Дат!

Құрбан айттың астарында елдік бірлік пен ынтымақты көздейтін үлкен мән-мағына жатыр

  • Құрбан айттың астарында елдік бірлік пен ынтымақты көздейтін үлкен мән-мағына жатыр

    Құрбан айттың астарында елдік бірлік пен ынтымақты көздейтін үлкен мән-мағына жатыр

Оңғар қажы ӨМІРБЕК, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымы – «Иман» журналының бас редакторы:


– Оңғар аға, сіз тәуелсіз еліміздегі қалыптаса бастаған ислами баспасөздің негізін қалаған қарымды да тәжірибелі қалам­гер­лердің бірісіз. Енді бүгінгі әңгімеміз Құрбан айт мерекесі қарсаңында болып отырған­дық­тан, бұл айтулы мейрамның мән-маңызы туралы толығырақ айта кетсеңіз. Ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан асыл дініміздің ең ұлық мерекелерінің бірі – Құрбан айтты қазір өз дең­гейінде атап өте алып жүрміз бе?

– Негізі, бұған әркім әрқалай жауап береді. Дегенмен жасыратын несі бар, бү­гінде біз Құрбан айтта тек құрбан шалумен ғана шектеліп бара жатқан секілдіміз. Өйт­кені бұл айтулы күн демалыс күні бола тұра, елімізде мерекелік шаралар аз өткізі­леді. Кейбір жүрегінде иманы бар, жағдайы жақсы жігіттер таңертең жамағатпен бірге айт намазын оқып, қасапханаға барып мал шалдырып, оны жоқ-жітікке таратып жата­ды. Ары қарай тым-тырыс. Осымен біткен­дей. Жалпы, «құрбан» деген сөздің өзінің негізгі мағынасы «жақын болу, жақындау» дегенді білдіреді. Яғни Аллаға шалған құрбандығы арқылы жақындау. Аллаға жақындаудың, құлшылық жасап, ғибадат етудің мыңдаған түрлі жолдары бар емес пе? Мәселен, бұрынғы ата-бабаларымыз Құрбан айтты қалай тойлаған? Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағында Құрбан айтқа қатысты деректер де кезде­седі. Онда қасиетті мерекенің мән-маңызы, құрбандыққа қандай мал шалу, оның кім­дер­ге міндеттілігі жөнінде шариғат талап­тары мен айт күндері оған дейін араздасқан адамдардың бір-біріне кешірім жасау керектігі жазылған. Қазақ халқы сонымен бірге мағыналы ән-жыр айтып, алтыбақан теуіп, ұлттық салт-дәстүрді дінмен ұштас­тыра отырып керемет өткізген. Айтыс өнері­мен, термемен көпшілікті Аллаға құлшылық етуге, адамгершілік пен ізгілікке шақырған. Обалы нешік, кешегі Кеңес Одағы дінге тыйым салса да, бірқатар қазақ ауылдарын­да айт намазы оқылып, құрбан­дық шалы­нып, арнайы дастарқан жайылып, ата-баба рухына құран бағыштау дәстүрі сақталғанын көзіміз көрді. Міне, көрдіңіз бе, ата-бабала­рымыз Құрбан айтты қалай тойлаған?! Неге бізге осылай республика бойынша мешіт­терде, концерттік залдарда, әрбір өңірдің орталық алаңдарында Құрбан айтты үлкен мерекелік шара ретінде өткіз­беске? Жастар үлгі-өнеге алатындай, ғиб­рат­ты тәрбиелік мәні зор етіп өткізуге шама­мыз келмей ме? Жастарға үлгі-өнеге­лік уағыздар айтылып, түрлі бәйге-жарыс­тар, атап айтқанда, қа­зақ­ша күрес, көкпар, ала­ман жарыс, ақын­дар айтысы, күй тартыс т.б. ұйымдасты­рылып, бұқаралық сипат алып жатса, мұнан ұтарымыз көп. Айт күні «айттық» айтып келген адамға сый-кәде ретінде жайнамаз, тақия, тәспі, кестелі ора­мал, зергерлік бұйымдар ұсынылып жатса, ата-аналары – перзенттеріне, ал перзенттері туған-туыстарына тарту-таралғы жасаса, Құрбан айт тек діни емес, жалпы ұлттық та мәнге ие болар еді. Құдайға шүкір, Тәуел­сіздік алып, дербес мемлекет болдық. Енді бізге не кедергі? Ата-баба дәстүрін ислам дінімен сабақтастыра отырып жастардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңір­ге­німіз жақсы емес пе?  Құрбан айт туралы алдын ала көшелерге безендірулер, «Құр­бан айт құтты болсын!» деген сияқты құт­тықтау сөз­дер іліп, Аллаға мадақ, Пайғам­барға са­лауат айтып, жастарға имандылық қағи­даттарын түсіндіріп, оларды отансүй­гіш­тікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке баулысақ, қандай тамаша болар еді. Ақындардың дәстүрлі ислам діні туралы, жалпы, жастар­ды патриоттыққа тәрбиелеу төңірегіндегі шығарған өлеңдеріне байла­нысты түрлі мүшәйралар ұйымдастырып, дін өкілдері­нің уағызымен қоса, айтыскер ақындардың дәстүрлі ислам дінін насихат­тағанын, діни мазмұндағы театрланды­рыл­ған қойылымдар көрсетсек, анағұрлым сауапты іс болар еді деп есептеймін. Мектеп оқушыларының арасында Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мұқағали т.б. ақындардың Алла тағала, қасиетті Құран, сүйікті Пайғам­барымыз жайлы толғаған шығармаларын жатқа оқығандарына сыйлық беріп, бәйге жарияласақ, Құрбан айт келесіде жас өскін­дердің сағына күтетін мерекесіне айналар еді. Негізі, шариғат үкімі бойынша әдет-ғұ­рып, салт-дәстүр шариғатқа қайшы кел­месе, онда оған ислам діні тыйым салмай­ды. Демек, біздің әдептілік аясындағы ән-жыр айтып, алтыбақан теуіп, көкпар, бәйге ұйымдастырып, ұлттық дәстүр мен дінімізді сабақтастырып мерекелегеніміз шариғатымызға томпақ келмейді. Бірақ, өкінішке қарай, Діни басқарманың құзыры тек мешіттерге ғана жүреді. Ал басқа жерде сол мекеме мен әкімшіліктің келісімі бол­маса, уағыз жүргізуге заң бойынша тыйым салынған. Сондықтан діндарларымыз ешкімге де «олай істейік, бұлай істейік» деп талап қоя алмайды. Егер жергілікті әкімдер осының барлығын ұйымдастырып, діни іс-шараларды ұлттық дәстүрмен ұштастырып жатса, имамдар ондай жерлерге барып  уағыз айтуға қашан да дайын. Көрінген шетелдің әншілерін бәленбай мың дол­ларға шақырып қаражат шығындағанша, осындай пайдалы істермен жас өскіндерге естерінде қалатындай үлгі-өнеге етіп көрсетсек, құба-құп емес пе?! Бұл күні ресми демалыс болғаннан кейін, басқа дін өкіл­дерін де, өзге ұлт пен ұлыстың да басын қосып, елдің елдігін, бірлігін, ынтымағын арттыратындай ұлттық өнер мен ізгі діні­мізді насихаттасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қалай десек те, Құрбан айт тек қан шығара­тын мейрам емес, оның астарында елдік бірлік пен ынтымақты көздейтін үлкен мән-мағына жатыр. Құрбан айт – ел арасындағы татулықты нығайтып, әрбірімізді кешірімді болуға үндейтін, адамдардың бір-бірімен бірлігін бекемдеп, қазақтың қонақжай­лы­лық, ынтымақтастық, достастық, сыйластық секілді қасиеттерін арттыра түсуге дәнекер­лік ететін ұлық мереке. Елбасымыз да дініміздің өркендеуіне жағдай жасап, халқы­мыз діни мейрамын мерекелесін деп Құрбан айттың алғашқы күнін ресми демалыс ретінде жариялады. Ендігі кезекте Қазақстанның бүкіл қалалары, аудандары, шағын ауыл-аймақтарына дейін осы айт мерекесінің ерекше көңіл күйін қалыптас­тырып, ұлттық, бүкіл халықтық деңгейге көтеруіміз қажет-ақ. Өкінішке қарай, бізде Құрбан айтты өткізуді мешіттің шаруасы ретінде қарайтындар әлі де көп. «Дін – мемлекеттен бөлек» дейді де, мемлекеттік маңызы аса зор осынау іс-шаралардың бар­лық жауапкершілігін қолы қысқа, мүм­кіндігі барынша шектеулі діндарларға ысыра салады. Дегенмен дін мемлекеттен бөлек болғанымен, халықтан бөлек емес қой. Ал халқымыздың 70 пайыздан аста­мы­ның ислам дінін ұстанатынын ескерсек, онда бәрібір мемлекет қоғамнан, діннен алшақ бола алмайды. Сондықтан бұл реттегі мәселені мемлекет тарапынан қолға алмаса, істің күткендегідей нәтиже беруі екіталай.

– Енді сізбен дәстүр мен дін төңірегінде әңгіме өрбітсек. Жалпы, ата-баба дәстүрінде исламның алар орны қандай?

– Халқымыздың салт-дәстүрінің кез келген түрін алатын болсақ, түбінде ислами тамыры жатқанын байқаймыз. Дүниеге келген баланың азан шақырып ат қойыл­ғанынан бастап, дүниеден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесік пен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүріміздің исламнан нәр алғанын байқап отырамыз. Сондықтан да ата дініміздегі ислам мен дәстүріміздің арасындағы қарым-қатынас өте тығыз байланыста. Ата-бабаларымыз әділдік пен ізгілікке, қайырымдылық пен өзара бауыр­малдыққа, даналық пен білімге тұнған ке­мел дін – исламды қаншама ғасырлар бұрын осындай асыл да бекзаттығы үшін аттай қалап таңдағаны бекер емес. Өйткені қаны­мызға сіңіп, ұлттық болмысымызға айналған ислам діні – біздің өмір салтымыз, терең  мәдениетіміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «тегіміз – түрік, дініміз – ислам» екенін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Сон­дықтан рухани мұрамыз ретінде зерделеп, оның інжу-маржан, асыл құндылықтарын ардақтап, игеру, қорғау, дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қанша­лықты сіңгенін зерделеу бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың міндеті деп түсінгеніміз мақұл. Ұлы Жаратушыға барар хақ жолды көрсет­кен Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сөз­дері мен іс-әрекеттерін білдіретін хадис пен сүннет исламның Құраннан кейінгі негізі саналады. Мұсылмандар үшін хадис пен сүннеттің рөлі өлшеусіз зор. Бұған алғашқы мұсылмандардың өмірі жарқын үлгі деуге болады. Қыз бала туылса, отбасының беде­лін түсіргендей намыстанып, тірідей жерге көмген, арақ, құмар ойындар, пайыз, өсім алу секілді кеселдер жаппай жайлап, азғын­даған қараңғы да жабайы қоғамды ислам діні аз уақытта-ақ барша адам бала­сы үлгі тұтар шырқау биікке көтерді. Мұндай зор жетістікке ислам дінін қабылдаған елдердің бәрі де қол жеткізді. Соның ішінде түркі халықтары да бұл үшін Алла тағаланың асыл діні – исламға мәңгі қарыздар. Қазақ халқы да бар ынта-ықыласымен, жүрек қалауымен қабылдап, мұсылмандық өмір салтына Құран мен сүннет дәстүрлерін қалыптастырды.

Ислам халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сенім-нанымының негізіне айналды. Осынау ұлттық құндылықтарымыз Құран мен исламның екінші негізі хадистер мен сүннеттерден бастау алған еді.

Пайғамбарымыздың кезеңінен бүгінгі күнге дейін мұсылмандар Алла елшісінің (с.ғ.с.) әрбір сүннетін жалғастыруға тыры­сып келеді. Тіпті қарапайым деп саналатын әдеттерде де Оның (с.ғ.с.) іс-әрекеттерін басшылыққа алады. Мысалы, үйден шық­қанда оң аяқпен шығу, малдас құрып отыру, жатқан кезде оң жағына қарап бір қырымен жату, тіпті әжетханаға кірерде сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу секілді амалдардың бәрі Пайғамбарымыз­дың (с.ғ.с.) сүннеті ретінде үмбетінің күнделікті тұрмыстағы қағидасы деуімізге болады. Осы қағида-ережелер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өзгеріссіз жеткен. Тіпті Оның (с.ғ.с.) ең қарапайым деген амалдары да – біз үшін  үлгі әрі бұлжымас заң. Сондықтан ата-баба дәстүрі мен ислам дінімен біте қайнасып кеткен.

Қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген халық мұраларының көбі сол «сүннетті ұстану» ниетінен туған. Мұның дәлелі бізге жеткен әдет-ғұрыптар мен сенім-наным­дарымыздың көбі хадис және сүннеттерден еш айырғысыз.

Соның бірқатарына ғана тоқталайық:

Әрбір істі бастауда «Бисмилла» деп айту. Бұл әдет мына хадистен туған: «Бисмил­лаһпен басталмаған әрбір істің соңы келте».

Тағамды оң қолмен жеу және әр­кі­м­­нің өз алдынан жеуі. Бұл әдет халқымыздың тәрбие шарттарына еніп, ұрпақтан-ұрпаққа берілген. Бұл да − Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сахаба Амр б. Әби Сәләмә былай дейді: «Бала кезімде Расулаллаһтың (с.ғ.с.) бөлмесінде отырған едім. Тамақ жеген кезде қолымды табақтың әр жеріне жүгіртетінмін. Сонда Расулаллаһ (с.ғ.с.) маған: «Балам, тамақты «бисмиллаһпен» баста және оң қолыңмен өз алдыңнан ғана же», – деді. Бұдан кейін мен тамақты тек қана солай жейтін бол­дым». Осыған байланысты Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.): «Тамақ жеген кезде оң қолыңызбен жеңіз, су ішкен кезде де оң қолмен алып ішіңіз. Себебі шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді», – деген хадисі бар.

Түнде тағамдардың бетін ашық қалдырмау. Халық сенімі бойынша түнде беті ашық қалып қойған тағамды жеуге болмайды. Себебі оған шайтанның аузы тиеді деген сөз бар. Бұл туралы Хақ елшісі (с.ғ.с.): «Қараңғы түсе бастаған кезде балаларыңызды сыртқа шығармаңыздар. Себебі сол кезде шайтандар шыға бастайды. Түнде сыртта жүрген балаларыңызды үйге кіргізіп, «бисмиллаһ» деп есіктеріңізді жабыңыздар. Өйткені шайтандар жабық есіктерден кіре алмайды. «Бисмиллаһ» деп табақтарыңыздың үстін де жабыңыздар. Шырақтарыңызды сөндіріңіздер», – деген.

Тамақтан кейін бата жасау. Халқы­мыз «бата» (Құранның бірінші сүресі «Фати­хадан» шыққан) сөзін дұғаның орны­на қолданған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да тамақ жеп болған соң үнемі Аллаға мақтау айтып, шүкірлігін білдірген.

Батадан кейін «әумин» деу. Пайғам­барымыз (с.ғ.с.): «Адамдар бір жерге жиналғанда біреуі дұға жасап, қалғандары «әумин» десе, Алла оларға міндетті түрде жауап береді (дұғаларын қабыл етеді)», – деген.

Жатып тамақ жемеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен бір жағыма қисайып жатып тамақ жемеймін», – деген.

Нанды жерге тастамау, оны құрмет­теу, жерге түскен нан үгіндісіне дейін теріп алу, оны баспау, бір қолмен бөлмеу. Халқы­мыздың нанды құрметтеуі, жерге түскен үгіндісін де баспай, жоғары көтеріп қоюы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Нанды құр­мет­теңіздер. Себебі ол – жер мен көктің берекеті», – деген өсиетінен туған.

Ыдысқа құйылған тамақты тауысу. Халқымыз тамағын жартылай ішпей қалдырғандарға: «Жаманнан жарты қасық ас артылады» деп ескерту жасап жатады. Ал бұл түсінік Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сендер тамақтың қай жерінде берекет бар екенін біле алмайсыңдар. Олай болса, бір түйірі жерге түсіп қалса, оны да алып, таза­лап жеңдер, шайтанға (ештеңе) тастамаң­дар...» – деген сүннетінен.

Дастарқан басынан ас жиналмай жатып тұрып кетпеу. Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Дастарқан жайылып, тамақ­тар әкелінсе, дастарқан жиналғанға дейін ешкім дастарқан басынан тұрып кетпесін...»

Тамақтан бұрын және кейін қол жуу. Алла Расулы (с.ғ.с.): «Тамақтың берекеті – алдында және кейін қол жууда», – деген.

Көз тию. Халқымызда көз тию, көз тиген адамның ауыратыны, көз тиюмен ауырған адамды оқыту секілді сенімдер бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көз тию – ақиқат», – деген. Алла елшісі (с.ғ.с.) мұндай жағдайда бірқатар дұғаларды оқуға кеңес берген.

Баланы сүндетке отырғызу. Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) сүндетке отырғызуға аса мән беріп, оны «жаратылыстың талабы» деп бағалаған.

Үлкендерге құрмет көрсету. «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген аталы сөзге тоқтаған мұсылман халқымыз дініміздің тәрбиесі бойынша үнемі үлкендерге құрмет көрсетіп, олардың сөзін бөлмеген, алдын кесіп өтпеген, үйге кіргенде орнынан тұрып сәлемдескен. Бұлар да сүннеттен бастау алған. Себебі Расулалла (с.ғ.с.): «Үлкенде­ріңіз үшін орындарыңыздан тұрыңыздар», «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес», – деген.

– Келіннің сәлем салуы ширк пе? Қазір кейбір ауылдардағы беташар тойларда келіндерге сәлем салуға тыйым салдыратын­дар шықты. Өйткені «ол үлкен күнәға – ширкке жатады екен, Аллаға серік қосу болып табыла­тын көрінеді». Бұған не дейсіз?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Амалдар ниетке байланысты», – деген. Діндар ғалым­дарымыздың пікірлері мен пәтуәларына сүйенсек, жас келіннің сәлем салуы – ата-енесіне, үлкендерге деген құрметі. Оларды Жаратушымен теңгеріп, сол үшін иіліп жат­қан жоқ. Бұл жоғарыда айтылған Пайғам­барымыздың (с.ғ.с.): «Үлкендеріңіз үшін орындарыңыздан тұрыңыздар», «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес», – деген хадистерімен үйлес­пей ме?! Мұны үлкендерге көрсетілген құрмет-ізет деп қабылдағанымыз жөн. Құр­мет ниетімен сәлем салу харамға не Алла таға­ла­ға серік қосуға жатпайды. Мұндағы ескеретін жайт, келіннің иілуі намаздағы рүкүғ деңгейіне жетпеуге тиіс. Жалпы, қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмайтыны белгілі. Бұл – тек біздің ұлтымызға ғана тән дәстүр.

– Рухани орындардың тарихы­мен танысуға, ислам ғұламалары­на және бабалар рухына құран оқуға, мұсылман қабірлерін зиярат етуге, сол жерлерде Алладан елдің, жердің амандығын тілеуге бола ма? Себебі кейбір діни адамдар ондай жерлерге баруға болмайды десе, кейбір кітаптарда баруға болаты­нын айтады. Осының қайсысы дұрыс?

– Шариғатымыз ислам ғұламалары мен әулие құлдардың, тіпті жалпы мұсылман қабірлерін зиярат етуге рұқсат етеді.  Пай­ғам­барымыз (с.ғ.с.): «Сендерді қабірге зия­рат етуден тыйған едім, енді зиярат етіңдер. Өйткені ол ақиретті естеріңе түсіреді», – деген. Сондай-ақ рухани жердің тарихымен танысу, өлілерге бағыштап құран оқу, Алладан олардың игілігіне дұға тілеу – мұстахаб, яғни сауапты амалға жата­ды. Ал қандай да бір топ адамды бабалар­дың басына апарып шариғатқа қайшы әрекеттер жасатып жатса, дұрыс емес. Мә­се­лен, «пәленше бабаңның басына баруың керек, бағың байлаулы, ата-бабалардан бата алып, жолыңды ашып береміз, пәлен­шенің басында қой соясың, түгеншенің басында түнейсің, ата-бабалардан бала сұрайсың» деген секілді іс-әрекеттер шари­ғатымызға қайшы. Осылардың қатарына «Ақ ана», «Ата жолы» сияқтыларды жат­қызу­ға болады. Олардың бұл әрекеттері халықтың діни сауатсыздығын пайдаланып, өз мүдделеріне жету үшін ғана жасалынып отыр.

Шариғатта рұқсат етілгеніндей, әулие-әмбиелердің құрметі үшін деп Алладан тілек тілесе болады. Бұл жөнінде толық мәліметті дінтанушы Қайрат Жолдыбай­ұлының «Дін мен діл» кітабынан (тақырыбы «Тәуәссул») таба аласыздар.

– Жалпы, дін мен дәстүрдің біте қайнасып, бірге жетіліп, бірге өркендеуі үшін не істеуіміз керек?

– Құдайға шүкір, ел Тәуелсіздігін алғалы дініміз бен салт-дәстүріміз жайлы аз жазы­лып, аз айтылып жүрген жоқ. Іргелі кітаптар да шығып жатыр. «Енді мектептерге алаш­тану пәні енгізіледі» деген ақжолтай хабарды да естідік. Бәрекелді! Бұл пән ұлттық болмысымызды жан-жақты ашуға тиіс. Ал ұлттық болмысымыз бен құндылық­тарымыз – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сенім-нанымымыз деген сөз. Бұған оқулыққа «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама­сынан жарық көрген екі томдық «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» («Арыс» баспасы, 2006 ж.), курстасым, марқұм Сейіт Кенжеахметұлының үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шыққан «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» («Алматы кітап» баспасы, 2004 ж.), «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» («Алматы кітап» баспасы, 2007 ж.), дінтанушы Шәмшат Әділбаеваның «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» («Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры», 2011 ж.)  кітаптары сұранып тұр. Іздегенге сұрағанның нағыз өзі. Бұларды бастауыш сыныптан жоғары сыныптарға дейін арнайы бағдарламамен сатылатып, рет-ретімен жүйелі түрде оқыт­қан жөн болар еді. Ұлтымыздың табиғи болмысын әрбір қазақ білуге тиіс. Онсыз космополит, мәңгүртке айналмақ. Өз қағы­нан жерігендердің түпкі себебін зерттесеңіз, ұлты туралы ештеңе де білмейтін, кешегі атеизммен уланған интернационалистер болып шығады. Кешегі заман келмеске кет­ті. Енді нағыз қазақ та, шынайы мұсылман да болуымызға не кедергі?

– Мектептердегі дінтану пәніне дұрыс мән беріп отырмыз ба?

– «Дінтану негіздері» деген факульта­тивтік (қосымша) пәнге оны оқу бағдарла­масына енгізгендердің көңілі толмаса, былайғы жұрттан «көңілім толды» дегенді естіген жоқпын. Негізгі тақырыпқа соқпай, тікұшақпен айнала ұшып жүргендей көрі­неді маған. Ресей христианның православие тармағын жалпы білім беретін мектептеріне іргелі пән етіп (біз секілді қосымша емес) енгізіп, оқытып жатқалы қашан?! Біз де жасқаншақтай бермей, дін туралы жаңа заңымызда бекітілген ханафи мәсһабын арнайы пән етіп енгізсек, елдегі күрделі діни ахуал жақсарып, өз шешімін табар еді. Дінімізді білмей, түрлі теріс ағымдар мен секталарда адасып жүрген жастарды не деп кінәлай аламыз? Қажетті деген діни білімді алса ғана оңды-солын айырып, таныр еді де, адаспас еді. Телеарналарымызда да дінімізді насихаттайтын арнайы бағдарлама жоққа тән, атүсті, тиіп-қашып бірдеңе айтқан болады. Күні-түні беріліп жататын шетелдік телехикаялардың біреуінің уақытын дін насихатына берсе ғой, әттең!

– Әңгімеңізге рақмет!




Көрілген: 2422    Пікірлер: 1

сенбі, 12.10.2013, 12:59

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31