Дат!

Мұғалімге тек өз пәнінің білгірі болып қана қою аздық етеді

  • Мұғалімге тек өз пәнінің білгірі болып қана қою аздық етеді

    Мұғалімге тек өз пәнінің білгірі болып қана қою аздық етеді

Әсима БИМЕНДИНА, Астана қалалық білім басқармасының бастығы:


– Әсима Темкенқызы, соңғы уақытта білім беру ісінде мұғалім­дерді қағазбастылықтан арылту туралы мәселе жиі қозғалады. Сіздің ойыңызша, білім беру жүйесіндегі модернизациялау арқылы мұғалімдерді қағазбас­ты­лық­­тан құтқару мүмкін бе?

– Әлбетте, мұғалімдердің қағазбас­тылығы – өзекті мәселе әрі бұл соңғы уа­қыт­та, шындығында да, жиі-жиі көте­ріліп келеді. Нақты жағдайды алға тартсақ, мұғалімдердің жылына екі рет күнтізбелік-тақырыптық жоспарлары, күнделікті сабақ әзірлемелері ғана болуы тиіс. Мұндай та­лап барша мұғалім қауымына бірдей. Екінші жағынан, мұғалімнің педагогикалық жинақтамасы мен қызметінің дәйекті көрінісі деген де бар екенін естен шығар­майық. Мұны ықылым заманнан бері келе жатқан заңдылық десек те болады. Жалпы, бір рет мұқият жазылған сабақ әзірлемесін мұғалім келесі оқу жылында өңдеп, жетілдіріп, толықтырып пайдалана береді. Сонымен қатар соңғы жылдары құжаттар айналымын электронды нұсқада жасау енгізілгені анық. Мұғалімдерге білім беру барысында электронды құралдарды пай­да­лану арқылы (оқулықтар, үнтаспалар, бейнесабақтар, онлайн сабақтар, ин­тер­нет желісін пайдалану т.б.) қағазбасты­лықтың азайғаны да байқалады. Сондай-ақ жыл сайын міндетті түрде мектеп туралы ақпараттардың түр-түрін тапсыру да жеңілдеді. Мысалы, 2013-2014 оқу жы­лын­да былтырғы оқу жылымен  салыстыр­ғанда  есеп беру құжаттарының саны кеміді. Білім басқармасы тарапынан мек­теп­терден алынған барлық есептер Білім және ғылым министрлігіне жүйе­леніп, жинақталып тапсырылатын болды.

Түйіндей келсек, көтеріліп отырған мә­селе өзінің оңтайлы шешімін тауып жатыр. Дегенмен аса маңызды ақпараттарды біз біліп отыруға міндеттіміз деген пікірдемін. Өйткені өмірдің өзі осыны талап етеді. Статистикалық есеп жүргізіп отырмасақ, алдағы жұмыстарды болжау, жоспарлау мүмкін емес. Мұны да заман талабымен сәйкестендірген абзал. Сондықтан уақыт өте келе бірыңғай электронды жүйемен жұмыс атқарамыз деген ойдамын.

– Қазір елімізде оқу орнының тапшы­лығы аса өзекті мәселе болса, халық саны жылдам өсіп келе жатқан елордада бұл мәселенің өзектілігі одан сайын орта түсері рас. Айталық, Астана­ның 22 мектебінде 1-сыныптың өзі 14-15 топқа барып жығылады екен. Ендеше, мектеп тапшылы­ғын жоюға қатысты нақты жоспармен бөліссеңіз...

–  Елорда халқының саны жыл сайын қарқынды өсіп келе жатқанын біз бірінші кезекте сезініп отырамыз. Шынын айтайын, астаналықтар саны болжамнан артығымен өсіп келеді дегенге мен қатты қуанамын. Елордада халық санының артуы, бұл тәуелсіз Қазақстан халқының саны артып келе жатқанын білдіреді емес пе? Демографиялық көрсеткіш жыл санап өсіп келеді, бұл жаман ба?!  Сондықтан да біздің мақсатымыз – осындай игі үрдісті сақтауға барынша жағдай жасау.

Ал мәліметтерге келсек, бүгінгі таңда Астана қаласында  71 жалпы орта білім бе­ре­тін мектеп, 12 жеке мектеп болса, мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесін 73 балабақша, бес кешен, бір ведомстволық кешен, 63 жекеменшік балабақша, 22 шағын орта­лық құрайды. Сонымен бірге жыл сайын жаңа мектептердің құрылысы аяқталып, олар да қатарға қосылып жатыр. Дегенмен біз демографияны қуып жете алмай келеміз. Сондықтан да білім басқармасы тарапынан мектептерде орын жетіспеушілік мәселесі күн тәртібінде тұр. Рас, қаламыз­дың №65 мектебінде 1-сыныптардың саны – 16, №66 мектепте 1-сыныптар са­ны – 15, №60, №70 мектеп­терде 1-сы­ныптар саны – 14, сонымен қатар Астана қаласының бес мектебінде 1-сыныптар саны 11 топ болып жасақтал­ған. Жүктеме осылай болғанымен, онда бала оқытуда еш проблема жоқ. Мектеп­тердің мате­риал­дық-техникалық базалары жақсы және жыл сайын жаңартылып, толықты­рылып отырады. Бір сөзбен айтқан­да, сынып саны көп болғанымен, балалардың жан-жақты тәрбиеленіп, мемлекеттік стан­дартқа сәйкес толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалған. Әлбетте, жүктеменің тиісті деңгейде болғанын біз де қалаймыз. Дегенмен бұл мектеп­терде «1-сыныптар өте көп, сапалы білім ала алмайды, басқа мектептерге ауыстыра­мыз» деп көріңізші, ата-аналар соған келісе қояр ма екен? Сонымен қатар Астана қаласында ата-ана баласын оқытатын мектепті таңдай алмайды, себебі әр ық­шамауданға бекітілген өз мектептері бар. Оқушы орны мәселесін шешу үшін жыл сайын қаламызда жаңа мектептер ашылып жатыр деп айттым. Мысалы,  2014 жылы 9500 орындық сегіз мектеп, 2015 жылы 6000 орындық бес мектеп, 2016 жылы 8400 балаға жеті мектеп ашылады деп жоспарлануда. Сонда 2016 жылға қарай 23 900 баланы қамтитын  20 мектеп ашы­л­мақ. Сөйтіп, мәселе бір жылда шешімін таппағанымен, жоспарлы түрде шешіледі деген сенімдемін.

– Астана мектептерінің көп­шілі­гінде мектепалды даярлық сыныптары жоқ. Мұның себебі неде?

– Мұның себебін де «демография дүм­пуіне» жатқызып, оң үрдіске орай ақтап алуға болады. Қаламыздағы 28 мемлекет­тік жалпы орта білім беретін мекемеде 59 мектепалды даярлық сыны­бы жұ­мыс іс­тей­ді. Аталған сыныптарда 1392 бала қам­тылған. Мектепалды даяр­лық сыныптары­ның 2013-2014 оқу жылында қыс­қар­ты­луы­на 1-сыныпқа  барған бүлдіршіндердің былтырғы 2011-2012 оқу жылымен салыстырғанда 1591 балаға көбеюі, сонымен қатар көші-қон үрдісінің тоқтамауы әсер етіп отыр.  Биылғы оқу жылына 1-сыныпқа 12 893  бала қабыл­дан­­ды. Сонымен қатар көші-қон арқылы  2013 жылы 5027 бала келген. Бүлдіршін­дерге мүлдем жағдай жоқ деп  айта ал­май­мыз. Тұрғын үйлердің 1-қабат­тарында мектепке дейінгі тәрбиемен айналысатын 22 шағын орталық ашылған.  Осылайша, мектепке даярлаймын деген ата-ана баласын жекеменшік мектепалды даярлық топтарына апара алады. Ал 5-6 жастағы балаларды оқуға даярлайтын мектептер тізімін Астана қалалық білім басқарма­сы­ның сайтынан білуге болады. Жалпы, елор­дада мектепалды даярлық топтарына барлық бүлдіршіндердің 88,6%-ы  қам­тыл­­ған.  Мұндай даярлық топ­тарында жалпы білім беретін мектеп­тер­дегі сияқты арнайы бағдарламамен білікті мамандар жұмыс атқарады.

– Астанада мұғалімдердің біліктілік деңгейін көтерудің жаңа сипаттары қалай жүзеге асып жатыр?

– Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру – бұрыннан алған кәсіби білімін, үйрете білуі мен дағдысын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге мүмкіндік беретін кәсіби оқыту формасы. 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 5-бабына сәйкес, Педагог кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жөнінде «Педагог кадрлар­дың біліктілігін  арттыруды  ұйымдастыру  жөніндегі  нұсқаулық» бар. Бұл нұсқау­лық­ты Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйы­мының Педагогикалық шеберлік орталығы  дайындаған болатын. Онда үшінші (база­лық), екінші (негізгі), бірінші (ілгері) дең­гей­лердегі оқу бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасы педагог кадрла­рының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламаларының курстарына іріктеудің және қабылдаудың тәртібі белгіленеді. Бірінші (ілгері) деңгейдегі курстардың ұзақтығы кемінде 464 сағатты құрайды. Екінші (негізгі) деңгейдегі курстардың ұзақтығы  – кемінде 440 сағат. Үшінші (ба­залық) деңгейдегі курстардың ұзақтығы  кемінде 416  сағатты құрайды. Назар аудартатыны, I деңгейлі сертификат иесіне жалақысына 100% үстемеақы төленсе,  II деңгейлі сертификат иесіне 70% үсте­меақы, ал III деңгейлі сертификат иесіне жалақысына 30% үстемеақы төленеді.  Алдағы бес жыл ішінде осы жаңа жүйемен республикамыздың 120 мың педагогі бі­лік­тілігін арттырады. Бұл барлық педа­гогтердің шамамен 43%-ын құрайды. Курстың бір академиялық сағаты 45 минутты құрайды. Курсты тиісті деңгей бойынша Кембридж университеті сарап­шы­ларының қатысуымен «Назарбаев Зият­керлік мектебі»  дербес білім беру ұйы­мының Педагогикалық шеберлік орта­лығы  даярлаған сертификатталған тре­нер­лер жүргізеді. Курстан өткен және біліктілік емтихандарын жақсы тапсырған тыңдаушыларға ұйымдар тиісті деңгейдегі бағдарламалар бойынша сертификаттар ұсынады. Сертификат бағдарламаның тиісті деңгейі берілгендігін растайды және берілген күнінен бастап бес жыл бойы қолданысқа енеді. Көрсетілген мерзімнің өтуі бойынша білім алушы қайталау курсынан өтпей-ақ  «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығына  біліктілік емтиханын тапсыру жолымен бағдарлама деңгейін растайды. 2013 жылдың аяғына дейін үш  айлық  деңгейлік бағдарлама  негізінде оқыту курстарынан барлығы 572 педагог өтеді деп жоспарлап отырмыз. Ал 2012 жылы барлығы 343 педагог өткен болатын.

– Тамыз кеңесінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов «мұғалімдер әлеуметтік желіні қолданса» дегенді айтқан еді. Сіздің ойыңызша, бұл сабақ беру ісіне өз тиімділігін бере ме?

– Жалпы, қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы білім беру саласына барынша қолдау көрсетіп, жан-жақты көмектесіп отыратынын ерекше атап өткім келеді. Әкімнің қолдауымен түрлі жаңашыл баста­малар жүзеге асып та жатты. Мәселен, «Бола­шақтың мектебі» жобасы шеңберінде «Оқушылардың электронды куәліктері», баланың мектепке келіп-кеткені туралы ата-аналар үшін смс-хабарламалары, «Е-асхана», «Е-кітапхана» модульдері енгізілді. Сосын ғаламтор желісімен жұмыс атқару барысында қажетсіз, теріс ықпал беретін мазмұндағы сайттарды електен өткізіп қоспау, мектеп тарапынан әлеумет­тік желілерді пайдалануды қадағалау мүмкіндіктері бар. Ал жалпылама бекітіл­ген жоба бойынша қаланың  11 мектебінде электронды карточкалық жүйе енгізілген. Сонымен қатар жақында №64 мектепке «Самсунг» компаниясының бастамасымен смарт-класс жұмысын бастады.

Тамыз конференциясында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қозғаған мәселесі – бұл мұғалімнің заман талапта­рына сәйкес болуы, оның беделін көтеру­дің алғышарты дер едім.

Бүгінгі оқушылар, кешегі біз, менің замандастарым оқығандай қалам мен дәптер, мұғалім үшін тақта мен бор ғана емес, барлық заманауи оқыту ақпараттық технологияларды еркін меңгеру, осы арқылы беделдерін, бастысы – білім мен тәрбие беру сапасын барынша көтеру. Қай заманда болсын мұғалімге тек өз пәнінің білгірі ғана болып қою азшылық етеді. Ұстаз өз заманында туындап отырған көптеген сұраққа жауап бере алатын зияткер ретінде қабылданады. Мектеп мұғалімдері білім мен тәрбие беру үрдісіне кешегі күннің биігінен емес, бүгінгі күннің деңгейінен қарау қажет. Астана қаласы мектептерінің  барлығында мұғалімдер жаңа технологияларды еркін меңгерген. Компьютерлік сауаттылық курстарынан Астана қаласының мұғалімдерінің 100%-ы өтіп, сертификаттарын алған.

Бала жанын түсіну, балаға жақын болу, мұғалімді баланың тұлға ретінде қабыл­дауының кепілі де заман ағымына ілесе алатын, әлеуметтік ортаға тез сіңетін жан-жақты маман болудан бастау алады. Бұл тұрғыдан алғанда, Астана қаласындағы мектептер, мұғалімдер ең жоғары талап­тарға сәйкес болып, өзгелерден шоқтығы биік тұруы тиіс деген пікірдемін әрі осыны да талап етіп келемін.

Әр заманның өзіндік тарихи ерекше­ліктері болады. Уақыт бір орында тұрмай­ды, толқынды толқын қуғандай кешегі кеңес дәуірінде білім алған мұғалімдердің ізін жас мамандар басып келеді. Ал жас мамандардың шығармашылық ізденісі, білім мен тәрбие беру технологияларын меңгерулері қойылатын талапқа сәйкес болуы тиіс. Мектеп мұғалімдері планшет­никтер, айфон, айпат секілді дүниелерді пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы оқушыларымен байланысқа шығып отыруы артықтық етпейді. Әлбетте,  мате­риалдық жағдайлары көтеретін ата-ана­лар балаларына соны дүниелерді, қымбат заттарды сатып алып бере алады. Мұндай жағдай барлық оқушыларда ғана емес, мұғалімдердің бәрінде бірдей бола бермейтінін де ескеруіміз керек.

– Бүгінде Астана мектептерінде білім алып жатқан оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысу деңгейі қалай?

– Былтырғы оқу жылында түрлі деңгей­дегі рес­пуб­ликалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылы­ми-интеллектуал­дық оқушылар сайыстарына Астана қаласындағы 87 мыңға жуық оқушының 23 мыңнан астамы атсалысты. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Жалпыдан жалқыға тоқталсақ, республикалық олим­пиада нәтижесі бойынша, елордалық оқушы­лар­дың республикадағы көрсеткіші жоғары: жүлде саны бойынша көш бастап, 53 жүл­делі орын Астананың еншісіне бұйырып отыр (11 алтын, 17 күміс, 25 қола медаль). Астана қаласының оқушы­ларынан құрал­ған коман­да «Ең үздік команда-2013» атағын иеленуін ерекше атап өткім келеді. Мұндай жоғары мәртебені астаналық оқу­шылар жеті жылдан бері иеленіп келеді. Ал халықаралық ынты­­мақ­тастықты дамыту бойынша АҚШ, Әзір­бай­жан, Румыния, Ресей, Түр­кия, Грузия секілді алыс-жақын шетел­дерде ұйымдастырыл­ған олим­пиадалар мен ғылы­ми бай­қауларда аста­налық оқу­шы­лар 120 медаль еншіледі. Мұндай жетістіктің ішінде 40-ы – алтын, 35-і – күміс және 45-і қола медаль болып отыр. Биыл оқу жылында да астаналық өрендер республикада топ бастап, халы­қаралық білім сайыстарында биіктен көрі­неді деген сенімдеміз.

– Мектептерде ақша жинау туралы әңгіме жиі айтылады. Білім және ғылым министрлігі білім беру мекемелерінде ақша жинауға жол жоқ дегенді бұған дейін сан рет талқылап, нүкте қойғалы қашан?! Дегенмен үнемі болмаса да, білім ошақтарында ақша жинау науқаны болып тұратыны жасырын емес.  Осы орайда оқушылар мен ұстаздар­дың құқығы қандай деңгейде қорғалған?

– Қазақстан мектептерінде ақша жинау мәселесіне қатысты даулы мәселе көтері­ліп, сан рет талқыланған. Бүгінде ондай дақпырт та, талқылау да басылды. Себебі жылда Білім басқармасы мектеп ұстаз­дарымен, ата-аналармен тығыз байла­ныс­та жұмыс істеп келеді. Қазір бұрынғы кезең емес. Ата-аналар мен ұстаздар оқу бағдар­ламасы үшін керекті құрал- жабдықтардың мемлекет қаржысы есебінен сатып алы­на­тынын біледі. Соның негізінде ақша жи­нау­ға қарсы шара ретінде жаңа бұйрықтар шығарып отырамыз. Бұл осындай даулы мәселенің туындамауына септесіп, алдын алуға пайдасын тигізеді. Бүгінде қала әкімдігі білім саласына баса назар аударып отырады. Әрбір оқушы мен ата-ана­ның пікірі маңызды. Сондықтан олар­дың тарапынан айтылған уәжді толық ескеріп, сонымен жұмыс істейміз. Сонымен қатар әкімдік те біздің басқарманың жұмы­сына немқұрайды қараған емес. Бұл орайда ақша жинауға тосқауыл қойылып отыр деп айтуға негіз бар.

Бұдан бөлек, жылдағы дәстүрлі аттестат тапсыру күнін арнайы демалыс орында­рында кеңінен атап өтуді де назарда ұстаймыз. Мысалы, мұндай қуанышты есте қаларлықтай етіп қымбат мейрамхана­лар­да тойлау шарт емес. Дей тұрғанмен, қы­зықты ұйымдастырылып жатса, оған кінә тағуға болмас. Мысалы, былтыр «Алтын белгі» иегерлерін марапаттауға ерекше көңіл бөлдім. Соның негізінде басты іс-шараларды «Қазақ елі» монументінің алдында өткізген жайымыз бар. Бұл сырт көзге астамшылдық болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай қадам бізді де, өзгені де шығынға ұшыратпайды.

– Еңбегіңізге жеміс тілейміз. Әңгі­меңізге рақмет!




Көрілген: 2870    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 06.11.2013, 12:25

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31