Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Мен елімізде бір ғана Ұлттық Ғылым академиясының болғанын қалаймын

26 қаңтар 2011, 10:50

Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор:

– Парламентте «Білім туралы» Заңға то­лықтырулар мен өзгерістер енгізу ке­ректігі туралы мәселе көтеріліп жа­тыр. Осы қаншалықты қажет?
– Иә, Парламент депутаттарының алаң­дауы өте орынды. Аса шапшаң дамып бара жатқан бүгінгі ғылыми-техникалық прог­ресс заманы кім-кімнен де сергек болуды, уақыт көшінен қалып қоймай, ілгері жыл­жу­ды та­лап ететіні сөзсіз. Бүгінде Елбасымыз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың қол­дауы­мен бі­лім беру саласында оң өзгерістер жүзеге асы­рылуда. Білім – жаңа әлемнің өркендеуі мен дамуындағы негізгі инди­ка­тор. Елбасы Отанымыздың ұзақ мерзімді әлеуметтік-эко­но­микалық гүлденуін қам­та­масыз ету үшін білім жүйесін дамытуға бірінші кезекте басым­дық беруі жайдан-жай емес. Мұның өзі – біздің еліміздегі білім беру мен интел­лек­туалды тәрбие бе­ру сапа­сының халық­ара­лық стан­дарт­тар­ға сай келуі қажет деген сөз. Ал осы білімді беретін, оны интел­лек­туал­ды тәрбие бойын­ша оқытатын бірден-бір мекеме жо­ға­ры оқу орны болса, ол кез келген бәсекеге қабілетті ұрпақты тұл­ғалық тұрғыдан қа­лыптастыруға әзір тұруы керек. Қазіргі білім жүйесі үшін қойылатын негізгі талап осындай.
Президент Н.Ә.Назарбаев 2010 жыл­дың 7 желтоқсанында Назарбаев универ­си­те­тін­де оқыған дәрісінде еліміздің қазақ­стандық ғылым мен білім беру жүйесі үшін жаңа уақыттың келгенін, енді соның тала­бына жауап беретін бағыттарды айқындау ке­рек­тігін айта келіп, мынадай стратегиялық мін­дет­терді атап көрсетті:
Біріншіден, даму қарқынын үдете түс­кен бүгінгі Қазақстанға халықаралық дең­гейдегі мамандарды өз бетінше даяр­лауға қабілетті өз білім мен ғылым индус­трия­сы қа­жет. Екіншіден, қазақ­стандық білім беру жүйесі мен XXI ғасырдағы жо­ғары оқу ор­ны­ның эта­лоны, үшін­ші­ден, Қазақ­стан­ға ғалымдар ғана емес, сон­дай-ақ келе­шек­тегі инно­ва­циялық са­ла­лардағы жаңа тех­нологияны құру үшін ғылыми орталық керек. Төр­тін­ші­ден, қазіргі әлемде білім беру қызметі – бұл эконо­ми­ка­ның жылдам дами­тын сег­менті. Қазақ­­стан әлемдік тәжірибені пай­­далана оты­рып, өңір­дегі, ТМД-дағы, жал­пы ал­ған­да, Еура­зия­дағы білім беру және ғылыми жаңа­лық­тардың экспорттық ор­та­лы­ғына ай­на­луы қажет.
Елбасымыз атап көрсеткендей, біз көп­те­ген ұстанымның жаңа сапаға көшетін за­ма­нында өмір сүріп отырмыз. Мысалы, «ин­тел­лек­туалды ұлт – 2020» стратегиясы мен мек­тепке дейінгі білім беру мекемелерін тұтас­­тай қамтуға бағытталған «Балапан» бағ­дарламасы, дарынды балалар үшін жа­ра­­ты­лыстану-математикалық цикл пән­дерін тереңдетіп оқытатын 20 интел­лек­туал­дық мектепті ашуға бағытталған бағ­­дарлама Елбасының тікелей өз бас­та­ма­сымен жүзеге асы­рылуда. Ал, жал­пы, орта және кәсіптік білім беретін мек­теп­тер­дің өмірінде де елеу­лі өзгерістер болып жатыр. Түптеп келгенде, осының бәрі «Білім ту­ралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді.
– Жоғары оқу орындарын аттес­та­ция­дан өткізу мерзімі арасын не аз, не көп деп айта аласыз ба?
– Талап бойынша ЖОО-да аттестация бес жыл сайын өткізіліп тұруы тиіс. Ал одан кө­бейіп кетсе, мұның жұмысқа кедергісі бол­­маса, пайдасы аз. Сондықтан оқу орын­да­рын аттестациялауды бір жүйеге түсірген жөн сияқты.
– Жалпы, жоғары оқу орындарына қатысты барлық мәселемен, негізінен, құ­зырлы министрлік айналысады. ЖОО-ға еркіндік беру керек деп ойлай­сыз ба? Мәселен, біздің білуімізше, әлем­­­дік тә­жі­рибе білім берудің ре­фор­ма­­лары мен басқа да мәселелері, не­гі­зінен, оқу орын­дарында, оқу-әдіс­те­ме­­лік кеңес­тер­де қаралып, шешілуге тиіс екен.
– Сұрағыңыз өте орынды. Жоғары оқу орын­­дарына академиялық еркіндік беру – әбден пісіп-жетілген мәселе. Бұл мәселені білім және ғылым министрі Бақытжан Тұр­сын­ұлы Жұмағұлов та жиі көтеріп жүр. Жо­ғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру жөнінде «Қазақстан Респуб­ли­касында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сына» тұңғыш рет арнаулы тарау енгізілді. Бұл бағдарламада былай деп атап көр­се­тіл­ген: «Академиялық еркіндік – білім беру бағ­дар­ламасының құрылымы мен маз­мұ­нын­да таңдау бойынша компонент көбейеді: бака­­лав­риатта 70%-ға дейін, ма­гис­тра­ту­ра­да  80%-ға дейін, док­то­ран­ту­рада 90-95%-ға дейін; Болон дек­ла­ра­ция­сы прин­цип­терінің бірі ретінде ака­де­мия­лық ұт­қыр­лықты да­мы­ту мақсатында студенттер оқудың барлық ке­зеңінде кемінде бір академиялық мерзімде шетелде оқытылады, оның ішінде Президент­тің «Болашақ» бағ­дар­ламасы гранты есе­бі­нен». Міне, осы бағ­дарлама аясында Болон про­­цесінің талап­тарына сәйкес, ака­де­мия­лық ұтқырлық ор­талығы құрылады, жоғары оқу орындары әзірлеген білім беру бағ­дар­ла­малары ұлт­тық біліктілік жүйесіне сай келуі басты на­зар­да болады. Білім беру бағ­дар­ла­ма­ларын іске асыруға және ғылы­ми зерттеу қызметін жүзеге асыру көлеміне байланысты рес­пуб­ли­кадағы жо­ғары оқу орындарының жік­теуіш жүйесі құ­рылып, осының аясында ұлт­тық зерттеу уни­верситеттерін, уни­вер­си­тет­тер, ака­де­мия­лар мен институттар құру көз­деліп отыр. Назарбаев университеті мо­делі негізінде білім, ғылым, қаржы, халық­ара­­лық басқа да қызметтерді жүзеге асы­руда дер­бес болу үшін жоғары оқу орын­­дары автоно­мия­сының принциптері әзір­ленетіні атап көр­сетілген. Мемлекеттік жоғары оқу орын­­­дары автономды ком­мер­циялық емес ұйымдар болады. ЖОО есеп беруге тиісті қам­қоршылық кеңестер, жо­ғары оқу орын­дарының қызметін айқын­дай­тын меха­низм­дер құрылады. Ректор­лар­ды тағайын­дау тетіктері жетілдіріледі. 2015 жылдан бастап автономия ұлттық зерттеу универ­си­теттеріне, 2016 жылдан бастап ұлттық жо­ғары оқу орындарына, 2018 жы­лы қал­ған жоғары оқу орындарына беріледі деп кү­ті­луде. Жал­пы, академиялық еркіндік беру арқылы жо­ға­ры оқу орындарының бас­­­­шылығына, жеке­леген құрылымдарына еркін шығарма­шы­лық­пен жұмыс істеуге мүм­кіндік туатыны айқын. Сондықтан мен өз басым ЖОО-ға еркіндік беру мәселесін қол­­даймын.
– Біздің жоғары оқу орындарымыз бә­секеге қабілетті деп айта аласыз ба?
– Біздің жоғары оқу орындарымыз осы­ған дейін бұрынғы кеңестік жүйеде қа­лып­тасқан ескі стандарттар бойынша жұмыс істеп келгені белгілі. Әбден сіңісті болып қалған ескіліктен бір демде арылу – оңай шаруа емес. Соған қарамай көптеген жоға­ры оқу орындарымыз бәсекеге қабі­лет­ті деп айта аламын. Осы орайда біздің Болон (Ита­лия) декларациясына қол қой­ып, әлемдік білім кеңістігіне ұмты­луы­мыз­дың өзі халық­ара­лық бәсекелестікке қабі­лет­ті болу ние­тінен туындап отырғанын айта кетуім керек. Осы­ған байланысты бү­гін­де жоғары оқу орын­да­рында түбегейлі өзгерістер, жақсы ұмты­лыс­тар жүзеге асы­ры­луда. Мұның өзі бәсе­кеге қа­бі­лет­тілікті бұрынғыдан да арт­тыра түсетіні сөзсіз.
 – Аттестация – ескірген жүйе, қазір ак­кре­дитациялауға көшу керек деп жатыр. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мен өз басым аккредитацияны қол­дай­мын. Бұл туралы білім және ғылым ми­нистрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов та өз ойын ашық айтып жүр. Білім беруді да­мы­тудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасында да нақтылы тұжырымдар бар.
– Қайсыбір жоғары оқу орын­да­рын­да сабақ беретін оқытушымен сөй­лесе қалсаңыз, барлығы да бүгінгі жас­тар­дың білім алуға құлықсыздығын алға тар­та­ды. Осының негізгі себебі неде деп ой­лай­сыз? Оқытушылардың өз­дерінің сабақ беруге салғырт-салақ қа­рай­тын­ды­ғынан емес пе?
– Бүгінгі заман білім мен ғылым заманы еке­нін, ілім-білімсіз ешкім ешқайда ұзай ал­майтынын түсінбейтін кісі кемде-кем. Сон­дықтан оқуға құлықсыз деп жастарды кінәлаудың жөні жоқ. Кейбір аға буын ұстаздар посткеңестік дәуірде қалыптасқан оқытудың ескі әдіс-тәсілінен арыла алмай келеді. Уақыттың өзгеруіне қарамай, бұрын дайындаған лекцияларын әлі күнге сол қалпында оқып келе жатқан оқытушылар да кездеседі. Жасы 80-нен асқан кейбір про­фессорлар әлі де жұмысынан айырыл­ғы­сы келмей, дәріс оқып жүр. Өзі шаршап-шал­ды­ғып, аяқтарын әзер алып жүрген, із­дену­ден, заман талабынан кейін қалған олар шә­кірт­терге сапалы білім береді деп айта алмаймын. Бүгінгі ғылыми техникалық прог­ресс заманының өскелең талаптары, әри­не, мұны қаламайды. Жастардың оқуға деген ынтасының төмендеуінің бір себебі осын­да.
Шәкірттердің ілім-білімге қызы­ғушы­лы­ғын арттыру оқытушының білімдарлығы мен ізденісіне тікелей байланысты. Көпірме сөзбен, ескірген лекциялармен, күні өткен әдістемемен шәкіртті қызықтыру мүмкін емес. Сол себепті жоғары оқу орындарында оқы­тушылардың сапалық құрамы жақ­сартылуға тиіс. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, жоғары оқу орындарындағы оқу­лық сапасы да талап деңгейінен көп тө­мен. Оқулықтардың тілі ауыр бол­ған­дық­тан, студенттердің түсінігіне қиын тиеді. Еш­­кімді қызықтырмайтын, тартпайтын, кі­лең күрделі теориялық мәселелерден ас­пайтын, өмір­мен, тәжірибемен бай­ла­ны­сы аз оқу­лық ба­ла­ны жалықтырмағанда қай­теді?
19 қаңтарда Премьер-министр К.Мә­сі­мов­тің қатысуымен өткен Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде де жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың са­па­сы туралы салиқалы сөз қозғалды. Мұн­­да жоғары оқу орнындағы оқулықтарды жап­пай сараптамадан өткізіп, жаңа кітаптар жазу керектігі айтылды. Ұзын сөздің қыс­қа­сы, студенттің ілім-білімге деген құш­тар­лы­ғын ояту ұстаздың шеберлігіне, шығар­ма­шы­­лық ізденісіне және оқулық сапасына бай­­­ланысты. Біз осыған қол жеткізуіміз керек.
Жастардың оқуға деген ынтасының тө­мен­деуіне олардың жоғары оқу орнынан алып шыққан мамандығына сәйкес жұ­мыс таба алмайтындығы да себеп болып отыр (бұл – үшінші фактор). Өйткені бүгінде дип­­лом­ды мамандардың қызмет таппай бос жүр­гендері көп. Сондықтан еңбек ры­ногі ретке келтірілуі тиіс.
– Қателеспесем, 2004 жылдары елі­мізде жоғары оқу орындарының саны 180 болса, қазір 140-тан астам. Бұл сан­нан сапаға көше бастағанымыз шы­ғар?
– Бұл сұрағыңызға білім және ғылым ми­­нистрі Б.Т.Жұмағұловтың келтірген дәйек­­те­месі бойынша жауап бергенім жөн болар. «Қазақстан мемлекеттік секторға кең жол ашты, – деген еді ол. – Алайда оның келеңсіз тұс­тары болмай қоймады. Жоғары оқу орын­да­рының саны күрт ар­тып, білім сапасы тө­мен­деді, халық ара­сын­да «сәнге» ай­налған заңгер, экономист мамандықтарымен шек­­те­лу үрдісі белең алды. 1992 жылы ЖОО-ның саны 60 болса, ол 2005 жылы 185-ке бір-ақ кө­те­ріл­ді. Сөйтіп, «саңырау­құ­­лақша» қаптаған ЖОО енді өздерінің прак­тикалық тиім­сіз­дігін көрсетті. Қабыл­дан­­ған шаралар нә­ти­же­сінде оларды 148-ге дейін қысқартуға мүм­кіндік туды. Тексеріс көр­­сеткендей, бір­ша­ма жоғары оқу орын­да­ры талапқа сәйкес келмеді. Сондықтан же­кеменшік қана емес, мемлекеттік жоғары оқу орын­да­рына да қатаң талап қойылады. Олар­ды аккредиттеу барынша кү­шей­ті­ле­ді».
Мен айтар едім, бұрын ата-аналар ба­ла­ларын қайткенде де бір жоғары оқу орнына түсіріп, диплом әперуді армандаса, бүгінде олар абырой-беделі биік жақсы оқу орнын, өтімді мамандықтарды таң­дай­тын бол­ды. Сол себепті жоғары оқу орын­да­ры да өз мәр­те­белерінің жоғары болуына ты­ры­суда. Бұл, әрине, құптарлық жайт. Енді бес-алты жылда баяғыдай ең таң­дау­лы, ең мықты оқу орын­дары ғана қалады.
– «Сырттай оқытудан еш пайда жоқ» деп жатады. Сіздің пікіріңіз ше?
– Мен осы пікірмен келісемін. Педа­го­ги­калық мамандықтар болмаса, былайғы мамандықтарды сырттай оқытпағанымыз абзал. Бірақ орнына бүгінгі инновациялық тех­нологияның жетістіктеріне байланысты ше­тел­дердегідей қашықтан оқыту (дис­тан­ционное обучение) әдісін енгіз­геніміз жөн.
– Қазір көпшілік жоғары оқу орын­да­рының оқытушылары «студент құ­қы­ғын» бірінші кезекке қояды, соның сал­да­ры­нан студенттер алдында мұ­ғалімдер бе­делі түсіп барады. Қит етсе бол­ды бас­шылық «олар ақша төлеп жа­тыр» деп сту­денттерге ара түседі. Осы төңірек­те не айтар едіңіз?
– Студенттердің құқығын бірінші кезекке қой­ғаннан оқытушының беделі түсіп кетеді деген сөзбен келіспеймін. Шә­кіртінің ал­дын­да ұстаз өз беделін көрсете білуі, ал­ды­мен өзі білімді, білікті, ізденгіш, «ұстаз» де­ген атқа лайық пара­сат­ты адам болуы тиіс. Білім бе­руді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға ар­нал­ған мем­ле­кет­тік бағ­дар­ла­ма­сына тұң­ғыш рет «Педагог мәр­те­бесі» деген бө­лім­нің ен­гі­зілуі осы ниеттен туып отыр.
Ақылы бөлімде оқитын студентті «ақша тө­лейді» деп қорғаштауға болмайды. Са­бақ оқып үлгермесе, оқудан шығарылуға тиіс.
– «Бір ғана ұлттық академия бол­сын» деп ұсыныс жасаған едіңіз, бұл ойыңыз қандай себептен туындап отыр және Үкімет бұл ұсынысыңызға құлақ түрді ме?
– Бүгінде салалық академиялар да, ака­де­миктер де көбейіп кетті. Көбейгені дұрыс қой. Бірақ оның нәтижесі қайда? Сондықтан мен елімізде бір ғана Ұлттық Ғылым ака­де­миясының болғанын қалаймын. Өйткені Қазақстан ғылымын бір орталыққа шоғыр­лан­дырып, бір орталықтан қаржы­лан­ды­рып, бір орталықтан басқарып отырса, оның тиім­ділігі арта түсер еді. Осы жақында күтіп отыр­ған «Ғылым туралы» заңда бұл ай­тыл­ған мәселе көрініс табатын шығар деп ой­лай­мын.
– Серік Жайлауұлы, сіз – біздің елі­мізде ғылыми жаңалықтар ашуда үл­кен жетістіктерге жеткен алдыңғы қа­тар­лы ғалымдардың бірісіз. Қалай ой­­лай­сыз, ғылыми жаңалық ашудағы дең­гейіміз қандай?
– Жасыратыны жоқ, бүгінде ғылым сала­­сын­да саябырсушылық байқалады. Мем­ле­кет тарапынан ғылыми жұмыстарға қаржы да бөлінуде, қолдау да бар. Бірақ ғы­лыми жұмыстарды үйлестіру, ұйым­дас­ты­ру жағы кемшін. Әр ғалым бұрынғы өзі зерт­теген тақырыбының айналасынан шиыр­­шық­­тап шы­ға алмай жүр. Қаржыны да со­ған сұ­райды. Оның, ең бірінші, ел эко­­­­но­микасына пайдасы бар ма, жоқ па, оны ойламайды. Ал, менің ойымша, Үкі­мет­тің ғылымға бөлген қаржысының әрбір тиыны қайтарым әкелуге тиіс. Мысалы, Ал­маты қаласының эколо­гия­сын алайық. Оны ғы­лы­ми жолмен дұ­рыс­тауы­мыз керек де­лік. Бұл үшін мемлекеттік тапсырыс бо­луы қажет. Осы тапсырыс бойынша эколог ға­лым­­­дар өз жобаларын ұсы­нуы тиіс. Кон­курсқа қа­тыс­қан мейлі жүз, мейлі мың эколог ғалым бол­са да, соның ішіндегі ең үздік бірнеше жоба ғана таңдап алынып, бірнеше ғылыми топ бір мәселені түбегейлі зерттеп, бір мақ­сат­қа жұмыс істеп, эконо­ми­камызға пай­дасын тигізер еді. Үкіметтің қар­жысы тек осы мақсатқа ғана бөлінуге тиіс деп ой­лай­мын.
– Серік Жайлауұлы, орта білім бе­ру­ді 12 жылдыққа көшіру туралы мә­се­ленің көтеріліп жүргеніне біраз уақыт болды. Ақырында бұл ақиқатқа ай­на­лып, іс жүзіне асырылғалы отыр. Сіз қа­лай ойлайсыз, осы ұстаным дұрыс па?
– Өркениетті елдерде орта мектеп 12 жыл­­дыққа негізделген. Әлемдік білім кеңіс­тігіне енеміз десек, біз де осы жолды таң­дауымыз керек. 12 жылдықтың тиім­ді­лігі тә­жірибеде сыналып, дәлелденгені қа­шан!
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған Мемлекеттік бағ­дар­ламасында осы аталған кезеңде орта білім жүйесін 12 жылдыққа толық көшіру назар­ға алынып отыр. Бұл – әлемдік білім кеңіс­тігі­не енудегі маңызды қадам. 12 жылдыққа көшу орта мектептегі оқу мерзімін ұзарту ға­на емес, мұнда білім беру мазмұнын тү­бе­гейлі өзгерте отырып, білім сапасын ба­рын­ша жақсарту мақсаты тұр. Бұл міндетті жү­зеге асыру үшін 12 жылдық мектеп мұ­ғалімдерін кәсіби даярлауды қазіргі таңда кезек күттірмейтін мәселе деп білемін.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­го­ги­калық университеті еліміздегі педа­го­ги­ка­лық оқу орындарының көшбасшысы, база­лық орталығы болғандықтан, біз бұл мә­с­еледен тыс қала алмайтындығымыз анық. Бұл са­ла­да бірқатар игілікті іс те ат­қарылды. Атап айтқанда, университетіміз елі­міздегі басқа да педагогикалық жоғары оқу орын­дарының оқытушыларымен, ға­лым­­да­ры­мен бірлесе отырып, 12 жылдық білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартын жасап шы­ғар­ды және оның әр деңгейі бойынша сарап­тама жұмыстарын жүзеге асырды.
Сондай-ақ біздің профессор-оқы­ту­шы­ла­рымыз 12 жылдық мектептің барлық не­гіз­гі пәндерінің типтік оқу бағ­дар­ла­ма­ла­рын дайындап отыр. Университет ұжы­­мының қатысуымен 12 жылдық мек­тептің негізгі оқу пәндері бойынша 300-ден аса оқу­лық­тар, оқу-әдістемелік құ­рал­дар, жұмыс дәп­тер­лері, хрестоматиялар дайындалып, ба­сып шыға­рыл­ды.
Еліміздің 8000-ға жуық мектептерін жаңа буын мұғалімдерімен қамтамасыз ету және сол мектепте жұмыс істеп жүрген мұ­ға­­лімдерді 12 жылдық оқу тех­но­ло­гия­ла­рымен қайта дайын­дау мәселесі аса үлкен қар­жы мен қажыр-қайратты, тың­ғы­лық­ты әзірлікті қажет етеді.
Биылдан бастап мемлекеттік тапсырыс педагогика мамандықтарына берілетініне сеніміміз мол, бірақ сол тапсырыс, бірін­ші­ден, тек педагогикалық институттар мен пе­да­­го­гикалық университеттерге берілсе, екіншіден, болашақ 12 жылдық мектептерге мұғалімді тек педагогикалық институттар мен педа­го­гикалық университеттер дайын­дай­тын болса, мұның берері мол. Себебі биыл І курсқа ке­летін студенттеріміз төрт жыл­дан кейін, яғни 2015 жылы 12 жылдық мек­тептерге мұғалім болып барады деген сөз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Жуырда біздің университеттің база­сын­да республикадағы жоғары оқу орын­дары рек­торларының «Ұстаз» («Пе­дагог») қауым­­дас­тығының мәжілісінде ЖОО-дағы оқулық сапасына қатысты мә­селе тал­қы­лан­ды. Өйткені бұл салада қордаланып қалған проблема өте көп. Мы­салы, бір ға­на био­ло­гия пәнін 10 жоғары оқу орны 10 түрлі оқу­лық­пен оқытады. Қазақ­ша кітап­тар әлі аз, ал жо­ғары оқу орын­да­рын­дағы қазақ топ­тары жылдан-жылға көбейіп ке­ле­ді. Оқулық жазуда белгілі бір жүйе қа­лып­таспай отыр. Сон­дық­тан біз осы жиын­да оқулықтарды кон­курстық жүйе бойынша шығару керек деген ұйғарымға келдік. Қай автордың жаз­ған оқулығы кон­курс­та же­ңіс­ке жетсе, сол оқу­лықты шы­ға­рып, бар­лық жоғары оқу орын­дарында соны оқыту керек.