Дат!

Өнер адамының халқын алдауға қақысы жоқ

  • Өнер адамының халқын алдауға қақысы жоқ

    Өнер адамының халқын алдауға қақысы жоқ

Саят МЕРЕКЕҰЛЫ, актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:


– Аға, білесіз бе, құрбы-құрдас ор­та­сында ойнап-күліп жүрген жақсы ғой, бірақ кейде бір уақ адам аға буын­ның аталық сөзіне деген мұқтаждықты сезінеді екен. Со­лар­ды екшей келгенде, осы жол­ғы тоқ­тамымыз өзіңіз болып тұрсыз. Ақ­са­қал жасына жетіп қал­ды­ңыз, Ала­шыңызға өмір мен өн­ерде көр­ген-білгеніңіз бойынша қан­дай бір ата­лық сөз айтар едіңіз? Бүгінгі біз жә­не біздің соңымыздан ерген буын нені ұмытып, нені еле­мей, не­нің қадірін ұқ­пай жүрміз?

– Біз соғыстан кейінгі жетіспеушілік заманда дүниеге келген ұрпақпыз ғой, қарағым. Ол кезде ел әлі электр жары­ғын «Ильич шамы» дейтұғын. Содан бері жүз жыл өтіп үлгерген жоқ, өрке­ниет көз ілеспес шапшаңдықпен да­мы­ды. Әйтпесе біздің көзбен қара­ғанда шүберек дорба асынып мектеп табал­дырығын аттағаны­мыз күні кеше ғана секілді. Бірақ біздің бі­лімге деген құш­тарлығымызды сөзбен жет­кізу мүмкін емес шығар, сірә?!. Не жаңа­лық естісек те елең етіп, «білсем екен», кітапты көзі­міз шалды ма, «оқысақ екен» деп құ­мар­тып тұратынбыз. Се­бебі бізде жылт еткен жақ­сылық, бі­лім, күллі дүние кі­тапта деген та­ным-түсінік бар еді. Ал­пысқа келсем де, әлі күнге есімде, «Ба­тыр­лар жыры» деген жа­сыл мұқабалы кітапты майшамның жары­ғымен оқыған едік. Марқұм әкем мен ше­шем бізге оқы­тып, тыңдап жататын. Алды­мызда­ғы қазанның 9-ын­да менің осы өнер табалдырығын аттағаныма 46 жыл то­лады екен. Сол жолда мен екі қалада бі­лім алып­пын, біріншісі – Жамбыл қа­ла­сы, қазіргі Та­раз, екіншісі – Кеңес өкі­метінің ке­зін­дегі Отаны­мыздың ас­танасы Мәс­кеу­де. Сонда­ғы айтайын де­генім, ма­ған өте білімдар адамдар дәріс берді, мен айтар едім, бүгінгі ұстаздар дәл сол кісілердей әр нәрсені жіліктеп ша­ғып, құйқаңды ті­ліп, миыңа құйған­дай тү­сіндір­се, он­дай білімді қабыл­да­мау тіп­ті мүмкін емес.

Қазір жаныңа не керек, шүкір, бәрі бар, бірақ сатылады. Ал сатылған нәр­седе құн қалмайды. Осыдан ұққа­ным, мәселе жа­лаң­аяқтық немесе киімнің жыртықтығында емес, мәсе­ле дүние­нің қазығы – «білсем екен» деген құш­тар­лық­та екен ғой. 1991-92 жылдары бір газеттен мақала оқы­дым, сонда «Ұлы­бри­танияда кол­леджде дәріс оқып тұ­рып бір профессор 7х8=54 депті. Лек­циясын бітіріп, үйіне қайтып келе жат­қанда әлгісі есіне түсіп, «япыр-ай, мен не де­дім жаңа, 7х8=54 дедім ғой, олай емес, 56 ғой?..» деп, өзінің бір саннан кеткен қатесін кешіре алмай, «мен осы жасқа кел­дім, про­фес­сормын демей, қайтадан көбейту кестесін жат­тайын, себебі мен әбден техникаға сү­йе­ніп, ойлау жүйем тоқы­рап қалыпты» деп баспасөзге сұхбат беріпті. Мұндағы біз­ге үлгі боларлық не нәрсе? Мәселе кө­бейту кестесін қай­та жаттау керек деген сөз емес, тіп­ті түймедей ғана бол­са да, адам өзінің қателігіне есеп беріп, соны мойындап және түзей білуі шарт. Сонда ғана қо­ғамда тәр­тіп, жа­уап­кершілік, адал­дық, өзара жақсы қа­рым-қатынас ор­найды. Әсіресе дәл қа­зіргі қоғамда адамдар «е, онда тұр­ған не бар» деп өзінің түйедей қате­лігін көрмегендей кейіп танытып, оны­сынан ұялу былай тұрсын, бетіне айт­қан адам­ға қарсы тап беретін болып алды. Бас­қасы-басқа, сау­дагердің та­ра­зыдан жеп – тұтыну­шыға, мұғалім­нің білімнен мүлт кетіп – шәкіртке, дә­рі­гердің – нау­қас­қа, бас­шы­ның қыз­меткерге қылдай қиянат жа­сауға, оның алдында тіпті титімдей қате жі­бе­руге, ал өнер адамы­ның хал­қын ал­дау­ға қақысы жоқ. Сон­дай-ақ тех­ни­каға сүйеніп, соған ғана сеніп кету де түбі опық жегізеді, бәрібір «артық бі­лім кітапта». Кеше ғана Елба­сы­мыз мек­теп оқу­шыла­ры­мен кез­де­суінде: «Қарақ­тарым, компью­тер мен ғалам­тор­дан алатын да дүниелерің бар, бірақ қажетсіз нәрсені қарағанша, одан да кітап оқыңдар» деп өзі­нің аталық сөзін айтып жатыр. Кітап оқы­ған адам­ның ойлау жүйесі мүлдем бө­лек бола­ты­ны – дәлелді қажет етпейтін аксиома.

Қазір ұлттық құндылықтың ең бас­тысы – қазақы намыс тым арзан. Са­на­мызды нарық билеп алғаны сонша­лық – немқұ­рай­дылық, ақшаға құны­ғу, күні үшін бәріне де бару деген жиір­кенішті құбылыстан аяқ алып жүргісіз болып барады. Қол күшімен жұмыс істейтін­дер қатары сирек. Тепсе темір үзетін азамат­тар компьютер алдында, ал екі иығына екі кісі мінгескендей жігіт­тер­дің таңнан қара кешке дейін, кейбірінің тіпті тәулік бойы күзетте отырғанын көріп, аяп та кетем байғұс­тарды. Қаре­кет­сіз, қи­мыл­сыз отыру да бір – бесікке таңылған бала да бір, қайта бесіктегі сәби бақыт­ты: балбы­рап ұйықтайды ғой. Адам маң­дайы терлеп жұмыс істе­се, сол жұ­мысының нә­ти­жесін көрсе, белгілі бір дәрежеде ра­қаттанады ғой. Ал қазір қазақ тоқ­мейіл­сіп кетті ме, бел жазбай, бейнет­тенуге ері­ніп, одан да біреуді жал­дап істеткенді тәуір көреді.

– Дұрыс айтасыз, гастарбайтер­лер елі­мізде неге қаптап кетті дей­сіз? Пара­докс: өзіміздің жігіттер жұ­мыс жоқ деп сандалып жүргені, ал мы­на жақта үй салса, өзбектен ұста жал­дап, пәтер ішіндегі ұсақ-түйек шар­уалар, айта­лық, электр мен кә­різ ақау­ларын жөн­детуге орыс­тан ма­ман жалдай­мыз, тіп­ті асымызды өзбек пен түрік жасай­ды. Қысқасы, жалдау мен ал­дау­дың жүрмейтін жері жоқ. Осыған тоқтау болатын күн бола ма, қалай ой­лайсыз?

– Иә, жалдау мен алдау үйреншікті жайтқа айналғандай. Атам қазақ айтқан ғой, «сауда – сақал сипағанша» деп, рас – қол алыстың, бітті, басқа­сында шар­уаң жоқ. Сол сияқты бүгінде бәрі саудаға түсіп кетті. Ешкімнің ешкім үшін жанын ауырт­қысы, тіпті бір минут ойла­ғы­сы да келмей­тіндей, шындап кел­генде.

– Аға, шыны керек, әр­тіс қауы­мының жөні бөлек, сан қырлы ке­йіпке еніп, біздің жан дүниемізді бойлап ке­тетіндей Алла сіздер­ге бір құдірет да­рыт­қан. Өнерге ар­на­ған өмі­ріңіз, ра­сын­да, өзі­ңізге ра­қат сыйлап, опа әпер­ді ме бол­маса әрегідік болса да өкі­не­тін кезіңіз бола ма? Жал­пы, өзі­ңіз сом­да­ған кейіпкер­лер­ді шы­ға­руға ке­тір­ген күш-жігер, қан­шама уақыт ақталды ма?

– Мен осы қара шаңыраққа 1987 жылы ақпанның 1-і күні ендім. Онда да кіл мықтылардың қатысуымен көркем­дік ке­ңестен өтіп, екінші катего­риялы актер дә­режесінде бір жылдық сынақ шартымен қабылдандым. Осы 26 жыл­дан астам уақытта жүзге тарта бей­не сомдаппын. Сол бейнелердің төрттен бірі, яғни 25-26-да­йы – басты кейіп­кер­лер. 1992 жылы Сәкен Жүні­совтің «Ке­меңгерлер мен көлеңкелер» деген пье­сасын осы қара шаңырақты 30 жыл бас­қарған, Қазақ елін КСРО аумағы тұр­мақ, күллі әлемге танытқан біртуар та­лант иесі, режиссер Әзер­байжан Мәм­бетов қойды. Мен сонда Мұхтар Әуе­зов­тің бей­несін сомдадым. Оған баға беретін – ха­лық. Артынан Абай­дай қа­зақтың ең биік ас­қар шыңын берді. Оны маған дейін театр­да 25 жыл бойы Мүлік Сүртібаев де­ген майталман ағамыз ойнаған еді. Содан соң маған Жүсіпбек Аймауы­товтай ары­сымыздың бейнесін жасау бақыты да бұйырды. Жамбыл Жабаев­тай суы­рып­салма, біртуар тұл­ғаны тапсырды. Ай­та­йын дегенім, актер үшін мойындалу де­ген осы емес пе?! Тіпті бұл өзім ойламаған бақыт еді. Сол маған бұйырды. Бірақ солай екен деп мен мақтануым немесе аяғымды алшаң басып, айналамда­ғы­ларды мен­сінбеуім шарт емес, кері­сін­ше, сонша­лық сенімді мені ақтай ала­ды, сондай жүкті көтере алады деп тап­сыр­ған жандарға бұрын­ғыдан да бетер алғыспен қарап, өзіндік бет-бей­немді сақтауым керек. Бұл жол­да ма­ған үлгі болған Қапан Бады­ров, Камал Қармы­сов­тай ағалар мен Сәби­ра Май­қанова, Ха­диша Бөкеева сын­ды ана­ларым болды. Сәбира апам театр­дағы, қала берді, өнер­дегі өзінің со­ңынан ер­ген ұрпақтың ғана емес, бар қазақтың анасы болатын. Ол кісі­нің аналық жү­ре­гі, аналық мейірімі, ана­лық кеңдігі – бүкіл қазақтың бала­сын да, бүкіл қа­зақтың даласын да құшағына сый­ғызып тұратындай еді. Болмаса Бикен Римова, Шолпан Жан­дарбекова, арис­ток­рат Хадиша Бөке­ева, шіркін-ай!.. Қай-қай­сы­сының бол­сын сах­нада жа­са­ған бей­нелері қан­дай?!. Неге өкі­не­мін, білесіз бе, сол кісілердің бейнесі то­лығы­мен теледи­дарға жазылып қал­мады-ау!.. Осы ой өзе­гімді өртейді. Жас кезімде даңғы­рап сөй­лейтінім бар-ды, сондайда мар­құм Әнуар до­сым «Әй, Саржал, даңғыра­май, одан да тыңда» деп, аға буынның сах­нада­ғы ойы­нына бағыт­тайтын да отыратын. Расында, ат­ты бап­тағандай, сөзді сұлу сап­тауды біз апа-ағаларымыздан үй­рен­дік қой. Сөйт­кен ана тіліміздің, қа­рап тұрсам, қазір құнары қалмай бара жатқандай. Қазақ бола тұра өз тілімізде сөйлемеу бар, одан қалса, кейбір қа­зақша сөй­лей­тін­дер­дің өзінің сөзіне құлақ түрсек түсініксіз. Басқасы-бас­қа, теледидар мен радиодан сөйлей­тін­дерге не жо­рық. Ыңыранып, үзіп-со­зып, қазақша сөйлей алмайтын­дар­дың кейпіне еніп отыратын сол ұл-қыз­да­ры­ма «қалқам, сөйлей алмасаң жай ға­на Абайды немесе Жүсіпбекті, Орал­хан Бөкейден бір үзік оқып бере сал­шы» дегім келіп кетеді. Япыр-ай, қа­зақ­тың тілінің көр­кемдігі, құ­нар­лылығы ерекше ғой, қа­лай ол тілде сөй­лемеуге, сөйлегеннен ләз­зат алмауға болады, осыны түсінді­ріңізші маған?!.

– Ақсүйек актерлік өнердің түбі­не жететін не өзі?

– Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзінен шығады. Тағы Абай туралы туынды жаз­ған ұлы Мұхаңның Абайдың аузы­на салып беретін сөзі бар: «Тіршілік – бәсе­ке жарыс, дүние – бәйге үлесті­руші. Өнер жарысын айтамын. Саф ал­тын­дай дүние шыншыл таза жүрек­тен ғана туа­ды, бықсық ойдан емес. Мәселе «неге озасың?» деп құйыс­қан­нан алу болма­сын, «неге қаламын?» деп өзіңді-өзің қам­шылауың болсын». Сонда ғана ірі­ленесің» дейді. Түсін­бейтінім, адамды табалау, адамды қа­ралау, онымен адам қайда барады? Қулық, күншілдік, қыз­ғаныш деген қы­зыл итті қойшы!.. Актер қауымы ха­лық­тың көз алдында жүреді ғой. Актер бір актрисамен, өзара жақсы сөй­лесіп тұрса, соны сыпсың сөз қылып не қа­жеті бар?

– Осы өнер адамының ең әлсіз жері жүрек пе деп қалдым. Күліп-ойнап жү­реді, ешкім олардың ауы­ратынын да біл­мейді, сөйтеді де, ке­нет­тен жү­регі ұстап кетеді . Бұл осы күншілдердің та­ра­пынан жа­сал­ған қызғаныштың кесі­рі ме?

– Адамды өлтірудің ең оңай жолы не екенін білесің бе, қызым?

– Жоқ, білмеймін...

– Елемеу! Есіңде болсын, қызым, егер біреуді өлтіргің келсе, елемей қой. Оның бар-жоғын білмегендей көзіңе де ілме. Мықты деген адамның өзі ондай қиянатқа шыдамайды. Себебі адам баласы алдына келіп қонған шыбын екеш шыбынға да көз тоқтатып қарайды ғой, оның қасында адам деген аты бар пендені елемеу деген сұм­дық емес пе? Әсіресе өнерде жүрген адам­ды қалай елемеуге бола­ды? Әртістердің көп жағ­дайда жүрек­тен кететіні, міне, осыдан. Мен сізге сөздің ашығын айттым. Әнуар Боран­баев, Мейірман Нүрекеев, Уәйіс Сұл­тан­ғазин, Тоқсын Құлыбековтер бә­рі­міздің қалжыңдасып, сөз қағыстырып жүргеніміз күні кеше ғана сияқты еді... Бүгінде олардың бірі де жоқ. Әр­қай­сысы қазақтың бір-бір мақтанышы еді, бір-біріне сүйеніп тұрғандай бірі құлап еді, қалғандары іле-шала ілесті де кетті ғой. Қатар құрдасыңнан айы­рылу, айырыл­ған­да да олардың қа­тар-қатар бақиға атта­нуынан өткен қасірет жоқ екен. Күйбең тір­ші­лікпен алданған боласың, бірақ сағын­ғанда тура кең-байтақ әл­ем­ге сыймай ке­тем кейде. Ер болсам да, еріксіз жанарыма жас толады. Бір тылсым дейміз бе, бәрі де айдың 13 жұл­дызында кетіпті: Әнуар 1999 жыл­дың 13 желтоқса­нында, Уәйіс 2002 жыл­дың 13 тамы­зында, марқұм Жар­қын қыркүйектің 13-інде... Уәйісті жер­леп бола бері­сі­мен, ертеңіне «Сардарға» түсуге Көк­шетауға кеттім. Келе сала ешқайда соқпай, бірден театрға тартып отыр­дым. Ойымда түк жоқ, бірден бе­сін­ші қабатқа көтерілдім, бөлмелеріміз қа­тар-қатар еді ғой. Лиф­тіден түскенде ғана есіме түсті, алдымнан аңқылдап шы­ғар құрдастарым­ның, ең аяғы тіпті Уәйістің де жоқ екендігі... Маған  театр былай тұрсын, күллі ғаламда жан ба­ла­сы қалмай, қаңырап бос қалғандай бол­ды ғой. Жан дүниемнің қалай құ­ла­зы­ғанын сөзбен айтып жеткізе ал­мас­пын, сірә. 507, 508-інші бөлме­лер­дің есі­гін кезек-ке­зек ашып-жауып, өзімді-өзім ұстай ал­май ағылдым бір... Жапан түзде жалғыз қалу бұдан жеңіл шығар-ау...

– Бір сәт киноға бет бұрсақ, арғы­сын айтпағанда, соңғы жыл­дары «Біржан сал», «Бақсы», «Воз­рож­де­ния аралы», «Сардар» сын­ды қазақ­тың қадау-қадау туын­ды­ларында басты пландағы кейіп­керлерді сом­дадыңыз. Өзіңізге берілген рөл­дер­ге көңіліңіз тола ма, яғни режиссер­лер сіздің бол­мы­сыңыз­ды дәл тани ала ма?

– Қазақтың классик жазушысы, дра­матург, марқұм Асқар Сүлейменов сахнаға арнап «Қыздай жесір», «Штат қысқарту», «Жетінші пала­та», «Ақы­мақ болған басым-ай» сынды бір­ша­ма туын­дылар тастап кеткен ұлы су­реткер. Біз осы­дан 20 шақты жыл бұрын Асекеңе апталық арнадық. Со­ларды келіп көрген дарынды режиссер Талғат Теменов мені арнайы іздеп келіп, өзінің жаңа фильм түсіргелі жат­қанын айтып, маған содан рөл ұсынды. Ол маған киноға түсуге жа­сал­ған тұңғыш ұсыныс болатын. Жауа­бым біреу ғана бол­ды: қалжыңмен «егер объективке бетім сый­са, қане­ки» дедім. Сонымен, 1993 жы­лы Қа­ра­қалпақстанның астанасы Нүкістен гастрольдік сапардан оралған бетіміз, түн жарымда, таң атпай «Саят аға, дайын оты­рыңыз, бір сағаттан кейін сізді кино түсіру алаңына алып кете­міз» деп Теменов­тің көмекшісі Кенже­бай Дүйсенбаев қоңы­рау шалып тұр. Осылайша мені кино әлеміне ал­ғаш алып келген – режиссер Талғат Теме­нов. Алдымен «Гүлназ», кейін «Ма­хаб­бат бекеті» деген атауға ие болған фильмде мектеп директоры­ның рөлі маған бұйыр­ды. Сосын Рүс­тем Әбді­раш­тың ата­сы­ның балалық шағы ту­ралы әкесінің жазған поэ­масы бо­йынша түсірген «Қала­дан келген қы­зы­на» түс­тім. Шынында, Рүстемнің ата­­сына кес­кін-кейпім келеді екен.

– Терең ойға бастайтын ұла­ғатты әңгімеңізге рақмет, аға.



Алашқа айтар датым...

Арқамды аяздай қаритын нәрсе, ең бірінші – шындықтың айтылмайтындығы. Бұл – бір. Екіншіден, Тәуелсіз ел болғанымызға 22 жыл болды, ал тіліміз әлі күнге өз мәртебесінде, өз тұғырында емес. Егер мен депутат болсам, «Біз кімбіз, заңды неге орысша қабылдаймыз? Жоқ, бұлай болмайды. Неге біздің қазақтың заңы алдымен орыс тілінде қабылданып, сосын қазақшаға аударылу тиіс?» деп қатаң талап қойып, қашан сол талап орындалғанша жаным жай таппас еді, өзгелерге де жай таптырмас едім. Содан кейін заң қабылданғанның өзінде, депутаттың астындағы жұмсақ орындығына емес, халыққа пайдасы тисе деймін оның. Одан кейін жаныма тиетін нәрсе – бүгінгі ұрпақтың білімі. Шетелге барып оқып жатқаны дұрыс, бірақ сол кеткен жастың көбі Отанына оралмай, қалып қойып жатқан жоқ па? Неге? Біз осының мәніне үңілдік пе? Себебі өз жерінде қазақты бесінші сортты адам санайды. Сонша жыл шеттен жоғары білім алып келген жас шетелдік фирмаға жұмысқа қабылданғанның өзінде жалақысы 500 доллар, ал дәл сол жұмысты істейтін шетелдік азаматқа одан төрт-бес есе жоғары төлейді. Содан кейін қайдан қайтқысы келсін оның?





Көрілген: 2315    Пікірлер: 0

сенбі, 21.09.2013, 13:36

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31