Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдаған басшылардың өзі де қызметтен босатылатын болады

01 ақпан 2011, 11:16

Амантай ӘУБӘКІРОВ, ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры:

– Амантай Акрамұлы, ішкі істер органдарындағы Сіз жетекшілік ететін қызметтердің бірі – криминалдық полиция және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімдері жұмысының тиімділігін арттыру үшін өткен жылы қандай істер атқарылды?
– Ең алдымен, ішкі істер орган­дарында түбегейлі реформа процесі жүріп жатқанын атап өту керек. Бұл – қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттырудың кезекті сатысы деген сөз. Мұндағы мәселе тек құрылымдық өз­геріс­тер тура­лы ғана емес, құқық қорғау органдарының атқаратын қызметі жа­йын­да да болып отыр. Сондай-ақ әрбір бөлімнің қызметі нақтыланып, аражігі ажыратылады, олардың нақты құзыреті айқындалып, басқару буындары қыс­қар­тылады, осылайша қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ететін төменгі бөлім­дер күшейтілетін болады.
Министрдің тапсырмасы бойынша, жедел және тергеу бөлімдерін реформа­лау жұмысы жүргізілуде. Оның алғашқы ілкімді жобалары Астана қаласының және Алматы облысының Ішкі істер     де­партаменттерінде басталды. Бұл тәжі­рибе азаматтардың арыздары бойынша процессуалдық ше­шім­дерді қабыл­дау­ды және қылмыстарды ашу жөніндегі жедел іздестіру іс-шарала­рын жүргізуді анағұрлым жылдамдатады деген сенім­деміз. Бүгінгі күні Қазақстанда жағдайға елеулі ықпал ететіндей ауқымды ұйымдасқан қылмыс жоқ. Бұл ретте біз криминогендік жағдайға шынайы баға беріп, жүйелі шешімдер қабылдап оты­ра­мыз. Соңғы уақытта қылмыстар­дың ауыр және аса ауыр түрлерінің азайғаны байқа­лады. Жалпы, қылмыстар­ды ашу жақсар­ды.
 Мәселен, 2010 жылы қасақана кісі өлтірудің 603 оқиғасы, 7,5 мыңнан ас­там қарақшылық пен кісі тонау, 35 мың­дай мүлік ұрлау қылмыстары ашылды.
Сондай-ақ өткен жылы ұйымдасқан қылмыстық топтардың 55 жетекшісі мен 263 мүшесі, 50 криминалдық «бедел­ділері» қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оларға қатысты 923 қылмыс­тық іс қоз­ғалды, оның ішінде 37-сіне ұйымдасқан қылмыстық топтарды құрып, басшылық жасағаны үшін айып тағылды.
Бұрын іздеуде жүрген 4420, оның ішінде адам өлтірген 71, кісі тонап, қа­ра­қ­­шылық жасаған 451 қылмыскер ұс­тал­­ды. Басқа мемлекеттердің құқық қор­ғау органдары іздеу салған 449 қыл­мыскер құрықталды.
– Осы тұста сөзіңізді бөлейін, көрші елдердің құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта қандай нәтижелер бар екенін де айта кетсеңіз...
– Өздеріңіз білесіздер, біздер ел аумағында ауыр қылмыстар жасап, шекара асып қашып кеткен қылмыс­керлерді іздестіру, ұстау үшін көрші мемле­кеттердегі әріптестерімізбен де ақпарат алмасып, ынтымақтасқан іс-қимыл шараларын да жүргізіп отыра­мыз. Мысалы, өткен жылдың қараша айының соңында Қазақстан Республи­касы ІІМ Криминалдық полиция коми­тетінің қызметкерлері Ресей құқық қор­ғау органдарымен бірлесіп, біздің елде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаға­ны үшін іздестіруге жарияланған, Сол­түс­тік Кавказ аумағында жасырынып жүрген 17 қылмыскерді ұстады. Бұл са­нат­тағы қыл­мыс­тық істерді тергеу бары­сын, олардың уақтылы сотқа жіберілуін ІІМ ерекше бақылауға алады. Қылмыс­кер қайда қашса да құтылмайтынын, құқық қорғау орган­дарының құрығы ұзын екенін осыдан-ақ байқауға бола­ды.
Сонымен бірге басқа ТМД елдерінің құқық қорғау органдарында іздестіруде болған қылмыскерлерді Қазақстан аума­ғында ұстау бойынша жұмыста да оң нәти­желер бар. Мысалы, Қырғыз Респу­бли­­касының құқық қорғау орган­дарына Ош облысында болған қақты­ғыстар кезінде ішкі істер бөлімінің бас­тығы мен оның көлік жүргізушісін асқан қатыгез­дік­пен өлтіргені үшін іздеу  жари­я­лаған қылмыскерді бірігіп ұстауға көмек көрсет­тік. Былтыр қырғыз жур­налисі Г. Павлюкті өлтіруге қа­ты­сы бар екі қылмыскер қыр­күйек айында Алма­тыда қолға түсті.
– Соңғы кезде беделді және бағалы автокөліктердің саны артуда және олар қылмыстық қолсұғушылықтың объектілеріне айналып барады. Тәртіп сақшылары автокөлік ұрлығы мен оларды айдап әкетуге қалай қарсы тұруда?
– Иә, елімізде қымбат тұратын автокөліктер көбейіп келеді, олар ұрлық­пен айналысатын қылмыстық топ­тардың наза­рын өзіне аударуда. Соны­мен бірге полиция бұл қылмыс түріне қарсы іс-қимыл жасауға мақсатты бағыт­­талған шараларды қабыл­дауда. Жүргізілген жедел іздестіру іс-шара­ларының нәтижесінде қымбат көліктерді ұрлауға маманданған бірнеше қылмыс­тық топтар қолға түсті. Қазан айында Алматы қаласының ІІД және Криминал­дық полиция комитеті Оңтүстік өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы қаласының  және  облысының аумағын­да шетелдік беделді көліктерді ұрлағаны және айдап әкеткені үшін бес адамнан тұратын қылмыстық топты ұстап, қамау­ға алды. Олардан ұрлан­ған 15 автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар қыл­мыс­тық топтың азаматтардың тұрғын үйлеріне қарақшылық шабуылдар жа­сау­мен айналысқаны анықталды. Олар­дан атыс қаруы, оқ-дәрілер, жол поли­циясы қызмет­керінің арнайы киімі, рациялар және көліктердің дабылдарын өшіруге арналған құралдар алынды. Сон­дай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысын­да еліміздің оңтүстік өңір­лерінде авто­көлік ұрлаумен айна­лысқан  төрт адамнан құрыл­ған қыл­мыс­­тық топ ұсталды. Бұл топтан ұр­лан­ған 20-дан астам автокөлік табыл­ды.
– Сіздің жұмыстағы тағы бір маңызды бағыт есірткі бизнесіне қарсы күрес болып табылады. Ішкі істер министрлігі есірткінің қоғамға келтіретін зиянын азайту үшін қандай шаралар жасап жатыр?
– Есірткі бизнесіне қарсы күрес – ауқымы кең халықаралық міндет, оның шегі жоқ десе де болады, қаупі мен қатері де бірдей. Оның үстіне, Қазақстан бұл соққыны алғашқылардың бірі болып өзіне алады, сонымен қатар ауған есірткісінің экспансиясына қарсы қалқан болады. Қазақстанда есірткіге және есірткі бизне­сіне қарсы күрестің 2009-2011 жылдарға арналған бағ­дарламасы іске асырылуда. Бұл іс-ша­раға 38 млрд теңге бөлінген, ол қаржы тек есірткі қылмысына қарсы күрес­ке ғана емес, сондай-ақ есірткі айналы­мының алдын алуға, қоғамда есірткіге қар­сы иммунитет қалыптастыруға, есірткіге тәуелді адамдарды емдеуге және оңал­туға, есірткінің заңды айна­лымы саласын бақылауға, есірткіге қар­сы халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған.
Өткен жылы сегіз мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелді. Заңсыз айна­лым­нан 23 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 133 килограмм героин тәркілен­ді. Соңғы 10 жылда есірткіге қарсы саясат елдегі есірткі жағдайын тұрақтан­дыруға мүмкіндік берді. Еліміз арқылы өтетін есірткі, оның ішінде героин контра­бандасының көлемі азайды. Қазақ­стан аумағында есірткі қылмысын жасағаны үшін ұсталған шетелдік аза­мат­тардың саны азаюда. 2009 жылы бұл көрсеткіш 21,8 пайыз болса, өткен жылы ол 14,3 пайызға төмендеген. 2008 жылы есірткі қылмысына қатысты жазалар кү­шейтілді, атап айтқанда, есірт­кі контра­бандасы, оларды оқу орын­дарында және  кәмелетке толма­ған­­дарға сатқаны, сон­дай-ақ ұйымдас­қан қылмыстық топ құра­мында жасаға­ны үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айы­ру жазасы қолданылатын болды. Заң шыққаннан бері жүзден астам қылмыскер 12-15 жыл­ға, тоғызы 20 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылды. Тағы біреуі өмір бойы бас бостандығынан айырылуға сот­талды.
– Ал енді көп қылмыстар куәгерлердің көмегімен ашылып жатады. Көптеген елдерде осы куәгерлерді қорғаудың арнайы бағдарламалары бар. Өйткені қылмыстық топтар әшкере болмас үшін куәгерлерге дөңайбат көрсетіп, кейде көзін құртуға да тырысатыны жасырын емес. Бізде бұл жағы қалай, куәгерлерді қорғайтын арнайы бағдарлама бар ма?
– Әлбетте. Қылмыстық процесте ұйым­дасқан қылмыстық топтар жасаған қыл­мыстарды, жалпы, аса ауыр қыл­мыс­тарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кезінде жәбірленушілердің, арыз иелерінің, куәгерлердің жауабы қылмыскерлерді әш­керелеуде үлкен көмек көрсететіні белгілі. Қылмысқа қарсы күрес қылмыстық процес­ке қаты­су­шы адамдардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету және оларды ықтимал қыл­мыс­тық қолсұғушылықтардан қорғау бойынша арнайы шараларды қолдан­байын­ша тиімсіз болады. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды қосым­ша қорғау шаралары ІІМ әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық про­цес­ке қатысушы адамдардың қауіпсіз­дігін сақтау мәселелері бойынша толық­тырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгі­ленген. Ұсынылған заң Конс­титуцияның ережелерін одан әрі іске асыру­ға бағыт­талған. Бұл қылмыстық  қолсұғушылық­тардан зардап шеккен адамдар­дың бұзылған құқықтары мен заңды мүдде­лерін қалпына келтіру үшін нақты қадам деп айтуға болады. Сонымен қатар қылмыстық іс жүргізу кодексіне де бұл мәсе­лелер бойынша тиісті өзгертулер енгі­зілді. Осылайша мемлекеттік қор­ғау­ға жататын адамдардың қауіпсіздігі қылмыс­тық процесс басталғанға дейін, яғни қыл­мыстық қудалау органы дайын­далып жат­қан, жасалатын және жасал­ған құқық бұзушылық, қылмыс туралы ақпарат алған уақыттан бастап, қылмыс­тық процесс аяқ­тал­ғанға дейін қамта­масыз етілетін бола­ды.
– Ал енді қылмысқа қарсы күресті жетілдіру, мамандар даярлау бойынша жұмыстар қалай жүргізілуде? Қылмыстарды ашуда кадрлардың дайындығы да үлкен рөл атқарады емес пе?
– Иә, дұрыс айтасыз, қылмыстың дер кезінде ашылуы кадрлардың дайындығына да байланысты. Біз мамандарды дайын­дауға әрқашан көп көңіл бөлеміз. Қараған­дыдағы Ішкі істер министрлігінің академия­сында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша мамандар дайындайтын ведомс­твоаралық орталық бар. Крими­налдық полиция қызметкерлері осы орталықта білімдерін жетілдіріп отыра­ды. Сондай-ақ мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп, күнделікті қыз­мет­тегі әдістемелік нұсқаулар мен тәжі­рибелер талқыланып, бағдарла­малар дайындалады. Сонымен бірге  халық­ара­­лық тәжірибелерді есепке ала оты­рып, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес­ті күшейту мақсатында Ішкі істер министр­лігі «Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойын­­ша Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заң­нама­лық актілеріне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сын әзір­ле­ді. Онда ұйымдасқан қылмыс­ты жа­­за­лауды қатаң­датудың нысандары жасалды, оның ішіне ұйым­дасқан қыл­мыс­тық топты қаржы­лан­дыру, оған кәмелетке толмағандарды тарту, оның әрекеттеріне мемлекеттік қызмет­кер­лердің араласуы кіреді. Қазір бұл заң жоба­сы Парламенттің Мәжілісін­де қара­лып жатыр.
– Аталған заң жобасының соны жақтарына, ол қабылданған жағдайда күтілетін нәтижелерге азырақ тоқталсаңыз...
 – Бұл заң жобасында ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл жасаудың, оның әрекет етуін қаржыландыру көздерінің жолын кесудің, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың оларға қатысу фактілерін жоюдың жаңа нысандары мен әдістері қарастырылған, ұйымдасқан қыл­мыстық топтар, қыл­мыстық қауымдас­тық­тар, трансұлттық қылмыстық топтар жасай­тын құқыққа қарсы әрекеттер үшін жазалар қатаңда­тылады. Қылмыстың осы түріне қар­сы күрестің жаңа нысандары мен тәсіл­дерін енгізу шаралары қарастырылған. Қылмыстық орта «беделділерінің» ұйы­м­да­сып әрекет етуіне жағдай туғызатын қаржы көздерін жоюды қарастыратын нормалар да бар. Сондай-ақ заң жоба­сында ұйым­дас­қан қылмыстық топ құрамында болған тұлғаны мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салу туралы да айтылған. Ал бұрын ұйымдас­қан қылмыс құрамында қылмыс жаса­ған адамдарды жұмысқа қабылдаған басшылардың өзі де қызметтен босаты­ла­­тын болады. Мемлекеттік қызметке қабыл­данатын кезде кадр қызметіне көрінеу жалған мәліметтер мен құжаттар ұсынған адамдар үшін де жауапкершілік белгіленген. Мұның бәрі жеке тұлғаны, қоғамды, мемле­кетті ұйымдасқан қыл­мыс­тың теріс ықпалынан құқықтық қорғау деңгейін арттыруға ұйымдасқан қылмыстың алдын алу үшін негіз бола­ды.

Алашқа айтар датым...
Қылмысқа қарсы күрес – баршаның ісі. Оған бүкіл қоғам болып жұмылып, бірігіп күресу қажет. Азаматтардың ішкі істер органдары­на қолдауы мен көмегі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда, қылмысты дер кезінде ашып, қылмыскерді ұстауда үлкен ықпал етеді. Кез келген қылмысты көрген, куә болған адамдар оны бүгіп-жасырып қалмай, әшкерелеуге атсалысса немесе қандай да бір қылмыстың алдын алу ісіне көмектесуді азаматтық парызы санаса, бұдан қоғам тек ұтатыны анық.