­пец­кидің қатысуымен TREE of LIFE  Kazakstan курорттық реабилитация орталығының алғашқы іргетасын қоюға арналған салта­нат­ты шара болып өтті. 35 млн доллар көлемінде инвестиция тартылған 200 орындық курорттық реабилитация орта­лығының құрылысы – әлеуметтік маңызға ие нысан. Оның бастауы 2012 жылдың 23-24 қазаны күндері Чехия Республикасының Президенті Вацлав Клаустың шақыртуымен тарихта алғаш рет Қазақстан Республика­сының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Чехияға ресми сапары кезінде қалыптасқан. Сонымен қатар TREE of LIFE Kazakstan демалыс  орны ашылды. Сыйымдылығы 40 көлікке арналған автотұрағы, екі және үш бөлмелі жайлы үйлері, теңізге қараған VIP коттедждері, жазғы бары, шығыстық, еу­ро­палық және ұлттық асханалы мейрам­ханасы қамтылған әрі теңіздегі түрлі ойын-сауық қызмет түрлерін ұсынатын демалыс орнында демалушыларға толық жағдай жасалған.

– Мемлекет қолына алып, білім және медициналық қызмет сапа­сын арттыру, мәдени-қоғамдық өмірді жандандыру, спортты дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында жұмыстар айтарлықтай жасалып жатыр. Соның бірі – мектепке дейінгі балалардың мәселесін шешу. Балабақшамен қамтамасыз ету – Үкімет тарапынан аймақтар­ға қойылған міндет. Ақтауда бұл мәселені қалай шешіп жатырсыз­дар?

– Бүлдіршіндерімізді толықтай бала­бақ­шамен қамтамасыз ету – басым мақсат­тардың бірі. Алдағы үш жылда сегіз бала­бақ­шаны мемлекет меншігіне қайтару, 10 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстары, 10 шағын орталықтың ашылуы жоспарлан­ды. Сонымен қатар бүлдіршін­дердің тәрбиесімен де жүйелі айналысуы­мыз ке­рек. Оларға ойын алаңдары мен балабақша салып берумен мәселе шешіл­мейді. Сон­дықтан осы жылы 1 қыркүйектен бас­тап мектеп жасына дейінгі балаларға ар­налған оқу-әдістемелік құрал дайындалып, қолда­нысқа енгізілді.

Сонымен қатар әңгіменің орайы келген­де айта кетейін, келер жылы бірнеше әлеуметтік нысан іске қосылады, олардың бірі – 33-шағынаудандағы ҚР Тұңғыш Президентінің зияткерлік мектебі. Абай атын­дағы мәдени демалыс кешеніне күр­де­лі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт­ты дамыту бағытында да елеулі жұмыстар атқарылмақ. Қала халқын спортқа көптеп тарту үшін мектепаралық, оқу ордалары арасында және шағынаудандар арасында түрлі спорттық шараларды ұйымдастыру ойымызда бар.

Біз қаламыздағы кез келген адамның тағдырына бейжай қарамауымыз керек. Қоқыстан тамақтанып, базарда қайыр сұ­рап жүрген баспанасыз адамдарды көрген­де кім де болса еріксіз қынжылады. Адамдардың осылай күн кешуіне не себеп? Олардың тағдырына кім араласады, кім қорғайды? Бұл мәселені шешу үшін 100 орын­дық бейімдеу орталығын салу жұмыс­тары басталды.

Тындырылған іс те, тыңғылықты ойлас­ты­рылған жоспар да жетерлік. Сізге оның бір парасын ғана айтып отырмын.

– Жазушылар шаһардың бір күнгі тіршілігі, қаланың бір тұрғынының өмірі арқылы бір кітап жазып жатады, әрине, оның жанында біз бір сұхбат аясында талай мәселені сөз еттік десек болады. Енді қаланың болашағы туралы аз-кем баян етсеңіз.

– Бұл күнгі жасап жатқан жұмысы­мыздың барлығы – болашақ, жас ұрпақ үшін. Бір сөзбен айтқанда, болашақтағы Ақтау, бұл – өндірістің жаңғыруы, туризм­нің дамуы, Каспий теңізінің транспорттық-логистикалық торабы, мәдени орталық және шығармашылық бастамалар ордасы, жастар болашағы, Қазақстанның даму нүктесі болуы тиіс.

Басты мақсатымыз – халыққа адал қызмет ету. Ол – адамдық борышымыз. Сондықтан біздің есігіміз тұрғындар үшін әрқашан ашық. Жақында іске қосылған Ақтау қаласы әкімдігінің сайты арқылы кез келген қала тұрғыны өзін толғандырып жүрген мәселе бойынша немесе ұсынысы болса, тікелей жеке блогыма жаза алады. Оған міндетті түрде жауап береміз. БАҚ өкіл­дерімен де жүйелі жұмыстар атқарылу­да, бұл бағытқа жауапты – қалалық ішкі саясат бөлімі. Тырнақ астынан кір іздеуді мақсат тұтпай, әділін айтып, өз қаласына жанашырлықпен қарайтын азаматтармен қоян-қолтық жұмыс жасауға әзірміз.

Дарқан қазақ даласының киелі ордасы – Маңғыстау облысының 40 жыл және Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойла­рымен ақтаулықтарды және қала қонақта­рын құттықтай отырып, зор денсаулық, береке-бірлік пен көздеген мақсаттарының орын­далуына шын жүректен тілек білдіре­мін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көк аспаны­мыз ашық, бірлігіміз бекем, тірлігі­міз тия­нақты болсын. Қаламыздың дамуы – Маң­ғыстаудың жетістігі. Сондықтан өңіріміз жетістікке толы болсын!

–Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рақмет.




Көрілген: 2474    Пікірлер: 0

жұма, 20.09.2013, 12:14

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31