Дат!

Шет тілдерге әдебиетіміздің нағыз тұнбасы емес, көбі­не­се пысықайлардың тұл басты шығарма­лары өтіп жатқаны өкінтеді

  • Шет тілдерге әдебиетіміздің нағыз тұнбасы емес, көбі­не­се пысықайлардың тұл басты шығарма­лары өтіп жатқаны өкінтеді

    Шет тілдерге әдебиетіміздің нағыз тұнбасы емес, көбі­не­се пысықайлардың тұл басты шығарма­лары өтіп жатқаны өкінтеді

Сейфолла ОСПАН, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:


– Сейфолла аға, аға буын өкілі ретінде мынаны айтыңызшы: жалпы, қазақ әдебиетінің бүгінгі потенциалы, әлеуеті қаншалықты деңгейде?

– Бұл жайлы айтпас бұрын, кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы әдебиетіміздің қалып­тас­қан қағидаларына соқпай кетуі­міз мүмкін емес. Қысқасы, біздің халықтың не қилы  қиял-ғажайып ертегілері мен би-шешенде­ріміздің  тапқырлығынан және  оған қоса, заманнан заман өтсе де, қаны­мызға сіңіп қалған мақал-мәтелдерімізден  бастау алатын  жазба әдебиетіміз кешегі кеңес заманында түбегейлі жаңарып түле­гені ақиқат. Сол кезде біздің алыптар тобы­мыздың, жасыратыны жоқ, ұлы шығар­ма­лары дүниеге келді. Әрине, сол шы­ғар­­ма­лардың өзі кеңес  саясатының арнасынан тым алшақтап кете қойған жоқ. Дегенмен әлемдік дәрежедегі шығармалардың ұлы сүрлеуін салғанында сөз жоқ. Бұған ұлы ұстаздарымыз – Мұхтар, Сәбит, Ғабит сын­ды алып ғұламаларымыздың шығармалары дәлел. Бұдан кейінгі толқынның да осалдық танытқаны жоқ. Тіпті бертін келе өзіндік мінезін танытқан туындылар легі де шаң бере бастады, яғни жазушының өзіндік ой-парасатынан хабар беретін шығармалар өз өрнегі мен  өнегесін  молынан тастады. Бұған мысал ретінде Т.Ахтановтың «Боран», Т.Әлімқұловтың «Ақбозат», Ә.Нұрпейісов­тің «Қан мен тер»  және Сафуан, Бердібек ағаларымыздың шығармаларын ауыз толтырып айтуға әбден болады.

Осы соңғы толқын кейінгі толқынға, яғни біздің қатарымызға үлкен жол-жоба көрсетіп, әдебиетіміздің іргесін кеңейтіп, тарихи тақырыптарға еркін барғызды. Бірақ бір айта кететін жайт, олар қанша  дегенмен  кеңес уақытындағы құрсаудан таза шығып кетіп еді дей алмаймыз, бір өкініші – сол. Тек сол өкініші болмаса, біз­дің әдебиет қай саласында болсын Орта­лық Азияда еңсесі биік, әлемдік дәрежеде де (егер аударылып жатса) еш елдің әдебиетінен осал түсе қоймаспыз деп ойлаймын. Тек насихатының  кемшін соғып жатқандығы болмаса... Егер сол жағын да бүтіндей білсек, құдайға шүкір деуге болады. Бір өкініштісі, сол шет тілдерге әдебиетіміздің нағыз тұнбасы емес, көбі­не­се пысықайлардың тұл басты шығарма­лары өтіп жатқаны өкінтеді. Бірақ бола­шақ­та бәрі де өз орнына келеріне сенемін. Қысқасы, әдебиетіміздің жалпы деңгейі анау айтқан биікке шырқамағанымен, табанын нық басқан қалпын сеземін. Тек жеке басты көрсету шылауының қаптап кеткені болмаса...

– Аға, «әдебиетті дамытатын – қаламақы» деген де пікірлер жиі айтылып қалады. Әрине, бұл пікірді мүлдем терістей алмасы­мыз да анық. Алайда әдебиет деген жан қалауымен жасалатын, ақшаға тәуелсіз бекзат өнер түрі емес пе? Әлде біздің қаламгер­лер­ді кеңестік жүйе «қолдан жемдеп», жаман үйретіп алды ма?

– Жалпы, біздің әдебиет қалыптан шық­пауға кәнігіленген әдебиет қой. Өйт­кені ақын-жазушыларды уыста ұстап отыру үшін кешегі кеңес заманы өз саясатына байлап тастағаны ақиқат. Ол үшін, әрине, қаламақысын да ойлап тапқан. Өзің айт­қан­дай, «қолдан жемдеуге» әбден үйрет­кені рас. Бірақ оның да бір пайдасы, бір зияны бар екен. Пайдасы сол – ой айтам деп жөн-жосықсыз  лағып кетпеуге мүм­кін­дік бермеуі. Ал зияны – сол өзіміз­дің ұлттық ой еркіндігіміздің жолын байлап тастауы.

Әрине, бұл жөнінде шетелдердің ұтыстары мол. Олардың ақын-жазушыла­ры өз оқырмандарының ойынан шығуға тырысады. Сөйтіп отырып, уақиғаны еркін ширатып,  екінші жағынан, қызықтыра түсу жағын ойлайды. Яғни адам жаратылысын­дағы тосын мінезді жасырмай ашық бей­не­леп, оның болашақ болмысын аяндап беруге атсалысады. Бізде ондай еркіндік қалыптаспаған, содан да болар, оның аяғы цензураға ұрынып,  қақпанға түсір­теді. Бұл негізінде кешегі орыс қоғамының бізді жеткізген жері осы. Басқа не дейміз?!

– Және де мынандай бір қызық бар: жазушы Джек Лондон өзінің бір сұхбатында журналистің «Сіз не үшін жазасыз?» деген сауалына жауапты «ақша үшін» деп қысқа қайырған екен. Әлгі журналист «ақша үшін жазылған дүние арзан, жеңіл болмаушы ма еді» деген сыңайда екінші сауалын жолдайды. Сонда жазушы «мен жеңіл, арзан дүние жазсам, оны ешкім сатып алмайды һәм оқымайды» деген сарында жауап қатыпты. Жалпы, біздің елде қаламгерлер нарыққа бейімделе ала ма? Жазған дүниесін саты­лым­ға шығарып, пайда тауып дегендей...   

– Жазушы ғана емес, жалпы, адам баласы бір нәрсе істесе күнкөріс  үшін істейтіні айдан анық. Джек Лондон да  соны мегзеп отырғаны  ғой. Ал одан кейін әр адам өз кәсібінің асқан шебері болмаса, оның ісіне кім ақы төлей қойсын. Содан да болар, ел ойынан шығатын, олардың қызыға оқып, дәрмен-дәруімен қатар, өздерін өмір сүруге құлшынтып, жігерлен­діретін шығармаларға үнемі құлаш ұра­тыны. Жалпы, әрбір қалжыңның қанатында нағыз  шындықтың ұясы  жатуға тиіс. Оның үстіне ол жазушы болса...

Біздің елде ондай шығармашылыққа бара қою екіталай. Өйткені кешегі кеңес заманы қалыптастырған «жемтіктің» орны ойсырап тұрғандай болады.  Бүгінгі заман ақшалылардікі, содан да болар, олар өздері жайлы том-том кітаптар шығарудан жалығар емес. Ол және тым асқынып барады. Қайсыбір жазушыларымыз соның жалдамалысы. Және ол істерін оғаш та сана­майды. Ертең мұның да қызығы басылар. Содан соң таза шығармалар жауһар сияқты өзін көрсетері хақ. Егер заман түзеліп, ұрпақтарымыз қайтадан кітап оқуға бет бұрса... Бірақ оның да ауылы тым алыстау сияқты. Менің тағы бір қауіптенетінім, болашақ ұрпағымыздың  компьютер алдынан шықпауы. Ол, бірінші­ден, баланы үйкүшік жасаса, екіншісі одан сорақы – көздерінен айырылады ғой.  Сөйтіп, баспақ түгіл, бас қайғы боп кетеміз бе деп қорқамын. Қазірдің өзінде буалдыр әлем көз алдыңда көлеңкеленіп із тастап жатқандай. Әрине, оның  бетін аулақ етсін.

Екіншіден, әр баспаны бір-бір жазушы өз ұрпағымен, өз ағайын-туғанымен  табыс көзіне айналдырып алған. Олардан кітап шығару тіпті де мүмкін емес, оның үстіне олардың көзін шел басып, көкіректе­рін  шүкірліктен гөрі тойымсыздық жайлап алғандай. Және олар қаламақыны да  қалаған жандары мен өзінен биік отырған­дар­ға барынша жоғары қойып, көңілі қаламағандарға өтірік жылап-еңіреп, қай­дағы-жайдағыны сылтау етіп, олардың жүй­кесін тоздырып жаныңды жейтіндері қаншама. Оларға не істерсің. Іштей күйіне­сің де қоясың. Жақында мен Астанадағы бір үлкен  баспаның басшыларын аяғаным сонша – бар қаламақымды  садақаға беруі­ме тура келді. Әрине, олар да  маған арада бірнеше жыл өтсе де,  жүйкемді әбден құртқан және онысы (менің еңбегіме қарағанда) бишараның асындай бірдеңе ұсынған соң. Оған не дерсің. Және олар әрқашанда жазушы үшін жан беретіндей бір есті азаматымыздың ұрпақтары. Ал ке­рек болса... Дәл осындай күймен, сен айтқан­дай, еңбегіңді жарыққа шығару мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес.

– Жалпы, аға буынның жаза алмай, жазса да толық аша алмай кеткен тақырыбы бар ма? Болашақ жас ұрпақ үшін әдебиет­тегі қай жанр, қай тақырып маңызды болуы мүмкін?

– Бұған берер жауабым – тарихи тақы­рыпқа барып жүрген Әбіш пен Мұхтар. Ал кейінгі толқынның және олардың қай­бір замандастарының тарихи тақырыпқа баруы көңіл көншітпейді. Тарихи тақырып­қа барудың жауапкершілігі – ол ұлттық рухтың мерейін үстем етудің бірден-бір тұтастанған тұғыры. Ол – өз иелігінің өлшемі емес, тұтас ел игілігінің даралық даналығы. Оған ежелден жасап келе жат­қан халықтың қанатты қағидалары қағыс қалатын жай да емес. Сондықтан көркем­дігіндегі көріністің жотасымен ойпаңы табиғи бейнесін анық беруі керек. Сонда ғана ол шынайы тарихи  шығарма боп түрлене түлемек.

Және соңғы кезде бір әңгіме шығып жүр. Қысқасы, еліміздің тарихын Ресеймен бірге жазатын болдық деп. Ол ақылға сый­майтын сөз. Онда ол тарих емес, таптаурын жолдың үстінде үстемдіктің жеңісі боп кете барады. Бұл барып тұрған қателіктің сора­қысы болмақ. Оған және атақ үшін өзі­міздің алдыңғы қатарлы қабілетті тарих­шыларымыз бен жазушыларымыздың баратынында сөз жоқ. Ол бізге опа бермесі ақиқат. Бұл жерде неде болса да өзіміздің ұлттық жаратылысымызды беретіндей шығарма туындауы керек.

Жалпы, болашаққа жөн сілтер шығар­малар бұрын да жоқтың қасы болатын,  қазір де тіпті жоқ деуге әбден болады. Біз не нәрседе де шындықты бетке айтып, бар шаруамызды жөндейтіндей қалып таныта­мыз. Оның арғы жағындағы кеңірдектен алып тұрған кедергілерге келелі ой жүгірт­пей опынамыз. Оған қоса, сорымыз­ға техниканы игеру заманы келіп, ол аздай, нарық қыспағы тағы да жағадан алып, есімізді толық жинауға мүмкіндігіміздің  болмай жатқаны мынау. Нағыз жазушы, менің ойымша, осындайда көріпкелдік даналық көрсетіп,  қыруар қиыншылықтың ортасынан жол тауып кететіндей шығар­малар жазса ғой, шіркін, нұр үстіне нұр болар еді. Оны және арғы-бергі патша­лықтардың, корольдіктердің өмір тәжіри­белерінен туындайтындай етіп  сара жолға бұрса,  қандай ғажап  болар еді. Ондай жағдайда біз Елбасымызға да нағыз көмекшілік жасар едік. Бұл  жағымыз да  олқы түсіп жатыр. Болашақ жас ұрпаққа қай тақырып, қай жанрдың қолайлы әрі маңызды екендігін ашып айта алмаймын. Өйткені бүгінгі ұрпақ бесіктен белі шықпай жатып үш тілді игермек, бұл деген бір тәнді арқалаған үш басты айдаһар сияқты ғой. Одан гөрі бастауыш мектепті өзінің ана тілінде оқып, содан кейін ержеткенде өз қалауынша өзге тілді игерсе, бала өзінің ана сүтімен сіңген тілді қатты құрметтеуіне себепші болар еді. Қазіргідей  басты назар әншілікке ауып тұрғанда, онда да ағылшын әні төрден шығып жатыр. Демек, жастар­дың дауысы да сол ыңғайға икемделіп жатқаны анық.  Бұған қоса,  қазіргі  қазақ­ша шығармаларымыз да,  шындығын айту керек, бұрынғы дәрежесінен әлдеқайда ауытқып  кеткен. Сондықтан бұл жағына ашық жауап бере алмаймын. Сол жас ұрпағың өздеріне қай тақырып, қай жанр жақын екендігін де толық айыра алмайды ғой деймін. Мұндай жағдайда әр нәрсенің  тек ақырын күту керек.

– Тәуелсіздік алғалы бері ұлт әдебиеті еңсесін тіктей алды ма? Іргедегі орыс әдебиетін, жапон, қытай әдебиетін оқысаңыз да, ұлттық образ, ұлттық колорит аңқып тұрады. Бұл – олардың ерекшелігі. Қазіргі әдебиетімізде тәуелсіз қазақ образы сомдалды ма?

– Тәуелсіздігімізді алғалы ұлт әдебие­тіміздің еңсесін көтердік деп айта алмай­мыз. Сол бұрынғы қалпымыз, бірақ қайбір жайларды еркінірек айту жағынан біраз ұтысымыз бар. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, ауандықтан әлі арыла алмаған сияқтымыз. Оның үстіне қазір бұрынғыдай кітап оқу әуестігіміз де басылып қалған. Сондықтан да өз ұлтының ерекшелік қа­сиет­терін жан-жақты қамтитын елдермен, шынын айтсақ, теңесе алмаймыз. Өйткені біз таза қазақилық арнадан біраз ауытқып кеттік. Және ол арнаға қайта оралғанша не заман. Біздің қазіргі сүйенішіміз кешегі Кеңес Одағы кезіндегі жартылай сомдал­ған бейнелерді, ұлттық жаратылысқа балап  қанағат етсек те жетіп жатыр. Тіпті бара-бара содан да айырылып қаламыз ба деп қорқамын. Соған шүкірлік етейік. Қайтеміз, заман ұйытқысы солай істесе. Басқа амал жоқ. Бізден бұрынғы ақын-жазушылардың ерекшелігі – олар тіліміз­дің тұмбасын сақтап, қысыла-қысыла жа­зып жырласа да, тұнығын дамытты. Біздің қатарымыз  соның шеберлігін шегелеп нықтауға атсалысты. Бізден кейінгілер соның соңғы маңызын мәнді машыққа айналдыра білді десем артық айтпағаным деп білемін. Ал қазір сол мәнді машықтық­тың  айналасын өз мағынасынан ауытқы­ған сөз тіркестері жайлап барады. Бұл  жайт біздің тіліміздің сақталуына аса қауіпті жайт. Оны тек уақиғаның қоюлығы ғана елетпей келеді. Қанатты сөз қағида­сының талғамына құрт түсті. Үшкір ойдың өресін буалдыр бұлт торлады.

– Сейфолла аға, барлап қарасаңыз, соңғы жиырма жылдықта қазақ поэзиясы лиризмді, отаншылдықты жоғалтып, агрессивті мінезге ие болды. Ал прозада, керісінше, лирика, тарихи тақырыптар қаузалды да, қоғамның ішкі тартысы, шиеленісі сырт қалып қойған сыңайлы. Бұл тұрғыда қандай ой қосасыз?

– Оның рас, поэзиямыздағы таза лири­калық сезіміміздің  күре тамыры босаңсып құр ұйқасқа құл болды, ал отаншылдықтың жігері жалын атпай құм қапты десек тым артық болар. Бірақ бұл ойдың жағалауынан алшақтап кете алмайтын да тұстарымыз бар-ау, сірә. Табиғи бояудың өшуі еш нәрсеге өң бермесі анық, бірақ...

Ал прозаның лирикаға айналуы дәр­менсіздік емес, бұрынғы табиғатты аңсау­дың желпінісі болар, ал тарихи тақырыптың молынан қаузалуы көбесін көтеріп көгертіп алып шықсам деген дәменің  дандайсуынан шығар. Қашанда көшіріп қондырған дарақтың жұтағанындай  күй кештірмесін, әйтеуір. Бүгінгі күннің тыныс-тіршілігін барлы-жоқты айтып жүргендер аз емес. Бірақ оның бәрін оқып, бағдар беріп оты­ра­тын жандардың өзі даналық ауруымен ауырып, балалық қиялға бөленіп кеткен­дей. Бұл дегенің бір жағы – тарихи тақы­рыпты қорлау, екінші жағы – ашығын айт­пай, санасындағы сайрап жатқан даң­­ғыл­­ды жолды сыртқа шығармай, ішке бүгіп тұн­шықтыру деп білемін. Қысқасы, танымы бардың жазуы кеміс, жазуы бардың таны­мы кеміс ортаға тап болдық қой. Содан да болар, біздің қай жанрға барсақ та ақсап жатқандығымыз. Мұның бәрі ауызды қу шөппен сүрту емес, бірақ жарқырап шық­қан бір шығарманы көре алмағанымыздан да болар.

Адам санасында осындай арпалыс жүріп жатқанда бүгінгі қоғамның ішкі шиеленісін жорналшылар үлесіне беріп қойғандаймыз. Әзірше соған қанағат етіп жүргендейміз. Бұған мен өз ойымды қоссам. Бізде не көп, қабілетті әріптестерім көп, солардың ішінен таза тарихи білімі терең, руының емес, ұлтының рухын өзге елдермен теңестіре биіктетіп, болашақ мемлекетіміздің сүйенер түп қазығындай немесе көктегі Темірқазығындай етіп жаза­тын шығармаларына үлкен сеніммен үміт артып, мемлекеттік қаржыдан арнайы үле­сін бөліп және оларды саясатқа араластыр­май жұмыс істетсе ғой, шіркін.

– Сізді қазіргі таңда не толған­ды­рады, аға? Қаламгерлер айғай­лап пікірін айтпаса да, қоғам тынысының барометрі іспетті емес пе?

– Мені толғандыратын жай көп қой. Бірақ іске асып жатқаны жоқтың қасы. Елбасымыздың бір ісі ұнайды: ол – Қа­зақстанды бүкіл әлемге әбден  танытып барып, өзіміздің мемлекеттік үнімізді содан кейін шығарсақ деген тұжырымы. Мен соған қуанамын. Бұл істің астында астар жатқандай. Сол үміт менің ақындық жанымды да жұбатады. Бірақ оған мұрша беріп жатқан өзгеміз  жоқ. Әлденеден ал­дын ала сезіктеніп тыным таппай тыпырши­тын мінез тауып алдық. Қоғамның тыныс-тіршілігін білдіретін, сезіндіретін және кемелдендіретін қаламгер қауым екені рас. Сонымен бірге  көпті көрген қариялар да сондай күй кешетіні рас.  Қысқасы, бүкіл дүние әлдененің алдында тыпыршып жатқандай. Бүгін бар адам – ертең жоқ. Осының бәрі ақын-жазушыларға керемет­тей тақырып, жырласаң, жазсаң жүрегің ауырады. Мақтасаң, масаттансаң жалған­дыққа еніп кеткендей боласың. Қысқасы, төбеңнен у құйылса да, қуыс кеудеңді көтеріп жүруге әлдебір күш мәжбүрлейтін сияқты. Бүгінгі күннің тақырыбы осындай қым-қуыт. Тоқ етер сөзім, әдебиетімізге еңбек сіңіріп жүрген кәріміз де, жасымыз да, сөз жоқ, өз ойларын ашып айтып жүр. Жұбанышпен болса да, сүйінішпен болса да, асырып та, жасырып та, жаныңды удай ашытып та, ащы қылып та айтарларын айтып жүргені рас. Оған ренжи де алмай­мыз.

Бірақ әдебиетіміздің негізі бар, мәде­ниетіміз де бар. Тек солардың денсаулығы дұрыс болсын деп тілейік.

– Салмақты сұхбатыңызға көп-көп рақмет, аға!



Оқшау ой

Прозаның лирикаға айналуы дәрменсіздік емес, бұрынғы табиғатты аңсаудың желпінісі болар, ал тарихи тақырыптың молынан қаузалуы көбесін көтеріп көгертіп алып шықсам деген дәменің  дандайсуынан шығар. Қашанда көшіріп қондырған дарақтың жұтағанындай  күй кештір­месін, әйтеуір. Бүгінгі күннің тыныс-тіршілігін барлы-жоқты айтып жүрген­дер аз емес. Бірақ оның бәрін оқып, бағдар беріп отыратын жандардың өзі даналық ауруымен ауырып, балалық қиялға бөленіп кеткендей. Бұл дегенің бір жағы – тарихи тақырыпты қорлау, екінші жағы – ашығын айтпай, санасындағы сайрап жатқан даңғылды жолды сыртқа шығармай, ішке бүгіп тұншықтыру деп білемін. Қысқасы, танымы бардың жазуы кеміс, жазуы бардың танымы кеміс ортаға тап болдық қой. Содан да болар, біздің қай жанрға барсақ та ақсап жатқандығымыз. Мұның бәрі ауызды қу шөппен сүрту емес, бірақ жарқырап шыққан бір шығарманы көре алмағанымыздан да болар.





Көрілген: 2713    Пікірлер: 0

бейсенбі, 12.12.2013, 13:29

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31