Дат!

Соттың, прокурордың, адвокаттың мәртебесін теңестіруіміз керек

  • Соттың, прокурордың, адвокаттың мәртебесін теңестіруіміз керек

    Соттың, прокурордың, адвокаттың мәртебесін теңестіруіміз керек

Кәрібай Тасшабаев, Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының мүшесі, белгілі заңгер:


– Әңгіменің әлқиссасын сыбайлас жемқорлықтан бастасақ дейміз. Өйт­кені кей­де «сыбайлас жемқорлық барған са­йын іріленіп барады ма» деп қаламыз. Түйені түгімен жұтатындар кө­бей­месе, азаймай отыр. Сыбайлас қылмысқа қарсы күресте енжармыз ба әлде пәрменсізбіз бе?

– Сыбайлас жемқорлық қылмыс пен оған қарсы күрес екеуі бітіспес жауға ай­налғандай. Неғұрлым жұмылып жұдырық болған сайын, бұл індетің соғұрлым кү­шейе түсуде. Менің жеке өз ойымды біл­гі­леріңіз келсе, еліміздегі сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-шараларға көңілім тол­майды. Әлі шикі. Бұл – тіпті дәлелдеуді де қа­жет етпейтін ақиқат. Бір ғана мысал кел­ті­ре кетейін, жазаға тартылып жатқандар­дың барлығы дерлік шабақтар. Ал соларды қылмысқа итермелеп не мәжбүрлеп отыр­ған шортандар құтылып кетеді. Олардың жауапқа тартылуы былай тұрсын, тіпті аты да аталмайды. Иә, бірлі-жарым атынан ат үркетін шенеуніктер ұсталып жатады, алай­да, егер шындап кіресетін болсақ, жо­ғарғы эшелондағы талай жемқор шенеунік­тер әшкере болар еді. Демек, қолданыстағы заңдардың аты бар да, заты жоқ. Жалпы айтсам, еліміздегі сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарға қарсы күресті жүргізуге дұрыс бағыт-бағдар беретін заңдық нор­малар жетерлік. Алайда олар, құдды бір, көз алдау үшін ғана жасалған сияқты. Әйт­песе жұмыс істемей ме? Бізде қазір бүтін­дей бір қоғамды ірітіп-шірете алатын мұндай қылмысқа қарсы күрестен бір нәтиже шығар деген оймен тәжірибеге түрлі амал-тәсілдерді енгізіп жатырмыз. Оның көпшілігі діттеген жеріне жетпей, орта жолда-ақ омақаса құлауда. Десем де, соның бірі маған ұнады. Өздеріңіз білесіздер, заңда қарастырылғандай, кімде-кім бір жемқор қылмыскер жайында біліп тұрса, оны құзырлы органға хабар­ласа, белгілі көлемде сыйақы алуы керек­. Осы дұрыс па деймін. Әрине, моральдық жағынан алғанда өркениеттікке жат. Десек те, басқа амал, қане?

Әзірге ондай ақпарат беріп жатқан жанды естімедім. Менің ойымша, олар ертеңгі күніне алаңдайтын болар. Бір жағы, ар-ұятты ойласа, екінші жағы, өзіне қауіп төн­діріп аламын ба деп қорықса керек. Өйткені заңда орын алған болмаса енді дайындалып жатқан қылмыс жайында белгі берген жанды қорғау шаралары қарастырылмаған. Бұл заңның пісіп-жетілмегендігінің белгісі дер едім. Ақпарат бергенге сыйақы тағайындаймыз да, оның өмірі мен денсаулығын қорғауды ұмыт қалдырғанбыз. Кімде-кімнің қылмысы әлдебіреудің араласуымен әшкере болса, әлбетте, ол өзін масқара еткенмен кектенуі әбден мүмкін.

– Оны айтасыз, бізде куәгерлерді қорғау саласының өзі енді-енді жұмыс істей бастаған жоқ па?

– Мен куәгер мен жемқорлық қылмыс жайында мәлімет бергеннің құқықтарын бірдей қорғау керек дер едім. Рас айтасыз, ҚР Ішкі істер министрлігіндегі куәгерлерді қорғау саласы жаңа құрылымдар қатарын­да. Жалпы, куәгерлерді қорғау қызметі 1970 жылдардан бастау алады. Ал БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Қылмыс құрбан­да­рының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы декларацияны 1985 жылы қабылдаған болатын. Бір айта кетерлігі, куәгерлерді қорғау керектігі КСРО жылдары, нақтырақ, 1980 жылдары сөз болған. Алайда «бізде тәртіп бар, қылмыс аз, куәгерлерді кімнен қорғаймыз сонда?» деген принципті алға тартып, жалған ұранмен өзгелерге үлгі болғысы келген КСРО одан бас тартқан-ды.

Менің білуімше, Қазақстанда жылына шамамен 700-1000 адамға куәгерлерді қорғау бағдарламасы қолданылады екен.

Қаржыландыру мәселесіне келсек, жы­лына 30-40 миллиондай теңге көлемінде ақша бөлінетін көрінеді.

Негізі, «Куәгерлерді қорғау қызметі туралы» Заң біздің елде 2000 жылдары қабылданған-ды. Ал тәжірибеге республи­камыздың әр аймағында әр кезеңде қосылып жатыр.

Жемқорлық қылмыс – ең ауыр қылмыс. Егер бір ұры үй тонап, бір отбасын шығынға батырса, жемқор бүтіндей бір елді шығын­ға батыратынын ұмытпайық. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Үкіметінің қау­лысымен бекітілген сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық фактісі тура­лы хабар­лаған немесе жемқорлыққа қар­сы күресте өзге де жолмен жәрдем­дескен адамдарды ынталандыру шарасын одан әрі жетілдіріп, ақпарат берген адамның өмірі мен денсаулығын, отбасын қорғау жағын да заңдастырған дұрыс болар еді.

– Кейбір мамандар бұған қарсы болды. Олардың айтуларынша, «адамдарды бір-біріне қарсы қойып, ел арасына іріткі салып алуымыз мүмкін». Сталиндік режимнің мұндай сорақы тәжірибесі немен аяқталғанын өзіңіз білесіз. Ондайдан да сақтану керек шығар?

– Иә, ол да мүмкін. Оның үстіне, қоғам­да қазір жүрегінде иманы бар адамдар азайып барады. Сіз айтқандай жағдай орын алып кетпес үшін сыбайлас жемқор­лық, құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды ынталандыру заңмен жүзеге асуы тиіс және оны өте күшті бақылауға алу керек. Негізі, домалақ арыздар қаралмай­ды, оны білетін шығарсыздар. Бұл 1997 жылы қабылданған «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңда бар. Оған қоса, менің ойымша, заңның мынандай тетігін жасау керек: хабарлап жатқан адам аты-жөнін толық атауы тиіс. Сонымен қатар ҚР Қыл­мыстық Кодекстің 352-бабында (Көрiнеу жалған жауаптар беру, сарап­шы­ның, ма­ман­ның жалған қорытындылары немесе қате аудару) көрсетілгендей, жалған куә берген адамның өзін жауапқа тартатын заң бар бізде. Осы заңдарды жұмыс істетіп отырса, сіз айтқандай сорақылықтарға жол берілмейтін болады деп ойлаймын.

– Елімізде қазір жазалаудың балама түрлері енгізіліп жатыр. Сол сияқты экономикалық қылмыс жасағандарды түрмеге тоғыта бермей, оларды айып­пұл төлету арқылы жазалау қолданыла бастады. Сіз бір сөзіңізде бұған қарсы­лық танытқан болатынсыз. Неге?

– Экономикалық қылмыстың зардабы мемлекет үшін де, қоғам үшін де орасан. Мысалдар келтіре кетейін, 2005 жылы сы­байлас жемқорлық қылмыстар салдары­нан елімізге 379 мил­лион теңге шығын келсе, ол 5 жылдан кейін, яғни 2010 жылы 6,8 миллиард теңгеге жеткен. 2005 -2010 жылдар аралығында 10 929 сыбай­лас жемқорлық қылмыс анықтал­ыпты. Егер 2005 жылы экономикалық қыл­­мыс­тар саны 1505-ді құраса, 2010 жылы  ол 27 пайызға дейін өсіп, 1911-ге жеткен. Бұл – ресми дерек, шын мәнінде,  сыбайлас жемқорлық салдарынан еліміз мил­лиардта­ған доллар көлемін­де шығынға батып жатқанын ұмытпайық. Олай болса, мұндай жағдайда жазаның балама түрін қолданғанымыз дұрыс па?

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы-экономикалық қылмыс­тарды одан әрі декриминализациялау мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заң жобалары қоғамдық пікірталасқа ұшыраған-ды. Бұл заңдар қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін экономикалық қылмыстарға қолданы­латын жазаны жеңілдетуге бағытталған-ды. Олардың қатарында бас еркінен айыру түріндегі жазаны алып тастау, бас бос­тандығынан айыру жазасының мерзімін азайту шаралары бар.

Бұған қоса, бас еркінен айыру жазасын қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостан­дығын шектеу сияқты баламалы жаза түр­лері­мен алмастыру көзделіп отыр. Жалпы, «елімізде қаржылық-экономикалық қыл­мыс­тарға қатысты ізгілендіру шарасы одан әрі жалғастырылады» дейді құзырлы ми­нистрлік. Олардың ойынша, «Қазақстан­ның экономикалық өсім ауқымы, сон­дай-ақ бастан өткеріп отырған интегра­ция­лық үдерістер экономикалық қыл­мыстар заңнамасын либералдандыру­ды ба­рынша қажет етеді». Сөйтіп, жалғасын тауып отыр­ған ізгілен­ді­ру саясатына қазір мейлінше көңіл бөлініп отыр. Әрине, бір жағынан, дұ­рыс та шығар. Бірақ мен мұны онша қолдай қоймаймын.

Менің ойымша, керісінше, жазаны қатай­та түсу керек. Мәселен, шетелде эконо­ми­калық қылмыс жасағандарды қатаң жазалайды. Оларды бас бостандығынан да айырады және қанша қаржыны жым­қырды, тура сол жеген ақшасын бір тиыны­на дейін қалдырмай мемлекетке қайтарт­қызады. Міне, сол дұрыс па деймін. Кімде-кім, мысалы, мемлекетке 100 мың АҚШ доллары көлемінде шығын келтірді ме, тура сол 100 мың АҚШ долларын қайтар­сын және бас бостандығынан айырылсын дер едім. Әйтпесе экономикалық қыл­мыстарды ізгілендіреміз деп, жағдайды одан бетер ушықтырып аламыз. Айыппұл төлейді де, жазасыз қалған адам дәл сол қылмысқа ертеңгі күні тағы баруы ғажап емес. Өйткені ол жазаның азабын тартқан жоқ. Мен бұл ұсынысымды өркениетті елдердің тәжірибесіне жүгініп айтып отыр­мын. Әділі – сол. Мәселен, ҚР Салық ко­дексін­де дәл солай. Қанша салық төлемей жалтарып қалса, дәл сол қаржыны 100 пайыз көле­мінде айыппұл ретінде төлеп, мемлекет қоржынына кіріс кіргізуге мін­детті.

– Ал «қарамағындағы қызметкер қылмысқа барса, онда оның басшы­лығы да өз еркімен жұмыстан кетуін заңмен бекіту керек» дегенге қалай қарайсыз?

– Қарамағындағы  қызметкер сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасаса, өзімен қоса, оның  басшысы да жауапқа тартылмақ. Бұл – «Нұр Отан» партиясы мен Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ұстанып отырған қатаң талап. «Қарамағындағы қызметкері жем­қорлық қылмыс жасаған шенеунікті міндет­ті түрде қызметтен босатуды қарастыратын норманы заңға енгізу керек» деген бастама өте дұрыс.

Мемлекеттік қызметтің жауапты тұлғаларына қарамағындағы қызметкердің жұмыс сапасы мен халықпен жұмыс істеуін қадағалау міндеттелген-ді. Енді қарама­ғын­дағы қызметкер жемқорлық қылмысқа барса, басшысы өз еркімен жұмыстан кетіп, тіптен жақсы болар еді. Әзірге өз еркімен кетіп жатқандар санаулы. Тек Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков­тың ғана осындай дұрыс қадамға барғанын білемін. Ол қарамағындағы бес судья жауап­кершілікке тартылған кезде, қызметінен өз еркімен кеткен болатын. Осыдан талайлар үлгі алса, игі болар-ақ еді. Енді ол заңмен бекітілсе, тіптен жақсы. Өйткені бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді тетігі болуға тұрарлық.

– Елімізде адвокатура институты қалай дамып келеді?

– Қорғаушы деп аты айтып тұрғандай, «міндеті адамдарды қорғау болып табыла­тын заңды тұлғалар, шынымен де, адам­дарға қорған бола алып отыр ма?» деген сауалды мен де өз-өзіме жиі қоямын. Мойындаймын, кем-кетіктер аз емес. Жалпы, адвокаттың парызы – қылмыскерді «сүттен ақ, судан таза» етіп арашалап қалу емес, оның жазасын жеңілдету. Былайша айтқанда, айыпталушының қылмыс жаса­ған кездегі жағдайын анықтау, мәселен, ол қылмысқа барған кезде психикалық ауытқушылыққа ұшыраған болар немесе оны қылмысқа итермелеген нақты бір себебі болған шығар. Сонымен қатар қылмыстың не қасақана, не абайсызда жасалғанын ажыратып беру. Сондай-ақ қылмысының дұрыс дәрежеленуін бақылау. Өйткені ҚР Қылмыстық кодекстің бір бабында бірнеше тармақ бар. Онда жазалау мерзімі де әртүрлі.

Адвокатура саласының дұрыс дамымай отыруының себебі – әртүрлі. Бір себебі – тергеушілер адвокаттардың өз міндетін толық атқаруға түрлі кедергілерді қолдан жасап отырады. Оларды да түсінуге болады, тергеушілер өндірісінде бір емес, бірнеше қылмыстық істер жатады да, олар оны уақытында аяқтап үлгермей, аласұра­ды. Ал белгіленген мерзімде істі аяқтамаса, басшылықтан немесе прокуратурадан сөз естиді. Екінші бір себеп – тергеушілер сияқты адвокаттар да бірнеше істі қатар алып алады да, соған бастары қатып жүреді. Тағы бір себеп – көпшілік әріптес­терім өзінің жете меңгермеген, сауаты жетпейтін істермен де айналыса береді. Ол «біреуге зиянымды тигізіп жатырмын» деп еш ойламайды, қалтасына ақша түссе, соған риза. Содан барып, өтініш бойынша жұмысты бастауын бастап, оны орта жолда тастауға мәжбүр болады. Әкімшілік іс, қылмыстық іс, экономикалық қылмыс т.с.с. қылмыстың өзі де түр-түрге бөлінеді ғой.

– Сондықтан да қазір кейбір сара­п­шылар көтеріп жүргендей, адвокат дайындау жүйесіне өзгеріс енгізу керек шығар? Былайша айтқан­да, «адвокат­тарды сала-сала бойынша да­йындау керек» деген пікірге қосыла­сыз ба?

– Әрине, қосыламын. Біздің елде, жалпы, заңгерлерді бір стандарттағы оқу бағдарламасына сәйкес дайындап шығады. Ал судья, адвокат, нотариус сияқты лауазымдарға тәжірибедегі қызмет барысында машықтанып жатады.

Мұнымен біз сапаны жақсарта алмай­мыз. Мамандандырылған соттар құру қажеттілігі де, міне, осындай қордаланып қалған проблемаларды шешуден туындаған-ды. Бұл, бір жағы, маманды сұранысқа қарай оқытуға септігін тигізеді.

Ақыға қызмет көрсететін жеке қорғаушылар болмаса, мемлекеттік қорғаушылардың басым бөлігі тек қара көбейтіп жүр. Қорғаушы үшін тек білімді, білікті болу аз. Бұл мамандық от ауыз, орақ тілді шешен болуды да талап етеді. Қалтарыс-бұлтарысын дөп басатын сұңғыла, қажет жерде сес көрсете алатын қайсар да болуы тиіс. Менің білуімше,

Д.А.Қонаев атындағы университет жақсы бір бастаманы қолға алды, яғни олар тергеу­шілерді, адвокаттар мен нота­риустар­ды белгілі бір мөлшерде дайындап, олардың нақты бір мамандық бойынша білім алу­ларына жағдай жасамақ.

Адвокатқа өте үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл жерде адам факторы тұр. Сол себепті, қолыңнан келмей тұрған істі бастаудың қаншалықты зардап әкелетінін ұмытпаған жөн. Әріптестеріме айтпағым, білім-білікті үздіксіз дамытып отыру керек. Өйткені жаңа заңдар шығып жатыр, қолданыстағы заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілуде. Ал, ең маңыз­дысы, құқықтық мемлекеттердегідей сот­тың, прокурордың, адвокаттың мәртебесін теңдестіруіміз қажет.

– Жеке сот орындаушыларына көз- қарасыңыз? Өйткені қазір жеке сот орындаушылары атына өткір сындар айтылып жүр. Жеке сот орындаушы­лары «шаш ал десе, бас алады» деп рен­жиді біреулер.

– Жеке сот орындаушылары институтын енгізу мәселесі сот орындаушыларының IV съезінде, яғни 2005 жылы көтерілген болатын. Ал қолданысқа кейін енгізілді. Бұл – жеке сот орындаушыларын енгізу арқылы мемлекеттік сот орындаушыла­рының жұмысын жеңілдету мақсатында дүниеге келген құрылым. Көп уақыт өткен жоқ. «Көш жүре түзеледі» дегенді айтқым келіп отыр. Түсінген боларсыздар, мен жеке сот орындаушылары бізге керек дер едім. Негізі, бұл жүйе әлемнің 65 елінде жұмыс істейді.

Сот шешімдерінінің шегіне жетпей қалатын жағдайлары тым көбейіп кеткен болатын. Ал мемлекеттік сот орындаушы­ларының оған бірде уақыты жетпесе, бірде пәрмені жетпеді.

Қазір екі топқа, яғни жеке, мемлекеттік болып бөлінетін сот орындаушыларының жұмысы жолға қойыла бастады. Тіпті өз кабинетінде отырып-ақ борышкердің мүл­кін тұтқындай (арест) алатын жағдай­ға жетті. Сондай-ақ ҚР ІІМ-нің ақпараттар базасына кіріп, борышкердің автокөлігі болса, оның да пайдалануына шектеу қоя алады. Дәл солай Салық комитетінің базасы арқылы борышкердің есепшо­тындағы аударымдарды да тоқтатуға құқы бар.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура сияқты мем­ле­кеттік органдардан әуелде қарсылық болған. Олардың ойынша, «бұл күш көрсетуге, зорлық-зомбылық және қоқан-лоқы жасауға әкеліп соғады» деп ойлады. Қазір енді қателескендерін мойындады. Нарық заманы ма, ендеше, нарық механизмдерін пайдаланбаса болмайды. Иә, қарапайым халық әлі дұрыс қабылдай алмай отыр. Өйткені көпшілік жандар күні бүгінге дейін нарықтың қатал заңдылықта­рын мойынсұнғысы келмейді. Өзі борыш­кер бола тұра, құқы тапталған адамдай араша сұрайды. Сондықтан да заңға бағын­нанның құл еместігін білетін кез жетті. Біз қазір жеке сот орындаушыларын енгізу ар­қылы сот шешімдерінің орын­далу көрсеткішін жақсарттық.

– Жұмысын кеше бастаған әмбе­бап полицейлер үмітті ақтай ала ма?

– Оны уақыт көрсетеді. Дәл қазір қандай да бір болжам айту қиындау. Өйткені олар сенімді жоғалтып алған. ІІМ қызметкерлерін аттестациялау кезінде белгілі болғандай, тәртіп сақшыларының арасында жарам­сыздар аз болған жоқ. Іріктеп, бірталайын жұмыстан шығарды. Бұл өте дұрыс болды. Десек те, әлі де таза емес. Жуырда Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Елбасы Н.Назарбаев­тың қабылдауында болғанда, оған көп тапсырма жүктелді. Ауылды жерлердегі қылмыстың ашылу деңгейі әлі төмен. Есірткі бизнесімен күрес­те де былық-шылық же­тер­лік. Еш уақытта наркобарон­дар ұсталмайды, тек ұсақтары ғана қолға түседі. Неге? Өйткені бұл жерде полиция қыз­меткерлері мүд­десінің иісі мүңкіп тұр емес пе?!

Әмбебап полицей қызметін құру арқылы қоғамдық орындарда полицей­лер­дің орналасу тығыздығын арттырып, олардың құқық бұзушылықтар жөнінде түскен дабылдарға жетудегі жеделдігін жақсартамыз дейді. Сөйтіп, қылмыстың азаюына оң ықпалын тигізбек көрінеді.

– Қазақстанның судьяларының VI съезінде көп мәселе көтерілді. Сіздің көңіліңізден шыққан тұстары қайсы?

– Судьялардың санын көбейту керектігінің айтылғаны ойымнан шықты. Әр судьяда 50-60, тіпті одан да көп істер жатады. Ал КСРО кезінде норматив 15-20 істен аспайтын. Сонымен қатар судьялар­дың жалақысын көтеру жағы дұрыс кө­терілді. Мәселен, ІІМ, прокуратура сияқты орын­дарда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шық­қандардың зейнетақысы – 120-130 мың теңге болса, судьялардыкі 60-65 мың тең­ге ғана.

Негізі, көп сындар айтылды. Десек те, қазір ҚР Жоғарғы сотқа барлық істердің тек 15 пайызы ғана келеді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Судьялардың білім-біліктілігі артып келеді деген сөз.

-Әңгімеңізге рақмет!




Көрілген: 2461    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 27.11.2013, 12:42

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31