Мәдениет пен спортты көтермей, ел болуымыз екіталай...

Мәдениет пен спортты көтермей, ел болуымыз екіталай...

Бақыт БӨКЕБАЕВ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің Өнер басқармасының бастығы:

– Бақыт Әбдіғалиұлы, еліміздегі өнер саласының жай-күйі өзіңізге жақсы таныс. Өнердің төресі – классикалық өнер деп жатады. Осы бізге кейіндеу келген опера, балет, театр өнерінің бүгінгі тынысы қандай? Жаңа қойылымдардың деңгейі туралы не айтар едіңіз?
– Үшмыңжылдық тарихы бар театр өнері бізге кештеу келгенімен, бүгінде ешқандай елден кем емеспіз. Дарынды драматургтеріміз де, шебер актерлеріміз де жетерлік. Тек дәл қазіргі кезде біз өз драматургтерімізді қолдап, олардың жақсы туынды тудыруларына жағдай жасауымыз керек. Алдағы қыркүйек айында XVIII театр фестивалі өтпекші. Осы фестивальда біз тек қазақ драматургтерінің қойылымдарын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұрын драма театрлар шетелге гастрольдік сапармен барған кезде шетел драматургтерінің пьесаларын өздеріне аударып қойып беретін. Алайда қандай мықты болса да, режиссерлер мен актерлерге басқа елдің шығармасын дәл өздеріндей жетесіне жеткізіп орындау әрине күмәнді. Айталық, Гамлетті өз елінің актерлерінен асып ешкім сомдай алмауы мүмкін. Адамның өз дауысынан бөлек, жан дауысы деген болады. Ал жан дауысты айқайлату үшін сол елдің психологиясын, ділін, мәдениетін жете меңгеру керек. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан театрлардың бәріне шетелге шыққанда тек қазақ драматургтерінің шығармаларын апару туралы ескерту жасалды. Ал балет өнеріне келсек, халықаралық шығармашылықтағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында таяуда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына Нью-Йорк театрының балетмейстері Марго Саппингтон «Тілеп пен Сарықыз» балетін қоюға және Астанадағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында ресейлік мэтр Ю.Григорович «Корсар» балетін қоюға шақырылып, екеуінің де премьерасы жоғарғы деңгейде өтті. Сонымен бірге биылғы жылы итальяндық Россини қорының қатысуымен Пуччинидің атақты «Богемасын» қою да жоспарда бар. Әрине, әлемдік қаржы дағдарысының кесірі тимесе, жоспардағы талай жақсы ойлар іске асып, мәдениет саласында айтулы жаңалықтар жалғаса беретіні сөзсіз. Опера жайлы айтар болсақ, Елбасымыздың арнайы Жарлығымен 2000 жылы дүниеге келген Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының репертуарын ұлттық және әлемдік туындылармен толықтыру жұмысы жедел қарқынмен жүріп жатқанын ерекше айтқым келеді. Бүгінгі таңда қазақ композиторларының «Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Қамар сұлу», «Қалқаман-Мамыр» сияқты опералары сахналанды.
– Опера мен балет мәселесіне және драма театрларға қатысты «репертуар қасаң, биік талғамды жаңа қойылымдар тапшы» деген уәж көп айтылып жүр. Бұл орайда, жазушы-драматургтер мен режиссерлердің де бір-біріне көңілі тола бермейтін секілді...
– Репертуар мәселесі бойынша қордаланған мәселелердің бар екені рас. Оларды шешу үшін министрдің тікелей бақылауымен, Мәдениет комитеті біраз жұмыстарды атқарып та үлгерді. Дегенмен ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелер де жоқ емес. 1986 жылдан бері, яғни 23 жыл ішінде Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операсы мен Ғазиза Жұбанованың «Қарагөз» балетінен кейін, өкінішке қарай, саусақпен санарлықтай ғана шығармалар дүниеге келген екен. Олар – Еркеғали Рахмадиевтің «Абылайхан», Алмас Серкебаевтың «Томирис», «Тілеп пен Сарықыз» сияқты шығармалары ғана. Драмалық пьесаларға қатысты, драматургтер мен режиссерлердің бір-біріне өкпе-наздарының болғаны да рас және ол орынды да. Өйткені пьесаның тақырыбы мен сапасының режиссер талғамына сай келе бермеуі заңды. Осыдан барып, әр режиссер, әр театр басшысы өз көңіліне қонатын тақырыпты таңдап, әркімге арнайы жазғызып жатады. Негізі, қазір өнерде сондай бір әдет пайда болды, өлеңін де, әнін де өздері жазады, өздері айтып, өздері тыңдайды. Бірақ ондай әндердің өмірі де ұзақ болмайды, уақыт өтпей жатып-ақ ұмыт болады. Сол сияқты, бір-екі қойылымнан кейін-ақ көрерменді жалықтыратын, ақырында өз-өзінен-ақ сахнадан түсіп қалатын спектакльдер де жетіп-артылады. Әрине, ешкімге «пьеса жазба» деп тыйым сала алмаймыз. Бірақ осы орайда қазақтың «Тышқан сойса да қасапшы сойсын» деген мақалы еріксіз ойға келеді. Егер кез келген театр драматургті шақырып, «келешекте мына тақырыпта спектакль қойғымыз келеді, бізге мына тұрғыда жазып беріңіз» деп жатса, мұндай әңгімелер әсте болмас еді деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша, театрларымыздың бүгінгі репертуарының қандай артық-кем тұстары бар?
– Кейінгі кезде театр сахналарында жүріп жатқан кейбір спектакльдерді көріп отырып: «Мұнымен не айтқысы келді екен, неге ұсақтанып кеттік екен?» деген ойға қалатын болдық. Елді күлдіргісі келе ме әлде «бүгінгі заман осындай» дегені ме, алаяқтар мен қарақшыларды, ар-ұяттан безген түрлі кейіпкерлерді қаһарман қылып көрсететін, ішінде анайы әрекеттері көп қойылымдар көбейіп бара жатыр. Өзіміз бала кезімізде сахнадан әдемілік пен адамгершілікті, таза махаббат пен кішіпейілдікті көріп, соған сүйсінуші едік. Мүмкін, көрермен қауым да соны аңсайтын шығар. Мысалы, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын оқыған қаншама адамдар ғашықтық күйді бастан кешіп, тамаша отбасын құрды! Сондай-ақ кезінде Илья Жақанов ағамыздың радиоочерктерімен-ақ қаншама өнер адамдарын таныдық! Міне, қазіргі кезде де әдемілік пен тазалыққа тәрбиелейтін сондай туындылар мен қойылымдар молынан керек.
– Соңғы уақытта «аймақтық театрларға мамандар жетіспейді» дегенді көп естиміз. Неге олай? Әлде жастар театр маманы болғысы келмей ма?
– Неге болғысы келмесін? Талапты да, талантты да жастар көп. Бірақ өкінішке қарай, жас мамандар облыстық театрларға көп бара бермейді. Өйткені сананы тұрмыс билеген мына заманда баспана мәселесі шешілмесе, жергілікті әкімдіктер қол ұшын бермесе, қалай барады? Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе – өнерпаздарды дайындайтын барлық оқу орындары Білім министрлігіне қарайтындықтан да, өнер саласы мамандарының жетіспеушілігі ескерілмей жүр. Мысалы, қазір театрларда жарықпен жұмыс істейтін, қуыршақ театрларына қуыршақ жасайтын, тағы сол сияқты көптеген мамандар тапшы деуге болады. Маман жоқ жерде қандай талаптар орындалуы мүмкін? Бұл сұрақтарды шешу бір ғана министрліктің құзырындағы шаруа емес. Үкімет тарапынан арнайы заң мен қолдау керек.
– Театр саласын дамытуға маман да, қаржы да жетіңкіремей жататыны бесенеден белгілі. Әсіресе, қаржы театрдың техникалық жабдықталуын, сахнаны заманға сай безендіру жұмыстарын жүргізуге қолбайлау болып жүрген секілді. Себебі біздің театрларымыз сахнаны безендіруде әлі күнге қарабайыр декорацияларды пайдаланады...
– Рас, еліміздегі театрлардың техникалық жабдықталуы жағынан бізде артта қалушылық бар. Министрлік тарапынан осы мәселені келешекте шешу мақсатында таяуда Алматы қаласында театр қайраткерлерінің ІХ практикумын өткіздік. Практикумға Ресейден арнайы мамандар шақырылып, театр сахнасын жарықтандыру, әрлеу, өңдеу мәселесі кеңінен сөз болды. Мәскеу драма театрының жарықпен әрлеуші мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Біз әлі күнге сахнаға банер тартып, сурет салып, қай заманғы декорациялардан құтыла алмай жүрміз. Актерлеріміз облыстарға гастрольдік сапарға шығарда бес спектакль қою үшін оншақты көлікке сахнаны безендіру жабдықтарын тиейді. Бұл — машақаты мен шығыны көп әуре жұмыс. Ал театр өнері дамыған елдерде жарықтың мүмкіндігін пайдаланып, сахнаны адам сенбестей етіп безендіреді. Актерлер сахнада рөлдерін ойнап жүре береді, ал сахна жарық арқылы түрленіп, қажетті ғимаратың да, пейзажың да, басқасы да лазерлік сәуле арқылы ерекше көрініс береді екен. Қазіргі таңда біздің елде заманауи технологиясын алдыруға мүмкіндік бар, енді аталған техникамен жұмыс істей алатын мамандар даярлау мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы орайда министрлік жас мамандарды Ресейге жіберіп, оқытуды мақсат етіп отыр. Егер осы мәселе оң шешімін тапса, еліміздегі тетар өнері біршама алға жылжыған болар еді.
– Бүгінде өнер ошақтарының барлығы дерлік қалада. Театрдағы қойылымды да, киноны да, концертті де тек қаланың адамдары тамашалай алады. Қаладағы өнерді өркендетеміз деп, дала өркениетін ұмыт қалдырғанымыз шындық. Батыстықтан ада ауыл халқының қазіргі бар ермегі – бірді-екілі телеарналардағы түрлі шетелдік телесериалдар. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ауыл мәдениетін көтеруге нақты қандай іс-шаралар қолға алынуда?
– Мұныңызбен толық келісемін. Қазіргі таңда бәрімізді ойландырып, толғандырып жүрген үлкен мәселенің бірі – ауыл мәдениеті. Ауылға барған сайын сенделіп бос жүрген жастарды көріп, жүрегіміз ауырады. Олар күндіз тірлігін жасайды, ал кешкі уақыттарын тиімді өткізетін мәдениет ошақтары болмағандықтан, түрлі тәртіпсіздіктерге ұшырап жатады. Бір ғұламаның «таланттар ауылда туып, қалада өледі» деген сөзі бар ғой. Негізі, небір дарындар ауылдан түлеп ұшады. Біздің бала кезімізде ауылда түрлі үйірмелер болатын, күндіз трактор жүргізіп, жер жыртып, малын бағып жүрген ауыл адамдары кешқұрым клубқа жиналып, бірі өлеңін оқып, бірі әнін айтып, биін билеп, бір-бірінің өнерін тамашалап жататын. Кезінде бізден үлкен кемшілік кетті, ауылдағы кітапхана біткеннің бәрін керексіз етіп жауып, мәдениет ошақтарын талан-таражға салып, клубтарды қиратып тастадық. Сол тұста шамасы келген кейбір пысықтар бұрынғы кітапханалардың орнына дүкендер ашып, керегіне жаратса, кейбір ғимараттардың есігінде әлі күнге қара құлып тұр. Егер біз ауылдағы кітапханалар мен мәдениет ошақтарын қайта жандандырып, іске қосар болсақ, ауылдан әлі талай жазушылар, әншілер, өнер адамдары шығары хақ. Сондықтан бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мемлекет болып ауылға көңіл бөлуіміз керек.
– Ауылдағы жастар өздігінен келіп өнер ордаларынан білім алып жатқанын көре алмаймыз. Өйткені қазіргі кезде қандай дарынды болсаң да, қалада «көкең» болмаса, талантыңмен жарып шығу оңай болмай қалды ғой...
– Иә, бұрын ауыл-ауылда, аудан орталықтарында түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жас дарындар өнер майталмандарының көзіне ілініп, үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік алып жататын. Ал қазіргі кезде ақшасының арқасында бір әні, бір клипі болса болды атақты болып шыға келеді. Ал шын таланттар еленбей қалып қояды. Сөйте тұра өзіміз, «бүгінде жақсы баритон қалмады» деген секілді алаңдаушылық білдіргенсиміз. Ал басқа мемлекеттерде өнерді бағалаушылар ел арасынан таланттарды іздеп тауып, олардың шыңдалуына жағдай жасайды. Кезінде Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев секілді ағаларымыз ауыл-ауылды аралап, жас дарындарды іздеп, өздерінің ізін басатын шәкірт тәрбиелейтін. Бүгінде осы үрдіс халық бөліміндегі ұстаздарда сақталған. Айталық, Қайрат Байбосынов секілді ағаларымыз мықты шәкірттер даярлап жүр. Ал вокал, эстрада саласындағы үлкен-үлкен әншілер шәкірт тәрбиелеуге келгенде енжар. Кейде тіпті жас әнші танымал бір әншінің әнін қайталап орындаса: «менің репертуарымдағы әнді неге орындайсың» деп дүрсе қоя беретінін де құлағымыз шалып жатады. Ауыл жастарын ұйымдастыратын жөні түзу адамдардың жоқтығынан да жастарымыз жарқырап шыға алмай жүр.
– Естуімізше, Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ биін заман талабына сай, жаңаша үлгіде қайта жаңғыртуды қолға алып жатқан көрінеді. Биші мамандар Қытайдан шақырылғанын естіп, қазақ биінен қытайдың исі шығып кетпей ме деген ойға қалдық...
– Өздеріңіз білесіздер, қазақ биінің болашағына Елбасының өзі де үлкен алаңдаушылық танытқан болатын. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед те таяуда еліміздегі бірнеше би ансамбльдерінің концертіне қатысып, оларға көңілі толмағандығын білдірді. Өйткені қазіргі би ансамбльдерінің құрамында қырғыз, өзбек бишілер көп және репертуарлары да өте ескірген. Бұрын бишілердің жалақысы аз, жағдайлары төмен болғандықтан ешкім осы өнерге барғысы келмейді дейтінбіз. Ал қазір бишілердің жалақысы біршама жоғарылады. Алайда бізде білікті мамандар жағы жетіспей жатыр. Сондықтан да министр жақында еліміздің маңдайалды бишісі Шұғыла Сапарғалиқызы екеумізді арнайы Бейжіңге жіберіп, биші мамандар шақыртты. Әрине, Қытайдан мамандар шақырарда көпшіліктің көкейінде қазақтың биі қытайдікіне ұқсап кетпей ме деген күдік те болғаны рас. Алайда Қытайдағы қазақ биінің мамандары біздің ұлттық биді өте жақсы меңгерген. Олар жақында Қазақстанға келіп, ұлттық биге арнайы музыка жаздырып, киімдер таңдап, ендігі уақытта мамандар даярлауды қолға алуда. Би мамандары өте жоғары деңгейдегі бидің пластикасын қазақ жастарына үйретпек.
– Бүгінгі таңда қазақ киносына қатысты да көптеген сыни пікірлер айтылып жүр. Соңғы уақытта түсірілген жаңа фильмдер көпшіліктің көңілінен шығып жүргені шамалы. Қазақ киносының жай-күйі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл мәселеге келгенде, «Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі» деген мақал еріксіз ойға оралады. Дегенмен өкінішке қарай, соңғы жылдары түсіріліп жүрген қазақ киноларының тек менің ғана емес, көпшіліктің көңілінен шықпай жүргені ақиқат. Кейбір фильмдерді көріп отырып: «Осы киноны түсіруге кеткен қайран уақыт пен қаражат-ай!» деп өкінесің. Өйткені кино түсіруге аз қаржы кетпейді. «Бұл кино неге бұлай?» десең, айтатындары: «Сіз түсінбейсіз. Оны түсіну үшін бірнеше рет көру керек». Таңқаларлық жағдай! Кез келген елдің киносын бір көргеннен түсінесің, ал біздің киноларды түсіну үшін неге оларды он рет қарауымыз керек?! Ш.Аймановтың,
А. Қарсақбаевтың киноларын бала кезімізде бір көргеннен түсініп, қызығушы едік. Жалпы, қазақтың фильмін қазақтың өзі түсінбейтін болса, ондай киноны түсірудің қаншалықты қажеті бар?..
– Ендеше министрлік сондай кинолардың түсірілуіне неге шектеу қоймайды? Мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан қаржының жілігі татымайтын фильмдер түсіруге жұмсалып жатқанын қадағалайтын құзырларыңыз жоқ па?
– Министрлік жеке киностудияларға шектеу қоя алмайды, ол – нарық заңы. Ал министрлік өз құзырындағы «Қазақфильм» киностудиясымен биылғы жылдан бастап көптеген жаңа жобаларды қолға алды. Қазір киностудия соларды іске асыру мақсатында өзіміздің жерлесіміз, ресейлік мықты режиссерлердің бірі Т.Бекмамбетовті елімізге шақырып, кейінгі кезде халықтың көңілінен шықпай, деңгейі төмендеп кеткен қазақ киносының абыройын көтеріп, жаңа фильм түсірмек ниетте және бұл мәселелер – министрдің тікелей бақылауында. Жақын болашақта «Кино туралы заң» қабылданбақ. Кино төңірегінде біршама қордаланған мәселелер өз шешімін табуы тиіс.

Aлашқа айтар датым!..
...Қай театрға қандай кадр, қай жерге қандай музыкант керек екенін анықтап, соған сәйкес маман дайындап отыру үшін, әр облыстардан арнайы жолдамалар бойынша ақысыз оқытатын оқу орындарын ашу керек. Себебі бүгінгі заманда ақылы оқуға талантты жастардың бәрінің бірдей жағдайы бола бермейді. Ал қаржылық мүмкіншілігі барлардың таланты төмендеу болып жатады. Сондай шала өнерпаздардың кесірінен өнерден кие қашып, өнер адамдарының қадірі түсіп жатқанын мойындауымыз керек. Сондықтан өнер саласының мамандарын дайындайтын оқу орындары Мәдениет министрлігінің құзырында болуы керек. Ел боламыз десек, алдымен мәдениет пен спортты көтергеніміз абзал.

Керек дерек
Қазақстанда бүгінде 50 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Олардың ішінде 22 қазақ, 14 орыс, төрт біріккен (қазақ және орыс труппалары), алты қуыршақ, бір ұйғыр, бір кәріс, бір неміс және бір өзбек театрлары бар. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бергі уақытта Астана мен Шымкент қалаларында екі опера және балет, сегіз драмалық және музыкалы-драмалық театрлар дүниеге келді. Орта есеппен республика театрлары жылына 2 млн көрерменге 10 мыңдай қойылымдарды көрсетеді. Жалпы, республикалық театрлар жылына 24-26 спектакльді жарыққа шығарады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста