Дат!

Қызметте де, рингте де қорғайтының елдің намысы

  • Қызметте де, рингте де қорғайтының елдің намысы

    Қызметте де, рингте де қорғайтының елдің намысы

Бақтияр АРТАЕВ, Афины Олимпиадасының чемпионы:


– Бақтияр, сізге үлкен сенім артылып, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тізгіні тапсырылды. Жаңа қызметтегі жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр? Жоспарларыңыздың ауқымды екенін ғана білеміз.

– Сөзімді бастамас бұрын, бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына зор алғысымды білдіргім келеді. Өйткені Президентіміздің қолдауымен, Президен­тіміздің тағайындауымен мен осы лауа­зым­ды қызметке бекітілдім. Иә, ешкім де таңғала қоймас, қызметтен қызмет ауыс­тырып, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубына басшы болып келдім. Өздеріңіз де білесіздер, бұған дейін спорт мектебінің директоры болдым, ауыл әкімі болдым. Бірер жыл облыстық спорт басқармасының басшысы қызметін атқардым. Одан кейін екі жылдан астам уақыт облыстық аппарат басшысының орынбасары қызметінде тәжірибе жинақтадым. Енді міне, жеті айдан асып барады, президенттік кәсіби спорт клубының басшысы қызметін атқа­рып жатырмын. Өзіме үлкен сенім артқан еліме, Елбасымызға айтар алғысым шексіз.

Енді «Астана» президенттік кәсіби спорт клубына келер болсақ, бұл – жаңа­дан шаңырақ көтеріп отырған мульти­спорттық жоба. «Бұл клубтың ҚР спорт істері жөніндегі агенттік, Штаттағы ұлттық командалар дирекциясы немесе спорт басқармалары сияқты мекемелерден айыр­машылығы не?» деп сұрайтындар көп. Кәсіби спорт клубының олардан басты айырмашылығы, біз спортшыларға жан-жақты жағдай жасап қана қоймай, бола­шақта ақша табуды да жоспарлап отыр­мыз.

Президенттік кәсіби спорт клубының авторлық құқығы бар. Спорттағы «Астана» бренді болады. Заңды түрде бекітеміз. Содан соң «Астана» деген атаумен басқа ешкім шыға алмайтын болады. Ол үшін бізден рұқсат алулары қажет болады. Бүкіл әлемге танымал елордамызды «Астана» деген брендімен одан әрі асқақтатып, төрткүл дүниеге мәшһүр ететін боламыз. Споршыларымызды жеке тұлға ретінде жер-жаһанға жария етіп, еліміздің мерейін тасытуға тырысамыз. Негізгі мақсатымыз – осы, ал бағытымызды коммерциялық десек те болады.

– Бүгінде бір байқағанымыз, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құра­мына кірмей қалғандардың көбісі оның сапына өтуге құштар сияқты. Бәрі де осы мультижобаның құрамына кіріп, қаржыдан қиындық көрмеуді ойлайтындай. Бірақ президенттік кәсіби спорт клубы созылма­лы емес шығар. Осыған не дейсіз? «Аста­на» мультижобасының құра­мын өсіре беру керек пе, жоқ па?

– Өте орынды сұрақ. «Астананың» құ­рамы созылмалы емес! Қазір біз шектеу қойдық. Қазіргі құрамымызда бар спорт­тық клубтар мен жеке тұлғалармен шекте­леміз. Солармен ғана жұмыс жасаймыз. Олар­дан асады деп ойламаймын. Ал бұ­дан кейін біздің құрамамызға басқа клуб­тар кірмейді. Осымен тоқтап, осы құрам­мен жұмыс жасаймыз.

– Ендігі бір өзекті мәселе, сіздер осы президенттік кәсіби спорт клубының басшысы ретінде, не болмаса демеушісі ретінде қандай да бір талап қоя аласыздар ма? Мысалы, құрамдарыңызда су добы клубы бар. Алайда қазақ спортына, алты Алаштың су добына өлшеусіз еңбек сіңірген, төрткүл дүниеге танымал Нұрлан Меңдіғалиев және Асқар Ораза­ли­нов сияқты жарық жұлдызда­рымыз оның басы-қасында жоқ. Осындай өз мамандарымыз ұмыт қала бермек пе? Халықаралық ареналарда жинаған мол тәжірибелерін жастарға сіңіру үшін оларға мүмкіндік беріле ме? 

– Біздің президенттік кәсіби спорт клубымызда сараптау және стратегия секторы (бөлімі) бар. Алдағы уақытта осы департаменттегі мамандарымыз өз жұ­мыс­тарын бастап, осы бағытта зерттеулер жүргізеді. Олар өздерінің зерттеулерінің нәтижелерін президенттік кәсіби спорт клубына баяндап, өз тұжырымдарын ұсынатын болады.

Қазіргі таңда бізге шетелдерден көп бапкерлер, көп спортшылар келіп жатыр. Бірақ олардың бәріне талдау жасап отыр­ған ешкім жоқ. Олардың трансферлік талаптарын орындап, бәленбай қаржы аударып, қыруар ақша төлеп отырмыз. Біз осылардың бәрін бір жүйеге келтіре­міз. Жан-жақты зерделеп, талдаймыз. Шетел­ден келетін спортшы бізге қандай пайда келтіре алады, қандай үлес қоса алады, бізге лайық па, соның бәрі зерде­ленеді. Содан соң өзіміздегі (яғни ішкі рыноктағы) спортшыларды мейлінше зерттейміз. Қабілеті қандай, мүмкіндігі қандай деген­дей. Осыдан кейін екі жақты салыстырып, нақты шешім ғана қабыл­да­натын болады.

Бұдан кейін монополия қоя бастаймыз. Бұдан былай кез келген спортшыны, кез-келген жаттықтырушы беталды ала беру деген болмайды. Беталды ешкімге ақша аударылмайды. Бұл мәселенің бәрі жүйелі түрде жүргізіледі, ретке келтіріледі.

Біздің елімізде қаншама спортшылар, қаншама бапкерлер бар. Солар тұрғанда біз неге сырттан спортшы немесе маман іздеуіміз керек. Бұл мәселені біз болашақ­та осылай шешеміз деп отырмыз.

Қазір біз өзіміздің жұмыстарымызды жүйелендіріп алып, жарнамамызды кү­шей­тіп, бәрін ретке келтіріп алумен айна­лысудамыз. Бұдан соң өз құрамымыздағы клубтарға шығамыз. Яғни олармен қоян-қолтық жұмыс істей бастаймыз.

– Жалпы, осы «Астана» қазаққа не береді? Бере ала ма?..

– «Астананың» қазаққа берері мол. Бүгінде Елбасымыздың арқасында экономикамызды дамытып жатырмыз. Ал әр елдің күштілігін, жігер-қайратын көрсе­тетін – спорт. Біз спортшыларымыз арқылы бүкіл әлемге күш-жігерімізді де танытамыз. Дәл қазір біздің клубтарымыз – жеке-жеке таныстыруды қажет етпейтін танымал ұжымдар. Бірақ біз олардың бәрінің басын біріктіріп, қолға алған ісімізді бір жүйеге келтіріп алып, алып күш ретінде әлемге танылатын боламыз. Еліміздің даңқы ар­тып, ғаламшарға спорттық держава ретін­де таныла бастасақ, спортымызды ком­мерциялық тұрғыда жетілдіре түссек, нұр үстіне нұр емес пе?! Бүкіл әлем біздің елдің спортқа қаражаяу еместігін біледі. Енді олар «мына қазақтар спортқа ғана бейім емес, оны коммерциялық тұрғыда жетілді­руді де игеріпті» деп сүйсініп жатса, жаман ба? Астана – жас мемлекетіміздің бренді. Енді оны спорт арқылы да дүниежүзіне паш етіп, еліміздің абыройын өсіре берсек деген ойдамыз.

– Бақтияр, енді жеке басыңыз­ға тоқталып өтсек. Бірер жыл шаршы алаңның шаңын көкке шығардыңыз. Бірақ үлкен спорт­тан ертерек кеткен сияқтысыз. Спорттық карьераңызда өз мүмкіндігіңізді толықтай жүзеге асыра алдыңыз ба? Жоқ әлде, «әттеген-айларыңыз» бен өкініш­теріңіз де бар ма?

– Мен өз әлеуетімді 60-70 пайызға жүзеге асырдым деп ойлаймын. Бірақ менің қол жеткізгенімнен асар биіктерім көп еді. Өздеріңіз білесіздер, мен спорт­пен ерте қоштастым. Небәрі 25 жасымда спорттық карьерамды тамамдап, қызмет­ке кіріскен жайым бар. Жалпы, өкінішім жоқ, бірақ «әттеген-ай» деген сәтім бар. Өздері­ңіз білесіздер, 2008 жылғы Бейжің Олим­пиадасында жолым болмады. Қазақ хал­қына екінші Олимпиада алтынын сый­лауым керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, төрешілердің әділетсіздіктерінің кесірінен екінші алтынымды елге алып келіп, хал­қым­ды қуанта алмадым. Мүмкіндігім болды. Өздеріңіз де көрдіңіздер, Бейжің Олимпиадасының шаршы алаңында әуелі Марокко боксшысы Саид Рашидиді ұттым. Одан соң ресейлік былғары қолғап шебері Матвей Коробовпен қалай жұды­рық­тасқанымды да көрдіңіздер. Бұдан кейін ұлыбританиялық Джеймс Дегэльмен қол­ғап түйістірдім. Осы жекпе-жекте төре­ші­­лердің бұрмалауымен алтын алсам де­ген арманым үзілді. Бірақ бұйырмаған жүлде­ге не дейміз. Оны уақыт кері қайтар­майды. «Әттеген-айым» – осы. Осылай бол­ды. Өзім­нен кейінгі жастар мен жетпе­ген биік­ке жетіп, менің жүзеге асыра алмай кеткен жетістігіме солар жетсе екен деген тілегім бар.

– Одан кейін әкім болдыңыз. Әкім болғанда халыққа жақын бола алдыңыз ба? Тәжірибеңіз жеткілікті болды ма?

– Нағыз спортшы, үлкен шыңға шыққан спортшы халыққа жақын бола алады деп ойлаймын. Өйткені олар ерінбей еңбек етуді біледі. Әрі өзіміз де халықтың ара­сынан шықтық қой. Біздегі қай спортшы болмасын, бәрі де ауылдан шыққан ғой. Мен де ауылдан шыққан баламын. Елдің арасында жүріп, олармен жақын арала­сып, халықтың әл-ауқатын біліп, бүкіл тұрмыстық қиындықтарын көріп өскеннен кейін жақсы қызмет жасадым деп ойлай­мын. Оған өзімді-өзім мақтағаным жарас­пас. Халық – сыншы. Менің қызметімді халық өзі бағалай жатар. Солардың ауыз­дарынан естіген дұрыс. Өз басым қолым­нан келгенінің бәрін жасадым деп есеп­тей­мін.

– Ал қазіргі қызметіңіздің рингтен қандай айырмашылығы бар? Басты өзгешелігі не екен?

– Әрине, жауапкершілігі басқаша. Мен спортшы болған кезімде жеке өз басыма боксшы ретінде ғана жауап беретін бол­сам. Мұнда жағдай басқаша. «Астана» президенттік кәсіби спорт клубында мен осындағы спорттың барлық түріне жауап­ты­мын. Елбасы алдында жауаптымын. Жауапкершілік жүгін сезіне отыра, сол жүкті абыроймен көтеріп шығуға тыры­самын. Ел сенімін ақтау үшін еңбек етемін.

Жалпы, айырмашылығы – жер мен көк­тей. Бірақ екеуінде қорғайтының – ел­дің намысы. Бірақ бұл жерде бүкіл спортқа жауап беру оңай жұмыс емес. Әйтсе де, ел спортының ыстығы мен суығы үшін бар күш-жігерімді саламын.

– Спортшы кездегі арманыңыз бәріне түсінікті еді. Спортшы біткен Олимпиада чемпионы болуды көксейді. Ал қазір басшы ретіндегі қандай арманыңыз бар?

– Қазіргі басты арманым – «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тасын өрге домалату. Осы клубтың жұмысын бір жүйеге келтіріп, бүкіл әлемге танымал ету. Қазіргі Испанияның «Барселона» немесе корольдік клубы «Реал» сияқты «Астананы» да қазақтың президенттік клубы ретінде төрткүл дүниеге паш етіп, абыройын ас­қақ­тату. Осы клубты бүкіләлем танитын­дай дәрежеге жеткізу. Осы клуб арқылы еліміз­дің атын шығарып, еліміз осындай клубы­мыз бар деп «Астананы» мақтан тұтатын күнге жету.

– Осы бір сұрақты былтырдан бері қоя алмай жүрміз. Орны толмас қайғыға душар болғаны­ңызға бір жылдан асып та кетті. Сол қайғыдан бір жылда арыла алдыңыз ба? Жоқ әлде, жаныңыз әлі күйзеліп жүр ме?

– Мұндай қайғыдан соң жаны күйзел­мейтін адам жоқ шығар. Қарап отырсам, күнде біреу жақынын жоғалтып жатыр. Өмірде бауыры бүтін адам жоқ. Жүрегім әлі аурады, әлі де егіледі. Әке-шешемді әлі де ұмыта алар емеспін. Күні-түні ойлай­мын. Бәрі де түс сияқты. Кеше ғана бірге жүрген сияқтымыз. Не істеймін, өмір со­лай. Бұл дүниеде ешкім де мәңгілік емес. Ерте ме, кеш пе, біз де кетеміз. Менің түсін­генім, баланы дүниеге келгенінен бастап иманды қылып, иманжүзді қылып тәрбие­леу керек. Баланы елге жақын қылып өсіру керек екен. Әрине, шетел асып, білімді болғаны жақсы. Бірақ туған еліне деген сүйіспеншілігі басым болуы керек. Дінде жазылған ғой, «артындағы ұрпағы Құран бағыштап отырса, ана мен әкеге о дүниенің жақсылығын береді» деп. Сондықтан өз басым әр бейсенбі және жұма сайын ата-анама Құран бағыштап, дұға оқып отыра­мын. Жұма намазында да Құран бағыштап отырамын. Мен ата-анамды ешқашан ұмытпаймын. Мен солардың арқасында Бақтияр Артаев болып елге танылдым. Жүрегім егіледі. Қимаймын. Бірақ қолдан келер дәрменім жоқ. Өмір деген қамшы­ның сабындай ғана қысқа. Сондықтан бұл дүниеде иманды болу керек. Ата-анаңды бар кезде ардақтап, жақсылық жасау керек. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөздердің мән-мазмұнына енді үңіліп, қапаланудамын. Сол кісілер кеткелі бауырларым да, өзім де, күрт өзгеріп, табан асты есейіп шыға келдік. Өмір өзгеріп жатыр. Осы жақсылық­тарымыздың қасында болса деймін. Бірақ болмады. Өткен қайтып келмейді. Енді сол кісілердің аттарына кір келтірмеуге тыры­самыз. Өйткені біз сол кісілердің ұрпақ­та­рымыз... Рақмет...

– Қазақ сізді еркелетті ме?

– Қазақ мені еркелетсе де, таяқтаса да, мен ешқашан ұлтыма ренжімеймін. Ешқашан. Өйткені бұл – менің болмысым, бұл – менің табиғатым, бұл – менің шық­қан жерім. Мен өзім қазақпын. Менің жүре­гім қазақ. Жүрегім қазақ деп соғады. Махаббатым қазақ. Мен өте ұлтжанды жігітпін.   

Сондықтан мені қазағым ренжітсе де, ұрса да, көтерсе де, әрқашан да «мені ерке­летіп, бәрін берген қазағым» деп айтамын. Іс жүзінде де солай, ұлтым мені алақанына салып еркелетіп келеді, ерке­летіп отыр. Көтеріп отыр.

– Рақмет. Еліміздің елеулі, халқы­мыз­дың қалаулы ұлдарының бірі болып, ұлт мүддесін жоғары ұстап, қа­заққа еңбек ете беруіңізге тілектеспіз.



Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев

1983 жылы 14 наурызда Тараз қаласында дүниеге келген.

Бокстан 2004 жылы Грекия астанасы Афиныда өткен Олимпиада ойындары­ның чемпионы (69 келі салмақ дәреже­сінде).

Вэл Баркер кубогының иегері.

Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (2005 жыл, Қытай және 2007 жыл, АҚШ).

2006 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Қазақстанның жеті дүркін чемпионы.

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері.

І дәрежелі Барыс орденінің иегері.

Қазір «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының президенті.



«Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамы:

«Астана» велоклубы;

«Астана арландары» боксшылар клубы;

«Қазақстан Барысы» жалпыұлттық жобасы;

«Барыс» хоккей клубы;

«Астана» баскетбол клубы;

«Астана» су добы клубы;

«Астана» футбол клубы;

«Астана» поло клубы;

«Астана-Дакар» автоклубы;

Илья Ильин – ауыр атлет;

Денис Тен – мәнерлеп сырғанаушы.





Көрілген: 2195    Пікірлер: 0

сенбі, 05.10.2013, 12:59

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31