Дат!

Пеш түбінде жатып алып «мен қазақпын» деп мақтанғанды ұнатпаймын

  • Пеш түбінде жатып алып «мен қазақпын» деп мақтанғанды ұнатпаймын

    Пеш түбінде жатып алып «мен қазақпын» деп мақтанғанды ұнатпаймын

Асылбек ЫҚСАН, жазушы, режиссер, драматург:


– Аға, бүгінгі қазақ драма­тур­гиясының деңгейі қалай?

– Орташаның шамасында.

– Неге олай дедіңіз? Әлде, бұл сөзі­ңіз театрды аударманың жаулап алға­нымен байланысты ма?

– «Орташа» дегенді мен көңіл­жық­пас­тық­пен айтып отырмын. Бүгінгі дра­ма­тург­тер сахнаға не берді екен?! Мен сізге үстелімнің тартпасында жатқан «бүгінгі драматургтердің шедеврларын» оқытайын, аяғына дейін оқуға шамаңыз жетсе. Бізде бір тарихи тақырып деген бар. Бәрі соған жүгіреді. Махамбет, Құрманғазы, Кене­сарының т.б. атымен өтіп кетсем деп ойлайтын болулары керек. Махамбетті бір жалаң қылыш «боевик» қылып қояды. Ол «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім» деп неге айтты екен. Қайран, Махамбет! Көтеріліс жеңіліске ұшырап, арыстан ағасы Исатайдан айы­ры­лып, өмірлік мұраты күйреп, өкінішпен өлген Махамбет «Мен мен едім, мен едім, Исатайдың барында екі тарлан бөрі едім...» деген сөзінің астарында не барын ойла­натын кез келген сияқты. Бұл мемлекеттік дәрежеде айтылған ой емес пе? Кейбір драматургтер сахнаның заңын, актерлік өнердің құпиясын білмейді. Білмейтіндері «пьесаларынан» көрініп тұрады. Содан соң аударма қоймағанда не қоямыз? Театр мек­тебі әлемдік дәрежедегі Чехов, Остров­ский, Гоголь, Розов, Вампилов сияқ­ты көптеген классикалық деңгейдегі дра­ма­тургтері бар Ресей театрларының репер­туары 30-40 пайызы шетел дра­ма­тургтерінің пьесаларынан тұрады. Немесе, тіпті Борхес сияқты прозаиктерді де сахналайды. Шекспир, Мольер, Чехов­тар қазақ болып тумады, енді қайтеміз, біз «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күші­мен» ел, жер қорғап жүрдік. Айналамыз анталаған жау, тарихымыз толы жаугер­шілік заманда, зәулім сарай салып, сол сарайда отырып, театр көретін мұрша болмағаны қазақта... Сіз маған атап айты­ңыз­шы, мүмкін, бүгінгі қазақ драма­тургтерінің мықты пьесаларын мен білмей­тін шығармын, оқы­маған шығармын. Меніңше, мәдениетте шекара болмайды, айтатын ойы, идеясы бүгінгі біздің қазағымызға пайдалы болса, шетел драматургтерінің шығармаларын неге қоймасқа? Әуелі орысшамыз жетпей қиналсақ та, өзіміз әлем әдебиетін орыс тілінде оқып өстік.  Бүгінде орыс тілін білмегеніне мақта­на­тын жастар бар. Әуелі орысшамыз жет­пей қиналсақ та. Пеш түбінде жатып алып «мен қазақпын» деп мақтанғанды мен дұрыс дей алмаймын. Әлем өрке­ние­тіне біз не бердік? Компьютер ме? Мер­седес, Тойота ма? Радио, Телевидение ме? Ресей әскери қару сатудан жылына 4 мил­лиард АҚШ долларын табады. Индия жаңа техно­ло­гиядан 40 миллиард пайда табады. Осында достарым бар, «бизнес­менбіз» деген­де басқан жері ойылып кете жаз­дайды, сонда бар бітіретіндері –базардағы тауар­ды дүкеніне әкеліп үстемелеп сату. Бұл – кәдімгі алыпсатарлық. Оған алып бара жатқан ақыл керек емес сияқты. Олар Қытайдың эконо­микасына, өзі бір тал көкөніс екпейді, өзбектің экономикасына жұмыс жасап отыр.

– Сахналанып жүрген пьесалар бү­гін­гі қоғамның талаптарына қан­ша­лықты жауап береді?

 – Бұл сұрағыңызға жауап беру үшін әуелі, «бүгінгі қоғам» дегеніміз – қандай қоғам деген мәселенің басын ашып алған дұрыс. Біз бүгінде күрделі жағдайда өмір сүріп отырмыз. Әлемдегі саяси жағдай өте шиеленісті. Айналамыздағы геосаяси ахуал ойландырады. Жабайы капитализмге келіп кірдік, әдет-ғұрып, дәстүр сияқты құнды­лық­тарымыз сынға түсті. Кедейлер жай­лаған қоғам ақпанның сары аязына шыдай алмаған мұздай шытынап сала берді. Бұрынғы қонақжайлылық сиреп барады. Дас­тарқаны жиылмаған, есігіне құлып салып көрмеген қазақ зәулім үй салып, түйенің мойны жетпес дуалмен қоршап алды. Қоғам екіге жарылды: бір ауылда бай да, кедей де бар. Үйі жыртық еңселі сарайда тұратын көршісінің есігінен сығалай да алмайды. Ал сол өзін бай санай­тындардың үйінде не кітап, не дом­быра жоқ. Жақында атыраулық бір досым «Осы Әбіш Кекілбаевтың өзі нашар ақын-ау деймін» деп қарап отыр. Қал­та­сында екі дипломы бола тұра, Кекіл­баев­тың бір кітабын оқымаса да, тиын санағанда аузы-аузына жұқпайды. Дастарқанындағы тама­ғын қай базардан, қаншаға алғанын, сауда­гер әйелінің орман жаңғағының келісін Түркия­дан 2,5 мың теңгеге алып келгенін айтып күпсінумен болды. Қазақ қай заманда қонағына дастарқанындағы тамағының бәсін айтып еді? Сұмдық па? Сұмдық! Ол тәрбиелеген бала, немере не өнеге көріп өседі? Қазағы қалың бір облыстың шалғай ауданында тұратын егде тартқан әйел күйеуге шыққан қызын сыбай­лас қылып, киллер жалдап күйеуінің көңілдесін өлтіруге білек сыбанып кіріскенін, ол қылмыстың кесірінен бір жас әйел оққа ұшып, енді біреуінің ауыр жара­лан­ғанын «Қазақстан» ұлттық теле­ар­на­сының «Қылмыс пен жаза» бағдарламасы эфирге шығарды. Ол кезде мен сол арнада бас редактор едім. Бірнеше баланың анасы болып отырған адамның соншалықты ауыр қылмысқа барып, бесік тербеген қолын қанға малғанын көргенде бірнеше күнге дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Менің ойымша, ол әйел дүниеқоңыздықтан адам өлтіруге барды. Күйеуінің көңілдесі ертең дүкен, кафені өз атына жаздырып алады-ау деген қор­қыныш оған киллер іздетті. Бұл мысал­дарды келтіріп отырған себебім, дра­матургия қоғамның осындай аурула­ры­ның диагнозын дер кезінде, дәл қоя білуі керек. Шекспирден бергі мықты драма­тургтердің шығармаларының негізгі өзегінің құнары осындай тақырыптарды көркемдеп, адам­зат­қа ортақ ой тастай білгендігімен де құн­ды.

Біздің пәленбай ғасыр бойғы дәс­түріміз, рухани құндылықтарымыз капи­тализмнің бір шайнағанына неге төтеп бере алмады?.. Өнер, әдебиет, театр қай заманда да қоғамның бітеу жарасының бетін, қанын сорғалатып ашпаса, жауырды жаба тоқып, ит мініп, ирек қамшылап күн көрем десе, ол өнер бір күні өледі. Ондай өнер қоғамды тоғышарлыққа ғана үндейді. Бұл кеселдің біздің өнерде де бой көрсете бастағаны жасырын емес. Бүгінгі көрер­мен­нің сахнадан ән-күй, әзіл-сықақ қана іздейтіні, махаббат пен байлық, намыс пен мансап, ерлік пен ездік тақырыптарын қозғайтын, бес күндік дүниенің байлауы неде деген сұрақ төңірегінде ой тастайтын театр қойылымдарына сирек келуі нелік­тен? Өйткені біз кейде ойлануға да ерінеміз. Театр ермек іздейтін, демалатын, көңіл көтеретін орын емес, театр – қоғамды алға сүйрейтін, күштердің алдыңғы қата­рын­дағы киелі орда. К.С.Станиславскийдің «Театр — өнердің киелі ордасы» деп айтуы да бекер емес.

– Бүгінгі тірліктің диалектикалық үрдісін, қоғамдағы әлеуметтік күрделі мәселелерді ашып береді деген пьеса­лар­ды атап бере аласыз ба?

– Бұл сұрағыңызға жоғарыда біраз жауап бердім-ау деймін. Дегенмен де айтайын, біздің жазушы қауымда бір жалтақтық бар. Атақ­қа, шенге алаңдау басым. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген жүрек қай­­раты кемшін. Махам­бет өзінің бас пайдасын ғана ойласа, басынан айы­рылар ма еді?.. Данышпан Абай неге өз жұртынан таяқ жеді? Ақан сері неге қартайғанда мылқау, меңіреу баласын құшақтап, көл жағасында, ел-жұрттан қашып өмір сүрді? Әлде, елі оны аластады ма? Біржан сал неге өлер алдында «Теміртас, Асыл, Ақық балаларым, ...бай­лау­дағы қолымды шеш» деп зар еңіреді?.. Өнердің бір құпиясы бар. Өнер адамы шерлі болмаса, қас өнер тудыра алмайды. Кей жазушыларымыз «бүгінгі күннің кейіпкерін таба алмай жүрмін» деп мұң шағады. Ол да сол Кеңес дәуірі идеологиясының «жағымсыз кейіпкер, жағымды кейіпкер» деген қалыбынан шыға алмай жүрген­де­рінен болар. Кеңес Одағының қас батыры Тоқтар Әубәкіров кейіпкер емес пе? Жақында, өздеріңіз білесіздер, біздің Махам­бет атындағы театрымызда жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың «Көр­ген-баққан» деген шағын әңгімесінің желісімен қазақ театрының тарланы Чапай Зұлқашев жазған «Жаңғырық» пьесасы сахналанды. Чапай ағамыз өзі режиссер әрі басты рөлді өзі ойнап та берді. Ағамыз Қалыбек Қуанышбаев, Асанәлі Әшімов, Нұр­мұхан Жантөрин сынды алыптар мектебінің ірі өкілі екенін актер ретінде де дәлелдеді. Жарайды, ол – басқа бір әңгі­менің еншісі. «Жаңғырықта» жазушы мен драматург-режиссер, өзіңіз айтқан, «бүгінгі қоғамның диалектикалық үрдісін», өзіміз қайнап жатқан «қоғамдағы әлеу­мет­тік күрделі мәселелердің» қақпағын да ашып-ақ таста­­ған. Өздері екі қолын қайда қоярын білмей отырып, Америка мен Қытай кәсіп­кер­леріне жерінің иелігін беріп қоятын, бір кезде малының санын білмей­тін қазақтың бүгін­де соңғы қойын сойып жеп, мұхит асып келген бұқаның күйле­ге­нінен нәпа­қа­сын айырмақ болған күйкі тірлігін актер­ле­ріміз шынайы жеткізді. «Жеріңе, байлығыңа өзің ие бол, еңбек ет, тырбан!» деген идея­ны Чапай Зұлқашевтың Шалы көрерменге жүрегінің қаны­на бояп ұсынады. Ал, негізінен, осындай пьесалар бүгінгі күні жазы­луы керек, театр­ларда қойылуы керек. Сыпайы­лықты былай сыпырып қойып айтайын, менің «Соңғы Мамонт» пьесам­ды оқып көріңіз. Сонан кейін жаңа­ғы сұрағыңызға жауап толыға түседі. Одан басқа да қазақ­тың абсурд жанрындағы пьеса­сын жаздым. Осы театрға келгелі жазып жатқан «Қанат­сыз періште» атты пьесамды жақында, ИншАлла, бітірмекпін.

– «Қазіргі драматургиялық шығар­ма­лардың «пьеса» деген аты бар, идея­сы бар, бірақ көкейкесті мәсе­ле­лерді бүгінгі қоғамның талабына сай пси­холо­гиялық, философиялық топ­шы­лау­ға келгенде әлсіз» дегенге не айтар едіңіз?

– Пьесаның негізі – тартыс, конфликт. Ол тартыс жанрға байланысты, драма­тург­тің жазу стиліне байланысты әртүрлі беріледі. Итальян драматургтерінде ашық конфликт, қайнаған эмоция басым болса, А.П.Чеховтың пьесаларында конфликт бірден көзге көрінбейді, тереңдегі теріс ағын сияқты ақырын ғана ағып жатады. Орыс драматургтеріне, негізінен, оқиғаны беруде психологиялық ширығу, әр кейіп­кердің характерінің деталін шебер сомдау басым. Орыс халқына «самовичевание», өз-өзінің жанын жеп, «не істеу керек?» деген сұрақ қою тән ғой. Достоевскийдің кейіпкерлерінде әуелі күнәға батып алып, артынан күнәдан арылуға ұмтылу, жұрт алдында өзінің істеген күнәсін жасырмай жайып салып, тазару деген бар. «Идиот­тағы» Анастасия Филлиповна тамам жұрттың көзінше князь Мышкинге «Мен көшенің салда­қы­сы­мын...» дей алады. Яғни Достоевский кейіп­керлері – судан ақ, сүттен таза емес, күнә жасайтын кәдімгі пенде,  Құдайдан кешірім сұрайтын, сөйтіп жүріп тағы да күнә жасайтын, тағы да тәубеге келетін, өмір бойы осылайша ебіл-себіл өтетін адамдар. Ал біздің классиктеріміз әйел бостан­дығын, жеке бас азаттығын жыр­лады, қазақтың түнекте оянбай жатқан­ды­ғын, төңкеріс келіп, күн көсемнің көзімізді ашқандығын қуана жазды. Кейбір пьесалар арқауы, негізінен, имандылық, қайы­рым­дылық тақырыбына құрылды. Ол кездің кей пьесаларының тақырыбы бүгінде мен үшін, өзектілігін жойды. Малға сатылған, теңіне тие алмаған сорлы қыз­дар­дың зары немесе атеистік ұрандарға құрылған пьесалар он жерден классик жазса да, бүгінгі күні қызық емес. Баяғы құл, күң тақырыбы да ескірді. Оны қашанғы айтуға болады. Бізде психо­логиялық терең иірімдерге құрылған, фило­софиялық ой толғауларға бай шығар­малар бар деп айта алмаймын. Өйткені біз қазақты әлі танып болған жоқпыз. Бай мәдени мұрамыздың мұрты да бұзылған жоқ. Біз сол рухани байлықтың құпиясын аша алмай, әлі күнге бетінде қалқып жүрміз.

– Аға, шығарманың көрерменге өз деңгейінде жетуі алдымен кімге бай­ланысты, драматургке ме, режиссерге ме, әлде актерге ме?

– Бұл «дүниеге алдымен тауық келе ме, әлде, жұмыртқа ма» деген сияқты қызық мәселе. Үшеуі де мықты болмаса, жөнді спектакль шықпайды. Негізінен, жауап­кершілік режиссерде деп білемін. Мықты режиссер ортан қол автордың орта­н қол дүниесін ширата алады. Актерлердің талантын ашатын да, образды қалай сомдау керектігін үйрететін де режиссер. Репетиция кезінде кәсіби кемел режиссер актерді қуыра да, шыжғыра да алады. Актер, негізінен, жанын қинамай образ сомдағысы келеді, режиссердің тәжірибесі аздау болса, анау-мынау актер жалған ойнап оны алдай салады. Бұл – әсіресе біздің режиссерлеріміздің жиі түсетін тұзағы. Орташа ғана таланты бар актердің орташа ғана ойнап шыққан рөліне «О, тамаша, мықты ойнайды!» деп таңдай қаққандарына талай жаңа фильмдерді талдау кезінде куә болдым. Актердің психо­тех­ни­ка­сы­нан хабары шамалы, өзі актерлік мектептің қыр-сырына қанық­паған, тек қана қоюшы болып қалыптасқан режиссер актерді мұрындықтап, жетелеп жүре алмайды. Режиссердің бойында режиссер-қоюшы, режиссер-педагог, режис­сер-актер, режиссер-философ сияқ­ты қасиеттердің болуы – сирек кезде­сетін құбылыс. Даңқты Әзірбайжан Мәмбетов осындай тұлға еді. Сондықтан да оның тұсында қазақ театры гүлдеді, көптеген КСРО Халық әртістері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреат­тары шықты. Актердің бағы режиссерге бай­лаулы. Актердің бойындағы талантын танитын да режиссер.

– Шынайы әңгімеңіз үшін бек рақмет!




Көрілген: 2586    Пікірлер: 0

сенбі, 03.08.2013, 11:54

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31