Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Шын мәнінде жұмыс істейтін ұйымдастырушы саяси менеджерлерді көбейтуіміз керек

23 қараша 2012, 12:16

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Нұртай Салихұлы, өзіңіз сайлаушылармен жиі кездесе­сіз. Халықтың әлеуметтік ахуалын көзбен көріп жүрген азамат ретінде айтсаңыз, орталықтан шеткері өңірлер­дегі халықтың хал-ахуалы қалай?
– Біз Парламент Мәжілісінің регла­мен­тіне сәйкес, жылына төрт мәрте, яғни тоқсанына бір рет сайлаушылармен кездесеміз. Мен көбінесе Шығыс Қа­зақстан облысының елді мекендерінде, шалғайда жатқан ауылдарда тұрғын­дармен кездескенді жөн көремін. Ха­лық­пен болған кездесулерде азамат­тардың сұрақ қойып, ой-пікірлерін айтуға толық мүмкіндік беріледі. Мұң-мұқтаждарын тыңдауға тырысамын. Кездесіп қана қоймай, сол ауылдар мен аудандардағы жағдайды көзбен көріп, салынып жатқан нысандарды аралай­мын. Биылғы 20 қаңтарда Парламент Мәжілісінің V шақырылымы жұмысын бастағаннан бергі 10 айдың ішінде Шы­ғыс Қазақстан облысының Аягөз, Жар­ма, Тарбағатай, Зайсан сияқты аудан­дарымен қатар, Өскемен қаласын қос­қанда 40-тан аса елді мекенде болып, сайлаушылармен ашық кезде­сулер өткізіппін. Сонда байқағаным, мәселелер жоқ емес, бар.
Біріншіден, шалғайдағы тұрғындар­ды мазалайтын өзекті мәселенің бірі –  халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету. Сонымен қатар қалаларда, кенттер мен аудан орталықтарында да осы мәселе бар. Көзбен көргеннен кейін, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қайт­қаннан кейін бірнеше мәрте Үкіметке, тиісті мемлекеттік органдарға сауал жолдадық. Бұл салада қозғалыс бар. Үкімет тұрғындарды ауызсумен қамта­масыз етуге бағытталған «Ақбұлақ» бағдарламасын қабылдады. Бюджеттен осы бағдарламаға 2013 жылы 104 млрд теңге қарастырылып отыр. Дегенмен де ауылдарға су тартылу үшін қаншалықты шығын кететінін есептеп, жергілікті атқарушы орган жобалық сметалық құжатын әзірлеу қажет. Ауыз суға байланысты жобалық-сметалық құжат уақытында дайындалса, осы мәсе­лені мемлекеттік бағдарламаға енгізіп шешуге болады. Екіншіден, ауыл­дық жерлердегі мектептердің мәселесі жиі айтылады. Көбіне күрделі жөндеу жұмыстары қажет-ақ. Бірқатар елді мекендерде мектептер апаттық жағдайда, олар қайта салуды қажет етеді. Көптеген салынып жатқан мектеп­тер уақытында іске қосылмайды. Бұл мәселе де біздің тарапымыздан көтері­ліп, тиісті мемлекеттік органдарға жет­кі­зіледі. Олардың шешілуіне де ат салы­самыз. Үшіншісі – жолдардың мәселесі. Ел аралағанда автокөлікпен жүру мүмкін емес жолдар бар. Мәселе шеші­ліп жатқанымен өте баяу. Осыдан екі жыл бұрын бюджеттен 10 млрд теңге қаржы бөлініп, Семей-Қалбатау ара­сын­дағы жолға күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Боғас-Қарағанды республикалық деңгейдегі жолдың Тарбағатай ауылы мен Аягөз арасында­ғы бөлігінің сапасы сын көтермейді. Өте нашар жолмен Аягөз, Зайсан, Тарба­ға­тай аудандарынан Алматы бағытына  қаншама автобустар жүреді. Осы мәсе­ле өз шешімін таппай тұр. Мәселе оң шешімін тапқанша тиісті органдарға – Үкіметке, Көлік және коммуникация министрлігіне талап етіп қоятын бола­мыз. Сонымен қатар шағын қалалар  ішіндегі жолдарға да күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Төртіншіден, тұрғын-үйге қолжетімділік тек қана үлкен қала­ларда ғана емес, аудандық деңгейде де басты мәселеге айналған. Үкімет биыл қабылдаған «Қолжетімді баспана» бағдарламасы осы мәселені шешуге бағытталуы керек. Болашақта тұрғын-үйге мұқтаж халықтың мәселесін шешу қалалармен қатар шалғайдағы аудан­дар мен ауылдық жерлерді де қамтуды қажет етеді. Меніңше, ол үшін алдымен қай аудан орталықтарында, тіпті жас мамандар барып жатқан қай ауылдарда баспана жетіспейтінін зерттеп, соны Үкіметке, облыстың атқарушы орган­дарына жолдау керек. Өйткені ол тікелей жергілікті атқарушы органдар­дың атқаратын қызметі. Бесіншіден, көптеген елді мекендердің халқы медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі артса, сапасы жақсарса деген ой-пікірлерін айтуда. Кездесулерде Се­мей ядролық полигонындағы сынақ­тардан зардап шеккен халыққа әлеу­мет­тік көмек жағы қайта қарастырылса деген ұсыныс жиі айтылады. Міне, Шығыстағы жұртшылықтың қойып отырған мәселелерінің негізі осындай.
– Иә, осындай мәселелердің бар екені және оның тек қана Шығыс Қазақстанға ғана тән емес екенін жақсы білеміз. Десе де, Елбасы стратегиялық бастамалар көтеріп жатыр, Үкіметтің сансыз жобалары бар. Осыны жүзеге асыруға өзіңіз тізбелеп берген әлеумет­тік проблемалары бар шалғай­дағы халық дайын ба?
– Елбасының жүргізіп отырған саясатын халық толық қолдап, сенім білдіріп отыр. Мемлекет басшысының тың бастамалары мен тапсырмала­ры­ның жүзеге асып жатқанын халық көріп отыр. Елбасымыздың тікелей тапсыр­масымен «Жұмыспен қамту» бағдарла­масы қабылданып, жүзеге асуда. Осы бағдарлама аясында ауылдық кәсіп­керлікке қолдау көрсетіліп, ауыл кәсіп­керлері жеңілдетілген пайызбен несие алып, өз істерін жүзеге асыруға мүмкін­дік алды. Ауылдық елді мекендерді дамытуға республикалық бюджеттен биыл 9,1 млрд қаржы бөлінсе, келесі жылы бұл салаға 51 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр. Бұл қаражат көп­теген ауылдардағы инфрақұрылымды қалпына келтіруге мүмкіндік тудырады. Сонымен бірге осы бағдарламалар ар­қы­лы ауылдың жалпы әлеуметтік-эко­номикалық жағын жақсартып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдей­тін, сапалы өнім шығаратын өндіріс орын­дарын ашуды жолға қоюымыз керек. Ауылдар мен шағын қалалардың одан әрі дамуы олардың іскерлігі мен ұйым­дастыру деңгейіне байланысты болмақ. Жергілікті халықты жұмыс тауып беруге, қайта оқытып, жаңа ма­ман­дықтар алуына жағдай жасауға мемлекет назар аударды. Ал енді оған халықты қатыс­тыру жергілікті әкімшіліктердің жұмысы. Олай дейтінім, көп жағдайда жөндеуді қажет ететін мектептер мен мәдениет үйлеріне, инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруге қанша қаражат кете­тіні дұрыс есептелмей жатады. Бөлінген қаражат мақсатына сай жұмсалмайтын фактілер де кездесуде. Салынып жатқан құрылыстардың сапасы төмен жағ­дай­лар да бар екені белгілі болып жатыр. Сондықтан бұл іске де тиянақты­лық пен жауапкершілік және мемлекет­тік бақы­лауды күшейту қажет. 
– «Үлкен бастамаларға алыстағы елді мекендер дайын ба?» деп сұрап отырған себе­бім, жуырда депутаттық сауал ретінде үдемелі индуст­риялық-инновациялық бағдарлама аясында көзбояу­шылықтар болып жатыр деп қалдыңыз. Ондай жағдай республиканың басқа өңірлерінде де болуы мүмкін ғой?
– Индустриялық-инновациялық бағдарлама, ең бастысы, халықтың мүддесі үшін жасалып жатқандықтан, асығыстық керек емес. Үлкен зауыт-фабрикалар салынса да, ауылдық жерде бір мәдениет үйі пайдалануға берілсе де ол ең алдымен халықтың иглігіне жұмыс істеуі қажет. Бұл бағытта ең алдымен мемлекет пен халықтың мүддесі ескерілуі шарт. Кейде атқарушы органдағылар асығыстық танытып кетеді. Қаржының бөлінгені мен оның игерілгенін көрсетеді де қоя салады. Ең негізгісі – ол нысандардың қаншалықты халыққа қызмет етіп жатқаны емес пе?! Сондықтан жаңа нысандар мен кәсіп­орындардың ашылғанын ғана емес, жұмыс істеп тұрғанын, қандай тауарлар шығарып жатқанын, қуатты­лығы қан­дай деңгейде іске асып отыр­ғанын, олар­дың қаржылық жағдайын да тұрақты түрде жария етіп отыру керек деп ойлаймын.
– Сіздің экономикадан біліміңіз бар. Біздің мемлекет­тік деңгейдегі ірі жобалары­мыз­дың жүзеге асып, өнім өндіру жағынан өзге елдермен бәсекелесе алу ықтималдығы қандай?
– Әрине, мемлекет үлкен жобалар­ды жүзеге асыруды қолдап отыр. Олар тиянақты жүргізіліп, елге игілікті іс болса, құба-құп. Ол үшін ең алдымен ішкі сұранысты толық өтей алатын, сапалы тауарлар өндіріп, экспортқа шығара алатын өндірістерді жанданды­руды қолға алса игі. Яғни  бәсекеге қабілетті экономика құруға біздің елде толық мүмкіндік бар. Бар жағдай жаса­луда. Ол үшін көзбояушылық жасап, әдемі есептерді емес, шынайы еңбекте­ніп, нәтижелі жұмыс істеуіміз керек.
Осындай жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін өнім өндірумен қатар, тал­дау жұмыстарын да жүргізіп оты­ру маңызды. Талдау жұмыстары «біздің тауарлардың сапасы қандай?, «бәсекеге қабілетті ме» «көрші мемле­кет­терде өндірілетін дәл сол тауарлардың сапасы мен бағасы қандай?» деген сауалдарға жауап беру қажет.
– Кеңестік кезеңде де, қазір де индустриялық жобалар қолға алынды. Алайда қазақ­стандықтардың негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Несібесін мал өсіруден тауып отырған шығыс өңіріндегі ағайын шаруа қожалықтарына жер беру мәселесін көтерген еді. Сол мәселе қаншалықты шешілді?
– Қазір мемлекет ауыл шаруашылы­ғына көп көңіл бөліп отыр ғой. Қабыл­данған бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие, субсидиялар беріліп жатыр. Соның оң әсерінен қазір ауылдық жерлерде мал басын көбейту үрдісі жолға қойылып келеді. Жеке қожалықтардың күрт көбеюі жайылым­дық жерлердің тапшылығын көрсетіп жатыр. Халықпен кездесуде көтерілетін мәселенің бірі – осы. Маған Абай ауда­нының шаруа қожалықтарының басшы­лары кездесуде өтініш жасаған болатын. Олар бұрын Семей ядролық полигоны аумағында орналасқан, шаруа қожа­лық­тарының малдары жайылып жүрген жерлерді берсе деген ұсыныс айтқан еді. Бұл мәселе қазіргі кезде Үкімет тарапынан қарастырылуда.  Оң шешім болады деп ойлаймын. Ауылдағы мал өсіріп отырған шаруа қожалықтарының тағы бір ұсынысы – жергілікті жерлер­ден мал терісі мен жүнін жинайтын, оны өңдейтін орталықтар ашу мәселесі. Мал шаруашылығының шығыны көп. Оны баққан адам ғана біледі. Жемшөп дайындау, мал ауруларын болдырмау, жанар-жағармай алу, жұмыс күшіне зәрулік, айта берсек, шешімін қажет ететін мәселе бар.
– Нұртай мырза, қазір ақпарат құралдарында жиі талқыланып жүрген өткір мәселенің бірі – шекаралық аймақтардың әлеуеті. Қытай­мен, Ресеймен шекаралас өңірлердегі халықтың орталыққа үдере көшкені жасырын емес. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келіп тіреледі. Сіз не дейсіз?
– Бұл – ойлантатын мәселе. Мен жаз айларында Зайсан, Тарбағатай аудандарында болдым. Ол жердегі шекараға жақын елді мекендермен қа­тар, шекара заставасына барып қайт­тым. Халықтың, шекарашылардың ой пікірлерін тыңдағанда біраз мәселеге қанық болдым. Халықтың ұсынысы – шекаралық ауылдар мен аудандардың проблемасын еңсеретін мемлекеттік кешенді бағдарлама болса дегенге саяды. Бұрынғы шекаралық аудандар­ды қайта қалпына келтірсе дейді. Шекара маңындағы ауылдарда ауыл шаруашылығын дамытуға толық мүм­кін­дік бар. Ауыл шаруашылығының өнім­­дерін өндіретін кәсіпорындар салу­ға болады. Тері мен жүнді кәдеге жара­та­­тын, сүт және ет өнімдерін өндіретін орталықтар, жұмыс орындары ашылып жатса халық шекаралық аймақтардан көшпес еді ғой. Тіпті туризмді де дамы­туға мүмкіндіктер көп. Көптеген жағ­дай­ларда халықты да түсінуге болады, себебі бірқатар ауыл­дарда мектептер жабылып, халық көшуге мәжбүр болып жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 2009-2010 оқу жылында балалар санының азаюына байланысты 19 мектеп, 2010-2011 білім беру ара­лығында 17 мектеп, 2011-2012 оқу жылын­да 13 мектеп жабылған! Ал биыл­ғы оқу жылының басынан бері облыс бойынша 20 жалпы білім беретін мектеп жабылып, 6 мектеп қайта ұйым­дастырылған. Жалпы, 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Қайта ұйымдастыру дегеніміз – 11 жылдық мектеп­терді тоғыз жылдық немесе тоғыз жыл­дық мектептерді бастауыш мектептер мәртебесіне ауыстыру. Бұл жағдай да халықтың ауылдан көшуіне әсер етуде.  Бұл – өте өзекті мәселе. Менің тарапы­м­нан осы мәселеге қатыс­ты бірнеше рет Үкіметке сауал жіберілді.
Осындай мәселелерді шешуде халықтың пікірі ескеріліп, жүйелі және кешенді жұмыс жүргізілу қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Атқарушы органдардың өкілдері, әсіресе жергілікті әкімдер халықтың хал-ахуалына селқос қарамауы керек. Біз халықпен кездесулерде айтылатын, елді мекендерге барғанда көзімізбен көретін мәселелерді жергілікті шенеуніктер күн сайын көріп жүреді ғой. Ал енді осы мәселелермен бетпе-бет келе тұра, халық алдында жылына бір рет көпе-көрінеу, жаттанды есеп береді. Тіпті сұрақ қоятын адамдардың өзін белгілеп қоюдың қажеті қанша? Халық айтса, қалт айтпайды. Олар бар мәселені ғана айтып, өзіне тиесіліні ғана сұрайды. Соған құлақ асып, шын мәнінде жұмыс істейтін ұйымдастырушы саяси менеджерлерді көбейтуіміз керек. Бәрімізге ортақ мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, адал қызмет атқарып, мемлекетіміздің дамуын қамтамасыз ету.