Дат!

Несие проблемасын шешу үшін жеке тұлғалар банкроттығы институтын енгізу керек

  • Несие проблемасын шешу үшін жеке тұлғалар банкроттығы институтын енгізу керек

    Несие проблемасын шешу үшін жеке тұлғалар банкроттығы институтын енгізу керек

Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры:


– Бүгінгі таңдағы банк секторының бас ауруына айналып отырған бірден-бір мәселе – үмітсіз проблемалық не­сие­лер жайы. Өткен жылдары Үкімет пен Ұлттық банк аталған мәселені ше­шуі тиіс құралдарды даярлап, қар­жы­лық институттар қалыптастырған еді. Алайда, мысалы, 2012 жылы сәуірде құрыл­ған Проблемалық несие қоры­ның бүгін­ге дейін екінші деңгейлі банк­тер­ден сатып алған үмітсіз несиесі  cаусақ­пен санарлық. Жал­пы, аталған қор банктердің сараң­ды­ғынан тиімді жұмыс істемей жатыр деп айтуға бола ма әлде оның басқа се­бептері бар ма?

– Негізінен, екінші деңгейдегі банктер өз қоржынындағы проблемалық несиені баланстағы құны бойынша саудалағысы келеді, әрине, бұл дұрыс емес, негізінен, нарықтағы баға бағдарға алынуы шарт. Егер нарық бағасы баланста тіркелген құн­нан төмен болса, онда банк шығындануға даяр болуы тиіс. Алайда бүгіндері нарық баға­сын дөп басып анықтау қиын, сондық­тан әзірге оны несиемен қамтамасыз етіл­ген кепіл активтің құны негізінде белгілеу тә­жірибесі кеңінен қолданысқа ие. Бұл жал­пыға бірдей тиімді логика делінеді. Қа­лай дегенмен де Ұлттық банк пен Үкіметтің проблемалық несиені сатып алудағы құралдарын пайдалануға ыжда­ғаттылық танытпауын банктер осылайша түсін­діреді.

Меніңше, әрбір несиенің өзіндік жеке­лей жағдайлары бар, оның барлығы қо­ғам­ға мәлім емес, бірақ ішкі тексерулер арқы­лы оны анықтап, сол факті бойынша бұл арада кімнің іс-әрекеті бұрыс-дұрыс­ты­ғын анықтап алуға әбден болады.

Тағы, бір жағынан, коммерциялық банк­тер табысты болашағына сенімді бол­са, онда белгілі бір деңгейде шығын­дану­дан басын ала қашпас еді. Мысалы, қазір банктер қорландыру жағынан тапшылыққа бой ұрып отыр, оларда ұзын ақша деген аты­мен жоқ. Сондықтан егер Ұлттық банк ком­мерциялық банктерді осы жағынан қам­тамасыз етсе, онда олар өз кезегінде ин­вес­тициялық жобаларды несиелен­діруін жандандырып, қазіргіден де көбірек табыс таба бастар еді. Әрине, мұндай жағ­дайда банктер уақытын да, ақшасын да тек­ке шашпай, нашар несиесін жоюға бір­ден келісер еді.

– Дегенмен Ұлттық банкке жаңадан тағайындалған басшы Қайрат Келім­бет­ов мырза жуырдағы өз сөзінде ком­мерциялық банктерге аталған мәсе­ле шешіміне қатысты басқа шара­лардың қарастырылмайтындығын нығыздап айтты. Осы мәлімдемеден соң екінші деңгейдегі банктер нақты мә­селе шешімімен шұғылдануға кірі­се­ді деп болжауға бола ма?

– Ұлттық банк ұсынған тетікке деген сұраныстың болмауының бірнеше себебі бар: біріншіден, жұмыс істемей тұрған несиесін қорға сату үшін ондағы барлық талапты орындау банктер үшін өте қиын; екіншіден, қор сатып алатын несиелер бар­лық саланы қамтымайды, мәселен, зиянды борыштың көп көлемін құрайтын құрылыс пен жылжымайтын мүлікке қатыс­тысын; үшіншіден, проблемалық несие­лерді сатып алуда ұсынылып отырған құн аса арзан, мұндай ұсыныс банктер үшін тартымсыз. Бастысы, жаңа атап өт­кенімдей, коммерциялық банктер қорлан­д­ыру тапшылығына бой ұрған. Ал мұндай жағдайда олар активтерін тиімсіз шарттар бойынша саудаламайды. Сондықтан бұл арада Ұлттық банктің іс-қимылына көп нәрсе байланысты боп тұр. Нақтырақ айт­қанда, коммерциялық банктердің шегері­ліп, жойылған нашар несиесінің орнын Ұлт­тық банк табысты несиелендіруді қа­лып­қа келтіретін ресурстармен қамта­ма­сыз ету мүмкіндігі жайына қатысты. Ал егер жағдай қазіргідей ешқандай өзгеріс­сіз қалдырылса, онда банктер соңына де­йін дауласып, уақытты соза береді.

Соңғы кездері қадағалаушы орган бас­шысы жинақтаушы зейнетақы қор ақша­сы­ның бір бөлігін бәсекелестік негізінде екін­ші деңгейдегі банктерге ұзақ мерзімді депо­зит түрінде ұсыну мүмкіндігін қарас­ты­рып отырғандығын айтқан, яғни ұзақ мерзімді қорландыру мәселесі құзырлы орган тарапынан қарастырылып жатқан секілді. Осы жағынан алғанда, бұл мәселе келесі жылы белгілі бір деңгейде шешіліп қалатын шығар.

– «Жығылғанға – жұдырық» демек­ші, соңғы кездері банк секторын­да­ғы мәселені тұтынушылық несие кө­ле­мінің артуы одан сайын ушықтырып отыр. Елбасының тапсырмасынан соң Ұлттық банк шектеу шараларын қол­да­натындығын мәлімдеп еді. Сіздіңше, бұл шаралар қаншалықты тиімді?

– Меніңше, оның барлығы жеткіліксіз. Негізінен, борышкер деңгейінде одан да тереңдетілген шаралар қарастырылуы қажет. Мысалы, кепілсіз берілетін несиенің шекті сомасын белгілеп, сонымен қатар ссу­далық қоржындағы кепілсіз несие үлесін шектеу керек. Несиенің құрамына енетін барлық комиссия түрін де қатаң жария жүргізілетіндей етіп, қазіргі қолданыстағы комиссияның басым бөлігін жою қажет. Сондай-ақ тұтынушылық не­сиеге қатысты барлық сақтандыру түрін алып тастаған жөн, өйткені олар несие құнын қымбаттатып, оның өтем қабілетін төмендетеді. Тұтынушылық несие бойын­ша борышкер келісімшарттарын мейлінше оңтайландырылып, барлық талап бір келісімшарт аясында жасалуы тиіс. Бірнеше келісімшарт деген болмауы керек. Ал барлық комиссия келісімшартта жеке­лей асты сызылып көрсетілуі тиіс. Сонда біз банк өнімдері мәліметінің жариялы­лы­ғына, қаржы нарығындағы тұтынушы құқы­ғының белгілі бір деңгейде қор­ғалуына қол жеткіземіз. Сонымен қатар бұл арада мынадай норма енгізу қажет: заем құрамына енетін несиені қарау, оған қызмет көрсету және оны жабудағы бар­лық комиссия берілген қарыз ақша со­масының 5 пайызынан аспауы тиіс. Егер осы шарттарды Ұлттық банк қолданысқа енгізсе, онда мұның барлығын банктер орындауға міндетті болады.

АҚШ-та тұтынушылық несие бойынша қатаң санкциялар бар, сонымен қатар жеңілдетілген шаралар да қарастырылған: несиені жоюдан бастап, борышкердің несие өтеу қабілеті қалыпқа келгенге дейін несие талабы күшін уақытша доғару де­гендей. Тіпті оларда жеке тұлғалар бан­крот­тығы тетігі де жұмыс істейді. Соған қара­мастан, шетелде алдау-арбау, біреу­дің есебінен күн көру деген ауан атымен жоқ. Сонымен қатар халықтың құқықтық сауаты жоғары, заңға бағынады, тәртіпті қатаң сақтайды. Ал бізде бәрі басқаша, шетелдік модельдерді көшірмелеу кезінде белгілі бір элементтер ескерусіз қалып жатады (жеке тұлғалар банкроттығы инсти­туты, себебі бар жағдайда жеңілде­тіл­ген шаралар ұсыну дегендей), сонымен қатар баяу бейімделіп жатқан менталитет те есепке алынбайды. Бұл арада көбіне қаржылық қадағалаушы мекеме көп нәрсені көзден тасада қалдырып отыр. Әри­не, банктер жеңілдетілген шаралар ұсы­нуға тырысады, ондай банктерге қа­тыст­ы жақсы қарым-қатынас жасалуы керек.

Тағы бір жағынан, бізде тұтынушылық несиенің жылдам қарыштауын тежейтін шектеу болмай тұр, соңғы үш жыл ішінде жы­лына бұл несие түрі 45-60 пайызбен өскен. Ал, шынтуайтында, тұтынушылық не­сие халық табысының ең төменгі өсімі­нен кішкене артуына ғана жол беріледі (10-12%).

Сонымен қатар кадрлық, ұйымдас­тыру­шылық мүмкіндігі жағынан алып қарастырсақ, тұтынушылық несие өсімін тәуекел қауіп-қатерінсіз қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы жағынан алғанда, мұн­дай банктің келесі жылы құлдырауға бой ал­дыруы әбден ықтимал. Дағдарысқа дейін­гі жылдардағы БТА және Альянс банк­тер тура осындай жағдайды қай­талаған болатын. Өкінішке қарай, бүгін­дері бірқатар банктер сол қателікті еш ө­з­геріссіз қайталап, жағдайды түзеуге ниет танытып жатқан жоқ.

Жалпы, жаппай несиелендірудің өте теріс жағы бар: несие бүгінгі тұтынысты арттырады, ал оның сыйақы мөлшерлемесі ертеңгі тұтынысты азайтады, ал бұл деге­ні­ңіз – дағдарыстың циклге бой ұруына әке­ліп соғатын фактор. Сондықтан шетел дағ­дарыс жылдарында борышкердің көп­теп қарызданбауын шектейтін тетіктерді іске қосуды жөн көреді.

– Дүниежүзілік сауда ұйымына енгеннен кейінгі бес жылдан соң Қа­зақ­станда шетелдік банк пен қаржы­лық ұйымдардың тікелей филиалдары ашылады деп айтылып жүр. Мұндай жағдайда бізде банк өнімдерінің арзандауын болжауға бола ма?

– Бұл мүмкін емес секілді. Меніңше, шетелдік инвесторларға ең қолайлысы – жергілікті банктерді сатып алып, банк қызметі бағасын сақтап қалу. Бірақ қызмет сапасы әлдеқайда жақсара түседі.

– Таяуда Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов зейнетақы жүйесі­не қатысты сөзінде қауіпсіздікке ма­ңыз бергендерін баса айтты. Шынымен де, біздегі жекеменшік зейнетақы қор­ларындағы қаражаттың жоғалу қаупі бол­ды ма?

– Жинақтаушы зейнетақы қорларының басым бөлігінің жасырған өз сыры бар: рес­миге қарағанда нақты өмірдегі табыс­та­ры әлдеқайда төмен немесе тіптен қор­дың өзі табыссыз болуы ықтимал. Қалай дегенмен де бұл арада бір кілтипанның болғаны рас. Сондықтан шалт өзгеріс жа­салып, шұғыл шешімдер қабылданған секілді. Ұлттық банк те бұл проблемаларды өз уақытында жекелей, жілік-жілікке шағып жариялайтындығын айтып отыр ғой. Әзірге еліміздегі барлық зейнетақы жи­нағы тексеріліп, қайтадан есепке алы­нып жатыр. Осы процесс аяқталған соң, оның анығын білетін боламыз.

– Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы «жекемен­шік зейнетақы қорларында­ғы салымшы жинағын тиімсіз қаржы құ­ралдарына инвестициялауда жо­ғалт­қан шығындар өтеледі» деп м­ә­лім­деді. Компенсацияға қатыстысы қаншалықты мүмкін нәрсе?

– Жинақтаушы зейнетақы қорларының жекеменшік капиталы, сондай-ақ құрыл­тай­шылары да бар. Сондықтан шығынды өтету жағы – әбден мүмкін нәрсе.

– Зейнетақы жинағын басқару мемлекеттің қолына көшкендіктен, бо­лашақта зейнетақы бұрынғы мем­ле­кеттік қамсыздандыру моделіне бейім­делуі мүмкін бе?

– Бұрынғы зейнетақы моделіне қайта оралуымыз екіталай секілді. Бұл жайында, мүмкін, 3-5 жылдан соң сөз қозғалып қалатын шығар. Нақтырақ айтқанда, жи­нақ­таушы зейнетақы қорлары табысына қатысты мәселе туындап, зейнетақы жүйе­сін ұстап тұруға шыққан шығынды қысқартқанда да, ол жақсы зейнетақымен қамтамасыз етуге кепілдік бере алмайтын­дығын уақыт дәлелдеп жатқан жағдайда. Бүгінгі таңда көптеген мемлекет жинақтау­шы модель өзінің тиімсіздігін жойып бара­ды деп дабыл қағып жатыр. Мүмкін, жи­нақ­таушы модель мен мемлекетпен қам­сыздандырылған модельдің араласқан формасын пайдалануды да талқылайтын кезеңге жететін шығармыз. Бірақ мұның барлығы – таяу болашақтың еншісіндегі дүние.

Қалай дегенмен де Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қоры жекеменшік жинақ­таушы зейнетақы қорларына қарағанда әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын. Бірін­шіден, қордың еңбекақы менед­ж­мен­ті бойынша, кеңселерді жалға алу, ІТ-инфрақұрылым, маркетинг бағытын­дағы т.б. шығындары едәуір азаяды. Сондай-ақ БЖЗҚ аясында аффилирленген келісімдердің орын алу мүмкіндігі шек­теледі. Мұндай жағдайда қандай жинақ­таушы зейнетақы қорының жұмысы жақсы немесе нашар деген сараптаманың қажеті болмайды, қаржылық операция үшін проблемалық ЖЗҚ-ның көлеңкелі комис­сиясы жойылады. Бір сөзбен айтқанда, қолданыстағы ЖЗҚ моделі бойынша орын алған көптеген проблема келмеске кете барады.

БЖЗҚ жинақтаушы модельді сауық­тырып, ол ұзақ мерзімдік жоспарда тек екі проблемамен бетпе-бет келіп отырады: инфляция деңгейінен жоғары табысты қамтамасыз ете алмау және сәйкесінше зейнетақы деңгейінің төмен болуы.

– Соңғы кездері мамандар еліміз­дегі баспана бағасының өсуін болжап жүр. Сіздіңше, пәтер салығы көлемінің артуы қымбатшылыққа ұрындырып отырған жоқ па?

– Қазір салық тек элиталы, онда да өте көлемді жылжымайтын мүлікке қатысты қымбаттап отыр. Ал бұл – өз кезегінде біздегі зәулім мүліктің қымбаттауы емес, арзандауына әкеліп соғатын фактор. Қара­пайым пәтерлердің салығы тек қалаға қатысты ғана өзгерді, онда да бұл өсім баяғыда инфляцияны қуып жетіп қойған, сондықтан баға келесі жылы да өзгермеуі керек. Демек, салық баға өсімінің негізі бола алмайды. Керісінше, қазір халықтың табыс өсімі бәсең, соған сәйкес сатылым да тежелген, ипотекалық несиелендіру қысқарған, осы факторлар­ды есепке алсақ, бәрінен бұрын жылжы­май­тын мүлік нарығындағы баға, керісін­ше, 5-10 пайызға төмендейтін секілді.

– Ипотекалық несиенің тежелуі Парламент қабырғасында қарастыры­лып жатқан «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасына байланысты емес пе? Естуімізше, депутаттар атал­ған заңға келесі жылдан бастап қары­зы баспана құнының 10 пайызынан асып кеткендердің кепіл мүлкін банк соттың шешімінсіз тартып ала беретін­дей құқығы бар бапты енгізбекші көрі­неді...

– Көптеген банктің ипотекалық несие бағдарламасын тоқтатуы аталған заңға еш қатысы жоқ. Бұл арада банктер үшін қор­ландыру тапшылығы өзектілік танытып отыр. Сондықтан мұны уақытша құбылыс деп бағалаған жөн.

Расында, сөз етіп отырған заңға жаңа өзгерістер енгізілмекші, одан хабардар­мын. Өз басым, соттың шешімінсіз борыш­кер­дің баспанасын тартып алуға түбегейлі қарсымын. Құқықтық мемлекетте барлығы құқықтық тетіктер арқылы жүзеге асы­рылуы керек деп білемін. Сондай-ақ бұл заңға өзгеріс енгізіп жатса, онда жеке тұл­ғалар банкроттығы мәселесі қарастырылса дей­мін. Міне, мұндай жағдайда әлгі бапқа сәйкес, біз борышкердің несиесін қайта құрылымдап, сыйақы мөлшерлемесін төмендету, жеңілдік мерзімдер ұсыну, егер адам жұмысынан шығып қалса, онда ол тағы бір жұмысқа орналасқанша пения­ны немесе басты қарызының бір бөлігін шегеру секілді тиімді шарттармен қамсыз­дандыруға құқық алар едік. Бұл арада қарызының бір бөлігі шегерілген банк тұтынушысы қандай да бір санкцияларға бой ұруы тиіс: белгілі бір кезеңге дейін несие ала алмайды немесе 2-5 жыл бойына шетелге шыға алмайды дегендей. Шегерім мерзімі қаншалықты көп болса, шектеу де сонша уақытты қамтуы керек. Әрине, барлық жағдайда адам өзінің материалдық жағдайындағы өзгерістер туралы банкті хабардар етіп, есеп беріп отыруы қажет. Егер қайта құрылымдау процесі барысында борышкердің несиені жағдайы бола тұра, қасақана төлемегендігі анықталса, онда оған соттың шешімі бо­йын­ша пәтерін босататындай шара қолда­нылуы тиіс. Тек осындай жағдайда ғана...

– Қазақстанда девальвация туралы болжам жыл бойына көрініс тауып келеді. Алдында «жұмсақ» девальва­ция жасалғаны белгілі. Енді оның тағы қайталануы туралы айтылып қалып жатыр. Сіздің болжамыңызды да біле отырсақ деп едік...

– Әзірге девальвацияның орын алу мүмкіндігін танытатын қандай да бір құбылысты байқап отырғаным жоқ. 2009 жыл­дары мұнай бағасы құлдырап, экс­порт­тан түсетін табыс төмендеп, жалпы ел бойынша дағдарыс орын алды. Ол кезде девальвацияны болдырады деген барлық фактор өршіп тұрды. Қарап отырсаңыз, қазір сол 10 фактордың тек біреуі ғана бой көрсетеді: теңгенің айырбас курсы. Алдағы үш-төрт ай барысында ол 2009 жылдың қаңтар айындағы деңгейін қамтиды. Сондықтан бұл арада айтарлықтай себеп байқап отырғаным жоқ. Бірақ, тағы бір жағынан, нақты айырбас курсы көрсетіп отырғандай, теңге тым бағаланып кеткен, сондықтан оның ықпалын сәл-пәл әлсірету керек секілді. Осы жағынан алғанда, «жұмсақ» девальвация – жағдайды реттеудің дұрыс шешімі. Демек, алдағы екі-үш жыл барысында теңгені ақырындап әлсіретіп, ал осы кезең барысында банк секторын­дағы шетелдік валюта сипатында берілетін несие үлесін нөлге теңестіру керек, есесіне халық тұтынысындағы тауарларды өндіре­тін мықты деген отандық компанияларға қолдау көрсетіп, оларды көптеп өрістету қажет. Міне, содан кейін шалт қимылдағы девальвацияны жасауға болады, сонда бұл арада ешкім де ұтылмайды.

Теңгені әлсірету қандай да бір фактор­лардың ықпал еткендігінен туындап отырған жоқ, керісінше, біз ақша бағамын экономикамызға табыс әкелуі үшін белсенді басқаруымыз керек.

– Бүгіндері Ресейде дағдарыстың барлық белгісі байқалып тұр. Кеден одағында бірге болғандықтан, ондағы жағдайдың бізге де әсері болатыны айқын ғой...

– Ресейдің жағдайы, шынымен де, нашарлап тұр. Егер рубль девальвацияға ұшыраса, онда ресейлік тауарлар арзан­дап, Қазақстанға көптеп ағыла бастайды, ондай жағдайда біз теңгені әлсіретуге мәж­бүр боламыз. Әрине, Кеден одағы аясын­да бірге болмағанымыз жақсы бо­лар еді, ондайда біз кеден бажы көлемін арттыра салар едік...

Ресейдің тығырықтан шығар екі жолы бар: мемлекеттен капиталдың сыртқа ағылуын болдырмау және импорттың орнын басатын саясатты мықтап қолға алу. Бұл шаралар тіпті мұнай бағасы арзандап жатқан жағдайда да экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз де мұндай саясат ұстансақ, одан ұтпасақ ұтылмас едік.

– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!




Көрілген: 2869    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 11.12.2013, 12:48

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31