Дат!

Мемлекеттің қарамағындағы меди­циналық мекемелерді жеке­ше­лендіруге болмайды

  • Мемлекеттің қарамағындағы меди­циналық мекемелерді жеке­ше­лендіруге болмайды

    Мемлекеттің қарамағындағы меди­циналық мекемелерді жеке­ше­лендіруге болмайды

Аманкелді ТЫНЫБЕКОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:


– Аманкелді Садықұлы, қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласына қатысты сыни пікірлер көптеп айтылып, осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берілмей отыр. Сіздің ойыңызша, бұған жауапты әрі кінәлі кім және бұл саланың жұмысын жақсарту үшін не істеу керек?

– Адам денсаулығы Денсаулық сақтау министрлігінен басқа да мемлекеттік салалардың жұмыс­тарына тікелей бай­ланысты. Мысалы, Ауыл шаруа­шылығы, Қоршаған орта­ны қорғау министрліктері сияқты және тағы да басқа. Сондықтан да бұл мәселеге бір­жақты қарауға болмайды деп есептеймін. Жалпы алғанда, біз ден­саулық сақтау саласының жұмы­сын жақсартуға кешенді және жүйелі тұрғыда қарауымыз қажет. Біріншіден, әр адамның өз денсаулығының дұрыс болуына 50% жағдайда өзіміздің жауапты екенімізді әрқашанда есіміз­ден шығармауымыз керек. Яғни біраз дүние біздің өзімізге тікелей байла­нысты. Өкінішке қарай, біздің халық­тың басым бөлігі осы жағдайды түсіне алмай жүрген сияқты. Егер де әр адам осы мәселені дұрыс түсінетін болса, онда біз көптеген дерттердің, оның ішінде балалар ауруларының бетін қайтарар едік. Екіншіден, еліміздің бар болғаны 34-38% жері ғана адам тұруға жарайтындығын, ал өмір сү­руге қолайсыз аймақтарда халқы­мыздың 40%-ға жуығының тұратын­дығын ескергеніміз жөн.

– Сөзіңіз аузыңызда, дегенмен Үкімет бұл мәселені шешу үшін қыруар қаржы бөліп отыр емес пе?..

– Иә, бұл да оң нәтиже бермей отырған іс-әрекеттердің бірі десек болады. Сондықтан ауасы, орналасқан жері және суы адам тұруға лайықсыз аймақтарды жақсартамыз деп жұм­салған қаражаттың құмға сіңген сумен бірдей болатындығына баса көңіл аударуымыз керек. Бұған мысал ретін­де Қызылорда облысындағы Төретам елді мекенінде халықтың ден­саулық жағдайын келтірсек те болады. Яғни біз тұрғындарды сондай өмір сүруге жарамсыз аймақтардан көшірмей, олардың денсаулығының мәселелерін ешқашан шеше алмаймыз. Бұл мәсе­лені түпкілікті шешу үшін мемлекеттік тұрғыда шешім қабылдап, бағдар­ламалар жасап, көшірудің қысқаша, орташа және ұзақтау мерзімдерге бел­гіленген жоспары болуы тиіс. Әрине, қаншалықты қиын болғаны­мен, мұн­дай шешімді халық та дұрыс түсінікпен қабылдар еді. Төртіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі өз жұмысын жақ­сартамын десе, онда салааралық бай­ланысты күшейтіп, басқа министр­ліктермен ортақ бағ­дар­ламалар жасауы тиіс. Мысалы, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы және Қоршаған ортаны қорғау ми­нистр­ліктері және тағы да басқа. Бесін­шіден, Елбасының осыған дейінгі «Қазақстан-2030», қазіргі «Қазақ­стан-2050» бағдар­ла­ма­ларына сәйкес әр облыстың ден­саулық сақтау сала­сына арналған бағ­дарламалары облыстық деңгейде тал­қыланып, содан кейін ол бағдарла­малар Денсау­лық сақтау ми­­нистр­­лігінде дәлелденіп, бекітілуі керек.

– Айтпағыңыз – сол кезде ғана бүкіл жауапкершілік Денсаулық сақтау министрлігінің мойнына артылады ғой, солай ма?

– Иә, дәл солай. Біз сол кезде ғана министрден бұл жұмыстардың орындалуын сұрай алар едік. Бүгінгі күні мәселенің осылай шешілмеуіне байланысты әр облыс өз бетінше қимылдап, сұраныс бар-жоқтығына қарамастан, кейбір елді мекендерде медициналық объектілер салумен және қымбат құрал-жабдықтар алу­мен айналысуда. Алтыншыдан, еліміз­дің территориясының үлкен­дігіне байланысты Денсаулық сақтау ми­нистр­­лігіне Астана қаласында отырып денсаулық сақтау саласын басқару қиын соғатын сияқты. Себебі облыстық денсаулық сақтау депар­таменттерінің басшыларын әкімдер тағайындайтын­дықтан, олар көбіне министрліктен гөрі, облыс бас­шы­ларына жалтақтай­ды да, орталық ұжымның шешімдерін өз деңгейінде орындауға салғырттық танытады. Мұндай жағдай болмас үшін және жауапкершілікті өз мойнына алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі еліміз­дің төрт аймағында, яғни батыс, орталық, оңтүстік және солтүстік-шығыста заңды тұрғыдағы қағидамен бекітілген өзінің төрт-бес адамнан тұратын тұрақты өкілдігін ұстауы керек деп ойлаймын. Сонда ғана ол жер­гілікті денсаулық сақтау департа­менттерінің жұмыстарына тікелей араласып, орталық ұжымның өз деңгейінде дұрыс шешім қабылдауын жетілдіре алады. Жетіншіден, денсау­лық сақтау саласының басшылары біз­дің халықтың ХХI ғасырда өмір сүріп жатқандығын ұмытпауы керек. Себебі қазіргі таңда біз шетелге барамыз, солардың ауруханалары мен емхана­ларын өзіміздікімен са­лыс­­тырамыз да, оның жіберіп жатқан кемшіліктерін көріп, одан көңіліміз қалады. Әрине, біздегі медициналық ғимараттардың көпшілігі кеңес за­манында салынған, сондықтан да ондағы қызмет көрсету жағдайы көбіне заман талабына сай келмейді. Соған байланысты меди­цина қыз­меткерлерінің үстінен түсетін шағым­дардың негізі осы жағдайға тікелей байланысты болып келеді. Сол себепті әсіресе облыс орталықтарын­дағы медициналық мекемелердің ма­териалдық-техникалық базаларын Астана қаласындағыдай болмаса да, соған жақындатып жақсартудың кезі келген сияқты. Ең болмаса халыққа қызмет көрсету орталықтары мен банк­тердегідей болса?! Егер осы ай­тылған мәселелердің біразы іске асқан болса ғана, біз Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне кінәрат артуы­мызға болады ғой деп ойлаймын.

– Иә, расында да, мәселені саты-сатысымен жіктеп бер­діңіз, бірақ сіздің жоғарыда көтерген мәселе­леріңізді шешу үшін мемлекет­тің қаржысы жете ме, осыны ойландыңыз ба?

– Біріншіден, адамның өмірге бір-ақ рет келетінін ескерсек, оның денсаулығынан аянатын ештеңе жоқ. Оған біздің мемлекетіміздің мүмкін­шілігі бар екені де бәрімізге аян. Айта кетсек, денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасының жағдайы облыс әкімдеріне тікелей байланысты. Осы кезде «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген нақыл сөз еріксіз еске түседі. Екіншіден, денсау­лық сақтау саласына бөлінетін қар­жының мөлшері өте қомақты және ол жыл сайын артып келеді. Мені жиі мазалайтын сұрақ – соны біз дұрыс пайдаланып жатырмыз ба деген ой. Осындай мәселенің төңірегінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев биылғы жылдың көктемінде Ақордада өткен кеңесте білім беру саласына бөлініп жатқан қара­жаттың тиімсіз жұмсалып жат­қанын айтып, бір-екі құрылыстың жұмысын тоқтатып тастағаны есімізде.

– Сонда Денсаулық сақтау саласында да мұндай жайттар жиі кездеседі демексіз бе? Мысал келтіре алмайсыз ба?!

– Иә, шыны керек, мұндай келеңсіз жағдайлардың денсаулық сақтау саласында да бар екені анық. Осының төңірегінде бірнеше мысал келтірейін. Мысалы, республикалық, облыстық, қалалық деңгейде жұмыс жасап жатқан Салауатты өмір салтын қалып­тастыру орталықтарының бар екені белгілі. Олардың әрқайсысының ғимараттары, штаттық қызметкерлері бар. Осылардың барлығын ұстап тұруға миллиондаған қаражат жұм­салады. Солардың істеп жатқан жұ­мыстарын республикалық, облыс­тық және қалалық ауруханалардың, емха­налардың ұжымдары мен тубер­кулездік, онкологиялық, санитар­лық-эпидемиологиялық, жүре пайда бол­ған қорғаныш тапшылығы орта­лық­тары мен диспансерлері тиімді атқара алар еді. Ол үшін оларға бөлек ғимараттардың да керегі жоқ және жоғарыда айтқан мекемелердің құра­мында сол мәселелерді ұйымдас­тырумен айналысатын үш-төрт адам болса жеткілікті. Бізге қазіргі сәтте облыс орталықтарында нәрес­телер хирургиясы бөлімшелерін ашу тиімді болар еді. Себебі туа біткен ақаумен туылған балаларға опера­циялар шұғыл түрде жасалынуы тиіс және жер аяғының қашықтығына байланысты бір облыстан екіншісіне жеткізем деп жүргенде, оларды өлтіріп аламыз. Соңғы жылдары жүз-жүздеп дәрігер­лер шетелге, оның ішінде көпшілігі Израильге барып білімдерін жетілдірді деп мақтанып жүрміз. Бірақ та олардың көпшілігінің елімізге кел­геннен кейін сол жақтың керемет техно­логияларын енгізді дегенін естіген жоқпын. Қазақша айтқанда, ол мамандар ел көріп, жер көріп саяхат­шы ретінде қыдырып қайтты. Яғни қомақты қаражат желге ұшты. Әрине, бұл мәселені басқаша шешуге болатын еді. Ол үшін біздің медицина­ның артта қалған салаларын анықтап, бізге керекті мамандарды ғана жіберіп, соларды оқытуымыз керек еді деп есептеймін.

– Аманкелді Садықұлы, сіздің кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бас педиатр болып қызмет еткеніңізді білеміз. Қазір министрлікте жұмыс істемесеңіз де, мына сұраққа жауап беріңізші, сіз қазіргі денсаулық сақтау саласына бөлініп жатқан қаржы есебінің ашықтығына қандай баға бересіз?

– Мен үшін бұл – өте қиын сұрақ. Себебі мен қаржы саласының маманы емеспін және Денсаулық сақтау министрлігінен кеткеніме 12 жыл уақыт өтті. Бірақ та қалған салалар­дағыдай мұнда да жемқорлық жоқ деп айтуға аузым бармайды. Оған мысал келтіріп кетсем де болады. Мысалы, еліміздің басты қалаларының бірінде хирург жұқпалы аурулар ауру­ханасында бас дәрігер болып қызмет етіп жүр. Сонда ол сол жерге не іздеп барды деп ойлайсыз. Онсыз да түсінікті ғой. Сізге бір анекдот айтып берейін. Бір қазақ екінші қазақтан қазіргі заманғы біздің ұлттық ойы­нымызды аташы деп сұрайды екен. Әрине, оны сіз де, мен де білмейміз. Бірақ та мұның жауабын қулық-сұмдықты жақсы меңгерген бизнес­мен­дер білетін көрінеді. Олардың ойынша, қазіргі кездегі біздің «ұлттық ойынымыздың» аты «тендер» деп аталады. Осы айтылған жауаптың түбіне үңіліп, оны болдырмасақ, онда өмірде болып жатқан көптеген келеңсіздіктер болмас еді деп ойлаймын. Бұған мысал ретінде күні кеше ғана Ақтөбе облысының бір ауданының бас дәрігерінің өз-өзіне қол жұмсағанын келтірсек те болады.

– Аға, егер келешекте бұл сала толықтай жекеменшік денсаулық сақтау саласына берілсе деген ойға өз көзқарасыңызды білдірсеңіз? Онда тиімсіз ақша жұмсау мәселесі қай бағытқа өзгереді деп ойлайсыз? Осы жайлы айтып өтсеңіз?

– Денсаулық сақтау саласын түгелдей жекеменшікке аудару керек деген ойға мен қосылмаймын. Соны­мен қатар мұндай жағдай ешбір елде жоқ. Тағы бір айта кететін жайт – ол мемлекеттің қарамағындағы меди­циналық мекемелерді жеке­ше­лен­діруге болмайды. Мысалы, тоқы­рау жылдары облыстарда, қалаларда кейбір медициналық мекемелер әртүрлі әдістермен бір-екі мың теңгеге сатылып кеткен болатын. Сондықтан оның бетін әрі қылсын. Бірақ та қара­жаты бар адамдар өзінің ауруханасы мен емханасын салып, мемлекеттік ұжымдармен бәсеке­лестікке түсуіне әбден болады. Сонда ғана біз мем­лекеттік емес меди­циналық ұжым­дардың дәрежесіне баға бере аламыз. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде әлі де болса қалыптасқан жоқ. Тіпті кейбір жеке­меншік меди­циналық ұйымдар, шамасы келсе, облыстық, қалалық депар­тамент­терден мем­лекеттік тапсырыс алып, науқастарды емдегісі келеді. Әрине – бұл дұрыс емес және капиталистік қоғамға жат дүние!

– Сіз медициналық жоғары оқу орнында қызмет етесіз ғой. Медицина саласындағы тиімсіз қолданылып жатқан мемлекеттің қаржысы дегеннен шығады, білуімізше, қазір медициналық оқу орындарында «визитинг-профессор» шақыру деген үрдіс бар екен, сол жайлы да айтып өтіңізші?!

– Соңғы екі-үш жылда жоғары медициналық оқу орындарына «визитинг-профессор» шақыру модаға айналды. Соған байланысты алыс-жақын шетелдік, оның ішінде өздеріміздікі де бар, 100-ден астам профессор келіп, дәріс оқып кетті.

– Нәтижесі қандай?

– Ол жағы белгісіз. Әрине, бұл мәселенің де идеясы дұрыс, бірақ та барлық елдерден жаппай шақырған­нан гөрі, Болон үдерісіне енген ел­дердің әр саладан белгілі деген профессорларының 10%-ын шақыр­ғанымыз жеткілікті болатын еді және оның нәтижесі де жаман болмас еді. Дей тұрғанмен, денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан қара­жат бөлінуде, бірақ олардың атқарылуы қаншалықты дұрыс немесе дұрыс емес деген сұраққа жауап беру өте қиын.

– Әңгімеңізге көп рақмет.



Алашқа айтар датым...

Ең басты тілек – енді бір 10 жылда медицина саласына жалпы ішкі өнімнің төрт-бес пайызы бөлінсе деп ойлаймын. Себебі бүгінгі күні денсаулық саласына жыл сайын қомақты қаржы бөлінгенімен, ол жоғарыда айтылған көрсеткіштің тек тең жартысына жуығын құрайды. Әрине, ол экономикасы дамыған елдердегі көрсеткіштерден әлдеқайда төмен. Егер де атап өткен көрсеткіштің деңгейіне жететін болсақ, онда медицина саласындағы көптеген кемшіліктер, оның ішінде денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы өз-өзінен шешілер еді.





Көрілген: 2150    Пікірлер: 0

сейсенбі, 24.09.2013, 12:26

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31