Республика бойынша алғаш мектепке баратын оқушылардың саны жағынан көш бастап тұрмыз
Сәкен ҚАНЫБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
– Сәкен Әсембекұлы, жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында заманауи үлгіде Нұрсұлтан Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі ашылды. Әрине, өзге облыстармен салыстырғанда, өңірдегі қос бірдей Назарбаев зияткерлік мектебінің алар орны өзгеше. Бұл еліміздегі білім сапасының жыл сайын дамып келе жатқандығының белгісі болса керек. Ендеше, жаңадан ашылған іргелі білім ұясы туралы айтып өтсеңіз...
– Әрине, мұны мемлекет құрушы ұлт жиі шоғырланған қазыналы оңтүстік өңіріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше тартуы деп қабылдауға болады. Бүгінде қазақ балаларының білімге деген құштарлығының нәтижесінде күнгейдегі білім ұяларының саны жыл сайын артып келеді. Осы жылдың басында Елбасы есімін иеленген алғашқы Назарбаев зияткерлік білім ошағы облыстағы жасөспірімдерге халықаралық стандарттағы дәріс бере бастаған болатын. Мінеки, қоңыр күздің басында Шымкент қаласында екінші Назарбаев зияткерлік мектебі шәкірттерге құшағын айқара ашты. Химия-биология саласына бағытталған білім ордасы 720 оқушыға лайықталғанымен, әзірге 525 шәкірт алғашқы қоңырау шарасына қатысу бақытына ие болды. Елбасы қамқорлығының арқасында тарихи сәттің куәгері атанып отырмыз. Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Астана қаласынан келген Педагогикалық өлшемдер орталығының басшысы Айнагүл Рысбекова, сонымен бірге «Ақ Орда» корпорациясының директоры Сайдолла Қалыбеков қатысты. Иә, айта кетерлігі, меншікті жоспар негізінде жобаланған мектептің құрылыс жұмыстарын жергілікті «Ақ Орда» корпорациясы жүргізіпті. Үш қабатты ғимарат оқу, зертхана, тіл үйрету және жатын бөлімдерге бөлінген. 360 орындық асхана өркениет өрнегін танытып, өзгеше үлгіде жарақталған. Ал 120 орынға лайықталған жатақханада шалғай аудандар мен елді мекендерден келген білімгерлер қоныстанды. Әдеттегі мектептерден сәулеті де, салтанаты да ерек оқу блогында 65 арнайы пән кабинеті орналасқан. Оның ішінде 18 тіл үйрету бөлмесі, химия, биология, физика, математика, тарих, география, экономика, нано-биотехнология, робототехника саласының ауқымды зертханалары да бар. Міне, егемендігіміздің арқасында «Кент салып, тал егу арман болған» бабалар арманының жүзеге асқандығына қуандық. Балалығымыз Кеңес Одағы тұсында өткен біз үшін бұл бейне ертегілер әлеміндей әсер сыйлады. Тіпті білім ұясында жеке білім алуға арналған аудиториялар, техникалық модельдеу, өнер, ән, би, психологиялық бейімдеу, педагогикалық және ақпараттық интеграциялау технологиясы мен лекция кабинеттері де көркем жабдықталуымен, заманауи стилімен жұтынып тұр. Мерекелік іс-шаралар өткізуге лайықталған 320 орындық көпфункционалды акт залы да көз қызықтырады. Бұл акт залында хореография сабақтары өткізілетін болады. Одан өзге әр баланың коммуникативті қабілетін арттыру әрі көпшілік алдында шебер сөйлеуді меңгерту мақсатында TV NIS телестудиясы жабдықталған. Оқушылар мұнда түрлі бағдарламалар ұйымдастырып, монтаж жасауды меңгереді. Яғни дарынды балалар бойындағы ерекше қабілеттерін қай салада болсын ашып, дамытуына, өркениет жаңалықтарын мектептен үйреніп, сегіз қырлы, бір сырлы болып шығуына барлық жағдай жасалған. Жүйелі, барлық жағдай жасалынған ортадан білім алған жас ұрпақта арман жоқ шығар деп ойлаймын..
– Білімге құштарлықтың нәтижесінде өңірде мектепке баратын жас жеткіншектердің саны жыл сайын арта түсуде. Міне, жаңа оқу жылы басталып та кетті. Күнгейдегі мектептердің дайындығы қалай?
– Жаңа оқу жылына орай өңір халқының игілігі үшін жаңа мектептер көптеп ашылды. Жалпы, облыс аумағындағы жаңа ашылған білім ұяларының жай-күйі туралы айтып өтсеңіз…
– Шындығында, республика бойынша алғаш мектепке баратын оқушылардың саны жағынан көш бастап тұрғанымыз рас. Осы арада бір сұрақтың туындайтыны анық: «Өңірдегі осыншама ұрпақты бірдей уақытта толық қамтамасыз ету жағы қалай болады?». Алайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жаңа оқу жылына біз барлық сыннан сүрінбей өттік. Оңтүстікте күзгі оқу маусымында бірқатар жаңа нысандар ашылды. Статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, 1 қыркүйекте облыс бойынша 22 жаңа мектеп пайдалануға беріліпті. Жалпы, бүгінде өңіріміздегі білім мекемелерінің жалпы саны 1 021-ге жетті. Ал, жоғарыда айтып өткендей, қыркүйектің басында алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған жасөскіндердің саны 58 720-ны құрап, рекордтық көрсеткіш жасадық. Өңірде бой көтерген 22 жаңа білім ұясының жетеуі – республикалық бюджеттен, 11-і–облыстық, ал қалған төрт мектеп жергілікті қазына қаражатына тұрғызылған. Аталмыш мекемелер апаттық жағдайда деп танылған, үш ауысыммен оқытатын және мүлде мектебі жоқ елді мекендерде бой көтерді. Ал мемлекеттің көмегінсіз ғимарат тұрғызғандар көшін Сайрам ауданы бастап тұр. Себебі аталмыш аудан өз қаражатымен мектеп салуда өзге өңірлерге үлгі болуда. Қуантарлығы, жаңа бой көтерген мектептердің аты да ұлтымыздың ұлы тұлғаларына берілген. Шымкенттегі Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектептен тыс, Ақсукентте қазақтың біртуар азаматы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп ашылды. Үш қабатты оқу ғимараты барлық талапқа сай тұрғызылған. Мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізген «Гео-проект» және «Арт-құрылыс» ЖШС-лері. Жаңа білім ұясында барлығы 1720 шәкірт екі ауысымда білім алады. Мектеп директоры Ұлдана Оразбаеваның айтуынша, 136 мұғалім балаларға сапалы білім беретін болады. Оқу кабинеттері, асхана, спорт залы заман талабына сай жабдықталған. Жаңа білім ордасында оқитын шәкірттер мен олардың ата-анасының қуанышында шек жоқ. Ал қыркүйектің алғашқы күні өңіріміздің аудандарында да мектептер бірінен соң бірі – жас ұрпаққа құшағын ашты. Нақтылап айтар болсақ, Қазығұрт ауданында екі әлеуметтік нысан ашылып, пайдалануға берілді. Оның бірі – Жігерген ауыл округіне қарасты Дихан елді мекеніндегі «Айнатас» жалпы орта мектебі. Екіншісі – Алтынтөбе ауылындағы «Алтынтөбе» орта мектебі. Бұған дейін Жігерген ауылының оқушылары бастауыш мектепте білім алып, жоғары сыныпты көрші ауылдың мектебінде жалғастырып келген. Енді, міне, екі қабатты зәулім ғимарат ауыл оқушыларының игілігіне берілді. Ал «Алтынтөбе» мектебі 300 орынға арналған екен. Бұл мектептің салынуына облыс қазынасынан 540 миллион қаралған. Жаңа оқу жылы түркістандықтар үшін де қуанышпен басталды. Шавгар елді мекенінің оқушылары жаңа мектептің табалдырығын аттады. 300 орынға арналған оқу ғимаратының құрылысына республикалық бюджеттен 412 046 мың теңге бөлінген. Мұнда балаларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Компьютер сыныбы және арнайы пәндік кабинеттер де тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. Спорт, мәжіліс және акт залдары да көркем безендірілген.
– Жалпы, қажетсінуді толықтай қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Мұнан бұрын пайдалануда болған үш ауысымда оқытатын мектептер туралы не айтасыз? Одан тыс түрлі апатты жағдайдағы мектептердің жай-күйі қалай?
– Иә, бірден коммунизм орнатып жіберудің қажеті жоқ. Халық тығыз орналасқан өңірде проблеманың болмауы да ақылға қонымсыз. Мәселен, былтыр бірнеше мектеп үш ауысымды оқытатын мектеп қатарында болатын. Нақтылап айтар болсақ, өткен жылы облыста үш ауысымда оқитын төрт мектеп болса, оның екеуінің мәселесі шешілді. Облыс әкімінің тапсырмасымен облыстың әлеуметтік картасын жасау барысында облыстағы үш ауысымда оқитын мектептер мен апаттық жағдайдағы мектептерді нақты анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні облыста 48 апаттық жағдайдағы, 35 үш ауысымда оқитын мектептер бар екені анықталып отыр. Ендігі жерде кезең-кезеңімен жыл сайын 150 орынға дейінгі мектептер мәселесі аудандық бюджет есебінен, 300 орынға дейін облыстық бюджет есебінен, ал 300 орыннан жоғары мектептер республикалық бюджет есебінен шешілетін болады. Ал апатты жағдайдағы мектептерге келер болсақ, 2009-2012 жыл аралығында облыс бойынша 62 мектептің ғимараты апатты болған. Ғимараты апатты жағдайдағы 62 мектептің 61-іне жаңа құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізіліп, тапсырылды, ал бір мектептің құрылысын 2013 жылы тапсыру белгіленген. 2013 жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыс бойынша апатты жағдайдың алдында тұрған 65 мектеп ғимараттарына талдау жасап, қауіпті жағдайдағы ғимараттардың техникалық ахуалын зерттеп, жұмысшы топ тізімдегі мектептерді толық аралап, зерделеу қорытындысымен 65 мектептің 1-кезекте 48 мектебінің ғимараты апатты деп шешіп, тізімді бекітіп, ҚР Білім және ғылым министрлігіне жіберді. Қазіргі кезде осы тізімдегі мектептердің құрылысын салу бойынша іс-шаралар жасалынып, жұмыстар жүргізілуде. 48 ғимараты апатты 15 мектептің ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп дайындалса, 27 мектебінің жобалау-сметалық құжаттарына қаржы бөлініп, дайындалуда, ал алты мектептің құжаттарын құрылыс салынатын жер телімі шешіліп, сәулет-жоспарлау тапсырмасы дайындалғаннан кейін қаржы қарастырамыз.
– Бүгінде облыста мемлекеттік тіл мәселесі басқа аймақтардан көш ілгері екені белгілі. Дегенмен біраз мәселелер бар екенін жасыра алмаймыз. Шынтуайтында, көшелердегі жарнамалардың жайы көңіл көншітпейді. Мұны мемлекеттік тілге деген құрметсіздік деуге болады. Әрине, еліміздің үшінші қаласы атануға ұмтылыс жасап жатқан облыс орталығы – Шымкент көшелеріндегі жарымжан жарнамалар мен қатесі көп хабарламаларды қалай біржақтылы етпексіздер?
– Шымкент қаласы жыл сайын дамып келеді. Алайда көшеге рең берер жарнамалар мен түрлі тақтайшалардағы қатеден бетіңіз қызарады. Шындығында, мылқау, соқыр жарнамаларды ретке салу ісін біз жыл бойы жүргізіп келеміз. Түрлі рейдтік шаралар мен арнайы мекемелерге тапсырма жүктегенбіз. Алдағы күндерде оң жемісін береді деп күтудеміз. Мұны өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің өзі бас болып назарға алып, көрнекі ақпарат пен жарнама жазуларына байланысты хаттамалық тапсырмаларды тұрақты бақылауда. Облыста күнделікті әртүрлі бағыттағы коммерциялық нысандар ашылып, түрлі маңдайша, жарнама жазулары пайда болып жатыр. Бірі реттелсе, екіншісі заң талабын бұзып жатады. Шымкент қаласы облыс орталығы болғандықтан, жарнама, көрнекі ақпарат жазуларына байланысты проблемалар жиі кездеседі. 2013 жылғы 21 қаңтардағы №72-V «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа заңға сәйкес, деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде ҚР «Тіл туралы» заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Тіл туралы заңнамасында белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар береді, Қазақстан Республикасының әкімішілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолданады. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы Заңына сәйкес, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді. Осы талаптарға сәйкес, «Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру» бөлігінде ҚР «Тіл туралы» заңнамасын сақтауына жеке кәсіпкерлік аясындағы тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемдерін және тексеру парағының нысанын бекіту туралы» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өңірлік даму министрлігінің бірлескен бұйрығы бекітілді. Осы бұйрыққа сәйкес, үш жыл толған жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізілетін болады. Әр жарты жыл сайын тексерілетін объектілердің тізімі жасалып, тексеру жоспары бекітіледі. Бүгінде 2014 жылдың І жартыжылдығында тексеру жүргізілетін коммерциялық нысандардың тізімі анықталуда. Тексеру қорытындысы бойынша елеусіз орташа, жоғары тәуекел дәрежесі болып бөлінеді. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзу ескерту жасауға әкеп соғады. Қайталанған жағдайда лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – 10, орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға – 20, Ірі кәсіпкерлік субъектілері болып есептелетін заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
– Өткен жылғы өңір басшысының жылдық қорытындысында ретсіз сауда орындары мен жабайы жарнамалар туралы арнайы тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде жүзеге асып келе жатқан жарнамаларды тексерген арнайы рейд жұмысының оң нәтижесі бар ма?
– ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы, ОҚО бойынша салық департаменті және ОҚО тілдерді дамыту басқармасы мен ОҚО елді мекендерінде заң талаптарын бұзған маңдайшалар мен сыртқы жарнама нысандары бойынша бірлесе атқаратын іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес тоқсан сайын маңдайша, жарнама жазуларына байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Облыста 7 638 коммерциялық нысан бар. Оның 7281-і заңға сәйкес, 291-і заң талабына сай келмейтіні анықталған. 2013 жылдың І жартыжылдығында Шымкент қаласында орналасқан коммерциялық нысандардағы жарнамаларды ретке келтіру жұмыстарына Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарының әкімдіктері, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, салық басқармасы мен құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп 17 рет рейдтік шаралар жүргізілді. Нәтижесінде қала аумағындағы 968 коммерциялық нысанның басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңсыз орнатылған 253 жарнама құралдары алынды. Алдағы уақытта облыс әкімінің орынбасары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық әділет департаменті, жарнама агенттіктері, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің бастықтары мен қызметкерлері, аудандық, қалалық прокуратура, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырларымен, жергілікті БАҚ-пен бірлесіп, түсіндіру шараларын жүргізіп, жергілікті кәсіпкерлермен «Қала көркі – ақпарат» тақырыбында семинар, «Көрнекі ақпарат тілі: тәжірибе және өзекті мәселелер» атты облыстық семинар-кеңестер ұйымдастырылады. Алдағы уақытта қала аумағындағы жарнамаларды реттеу жұмыстары жалғасады.
– Өңірдегі өзен-көлдердің арнасынан шағыл тас тасушыларға қандай шектеу қойылады? Жалпы, төтенше жағдайлардың алдын алу қалай іске асуда?
– Облыс көлемінде өзендер мен көлдердің арнасынан тас, құм алушылардың салдарынан көпірлер мен жолдарға және елді мекендердегі тұрғын үйлерге қаупін төндіруде. Осыған орай, 2010-2011 жылдары облыс әкімдігінің тарапынан құзырлы органдардың мамандарынан құрылған комиссиямен су қорғау аймақтарында жұмыс жүргізіліп жатқан мекемелердің жұмыстары тоқтатылды. Өңірде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының отырыстарында жоспарлы түрде қаралып, алдын ала жүргізіліп отырады. Комиссия отырыстарында, мезгілдік төтенше жағдайлар бойынша, су тасқындары, қыс кезеңіндегі қарлы борасындар, дала және орман өрттерінің алдын алу жұмыстары тұрақты қаралып, бақылауға алынған. Автожолдар мен жол қызметтерінің қыс мезгіліне дайындығы, Шардара суқоймасынан Сырдария өзенімен тасқын суды қауіпсіз өткізу, су тасқыны кезеңіне дайындығы және жылу беру мерзіміне дайындық бойынша төтенше жағдайлар комиссиясы төрағасының өкімдері шығып, іс-шаралар жоспарлары дайындалып, жауапты тұлғаларға жеткізіледі. Сонымен қатар ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті табиғи қауіпті құбылыстарға мониторинг жүргізіп отырады. «Оңтүстік Қазақстан облысының қауіпсіздік төлқұжаты», облысқа тән төтенше жағдайлардың қауіп-қатер каталогі дайындалған және жыл сайын өңделуде.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге көп рақмет!
Облыстың әлеуметтік картасын жасау барысында облыстағы үш ауысымда оқитын мектептер мен апаттық жағдайдағы мектептерді нақты анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні облыста 48 апаттық жағдайдағы, 35 үш ауысымда оқитын мектептер бар екені анықталып отыр. Ендігі жерде кезең-кезеңімен жыл сайын 150 орынға дейінгі мектептер мәселесі аудандық бюджет есебінен, 300 орынға дейін облыстық бюджет есебінен, ал 300 орыннан жоғары мектептер республикалық бюджет есебінен шешілетін болады. Ал апатты жағдайдағы мектептерге келер болсақ, 2009-2012 жыл аралығында облыс бойынша 62 мектептің ғимараты апатты болған. Ғимараты апатты жағдайдағы 62 мектептің 61-іне жаңа құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізіліп, тапсырылды, ал бір мектептің құрылысын 2013 жылы тапсыру белгіленген.